Орта мектепте информатиканы оқыту мәселелеріне байланысты ақпараттар жинау және талдау.
Жалпы білім беретін орта мектепте информатика пәнінің оқытылуы мен ақпараттық – телекоммуникациялық технология құралдарының көбеюіндегі негізгі мақсат оқушының қоршаған әлем жайында табиғи ғылыми болжамын қалыптастыру мен білімі мен икемділігін кез келген жағдайда пайдалана білетін тұлға ретінде жеке қасиеттерін ашып, дамыту болып табылады. Көздеген мақсатқа жету үшін информатика мұғалімдерінің кәсіби тұрғыдан қалыптасып, ұдайы ғылыми — әдістемелік тұрғыдан жетілуі қажет. Бұл мәселенің өзегі жоғары оқу орнында оқылатын «Информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі» деп аталатын мектептегі информатика курсының жалпы ғылыми оқу — әдістемелік, дидиактикалық, ұйымдастырушылық, педагогикалық, психологиялық мәселелерін жан – жақты қарастыратын курс болып табылады.
«Информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі» курсының теориялық негізі информатика, кибернетика, жүйелік теория және педагогика, психология ғылымдарына сүйенеді.
Информатиканы оқыту дәстүрлі әдістемелік және дидактикалық жүйеден ерекшеленетін қазіргі педагогикада мәні жоғары «педагогикалық технологиямен» тығыз байланыста қарастырылады. Педагогикалық технология – бұл оқушы мен мұғалімге керемет жағдайлар туғызумен қатар, оқу үрдіссін жобалау, ұйымдастыру мен жүргізу бойынша біріктірілген педагогикалық әрекеттердің барлық бөлшектері алдын – ала екшеленген моделі” (В.М.Монахов).
Оқыту технологиясы — оқу бағдарламаларында алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін қамтамасыз ететін әдіс, құрал арқылы білім мазмұнын жүзеге асыру, қысқаша айтқанда, оқу үрдісін жетілдіру жүйесі.
Оқыту технологиясы – дидактикалық және әдістемелік жүйенің құрамды бөлігі болып табылады. Мәселен, әдістемелік жүйе нені оқыту керек? Қалай оқыту керек? не үшін оқыту керек? деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы қалай нәтижелі оқыту керек? деген сұраққа жауап береді.
Оқытудың технологияларын пайдалану негізінде білім беру тұжырымдамасының алгоритмі төмендегідей түрде ұсынылады:
1. білім беру жүйесінің түпкі мақсаттарын баяндау;
2. аралық мақсаттардың болжамдық көрсеткіштерін баяндау;
3. оқыту мазмұнына сүйену;
4. көзделген мақсатқа жеткізетін және оқыту сапасын объективті тексеру әдістемесімен қамтамасыз ететін стандартты оқыту технологиясын ұсыну;
5. оқытудың ұйымдастырушылық формалары мен шарттарын баяндау.