Байланысты: Философия және мәдениеттану Оқу құралы-emirsaba.org
3.2 Бұқаралық мәдениет өрісіндегі қазақстандық өркениет Басы ашық мәселе ретінде бұқаралық мәдениеттің ұлттық сипаты жоқ екенін айту керек. Дамушы елдерде көбінесе осы бұқаралық мәдениетке қарсылық белгілі бір мемлекетке қарсылыққа, белгілі бір ұлтты жек көрушілікке ұласып жатады. Сексуалды ұстамсыздық, содан шығып жататын отбасы проблемалары, дүниеқоңыздық сияқты жағымсыз қылықтар белгілі бір ұлттардың этникалық қасиеттері емес екені анық. Қазір, жергілікті мәдениеттердің менталитеті де капитализм заңдылықтарына бағына бастады. 1970-ші 80-ші жылдарға дейін нарықтық экономиканы дамытпаған Шығыс Еуропаның социалистік мемлекеттері, Ресей, Үндістан, Қытай, бұрынғы КСРО елдері, Азияның күнгей шығысы мен Африка мемлекеттері де қазір нарыққа бейімделе бастады. Нарық ұлттық мәдениеттің ішкі заңдылықтарын өзгертетін өте ықпалды фактор. Өйткені, нарық - фундаментальді, яғни қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын тотальді құбылыс. Осындай нарықтық фундаментализм жағдайында ұлттық мәдениеттің бірте-бірте әдепсіз бұқаралық мәдениетке айналуы мүмкін. Себебі, нарықтық экономикалы мемлекеттерде ұлттық мәдениет туындылары да халық тарапынан болатын сұранысқа байланысты жазыла бастады. Ал, көпшілік тарапынан сұранысқа ие болатын мәдени туындылар көбінесе имандылық, ар-ождан талаптарына сәйкес келмеуі де мүмкін. Әсіресе, ақша табуға тырысқан шығармашыл бірлестіктер жастардың бойындағы сексуалды әуесқойлықты пайдаланады. Нарық жағдайында дәстүрлі қоғамдағы мұраттарды жырлайтын, таза ұлттық нақыштағы әдеби туынды, кино өнімі немесе театр қойылымы, газет-жорнал, ән-жыр ақырындап халық талғамынан, сұранысынан тыс қалып, өндірушілердің де назарынан кете бастайды. Психология қисыны бойынша жеке тұлғаға әлеуметтік бақылау әлсіресе, адам баласының бойындағы бейсана болмысы оның жүріс-тұрысын, санасын билеп алады. Зигмунд Фрейд бойынша адамның сексуалды бейсана болмысы (либидо) оның барлық әрекетіне қуат беріп тұрады. Яғни, дәстүрлі қоғамдағы жеке тұлғаның өміріне қойылатын қауымдық талаптар әлсіреген кезде, қоғамда құмарлықтың барлық түрін қанағаттандыру белең алады. Әрине, бұл дәстүрлі, аграрлы немесе көшпелі қоғамның өмірінде болмайтын құбылыс. Бірін-бірі танитын адамдар арасында тұрақты әлеуметтік қарым-қатынастар орнаған дәстүрлі қоғамның (мысалы, қазақ ауылдарында, орыстардың земстволарында) ұжымдық менталитеті талаптар адамдардың сексуалды құштарлығын, өзімшілдігін ауыздықтайды. Бұқаралық мәдениетке тән ұстамсыздық адамдар бірін-бірі танымайтын қала мәдениетінде, индустриалды қоғамда ғана дамиды. Адамдардың жүріс-тұрысы рухани тыйым-талаптардың шеңберінен шығып кетеді. Индустриалды қала қоғамында адамдар өздерінің интеллектуалды сұраныстарын сексуалды ұстамсыздық, затшылдық жағына бейімдеп қалыптастырады. Сондықтан, қазір ұлттық мәдениет туындыларының ішінде де жұртшылықтың сұранысына сәйкес сексуалды ұстамсыздықты, қатыгездікті, затшылдық көзқарасты уағыздайтын, яғни тауар ретінде жұрттың назарын аударып, өзін-өзі ақтайтын туындылар, мысалға ұлттық театрдағы комедиялар, ұлттық нақыштағы балет-мюзикл, ұлттық тілде шығатын эротикалық газеттер, ұлттық дүниетанымға сәйкес келмейтін, бірақ сол елдің әртістері түсірген түрлі сериалдар көбейді. Нарыққа алдымен өткен және қоғамдық санасы секуляризацияға мейлінше ерте ұшыраған Еуропада рухани құлдырау тереңдей келе ХХ ғасырдың басындағы декаденс кезеңіне ұласты, 1960-шы 70-ші жылдары бұл сексуалды революцияға асқынды. Десек те, нарықты Еуропа мәдениетінен шыққан, адамды рухани құлдыратып жіберетін Шығысқа жат құбылыс ретінде санауға болмайды. Мысалға, Жапония мен Қытайда нарыққа қарамастан ұлттық-этикалық нормалар сақталып келеді, отбасы құндылығы санаттан шыққан жоқ. Жалпы адамгершілік, отанға адалдық, үлгілі отбасын құру, арақ пен нашақорлықтан, пара алудан аулақ болу, жомарттық, әдептілік нарықтық елдерде де қазақ немесе ислам мәдениетіндегі моральдық өсиеттерден кем қадірленбейді. Сондықтан, ұлттық мәдениеттің қағидаларын кейбір елдерде өзгертіп жататын, кейбір елдерде керісінше орнықтырып жататын нарық пен демократияны бейтарап құбылыстар деп қараған да жөн. Ал, бұқаралық мәдениет дәл осы нарық пен демократиядан шығып жатыр деген қасаң түсінікпен ислам нормаларын елде күшпен заңдастырып, немесе ұлттың тазалығын сақтау үшін жабық қоғам құру қазіргі әлемдік нарық орнап жатқан тұста ұлтты әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа зорлап көндіргенмен бірдей.
Демократиялық мемлекет құра отырып, халықтардың өз келбетін сақтауы - ұлттық мәдениеттердің қарулы қақтығысымен, біреуінің жеңуімен емес, азаматтардың адамның парасатымен ғана шешілетін мәселе. Рухани тазалық қай қоғамда болсын жоғары бағаланады. Дегенмен, нарық пен әсіре демократияның бұқаралық мәдениеттің жайылуына ептеп жағдай жасайтынын да ұмытпаған жөн.
Осындай жағдайда өмірдің балама нұсқасын, яғни ешқандай моральдық тыйымдарсыз, жеке адамның барлық қалауын қанағаттандыратын тұтынушы қоғамның «қызықтарын» әлемдік коммуникациялық жүйе (теледидар, видеотаспалар, интернет) арқылы күнделікті көре бастаған жастарға жаһанданудың мәдени ықпалы күшті болып отыр. Кей уақыт жастардың дамушы мемлекеттің (Қазақстанның) азаматы болғанына қорланатындары да білініп қалады. Советтік-атеистік модернизациядан кейін рухани құндылықтарды бұзудан көңілі селт етпейтін ұрпақтың интеллектуалды сұранысына ие болатын ұстамсыз фильмдерді елге толассыз тасу, сол фильмдерді көріп, ондағы мінез-құлық пен жүріс-тұрысты үлгі көріп, өз өмірлеріне енгізу жастардың мінезін, талғамы мен аңсарын, дүниетанымын қатты өзгертіп жатыр. Әсіресе, жастардың «рокерларға», «байкерларға», «буддисттерге», «хиппиге» еліктеуі, тіпті субмәдениет үлгілерін таңдамаған күнде рухани тыйым-талаптарға, адамгершілік құндылықтарына ескіліктің сарқыншағы деп қарауы демократиялық елдерде жұрт санасына бұқаралық мәдениеттің орнығып жатқанын білдіреді [133, 12-20 бб.]. Бұл бұқаралық мәдениет үлгілері сол айтылған интернет, теледидар, кинопрокат, CD, audio disk, MD, DVD сияқты ақпарат сақтау құралдары, жердің жасанды серіктері және басқа да хабар-ошар тарату технологиялары, саржағал газет-жорналдар арқылы адамдарды төрт құбыласынан қоршап алды.
Жаһанданудан туындайтын екінші бір жағдай - дамушы елдерде жастардың жаппай маргиналдануы. Бұл әлемнің оңтүстік бөлігіндегі тұрмыстың ауырлығынан да етек алып барады. 1997 жылғы социологтардың әлемдік форумында «адамзаттың ендігі қаупі - жаһандану процесінен бұрін маргиналдану процесі болуы мүмкін» деген қортынды жасалды. Маргинал – тұрмысы нашар және өзінің ұлттық мәдениетінен жеріген, сондықтан дүниетанымы, рухани құндылықтары қалыптаспаған адам. Адамзат өмірінде жоқшылықтың соңы қашанда рухани қайыршылыққа ұласып отырған. Жоқшылық басталған кезеңде ұлттың рухани құндылықтары да, интеллектуалдық ізденіс дәстүрлері жұрт жадынан көшіп, радикалды ұрандар алға шығады. Ал, жаһандану заманында әсіре ұлтшылдық пен діни догмадан айыға алмаған елдер саяси-экономикалық модернизацияға бара алмай, кедейленген үстіне қайыршылана түсуі мүмкін. Осы кезде ел ішін кеулейтін бұл маргиналданудың қаупі - адамның сана сезімін әрі-сәрі, өтпелі күйде ұзақ ұстап тұратынында. Яғни, оның өмірге деген жүйелі көзқарастары, құндылықтары мен сенімдері, жүріс-тұрыс әдеттері нақты айқындалмайды. Маргиналдың ерекшелігі - бұқаралық мәдениет пен рухани құндылықтардың арасында айқын таңдау жасамауы. Мұндай адамдар бірде қоғаммен қақтығысқа түсіп, бірде рухани талаптарға бет бұрып, құбылған күйі күн кешеді. Сондықтан, маргиналдар белгілі бір идеологиялық ықпалға тез түседі. Осы ретте саясаттану теориясында мемлекетте орта тап қанша көп болса сонша мемлекеттің тұрақтылығы нығаяды деген тұжырым бар екенін айтамыз. Ал, әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан мемлекеттерде маргиналдарды радикалды саяси партиялар мен діни экстремистік ұйымдар саяси мақсат-мүдделеріне пайдалануы ықтимал. Ұлттық дүниетаным мен рухани дәстүрлердің қажеттігі осы жағдайда туындайды. Яғни, әсіре партикулярлы сана-сезім мен әсіре ұлтшылдыққа берілмеген, бірақ ұлттың ғасырлар бойы өңдеп шығарған рухани талаптарын, туған елді сүюге үндеген парасатты пайымдарын игерген ұрпақ маргиналдану процесіне ұрынбайды және жаһанданудың экономикалық, технологиялық талаптарына да жауап беретін болады. Егер ұлттың ұрпағы жалпы адамзаттық рухани қағидаларды, одан бұрын ұлттық тарихи құндылықтарды игермесе, бұқаралық мәдениеттің құрбаны болып, жаппай маргиналға айналуы мүмкін [134, 45-51 бб.]. Ал, кез-келген маргиналдың діни фанат, радикалды экстремист болып шығуы демнің арасында. Кейбір ғалымдар мұны өркениеттер арасындағы «информациялық соғыс» деп те атап жүр. Мысалға М. Ломоносов ат. ММУ-нің доценті С.Г. Туронок «қарсылас мемлекеттің территориясына танкілер, ұшақтар мен жарақты жасақ түсіру тактикасының орнына қазір жалған құндылықтар мен мұрат-мақсат, сенім-наным догмаларын «түсіру» стратегиясы келді»,- дейді [135, 24 б.]. Жаһанданудың пост кеңестік қоғамдарға тигізетін мәдени ықпалын талдай келе Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті Т.П. Лебедевамен келісуге болады. Оның пікірінше, жаһандану процесінің негізгі проблемаларының бірі – жеке бас һәм ұжымдық идентификацияның жойылуы [136, 48 б.].
Дегенмен, Мәскеу мемлекеттік университеті зерттеушілерінің «жаһандану - арнаулы стратегиямен құрылған «соғыс», - деген пікірімен сөзсіз келісуге болмайды. Өйткені, жаһандық-бұқаралық мәдениет Батыс елдерінің өзінде де қоғамның әлеуметтік-мәдени негізін бұзып жатыр. Қазір мұнда «бір өлшемді адамның», «homo ludens»-тің пайда болғаны туралы ғылыми тұжырымдар бар. «Homo ludens» - рухани принсиптерін жоғалтқан, қызық қуған, сауықшыл, қатаң бәсекеде қалайда озып шыққанды өмірдің мәні санайтын адам. Бұған қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастық заңдылықтарына енжар қарайтын маргиналдарды, яғни, нашақорлар мен отбасын құрмаған түрлі субмәдениет өкілдерін, яғни, хиппи, рокер, рэпер, «сатанистер» т.б. антиәлеуметтік дүниетаным өкілдерін қосыңыз. Бұл адамдардың арасында отбасы институтының мәні мен қажеттігі жойылып болды деудің өзі артық емес. Еуропада қазір халықтың көпшілігі шаңырақ көтергісі келмейді. Мұнда индивидтің тәуелсіз өмірі - жалпы халықтық идеал. Ресей зерттеушісі М. Чешков «Еуропа жастары үшін әлеуметтік парыздар адамдардың өмірінің тірегі, мәні болудан қалды»,- деп санайды [137, 46-54 бб.]. Батыс елдерінде отбасы құндылығы мен ақ некелі жұбайға адалдық, жасампаз еңбектің қадірі мүлде жойылып кетті деп кесіп айту бола қоймас. Бірақ, Еуропадан үміт үзгендер жоқ емес. Мысалға, Ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы А.И. Неклесса «Батыс қоғамы прагматикалық дүниетанымға жақындаған сайын, онсыз да секуляризацияның құрбаны болған Еуропа санасы христиан дінінің негізінен алшақтап, екі мың жылдық өркениеттің әлеуметтік құндылықтары жойылып барады. Еуропалық модернизация өз бойындағы христиандық мәдениет пен техниканың үйлесімін жоғалтып алды», - дейді. Ол «Постмодерн қоғамын адамдардың бойындағы отбасыға, кәсіп игеруге, күйбеңі мол еңбекке, әлеуметтік тәжірибеге деген құштарлықтың сарқыншағы ғана әлеуметтік дағдарыстан аман алып келеді», - деп жаза келе, егер АҚШ пен Еуропа осы бұқаралық мәдениет пен постмодерн ізденістерінің жетегінде кете берсе, ежелгі Батыс өркениетінің қайталанбас әлеуметтік конструкциясы қирайды» деген болжам жасайды [138, 42-43 бб.]. Қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропада ғылыми-технологиялық біліктілікті қажет ететін мамандықтардың жұмысын Азиядан барған иммигранттар атқара бастаған. Еуропа жастарының бабалары ғасырлар бойы жинақтаған ғылыми ақпарат пен өндірістік тәжірибені игеруге табандылығы мен бойларында салауатты құндылықтары жетіспейді. Ал, Шығыс елдерінен барған иммигранттар Еуропаның дайын тұрған индустриясында еңбек етіп, қабілет-қайраттын іске асырып жатыр. Олардың өз елдерінің индустриалды қоғам құруға мүмкіндіктері, интеллектуалды ресурстары мен саяси-экономикалық тәжірибесі жеткіліксіз. Сөйтіп, секуляризация мен постмодерннің кесірінен Батыс қоғамы өзінің әлеуметтік құндылықтарынан айырылып жатса, олардың технологиялық жетістіктерін үлгі тұтып, Шығыс елдері де бұқаралық мәдениет сүрлеуіне түсіп жатыр. Бірақ, жаһандану дегеніміз дәл Еуропа қоғамын айнытпай көшіру емес. Мысалға, жаһандану жасап берген материалдық игіліктерді толық пайдаланып отырған жапондықтар мен орташа дамыған Түркия жұртшылығы отбасы құндылығын, ұжымдық сана дәстүрлерін әлі де қастерлейді. Керісінше діни-рухани құндылықтарды өздерінің ұлттық мақтанышы ретінде жариялаған Иранның және басқа да ислам елдерінің экономикалық дамуға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, терроршыларды ауыздықтауға мүмкіндіктері жетпей отыр. Бұлар теократияны модернизацияға айырбастай алмай отырған шикізатқа бай елдер. Шикізат сарқыла бастаған күні әлеуметтік тұрақсыздыққа килігіп, Ауғанстандағыдай экономика инфрақұрылымының жермен-жексен болып қирауы бек мүмкін. Сөйтіп, бүгінгі жаһандану екі жол ғана ұсынады. Бірі, либералды қоғам мен нарықтық экономикаға өту, болмаса жабық қоғамда отырып әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа шырмалып, технологиялық тұрғыда кенже қалу. Ашық қоғам құруға кейбір ислам елдері Батыстағыдай жалаңаш - жалпы, арсыз қоғамға айналып кетеміз деп қауіптенеді.
Біз капитализмді жаһанданудың қозғаушы қуаты ретінде белгілей келіп, бұл ғаламдық процесстің үш түрлі салдарын анықтадық. Бірі, әлемдік нарықтың қалыптасуы. Ғаламдық қаржы жүйесіне дамушы мемлекеттердің тәуелді болуы. Екіншісі, технологиялық өндіріс пен электрониканың жаһандану процесінің қаңқасына, әлемдік нарықтың тұтастандырып тұратын торабына айналуы. Үшінші, бұқаралық және ұлттық мәдениет арасындағы қақтығыс. Бұл қақтығыстағы бұқаралық мәдениеттің үстемдігі. Бұқаралық мәдениеттің салауатты құндылықтарды жойып, маргиналдар қауымын көбейтуі, қоғамның әлеуметтік ұйымдасу (отбасы құндылығы, бейбітшілік идеологиясы) потенциялын әлсіретуі. Және осының салдарынан болатын жеке бас және ұлттық идентификацияның жойылуы. Жаһанданудың осы үш заңдылығын қорыта келгенде жаһандану процесінің негізгі салдары шығады. Ол - бес ғасыр бойы адамзат өмірінің сүйеніші, өркениет тарихының ең ұлы жемісі болған ұлттық мемлекеттің, ұлттық саяси егемендіктің маңызының төмендеуі. Ұлттық мемлекеттің осы кезге дейін атқарып келген саяси-әлеуметтік, экономикалық функцияларынан, қоғамдық өмір салаларын басқару, реттеу өкілеттіктерінен айрылуы. Ұлттық мәдениеттердің қамқоршысы болып келген мемлекет институтының әлеуметтік-саяси, экономикалық маңыздылығы төмендесе, ұлттардың да қайталанбас мәдени болмыстарының, дербес дүниетанымдарының сақталып қалуы екіталай. Ендігі заманда ұлттық мемлекет дербес үкіметі бар саяси құрылым ретінде сақталғанымен қоғам дамуында шешуші фактор болудан қалуы деген ғажап емес. Енді нарықтың заңдылықтарына, сауданың ортақ ережелеріне иек артқан түрлі аймақтық одақтар көбейе бермек. Келешекте ұлттық Үкімет жаһандану талаптарына елдің ішкі өмірін бейімдеп, заң шығарып отыратын кезекші ғана болып қалады [139, 35 б.]. Неміс әлеуметтанушысы У. Бек «Ұлттық мемлекеттер жаһанданудың әлемдік масштабта тарауы үшін керек. Жаһандану процесі тамырын тереңге әбден жіберген кезде ұлттық мемлекеттер трансұлттық, яғни барлық ұлттарға, адамзатқа ортақ мемлекеттерге айналады. Трансұлттық мемлекет моделі ұлттық мемлекетті жоққа шығарғанымен, жалпы мемлекет институтын сақтап қалады»,- деп болжайды [140, 189-190 бб.].
Сөйтіп, жаһандану үрдісі оның талаптарымен келіссек те, келіспесек те біздің ғасырымыздың шындығы болып отыр. Адамзаттың бойында жаһандануды жеңетін, оның бетін қайтаратын күш-қуат әзірге білінбейді. Барлық мемлекеттер осы әлемдік ағыспен кетіп барады. Бұл ағыс - адамның жеке меншікті сүйетін табиғаты, осы жеке меншікке сүйенген нарықтық капитализм, сол капиталистік модернизация тудырған индустриялдық һәм постиндустриалдық қоғамдар. Осы уақытқа дейін өзінің «капиталистік табиғаты» арқылы дамып келген адам баласы ендігі заманда да жеке меншіктен, табиғатты аяусыз пайдаланудан бас тарта алмайды. Сондықтан, жаһандану - кісі баласының пешенесіне жазылған тағдырлы құбылыс. Жаһанданудың келешекте жер бетіне кеңінен таралуына алғышарттар мен кепілдіктер төмендегідей:
- халықаралық сауданың жылдан жылға кеңеюі, әлемдік қаржы рыноктарының өзара байланысының күшеюі, трансұлттық концерндердің көбейіп, олардың қаржылай-экономикалық мүмкіндіктерінің артуы;
- ақпараттық, коммуникациялық революцияның қарқынды түрде жалғасуы;
- демократияның дүнияға одан ары таралуы;
- бұқаралық мәдениет өндірісінің (кинопрокат, компъютерлік клубтар, дискотека, арзан телесериалдар, поп музыка, кітап өндірісінің т.б.) ұлттық мемлекеттерде кең қанат жаюы;
- халықаралық саясатта трансұлттық акторлардың, яғни ұлттың егемендігін аттап өтіп, Үкімет үстінен үкім айта алатын ұйымдардың көбеюі (БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ДСҰ (ВТО), аймақтық интеграциялық ұйымдар т.б.);
- кедейлік, жоқшылықтың дамушы елдерді кеулеп, тұтас ұлттардың маргиналдану құбылысының етек алуы;
- ғаламдық экологиялық проблемалардың ушығуы;
- кедейліктің кесірінен қарулы қақтығыстардың көбеюі[141, 24 б.].
Адамзат жеке меншікті сүйетін табиғатын тастап, индустриалды қоғам ағысынан шығып кете алмайтынын жоғарыда айттық. Және мұның әзірге көзге көрініп, ойға білініп тұрған салдарлары - трансұлттық мемлекеттердің пайда болуы, яғни ұлттық мемлекеттердің жойылуы, ұлттық мемлекеттердің жойылуымен бірге ұлттардың, этностардың дербес мәдениетінің жойылуы.
Қазақстанның тәуелсіздікке қолы жетуімен ресми экспансиялық метамәдени геноцидтік саясат тоқтатылды. Алайда мәңгүрттену процесі осымен тоқтап қалған жоқ. «Өркениетті әлеммен» танысу және мәдени ақпарат алмасудың аудиовизуалды жолдары арқылы тұтынушылық мәдениет «үнсіз агрессиясын» іске асыруда. Бұл бұқаралық ағым ұлттық мәдениеттің қайта жандануына жол бермей, жезөкшелік, нашақорлық, маскүнемдік сияқты жат құбылыстарды санаға сіңіре отырып, мәңгүрттіктің қанат жаюына ықпал етуде.
Өз заңдылықтарын өмірге еңгізген нарықтың жолы болмағандарға қарсы жүргізген «мәдени репрессиясы» оларды қалыпты жолдардан тайдырып, қоғамда «бөлектену», «азаматтық нигилизм», «апатия» құбылыстарын тудырды, келеңсіз қылықтар мен қылмыс белең алды. Құндылықтардың қақтығысымен әлеуметтік төменгі ахуал «пауперлену», «люмпендену», «әлеуметтік-шизофрения» т.с.с. тосын жағдайларды үйреншікті нәрсеге айналдырды.
Ұлттық белгі дегенді тек экзотикаға, музейге айналдырып, тығып, әлемдік деңгейге шыққан – «американдану» деп, түсінетіндер, ұлттық нигилист, технократтар да бар. Әлемдік философияның өзі (батыс ойшылдарының жетекшілігінде) әлі өз шыңына жете қоймады, дүниежүзілік интеграция, жаћандану енді ғана жаңа басталды. Сондықтан Батыста өзінің рационализм, тіпті тұрпайы материализм, өзінің капиталистік даму үлгісін тек прогреске әкеледі деп оптимистік бағалау, Шығысқа менсінбей қарау, сол сияқты дін, мистика, парапсихология мәселелеріне «ертегі», «кертартпалық», «ортағасырлық» деп қарау кең тараған. Паровоз, телеграф ойлап шығарғанына, табиғатты, нақты (дүнияуи) ғылымдарды меңгергеніне мәз болып, Азия мен Африкаға «цивилизатормыз» деп кеуде керу болды. Ол кезде Батыс өзінің өркениетінің болашағы жоқ екенін, жер бетін экологиялық, рухани катастрофаға жетелейтін саяси, әлеуметтік жүйесінің осалды боп шыққанын әлі мойындамаған еді, О. Шпенглер, Н. Ясперс, Тойнби әлі жоқ еді. Этикалық, нәсілдік фактордың санасуға тұрарлық екенін, адам және ұлт психикасы күрделі, ондай бейсаналық қабаттар бар екенін, дін мен мифология, мистика – әсіресе шығыс руханият дәстүрінде үлкен даналық бар екенін "цивилизатор" – Батыс әлі ашқан жоқ еді.
Қазіргі таңда қазақстандықтардың мәдени өзіндік тиесілік (самоидентификация) мәселесі өзінің күрделі де қарама-қайшылықты тұрпатымен ерекшеленеді. Біздің ойымызша оның төмендегідей алғышарттары бар:
- адамдардың саяси және экономикалық саладағы өзгерістерге сезімталдығы, әбден сіңіп кеткен тоталитарлық сананың үлкен инерттілігі;
- нарықтық қатынасқа көшудің салдарына ескі және жаңа құңдылықтардың қақтығысы барысында ішкі бағдардың жоғалуы, дүниетанымдық вакуумның пайда болуы;
- республикадағы мәдени әртектіліктің жоғары деңгейі, тұрғылықты халықтардың полиэтникалық және поликонфессионалдық құрамы, әсіресе орыстар мен қазақтардан және мұсылмандар мен православтардан тұратын биэтникалық және биконфессионалдық құрылымның басымдылығы.
Мұның бәрі осы уақытқа дейін батыстың өркениет жетекшілігінің негізгі принциптерін қайта құруға әкеледі. Олардың бүкіл әлемге таралып отырған индустриалды универсалийлерінің ішіндегі негізгі өзгешеліктері төмендегідей сипатта:
1. Стандартизацияны алуан түрлілікпен, плюрализммен алмастыру. Бұл тұтынушылыққа, саяси қалыпқа, діни өмірге, көркемдік талғамға, этникалық элементтердің ара-қатынасы, модаға, жанұяның формасына ықпалын тигізетін өндірістің жаңа типтерін өмірге әкеледі.
2. Тек өндіріс пен саясатта ғана емес, мәдениетте де құрылымдық және индустриалдық байланыстардың орталықсыздандырылу жетекші принципке айналды. Астаналардың үлестік салмағы «тума таланттардың дүниеге әкеліп қана қоймай өздеріне ғылыми орталықтар мен университеттерді де қалыптастыра алатын көптеген «перифериялық» орталықтарға, тіпті бұрынғы «мылқау провинцияға» да қарай ойыса бастайды.
«Бұрынғы астаналар» (Париж, Рим, Лондон, Афины, Нью-Йорк және т.б.) жоғарғы беделі мен барлық мұражайлар, кітапханалар, картиналық галереялар, театрлар мен университеттерін сақтағанымен жаңа желілік және ғарыштық ақпарат жүйелері білімдерді, образдар мен рәміздерді қоғамның бүкіл рухани өрісіне тарата алады. Бұл ақпаратты, ал онан соң қоғамды басқаша құрылымға келтіретін рухани байланыстарға әкеледі.
3. Минимизация максимизациядан, немесе О. Тоффлердің тілімен айтқанда, «макрофилиядан» басым түседі. Бұрынғыдай өндірістің көлемі мен техникалық және тұрмыстық өмірдің сандық көрсеткіштерінің көлемі азаяды. Бөлшектердің дәлділігі өнімнің санын қысқартады.
4. Реттеу биліктері мен деңгейлерінің стандарттылығы мен тұрақтылығына негізделген қоғамның бұрынғы иерархиалануы мен бюрократиялану статусы құлап, оның орнына мақсатты және ахуалдық байланысқа негізделген уақытша құрылымдар мен байланысты полуфункционалды ұйымдар келеді. Қоғамның кеңінен ақпараттануы бұрынғы қоғамдық вертикальді бөліністі экономикалық, әлеуметтік, психикалық, көркемдік, медициналық және жыныстық мәселелерді шешуші дербес топтардың арасындағы өзара әрекеттің горизонтальды жағдайына әкеледі.
5. Стандарттық қоршаудан бұзылып, әр алуандылықтың қалыптасуы өндірістің, саясат пен мәдениеттің локальдық (жергілікті) ерекшеліктерін игеруіне жағдай жасайды. «Жаңа толқын» өркениеті діннің, мәдениеттің, экологияның қалыптасқан құрылымдарын біртұтас экономикалық үлгілердің пайдасына ауыстырмайды. Дәл осы принцип бұрынғы периферия мен әлсіз дамушы елдердің маңызды резервтерін қосуға мүмкіндік береді. Лидерді қуып жету барысындағы оның әдіс-тәсілдерін, құрылымы мен жетістігіне еліктеп, сапалы секіріс пен адам төзгісіз ауыр жолмен даму мақсатын алға қоюдан сақтандырады.
6. Индустриалдық қоғам дамуының алғышарты базистік салалар мен инфроқұрылымдарға (ресурстар, жолдар, транспорт, капиталдық жабдықтар) орасан зор қаржы мен құралдарды жұмсаумен сипатталса, ал жаңа жағдайларда, «адамдық капитал» маңызды мәнге ие болады, яғни қазіргі технологияларды, ең алдымен ақпараттың «интеллектуалды технологияларын» меңгерген дайын кадрлардың рөлі жоғарылайды.
Космополиттік көзқарастағылар келешекте ұлт болмайды. Бүкіл ұлттар бірігіп, бір ұлтқа айналады деген ойтұғырды басшылыққа алады. Дегенмен, бұл идеяның өмірге ешқандай қатысы жоқ қой. Қазір дүние этникалық негізде қайта құрылып жатыр. Келешек космополиттердің сызған сценарийі бойынша емес, мүлде басқаша бағытта дамыса ше? Жер үшін, шикізат үшін, байлық үшін талас-тартыс өршімесе, өшетін түрі жоқ. Демек, ұлттық қарама-қайшылықтар одан әрі өрши түсетін сияқты. Көз алдымызда күшті ұлт әлсіз ұлтты аяусыз қырып-жойып жатыр емес пе?
Осындай мәдени процестердің алдын алу үшін, бұқаралық мәдениеттің теріс әсерлерін кеміту мақсатында Қазақстан Республикасында көптеген шараларды жүзеге асырған жөн. Еліміздегі Мәдениеттану және өнертану ғылыми зерттеу институты (жетекшісі - Ә. Қодар) осы мәселеге қатысты мәдени дамудың арнаулы тұжырымдамасын қабылдады. Оның кейбір қағидаларына назар аударайық.
Классикалық маңызы төмен, ұлттық болмыс пен психикаға кері әсерін тигізетін өнер мен музыкадағы өнімдер ағымына бақылау қою, оны жүзеге асыру аппараттарын жұмылдыру. Атап айтқанда:
- қала мен республикалық маңызы бар және облыстардағы атқарушы орган мен мәдениет институттарының бақылауын күшейту;
- сараптама және ақпараттар жинақтау бөлімін жетілдіру;
- ұлттық психология мен сана-сезімге кері факторларды болдырмаудың әкімшілік бөлімдерін жұмылдыру т.б.
Халықтың рухани және физиологиялық тұрғысынан дамуының бірден-бір мүмкіндігі өмір болмысын халық тағдырын бейнелейтін мәдени ошақтардың басты саласының бірі, театр мен кино өзінің бүгінгі қоғам өміріндегі орнынан қазіргі заман талабына сай ұлттық психология, тәрбие беру, эстетикалық құндылық сапасын төмендетіп алды. Оған басты себеп:
- шетелдік немесе батыстық кино мәдениеті: ашық порноөнімдер, афро-американдық поп музыкалар, эротикфильмдер, сана-сезім, мінез құлыққа кері әсер ететін қатігез киноөнімдер мен сериалдар;
- Қазақстандық театр және кино мекемелерінің халық назарын өзіне тартып аларлық туындыларының әлсіздігі;
- әртүрлі жат мәдениет үрдістерін насихаттайтын бейне таспалардың шектеусіз сауда рыногында таралуы;
- кино мәдени ошақтары – кинотеатрларды шетелдік фильмдерді жарнамалауы мен жаппай көрсетулері [142, 244 б.].
Бүгінгі таңдағы кітап дүкендері мен кітап сауда орталықтарындағы сатылымдағы кітап қорының 90 пайызы шетелдік кітаптарды құрайды. Музей кешендерінде экспозициялар мен ұлттық тарихи мұраларды сақтау мен дамыту әлі күнге дейін кеңестік идеология шеңберінде құрылған өлкетанушылық бағыттан әрі аса қойған жоқ. Осы факторларға сәйкес кітапхана мен музей ісіндегі қордаланып қалған мәселелерге мыналар жатады:
- ұлттық әдеби-мәдени көркем туындылар дағдарысы;
- қазақ тіліндегі қоғамдық ғылымдар әдебиетінің жеткіліксіздігі;
- кітапхана қызметіндегі ақпараттық және интернеттік каталогтар жүйесінің дамымауы;
- ғылыми сапасы төмен кітаптар қорының көбеюі;
- кітапханалардағы ұлттық кітап қор жинақтарының тапшылығы және қаржылай қолдаудың жеткіліксіздігі т.б.;
- музей мекемелерінде біліктік ғылыми мамандардың аздығы;
- осыдан келіп, музей ісі мен музейтану ғылыми-әдістемелік орталықтарының жоқтығы;
- музейлік жәдігерлерді, өнер туындыларын жинақтайтын қаржының жоқтығы және т.б. [143, 112 б.].
Мәдениет негізі мен этностық жады арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Бүгінгі таңда, БАҚ арқылы жарияланатын материалдар мен ақпараттар шеттен тыс анархиялық сипатқа ие болып отыр. БАҚ халықты, әсіресе жастарды мәдени-рухани басқа арнаға түсіруге себепші болып отыр. Ақпарат жүйесі бойынша басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан сияқты телеарна хабарларының 60 пайызы жат тілде берілетін бірде-бір ел жоқ. (Қазақ елі. 1999, 19 – наурыз). Қазақстандағы БАҚ жүйесіндегі телеарнаның үлесі – 90-95 пайыз. Ал мәдени-рухани институттары дамығын елдерде БАҚ-тың соның ішінде телерадионың үлес салмағы – 40-45 пайызды құрайды. Мәселен, Францияда француз тіліне аударылғанына қарамастан шетелдік материалдардың 15-20 пайыздан аспауы заң жүзінде белгіленген.
Қандай да бір ұлт мәдениетінің түп-тамыры тіл екенін ескерсек жоғарыда аталған және төменде аталмақ проблемалардың барлығында да тіл мәселесі кезек күттірмес өзектілігімен айқындалады.
БАҚ саласындағы және жарнама мен теле және көлік коммуникация саласындағы негізгі мәселер:
- баспа телерадио ақпарттары бойынша ашық түрде эротикалық суреттер «бәсекелері», қатыгездік және қыру-жою сияқты психикаға кері әсер беретін фильмдер, поп музыкаларының таралуы;
- Қазақ тіліндегі басылымдардан орыс және басқа тілдердегі басылымдардың 20-30 есе көптігі. Егер қазақ халқының ұлттық болмысының, тілінің басқа жерде қалыптаспайтындығын ескерсек, бұл процесті де тілдегі экспансия деп бағалауға болады.
- Қазақстанда БАҚ және интернеттік жүйе мәдени-руханият саласында анархиялық, жауапсыздықтың, талғамсыздықтың ордасына айналды;
- Қазақстан республикасындағы БАҚ мемлекетпен, ұлтпен мүдделес емес;
- жарнамалардағы қазақша мәтіндердің дұрыс жазылуы ескерілмеген, қала безендіру мәселесінде ұлттық нақыш пен қазақ тілінің халі мүшкіл;
- теле және коммуникация жүйесінде қазақ тілін қолданудың заңдық нормасы сақталынбаған (телефон байланысы, әуе, теміржол, авто бекеттерінде) т.б., ұлттық парк, демалыс орындары, қонақ үйлер қызметтері қазақы болмыс-бітімнен ада дерлік;
- мемлекеттік органдардың іс қағаз және құжаттарды ресімдеулері қазақ тілінде толықтай жүзеге асырылмаған (Әділет министрлігі, ІІМ, Сыртқы ІМ, қорғаныс саласы т.б.).
Батыстық рухани экспанцияға төтеп берудегі маңызды мәселеге «орыстілді қазақтарға» ұлттық рухты сіңіру жатады. Бұл топ қазақтың қалада өскен, өзінің ұлттық бастауларынан тыс қалған, қазақ тілін білмейтін не нашар білетіндер тобы. Олар қазақтың тілін ғана түсінбейді емес, сондай-ақ қазақтың табиғатын да, ұлттық таным-түсінігін де білмейді. Жалпы оларға қазақ стихиясы жат. Ал түсінбейтін нәрсе әрқашан қорқынышты, құбыжық болып көрінеді. Ауыл қазақтарын олар «артта қалған, ескішіл» деп түсінеді.
Осы топ, яғни ана тілін білмейтін қазақтар тобы бизнесте де біраз табыстарға жетті, мемлекет басқару ісінде де лауазымды орындарға қолы жетті. Оған себеп олардың халықтың басқа топтарына қарағанда нарық экономикасын терең түсінуі, арнайы білімдерінің жоғары болуы, әрі біздің елімізде мемлекетті басқарудың, іс қағаздарының, өндірістің орыс тілінде жүргізілуінен болып отыр. Әліге дейін жоғары оқу орындарында дәріс берудің 55 пайызы орыс тілінде. Арнайы оқулықтар да сол тілде. Бұның өзі қазақтың экономикалық, техникалық ойын қатты тежеп отыр.
Ал іс қағаздарының мемлекеттік тілге көшірілуі осы қазақша білмейтін қазақтардың экономикадан және мемлекет басқарудан шеттелуіне алып келуі мүмкін деген пікір бар. Міне, олардың қостілдік, қазақ мемлекеттілігінің ұлттық сипатын жою үшін жанталаса күресуінің негізгі себебі де осы – қара бастың, топтық мүдденің қамы ғана.
Осындай топтық мүдде үшін қазақ халқының ұлттық мақсат-мүддесі, ары мен ұяты, болашағы саудаға салынып отыр. Осы ұлтсызданған қазақтар тобының кейбір өкілдері өздерін «прогресшіл, ойы озық жаңашыл, нарық экономикасын қолдаушы, реформаторлар» деп біледі. Ал ауылдан шыққан қазақтарды «артта қалған ескішіл, ұлтшыл, коммунистер, экономикада бұрынғы іске аспай қалған жоспарлы, әкімшілдік әдісті қолдаушылыр» деп есептейді. Дегенмен қазақ тілінің экономикалық, техникалық мемлекет басқару аспектілерін барынша тез дамыту, ұлттық қаны бар басқарушы элитаны тәрбиелеу қажеттігі айдан анық. Өткенге жармаса беруіміз жетер. Бүкіл ақыл-ойды, парасат пен білімді келешекке бағыттайық.
Аталмыш топ аз да емес. Халқымыздың 25 пайыздайы ана тілін нашар біледі не тіпті түсінбейді деген дерек бар. Оның үстіне, әліге дейін 400 мыңдай мектеп оқушылары өзге тілде оқиды. Жоғары оқу орындары студенттерінің 45 пайызы ғана қазақша оқиды. Демек, бұл топтың саяси өмірге ықпалы алдағы уақытта да үлкен болмақ. Өз мәңгүрттеріміз үшін орыс екінші мемлекеттік тіл қылып, масқара болып жүрмейік.
Дегенмен, қазақша білмейтін қазақтың бәрі ұлтсызданған деуден аулақпын. Олардың негізгі бөлігі саяси жағдайды дұрыс ұғынып, қазақ мемлекетінің бекуі, нығаюы үшін адал қызмет етуде. Осы бір ұлт тағдыры үшін өте күрделі мәселенің екінші қырынан қарайықшы. Қалың көпшіліктің миына кез келген идеологияны сіңіруге болады. Тарихты алып қарасаңыз, миллиондардың миына кезінде коммунистік, фашистік, христиандық, либерал-демократиялық идеялар сіңірілді. Миллиондар осы идеяларға кезінде жан-тәнімен сенді, соған қызмет етті. Ал қазақша білмейтін қазақтардың санасына біздер қандай ой-пікірлерді құя алдық? Олар қазақша газет оқымайды. Қазақтың ұлттық идеологиясын білмейді. Қазақ өмірін қараңғы әрі қауіпті құбылыс, түсініксіз стихия ретінде ғана қабылдайды. Ал оларға өзіміздің ұлттық мүдде-мақсатымызды, қазақ мемлекеттілігінің, тілінің, мәдениетінің маңызын ұқтыру үшін не істедік? «Қазақтың ұлттық ой-арманын, мақсат-мүддесін орыстілділерге жеткізетін газет керек. Қазақ басылымдарындағы мақалаларды орысша аударып басу керек деген идеяны бүгінде Президент Н. Назарбаев та қолдап отыр. Лайым да сол ұсыныс іске асып, мәңгүрттерімізді қайта тәрбиелейтін, бауырымызға қайта тартатын, түсінбегендерін түсіндіріп, мәселенің мән-жайына көзін жеткізетін заман туса дейміз.
Кезінде ақпарат кеңістігін басқару, саяси процестерді бағыттап отыру туралы газетімізде қадау-қадау идеялар ұсынылды. Оған құлақ түрген жан шамалы. Мемлекетті ой-пікір, идея басқарады. Қажетті идея заңға немесе жарлыққа айналып, миллиондардың тағдырына әсер етеді. Ал сонда айтылған тың ой-пікір, идеялар босқа қала берсе, біз саяси процесті басқарып емес, оны стихияның еркіне беріп, соңына ілесіп қана жүре бермекпіз бе? Және бұл біздің көп ұлтты еліміз үшін қаншалықты қауіпті [143, 114 6.].
Еуразиялық мәдениеттің ерекшеліктерін зерттеген ғалымдардың ішінен Л. Гумилевтің, Н. Бердяевтің, В. Соловьевтің есімдерін атап өткен жөн. Соңғы жылдары қазақстандық ғалымдар да еуразиялық менталитетті зерттеуде айтарлықтай табыстарға жетті (М. Хасанов, А. Хамидов, Н. Құрманбаева, М. Орынбеков, Ғарифолла Есім, Ғ. Ақмамбетов, Қ.Ш. Нұрланова, Н. Масанов, Д. Кішібеков, Т. Бурбаев).
Еуразиялық мәдени типтің менталитетін айқындау үшін шығыстық, батыстық және қазақи дүниетанымдар мен дүниелік қатынастардың ерекшеліктерін кестелік тәсілмен Т.Х. Ғабитов келтіреді: