Философия және мәдениеттану: Оқу құралы



бет25/28
Дата17.10.2023
өлшемі1,26 Mb.
#117202
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28
Байланысты:
Философия және мәдениеттану Оқу құралы-emirsaba.org

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің тарихи отаны, мұрагері, негізгі құраушы этносы қазақ ұлты, сондықтан мемлекеттік тіл – қазақ тілі алға қойылуы қажет.
Тіл ұлттың қорғаушы құралы іспетті. Мұны Жүсіп Баласағұн: «Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі тілің, бірі ділің жүректегі» - десе, Л.Н. Толстой: «Тіл – ұлттың жан дүниесі. Тіл – идеяның, сезімнің, ойдың жанды көрінісі» - дейді. Ал Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілді ұмыту бүкіл ата-бабаларымызды, тарихымызды ұмыту» - деп кесіп айтқан. Яғни тіл ұлттардың қарым-қатынас құралы ғана емес, ол сонымен қатар сол ұлттың бейнесі, мәні, дүниетанымы, ойлау жүйесінің тереңдігі. Ана тілі – халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын тарихи біртұтастық, мызғымас бірлік, ажырамас туыстық жағдайында мәңгілік біріктіретін ең сенімді құралы. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, отанымызды танып білеміз. Халық рухының сарқылмас бастауы да сонда жатыр емес пе?
Ұлттық діл – тарихы сонау иен даламен астасып жатқан қазақ халқының ұлттық ділі, менталитеті сол өзі өмір кешкен ұлан ғайыр дала іспетті қалыптасқан. Жайдары жайсаң мінез, кеңпейілділік, қонақжайлылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты толып жатқан адамгершілік, этикалық принциптер орын алған. Сонымен қатар, тек қазақ халқына ғана тән «Елдік сана» идеясы, яғни әр адамның елдік деңгейде (бірінші орынға жеке өз басының мүддесін емес керісінше, халықтың, елдің мүддесін қою) ойлауы [172, 3-8 б.].
Кеңес үкіметінен тәуелсіздігімізді алғаннан кейін осы құндылықтарымызды біржола ұмытқандаймыз, яғни профессор Мекемтас Мырзахметұлы айтқандай мәңгүрттену белең алған. Ол тарихи тұрғыда төмендегідей жүзеге асқан болатын:
  1. Кеңес үкіметі кезінде ұлттық жазу таңбасынан айрылып, латынды соңынан кириллицаны қабылдап, өткендегі ұлттық тарихын оқи алмай мәңгүрттену;


  2. жеке ұлттардың халықтық жадын ұмытып, өткендегі ұлттық тарихи санасынан көз жазып қалу;


  3. дінінен яғни рухани тірегінен мүлде айрылуға бет алу;


  4. табиғи тіл байлығынан қол үзіп, тарихи ой санасынан кедейлену;


  5. ұлттық менталитетінен яғни ділінен ажырауы;


  6. ұлттық әдет – ғұрып, салт – санасынан көз жазып, рухсыздануы;


  7. отбасы тәрбиесі мәйегінен тыс қалып, жаттануы;


  8. ұлттық өнер туындыларының уызына жарымай, тіпті, ұғына да алмай, бөгде ұлт өнерінің ығына санасыздықпен жығылуы;


  9. түріктік ортақ рухани тұтастықтан алыстай беруі;


  10. ұлттық антропонимдер бояуының солғын тартып, алашұбарлануға бет алуы;


  11. орыс тілі мен емлесінің ықпалына түсу себепті, ана тілінің дыбыстық табиғи бояуының солғын тартып, орфоэпиялық дағдарысқа ұшырауы;


  12. шала қазақ пен ада қазақтардың нигилистік, космополиттік қалыпқа түсіп, рухани жағынан азғындауға бағыт алуы;


  13. мінез – құлық этикеті мен киіну жағынан сырттан енген модалық көрініске ойсыз, қамсыз ерудің себебі де А. Байтұрсынов атап көрсеткендей, тіл мен ділінен айрылған қазақ неге көрсеқызар болмасынның өзі болып шығуы.


Міне, мәңгүрттенудің бұлар басты көзге ұрар ортақ белгілері ғана, оның көрінбейтін ішкі рухани әлеміміздегі өзгеріс белгілері тағы қаншама.


Қазақ халқының бүгінгі болмысы осы айтылған ортақ белгілерден алыс жатқан жоқ. Бұлардан, яғни мәңгүрттік рухани қасіретімізден қайтсек арыламыз? Бұдан құтылудың, түбірімен тазарудың жолы бар ма? Бар! Алыс та болса жақын жолы бар. Ол – біз қарастырып отырған ұлтты ұйыстырушы – ұлттық идея мен сол ұлттық идеяны іске асырушы ұлттық идеологияны қалпына келтіру, рухани болмысымызды жаңғырту.
Ұлттық идея — ұлттық мүдденiң туындысы. Идеология сол ұлттық мүдденi мейлiнше анық белгiлеген идеяға қол жеткiзудiң нақты әрекет-қимылына сiлтеу жасап, бағыт-бағдар беретiн үгiт-насихат мазмұны.
Қазақтың ұлттық мүддесi не? Ұлттық мүдде — ұлттық құндылықтар. Құндылықтар ұлтқа берiлетiн анықтаманың әр параграфынан құралады: атамекенi, ана тiлi, қалыптасқан дiлi, бiр дiнi, ортақ салт-дәстүрi, төл әдет-ғұрпы, жалғыз тарихы. Ұлттық идея — ұлттық құндылықтардың жаһандастыру дәуiрiнде қауiпсiз өмiр сүре алатын жағдайын көксеген мұраттың көрiнiсi. Ұлттық идея – талай ұрпақтың еңбегімен, қуаныш – қайғысымен сараланған рухани дүние. Бұл қайталанбас байлық өмірге ұлттық өзіндік тарихи болмысымен келген, сол себептен де ол ұлттық дүниетанымның айнасы.
Көп ұлтты, көп конфессиялы Қазақстан қоғамы сияқты күрделі қоғамда идеяларға қойылатын басты талап, ол ел тұтастығын қамтамасыз ете алатын күшке ие болу кажеттілігі. Қоғамның барлық мұшелерінің жоғын жоқтап, бәрінің мүддесін бірдей қорғайтын идеялар мен көзқарастар ғана тұтастықты сақтауға көмектеседі. Көпұлтты Қазақстан жағдайында халықтың бірлігін сақтайтын, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы олардың ерен еңбегін, қажымас жігерін тасытатын идеялардың бірі ретінде қазақ халқының рухани түлеу идеясының потенциалын пайдалануды ұсыну да осы талап-тілектен туған шаралар [173, 3-8 б.].
Қазақ халқының рухани түлеуінің тарихи құндылықтарды түгендеусіз мүмкін еместігі, тарихи, ділдік, діни және тілдік сабақтастықтың ұлттық идеологияның негізі екендігі де барынша сезіле бастады. Тарихсыз болашақ жоқ. Біз тарихтан қазіргі қоғамымызға керекті, қоректендіруші қайнар көз күшті батыл етуіміз қажет. Тарих — біздің қатынасымыздың бастапқы пункті. Сондықтан да интегративті идея біздің тарихтан басталады. Тарихи сабақтарды қалпына келтіру қазақстандықтардың рухани өрлеуіне, азаматтардың мінезі мен іс-әрекетіне, патриотизмге тербиелеуге көмектеседі [174, 8-96 б.].
Ұлттық дөстүрді тарихи қалыптасқан берік дәстүр ретінде қарау, ол:
Біріншіден, адамдардың, халықтың материалдық және рухани мәдениетіне тартылуына әсер етеді.
Екіншіден, халықгың тарихи танымын қалпына келтіреді, ұлттық психологияны дамытады, ұлттық дәстүр, өз Отаны мен халқына деген сүйіспеншілік пен құрметті күшейтеді. Ұлттың өзін-өзі тануына, жеке адамда өз халқының ерліктері арқылы ұлттық мақтаныш пайда болады [175, 17 б.].
Дегенмен, тарихи процестер барысында, әсіресе қазіргідей ғаламдану үрдісінің жедел қарқынмен дамып келе жатқан кезінде ұлттық дәстүрдің, тіпті ұлттық дәстүрге деген көзқарастың өзінің айтарлықтай трансформацияға ұшырауы мақсатымызға күмәнмен қарауға итермелейді. Бірақ, аталмыш мәселе бойынша жүргізілген социологиялық зерттеулер ол күмәннің негізсіз екендігін, еліміздегі негізгі халық — қазақ халқының ұлттық дәстүрді әлі де берік сақтай отырып, оның әр отбасында жетекші рольге ие екендігін көрсетіп отыр. Қазақтардың өздерінің дәстүрлі мәдениет негізінен ажырамағанын төмендегі мәліметтер растай алады. Зерттеушілердің «Сіздің жанұяңыз ұлттық дәстүр мен салттарды ұстанады ма?» деген сұраққа Қазақгардың 60 %-і – «иә» деп, 30 %-і - «ең кең тарағанын» деп жауап берген [176, 60-64 б.]. Бұл көрсеткіш ел халқының басым көпшілігін құрайтын және титулды халық – қазақтардың идея ретінде ұлттық дәстүрді қабылдай алатынын көрсетеді.
Осы орайда қазақ халқының ұлттық дәстүрінің ғасырлар бойы ислам дінімен жымдасып, бірігіп ажырағысыз жағдайға түскенін, ұлттық дәстүрді діннен айналып өтіп дамытудың мүмкін еместігін де айта кету аса маңыэды.
Дәстүрлі түркілік дүниетаным мықты іргетас болып, салыстырмалы жаңа идея — исламмен біте қайнасқан қазақ ұлттық дәстүрін қайта жаңғырту қазақ мақал-мәтелдері, батырлық жырлар мен ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, бір идея мен ортақ құңдылықтар төңірегінде қалам тербеп, жалпы түркілік-исламдық-адамзаттық озық қасиеттерді дәріптеген барша түркіге ортақ Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Абай, Мақтұмқұлы, Манас, Низами, Шәкәрім, Махамбет, Асан Қайғылардың ой-толғауларына шын мәнісіндегі сұраныстарды тудырып, олардың қазіргі қазақ қоғамына араласу дәрежесін арттырып, олар көтерген идеялардың пайдалану механизмдерін іске қосар еді. Бұл дегенің Көне түркі жазбаларыңдағы ел бірлігі туралы ойлар мен кешегі өткен түркі қоғамының ақын-жырауларының толғауларының екінші, шынайы өмірінің басталуы. Бұл өз кезегінде Қазақ қоғамының қайта өрлеу кезеңінің шынайы, буырқанған кезеңінің басталуына себепкер болған болар еді.
Тәуелсіздікті нығайта түсудің басты шарттарының бірі - адамдардың бойында еліміздің тәуелсіздігін айрықша қастерлейтін қасиет- ұлттық рухты нығайту. Енді рухани мәселелерге ден қоятын уақыт та келіп жетті. Себебі, рухани тамырымыз терең болса ғана өзгелер бізбен санасады. Кім көрінгеннің таптаурын болған ескі жұртын шиырлап жүрсек, дамыған елу елмен иық тірестіру түгіл, егемендікті сақтап қалудың өзі қиынға соғады. Өйткені, материалдық байлығымен танылған ғана емес, рухани құндылықтарын дәріптеген, ұлттық ерекшелігі сақталған, тарихы таза мемлекет қана ертеңгі күні халықаралық қауымдастықтың ортасында зор беделге ие болады. Ұлтты ұлт ретінде анықтайтын тек, оның қоныстанған мекені ғана емес, оның тілі мен ділі, діні мен рухани дүниесі, салт-дәстүрлері мен философиясы, әрине ұлттың рухы. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрімізді, дінімізді, тілімізді, ділімізді айтпау мүмкін емес. Бүгінгі күндегі біздің қоғамымыздағы рухани дүниедегі, елдік пен бірлікке негізделген жоғарыдағы келтірілген қасиеттер ұлттың құндылық бағытына айналуы қажет. Әсіресе егер ұлт – ол ашық әлеуметтік жүйе екендігін ескеретін болсақ, онда өзіндік ұлттық ерекшелігі мен өзіндік сананы сақтап қалу күрделі жағдай екенін түсіну қиын емес. Өйткені қоғамда әртүрлі процесстер жүріп жатады, ол жасау, сақтау, қирату сияқты процесстер, онда дәстүрлі құндылықтар, салт-дәстүрлер, институттардың жаңғыруы мен дамуымен қатар, жаңа институттардың енуі, басқа мәдени идеялардың орнығуы, басқа халықтардың тәжірибесін пайдалануы сияқты процесстер де жүріп жатады. Сол себептен де әсіресе жаһандану кезеңіндегі өзіндік ұлттық ерекшеліктерді сақтап қалу күрделі де, қажетті болып табылады. Ол ұлттық идея, ұлттық идеология мен ұлттық рухтың негізінде, қазіргі қоғамға сай қаншалықты ыңғайланса да, өзіндік өзегін сақтайтын мызғымас құндылықтарымызды жоғарғы дәрежеде қалдыру міндет. Рухани мұрамыз неғұрлым бай болса, алуан арналы болса, өткен мен бүгіннің мәдени мұралары жарасымды жалғасып жатса, соғұрлым өміріміздің мән мағынасы терең, мақсатымыз айқын, ұлттық идеологиямыз жоғары, тарихи үлгі өнеге тұтар парасатты, ой толғаныстары күшті ел болу еш күмән тудырмайды.
Әлемдегі қазақ феномені Кеңес Одағының ыдырауымен дүниеге келіп, елімізде дүниедегі қазақ мәселесі, шетелдердегі отандастардың тағдыры туралы мәселелер өзекті проблемаға айналды. Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алуымен көптеген аса күрделі мәселелер өз шешімін тапты. Қазақ халқының құрамдас бөлігі шетелдердегі отандастармен алуан түрлі өзарақатынасы орнап, шетелдердегі қазақ мәселесінің теориялық, әлеуметтік-мәдени т.б. қырлары қалыптасты. Қандай да бір қоғамның басты байлығы адам дейтін болсақ, онда қазақтың байлығының бір көзі шетелдердегі қандастарымыз, ұлтымыздың құрамдас бөлігі екені анық. Бұл Қазақ халқы өзінің дүние жүзі елдеріндегі отандастарымен де көп және қуатты екендігінің айғағы болса керек.
Әлемдегі қазақтарды байланыстырып тұрған ұлттық идея қандай? немесе біз біртұтас дүние жүзі қазақтарын байланыстырып тұрған ұлттық идеяны қалай түсінуіміз керек? Академик Ә. Нысанбаев: «Мемлекет халықты іштей топтастырып, біріктіретін, ілгері дамуға жетелейтін, көпшіліктің мүддесіне сай келетін жалпыұлттық идеяны темірқазық етіп ұстайды... Қазақстан тәрізді біртұтас унитарлық елде “ұлттық” пен “мемлекеттік” сөздері бір ғана мағынада қолданылуы қажет. Қазақстанда «ұлттық идея», яғни «қазақ ұлтын немесе қазақстандықтарды топтастыру идеясы» халықты біріктіруші идея болу керек. Мұны қазіргі таңдағы жалпыұлттық-мемлекеттік идея деп атасақ та артық емес...» дейді [177, 54 б.]. Д. Құсаинов «казахская национальная идея во первых, глубинные уровни понимания гармоничности Вселенной; во вторых, понимание взаимосвязи человека и Мира в их ценности; в третьих, претворение этой взаимосвязи в реальную практическую жизнь каждого человека как духовно-практической необходимости и главное основопологание во всех уровнях жизни» [178] дейді. С. Нұрмұратов: «Ұлттық идея қоғамдық санадағы прогресті қамтамасыз етуші рухани күш... Кез келген халықтың ойлау жүйесі ұлттық идеяның өсіп-өркендеуіне ықпал етеді. Қазақ халқының тарихында ұлттық идеяға деген зәрулік түркілік кезеңнен бері болған. Шынайы ұлттық идея халықтың нағыз ойлау жүйесінен, яғни философиялық ой-санасына тікелей байланысты, содан туындайды» [179, 38-39 бб.] дейді. Сонымен қатар А. Косиченко, Ж. Молдабеков, А. Айталы, Д. Кішібеков, Т. Ғабитов, М. Әшімбаевтар секілді т.б. белгілі қазақ ғалымдары ұлттық идеяның мәдени феномен ретіндегі болмысын, жалпыұлттық идеяның қырларын айшықтаған алуан түрлі пікірлері бар. А. Айталы «Ұлттану» еңбегінде ұлттық идея туралы ойларын жан-жақты талдайды.
Дүниедегі қазақ деп отырғанымыз бұл күндері әлем кеңістігіндегі дамыған елдердің қатарына қарыштап ене бастаған иісі қазақтың тарихи Отаны Қазақстандағы қазақтар және олардың шетелдердегі отандастары. Міне, осы әлемдегі біртұтас қазақ халқын байланыстырып тұрған ұлттық идея бүгінгі күні мәдени құбылыс ретінде өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Дүниедегі қазақтарды байланыстырып тұрған ең алдымен қазақтың тілі екені даусыз. Этникалықтың басты белгісі ретінде кез келген ұлттың тілі ол ұлттың ерекше болмысын көрсетеді. Адамның жан дүниесіне анасының тілі арқылы берілетін ұлттық құндылықтар адамның жадында ұлттық мінез-құлықтың, рухтың, сана-сезімнің қалыптасуына әсер етеді. Ұлттың жаны тілі екені, тілдің мәңгілік екені, ұлттың ең басты қасиеті тілінен байқалатыны ең қарапайым белгілі нәрсе. Канададағы украин диаспорасын зерттеуші Александр Сыч басқа этнолингвистік әлеуметтік-мәдени ортада тұратын кез келген ұлтты байланыстыратын құбылыс тіл бірлігі мен дін бірлігі екендігін айтады. Ұлтты біріктіретін негізгі категория туралы А. Сыч пен Т.Х. Ғабитов ойларының ұқсастығын байқаймыз. «Дін адам жан дүниесінің... адам өмірінің толыққандылығын танытатын категория... Діннің негізінде рәсім тұр. Өкімет пен азаматтық қоғам институттары пайда болмай тұрып-ақ рәсім адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға болысқан» дейді [79, 58-59 б.]. Яғни, кез келген ұлтты бір діни сенімге біріктіріп, ұйыстырып, адамдар арасында белгілі бір мәдениеттің қалыптасуына зор ықпал етеді. Сенімінен айрылған ұлт мәңгүрттікке бет бұратындығы кәрі тарихтан белгілі. Жеке адамның рухани жан дүниесінің кемелдене дамуына терең әсер ететін құбылыс болумен қатар дінде Имандылық, Ар, Ұят, Адалдық, Әділдік секілді құндылықтар терең орын алған. Тұла бойында иманы жоқ, басқа мәдениеттің ықпалына ұшыраған, мәңгүрттікке бой алдыра бастаған, қайырымсыз адамнан ұлт болашағын ойлайтын, елін, қорғайтын адам шығуы неғайбыл. Сонымен кез келген ұлтты байланыстырып тұрған басты құбылыстар немесе құндылықтар тіл мен дін бірлігі болды.
С. Нұрмұратов: «Ұлттық идея Қазақстан жағдайында жергілікті тұрғындарды ғана жарқын болашаққа жетелейтін бағдар, көшбасшы ой-тұжырым ғана емес, сонымен ол алыс және жақын шет елдердегі қандастарымыздың жүрегін жібітетін, көңілдерін көтеретін, рухани деңгейде демеу болатын қасиетке ие болуы керек» дейді [180, 116 б.]. Осы тұрғыдан қарағанда әлем қазақтарының тарихи Отаны Қазақстанның қазіргі стратегиялық бағыттарының бірі еліміз ең мықты елдердің алдыңғы қатарына шығу болып отыр. Шетелдердегі қазақтар мен тарихи Отандағы қазақтарды байланыстыратын ұлттық идеяны нақты анықтап, танып білетін уақыт келді деп ойлаймыз. Өйткені, қазіргі уақыт талабы әлем Қазақтарының алдына заман талабына сай күрделі мақсаттар жүктеп отырған кезеңде, біртұтастану идеясына немесе дәлірек айтқанда, шетелдердегі отандастарымыз ұлттың өзін ұлт болып ұюға жетелейтін бағыт-бағдарға, қауымдастықты топтастыратын ұлттық идеяға зәру болып отырғаны байқалып отыр. Ұлттың дамуына дем берген, жас ұрпаққа, адамға ақыл-кеңес беретін ғажайып жыр маржандар силаған, адамға ерекше сүйіспеншілікпен гуманистік көзқарастан туылған көркем туындылары арқылы көптеген тұлғалар өз халқының арасынан суырылып шыққан ұлы тұлғаларға айналды. Халық арасынан шыққан осындай тұлғалардың ой-пікірлері халықтың рухын көтеріп, ұлттың дамуына бағыт берді. Олардың ұлттық рухты көтеретін идеялары ұлт-азаттық көтерілістерді бастауға дем беруші болып қана қоймай, ол идеялар туған елі, туған жері үшін жанын аямай күресіп өткен халық батырларының қаруы іспетті болды. Қазаққа осындай жыр маржандар, құндылықтар силаған даналық мектебінің бір бөлігі, қазақтың рухани мәдениетінің бір арнасы шетелдердегі қазақ ойшылдарының еншісінде. Біртұтас қазақ халқының рухани мәдениеті шеттегі қазақтардың мәдени-тарихи болмысымен толықтырылғанда ғана бүтіндей толығады. Сондықтан қандай да бір қарапайым тұстарына қарамастан, шетелдегі қазақтардың рухани мәдениетін қазақ мәдениетінің құрамдас бір бөлігі ретінде сол күйінде қабылдай отырып, танып білуге міндеттіміз деп ойлаймыз.
Шетелдердегі қазақтардың ұлттық болмысының құндылықтық сипаты өзіне тән ерекшеліктерімен өз алдына бірегей бола отырып, бір жағынан олардың дүниені тануы басқа әлеммен сұхбат ауқымында, басқа мәдениетпен ықпалдасу үрдісіндегі қазақ руханилығы, қазақ ойшылдарының ой-пікірі, ұлттық идеясы тағы бір қырынан бірегей. Көптеген жылдар бойы тарихи Отаннан үзіліп қалған отандастардың тарихы біршама зерттелгенмен, олардың рухани дүниесі, ұлттық идеясы бүгінгі күнге дейін тереңдей зерттелмей қалып отыр. Бұл тақырып көрші Ресей елінде біршама жақсы қарқын алып даму үстінде. Ресейде Кеңес Одағы тұсында да П.А. Сорокин, Н.А. Бердяев т.б. секілді орыс философтары, Набоков т.б. орыс зиялыларының аттары Ресейде 70-80 жылдардағы энциклопедияларға енген. Ал, М. Шоқайдың т.б. шетелдердегі қазақ зиялыларының рухани мұрасын зерттеу Қазақстанда тек Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ғана қолға алынды.
Қазақ халқының, қазақ философиялық ой-пікірінің бір бұтағы, шетелдердегі қазақтардың ұлттық идеясы туралы ой өрбіткенде ең алдымен шетелдерде болғанымен өзінің тарихи тамырынан ажырамай, өзінің атақонысында отырған отандастарымыз ойға оралады. Мәселен, Ресей жерінде атақонысымен қалған қандастарымыздың арасынан да көптеген би-шешендер мен көрнекті тұлғалар, ақындар, шыққандығы белгілі. Ресейде атақонысымен қалған отандастардың арасынан шыққан, ХУШ аяғы мен ХІХ басында өмір сүрген көрнекті тұлға Тоқсан биден мол мұра қалған. Тоқсан бидің әкесі Жабай да би болған екен. Тоқсанның өзі Омбы, Томск жерлерінде ел басқарған би, шешен кісі болған. Тоқсан биден көптеген шешендік сөздер қалған. Тоқсан би суырып салма ақындығымен де танымал бола отырып, елдің рухын көтеретін шығармалар жазған. Тоқсан бидің шығармаларынан ұлтты біріктіретін ойлары анық байқалады.
Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен жерлерінде аты шыққан Домақ би сөзге шешен болған кісі екен. Домақ би, шешен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген. Домақ би өзінің «Орта жүздің қонысы» тарихи жырларында қазақтың атын атап, қазақ халқының қоныстанған мекендерін ашып көрсетеді. Домақ бидің шешендік сөздері мен жалпы Ресей жеріндегі қазақтардың рухани дүниесі өз зерттеуін күтіп тұрған мәселелердің бірі [181, 69 б.].
Қазақстандағы отарлау саясатының күшеюіне байланысты шұрайлы жерлерінен айрылған қазақтар басқа шет елдерге қоныс аударып кеткені белгілі. Сол қиын жағдайға байланысты Қазақстанның Ақмола өңірінен Ресей жеріне қоныс аударып, Ресейдегі қазақтар арасында ақындығымен танылған Бектұр Батырқожаұлының рухани мұрасы сақталған. Бектұр суырып салма ақындығымен танылып, 1932 жылы Ресейдің Омбы жерінде дүниеден өткен екен. Бектұр ақын Омбы жеріне ақындығымен кең танылған, оның мұралары Омбы қазақтары арасында сақталып қалды. Сонымен қатар Ресейдегі отандастарымыздың арасынан басқа да көрнекті тұлғалар шыққандығы белгілі. Бұл тұғалардың рухани дүниесінде ұлттың біртұтастығын аңсауы, ұлт тағдыры, ел тағдыры терең орын алған.
Мұстафа Шоқай: «Халқымыз үстіндегі жат үкіметтің күші не қадар ауыр болса, біздің оған қарсы шығысымыз о қадар үзім, о қадар күшті болмақ. Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап Ауропаның әр тарабында жүрген, бұгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың – еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар. Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге мақсат, бір мұхаббат, уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек... Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз, босып кетеміз. Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін – күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек» дейді [182, 21 б.]. Қазақ халқының тәуелсіздігін аңсап, туған елі үшін күрес жолына өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған Мұстафа Шоқайдың ұлттық идеясы біртұтас дүние жүзі қазақтарын біріктіретін ұлттық идеяның жарқын көрінісі болды.
Қазақ диаспорасының рухани дүниесінде жалпы қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі мәдениетінің көрінісі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, сабақтасып отырған. Қазақ диаспорасының рухани асыл, қазына-мұраларында әр уақытта тарихи Отанға деген сағынышы көркем бейнеленіп, әдебиет пен өнерде бірегей туындылар жасаған.
Көрнекті қазақ философы Шәкәрім Құдайбердіұлының Зиат атты баласы әкесі Шәкәрім қажының өлімінен кейін Қазақ жерінен Қытай асып, қоныс аударып кетуге мәжбүр болады. Зият Шәкәрімұлы басқа да Құнанбай қажы ұрпақтары секілді аса дарынды болады. Зияттың ұлттық ой-өрісінің қалыптасуына ғұлама Абай мен әкесі Шәкәрім өлеңдерін үздіксіз оқуы, жас ақынның дүниетанымында адалдық, ар, ұят, намыс, адамгершілік, имандылық секілді ізгі құндылықтардың қалыптасуына терең әсер етеді. Ол Қытай жерінде жүріп өлең-жырлар, поэмалар, әсіресе, көптеген пьесалар жазады. Оның шығармаларында ұлт тағдыры терең бейнеленеді. Қытай жерінде жастай құрбан болған Зияттың көзқарастарынан ғұлама Абай мен Шәкәрім мектебінен алған үлгісі байқалады. Зияттың Асқар Татанайұлы деген шәкірті кейін тарихшы, жазушы «Аға сұлтан Құнанбайдың Абақ Керейге келуі» атты тарихи шығарма жазады.
Шетелдердегі отандастарымыздың ұлттық идеясын мәдени феномен ретінде танып білу отандық қазақ философиялық ойлау жүйесінің толыққанды зерделенуіне жол ашпақ. Аса қызығушылық туғызып отырған, өз алдына әлеуметтік-мәдени, тарихи философиялық талдауды қажет етіп отырған тақырыптардың бірі Қытай жеріне қоныс аударған Алаш азаматтарының рухани дүниесі туралы мәселе. Қазақстаннан Қытай жеріне қоныс аударған саяси адамдар мен Алашордашылар туралы мәселелер Қытайда күні бүгінге дейін аса құпия түрінде қалып отыр. Алашорда азаматтары ішінен бізге Райымжан Мәрсековтың Қытай жеріне қоныс аударғаны белгілі. О.Егеубаев: «Шыңжаң бойынша тұтқындалған қазақстандық, қытайлық алаш азаматтары арасында Зият Шәкәрімұлы, Райымжан Мәрсеков, Ғазиз Қалманов, Т. Жолдыұлы, А. Үлімжіұлы т.б. 108 адамды бір ретте тірідей көміп өлтірді» дейді [183, 109 б.]. Ж. Сәмитұлы: «1920 жылдарда Алашорданың басшылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және Р. Мәрсековтердің Бақты шекарасынан өтіп, Жайырдағы елге барып әскер және жәрдем сұрауы да тегін емес болатын» дейді [184, 244 б.]. Алашорда үкіметі басшыларының Қытай жеріндегі қазақтардың Тарбағатай аймағы Жайыр жеріне көмек сұрап келуінің сыры Алашордашылар сол кездегі Қытай қазақтарының хал ахуалынан толық хабардар болып отырғандығы жайында материалдар көп сақталған. Қазақстан жерінде қазақ байларының мал-мүлкі талан-таражға түсіп жатқанда, сол тұста Қытай жеріндегі кейбір бай, ақсүйектердің дәулеті сол кездегі жергілікті Қытай үкіметінің дәулетінен де жақсы болғандығына көз жеткіземіз. Бұған айқын дәлел Тарбағатайлық дәулетті бай кісі Басбай Шолақұлы жағдайы төмен жергілікті қазақ, ұйғыр, қытай т.б. ұлттарға барынша көмектесіп отырады екен. Қытайдың Шыңжаң аймағын билеп отырған гоминдаң үкметінің жағдайы өте қиын кезеңінде бірнеше рет көмек берген екен. «Басбай жалғыз өзі жергілікті Қытай мемлекетіне жасаған бір жолғы көмекке 100 ат, 100 сиыр, 4000 бас қой, 100 сары алтын шығарып бір соғыс айропланын силап, Тарбағатайды бүкіл елге танытты. Басқа байларға: «көктегіге күйлерің келмесе де, әлгі жердегі қоңыз сияқтыдан (танкі демекші) бірнешеуін көмекке атамайсыңдар ма?» деген екен» [185, 29 б.]. Қазақстандағы қазақ байлары бұл кезде қуғын-сүргінге ұшырап, мал-мүлкі талан-таражға түсіп жатқан сол кезде Қытай жеріндегі қазақтар арасында Басбай Шолақұлынан басқа да аса ауқатты, дәлетті адамдар болғандығы тарихтан белгілі. Алашорда зиылылары Тарбағатайға көмек сұрап келуі осындай дәулетті адамдар сол кезде Қытай жеріндегі қазақ арасында болғандығынан келген болуы керек деп ойлаймыз.
Қазақстандағы ұжымдастыру, тәркілеу саясаты тұсында қазақтардың босқын болып, қоныс аударып кеткен өлкелері әсіресе Қытай жері болды. Қазақтар жаппай Қытайға қоныс аударуының себебі, Қытайдың Шығыс Түркістан өлкесі ертеден атам қазақтың атамекені болғандығы, ол жердегі қазақтар өзінің атақоныс жерінде отырғандықтан Қазақстаннан қоныс аударғандар ол мекенді Қытай жері деп мойындамаған. Өйткені, ХХ ғасырдың басында Қытайдағы қазақтар сырттай Чиң патшасына бағынғанмен Шығыс Түркістан өлкесін ол кезде қазақтың би, төрелері мен сұлтандары басқарып отырды. З. Қинаятұлы: «Абақ Керейде «Төрт би төре» билік жүйесі 1836 жылы өмірге келді» – дейді [186, 64 б.]. Бұл жүйе шамамен ХХ ғасырдың 40-шы жылдарына дейін сақталды. Ж. Сәмитұлы: «Абақ Керей сырттай Қытайдың Чиң үкіметіне бағынып тұрғанмен елді қазақтың би-төрелері билеген. Анығырақ айтқанда, Гүң (шен аты) мен төрт адамнан құралған «Төрт би төре» (үкірдай) елдегі дау-дамай, елдің ішкі саясатының барлық жұмыстарын атқарып отырған. «Гүңнің ең жақын көмекшісі жоғарыда аталған Төрт Би, олардың қол астында Рубасы, Онбасы, Үкірдай (шүршітте жалпылай басқарушы – деген мағына береді). Үкірдай руаралық мәселелерді шешсе, әкімшілік мәселесін «Амбан» немесе жергілікті әкім шешеді. «Төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды» – деген ұғым сол кездегі Шыңжаңда жасаған барлық (қазақ авт.) ұлыстар мен тайпаларға ортақ қағида болғандығын айтады [188, 54-55 бб.]. Сөйтіп, жергілікті қазақтар Қытай елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасап, орталыққа, яғни Пекиндегі Қытай басшыларына алуан түрлі жұмыстармен өз елшілерін жіберіп отырды.
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстан мен Қытай шекарасы арасына тосқауыл қойылғанмен қазақтар ХХ ғасырдың басында да әрі-бері өту мен көшіп қонуды тоқтатқан емес. Бұған айқын дәлел Мәселен, Қытай жерінен көрнекті ақын Таңжарық Жолдыұлының жасырын түрде Қазақстанға өтіп, білім алуы, орыс тілін үйренуі. Тарихи Отанды көзбен көру мақсатында Қазақстанға жасаған сапарынан Таңжарықтың алған әсері ұшан теңіз болады. Таңжарық ақынға қатты әсер еткен басты нәрсе ол Қазақстанның бейбіт жолмен отарлану процесі еді. Таңжарық «Ой толғауы» шығармасында Ресейдің Қазақстандағы саяси ықпалын сынайды. Қазақ өзінің ұлттық құндылықтарынан айрыла бастағаны көзге ұрып тұрғаны, қазақтың тілінен, дінінен айрыла бастағаны, мал-мүлкі талан-таражға түскені, Қазақстан бейбіт жолмен отарланып жатқанын көзбен көріп осыны өз шығармаларында түгел бейнелейді. Таңжарық Қазақстанға үлкен арман мақсаттармен келген еді. О. Егеубаев: «Елінде қабындап тұрған теңсіздік пен әділетсіздікке, қорлық пен зорлыққа жас жаны шырқырап, шипа кезесе ме деп аңсап келген бала ақын қызыл империя бақыт-бағдары мен алаш идеясы күресінің үстінен түседі... Ұлт теңдігін іске асыратын қызық империя емес! Алаш жолы деп еліне қайтқан ақын... Ұлт намысын ешкімге таптатпау жолында жанын салады. Алаш идеясы, Алаш азаматтары, Алаш қозғалысы Қазақстан аумағында ғана емес, Қытайдағы қазақтар арасында да маңызды жұмыстар жасаған» дейді. Таңжарық Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев т.б. секілді зиялылардың, Алаш азаматтарының идеясымен қаруланып, ұлт зиялыларының жаппай қудалануы секілді құбылыстарды көзімен көріп, қайтадан Қытай жеріне кетеді. Бірақ, «Алаш идеясын» өлеңмен үгіттеп, Қытай қазақтарының ұлттық санасының оянуына әсер еткені үшін, қазақ ұлты білім алып, тәуелсіз бейбіт өмірді сүруді үгіттегені үшін гоминдаңшылар қолынан қаза табады. Таңжарық қазақ біртұтастықта болуын армандады. Көрнекті ақын Таңжарықтың өмірі тәуелсіздік жолында күресумен, өмірі өксумен, түрме табалдырығында қаламын қару етумен, Алаш идеясын күш-қайрат етіп, азаттық жолында арпалыспен өтеді.
Қазақ тілінде сөйлейтін тарихи Отандағы қазақтардан басқа, шетелдерде болғанымен өзінің түп-тамырынан ажырамаған атақонысында отырған қазақтар болып отыр. Ал, қазақ диаспорасы қандай да бір кемшілігіне қарамастан қазақ тілінде сөйлегенмен, қазақ диаспорасы тілін дамытудың жағдайы өте қиын. Шетелдердегі қазақтардың бүгінгі жағдайы қиын болатын себебі, жергілікті үстем этностардың қысымы барғансайын байқала түсуде. Қытай қазақтары арасында қазақ мектептері түгел жабылған. Ресей қазақтары тілінің шұбарлануы терең етек алуда. Өзбекстан қазақтары жұмыспен қамтылу үшін ұлты өзбек болып жазылып кеткен қанша мың қазақ бар. Моңғолияда да монғол тіліне жетік мамандар ғана жұмыспен қамтылуы мүмкін. Түркия қазақтары мен Европа қазақтары ұлттық тіл үйрені орталықтары дамымаған және олар оқу қаражатының қымбатшылығынан жоғары оқу орындарына түсіп, мамандық алуға зәру. Сондықтан жергілікті елдің тілін жетік меңгермесе мектеп жасындағы балалар оқудан, басқалар қызметтен қағылатындықтан ана тілін ұмыта бастаған жастар көптеп кездеседі. Қытай қазақтары қазақ мектептері жабылғанша араб әрпін қолданған, қазір жаппай қытай тіліне көшкен. Түркия қазақтары түрік тілінде, Өзбекстан қазақтары латын әліпбиінде, Монғолия қазақтары да негізінен монғол тіліне бейімделе бастаған.
Шетелдерде Германия, Израиль, Қытай т.б. елдерінің өз қандастарымен арақатынасын дамыту тәжірибелері мол. Кеңес Одағының ыдырауына байланысты диаспораларымен тыңғылықты жұмыс атқаруға іле кіріскен елдердің бірі Ресей. Ресейдің Франциядағы елшісі Авдеев А.А.: «тек Париж қаласында біздің бір ғана орыс орталығында, бір мезгілде 500 адам орыс тілін оқиды» дейді [187, 23 б.]. Дегенмен орыс адамын келіне келтіріп, шетелдердегі орыстың ұлттық идеясының қалыптасуы бүгінгі Ресейдің емес, ертеде Ресейден кеткен орыс интеллигенциясының зор еңбегі екенін естен шығармағанымыз жөн. Бүгінгі Ресей сол бастаманы жалғастырып, диаспораларымен жан-жақты күрделі стратегиялық бағыттарда жұмыстар атқаруда. Ресей мемлекеті шетелдердегі орыс зиялыларының әсіресе орыс әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына еңбек сіңірген тұлғалардың болмысын танып білу мәселесіне өткен ғасырдың орта шенінен бастап терең болмағанмен ден қойыла бастады. Кеңес Одағының ыдырауымен жабық тақырыптардың бірі болған шетелдердегі орыс мәселесіне терең назар аударыла бастады. «Шетелдердегі орыс әдебиеті Отанына оралуда (1986-1990 жж.)», «Қазақстандағы орыс әдебиеті (1981-1989)», «Отанға оралған тұғалар», «Шетелдердегі орыс философиясы» т.б. көптеген ғылым мен мәдениетке еңбек сіңірген тұлғалар хақында бүгінгі Ресейге кең таныту ісіне Ресейде терең назар аударылып отыр. Соңғы кездері «Шетелдердегі орыс мәдени орталықтарын дамытуға көмектесу қоры» арқылы «Кітапты сыйға тарт» акциясы арқылы Ресей мемлекеті тарапынан шеттегі және достастық елдеріндегі орыстарға, орыс орталықтарына тегін кітаптар сыйлау рәсімдері өткізіліп келеді. Ресейде шетелдердегі отандастарының жасаған құндылықтарын Ресейге әкеліп ел игілігіне айналдыру мәселесі басты назардағы мәселелердің бірі. Ресейдің сыртқы істер министрлігінен бастап, Росзарубежцентр, РЦНК (российские центры науки и культуры), Орыс орталықтары Ресейден жырақта жатқан шетелдердегі отандастарымен қарым-қатынас, олармен нақты жоспарланған жұмыстар атқару, Ресейде арнайы құрылған мемлекеттік комиссиясының басшылығымен жүргізіледі. Ресей шетелдердегі отандастарымен жұмысты қаржы және мәдениет министрліктерімен бірге, сонымен қатар Сыртқы істер министрлігінің араласуымен орыс елшіліктерінің жанындағы ұйымдар арқылы шетелдердегі отандастармен алуан түрлі мәдени-саяси жұмыстар қолға алынған.
Халқымыздың мәдени асыл-қазына мұралары мен салт-дәстүрлеріміздің бір тармағы қазіргі кезде әлем кеңстігінде шашырап жүрген дүние жүзіндегі біртұтас қазақ халқының құрамдас бөлігі шетелдердегі отандастарымыздың еншісінде. Шетелдердегі қазақтардың арасынан шыққан тұлғаларды танып білу олардың біртұтас қазаққа ортақ рухани құндылықтарын айшықтау дүние жүзіндегі біртұтас қазақтың дәстүрлі мәдениетін жан-жақты түбегейлі білу үшін, бұл құндылықтарды халқымыздың игілігіне айналдыру үшін керек. Осы рухани құндылықтар жүйелі зерттелгенде ғана қазақ халқының мәдени-тарихи болмысының біртұтастық динамикасын толық танып білуге болады. Әсіресе, басқа этнолингвистик әлеуметтік-мәдени ортада болғанымен, ата-қонысында отырған шетелдердегі отандастарымыздың арасынан шыққан қазақ ойшылдарын танып білу, олардың біртұтас қазаққа ортақ даналық сипаты мен сабақтастығын олардың тұлғалық, азаматтық болмысын, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің бір үлгісі ретінде қазақ диаспорасының мәдениетін, ұлттық болмысын жан-жақты айшықтау қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі.
Білім беру, кең мағынасында, адамдар арасында генетикалық емес ақпарат тасымалдаудың ғаламдық агрегациясы қоғамның басты әлеуметтік құрылымдарының бірі болып табылады. Сондықтан да әрбір қоғамдық келісім қайта бекітілген кезде білім беру жүйесінде жаңа жағдай туындайды [188, 3-16 бб.]. Және керісінше, білім беру жүйесіндегі жағдайдың түбегейлі өзгеруіне байланысты қоғамдық келісімді қайта бекіту қажеттілігі пайда болады. Білім берудің ресми және ресми емес қатынастары көпшілікті, тіпті Жер шарының барлық адамдарын байланыстырады десе де болады. Біз тек мектепте, балабақшада, отбасымызда, достарымызбен араласуда ғана емес, сәулет өнері және жарнама, бизнес және соғыс, материалдық өндіріс және сот процесі, кітап оқу және теледидар, футбол немесе құмар ойындары арқылы да тәрбиеленеміз, білім аламыз. Осы мағынада, білім беру билігі әлдебір деңгейде қоғамды парасатты қылатын табиғи үдерістегі білімнің үстемділігі метафорасын білдіреді. Қоғамның объективті заңдылықтары көбінесе үстемдік етіп отырған білім берудің жан-жақты заңдылықтарымен айқындалады [189, 72-93бб.].
Қазіргі таңда білімнің өркениеттіліктің өлшемі, тетігі, құндылығы есебіндегі алатын орны ерекше. Білімді құндылық ретінде қарастыруымыз – әрбір елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени дәрежесі мен сол елдің халқының білімі мен сол білімді сәтті қолдана алуы деңгейі байланысының болуы себебінен туындайды. Және білімді нәтижелі әрі ізгі мақсаттарға сәйкес қолдануда «жаңа» нәрсеге қол жеткізу мүмкін болатындықтан да, ол – құндылық бола алады.
Мемлекетіміздің білім беру жүйесіне өзгерістерді енгізуі арқылы әлемдік білім беру кеңістігіне бағдар тұтуы білімге деген көзқарасты жаңаша тұрғыдан қарастыруды көздейді. Осыған сәйкес қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - білімді, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, дербес, ізденімпаз, өзін-өзі жүзеге асыра алатын, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру.
Білім беру саласындағы реформалар бір жағынан әлемдік білім беру кеңістігіне сай өркендеуге ұмтылса, екінші жағынан ұлттық болмысты қалыптастыру мақсатында мәдени-тарихи құндылықтарға сай өзіндік бет бейнесін сақтауды көздейді.
Қазіргі кездегі білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жеке тұлғаның шығармашылық бағыттылығы мен шығармашыл тұлғасын қалыптастыру мәселесіне қызығушылықтың артуы осы міндеттерді шешудің бағдары ретінде қарастырылып отыр.
«Парадигма» латын тілінен аударғанда «үлгі» деген мағынаны білдіреді. Ал қазіргі білім беру барысында концептуальдық модель ретінде қолданылып келеді. Білім беру парадигмаларының көптеген түрлері бар. Кейбір ғалымдар білім беру парадигмаларының көптүрлілігін педагогикалық өркениетке байланыстырады, адамзат қоғамы көптеген сатылардан: табиғи және репродуктивті-педагогикалық өркениеттен өтіп, креативті-педагогикалық өркениетке енуде деген пікірлер айтылуда. Бұл педагогикалық өркениет мұғалім іс-әрекетінің жаңа қырларын аша отырып, кәсіби педагогикалық сапалары мен қызметтерін түбегейлі түрде жаңартуды талап етеді. Бұл ізденістердің жарық жұлдызы ретінде педагогикалық парадигма, яғни адамзат қоғамының әлемдік әсер тәсілдерін меңгеруі мен педагогикалық ой-өріс пен қарым-қатынастың онтологиялық және жеке аспектілерін қамтитын жүйесі ретінде алға шығады.
Антропологиялық, археологиялық мәліметтер бойынша, алғашқы кезеңде «педагогикалық іс-әрекет» ересектер мен бала өмірінің тұрмыстық қарым-қатынасына негізделді. Қоғамның әрбір мүшесі тіршілігін сақтау үшін білім, білік, дағды, өмір сүруге қажетті қатынастарды білуі және оны кейінгілерге үйретуін қажет етті. Табиғи педагогика алғашқы қоғамдық құрылысқа сәйкес болды. Табиғат пен адам ақпараттық байланыс ретінде қарым-қатынаста болып, адам еңбек іс-әрекеті нәтижесінде өмір сүру дағдылары қалыптаса бастады, іс-әрекет инстинг арқылы реттеліп отырды.
Кейінірек жыныстық ерекшеліктер, еңбекке үйрену, дене дамуы мен отбасындағы қызмет ету әрекеттерін меңгеруге байланысты адамзат өзінің даму жолында репродуктивті-педагогикалық өркениетке аяқ басты. Оның ерекше белгісі – арнайы ұйымдастырылған педагогикалық процесс құралдары арқылы іс-тәжірибені «әкеден-балаға» мақсатты түрде үйрету болды. Адамзат қоғамы ақпаратты ұрпақтарына жалғастыру тәсілдерін, біліктері мен білімдерін жетілдірудің жаңаша жолдарын іздестіруге, ойлап табуға бет бұра бастады. Алғашқы қоғамдағы адамдардың тасқа қоршаған әлем жөніндегі өз түсініктерін бейнелеуі, өмірлік тәжірибелерін сипаттайтын, оны үйретуде таңбалар мен символдарды пайдалануы адам дамуының ілгерушілік сипатын көрсетті.
Дүниедегі кез-келген халықты бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын оның мәдениеті мен салт-дәстүрі, тілі екендігі баршаға аян. Ал, мәдениет пен салт-дәстүрдің қалыптасуына діннің шешуші роль атқаратынын, кешегі атеистік қоғамнан шыққан біздер, оншалықты мойындай бермейміз. Алайда, діннің халықтың мәдени, рухани болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастыратын негізгі қайнары екендігін өзге халықтар әлдеқашан мойындаған. Мысалы, немістің ойшыл ақыны Элиот Христиан діннің Европа халықтарының тарихындағы ролін былай бағалайды: «Основным в создании общей культуры народов, каждый из которых имеет свою культуру, является религия ... Я говорю об общей христианской традиции, которая сделала Европу тем, что она есть и об общих элементах культуры, которые это общее с собой христианство принесло ... Именно в христианстве развилась наше искусство, в христианстве до недавнего времени коренились правовые системы Европы. Именно на фоне христианства приобретает значение наша философия. Отдельный европеец может не верить в истинность христианской веры, и все же то, что он говорит, производит, делает – все обретает смысл в христианском наследии. Только христианская культура могла породить Вольтера и Ницше. Я не верю, что европейская культура переживет утрату христианской веры» [190, 7 б.]. Неміс ойшылының бұл тұжырымына бір ойды қосып алу мүмкін емес. Христиан діні европалықтардың тағдыры. Бұл ой орыс ойшылы Н.Бердяевтің «Русская идея» атты шығармасында мынадай үндестік табады: «Русская мысль, русские искания начала ХІХ в. и начала ХХ в. свидетельствуют о существовании русской идеи, которая соответствует характеру и призванию русского народа. Русский народ – религиозный по своему типу, и по своей душевной структуре. Религиозное беспокойство свойственно и неверующим ... Даже у тех русских, которые не только имеет православной веры, но даже воздвигают гонения на православную церковь, остаются в глубине души слой, формированный православием» [191, 253-254 б.]. Демек, орыс халқын халық етіп қалыптастырған православие діні. Олай болса кез-келген халықтың рухани, мәдени болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастыратын сол халықтың діні болып шығады. Бұл діннің адамзат қоғамындағы ролінің қаншалықты терең екендігін байқатады. Осы жерде қазақ халқын халық етіп қалыптастырған, ғасырлар қойнауына жұтылдырмай бүгінге дейін жеткізген қандай күш, қазақ идеясы бар ма? – деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа бір жағынан жауап беру оңай, екінші жағынан қиын. Оңай болатыны – қазақ халқының рухани бай мұрасында, аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарында, шежірелерінде, материалдық мұраларында. Қазақ халқын халық етіп тарих сахнасына шығарған рухани күштің ізі сайрап жатыр. Оларды алып орын-орнына қойса, қазақ идеясын – қазақ халқының рухани өзегін танып алу қиын емес. Қиын болатыны – ғылыми танымы евроцентристік көзқарас пен тарихты материалистік тұрғыдан тану методологиясы негізінде қалыптасқан бүгінгі зерттеушінің қазақ халқының рухани мұрасын түсіне алмауы немесе менсінбеуі. Басқаша айтқанда, қазақ халқының рухани, мәдени болмысына европалықтардың көзімен қарауы. Осы көзқарастың салдарынан қазақ әлі күнге өзін-өзі тани алмай келеді. Қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен басты күш, өзек ретінде көшпенді өмір салты алға тартылып, қазақ халқының рухани болмысы зерттеушілер назарынан тыс қалды. Мысалы, белгілі этнограф, марқұм Н.Масанов, Қазақ кім? – деген сұраққа былай деп жауап береді: «И наконец следует ответить на третий вопрос, кто такой казах? ... Групповая принадлежность человека определялось не происхождением, а только образом жизни и типом хозяйства. Если тот или иной индивидиуум родился хоть за тридевять земель, но ночует среди казахов, он кочевник, он - казах. Если его же родители казахи, но живет в городе Испиджабе, он - сарт. Он не казах. Казахом был кочевник-номад» [192, 104 б.] Жалпы осы пікірдің қоғамдық ғылымдардың бар саласында қалыптасқан пікір екендігі және бұл бұлжымас шындық ретінде қабылданатыны өкінішті. Бірақ көшпендінің бәрі қазақ еместігі, атасы бөлек қалмақ түгіл, тіптен кешегі күні қазақтан бөлініп шыққан түркімен, ноғай, қарақалпақ сияқты халықтар көшпелі өмір сүрсе де өздерін қазақ ретінде мойындамайтынын ескерер болсақ, онда олар неге қазақ емес деген заңды сұрақ туындайды. Бұл – халықтың өмір сүру жағадайы халықты ұйыстыруға негіз бола алмайтынын көрсетеді. Халықтарды солардың ішінде көшпенділерді де бір-бірінен ерекшелеп тұратын мәдениеті мен сол мәдениетті қалыптастыруға негіз болған діні мен сол дін негізінде қалыптасқан мәдениеті барлығын көрсетеді. Демек, европалықтарда немесе орыстарда емес, діни, рухани фактордың түркі халықтарында да рухани мәдени болмысын қалыптастыратын негізгі қуат көзі екенін көрсетеді. Әсіресе, батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі мыңдаған шақырымды алып жатқан сайын даланы мекен еткен қазақ халқының рухани мәдени тұтастығы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүр бірлігін қамтамасыз еткен идеяның, ол идеяны ту еткен иделогияның негізінде аса қуатты күш болғанын сезіну қиын емес. Қазақ даласындағы осы тұтастықты Ш. Уәлиханов былай деп суреттейді: «Қазақ өздерінің көне аңыздарымен сенім нанымдарын қайран қаларлықтай тазалықта сақтай білген. Оданда өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе өлең жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтесіз. Көшпелі сауатсыз ордадағы ауызша тараған үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық» [193, 390 б.]. Соншалықты кең сахараны алып жатқан халықтың мұндай тұтастықты сақтай алуы, бұл халықтың рухани бірлігінің мықты болғандығының дәлелі. Бұл жерде сонда қазақ халқын қалыптастырған қандай күш деген сұрақтың туындары анық. Ендігі кезекте сол сұраққа жауап беріп көрейік.
Түркі халықтары ислам дінін VIII-ғасырдың екінші жартысында қабылдады. Жаңа дінді қабылдау түркі халықтары мәдениетінің жаңа сатыға көтерілуіне ықпал етсе, екінші жағынан өзінің дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрпынан, тілінен ажырап, парсылануына әкелді. Тек ХІІ ғ. тарих сахнасына Қожа Ахмет Ясауи сынды тұлғаның шығып, сопылық жолдың түркілік бағытын қалыптастыруы ислам дінін қабылдаған түркілерді халық ретінде жойылып кетуден аман сақтап қалды. Дәстүрлі түркі мәдениеті қайтадан қалпына келді. Ең бастысы түркі тілі дін тілі, ғылым-білім тілі, мемлекет тіліне айналды. Ол өз хикметтерінде былай деп жазды:
Қоштамайды ғалымдар біздің айтқан түркіні,
Білгендерден есіткіл, ашар көңіл мүлкінің.
Аят-хадис мағынасы, түркі болсаң муафиқ,
Мағынасына жеткендер жерге қояр бөрігін [194, 188 б.]
Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын зерттеп жүрген философ Д. Кенжетай Ясауи ілімі туралы былай дейді: «Ясауи ілімі-қоғамдық әлеуметтік ынтымақ пен бірлікке ұйытқы болатын даналықтың кені. Яғни, оның ілімі адамдар арасындағы өзара тең сұхбаттың, бауырластықтың, махаббаттың діни рухани ұстанымдарын қамтитын бір тұтас тұжырымдамалар жүйесі болып табылады [195, 8 б.]. Демек, Ясауи ілімі алғашқы кездің өзінде толық жетілген ілім болып қалыптасты.
Осы кезеңнен бастап Ясауи жолы түркі мәдениетінің өзегіне айналды. Шыңғысхан шапқыншылығы өзге халықтар үшін қасіретті болғанымен, түркі мемлекеттігін қайта қалпына келтірілуіне мүмкіндік берді. Жошы ұлысының құрылуы Хорезмшах экспансиясынан қираған түркі мемлекеттігінің қайта қалпына келуі болатын. Алайда, алғашқы кезеңде бұл мемлекет әлі толық түркілік сыйпат алған жоқ еді. Өйткені, Жошы ұлысының құрамында тілі, діні бөлек қаншама халықтар өмір сүрді. Мұсылман дінін қабылдаған түркілерден басқа, өзге діндердегі қаншама түркі тайпалары болды. Олардан басқа христиандық бағытағы православие мен католик шіркеулері болды. Олардың арасында мемлекеттік идеологияға айналу жолындағы күрес басталды. Сол күресте мемлекеттің негізгі тірегі болған, түркілердің рухани қажетін толық өтей алатын Ясауи жолы жеңіп шықты. Ясауи жолы мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілгенен кейін тек діни рухани мәселелермен шектеліп қалған жоқ. Мемлекеттің құрылымдық жүйесін толық өзгертті. Қазіргі қазақ халқы құрамындағы рулық, тайпалық жүйелердің, жүздердің тарих сахынасына шығуы, осы Ясауи жолының Жошы ұлысында мемлекеттік идеологияға айналуымен тікелей байланысты. Міне осы кезеңде Жошы ұлысы құрамындағы түркілердің рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырған Ясауи жолының өкілдері - әулиелер болатын. Қазіргі қазақ шежірелеріндегі әр рудың, тайпаның басында тұрған тұлғалар осы Ясауи жолы өкілдері еді. Сол кезеңнен бері Ясауи жолы түркі халықтарын ұйыстырушы рухани негізге айналды. Түркі-ислам өркениетінің шекарасын қазіргі кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, түркі жылқысының тұяғы тиген жер емес, Ясауи жолының, Ясауи идеясының тараған жері болатын. Осы жолдан шегінген әрбір қадам түркі мемлекетінің тарих сахынасынан кетуіне ықпал етіп отырды. Алтын Орда сияқты алып империяның күйреуі, осы Ясауи жолынан Жәнібек ханның бастартып, орнына ислам дінінің ирандық формасын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеруімен тікелей байланысты болды. Өзгенің діни танымын қабылдамаған халық Жәнібек ханнан бастартып жеке ел болуға әрекет жасады. Тарихи жазбаларда ізі қалмаған, қазақ және өзге түркі халықтарының аңыздарында сақталған Алаш мемлекеті осы кезеңде өмір сүрді. Қазақ атауының алғаш айтылуы да осы Алаш пен Алаша хан дәуіріне сай келеді:
Кеше Алаш, Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Үйіміз ағаш болғанда,
Ұранымыз Алаш болғанда,
Үш жүздің баласы емес пе едік?!
Демек, қазақ атауының алғаш шығуы өзінің дәстүрлі діні мен рухани, мәдени дербестігін сақтап қалу үшін Сарайдан бөлінген халықтың Алаш мемлекетін құруымен байланысты екендігін көруге болады. (Бұл тарихи оқиғалар біздің тарапымыздан жазылған «Ясауи жолы және қазақ қоғамы» атты еңбегімізде баяндалған болатын). «Қазақ» атауының осы кезеңде тарих сахнасына шыққанына тағы бір дәлел «Ер Едіге» жырында кездеседі. Ол жырдан мынадай жолдар бар:
«Ханнан қайрат кеткенде,
Биге медет жеткенде,
Хан қашып, би қуғанда,
Хан Тоқтамыс қорланып,
Байтағым деп зарланып,
Айтып жылай жөнелді.
Ей, байтағым, байтағым,
Бастатып сені алдырттым,
Ал аман бол менен соң
Он сан елім ноғайлы,
Сені тағы алдырттым,
Он сан ноғай ішінде
Үш жүз алпыс отау қазағым,
Сені тағы алдырттым» [196, 61 б.].
Тоқтамыс ханның абсолюттік билікке жету үшін өз халқынан бас тартып, өзге халықтарға арқа сүйеп, өз халқына қарсы шыққанда Едіге бастаған билердің оған жүргізген күресінің нәтижесі осылай аяқталған болатын. Жырдағы «360 отаулы қазақ» деп отырғаны, сол кезеңде Ясауи жолының өкілдері – билердің соңына ерген халықты атайтын. (Маңғыстаудағы 362 әулиенің қазақ халқы құрамындағы ру, тайпалар басындағы кісі аттарына сай келетінін маңғыстаулық зерттеуші С. Қондыбайдың «Есен қазақ» атты кітабында осы мәселеге көп көңіл бөлінген болатын. Мысалы, Арғын ішіндегі Мейрам сопыдан тараған бес ру елдің атасы мейрам сопының қабірі Маңғыстау жерінде екендігі толық дәлелденген.) Жалпы бұл деректер қазақ атанған халықтың Йасауи жолына мойын ұсынған, осы идеяның айналасына топтасқан халық екендігін, қазақ халқының рухани, мәдени болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастырған басты рухани өзек – Ясауи жолы болғандығын дәлелдейді.
Одан кейінгі кезеңдерде қазақ даласындағы тарихи оқиғаларда да Ясауи жолы өкілдері белсенді рөл атқарды. Халықтың басын біріктіріп, он жеті жасар Әбілхайыр сұлтанды таққа отырғызып, «Өзбек ұлысы» атты мемлекетті құрды. Бұл мемлекет өзінің құрылымдық жүйесі мен діни идеологиясы жағынан Өзбек хан кезіндегі Алтын Орда мемлекетін қайталайтын еді. Сол себепті, бұл мемлекет Өзбек ұлысы атанды [197, 218-219 бб.]. 1446 жылы Әбілхайыр ханның Сығанақ қаласын алғаннан кейінгі әрекеті, Ясауи жолынан бас тартып, соғды-тәжік, парсы мәдениетіне негізделген нақшбандийа тариқатын қабылдауы, қасындағы Ясауи жолы өкілдерін биліктен шеттетіп, ордасының беглербегі болған Едігенің немересі Уаққас биді өлтіртуі мемлекет құрамындағы халықтың бір бөлігінің Әбілхайырдан бас тартып, көшіп кетуге мәжбүр етті. Көшкен халықтың басшылары-билер Жәнібек пен Керей сұлтандарды шақырып, жеке мемлекет құрды. Бұл бөлінген халық та, мемлекет те «Қазақ» атауын алды. Сөйтіп, Қазақ хандығы тарих сахнасына Ясауи жолын ұстанған мемлекет ретінде шықты. Өзгенің рухани, мәдени ықпалын қабылдамай, өзінің дәстүрлі діні мен мәдениетін бәрінен артық көрген халық қана қазақ атанды. Бұл халық үшін Түркістан қаласы мен ондағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі киелі, қасиетті мекен саналды. Мұның солай екендігін орыс зерттеушісі А.И. Левшин де растайды. Ол былай дейді: «Едва ли кто-нибудь из киргиз-казаков был в Мекке, но они почитают Туркестан святым местом, и многие из них, особенно из кочующих близ сего города ездят в онный для поклонения гробу святого Кара Ахмета ходжи, черезвычайно им уважаемого» [156, 315 б.]. Қазақтың хандары мен билері, батырлары бақилық сапарға аттанар алдында өздерін Түркістанға, Әзірет Сұлтан қасына апарып жерлеуді аманат етті. Демек, қазақ халқының рухани өзегі – исламдағы сопылық жолдың Ясауи негізін салған түркілік бағытында. Басқаша айтқанда, Қазақ идеясының негізі – Ясауи ілімінде. Қазақ үшін өзге жолдың қажеті жоқ.
Ұлттану қазақ даласына ежелден қоныстанған үрдiс екенi ақиқат. Осыдан үш мың жыл бұрын өмiр сүрген Геродоттан тартып, кешегi Колбинге дейiн әрқилы мақсатқа сай Қазақстанға сырттан келгенде ұлттануға ден қойғаны – арғы тегiмiз сақтарды, салт-дәстүрiмiздi, рухани-мәдени ұстанымдарымызды, тарихымызды, яғни қазақтардың қайдан, қашан, қалай шыққанын, болмысын танып-бiлуге ұмтылғаны күмән туғызбаса керек. Қазақтар да әлемнiң саяси, тарихи, этникалық дамуынан бейхабар қалған жоқ. Дала даналарының орыс, қытай, қалмақ, өзбек, араб, парсы жұрттары жөнiнде айтқандары бүгiнгi күнге жетiп отыр.
Ұлттық «Менді» қалыптастыратын тетiктер мен жағдаяттар сан алуан. Оған көшедегi қаптаған жарнамалардан бастап, ендi ғана дүние есiгiн ашқан сәбидiң құлағына естiлетiн ән мен үнге дейiн кiредi. Солардың бәрiнiң басын қосатын, бәрiн өгiздей өрге сүйрейтiн құдiрет Ұлттық Идея деп бiлгенiмiз жөн. Ойы онға, санасы санға бөлiнiп отырған қазаққа ортақ ұлттық идеяны таба қою оңай мiндет емес. Ол шiркiн әлi күнге дейiн жоқ та. Ал қажеттiгiн отансүйгiш рухтағы әрбiр қазақстандық азамат сезiнiп отырғаны айдай ақиқат. Армансыз адам - қанатсыз құспен тең, дейдi халқымыз. Ендеше ұлттық идеясыз қала берсек қанатсыз ұлтқа айналарымыз сөзсiз. Ұлттық идеяны таппайынша елде жүрiп жатқан реформалар қарын тойдырудың ғана мiндетiн атқарып шығатындай көрiнедi. Ұлттық идеясы жоқ қазақстанда өмiр сүру қазақтан басқаның бәрiне майдай жағатын шығар, бiрақ түптiң түбiнде өкiнiште қалатыны – қазақтар. Өзiн-өзi жарылқамағанды басқалар ұшпаққа шығарады деудiң еш қисыны жоқ. Көлдей жайылып келе жатқан жаhанданудың табанында жаншылып қалмау үшiн де ұлттық идеяның өзектiгi мен қажеттiгi күн санап артып келедi. Демек қарап отыруға болмайды.
Алдымен бiзге қажет ұлттық идеяға қойылатын талаптарды пысықтап алу керек. Бiрiншiден, ол идея Ата Заңымызға қайшы келмеуге тиiс. Яғни нәсiлдiк, ұлттық, дiни, жыныстық кемсiту немесе дәрiптеуден алыс тұрғаны абзал. Екiншiден, ұлттық идея қазақстанның атын анықтап отырған қазақ халқының мұратын ұлықтаумен қоса, басқа диаспоралардың тарихи, дәстүрлi, этникалық ар-намысына тимейтiнi былай тұрсын, қайта соған қуат беретiн факторға айналуын қамтамасыз ететiн болсын. Үшiншiден, ұлттық идеяның хронологиялық бастапқы сәтi белгiлi болғанмен, бүгiн де, ертең де шексiз жүзеге аса беретiнiн баса көрсеткенi жөн. Елдiң iшiндегi, жер-жаhандағы нақты ахуалға байланысты оның көздегенi өзгерiп, нақтыланып отыратыны айтпаса да түсiнiктi жайт. Мәселен, қазiрдiң өзiнде тарихи отанында отырған қазақтар мен диаспора санатында шетте жүрген қазақтардың ұлттық мұраты бiрдей дей алмаймыз. Бiрiншiлерi үшiн қазақстанның бүгiнi мен ертеңi басты мәселе болса, екiншiлерi жүрген ортасында қазақ болып қалу қамын көбiрек жейдi. Уақыт өткен сайын ұлт мұратындағы осынау айырмашылық ұлғаймаса, қабыспайтыны ақиқат. қытайдағы қазақтардың кейiнгi толқыны қытайланып, Түркиядағылар түрiктенiп бара жатқаны белгiлi ғой. Мың өлiп, мың тiрiлумен азаттыққа жеткен қазақтың тағдыранықтағыш ұлттық идеясы қазақстанда ғана өз жемiсiн бере алады. Табиғи-тарихи даму жолдарын әлдеқашан тапқан, iшкенi – алдында, iшпегенi – артында жуан ата елдер үшiн ұлттық идея көп қажеттiлiктердiң бiрi болса, ендi есiн жия бастаған қазақтарға, қазақстанға ұлттық идеяны ұстану бұлжымас заңдылық деп пайымдаймыз. Тап осы заңдылықты сақтамағандықтан да елде тiлге, дiнге, БАҚ-қа байланысты дау-дамайлардың басы қайтпай тұрғанын мойындауымыз керек.
Ұлттық идея Қазақстандағы барлық халықтардың тiлiнде орнықтырылуы керек. Және ол қазақ мұратын көздейтiнiн жасырудың еш қажетi жоқ. Мұндай қадамға барудың негiзiнде бiрнеше себеп жатыр. Бiрiншiден, Қазақстанға қоныс аударған келiмсектердiң соңғы легi тың игеру жылдары келдi. Содан берi жарты ғасырдан астам уақыт өтiптi. Яғни басқа этнос өкiлдерiнiң ең кем дегенде үшiншi ұрпағы қазақ топырағын басып жүр. Бұлар қазақ болып кетпесе де қазақстандық екенiн бiр адамдай бiледi. Тарихымыздан, салт-дәстүрiмiзден, мәдениетiмiзден, ендiгi тiлiмiзден хабардар. қазақстан халқы, қазақстандық ұлт дегендi осылар үшiн айтамыз. Ал Қазақстан, қазақстандық дегенiмiз - қазақ дегендi бiлдiредi. Екiншiден, шекарадағы темiр перде ысырылып, ақпараттық алмасу үдегендiктен алыс шетелдердегi өркениеттi мемлекеттiң өзiнде байырғы халық пен кiрме халықтың қалай өмiр сүретiнi, құқықтарында қандай айырмашылықтар бар екенi баршамызға мәлiм болды. Германия немiстер үшiн екен, Қытай қытайлар үшiн екен, Франция француздар үшiн екен, Түркия түрiктер үшiн екен. Қазақстан қазақтардың елi екенiн бiз неге жасыруымыз керек? Әрине, Қазақтан басқаларды шөмiштен қағайық, шетке ығыстырайық, басқа да қысымшылық жасайық деген сөз емес бұл. Тағдырдың жазуымен тарихи отанынан тыс жүргенiн олар да бiлсiн, бұған қазақтар жауапты емес екендiгiн бiз де ашығынан айтайық. Әдептен озған қонағына да «шаңыраққа қара» деген халық емеспiз бе?
Ұлттық идея құндылықтары мен ұстанымдарын екi әлеуметтiк қауым арасында мейлiнше дәйектi бекемдеу қажет. Бiрi – бала бақшада тәрбиеленушi бүлдiршiндерден бастап, университет аудиторияларында отырған жастарға жеткiзуден ештеңенi аяуға болмайды. Екiншiсi – мамандар мен зиялылардың ұлттық идеяға қалтқысыз берiлгендiгiн қалыптастыру. Осылардың санасына, өмiр салтына сiңген ұлттық идея кiмдi болсын өз иiрiмiне ала жөнелетiнiне күмән жоқ.
Ұлттық идея барша халықтың күш-жiгерiн, iс-әрекетiн уақыт алға қойып отырған аса жауапты тарихи мiндеттi шешуге жұмылдыратын, баурап әкететiн күш болуын қалаймыз. Өткен күндерден айғақ - дәлел келтiрер болсақ, ХІХ ғасыр аяғындағы Россияда ұлттық идея мiндетiн «Самодержавие, православие, народность» деген атау-терминдер атқарса, кешегi Ұлы Отан соғысы жылдарында большевиктер ұлттық идеяның арқалар жүгiн «Бәрi де майдан үшiн, бәрi де жеңiс үшiн» деген ұранға сиғызды.
Кез келген мемлекетке ұлттық идея қажет, ал оның ұғым-түсiнiгi, атау-терминi әр кезеңде әрқилы болып келуi объективтi заңдылық. Сондықтан да бүгiнгi ұлттық идея мiндеттi түрде ұзақ немесе қысқа мерзiмдi қамтып жатуы керек деп шарт қоюдың негiзi жоқ.
Қазақстанда жаңашыл өркениеттің қалыптасуы, дамуы, оқу-ағарту ісін гуманитаризациялау қажеттілігімен тікелей байланысты. Сондай қажеттіліктің бірі – халықтың қолөнері, соның ішінде ою-өрнек өнерінің философиялық-мәдениеттанулық мән-мазмұнына тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктерін қазіргі ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалана білу болып табылады. Қазақтың ұлттық қолөнері өзінің бай тарихы, терең мазмұны, сан-қилы ерекшелігімен болашақ жастарға рухани-эстетикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық тұрғыда әсер етіп, олардың тұлғалық және сапалық қасиеттерін дамыта түсетіні сөзсіз.
Әлемдік мәдениеттің үздіксіз дамуының бір себепшісі болған қазақ ұлттық қолөнерінің ұлттық мәдениетте алар орны ерекше.
Болашақ жастарды тәрбиелеуде дәстүрлі ұлттық қолөнердің көркемдік, әсемдік, қызығушылықты тудырары сөзсіз. Бұл ұлттық өнерді, ұлттық мәдениетті бағалауға баулиды.
Ал ұлттық қолөнер, ұлттық мәдениет – болашақтың күн шуағы, тілі, ділі, рухани байлығы.
Ұлттық идеяның мән-мағынасын дәл қазiргi таңда «Қазақ елi. Азаттық. Бiрлiк» деген ұғым-түсiнiктер аша алады.
Идеология – кез келген мемлекетте қоғамды дамытуға, оның мүшелерін бір мақсат жолында біріктіруге, ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асыруға, ғылымды, білімді, мәдениетті ілгерілетуге, жаңа адамгершілік құндылықтарды орнық­тыруға пайдаланылады. Бір сөзбен айтқанда, идеология мемлекет дамуының басты құралы қызметін атқарады.
Елбасының Қазақстандағы «Бүгінгі таңдағы идеологиялық саланың төрт шешуші басымдығы» ретінде ұсынған «Ұлттың тұрақты дамуы», «Мемлекеттіліктің нығаюы», «Халықтың бірлігі» және «Келешекке сенімі» бұрыннан айтылып келе жатқан және жүргізіліп отырған саясатпен қатар, ішкі саясаттағы жаңа құндылықтардың және міндеттердің енгізілгендігін білдіреді. Бұрын абайлап айтылатын, енді еліміздегі ішкі саясаттағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылатын «Ұлттың тұрақты дамуы» туралы Елбасы Н. Назарбаев қазақ тілді басылым басшыларына берген сұхбатындағы «Ұлтымыздың даму деңгейіне көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа былай деп жауап берген болатын: «Біз осы мемлекет үшін негізгі жауапкершілік жүгін өз мойнымызға алып отырған ұлтпыз. Біз мемлекетті ұйыстырушы ұлтпыз. Әр адам жедел жаңғырмайынша, мемлекет жедел жаңғыра алмайды. Тұтас ұлт бәсекеге қабілетті болмайынша, мемлекет әлемдік экономика мен қоғамдастыққа кіріге алмайды».
Идеология ұлттың бойында саналы түрде, өз еркімен, құлшыныспен, патриоттық сезіммен орын алғанда ғана тиімді қызмет етеді. Сонымен қатар, идеологиялық қызметтің табысты болуы, ең алдымен патриоттық тәрбие беруге келіп тіреледі. Патриот еместерге, өз елін, Отанын сүюге немқұрайлы қарайтындарға мемлекет идеологиясымен бірге, ұлттық идеяларды да сіңіру қиынға соғады. Елбасы Н. Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «шынайы отансүйгіштікті, нағыз азаматтықты қалыптастыру жеке бастың өзін саяси тұрғыдан айқын сезінуін, өз Отанын саналы түрде таңдауын көздейді. Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай тарихына, болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуға тиіс».
Ұлттық идеяны «Қазақ елi. Азаттық. Бiрлiк» ұғым-түсiнiктерiмен бейнелеу жалпақшешейлiк, жалтаңкөздiк, баяғы көнбiстiк емес, қайта саяси, танымдық, рухани кемелдiгiмiз бен оралымдылықты паш етсе керек. Қазақтың нартұлға ұл-қыздары идея үшiн, ал тоталитаризм тұсында қасаң идеяның ойранымен жанын аз қиған жоқ, ендi идея қазақ мұраты үшiн құрбан болғанын тiлейiк. Қазақ елiнiң, азаттығымыздың, ынтымақ-бiрлiктiң мүддесiне қызмет етiп, дiттегенiне жеткен күнi қош-есенге кете баратын кемел де кесiрсiз ұлттық идеяны бекемдеу әрқашан жауапты мiндет болып қала бермек.
Бүгінде ұлтқа берілген анықтама ондап, жүздеп саналады. Біздің ойымызша, ұлт дегеніміз - өзінің қазақ (орыс, неміс, жапон) екенін тарих тереңінен бастау алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тілдік, рухани, геосаяси, т.б. өзгешелігін айыра алатын адамның үлкен қауымдастығы.
Идея – грек сөзі, образ, ұғым, түсінік. Ал атқаратын міндетіне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседі. Мәселен, бірде ол сырт дүниені бейнелейтін қоғамдық сананың пішіні болса, енді бірде адамның басты сенімі орнынан көрініс табады, яғни, ұлттық идея мәселесінің мәні ұлттың тілегі, ниеті, ойы дегенге саяды. Сондықтан ұлттық идеяны ұлт мұраты деп алып, қабылдайтын болсақ, мәселенің тоқ етерін тапқанымыз.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, деген екен бабаларымыз. Ал ондайлар алтаудан да көп болғандықтан, этностың өз ішіндегі ала-құлалық ұлттың, мемлекеттіліктің болашағына қатер туғызбай қоймайды. Алғашқыда ұлттық тұтастықтан, содан мемлекетінен айрылудың әкелер қасіретін-бек ұлдардың құл болатынын, пәк қыздардың күн болатынын осыдан XIII ғасыр бұрын Күлтегін тасына қашап жазған байырғы түркілер даналығына қалайша бас имейміз. Олай болса, Елбасымыз, Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарих толқынында өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет», деп жазуында өмірлік мәні бар шындық жатыр. Ұлттық идея ұлттық «Менді» қалыптастырып қана қоймай, жаппай бәрін өрге сүйрейтін құдірет деп білгеніміз жөн, армансыз адам-қанатсыз құспен тең, дейді халқымыз. Осыдан-ақ шығарар қорытындымыз, ұлттық идеясыз нендей жағдайға душар болатынымыз белгілі жәйт, дейтұрғанмен, көлдей жайылып, келе жатқан жаһанданудың табанында жаншылып қалмау үшін де ұлттық идеяның өзектігі мен қажеттігі күн санап артып келеді. Демек, қол қусырып, бос қарап отыруға тағы да болмайтыны анық.
Ұлттық идея барша халықтың күш-жігерін, іс-әрекетін уақыт алға қойып отырған аса жауапты тарихи міндетті шешуде жол таба отырып, ашатын, бүкіл халықты баурап әкететін күш болуын қалаймыз, әрі сенеміз. Жалпы, кез келген мемлекетке ұлттық идея қажет, ал оның ұғым – түсінігі, атау-термині әр кезеңде, яғни, әр түрлі қоғамдық формацияларда әр қилы болып келуі объективті заңдылық. Қазақстандағы Ұлттық идеяның мән-мағынасын дәл қазіргі таңда «Қазақ елі, Азаттық, Бірлік» деген ұғым түсініктер ашатын болса, онда Ұлттың ұлы идеясы деп Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын алға қоялық. Демек, қазақ-жаңа формация жолына түсіп, жаңа форма мен пішін іздеп, өз бойынан пассионарлық қуат тапқан ұлт. Шынтуайтында, Қазақстан Республикасы бүгінгі күні Ренессанстық, Қайта өрлеу табалдырығында, яғни, жаңа қоғамдық формацияға ену үстінде тұрған мемлекет екендігінде күмәніміз жоқ. Жаңа саты жаңаша ойлауды, әдіснамалық негізде әдіс-тәсілдерді пайдалануды, толғануды, келешек туралы теориялық талдаулар мен тәжірибе жүзінде нақтылы бір қандай да нәтиже беретін өзінің логикалық жалғасын табатын, әрі жауапкершілікті еріксіз талап ететін-өзіміздің кім екенімізді танып, өзгеге де танытатын уақыттың туғандығының айғақ белгісі. Бұл тәуелсіздік алған жылдары нендей жетістікке жеттік, қандай жағдайларды басымыздан өткеруіміз ықтимал деген болжам-жорамал замана қағидалары болып, заңдылыққа айналғаны мәлім. Ренессанс заманы-мүмкіндік заманы. Осындай қоғамда туындап отырған өтпелі кезеңде ұлт болып ұйысуымыздың да замана талабы қойып отырған талапқа жауап ретінде қажеттілік екенін түсініп жұмылған жұдырықтай болып, ендігі жерде білекті түріп тастап, қызу іске кірісу ғана қалғаны әркімге – ақ белгілі. Белгілі неміс философы Ф.Ницшенің де құндылықтарды қайта қарастыру концепциясының бастау алып, қазіргі заманда қылышын сүйретіп жеткенінің бірден бір анықтауыш факторы ретінде жаһандану деген үлкенмасштабты үрдісті айтуға болады.
Сонымен Қазақ Ренессансы өркениеттік рефлексия, қазақстандық өркениет үдерісі ренессанстық идеяға сөзсіз келеді.
Қазақ Ренессансының позитивті жақтарына тоқталатын болсақ: әлеуметтік мемлекетті нығайту, саяси жаңаруды қарқынды жүргізу, сапалы білім жүйесін тұрақтандыру, жеңіл өнеркәсіпті жетілдіру, соның нәтижесінде жұрттың іскерлігін арттыру технологиялық жаңа әдет, мінез, дәстүрлер қалыптастыру, бұрынғы стереотиптерден арылу, бала, әйел, мүгедектер, қарттарға мемлекеттік, қоғамдық көмек-жағдайлар жасау мүмкіндігін кеңейту, шетелдік озық технология, білім енгізу, ғылыми кешендік мекеме құру, ел ішіндегі ұлттық, діни келісімдерді өркениеттік негізде жүргізу, мемлекеттік шекараны нығайту, яғни, геосаяси істерде көршілес елдер мен одақ құру ісі жалғасын табуы тиіс және нарықтық қатынастар қарқынды жүруі үшін аса қажетті күш-халық өсіміне мүмкіндіктер жасап, кезінде тарыдай шашылып кеткен әлем елдеріндегі қазақтардың туған еліне оралуына қолайлы ахуал туғызу, демек, біріншіден, жүргізіліп жатқан санақтың түрлі мақсаты да сол, екіншіден, қазақ санының артуы ненің нышаны екенін айқындау. Былтырғы санақ Қазақстандағы қазақтар санының 63 пайызға жеткенін паш етсе, ал 10 жылдан соң 70%, 20 жылдан кейін 80%, 30 жылдан соң 90-95% пайызға жақындайтынына зерттеушілер сенімді. Алдағы 20-30 жылдық перспективада қазақ ұлты 90-95% пайыз болған кезде Қазақстандағы ең ірі диаспора үшеу болады олар: орыс, өзбек, ұйғырлар болады деп болжам жасауы да көңілге қонарлықтай. Ал демографиялық бәсекелестікті шыдамаған этностардың саны алда қысқара береді. Оған қоса, ең бастысы, ұлттық санақтың өткізілуі-мемлекеттік тіл төңірегідегі жаңсақ пікір, әлеуметтік және статистикалық бейберекетсіздіктерді жоққа шығарады.
Ал, бұл, өз кезегінде, кері жылжу емес, біреуді қайталауда емес, керісінше, жаңа жағдайда творчестволық ізденіс, үлкен өзгеріс, ілгері басу, гүлдену әкелері сөзсіз.
Сонымен, Қазақ Ренессансы – ұлттық идеяның көрінісі, тіптен формуласы десек те болғандай, қазір әр қазаққа өз мүмкіндігін іске асыруға мүмкіндік туған заман. Бұл – қазақтың қайта жаңғыруының алтын бесігі, өзегі. Халық идеясыз, ал мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды. Көпұлтты ірі мемлекетті ұстап тұру үшін де құдіретті идеология керек екені әлемдік тәжірибеден белгілі. Батыс елдерінде ұлтты азаматтық деп түсінуі аясында мазмұны-нағыз ұлттық, ал пошымы – азаматтық идеология ұзақ жылдар бойы қалыптасып, берік орнықты. Ал Қазақстанда қазақ халқының бейбіт сүйгіш, өзінің ұлан-ғайыр даласындай кең пейіл менталитетінің еліміздегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді орнықтыруы өзгелер қызығарлықтай қуатты идеологияның функциясын табиғи түрде атқарып тұр. Идеологияның өзі мемлекеттің басты сүйенер діңгегіне емес, бүкіл қазақстандық азаматтардың ортақ ісіне айналуы тиіс. Осы орайда, Президентіміз мемлекеттік идеологияның негізгі діңгегі ретінде бес мәселені айрықша атап көрсетіп жүр: Достық, Ұлттық идея мен мәдениет, халықты заңға бағынуға тәрбиелеу және экономиканың үйлесімді бірлігінен жалпыұлттық идеологияның күш-қуаты арқылы халықты түрлі ұлт өкілдерінен құралған біртұтас азаматтық және саяси қауымдастыққа айналдыру. Ұлттық идея – мемлекеттік субъекті болып табылатын саяси-этникалық қауымдастыққа тән болса, өз кезегінде әр түрлі мүдделер мен қауымдастықтарды тұтастырушы ортақ құндылық ретінде мойындалады және өз кезегінде қоғамның трасформациясы барысында ұлттық рухпен тұтасып, мәні де, заты да бір мемлекеттік идеологияны құрайды.
Достоевскийдің: «Асқақ идеясыз адам да, ұлт та өмір сүре алмайды» деп жазғанындай, ондағы асқақ идея әр ұлттың болмысына байланысты қалыптасқан ұлттық идея деп білеміз. Ұлттық идея этникалық сезімдердің негізінде пайда болады, дейтұрғанмен, ұлттық идея бері салғанда ғасырлық, әрі салғанда дәуірлік мұратын айқындайтын, келер ұрпақтарға да шамшырақ бола алатын заманалық рухани философия, тарихтың жоғалтқанын бүгіннен іздеу, бүгінгінің талабын тарихта кеткен қателіктерден арыла отырып қанағаттандыру, келешекке халық тарихының философиясы арқылы үңілу.
Мысалы, кейінгі онжылдықтарға үңілетін болсақ, Кеңес Одағы ұлттық аймақтарда дәстүрлі этномәдениеттерді шектеу бағытында мынадай іс-шаралар жүргізді.
1. Халықтың мәдени мұрасы екі бөлікке бөлінді: «үстем тап өкілдері жинақтаған кертартпа әдеп-ғұрыптар» және «қаналушы топтардың моральдық ұстындары». Алғашқылары «революциялық құқық» дегеннің атымен заңсыз деп жарияланды.
2. Атеистік идеология тұрғысынан канондық – құқық пен мораль мүлдем теріске шығарылды.
3. Адам құқықтары идеясы (табиғи құқық) «буржуазиялық наным» болып жарияланды.
4. Әдет-ғұрып нормаларын пайдалану ісін жоққа шығарып қана қоймай, ұлттық сана мен психологияны есепке алуды да жоққа шығарды.
Дейтұрғанмен, Қазақстан жартылай көшпелі және көшпелі мұрасына қарамастан дамыған елге ұмтыла бастады. Оның экономикасы, негізінен қысқа ауқыт ішінде өзгерісті басынан өткізді және болашақтағы дамуы үшін аграрлыққа қарағанда, индустрия саласында қор жинақтады.
Зер салған адамға қазір қазақ ұлтының рухани жаңарып, өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге тырысып жатқандығы көрінер еді. Осыған қарап қазіргі кездегі ұлттық пассионарлық кернеудің шамасы – шындығында да өрлеу сатысында екендігіне толық көз жеткіземіз. Демек, келесі пассионарлық жарылыстың да этностық кеңістік үшін уақыты аса алыс болмауы керек.
Қазіргі тарихи кезеңде, яғни, XXI ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық санасы мен дүниетанымы жаңарып, өзін-өзі тану, өзін басқаға таныту, өзінің бай ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғалары мен ойшылдардың бүкіл дүниеге таныту, бай рухани және мәдени қазынасы әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Дегенмен, осы заманауи маңыздылығы бар нағыз рухани қайта түлеу мағынасындағы іс-әрекеттердің іргетасы сонау XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының шынайы, халық сүйгіш қызметтерімен астасып жатады. Сондықтан тарихи тамырластықтың көрінісін жандандыру арқылы этностық мәдени мұрамыздың рухани келбетін өзектендіре түсеміз, данагөй тұлғалардың есімін халық жадында сақтаймыз. Осы ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың арқасында тарихи көпірлер жалғасатыны белгілі. Абай атамыздың осыдан бірнеше ғасыр бұрын көрегендік танытқанына қайран қаламыз.
Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел.


Алдыңғы толқын ағалар,
Артқы толқын інілер.
Кезекпенен өлінер,
Балғыдай көрінер.
деген өлең жолдарынан-ақ аңғаратынымыз ұрпақтар сабақтастығы мәселесіне ерекше мән беріп, ғасырлар бойы маңыздылығын жоймайтындығына көзі жеткен. Демек, қазіргі уақытта алдыңғы ағалар Шығысқа, артқы інілер Батысқа қарап тұрған заманда ұрпақтар сабастығы, рухани сабақтастық өз шешімін таппаған мәселе болып қала бермек. Абай атамыз тәлім-тәрбие беретін адам болса, оны қабыл алатындар жоқ емес десе, сол үлгі өнеге болып көрінетін ағалар тарапынан қандай нәтиже бермек, жас ұрпақ қандай ұстанымға келуде, ойға салмақ түсіп, нені үлгі етуде? Әке мен бала мәселесі бүгінгі күні қайта қарастырылуды қажет етеді, яғни, келешек ұрпақтың бағыт-бағдарына қоғамдағы көзқарасы мен ойы әділ бағаланатынына сенімді жағдай тууы тиіс. Дейтұрғанмен, мазмұны космополиттік ағайындар сауалдамаларына, осындай, мылтықсыз шайқаста, Ұлттық идея жауап беруге тиіс, ал заман биігінен табылуды намыс мұраты ету-ұлттық идеяның күретамыры болып табылады. Жалпы, қазақ ұлтының тұлғалануы, қазақ ұлтының жетілуі – ұлттық мұраты жолында Бөгенбай мен Қабанбайша қайраттанып, Абай мен Ахметше толғанып, Шәмші мен Нұрғисаша тебіренуі ғана қалды.

Алда бұралаң жол, асу бермес асулар, өткел бермес өзендер, кешу бермес көлдер, шеті жоқ мұхиттар бар. Сол ұзақта, қызық сапарға өзгелермен иық қағыстырып тағы бір халық тәуекелдің кемесіне қаймықпай мінді. Ол қазақ халқы. Оның өзінің гиді болуы тиіс, әрі бар да, ол өз әлінің рухын жоғары ұстап, ақ парус астында әлемдік мұхиттар айдынан көктей өтіп, сара жолдай адасуға мүмкіндік бермей, туған халқының айбарын асыра береді деген сенімдеміз.


Бүгінгідей өз алдына ел болып, барымызды базарлап, жоғымызды түгендеп жатқан тұста ұлттық мұраттардың ізіне түсіп, қара үзіп жоғалуға айналған құндылықтарды қайтарып алып жатсақ, ол аса қасиетті жеңісімізге айналмақ. Бір мақсаттың соңында бас қосып, бір мүдденің төңірегінде тоғысу жоспарлап қойған іс-әрекеттеріміздің келешекте жүзеге асуына кең жол ашпақ. Ал оның бастауын біз өмірден түйгендері мен тәжірибесін өздерімен ала кетпей, ұрпақтарына аманат етіп қалдырып кеткен ата-бабаларымыздың мұраларынан іздестіруіміз керек. Осы орайда қазақ халқының санасында қалыптасқан елдік сана жайлы аз-кем зерттеу жүргізіп, оның мәнін ашып көргенді жөн санап отырмыз.
Елдік сана ұғымы ең әуелі халық даналығында, өлең-жырларында, мақал-мәтелдерінде кең көрініс тапқан. Олар - біздің халыққа ғана тән басқалардың көне мұраларымен салыстыруға келмейтін бірегей құбылыс. Мәселен, «Менде болмаса да, елде болсын», «Елде болса емерсің», «Ел дегенде еркек тоқты құрмалдық» деген нақылдарды өзге халықтардың тіліне толыққанды мағынасында аудару мүмкін емес. Тіпті әлдебір ділмар, қызыл тілдің хас шебері осы сөздерді европалықтардың тіліне дер мағынасында аударған күннің өзінде де, оны естіген еуропалық адам осы қағидалардың біз үшін ғасырлар бойы жалпыхалықтық кредо болып келгеніне әсте илана қоймас. Себебі бүгінгі «дамыған елдер», «мәдениет пен өркениеттің көшбасысы» санатындағы Еуропа протестанттық-индивидуалистік дәстүрлер аясында қалыптасып, өзімшіл эгоизмді, тоқтаусыз нәпсіқұмарлықты дамудың негізі деп ұстанған. Ал біздің халықтық түсінігімізде, керісінше, өз қара басының қамынан аса алмайтын өзімшіл қу-құлқын деңгейіндегі сана тексіз құлға ғана тән деп есептелген. Мұндай примитивті-моллюскілік деңгейде дамымай қалған қарабайыр «қарын санамен» салыстырғанда біздің данышпан бабаларымыз қалыптастырып кеткен, санамыздың терең түкпірінде тылсым түйсік із қалдырған елдік сана әлдеқайда жоғары деңгейдегі, жетілген сана формасы екеніне шәк-шүбә жоқ.
Елдік сана – қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімін айқындайтын, дүниетанымын, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін мағынасы терең сөз. Ұлттың ұлт болып ұйысып, тұтастық танытуы үшін елдік сананың әр қазақтың ерінде болмағы ләзім. Елдік сана деген ұлы қасиетті ер-азаматтың бойына тал бесікте жатқанда бесік жырымен сіңіріп, таралып өсіп келе жатқан балғын шағында батырлар жырымен сусындату арқылы қалыптастырған. Елі үшін отқа да суға да түсуден тайынбайтын ерлерді елді қорғау сияқты асыл мұраттар жолында алдамшы мақсат пен арзан байлықтың еліктіріп әкете алмасы анық. Себебі ана сүтімен бірге бойына дарыған, дана сөздер арқылы сүйегіне жеткен елдік қасиеттің ол үшін орны әрқашан да биік, тұғырлы. Елдік деген жай ғана жер-суы немесе шегарасы белгіленген территориялық бөлініс емес, ол қазақ халқының бір-біріне деген жүрек жылуымен, торқалы той, топырақты өлімде «ой, бауырымдап!» келіп, қазаға көңіл айтуымен, қуаныш-қайғысын бірге бөлісуімен, тонның ішкі бауындай емін-жарқын араласуымен өлшенеді. Алтай жерін мекендеген қазақ ұлан-асыр той жасап, ас берсе, Атырау жағын мекендеген қазақ күн-түн демей, арып-ашып соған жететін болған. Бұл біздерге көптеген жыр-дастандардан, тарихи тақырыптағы прозалық шығармалардан белгілі. Ендеше европа халықтарының бірінде де болмаған мұндай қасиеттің қазақ халқына біткеніне
Елдік сананы, ең елдымен, ерлердің бойында қалыптастырушы, әрі елі үшін белін шешпей, күні-түні қызмет қылған ерлерді дәріптеп, келер ұрпаққа идеал тұлға ретінде жеткізіп отыру сол кездегі жырау-жыршылардың үлесіне тиген айрықша қызмет болса керек. Қазақ топырағында ғұмыр кешкен жыраулардың барлығы бірдей өз жыр-толғауларында ынтымақ, бірлік мәселесін ту еткен. Мәселен, Сыр өңірінде өткен Базар жырау Оңдасұлы өз толғауында былай дейді:
Хан мақтанар жұрты бар,
Пір мақтанар мүрті бар.
Ер есейсе ел сүйер –
Ел тілеуін ер тілер
Атамыз қазақ ғұрпы бар... [198, 71 б.]
Мұндағы бір-бірімен сабақтас түсіп жатқан кесек-кесек ірі ойлардың аясында қазақ халқының дәстүрлі мемлекетшілдік құрылымының бейнесі аңғарылады. Хан мен халықтың арасындағы берік байланыс ұлттың өрлеуіне, дамуына, көркеюіне бастап апаратын бірден-бір жол. Ханның қадіріне жетпеген, алтын басын қор қылған халықтардың қашанда да жолы болмаған, арқауы кетіп, тұс-тұстан анталаған әр дұшпанның қолжаулығына айналған. Ал ханын төбесіне көтеріп, әмір, бұйрығын екі етпестен орындап отырған елдің ырзық-несібесі түгесілмеген, береке-байлығы бастан кетпей, түтіні түзу шалқыған қуатты, кемел елдің қатарына жеткен. Бізге тарихтан белгілі осындай жайттардың халық даналығында жиі ұшырасатыны таңданарлық іс.
Сыр өңіріндегі жыраулар көшін жалғастырушы тағы бір тұлға Нұртуған Кенжеғұлұлы бағзыдан бері келе желісі үзілмей келе жатқан батырлар жырын жаңартып жырлауда қуатты қарқынмен, соны серпінмен танылады. Оның «Қырымның қырық батыры» атты генеологиялық алып жырлар тізбегіндегі «Мәулімнияз-Едіге» жырын оқып отырғанда, халқы үшін қандай бейнет болмасын, бастан кешіруге тайынбайтын боздақ бабалардың арман-мүддесін шын ұғынғандай боламыз. Едіге қазақ қана емес, күллі түркі халықтарының айбар тұтар аса ірі қаһарман ері болған. Ол туралы жыр-дастандардың барлығы Едігенің жай ғана ер емес, халық қамы үшін, күн-түні тынбай жортқан тұлғалы ер екендігін айғақтайды. Іргесін күнде түрген жат жұрттықтарға қарсы жорыққа шығып, тас-талқанын шығарып жеңгендігі туралы тарихи деректерде де молынан таңбаланған. «Едіге батыр» жырының:
Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен,
Ел шетіне жау келсе,
«Ботам, ботам, тұра тұр,
Мен барайын» дер екен, -
деп сипатталған ер Едігенің бейнесі Нұртуған жыраудың нақышында кемеліне жетіп, барлық қырынан толық ашыла түседі. Ең бастысы, оның ұстаз алдын көргендігі, пірі Баба түкті шашты Әзиздің рухани, имандылық қағидаларын қалт жібермей тұтынғандығы, елдік сананың шыңына сол арқылы ғана жеткендігі ешқандай қоспасыз әділ айтылады. Ал кеудесіндегі күмәнді ойларды аршып тазартуға бел шешіп кіріскен, жүрегіне Хақтың нұры қоныс тепкен ердің қолдаушысы Құдайдың өзі болғандықтан, қандай қабағат қиындықтарға да қаймықпай қарсы тұра алатындығы ақиқат. Нұртуған жыраудың «Мәулімнияз-Едіге» жырынан басқа көлемді толғауларында ел бірлігі көшпенді қоғамның әр өкілінің азаматтық ар-намысына байланысты деген ойлар көрініс табады. Ал азаматтық жоғары сана Пайғамбарымыз паш еткен қасиетті ілімге, діни мәдениетке негізделеді.
«Ұран – елдің бірлігі!»–
Деген сенің бабаң-ды.
Сол бірлікке қаланар
Кірпішінің бірісің.
Тоқып отыр санаңа
Бұрынғының ғұрпысын.
Сіңірсең бойға дарытып,
Азаматсың, білгірсің!.. [199, 58 б.]
Бағзыдан бүгінгі кезге дейін жеткен ақын-жыраулар мұрасында елдік мәселенің рухани таныммен қоса өріліп келгендігін паш ететін сарындар көп. Қазақстанның шығысында өмір сүрген Дулат, Абай, Әріп сияқты дана шайырларды Батыстағы Абыл, Қашаған, Ақтан, Сүгір, Мұрат сияқты біртума жыр саңлақтарымен табыстырып тұрған ортақ діңгек – олардың ел басына төнген ауыр халге жан-ділімен шынайы жанашырлық білдіруі. Ел болып бірігудің, зұлматқа қауқар көрсетіп, қарсы тұрудың тамыры түркі топырағында көркейген асыл ілімде екенін сезінген ғұламалардың жоғалтып ала жаздаған «төрт құбыламызды түгендеудегі» еңбектері ересен. Мәселен, Маңғыстау жерінде дүниеге келген жырау Өскімбай Қалмамбетұлы жастайынан ұстаз алдында сабақ алып, кейіннен ділмарлығымен исі қазаққа есімі мәлім болған тұлға. Оның көптеген жырларында, термелерінде «қазақтың басын қосып, ер-азаматты елге қорған болуға жұмылдырсақ» деген текті арманның ізі жатыр.
Жалпыны қамдап іс етіп,
Сахауат қылмақ ер ісі.
Азамат ердің байқасаң,
Шапағат қылмақ – шын ісі!
Осылармен көркейер
Дүниенің төрткүл бұрышы.
Осылардан айрылсаң –
Оңбайды елдің бір ісі [200, 28 б.].
Өскімбай жыраудың замандасы әрі жерлесі Бәйімбет Телеуұлының да ойлары осы төңіректе тоғысады. Кейінгі ұрпаққа есімі «Қамысбай Бәйімбет палуан» атанып жеткен Бәйімбет Телеуұлы заманында жауырыны жерге тимеген палуан, ел басқарған болыс, сөз шығарған ақын, қара қылды қақ жарып билік айтқан шешен-би, артына аңызға бергісіз мұра қалдырған аталарымыздың бірі. Ол нағыз ердің ісі кемтар, міскіндерге қамқор болып, қол ұшын беруде екендігін алға тартады.
Қайыр қылған әзізге –
Сауабының көптігі
Тең болады, – дейді ғалымдар, –
Аспан мен жердің тіреуі [200, 77 б.].
Жалпы бір-бірін демеп, бір-біріне жәрдем беріп, көмектесудің діннің асыл мұраттарының бірі екендігі, елдің бір-біріне деген пейілі түзелсе, заманның да жақсы ыңғайын беретіндігі халық мұрасын жүрекке дарытқан ақын-жыраулардың ешқайсысына таңсық болмаса керек. Осымен сабақтас данышпан Абай Құнанбайұлының:
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңрі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін [201, 57 б.], -
дегені қиындық көріп, бейнет шеккен адамға қол ұшын берудің Құдай сүйіп қалаған іс екендігін дәлелдей түседі.
Кешегі аумалы-төкпелі заманда Қытай жеріне қоныс тепкен, алайда қазақтың салт-дәстүрін, дүниетанымын, терең меңгерген Ақыт қажы Үлімжіұлының артында қалдырған қазыналы жырларына біз енді ғана қол жеткізіп отырмыз. Оның да жат жерде жүрсе де, қазақ деп қабырғасы қайысқан, елім деп емешегі үзілген жан екендігін төмендегідей даналық түйіндерінен түйсіне аламыз:
Кім тілесе өз басын,
Қайда барса оңбасын.
Елім деген ерлердің
Еңбегі өшіп тозбасын [202, 29 б.].
Бұл жолдар жиын-тойларда жай ғана шыға салған сөздер емес, шерлі жүректің кеудеден лықсытып шығарған ащы шындығы. Бұл елдің, халықтың сан ғасырлар тарихтан алған тағылымының, көзбен көріп, көкірекпен сезгендерінің бір арнаға келіп тоғысуы. Қазақтың бір үйінде үлкен той болып, мереке-думанға айналғанда, құрметті төрден орын алып, елге аталы сөз айтар өнер иелерінің жұрттың санасына қондырар кеңесі. Елді елдік санадан айнытпай, бір мақсаттың жетегіне шығармай түйіп ұстаудың тәсілі.
Осы аталғандармен қатар Қазақстанның Оңтүстігінде өмір сүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлының да елге қызмет қылу, әділдік, адамгершілік жайлы айтқан ұлағатты пікірлерін де келтіре кеткеніміз жөн. Ол өзінің «Артық қой халыққа қылған бір әділ іс» деген өлеңінде:
Егерде намаз палуан пасық шықса
Олардан ыбырат алып жұрт не білмек?
«Мың рекет намаздан артық – деген –
Кісіге істеген бір ізет – үрмет!»
Алымдардың уағыз кітабында

Тағдырға жазылған іс болады-мыс,


Деп айтқан «мың реттік әжіліктен
Артық, – деп – елге қылған бір әділ іс [203, 515 б.].
Мұнда дүниенің жайын көздеп, құрғақ құлшылық қылғаннан гөрі халықтың пайдасы үшін шын ниетіңмен құрақ ұшып іс қылғаның артық деген түсінік бар. Майлықожа ақынның жастайынан ілім іздеп, көптеген медреселерде білім алғанын, дін жайын жүйрік біліп, руханиятқа жақын болған жан екендігін ескерсек, оның бұл айтқан сөзінің маңызы әлі де талай ғасырлар бойына азық болатындығына көз жеткіземіз.
Ақын-жыраулар шығармашылығындағы елдік сана, ел бірлігі мәселесі қанша рет толассыз зерттесе де таусылмайтын тақырып. Олардың бізге беретін тәлімінің елдік ұстынымызды нық қалыптастырып, мәңгілікке ұлы дала төсінде ел болып тұруда мәні терең. Сондықтан аттары ескерілмей келе жатқан, бірақ барлық ғұмырын қазақ халқын тура жолға салып, әлемге аты мәшһүр ел қылуға сарп еткен ақын-жыраулардың, жыршылардың мұраларын зерттеп, зерделеп, ортақ тірегімізге айналдыруға тиіспіз.
«Рухани байлық әр халықты сақтап қалатын және өмір сүру хұқын дәлелдейтін қайнар бұлақ» - деп айтылғандай ислам діни тағылымдарындағы қағидаларымен хадистері халқымыздың ізгілікпен адалдыққа, еңбекқорлыққа, рухани тазалыққа, имандылыққа ұмтылуындағы бағытына ықпалын тигізеді. Өйткені діни тағылым ең әуелі діни тазарудың кілті. Мұсылман халыққа тән басты қасиеттер: меймандостық, ағайынмен тату болу, ораза айт пен құрбан айт кезінде кешірім сұрасу, араағайыншылдық, қайырымдылық Ислам дінінің мұсылман үмметіне уағыздаған қасиеттері.
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда Ислам діні:
  1. қоғамға бағыт – бағдар береді;


  2. қоғамды біріктіреді;


  3. идеологиялық және мәдени ұғымдарды бүкіл қоғамға телиді;


  4. жеке тұлғаның мүдделерін қорғайды;


  5. этникалық негізден гөрі адами, рухани құндылықтарға мән береді.


Діннің мәдениеттің құрамдас бөлігі екені туралы тәжірибелік дәлелдер:


  1. діннің жеке тұлға және қоғам өмірінде нақты функциялары бар;


  2. дін әр адамға сол адам бағынышты болуға міндетті құдіреттің алдында жеке басының сенімділігі сезімін береді;


  3. дін адамға өзінің төңірегіндегі әлемді түсіну тұрғысынан өзіндік жүйе ұсынады;


  4. дін қоғам қатынастарының қалыптасуында басты міндет атқарады.


Діни саналық өзіндік болмыс, өзіндік ныным жоқ жерде мәдениет рухани тамырынан айырылады. «Дін – адамды адамзат бәйтерегінің бір бұтағына байлайтын құдірет». Бабамыз Әл-Фарабидің пайымдауынша әрбір адам, әр тайпа, әр халық, әр ұлт сана процессінде танымдық жүйеге сәйкес бірнеше сатылардан өтеді дейді.


Яғни, толымды өзіндік болмысқа жету үшін даму сатыларын игеруіміз қажет. Осының ішіндегі соңғы саты әл-Фараби тұрғысынан «құдайы ой-өріс» деңгейіндегі ең жоғарғы философиялық саты болып табылды. Кез келген діни конфессия – ислам, христиан, буддизм болсын құрметтеуге, тағылым алуға тұратын ілімдер жүйесі. Мысалы, Иса пайғамбар өз мойнына барлық адамдардың күнәсін артып, өзін құрбандыққа шалған. Сондықтан христиандықтарда кішіпейілділік, мейірімділік, басқаның мүддесіне ыждаһаттық басым. Ал, исламға келетін болсақ Алла Тағала жеті қат аспанның арғы жағында деген түсінік, мұсылмандарды білімге, өзін-өзі жетілдіруге талпындырған. Олар Алланы тану арқылы, табиғат тылсымдарына үңілген, қисындық жүйені таңғажайып дүниені дамытқан.
Қазіргі кезеңнің діни болмысымыздың тарихи негіздерін ұғынып, теориялық және тәжірибелік мақсаттарын зерделеп пайымдау келешек алдындағы жауапкершілікті сезіну. Өйткені, көптеген жылдар бойы діни дәстүрдің, діни болмыстың мәнін танытудың, зерттеулердің жалпы бағдарламасы болмады. Бәрінен бұрын халықтың шындық тұрмысы, ой құрылымы, наным-сенімі, имандылығы, діні – жалпы алғанда менталитет терминімен аталатын руханилығын түсіндіру мәселесі зардап шекті. Мұндағы діттеген мәселе – қазақ халқының бірнеше ғасыр бойы ұстанған иланымы болғандықтан, тыныс – тіршілігіне, діни дәстүрлеріне, тілі мен тарихына ықпалын тигізген, санасына сіңген дін ретінде исламның қазақ халқының исламның діни дәстүріне ықпалының өзекті негіздемелерін сараптау. Бұл мемлекеттің ұлттық идеологиясы көздейтін адамгершілік мұраттарымен өте тығыз сабақтасады. Себебі, қазақ халқының діни дәстүрінің қалыптасу мәселелеріндегі діннің әсері, діни болмысымыздың даму жүйесінің танымдық процесі объективтілігімен сараланбаған.
Кеңес дәуіріндегі діни салаға деген салқын көзқарастың нәтижесінде жүргізілген зерттеу жұмыстарының көпшілігі діннің санадағы кері ықпалы, танымдық процестегі шектеулілігі, даму категорияларына қатысты догмалары тағы басқаларының сынға алынуы көптеген теріс пікірлерді туғызды. Әсіресе қазақ халқының діни болмысындағы сабақтастық жүйені сол адамның ағымына байланысты пайымдау көп орын алды. Әрине, марксизмнің ғылыми тұжырымдамаларына сүйеніп «болмыстың сананы анықтайтыны» жайлы ақиқат қағиданы бетке ұстап нақтылы мәселелерден гөрі коммунизм идеясына сай лайықтап дәлелдеу жеңіл де нанымды еді.
Кейінгі жылдары қайта жарық көре бастаған Ш.Құдайбердіұлының «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» /Алматы, 1994/, Алтынсариннің «Мұсылмандық тұтқасы» /Алматы, 1991./ еңбектері ислам дінінің мән– мақсатымен таныстыра отырып негізінен адамгершілік тәрбие мәселесіне баса ден қойған. Осы мәселе де ислам тақырыбында қалам тартқан Р. Дози, И. Крачковский, В. Бартольд, В. Соловьев, Ю. Скайлер, В. Ирвинг тағы басқаларының еңбектері де тағылымдық салада діни болмыстың мәнін ашу үшін аса құнды болып табылады. Қазақ даласында зерттеу жұмыстарын жүргізген жиһангез ғалымдар Г. де Рубрук, П. Карпини, М. Поло, В. Томсон, В. Радлов, А. Левшин, А. Янушкевич сияқты ірі зерттеушілердің еңбектері халқымыздың рухани мұрасын, діни болмыс тіршілігін жан-жақты кең түрде зерттелуге мүмкіндік береді.
Жергілікті ғылыми салада еңбек еткен аға ұрпақтың үлес салмағы жоқ деу қателік болар еді. Идеология тегеуірінде зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар: Ә. Марғұлан, А. Машани, Қ. Шүлембаев, Ғ. Есімов, Н. Өсерұлы, А. Қасабеков, Б. Нұржанов, Н.Ж. Байтенова, М. Орынбеков, М. Үсенова, Ж.Ж.Молдабеков т.б. нәтижелі еңбектері қазіргі таңдағы мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Ислам дінінің діни дәстүрімізге ықпалының мәнін ашуға, кесімді пікір, нақтылы ұсыныс қалыптастыруға осы тарихи сабақтастықты ғылыми жүйеде зерделеуге болатыны ақиқат.
Тарихқа көз жүгіртсек орта ғасырларда орта және таяу шығыста қалыптасқан «мұсылман әлемі» деп аталатын мәдени - саяси қауымдастықтан, қазақ тектес тайпалар географиялық орналасуы жағынан шалғай болғандықтан, едәуір шеткері болды. Сонымен қатар, Қазақстан территориясындағы исламдандыру деңгейі де әр түрлі болды. Негізінен бұл әрекет Оңтүстік аймақтардан Солтүстік аймақтарға қарай бәсеңдеу болды. Исламдандыру негізінде Ислам мәдениеті қазақ даласына тереңірек бойлай түсті. Ең алдымен, бұл өрекеттер араб жазуымен араб тілінің қасиетті Құран тілі ретінде таралуымен кеңірек танылды.
Қазір Қазақстан өз тарихында ең бір жауапты кезеңді бастан кешуде. Мұның өзі қоғамдық болмыспен сананы айқындап, жетілдіре түсу үшін адам қызметіне байланысты барлық рухани салаларды өркендетуді талап етеді. Біздің бүкіл парасатымыз бен – жігеріміз, тәжірибеміз осы мақсатқа жұмылуы керек. Қазақ халқының рухани дүниесінің даму желісінің өзіндік арқауын үзбей, жалғастыра білу – халықтың санасына нұр, сәуле құйып, өмірге биік талғам мен дұрыс көзқарас қалыптастыруға жол ашады.
Діни болмыс әрбір халықтың өмір сүруінің рухани қайнар көздерінің бірі. Діни болмысымыздың мәнін зерделеп, діни сананың руханилық мүдделерін қайта қалпына келтіру өте күрделі мәселе. Іздене білсек, этнорухани жағынан өте көне мәдениетті халықтар санатындамыз. Өкінішке орай, көп жылдар бойы менталитетімізге қиянат жасалынып келді. Сондықтан да халық руханилығын, діни болмысы мен діни дәстүрін қалыптастыру, өзіндік сана-сезімді дамыту, оларды қалай игеріп, қалай бойымызға сіңіруімізге байланысты ізденістер туып отыр.
Қаншама уақыттан бері жекелеген тұлғалар мен қайраткерлердің бойында көрініс тауып, олардың тарихта есімдері қалуына себепкер болып келген бұл өлшеусіз күш – 1986 жылдың 16-18 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы орталық алаңда жарылып шығып, өзінің шамасын байқатты. Бұған Орталық Комитеттің елімізді бірнеше жыл бойы басқарған ұлт ақсақалы, құрметті азамат – Дінмұхамед Қонаевты еш себепсіз орнынан алып, оның орнына Ресейдің Ульянов облысынан Қазақстанды басқаруға Геннадий Колбин деген ұлты орыс азаматты әкеліп тағайындаған шешімі ғана себеп болған жоқ. Бұл шешім – тек түрткі ғана болды. Аталмыш көтерілістің себептері - әлде қайда тереңде және алыстағы оқиғаларда жатыр. Мұның тамырлары – қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қырғынға ұшырауына, 1936 жылдардағы Сталиннің ұжымдастыру шаралары кезінде өлген бір миллионнан астам қазаққа, репрессия кезінде қырылған алаш арыстарының қанына, Кеңес үкіметі орнағаннан бері жүргізіліп келген езіп-жаншу саясатына барып тіреледі. Мәселенің түп негізі – орыстардың отаршылдық пиғылына орай, барған сайын жылдам қарқынмен жүргізіліп отырған тілден, діннен және әдет-ғұрыптардан айырып, мәңгүрттендіруді көздеген саясатына қарсыласудан барып туындаған.
Жоғарыда біз атап кеткен ырық бермей шапшыған күш – пассионарлық қуат болатын. Аталмыш теорияның заңдылығы бойынша, бұл қуат өзіне дейін болған ең жоғары «пассионарлық жарылыс» қуатынан нәр алып, серпіліс туғызатын мерзімін күтіп жата береді. Уақыты келгенде арнасынан асып, жер әлемді жайпап өтеді.
Адамзат тарихында пассионарлық жарылыс жасаушылар - жарты әлемді жаулаған Ескендір Зұлқарнайын, Римді құлатқан ғұн патшасы Еділ (Аттила), көне түріктердің басын біріктіріп, қуатты мемлекет қылған Күлтегін, адамзаттың соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.), түркі топырағында Ислам дінін таратқан Қожа Ахмет Иассауи, адамзат тарихындағы ұлы жаулаушылар Шыңғыс хан, Наполеон, Гитлер секілді тұлғалар көп болмаған. Енді осылардың өзімізге қатыстыларына тоқталсақ, олар – Еділ патша, Күлтегін, Мұхаммед пайғамбар, Қ.А. Яссауи және Шыңғыс хандар болды. Бұлардан кейінгі аса жоғары дағдылы деңгейге ие келесі пассионар әлі тумағанмен, оның белгілі болар уақыты – шамамен алғанда, таяп қалды. Ал осылардың арасында дәл бұлардай жарылыс туғызбаса да, дүмпу туғызып, қозғау салып отырған тұлғалар да болды.
Этнос ретінде енді қалыптаса бастаған дәуірде пайда болған түркілердің пассионарлық жарылысы – дүниенің екінші бір бұрышындағы жаңа дін исламды таратып жатқан соңғы пайғамбар Мұхаммед жасаған осындай жарылыстың жаңғырығымен бірігіп, ХІІ ғасырда тағы қайталанды. Бұл жолғы жарылысты ислам дінін түркілік дүниетанымға сәйкестендіріп, далалық, дәстүрлі исламның негізін қалап, исі түркі әлемінің тұрмыс-тіршілігіне өзгеріс енгізіп, ренессанс тудырған Қ.А. Ясауи жасады. Сопылықтың елеулі ерекшеліктерінің бірі – қоғамдық қатынастардың белгілі бір ахуалында ислам догмаларының жерсінуіне мүмкіндік беретін рухани бейімделгіштігі. Міне осы сияқты сопылықтың оң ниетінің арқасында ислам дінін қабылдаған қазақтар Құран ережелерінің негізіне де, исламға дейінгі дәстүрлі ырым-жораға да табиғи түрде және бір мезгілде мінәжат ете алатын болған. Осылайша, қазақтар өздері үшін жаңа Ислам діні қабылдағанымен, өз бабалары – түркінің көшпелі тайпаларының рухани мұрасынан да көз жазған жоқ. Расында да, Қ.А. Ясауидің осы еңбегінің арқасында қазақ халқының күллі рухани мұрасы – діні, ділі, тілі, мәдениеті, әдебиеті және билер, қожалар, батырлар институттары секілді саяси-құрылымдық басқару жүйелері қалыптасты. Қазақ халқының тарихындағы өзге хандардың тұсындағы көрсеткіштер мұнан әрі төмендеп, сыну деңгейіне түсті. Бірақ Өзбек ханның тұсында қазақ халқы Алтын Орда атты алып империяға айналып, қайтадан серпінді деңгейге өсті. Өйткені, бұл кезде Алтын Орда – орасан зор территорияға иелік етіп, Қ.А. Ясауи негізін салған далалық исламды қабылдаған еді. Сол кездерден бастап, бұл ұлыс өзге елдердің мәдениеттеріне ықпал етіп, өз тұсындағы өркениетті елдердің қатарына қосылды.
Шайбанилер әулиетінің өкілі Әбілхайыр ханнан іргесін аулақ салып, жеке хандық болып бөлініп шыққан кезде – қазақ халқының жағдайы аса мәз емес-тін. Себебі, жаңадан құрылған хандыққа әркім де көз алартатын. Бойын жаңадан тіктеп келе жатқан елдің етек-жеңін жиып, іргесін бүтіндеу үшін қаншама қиындықтарды бастан өткеруге тура келді. Бұл уақыттағы пассионарлық кернеудің күші – салыстырмалы түрде бір саты төмендеп, этногенездік өріс жікке жарылатын сыну деңгейінде болды. Бұдан кейінгі хандардың тұсындағы жағдай шамамен алғанда, бірқалыпты болып тұрды. Тек, Тахир және Бұйдаш хандардың тұсында хан тағынан кие кетіп, қазақ деген ұлт түгелге жуық жойылып кетек жаздады. Бұл уақытта пассионарлық кернеу ең төменгі құлдырау деңгейіне дейін түсті.
Десе де, пассионарлық кернеу қанша әлсіресе де, құрып кетпей, керісінше, өсе бастады. Мұндай ілгерілеу, мұндай дүмпу – жарыспалы кезең деп аталды. Бұл күшке бытырап, шашылып кеткен хандықты қайта қалпына келтірген Қасым ханның баласы Хақназар хан ие болды.
Қазақ пен қалмаққа бірдей хан болып, Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Яссауидің ілімін асқақтатқан Тәуекел мен еларалық дау-дамайларды, ауыл арасындағы ұсақ жанжалдарды, жалпы халықтың тұрмыс-тіршілігін реттейтін «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығартып, халықтың ішкі-сыртқы хал-ахуалын реттеген Тәуке хандардың тұсында аталмыш қуат – пассионарлық дүмпуден кейінгі кернеудің тұрақты өсіп отыратын өрлеу деңгейіне ие болды.
Үш жүздің басын біріктіріп, жоңғар шапқыншылығына түбегейлі тойтарыс беріп, Қытай және Ресей империяларымен бұрын-соңды болмаған дипломатиялық қарым-қатынасқа қол жеткізген Абылай хан да осы өрлеу сатысында болды. Оның билігінен кейін бұл аймақта Ресей патшалығының ықпалы күшейіп, қазақ жерін отарлай бастады. Осы шақта Ақ патша мен оның билігіне «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» қарсы шыққан Кенесары хан, Исатай, Махамбеттер тұсында пассионарлық кернеу қайтадан бір сатыға – жарыспалы деңгейге дейін төмендеді. Бұл деңгей Алаш арыстары тұсында да (ХХ ғасырдың алғашқы жартысы) сақталып тұрды. Яғни, осы кезде өз күштерінің саяси жүйеден әлдеқайда әлсіз екендігін біле тұра олар – елін, жерін сақтап қалу үшін, жанкештілікпен еңбек етті. Қатарларының көпшілігі озбыр саясаттың құрбандары болып, итжеккенге айдалып, атылып, асылып, қыршынынан қиылып жатқанын көре тұра қаймықпады. Өйткені, олар үшін өлім мен азапты өмір емес, ұлтының ұлт ретінде жойылып кетуі қауіптірек еді.
Пассионарлық кернеудің ең соңғы салтанат құруы – Ұлы Отан соғысымен аяқталып, соғыстан кейінгі жылдардан бастап, құлдырауға бет алды. Осы жылдары ұлттың санасы мәңгүрттеніп, елден ар-иман, ерлік пен намыс кеткен соң, құт-береке де қашып, ішсем, жесем, жақсы өмір сүрсем дегеннен өзгені армандай алмайтын халге жеттік. Осылайша, жойылуға таяған аталмыш кернеу – 1986 жылдың желтоқсанында күрт көтеріліп, өрлеу деңгейіне бір-ақ жетті. Бұл кезде қаншама уақыттардан бері езіліп-жаншылып келген, бұйығып жатқан бұл пассионарлық күш – намыс кейпінде бұрқ етті. Осыған орай, айта кетерлік бір жайт – Л. Гумилев өзінің сөз болып отырған теориясында пассионарлық күшке сағым, елес секілді қияли процесстер түрткі болады деп анықтама берген. Біздің пайымдауымызша, бұл қате пікір. Өйткені - әр дәуірдегі пассионарлық кернеудің өзіне тән қозғаушы күштері болады. Еділдің, Күлтегіннің, Шыңғыс ханның жорықтары кезінде бұл қуаттың қозғаушы күші – ерлік жасауға ұмтылу, Гегельдің айтуы бойынша, өзін өзгелерге мойындатуға деген құштарлық болды. Ал, Мұхаммед пайғамбардың, Қ.А. Иасауидің тұсында бұл қуаттың қозғаушы күші – иман еді. Ал, ең соңғы Желтоқсан көтерілісіндегі қозғаушы күш – намыс болды.
Жаншылған сана қайта бас көтерген Желтоқсан көтерілісінен кейінгі өтпелі кезеңді қамтыған 10-12 жыл ішінде жарыспалы деңгей байқалғанымен, өткен ғасырдың аяғы мен осы ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап, өрлеу деңгейі байқалады. Себебі, соңғы он жылдың көлемінде қазақ ұлты ояну процесін өткеріп жатыр. Жоғала жаздаған тілі, діні, ділі, мәдениетін қайта қалпына келтіру үшін жасап жатқан істері соның айғағы. Мұның үстіне, зер салған адамға қазір қазақ ұлтының рухани жаңарып, өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге тырысып жатқандығы көрінер еді. Осыған қарап қазіргі кездегі кернеудің шамасы – шындығында да өрлеу сатысында екендігіне толық көз жеткіземіз. Демек, келесі пассионарлық жарылыстың да уақыты аса алыс болмауы керек (Бір ескерер жайт – пассионарлық жарылыстардың алғашқы кезеңіндегі өзгерістер ғасырлармен өлшенсе, соңғы кезеңнің өзгерістері өте жылдам жүріп, жылдармен өлшенеді). Бірақ біз бұған өздігімізден емес, өткен ғасырлардағы осындай қуатқа түрлі дәрежеде ие тұлғалардың пассионарлық импульс туғызуының арқасында жетіп отырмыз. Барлық дәуірлердегі тұлғалар да өзіне дейінгілердің қуаттарының әсерімен ғана пассионар бола алған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет