Көтеш ақынның шығармашылығының тақырыптық ерекшелігі Көтеш Райұлы ежелгі жыраулық поэзияның үлгісінде де, жаңаша да өлең шығарып, бір жағынан, дидактикалық мазмұндағы не жақсы, не жаман, алдамшы дәулет пен жалған өмір туралы толғаса, екінші жағынан, тұрмысқа, салт-сана мен әдет-ғұрыпқа байланысты тақырыптарды да жырлайды
Көтешті біз ақындар поэзиясының бастапқы өкілі, аты мәлім ақындық өнердің тұңғышы дейміз. Себебі, бұған дейінгі көркем сөз өкілдері не шешен, не жырау аталған және сол аттарына сай шығармалар қалдырған. Ал, Көтеш болса, нағыз ақпа ақындарға тән қасиеттермен танылып, сол ақындар поэзиясы үлгісін ұстаған, қара өлең, жоқтау өлең, қайым өлең жанр түрлерін байытқан.Сондай өлеңдерінің бірі – “Жасыбайдың өлімі” атты жоқтау өлеңі.
Сен өлдің алтын бесік елің үшін,
Құрбап боп ел-анаға өмір күшің,
Ер өлер, ел өлмейді, ер туғызған,
Сақталар ел аузында ерлік ісің.
Жіберме ердің арын, ел намысын,
Елің үшін қаныңды төк, жаныңды қи.[4. 347-бет]
Келтірілген жоқтау жолдары нағыз елін, жерін сүйген ер азаматтың қадір-қасиеттерін ардақтайды. Дүниенің өткіншілігін, бай да, батыр да өлетінін, ешкімнің өлімге ара тұрмайтынын айта келіп, бірақ ел үшін өткен еңбек босқа кетпейді, оны халық мәңгі қадірлеп есінде сақтайды дей келіп, ер болып туған ұлдың елді қорғауы, сол үшін жанын пида етуі парыз деп кейінгіге үлгі еткен.
Енді ақын өлеңдерінен танылар осы жәйттерге назар аударып, ақынның өз болмысын, тіршілік жайын бағамдап байқалық. Абылайға арналған алғашқы өлеңінде:
«...Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң, Болады ертең жесір қатын-балаң!!!» – деп батыл мінез танытатын он жеті жасар ақынның бұл өткірлігі уақыт өте келе өзгеріп, құбылмалы адам мінезін әжуалай сынауға бейім мысқылшыл мінезге ауысады. Ақынның қолда бар өлеңдерінің астарына жіті үңілсек, оның мінезіндегі бұл өзгерістің себебін де түсінеміз. Ол себеп – қолдың қысқалығы және сол жоқшылықтың өз төңірегіндегі жұрттың ақынға деген көзқарасына, қарым-қатынас сипатына әсер етуі. Ақын мінезіндегі өзгеріс сырына қанығу үшін Көтеш ақынның өз өлеңіне көз салсақ, ол өзінің жағдайсыз күйін, ағайын-жұртына деген өкпе-ренішін:
Күркелінің бауыры күнде дауыл,
Көтеш қалды жұртында жалғыз ауыл.
Ауырып жатқан көңілімді бір сұрамай,
Шын Сексеннің баласы қара бауыр.
Бір жанымның қамы үшін жүрдім саяқ,
Не қыламын бұл малды жаннан аяп.
Ауырып жатқан күнімде бір қайырылмай,
Ет дегенде қалмапты тайлы-таяқ.., – деп әжуа-мысқылға орай жеткізеді.
Ақын өлеңінен көрінетін сурет те, ақын ағайындарының қылығы да, ақынның өз әрекеті де, көңіліндегі реніш те түсінікті. Ақын өз өмірінің шындығы мен сол шындықтан туындаған ішкі сезімін қаз-қалпында бейнелеп берген. Ал осы бейнелердің мазмұнында жалғыз ақын өмірінің емес, жалпы адам баласының өмірлік шындықтары жатыр. Ол шындықтың негізі – құбылмалы дүние философиясы. Бұл философия – ақын ойында кенеттен пайда болған ой емес, өзімен дәуірлес жыраулар поэзиясында алуан үлгіде алға тартылған ойлардың жаңаша қорытылуы, ақындық поэзия ерекшелігіне лайықтала көрініс беруі.
Дәл осындай өлеңінің бірі:
Қартайғанда қатының дұшпан болды,
Баласымен бірігіп қысқан болды.
Келін деген бір дұшпан тағы шығып,
Біреуі іштен, біреу тыстан болды.
Қартайғанда қатының қазба дейді,
Келінменен балаға жазба дейді.
«Бала, бала!» деумененмазалымыз,
Баладан болар білем ажалымыз.[6. 115-бет]
Көтеш ақын бұл өлеңінде кәріліктің зардабын арқау етіп соны сипаттайды. Қу жаның қалғанда, бойдағы қайрат-күшің кеткенде өз әйеліңнен, туған балаңнаң артық дұшпан болмайтынын айтып кеткендей. Адам баласына қартайған шағында не берсең де, күтіп баптасаң да ол кезеңде отбасыдан басқа байлық жоқ екенін аңғарады.
Сексен ерікке қоймады-ау қалжыратып,
Қайтіп өлең айтармын алжып жатып.
Сексен түгіл тоқсаға болмас едім,
Ұсақ турап ет берсең былбыратып,- деген өз өлеңі де оның сексен жасап өлгенін растайды. Қайтыс болар шағында дүнеиедегі ең басты байлық – отбасы екенін аңғарып, осы өлеңді барша жұртқа тәлім етеді.
Көтеш Райұлының ақындық жолында ең соңғы жазған туындысы – “Алдымнан алты пұшық анталады” атты өлеңі болды.
Алдымнан алты пұшық анталады,
Тілге келмей біреуі балталады.
Осы аурудан, сірә, жан қалмас білем,
Балтасы тиген жері қанталады.
Бір әңгіменің айтуынша, Көтеш айтысқа түсіп жүрген кезінде бір руды, оның басты адамдарын қатты сөгіп жамандаған екен. Кейін сол жаққа бара қалғанда, сол елдің байларының бірі ақынды ұстатып алып, өлімше қылып сабап, байлатып қойыпты. Көтештің қазасы осы жолы болған екен. Елінен шыққан іздеушілер Көтешті кімдер өлтіргенін осы өлең бойынша табады.
Көтеш ақын – айтыскер. Айтыстары өте көп, алайда көбі біздің дәуірімізге жетпеген. Солардың бірі – Көтеш пен Күмпейе сайысы. Көтеш ақынның бала күнінде Қаратауға ел қопарыла ауып барып: «Арғын ауды» - деген бір заман болған. Сонда Қаратауда не көп, шеңгел көп. Ат құйрығы шеңгелмен жұлынып,мінген аттары шолақ болып қалған.Арғындарды тойына шақырып, бір –бір шолақтарын мінісіп барғанда:
-Тым болмаса, «Әу!»-деп үрерлік иттеріңді ертіп-ақ келмеген екенсің дегенде, сонда Көтеш ақынның аузынан алғашқы шыққан өлеңі дейді:
-Қаратаудың басынан көш келеді,
Қара көзден мөймілдеп жас келеді.
-Тағы айт! – дегенде, айтқаны:
-Қаратаудың басынан көш келеді,
Бір кедейге бір кедей өш келеді
Шуылдама,бозбала,дуылдама,
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді...
Күмпейе ақын қыз шыдай алмай,
Жеңгелікке жүреді екі зайып,
Өлең сөзді айтамын жұртқа жайып.
Атат шолағын,құдаша,қылсаң айып,
Аса шолақ нәрсенің бәрі айып! – деп айтыстың нүктесін қойған екен.
Көтештің шығармашылығынан бастап қазақ өлеңінің формасына да өзгеріс енеді. Ол байырғы жыраулық поэзиядағы формалық еркіндікті шектей бастайды, яғни ерікті шумақ, еркін ұйқас, еркін бунақтар бірден жойылмағанымен, ығысуға мәжбүр болды. Бұрынғы толғауларға тән тирадалық еркін құрылыммен қатар 4 тармақты шумақ қолданылады. Тіпті бірте бірте толғаудың орнына 11буынды қара өлең формасы орнығады, ертеден келе жатқан 7-8, кейде одан да көп буыннан тұратын тармақ енді міндетті түрде 11 буыннан құрылатын болады.