Философия және мәдениеттану: Оқу құралы


\ 4 ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ТӨЛТУМАЛЫҚ ТӨЛТУМАЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ



бет22/28
Дата17.10.2023
өлшемі1,26 Mb.
#117202
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   28
Байланысты:
Философия және мәдениеттану Оқу құралы-emirsaba.org

\


4 ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ТӨЛТУМАЛЫҚ ТӨЛТУМАЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ


4.1 Қазақ өркениеті болмысының төлтумалығы
Қазіргі уақытта, әр ұлт өз бірегейлігін жоғалтқысы келмейді. Бұл – әр ұлттың жан қалауы және табиғи құқығы. Бұндай жан қалауының себебі – қазіргі кезде алдыңғы қатарлы әлем империяларының (мемлекеттердің) индустриалды өндіріс салаларының қарқындылығы әлеуметтік, техно-логиялық, инновациялық бөлініске ұшырауына, ұнамдылық-моралдық құндылықтардың дағдарысқа түсуіне, өркениеттік өмірдің күйзеліс күйінің қалыптасуына, идеологиялық, әскери, экологиялық «катаклизмдердің» болуына ықпал етіп отыр. Осы факторлардың барлығы берік болып табылатын адамзаттың дәстүрлі сенімдерін, адами құндылықтарын және ұнамдылық нормаларын іштей күйзеліске, барша адамзатты дағдарысқа ұшыратып отыр.
Демократияландыру процесінің эволюциясы қоғамдық құрылымның көптүрлілігін және шынайы күрделілігін тікелей анықтады. Сонымен қатар, плюрализм мен мультимәдениеттік идеалдарының көрсеткіштері өз-өздерін ақтаған және, тіпті, кері процесті-әсерді туғызды. Бұл жағдайларда қайта туған Қазақ елі үшін ұлтты сақтау, қоғамның тұрақтылығын, ұлт бірлігі және қоғам келісімділігін орнату үшін қазақтың бай тарихи және мәдени мұраны басты бағыт етіп алуы қажет. Және жаһандану процесінің қарқын алып жатқан үрдісінің өзі этникалық ерекшелік пен өзіндік қайталанбас дүниені сақтайтын әмбебапты модельді қалыптастыру керектігіне мақсат-міндет етіп қойып отыр.
Мәдениеттану саласында қайталанбас концепциялар, идеялар, жаңалықтар қалдырып кеткен мәдениеттанушы-ғалымдар О. Шпенглер, Н. Данилевский, А. Тойнби, Ф. Бродель, С. Хантингтон және тағы басқалары бірқатар өркениеттерді (мысырлық, еуропалық, антикалық, үнді, қытай, араб, батыстық, мексикалық, жапон, ислам, православалық, латын америкалық, африкалық, т.с.с.) көрсетіп кеткен болатын, өкінішке орай, олардың ішінде өзіндік ерекшелігімен айрықшаланатын және Әлем мәдениетінің, өркениетінің қатарында абыройлы орын алатын, Дала (көшпенділер) мәдениеті де, өркениеті де жоқ.
Ал қазіргі Қазақстан Республикасы аумағында мекендеген дала (көшпенді) мәдениеті болса, ол да бір ерекше мәдениет және өркениет. Отандық тарихшылардың (Ә. Х. Марғұлан, К. А. Акишев, К. М. Байпаков және тағы басқалары) зерттеу нәтижесінде қалыптасқан пікірлері бойынша, «Қазақстан территориясындағы көне өркениеттер қола дәуірінен өз бастауын алады». Тамғалыдағы, Қаратаудағы табылған петроглифтер б.з.д. екінші мыңжылдықта дүниеге келген болатын. Қола дәуірінде андроновтық мәдениеттің өкілдері Тасмола мәдениет ошағын (б.з.д. VII-VI ғасырларда) қалыптастырды.
Қазақстан аумағындағы шынайы өркениеттік өркендеу кезеңі номадалық кезеңге тұспа-тұс келеді. Осы кезеңде шынайы қайталанбас ерекшелікке ие «шедеврді» – Дала (көшпенді) мәдениетін қалыптастыруы – бұл ерекше мәдениеттер мен өркениеттердің құндылықтар қатарын толықтырды. Көшпенділер мәдениетінде әлі де толықтай зерттелінбеген құпия-сырға толы мағлұматтар беттері бар. Және осы мағлұматтардың бетін аша отырып, олардың мәдени алғы шарттары терең зерттелініп, қарастырылуы қажет [151, 7-12 бб.].
Әрбір халықтың халық болып қалыптасуының өз тарихы бар. Халық, ұлт болып қалыптасу процесі аз уақыт ішінде қалыптаспайды.
Қазақ ұлттық мәдениетінің құрамдас элементтері – халық ауыз әдебиеті, күйлер, материалдық мәдениет туындылары және т.с.с. – уақыт заман талаптарына немесе сыртқы шет елдік ықпалдарға сай өзгеріп отырды және де мұндай жағдай қазіргі таңда да қайталанып отыр. Бірақ ұлт мәдениеті өзгеріске ұшыраса да, ол түбегейлі өзгермейді. Яғни әр уақытта әрбір ұлт мәдениеті үлкен Әлемдік аренада басқа да ұлт мәдениеттерімен бәсекелесіп отырады және бұндай жағдай ұлт мәдениетінің иммунитетін қалыптастырады, бәсекелесу қабілетін арттырады, ұлт мәдениеті кемшіліктерін позитивке айналдыра отырып дамытады.
Қазақ мәдениеті, Еуропа мен Азияның арасында орналасқан Еуразия қалыптасқан мистикалық дүние мен шынайы дүниені шебер тоғыстырған құрылымы дәйекті жүйе болып табылады.
Қазіргі Қазақ елінің (Қазақстан Республикасы) территориясында бірнеше ру-тайпа және мемлекеттер өмір сүрген болатын. Ал бұл болса қазақ ұлтының мәдениетінің тек ірге тасын қалап қана қоймай, сонымен қатар басқа Әлемдік ұлттық мәдениеттер сияқты өзіндік ерекшелігі бар мәдениет ретінде қалыптастырды. Қазақ ұлттық мәдениетінің құрамдас элементтері – халық ауыз әдебиеті, күйлер, материалдық мәдениет туындылары және т.с.с. – уақыт заман талаптарына немесе сыртқы шет елдік ықпалдарға сай өзгеріп отырды және де мұндай жағдай қазіргі таңда да қайталанып отыр. Бірақ ұлт мәдениеті өзгеріске ұшыраса да, ол түбегейлі өзгерген жоқ. Яғни әр уақытта ұлт мәдениеті үлкен Әлемдік аренада басқа да ұлт мәдениеттерімен бәсекелесіп отырады.
Қазақ мәдениеті, түптеп қарағанда, бірнеше ру-тайпалар мен этностардың мәдениетінен қалыптасқан тарихи асыл мұра болып табылады. Яғни, құрмында сонау сақ дәуірінен келе жатқан уақыт даналығы, заман заңы, өмірлік рухани және материалды қазыналар жатыр.
Ұлттың институт болып қалыптасуына халық зор еңбек етеді, ықпал жасайды. Ұлттық ерекшеліктер халықтың мінез-құлқына, тарихына (шежіресіне), өмір сүру салтына, дүниетанымына, дәстүр жүйесіне, тіліне, діліне, наным-сеніміне, өнеріне негізделеді.
Қандай да бір халықтың, ұлттың мәдениеті Әлемдік мәдени кеңістіктің бір ғана бөлігі болып табылатыны белгілі. Ал осы Әлемдік мәдениет шеңберінде, өзіндік ерекшеліктері бар кез келген этностың, ұлттың рухани және материалды болмысының қайнар көзі және негізі ретінде әр түрлі мәдениеттер арасындағы сұхбаттың құндылығы мен маңыздылығын мойындайтын, ұнамдылық-этикалық және эстетикалық негіздерге негізделген әртүрлі этнос мәдениеттері арасында байланыстар мен қарым-қатынастар қалыптасады.
Қазақ көне замандардан байтақ даламызда, алып аймағымызда қоныстанған этникалық тарихы аса күрделі байырғы тайпалық бірлестіктер қауымдасуының: сонау Сақ, Үйсін, Ғұн мемлекеттері, Түрік, Түркеш, Қарлық дәулеттерінің, Қыпшақ ұлысы, кейінгі Алтын Орда, Көк Орда, Ноғай Ордаларының құрамына кірген түркі тілдес елдер мен жұрттардың топтасқан одағының ортақ атауы.
Қазақ мәдениетінің төл тамырын іздеу, оның қазіргі кездегі жағдайын түсіну және оны болашақта қандай болмақ туралы мәселе – бұл қазіргі уақытта қазақ ғалымдарын толғандырып жүрген маңызды мәселелердің бірі. Қазақ мәдениеті еуразиялық Ұлы дала көшпеліліерінің мұрагері болып табылады.
Әрбір ұлт сияқты қазақ ұлтының алдында кем дегенде екі міндет тұр:
  1. Жаһандану процесі салдарынан бөтен ұлтқа сіңіп кетпеу;


  2. Әлемдік төре халықтардың табанында тапталмау.


Жаһандану кеңістігінде ұлтаралық, халықаралық және мемлекетаралық өзара әсер ету процесі жүріп жатқан кезеңде қазақ мәдениетінің жағдайы не болмақ деген көкейтесті мәселе барлығымызды толғандырып жүргені – бұл шындық дүние. Қазақ халқы бірнеше ғасыр бойы өзге ұлт, халық, мемлекет бодандығынан арылып, енді өз Тәуелсіздігін алып, есін енді жинап келе жатқан шақта, бұрынғы бодандықтан күшті экспансиялық кеңістік, уақыт, процесс ареалында екенімізді түсіндік. Енді не істейміз?


«Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті» деп көңілімізді, еңсемізді түсірмей, жауға шапқан нағыз ер мінезді, бойына көрегендік, даналық қасиеттерді шоғырлатқан Батыр Бабаларымыздай «Аруақ!» деп Үлкен Әлемдік майданға еш қорқыныш-үрейсіз, белді бекем буып, қатысуымыз қажет. Өйткені Біз – Қазақпыз, бойымызда, қанымызда, сүйегімізге біткен Ата-Бабалардан қалған асыл Мұра – Көрегендік, Даналық, Шешендік, Батырлық, Әділеттілікті сүю және т.б. қасиеттер бар. Осы қасиеттерді өзгеге таптатпай, қайтадан жаңғыртып, өсуіміз және дамуымыз қажет – бұл Біздің Қасиетті Парызымыз.
Жылдан-жылға ақпарат ағымдары мен қорларының қарыштап өсуі адамзат баласын табиғаттан алшақтатып, “өлі табиғатпен” қатынасын нығайта түсті десе де болады. Репродуктивті-педагогикалық өркениет шеңберінде білім беру өлшемдері мен оның мазмұнына қойылатын талаптарды, шарттарды өзгерту туралы сөз қозғалды. Ғалымдар адамның космо-био-әлеуметтік феномен ретіндегі қасиеттерінің сақталуына, оқыту мен тәрбиелеу міндеттеріне көңіл аудару қажеттігіне тоқталады.
Дегенмен, табиғи, әсіресе, космостық бастаулардың кейінгі жоспарға қалдырылуы, білім беру мазмұнының тереңдігінен адамда қорғаныш механизмдерінің пайда болуы көрініс берді. Бұл репродуктивті-педагогикалық өркениеттің ішкі ресурстары таусылып, алға қарай креативті-педагогикалық өркениетке қадам жасау қажеттілігін көрсетеді. Демек, «Адам-Космос» жүйесіндегі біртұтас ақпараттық-энергетикалық механизмдерді игеру қажеттілігіне орай, рефлексивті мәдениеттің дамитындығын болжауға болады. Мұның нәтижесінде «Адам-Адам» жүйесіндегі түрлі деңгейдегі қайшылықтар шешіліп, «Адам-Табиғат» жүйесінің экологиялық жайлы формалары түзіледі.
Креативті-педагогикалық өркениет кезінде субъект-объект бірлігіндегі адамзат тәрбиесінің біртұтастығы, инновациялық тәжірибені бағалау мен талдау арқылы әр индивидті табиғи педагогикалық іс-әрекетке әкеледі. Іс-шаралар педагогикасы тұрмыстық падагогикасына орын береді. Философиялық түсініктегі “шығармашылық мектеп” кезеңі басталады.
Дәстүрлі педагогикалық білім мазмұны негізінен танымдық сипатта беріліп келді. Оның дидактикалық-әдістемелік бөлігін құрайтын жаттығулар, сұрау-тапсырмалар сол танымдық материалды меңгеруге қызмет ететін мақсатта құрылатын. Ендігі жерде жаңа ХХІ ғасыр педагогикасының философиясы мүлде өзгеше парадигманы қажет етуде. Мұнда білім беру процесінің объектісі бұрынғыдай тек білім, яғни оқу материалы ғана деп қаралмайды. Білім беру процесі, ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, мынадай міндеттерден түзіледі: оқушының интеллектуалдық-танымдық, психологиялық, шығармашылық іскерлік сапаларын, өз бетінше оқу әрекетшілдігін, коммуникативтілігін, әлеуметтенуге бейімділігін, эстетикалық, рухани-адамгершілік, экологиялық, дене мәдениетін т.б. қалыптастыру. Білім мазмұнын құрайтын оқу материалдары тұлға дамытушы мүддені түзуге тікелей қызмет ететіндей етіп құрылуы керек.
Күн тәртібіне қойылып отырған күрделі мәселелердің ішінде жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуді жаңа сатыға көтеріп, жан-жақты жетілген шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру өзектілігі артуда.
Кейінгі уақыттарда бұл қарқындылық баяулап, білім беру жүйесіндегі динамизм бойынша Батыс елдерінің алдыңғы қатарлы және Шығыстың дамушы елдерінен ерекшеленуі тоқталды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық қарама-қайшылықтар өсті, ал білім беру жүйесі сапалық өзгеріссіз немесе білім беру реформалары жүйесіз сипат алды.
Әлеуметтік жағдайды, жаңашылдық өзгерістер мен әлемдік педагогикалық тәжірибені қазіргі ғылыми тұрғыдан талдау білім беруді дамытудың жаңа бағдары – жаңару стратегиясын таңдауға себепші болды.
Алдымен білім беру мақсаттарының өзгерісіне, ізінше оның тиімділігі өлшемдері келді. Білім беру жүйесі әлі де болса соңғы нәтиже ретіндегі білім, білік және дағдыға бағдарланған. Білім деңгейі мектеп бітірудегі, жоғары оқу орындарына түсуде т.б. негізгі өлшемдер ретінде қарастырылады. Ежелден белгілі: «көп білім ақылдылыққа үйретпейді». Сондықтан оқыту жеке тұлғаны қалыптастыруға, дара мүмкіндіктерін, шығармашылығын дамытуға бағытталуы тиіс. Оқыту - міндетті түрде тәрбиелік қызметпен сабақтастықта өтуі қажет.
Осы тұрғыдан білім беру мақсаттары әлеуметтік-жекетұлғалық құндылықтарға, сонымен қатар жекетұлғалық-даралық сипатта болу қажеттігі туындады.
Әлемдегі алдыңғы қатарлы мектептер тәжірибелерін жалпылап, құнды бағыттары мен идеяларын ұлттық психологиямызға сәйкес пайдалана отырып, еліміздегі білім беру мәселесін жаңа жолға қою өзекті мәселе. Мемлекеттік білім беру жүйесі негізінде әлемдік білім кеңістігіне ену – оқушының күнделікті оқу жүктемесін азайту арқылы денсаулығын сақтау, бос уақытын жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін жетілдіруге жұмсауға жағдай жасап қана қоймай, оқыту сатылары бойынша оқу материалын тиімді түрде игеруге, оны өмірде қолдану және болашақ мамандықтарына қажетті дағдыларды жинақтауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекетаралық білім сайыстарына, бағдарламаларға, білім жобаларына қатысуына мүмкіндіктер туындайды, нәтижесінде отандық аттестаттардың шетелдерге танылуын қамтамасыз етеді [152, 70 б.].
Сондықтан білім беру жүйесіндегі реформа кезеңдерге бөлініп, эволюциялық жолмен, жаңа әдіс-тәсілдерді, құралдарды пайдалану арқылы жетілдіру, оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын жаңарту, білім беру процесінің жаңа моделін сынақтан өткізу және мектепті бірте-бірте жаңа шығармашылық іс-әрекет ұстамына көшіру түрінде жүзеге асырылуы тиіс.
Ақпараттандыру, жаһандану жағдайындағы қазіргі білім беруді дамыту мен жетілдіруді түрлі инновацияларды енгізусіз, жаңаша оқытуға қатысты принципті бағыттар қатарын қайта қарамайынша елестету мүмкін емес. Солармен бірге, қазіргі мектептің педагогикалық процесін бүгінде қарқынды даму үстіндегі инновациялық білім беру жүйелерімен, бірінші кезекте, шығармашылық қабілетке, шығармашылық рефлексияға, шығармашылық өзін-өзі дамытуға, шығармашылық дербестікке, креативтілікке қойылып жатқан талаптарға сәйкес келуі мәселесінің қарастырылуына да үлкен мән берілуі керек.
Жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамыту тетіктерін зерттеуге деген әлеуметтік тапсырыс креативтік проблемасының ерекше өзектілігін ескертіп отыр. Шығармашылық қызығушылықтың динамикалық даралық сипаты креативтілікте және оның негізгі көрсеткіштерінде көрінеді. Бірақ, мәселе мынада: креативтік педагогикалық, психологиялық ғылымдарда тұрақталған категориялар болып табылса да, «креативтілік» түсінігі өз пайымдауын тапқан жоқ және шығармашылық психологиясынан жеткілікті талдауын талап етеді. Креативтілік проблемасы қазіргі кезеңде зерттеліп жатқанымен, бірқатар ғылыми-зерттеу жұмысы белгілі бір дәрежеде шығармашылықтың түрлі аспектісін қарастырғанымен, бүгінге дейін проблеманың өзіне де, оған қатысы бар түрлі қолданбалы сипаттағы сұрақтарға байланысты да бірыңғай пікір қалыптаспай отыр.
Қоғамды гуманизациялау – ХХІ ғасыр басындағы ғылыми мәселе десек те болады. Қазірдің өзінде, оның дамуының бүгінгі кезеңінде бұл тенденция адамдық фактордың анықтаушы ролімен көрсетіліп отыр. Осы фактор феноменологиясында шығармашылық қызығушылық басым және оның негізгі құраушысы болып табылады.
Жаһандану процесі белгілі бір ықпалдармен қарқынды адым алып отырған табиғи процесс болып табылады. Бұл процестен тыс қала алмаймыз, өйткені бұл процеске белгілі бір деңгейде барлық адамзат қатысып отыр. Және ұлттың басты мақсаты өзгенің құрамына сіңіп кетпей, өз мүддесін өзгеге таптатпау болып табылады. Адамзат баласының түбірі бір болғандықтан бір-бірін танып, (ортақтылығы) ортақтастықтары бар мега-қоғамды қалыптастыруға талпынуы ғажап құбылыс емес. Жоғарыда айтып кеткендей, алғашқы адамзат қауымдастығынан кейін бірнеше мың ғасыр өтті, адамзат Әлемнің әр түкпіріне таралып, сол жер климатына бейімделіп нәсілдік, бет әлпеттік, физиологиялық, тілдік, ділдік және т.б. өзгерістерге ұшырап, өзіндік бір ерекшеліктерге ие болды. Яғни әр этнос, әр халық өзіндік жеке-дара қоғамдық институттар жүйесін құрап, эволюцияға ұшырады. Әрине, ескерілетін бір жағдай – халық, этнос, ұлт мәдениеттері бір-бірінен ерекшеленседе, олардың арасында айтарлықтай ортақ принциптер, мәдениет белгілері бар.
Педагогика ғылымдарының докторы С.Қалиев өзінің «Көне тарихқа көз жіберсек» атты деген мақаласында қазақ мәдениеті туралы мынадай құнды мағлұмат келтіреді: «Ежелден Қазақстан жерінің байлығына қызыға қарап көз тіккен және оны мұхитқа шығар қақпа деп есептеген орыс, батыс мемлекеттері бұдан әлденеше ғасыр бұрын саяхатшы, елшілер жіберіп, жер-суы мен шаруашылық кәсібін, қазба байлығын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын зерттеуді көздеген. Өйткені, қазақ өлкесі ежелгі ерте дәуірден-ақ Шығыс пен Батыстың экономикалық және мәдени қарым-қатынасынан елеулі орын алып, Еуропа мен Азияны жалғастыратын көпір сияқты жер еді» [153, 237 б.].
Батыс ғалымдарының ішінде бұдан жеті ғасыр бұрын қазақтар туралы ең алғаш қалам тартып, жылы лебіз білдіргендердің бірі жазушы, әрі саяхатшы Италия ғалымы Марко Поло (1254-1324) болды. Ол өзінің «О разнообразии мира» деген кітабында дүние жүзіндегі әр түрлі халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін әңгімелей келе, қазақтардың бие сүтінен қымыз ашытатынын, ұзақ жолға жарақты ат мініп, жол азық алмай, ет асын жейтін шөңкесі мен баспана шатырын алып, «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген тәуекелмен жүре беретінін, атына және өзіне қажетті азықты жол-жөнекей тауып жейтінін айта келе, «Қазақтардың қарулары – садақ, семсер және шоқпар, олар садақ тартудың шебері болғандықтан оны жиірек қолданады. Өте тамаша және ерлікпен соғысады. Соғыста ар-намысы күшті» [154, 124 б.], – деп олардың мергендігін, қайтпас жауынгерлігін сүйсіне сөз етеді.
Неміс саяхатшысы И.Шильтбергер де өзінің «Ұлы Татария туралы» деген мақаласында Сібір даласын жайлаған татар, башқұрт, қазақ, қалмақтардың тұрмыс-тіршілігін сөз ете келе, қазақтардың киіз үйде жерге отырып, тамақ ішетінін, көшіп-қонуға, ыстық-суыққа көнбістігін, хан сайлау, оған арғымақ ат, алтын қылыш сыйлау рәсімдерін баяндайды. «Қазақтардың Ұлы Татария даласында бүкіл түз халықтарының ішіндегі ең ержүрек ел екенін айрықша айту қажет» дейді.
Ал Э. С. Вульфсон деген дат ғалымы өзінің «Қазақтар» атты очеркісінде қазақтың қыз қуу, ат жарыс, жаяу жарыс, т.б. ұлт ойындарын сипаттай келіп, «тап қазақтардай бүкіл өмірінде әнді қастерлеп өтетін халықты табудың өзі неғайбыл» деп олардың өнерді қастерлеуін кең сахарада көшіп-қонып еркін жүруімен байланыстырады [158].
Осы пікір өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында болып, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын терең зерттеп, өзінің «Из Сибири» атты еңбегін жазған неміс оқымыстысы, академик В. В. Радловтың (1837-1918) еңбегінен де байқалады: «Менің қазақтар арасында ұзақ уақыт тұрып, олардың салт-дәстүрімен танысқанымда көзім жеткен ақиқат – бұлардың өзіндік ерекше мәдениеті бар халық екендігі. Біздің отандастарымыз ойлағандай олар тіпті де тағы, ауыздықсыз, бас бұзар, қарақшы, тұқымын құртуға тұрарлық халық емес. Олардың өмірге деген көзқарасы, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, бір сөзбен айтқанда, бар өмірі мен еңбегі малмен тікелей байланысты болғандықтан жыл бойы көшіп-қонуға негізделген. Ойды бейнелеп беруі және ашық-айқын, өткір айта білуі жағынан қазақтарды тіпті Батыс Азияның француздары деуге болады» [155], – деп қазақ мәдениетіне аса жоғары баға берген болатын.
Қазақтар жөнінде Ресейде алғаш монографиялық еңбек жазған адам А. И. Левшин (1792-1879) болды. Оның «Қырғыз-қайсақ ордалары мен даласының сипаттамасы» (1832) атты еңбегінде қазақтар туралы былай жазады: «Ауылға сырттан қонақ келсе, бәрі жиналып соны тыңдайды, берген тамағына ешкім әңгімеден басқа ақы сұрамайды. Қырғыздар үшін меймандостық ең қастерлі заң» – деп қазақтың қонақжайлық салт-дәстүрін мадақтаса, олардың психологиялық ерекшелігіне орай: «қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға, ақсақалдарға құрмет көрсету олардың ең жақсы қасиеті – халықтың даңқын шығарған ұлдарына батыр деп ат беріп, өлсе де ұмытпай үлгі тұтады. Қырғыздар (қазақтар) туған жерін, атамекенін қатты қастерлейді. Кір жуып, кіндік кескен жерін тастап ешкім ешқайда кетпейді» [156], – деп елін-жерін сүюшілік олар үшін ұлттық сезімнің ең қасиетті белгісі екенін айтқан.
XIX ғасырдың бірінші жартысында саяси революциялық көзқарасы үшін қазақ даласына жер ауып келген бір топ орыс интеллигенциясыныңөкілдері Батыс Сібір өлкесінде айдауда болып, өздерінің тағдырлас бауырлары – қазақ еңбекшілерінің өмірінен еңбек жазған. Солардың бірі көрнекті ақын, ревоюционер А. Янушкевич (1803-1857) өзінің «Қазақ даласынан жазған хаттар» атты естелігінде қазақтар жөнінде сол кезде қалыптасқан «тағы – көшпелілер» дейтін теріс көзқарасты әшкерелеп, дала тұрғындарының өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі бар, шешендік, ақындық өнерге келгенде «ақыл-ой тапқырлығы» жағынан Еуропаның ең мәдениетті деген елдерінен кем түспейтіндігін нақтылы деректер келтіре баяндайды. Демократ ғалым А.Янушкевич: «өзіне жоғарыдан менсінбей қарайтын халықтар арасынан бұл көшпенділердің де құрметті орын алатынын кезі келеді» деген пікір айтқанына сүйсінбеске болмайды.
Атақты түрколог С. Малов «түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл – қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» [157, 29-39 бб.]– десе, шығыстанушы Потанин: «қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Қазақтардың халық әдебиеті аса бай, әрі жан-жақты» – дейді» [158, 24-27 бб.]
Еуразияның шетсіз де шексіз ұлы даласын ертеден мекен еті, мал өсіріп, жан бағып жүрген түркі тектес көшпелі тайпалардың бірыңғай этникалық топқа жіктеліп, қазақтың халық болып қалыптасуы нәтижесінде XV ғасырдың орта шенінде қазақ хандығы құрылды». «XV-XVII ғасырлардағы хандардың (Керей, Жәнібек, Қасым хан, Хақназар, Есім, Жәңгір, Тәуке хан) тұсында қазақтың шаруашылығы, экономикасы, өмір сүру дағдылары ғана емес, сонымен бірге оның рухани кескін-келбеті, жұрт таныған мәдениеті қалыптасты. Қасым хан тұсында «Қасым салған қасқа жол» деген атпен халықтың бұрынан келе жатқан әдет-ғұрпының ережелері негізінде билік – заң үрдістері, елдік жөн-жоралғылары, салт-дәстүрі бір ізге түсті. «Есім салған ескі жол» деген атпен бүгінгі ұрпаққа жеткен жөн-жоралғы, тәртіп, талғам, киіз-туырлықтар арсындағы қарым-қатынаста кездесетін мал-мүлікке, іс-әрекетке байланысты дау-шаралардың шешімдері жетілдірілді. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ халқының мәдени-рухани салт-дәстүр қалыптарының төл-тумалығын одан әрі шыңдай түсуге қызмет етті. Тәуке ханға кеңесші, ақылшы болған Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты қарадан шыққан қасиетті билер демократиялық дәстүрлерді қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірді. Осы тұста сөз өнерінің қадір-қасиеті артты. Халық сөз өнеріндегі тапқырлық пен ұтымдылықты, білгірлікті бағалайтын болды. Халық арасынан небір жез таңдай жыраулар шықты. Өнерпаздық өріс алды. Сөйтіп, қазақ халқының мәдениеті, рухани тірлігі өзіндік сипат, келбетімен тұлғалана түсті.
Қалыптасқан бірыңғай ұлттық тілдің, жазба дәстүрдің болуы – халықтың мәдениетінің, өркениеттің дамуындағы алғы шарттардың бірі. Тіл әрбір халықтың ерте кедерден бергі өніп-өсуінің, дамуының, бүкіл болмысының құдіретті көрінісі. Тілдегі әрбір сөздің ар жағында сол халықтың тіршілік-тынысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, басынан өткен қилы-қилы заманның белгісі, тарихы тұрады. Демек, оны халық болмысының айнасы деуге болады. Тілсіз мәдениет жоқ. Тіл кез келген халықтың бүгінгі болмысын, арманын, алдағысын, кешегісін, келешегін бейнелейді. Сондықтан оның қалыптасуы ұзақ уақытты, бірнеше ғасырларды, тіпті мыңжылдықтарды алып жатады. Қазақ тілі де солай дамыды. Ол Еуразия құрлығының керіліп жатқан кең даласын мекендеген қыпшақ, қаңлы, үйсін, арғын, алшын, керей, дулат, қоңырат, найман сияқты тегі бір, түбі туыс ру, тайпалардың тілдері арқылы қалыптасып, уақыт сынына төтеп берді. Оның електен өтіп, артынша сұрыпталып, сындарлы сапаға ие болуында қыпшақ тілінің айрықша рөлі зор. Осы тілде жазылған ежелгі қазақ жерін жайлаған халыққа, тайпаларға түсінікті жазба мәдениеттің бір нұсқасы XVI ғасырда жарық көрген «Кодекс Куманикус» атты еңбек болды».
Ауыз әдебиеті халқымыздың төлтума мәдениеттің маңызды саласы, құрамдас бөлігі болып табылады. Адамдардың арман аңсарынан туып, өзінің үздік үлгілерімен бағалы нұсқаларын ғасырлар бойы ауыздан-ауызға таратып келе жатқан қазақ халқының ауыз әдебиеті тәрбиелік мәні зор, мазмұны терең, көркем де құнарлы қазына. Одан әлем халықтарының ауыз әдебиетіндегі сана-алуан жанрлардың қай-қайсысын да кездестіруге болады. Таңғажайып аңыз-ертегілер, қисса-дастандар, толғау-жырлар, қара өлең, өлеңнің басқа да небір түрлері қазақтың ауыз әдебиетінің сарқылмас қайнары, бұлағы іспеттес.
Қазақ – сырлы сөздің, өлең, жырдың қадірін жақсы білген халық. М. Әуезов былай дейді: «... Өлеңмен айтқан билік, жырмен айтқан өсиет, тақпақпен айтқан дау бір кезде «татуды араз, жақынды жат қылуға жарасса», бір кезде іріген елді біріктіріп, ірікшінің шіріген сөзін саф қылуға жараған. Хан, қара, би, төре, аламаншыл батыр, жетекшіл қарақшы, бәрі де айырымсыз сырлы сөздің қадірін білімге ұстарып зейіні ашылған европеецтен кем білмеген» [159, 569 б.].
Қазақ сахарасының шешендері мен билерінің аталы сөздері, өнегелі өсиеттері мақал-мәтелдердің тууына себепші болған. Халық даналығынан туған мұндай қанатты сөздер, мақал-мәтелдер ескірмей, тозбай жұртшылық зердесінде ерте замандардан бері сақталып келеді. Олардың көбі мәнін күні бүгінге дейін жойған жоқ. «Күн түспеген жер көгермес, көсемі жоқ ел көгермес», «Қарын ойлаған қаралықтың белгісі, халық қамын ойлаған даналықтың белгісі», «Ақылы аздың ашуы көп, таяз судың тасуы көп», «Ақылы жоқтың арманы жоқ», «Еңбек өмірді ұзартады, ұят бетті қызартады» – деген сияқты халқымыздыңданалығы мен шешендігінің үлгісі болып табылатын мақал-мәтелдер мен аталы сөздерге қазақ жері кенде емес.
Қазақтың қазақ болып қалыптасуы, тұтасып, бірыңғай халық болып даралануы оның өзіне дейінгі әлеуметтік-тарихи тәжірибені санасына орнықтырып, тұрмыс-тіршілігіне пайдалана білуі арқасында іске асты. Ал бұл тәжірибенің негізі, болашақ қазақ қоғамының, оның материалдық және рухани мәдениетінің іргетасы тым ерте, адам адам болып, олар қоғам болып қалыптасқан кездерде қаланды.
Қазақ халқының негізін құраған оның халық болып қалыптасуына, мәдени-рухани жаңғыруына жол салған тайпа, ұлыстардың арасында сақтар мен ғұндардың орны бөлек. Сақтар әулеті біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда тарих аясына шығып, біздің заманымыздың II ғасырына дейін өмір сүрген. Оның іргесін қалап, шаңырағын көтерген – Алып Ер Тұнға (Афрасияб), жайлаған жері, мекен-тұрағы – Орта Азияның, бүгінгі кең байтақ Қазақстанның далалары, Шығыс Түркістан өңірі болды. Оның шаруашылық-мәдени тіршілігінің негізі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық еді. Сақтардың діні – Тәңірлік дін. Олар Көк тәңіріне табынып, табиғатпен тіл табысуды тіршілік мұраты деп түсінген. Сақтардың қалыптасқан наным-сенімі, биік мәдениеті болған. Олардың мәдени-рухани ықпалының ізі Қазақстанмен қатарлас жатқан Иран, Ауған, Пәкістан, Үнді елдерінен күні бүгінге дейін кездеседі.
Ежелгі қазақ жерінің орасан зор аумағын қоныс меке еткен, біздің жыл санауымызға дейінгі II ғасырда бой көтеріп, біздің жыл санауымыздың 216 жылына дейін өмір сүрген ғұн ұлысы 24 тайпадан тұрған.
«Ғұндар ұлысы ұзақ тарихи жолдан өткен. Оған қараған тайпаларадың ежелгі қазақ жеріндегі үйсін, қаңлы, аландармен араласып кеткені, арғын, қыпшақ сияқты рулардың ғұндардан тарағаны туралы нақты деректерге сүйенген болжамдар көп.
Ғұндардың қазақтың арғы тегі екенін айғақтайтын дәлелдер жеткілікті. Айталық, олардың моласынан жүннен істелген бұйымдар, ою-кестелер, өрнектер стилі жағынан қазақ арасында кең тараған ою-кестелермен өте-мөте ұқсас. Демек, үйсін, қаңлы, алан, арғын, қыпшақтардың мәдениеті сақ, ғұн тайпалары мәдениетінің заңды жалғасы деуге болады. Негізінен, түркі тілінде сөйлеген ғұндардың діні – тәңірлік дін, жазуы – түркі жазуы» [160].
«Жетісу жерін, Шу, Талас, Іле өзендерін, Қаратаудың шығыс бетін қоныс еткен үйсіндердің кезінде қол өнер кәсібі, темір, ағаш өңдеу, үй кәсіпшілігі, өрнек тоқымашылығы қатты дамыған. Олар қоладан, темірден қару-жарақ, еңбек, өндіріс құрал-саймандарын, таға, қазан жасай білген. Әшекейлі ою-өрнектермен безендіріп алтын, күмістен жүзік, білезік, сырға, алқа, түйреуіштер істеген, тері илеп, киім-кешек тігіп, өрмекпен жүн-мата тоқыған» [160].
«Үйсіндер жайлаған жердегі обалардан табылған сәндік бұйымдарға көшпелі тұрмысты, аңшылықты, өздерінің наным-сенімдерін бейнелейтін суреттер, арыстан, жолбарыс, қабылан, құлжа, тау ешкі, бұғы, бөкен бейнелері салынған. Ерттеулі атты ұстап тұрған адамдардың мүсіні қойылған шамдалдар, түйелі көш, әр алуан құс бейнелерімен нақышталған әйелдердің сәндік бұйымдары үйсіннің өнері мен мәдениетінің әжептәуір дамығанын дәлелдейді» [160]..
Қазақтың халық болып қалыптасуына өзекті ұйытқы болған қаңлылардың да үйсіндермен деңгейлес мәдениеті болды. Қаңлылардың тіпті ресми жазба заңдары болғандығы анықталып отыр. Олар ата-ана аруағын қаттты сыйлаған. Жыл сайын маусым айында ата-бабаларды еске алу рәсімін өткізіп тұрған. Музыка мәдениеті күшті дамыған қаңлылар қос шекті, бес шекті домбыраларды, даңдабыл, сыбызғы, сырнай сияқты аспаптарды пайдаланыпты.
... Қаңлы елімен шектесіп жатқан аландар да мәдениеті дамыған, шаруасы шалқыған ел екен. Арал теңізінің маңын қоныс еткен алан елінің ауа райы жылы, жері құнарлы, шөбі шүйгін, малға, егіске қолайлы, жеміс-жидегі жеткілікті болыпты. Бұл жердегі аландар алшын, алаша, алаш сияқты Кіші жүз руларын өрбіткен үлкен тайпа болған деседі. Жалпы, қазақ халқының негізін құрайтын сақ, ғұн тайпаларының одағы, оған кіретін ру, ұлыстар қазақ мәдениетінің қайнар бастауында тұрғандығын бүгінгі тарих барынша растайды.
Қазақ халқы үшінші мыңжылдық табалдырығын өзге халықтармен терезесі тең, дербес ел болып аттап отыр. Тарих көшінде әр ғасырдың үлесіне тиген даму кезеңдері, айтулы оқиғалары болғаны белгілі. Ендеше жаңа ғасыр тәуелсіз еліміздің жаңа бастауы болмақ. Иә, бүгінгі таңдағы Қазақстан қайта өрлеу дәуірінің жемісі. Бұл жөнінде белгілі философ А.Х. Қасымжанов: «Қайта туу мезгілі келді. Тереңде жатқан рухани тамырларды таппай ол мүмкін емес. Өткен тарихты іздену, оны құрметтей ой тербелісіне алу, сыннан өткізу өркениетті халықтар қатарына абырой мен кіру үшін қажет» – деп, айрықша атап өтеді [161, 88 б.]. Қайта өрлеу, бұл дегеніміз жаңару, өткенді жаңғырту, өшкенімізді жандыру. Ендеше, өз даралығы мен болмысын сақтауда Қазақстан үшін бүгінде өзіндік қазақ өркениетін дамыту, экономикалық потенциалын өсіру, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, менталитетін тағы басқада ұлттық құндылықтар аясын кеңейту өзекті болып табылады. Ал, бұл процесс бір ғана онжылды ғана емес, қомақты ұзақ тарихи мерзімнің үлесіне тимек. Біздіңше, қазақ халқының қалыптасып бітуін XІV-XV ғасырларға жатқызғанымызбен бұл күрделі үрдістің екінші бір кезеңін тағы да бастан кешу үстіндеміз. Жалпы, қазақ халқының қалыптасуы ұзақ мерзімді тарихи үрдістер нәтижесінде ортақ территория, тіл, материалды және рухани орталықтардың қалыптасуымен қатар орындалады. Осы орайда айта кету керек, қазақ халқы осындай көптеген ортақ құндылықтарға ие түрлі тайпалардың бірігуі нәтижесінде ғана емес, сондай-ақ араб, иран, монғол, сияқты дәстүрі өзгеше, этникалық элементтерді де өздеріне сіңіре қалыптасқанына тарих куә. Бұл мемлекеттердің этникалық негізі белгілі бір этникалық территорияда орналасқан жергілікті түркі тайпаларының төңірегіне күрделі этникалық байланыстар нәтижесінде жергілікті және келімсек, туыс және бөгде, тұтас және шашыраңқы, түркі және түркіленген тайпалар, рулар мен олардың тармақтары топтасуы арқылы қалыптасты.
Сайып келгенде, мұның бәрі – ұлттық мәдениетіміз. Ал ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуының негізі қазақ хандығының құрылуы болып табылады».
Айтыс, шешендік өнер қазақ философиясының негізгі бір бөлігін құрайды. Бұларсыз қазақ философиясының дамуын көз алдыңа елестету өте қиын. Шешендік сөздердің дүниетанымдық астары, ондағы көтерілген мәселелер, даналық сөздер бүгінгі қазақ философиясын қайта қалпына келтірудегі таптырмайтын рухани байлық. Бұл жөнінде Д. Раев «шешендік сөздерде қазақ даласы көшпелілерінің бүкіл коммуникация жүйесі мен дүниетанымының дәстүрлі ойлау сипаттары жатыр. Біздің пікірімізше, қазақ философиясының қалыптасу үрдісіндегі негізгі күре тамырдың бірі – шешендік сөздер» – деп жазады. [162, 33 б.]. Шешендік сөздер болмысы өкінішке орай бүгінгі қазақ менталитетінде өзінің тұтастығын жоғалтқан.
Мұхамедияр Орынбековтың айтуы бойынша, «мәдениет пен қоғамның руханилығын зерттеу өндірістік қатынастарды зерттеумен бірге, ұлттық менталитетті зерттеуді қажет етеді. Бұл ұғым қоғамның әр мүшесінің бойында кездесетін, қоршаған әртүрлі ортада бағыт беріп отыратын және алынған ақпараттарды жүйелей отырып, бар мүмкіндіктер спекторын пайдалану нәтижесінде іс-қимылдар жасаудың мәдениеттегі коды» – дейді. [163, 51 б.].
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті өзіне тән ерекшелігімен, риясыз тазалығымен, зерделі мән-мазмұнымен, пайымдылығымен адамзат мәдениетімен ежелден сабақтас болады. Ғасырлар бойы қлыптасқан рухани-мәдени сабақтастық өз дәстүрін осы күнге дейін жалғастыруға талпынып келеді. Рухани байлық әр кезде әр халықты ұлт ретінде сақтап қалатын және оны өзгелермен қатар өмір сүру құқығын дәлелдейтін императив.
Ұлттық мәдениеттің қайта өрлеуі екі негізгі талаптарға сәйкес келуі тиіс:
  • Ұлттық мәдениет өзіндік даму амалымен өзіндік даму қабілетін анықтауы тиіс.


  • Ол қазіргі кезде қоғамда болып жатқан радикалдық және новациялық өзгерістерге кедергі жасалмай, керісінше, оған демеу беріп, сыбайласып, онымен іштесіп модернизациялануға ұмтылуы тиіс [164, 45-46 бб.].


Демократияландыру процесінің эволюциясы қоғамдық құрылымның көптүрлілігін және шынайы күрделілігін тікелей анықтады. Сонымен қатар, плюрализм мен мультимәдениеттік идеалдарының көрсеткіштері өз-өздерін ақтаған және тіпті, кері процесті-әсерді туғызды. Бұл жағдайларда қайта туған Қазақ елі үшін ұлтты сақтау, қоғамның тұрақтылығын, ұлт бірлігі және қоғам келісімділігін орнату үшін қазақтың бай тарихи және мәдени мұраны басты бағыт етіп алуы қажет. Және жаһанданудың қарқын алып жатқан үрдісі этникалық ерекшелік пен өзіндік қайталанбас дүниені сақтайтын әмбебапты модельді қалыптастыру керектігіне мақсат етіп қойып отыр.


Қазақ ұлттық мәдениетінің құрамдас элементтері – халық ауыз әдебиеті, күйлер, материалдық мәдениет туындылары және т.с.с. – уақыт заман талаптарына немесе сыртқы шет елдік ықпалдарға сай өзгеріп отырды және де мұндай жағдай қазіргі таңда да қайталанып отыр. Бірақ, ұлт мәдениеті өзгеріске ұшыраса да, ол түбегейлі өзгермейді. Яғни, әр уақытта әрбір ұлт мәдениеті үлкен Әлемдік аренада басқа да ұлт мәдениеттерімен бәсекелесіп отырады және бұндай жағдай ұлт мәдениетінің иммунитетін қалыптастырады, бәсекелесу қабілетін арттырады, ұлт мәдениеті кемшіліктерін позитивке айналдыра отырып дамытады.
Қазақ мәдениеті, түптеп қарағанда, бірнеше ру-тайпалар мен этностардың мәдениетінен қалыптасқан тарихи асыл мұра болып табылады.
Ұлттық материалдық және рухани мәдениет географиялық орта, шаруашылық бағыт, халықтың әлеуметтік құрылымы, этникалық бірлігі мен тарихы, көрші елдермен байланысы және қарым-қатынас дәрежесі, т.б. факторларға тәуелді болады. Осы ретте қазақ халқының кейбір ерекшеліктерінен тоқтала кеткен дұрыс. Оған бірінші кезекте, қазақтың жерінде кең аймақта орнығып, XVII-XVIII ғасырларға дейін таза шығыс менталитеті шеңберінде қалыптасып дамығаны жатады. Менталитеттің бастамасы діни көзқарас десек, шығыс діндерінің пантеистік сипатқа жақындығы, табиғатты құдайдай дәріптеуі, оның әрбір затын тірі заттай қастерлеп, тек қажетті мөлшерін пайдалануы қазақ халқының қанына сіңген қасиеті деуге болады. Мұны шығыс даналығы (шолақ рационалдық тұтынымдармен шектелмей, сезім мен ой көріпкелділігіне сүйену, жан-жақты пікірлерді үйлестіре қарап байсалдылыққа, келісімділікке ұмтылу) және шығыс ұжымдылығымен (қоғам мүддесін алдыңғы қатарға қоюы) толықтырсақ ешбір қателігі болмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет