1.2 Мәдениет пен өркениеттегі дәстүр мен жаңашылдық үрдістері.
Қазіргі уақытта инновациялық үрдіс қоғам өмірінің саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми салаларында көптеп кездесуде. Мәдениеттегі инновациялық үрдісінің алғышарттарын анықтаудан бұрын «инновация» сөзінің түп-тамырын және мән-мағынасын ашып алу қажет. Қазіргі уақытта бірқатар әдебиеттерде бұл сөздің анықтамалары беріледі. Шыныменде, «инновация» терминінің анықтамалары көп. Алдымен, оған сөздіктер қандай түсінік беретінін қарастыралық. Ағылшын-орыс сөздігінде былай жазылған: «инновация – бұл жаңалықтың енгізілуі, өзгеріс, жаңалық». «Инновация» термині көп жағдайда ғылыммен және техникамен байланыстырылады. Бизнестің түсіндірмелі үлкен сөздігі «инновация» терминімен «жаңалық» терминін байланыстырады және инновацияны зерттеу нәтижесінде туған жаңалықтарды нарық аумағына жеткізу процесімен қатар қояды. Сонымен қатар, «жаңалық» деп жаңа өнімдерді өндірудің жаңа тәсілдері мен техникаларын ашудың факті ретінде түсінеді.
«Инновация» термині «innovus» (novus – жаңа, innovare – жаңаны жасау) латын сөзінен шыққан, ол «жаңару» немесе «жақсару» деген мағыналарды береді. Сонымен қатар, бұл терминнің кең мән-мағынасын Оксфордтың түсіндірме сөздігі былай деп береді: «конструкттық әрекетте, өндірісте және тауарды өткізуде қандай да бір жаңа ыңғайлар, нәтижесінде, инноватор немесе оның компаниясы бәсекелестеріне қарағанда белгілі бір артықшылдықтарға ие болады. Патенттерді пайдалана отырып, жетістіктерге қол жеткізген новатор уақытша монополияны қамтамасыз етеді, бірақ та, кей жағдайларда оның бәсекелестері басқа пайдалы нарыққа шығуға мүмкіндіктерді іздейді. Кейбір компаниялар қалыптасып қалған сұранысқа бағытталған жаңа өнімдерді шығара бастайды, ал екінші біреулері жаңа нарықтарды қалыптастыратын технологиялық жаңалықтарды ойлап табады» [33, 53 б.].
«Инновация» терминін жаңа экономикалық категория ретінде ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында ғылымға енгізген австриялық (кейіннен американдық) ғалым Йозеф Алоиз Шумпетер (J. A. Schumpeter, 1883-1950) болатын. Ол өзінің «Экономикалық даму теориясы» (1911) деген еңбегінде алғаш рет дамудағы өзгерістердің жаңа топтамасы (яғни, инновация мәселелерін) мәселесін қарастыра отырып, инновациялық процестің толық бейнесін берді. Сөйтіп, Й. Шумпетер дамудағы бес өзгерістерді атап көрсетті:
жаңа техниканың, технологиялық процестердің пайдалануы немесе өндірістің жаңа нарығын қамтамасыз етілуі;
жаңа қасиеттерге ие өнімдердің енгізілуі;
жаңа шикізаттың пайдалануы;
өндірісті ұйымдастыруда және оның материалды-техникалық қамтамасыз етуде өзгерістің болуы;
жаңа нарықтың пайда болуы.
«Инновация» терминінің өзін Й. Шумпетер ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында пайдалана бастады. Ол инновация деп тұтынушылық тауарлардың жаңа түрлерін, жаңа өндірістік, транспорттық құралдар мен нарығын, өндірісті ұйымдастырудың жаңа түрлерін енгізу және қолдану мақсатындағы өзгерістерді түсінген болатын. Й. Шумпетердің ойы бойынша, инновация пайданың басты қайнары болып табылады: «пайда, табиғатынан, жаңа топтамаларды орындаудың нәтижесі болып табылады», «дамусыз пайда жоқ, пайдасыз даму жоқ».
Негізінде, инновация тек экономика ғылым саласында ғана емес, сонымен қатар, қоғамның басқа да салаларында әрекет етеді. Мысалы, адамдар өмірінде саяси қарым-қатынастар, өнер, қоршаған ортаны сақтау мәселелері, мәдениаралық қарым-қатынастар және т.б. инновациялық туындылар дүниеге келіп жатады.
«Қазіргі заман ұғымдары мен терминдерінің қысқаша сөздігінде» инновация терминіне мынадай анықтама берілген: «Инновация (ағылынша «innovation» – жаңалық, жаңа енгізулер, латын тілінен innovation – жаңғырту, жаңарту) бірнеше мағыналарды береді.
техника мен технологияның заман талабына сай ауысуын қамтамасыз ететін экономикаға қаражаттың құйылуы;
ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерінің нәтижесі болып табылатын жаңа техника мен технология;
жаңа идеялардың дүниеге келуі, жаңа теориялар мен модельдердің қалыптасуы және олардың қоғам өмірінде қызмет етуі;
морфологияда жаңадан қалыптасқан құбылыс» [34, 198 б.].
Осы сөздіктерде берілген анықтамаларға негізделе отырып, инновациялар – бұл әлеуметтік-мәдени өзгерістер үшін қажетті алғышарттарды тудыратын жаңа технологиялар мен жаңа мінез әрекеттерді қалыптастыру механизмі деп ой тұжырымдалық. Қоғамның бейімделуге деген қабілеттілігі, яғни адам баласына және адамзатқа қиындық туғызатын мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін қабілеттілігі, тарихи тұрғыда аса маңызды рольге ие емес, бірақ та адам баласы мәдениетінде шынайы өмірді көрсететін, әрекеттерді тасымалдайтын және жаңалықтың элементтерін ендіретін рәсім, ойын процестерінде және тағы да басқа әрекеттерде туындайды. Инновация адам баласының шығармашылыққа деген қабілеттілігіне және осы шығармашылық нәтижелерін қауымдастықтың қабылдап алу немесе бейімдеп алу мүмкіндігіне тәуелді болады.
Кейбір мәдениеттер қоғамның дәстүрлігіне және инновацияның қолдауына ие болады. Индивидтің санасында туындайтын жаңа идеялар қоғамда кең қолданысқа ие болып жатады, ал мұның өзі әлеуметтік-мәдени өзгерістер үшін мүмкіндік туғызады. Тарату, қабылдау немесе қабылдап алмау, модификация процестерінің өзі шығармашылықты-инновациялық процестер болып табылады. Дәстүр мен инновация арасындағы ара қатынас адамзат қауымдастығының бейімделу стратегиясының дамуын анықтайтын тарихи жағдайларға және шарттарға байланысты болады.
Адамдық мәдениет он мың жыл ішінде тас балтадан ғарышты игеру жолын өтті. Мәдениет ешқашанда бір орында тұрған емес: дүниеге келді, дамыды, бір аймақтан екінші бір аймаққа таралды, ұрпақтан ұрпақққа мұра болып беріліп отырды; әр уақытта материалды және рухани өнімдермен толықтырылып отырады. Мәдени өзгерудің көптеген түрлері мәдениет антропологиясында «мәдениет динамикасы» ұғымымен анықталады. Ал «мәдениет динамикасы» деп сыртқы және ішкі себептер әсерімен жүретін адам баласындағы және мәдениеттегі өзгерістердің барлық түрлерін түсінуге болады.
Өз кезегінде өзгеріс мәдениеттің ажырамас бір бөлігі болып табылады, оның құрамында мәдениет құбылыстарының ішкі трансформациясы (олардың уақыт аралықтарында өзгеруі) және сыртқы өзгерістер (өзара әрекеттесу, кеңістікте орын ауыстыру және т.б.) бар. Осыған байланысты мәдениеттің бірсызықты, қалыпты қозғалысы жүреді, яғни бір күйден екінші бір күйге ауысу процесі жүреді.
Сыртқы өзгерістер бар мәдени қалыптардың кеңеюі арқылы да, жаңа сапалы мәдениет формалардың дүниеге келуі арқылы да өздерін көрсетеді. Бұл кезде мәдениеттегі өзгерістер белсенділік түрінде немесе баяу қозғалыс түрінде жүреді және олар мәдениет динамикасындағы «темп» пен «ритмде» өз бейнесін табады.
Мәдени өзгеріс процесінде мәдени тәжірибенің әр түрлі элементтері дүниеге келіп, қалыптасып және кең таралады. Мәдениет антропологиясы мәдениет динамикасының келесі бір бастауларын айрықша атайды:
инновация;
мәдени мұраға бет бұру, еске алу;
өзгеден алу;
мәдени диффузия.
Инновация дегеніміз, жоғарыда айтылғандай, жаңа бейнелер, рәміздер, ережелер жүйелері, адам баласының өмір өзгертуге бағытталған іс-әрекеттердің жаңа түрлері; ойлау жүйесінің немесе дүниетанымның жаңа түрінің қалыптасуы. Инновацияның дүниеге келу себептерінің бірі – бұл белгілі бір индивидтердің, топтың үстемдік етіп отырған мәдени құндылықтарды, регулятивті ережелерді, дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды қабылдамауы және мәдени-әлеуметтік тұрғыдан оларды көрсететін ерекше жолдарды іздеу. Ал мұның өзі инновация тек дәстүрлі мәдениеттерде ғана емес, сонымен қатар, модернизациялық мәдениеттерде де болатынын көрсетеді. Бұқаралық деңгейдегі мәдени инновацияның туғызушылары кей кездерде өзге мемлекеттің немесе өзге әлеуметтік-мәдени ортаның өкілдері болып табылады.
Мәдени өзара әрекет ету – бұл мәдени «контакт», ол ешқандай әсерсіз, өзгеріссіз болуы мүмкін немесе бір-бірімен мәдени сұхбатқа түскен мәдениеттердің бір жақты әлде екі жақты өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мәдени сұхбат тек ұлттар арасында ғана жүрмейді, ол тіпті жеке адамдар арасында да жүреді. Мәдени сұхбат процесінің нәтижесі позитивті немесе негативті болады, ол әрине қабылдаушы институт құрылымы мен тектілігіне де байланысты.
Адамзаттың барлық тарихы – бұл сұхбат процесі нәтижесінде болатын оқиғалар. Сұхбат біздің өміріміздің барлық салаларын қамтиды. Сұхбат арқылы адамзат бір-бірімен бір мәмлеге келіп, өзара тығыз байланыста дамиды. Өзара түсіністік негізінде әлемдік үйлесімділік (яғни, ұлттар, халықтар, мемлекеттер, этностар арасында) қалыптасады. Мәдениеттердің өзара әрекет ету процестері әлдеқайда күрделірек, бұл жерде бір мәдениеттен екінші бір мәдениетке жай ғана тасымалдану процесі жүрмейді. Қазіргі уақытта жаһандану процесінің қарқынды адым алып, дамып келе жатқан уақытта мәдениеттің шекаралары, оның өзегі мен «перифериялары» туралы мәселелер белсенді түрде зерттелініп отыр. Мысалы, Н. Данилевский бойынша, мәдениеттер бір-бірінен оқшауланып дамиды және алғашқы кездерде олар бір-біріне қарама-қарсы келеді. Осы барлық айырмашылықтар негізінде, Н. Данилевский «халық рухын» көрді. «Сұхбат – бұл мәдениетпен тығыз қарым-қатынаста болу, оның жетістіктерін жүзеге асыру және қайта өндіру, өзге мәдениеттердің құндылықтарын табу және түсіну, осы құндылықтарды селекциялық жолмен бойға сіңіру, мемлекеттер мен этникалық топтар арасындағы саяси қырғи-қабақты бейбітшілік жолмен шешу. Сұхбат – ақиқатты ғылыми іздеудің және өнердегі шығармашылық процестің қажетті шарты. Сұхбат – бұл өзіңнің «Меніңді» түсіну және өзгелермен сұхбаттасу» [35, 74-75 бб.].
Сұхбат мәдениеттің көп қырлы және көп сырлы болуына негіз болады. Осындай позицияны неміс философы, ағартушы Иоганн Готфрид Гердер (1744-1803) ұстанады – «мәдениеттердің өзара әрекет етуі мәдени көптүрлілікті сақтап қалудың амалы. Мәдени оқшауланушылық мәдениеттің құлдырауына алып келеді. Бірақ, мәдени өзгерістер мәдениеттің «ядросына» ешқандай әсер тигізбеуі тиіс» [18, 76 б.]. Қазіргі таңдағы әлемдік мәдениеттер бірқатар және ұзақ мерзімді алған мәдени өзара әрекеттердің нәтижесінде қалыптасты.
Тарихи тұрғыдан қараған кезде, сұхбат әр уақыт кезеңінде ғылыми парадигмалардың ауысуының куәгері болып табылады. Мысалы, антика дәуірінде мәдени сұхбаттың пайда болуы, мифтік сананың орнына философиялық-дискурстік, сыни сана келді. Қайта өрлеу дәуіріндегі сұхбат жаңа парадигманы (антропоцентризм, гуманизм) және сананың жаңа түрін (адам баласының бұл өмірдегі мәртебесінің жоғарылауы) қалыптастырды. Қазіргі мәдениет те мәдениеттегі адам баласы болмысының жаңа түріне ауыса бастады. Яғни, ХХІ ғасырда мәдениет өмірдің барлық салаларында болып жатқан адам баласы болмысының «эпицентріне» көше бастады.
Мәдениеттердің сұхбаты – бұл көптеген теңдесі жоқ, жалпы, жеке тұлғалардың араласуы, осы сұхбаттың басты мақсаты – тек танып-білу емес, өзара түсінісу. «Мәдениеттердің сұхбатының ең түпкі идеясында жаңа сұхбат мәдениеті қалыптасады. Өзге адамның ой жүйесі мен болмысы әрбіреуіміздің бойымызға ене алады, осы өзге ой, өзге сана біздің болмысымызға аса қажет» [34, 80 б.]. Адам баласы сұхбатсыз, оқшауланып өмір сүре алмайды. Қазіргі уақыттағы әлемде мәдениеттер сұхбаты белгілі бір жағдайлар кешеніне байланысты күрделене түсті. Әр түрлі халықтар мәдениеттерінің өзара әрекет етумен, қазіргі уақыттағы бірқатар фундаменталды мәселелердің айқындалуымен байланысты. Осы мәселерді шешу ерекшелігі – үлкен жетістіктерге жеткен мәдениет болса да бұл мәселелер тізбегін өздігінен шеше алмайды, сондықтан да мәдениеттер сұхбатының жүйесі қажет.
Мәдениаралық сұхбаттан туындайтын өзгерістердің нәтижелері және олардың адамзатқа тигізер әсері қандай болмақ деген сұраққа Э. Тоффлердің «Болашақтан қорқу» («Future Shock») деген еңбегінде келтірген тұжырымдаманы пайдалана отырып былай жауап беруге болады: өмірдің үрдісі көз ілестірмейтін жылдамдықпен өзгерді, оған барлығымыз дайын емеспіз, «Болашақта адамзат бұрын болмаған психологиялық күйге душар болады. Бұл күй белгілі бір ағза ауруына ұқсайды. Бұл «аурудың» аты – Футурошок. Футурошоктың негізгі сипаттамасы – шынайы өмірді сезінбеу, болашақтан қорқу. Сөйтіп, ХХІ ғасырдың басына дейінгі кезеңде миллиондаған дені сау, психологиясы қалыпты қарапайым адамдар бір мезетте болашақпен кездеседі».
Сонымен, мәдениаралық процес нәтижесінде туындайтын процестердің табиғатын, олардың бағытын және олардың нәтижелерін ғалымдардың зерттеу нәтижелерін қарастырайық.
Аккультурация (ағыл. acculturation, латыннан ad – -ға,-ге, -қа, -ке; cultura – қалыптасу, даму деп аударылады) – бұл әр түрлі этникалық топтар мәдениеттерінің өзара әсер ету процесі, яғни белгілі бір халықтың екінші бір халықтың мәдениетін толықтай немесе жартылай қабылдауы, бірақ бойына дарытпауы. Сонымен қатар, белгілі бір этникалық топ аккультурация процесі нәтижесінде өз сана-сезімін жоғалтпайды.
Аккультурация мәселесін алғаш болып ағылшын этнографтары ХІХ ғасырдың соңында қарастырған болатын. Сол жылдары американдық этнограф У. Хоумз бұл терминді бір мәдениетті екінші бір мәдениетті ұқсастыру және бір мәдениеттен екінші бір мәдениетке элементтерді тасымалдау процестерін көрсету үшін пайдаланған болатын. Ғылыми айналымға бұл термин ХХ ғасырдың 20-30 жылдары енгізілді. Сол кезде бірқатар мәдениет антропологтары: М. Мид, Р. Линтон, Б. Малиновский және т.б. АҚШ-тың англосаксондық мәдениетінің үндістер мен афро-американдықтарға ықпал етумен байланысты аккультурация механизмдері мен ерекшеліктерін зерттеді. Сол зерттеу барысында мәдениет-реципиент реакциясының үш түрі анықталды: қабылдау (ескі мәдениет орнын жаңа мәдениеттің толық басуы); бейімдеушілік (ескі мәдениеттің жартылай өзгеруі); реакция (жаңа мәдениеттен мүлдем бас тарту). Кейіннен бұл жоба басқа зерттеулерде де қолданыла бастады. ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдары аккультурацияны зерттеу саны күрт өскен болатын, бұған бірнеше себептер бар – Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін жеңіске жеткен елдер бірқатар елдерді өзара бөліп алғанын білеміз. Осы жағдайдан кейін жеңіске жеткен және жеңілген елдердің халықтары бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуге мәжбүр болды десек болады (әрине, кей жағдайларда өз еркімен тығыз қарым-қатынасқа түсу кездері де болған). Аккультурациямен байланысты әр түрлі аумақтарда батыстандыру (американдандыру), испандандыру, жапондандыру, қытайландыру процестері зерттелінді (Дж. Фостер, Дж. Феланидр).
Аккультурация процесінде ықпал тек үстемдік етуші мәдениет тарапынан болмайды, сонымен қатар, субмәдениеттер тарапынан да болады; мысалы, африкалық музыка формалары батыс өнеріне деген ықпал туралы айтуға болады, АҚШ-тағы, Батыс Еуропадағы ән шерулерінде африкалық ритмдік немесе бразилдік музыка нақышындағы әндер басты орындарды алып жатады.
Екінші және үшінші мыңжылдықтар аралығында адамзат мемлекеттер, халықтар және олардың мәдениеттерінің өзара байланысы мен өзара тәуелділік жолымен дамып келе жатқандығын көріп отырмыз. Бұл процесс дүниежүзінің барлық тұрғындарын да қамтып отыр. Бүгінгі күнде өзге халықтар, жеке аймақтарда өмір сүріп отырған өзге қоғамдық орта тарапынан мәдени әсерді сезінбеген бірде-бір этникалық қауымдастық жоқ. Бұл әртүрлі мемлекеттер мен мәдениеттердің мемлекеттік институттар, әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар және жеке тұлғалар арсындағы мәдени алмасу мен сұхбатында көрініс тапты. Мәдениеттер мен халықтардың өзара әрекет ету шеңберінің кеңеюі мәдени ерекшеліктер мен мәдениеттің өзіндік ерекшелігі туралы мәселені одан әрі өзектілендіре түседі. Қазіргі адамзаттың мәдени көптүрлілігі күннен күнге артып келе жатыр, сонымен қатар, осы адамзатты құрап отырған халықтар, осы көптүрлілікті пайдалана отырып, өз мәдениетін сақтау үшін әртүрлі құралдар мен тәсілдерді пайдалана алады. Мәдени өзіндік ерекшелікті сақтау үрдісі, адамзаттың бір-бірімен қарым-қатынасы тығызданған сайын және біртұтас жүйе болған сайын, әр халық, әр ұлт өз мәдени ерекшелігін жоғалтпайды деген заңдылықты мақұлдай түседі. Бұндай қоғамдық дамудың үрдістер контекстінде халықтардың бір-бірін түсініп, мойындау үшін олардың мәдени айырмашылықтардың ескеру қажет.
[36, 17-18 бб.].
Ассимиляция (лат. assimilatio – ұқсас болу) – бұл белгілі бір халықтың, этникалық топтың екінші бір топқа, халыққа толықтай еніп, өз тілін, мәдениетін, этникалық сана-сезімінен айырылу. Ассимиляция түрлері:
табиғи жолмен жүретін ассимиляция, яғни, этникалық айырмашылықтары бар халық топтарының бір-бірімен араласуы, аралас ұлт өкілдерінің некеге тұрып, жанұя құруы және т.с.с. арқылы жүретін процесс;
белгілі бір күшпен жүретін ассимиляция (күштеу ассимиляциясы) – бұл ассимиляция түрі ұлт өкілдерінің арасында теңсіздік болатын мемлекеттерде орын алады.
Ассимиляция ұғымы ХІХ ғасырдың соңы кезінен америкалық әлеуметтік ғылымда (алғашқыды «американдандыру» сөзіне синоним ретінде) пайдалана бастады. Ассимиляция терминінің алғашқы анықтамаларын Р. Парк пен Э. Берджес берген болатын. ХХ ғасырдың ортасына дейін ассимиляция термині АҚШ-тың басым тұрғындары болып табылатын ақ нәсілдер мәдениетіне үндістер ру-тайпалардың қосылуын зерттеу үшін пайдаланған болатын. ХХ ғасырдың екінші жартысынан кейін ассимиляцияның зерттеу шеңбері кеңейе түсті. Американдық зерттеуші М. Гордон АҚШ-та аз санды ұлттар мәдениетінің басым санды ұлттардың мәдениетінде толық ассимиляциялануы жүрмейді деп есептейді. Басқарушы және басқарушы қол астындағы топтардағы мәдениет элементтері бірлесе отырып, жаңа, тұрақты бірлестікті (жаңа мәдениетті) қалыптастыратын әр түрлі деңгейдегі араласушылықтар болады. Сонымен қатар, антропологтар кері әсерлерді де айқындап шығарды, яғни, аз санды топтар мәдениеті көп санды топ мәдениетіне әсер етуі.
Ассимиляция – бұл қоғам дамуы дағдарыс (демографиялық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және т.с.с.) кезеңдеріне тән. Әрбір этнос өзіндік ерекшеліктегі ұлттық дәстүрде қалыптасты және дамыды. Кей жағдайларда, ұлттық мәдениет дәстүрлері уақыт өте келе қоғамда болып жатқан әлеуметтік өзгерістер принциптеріне қарама-қайшы келеді. Сол уақытта, этнос екі мәдениет бағыттарының бірін таңдайды (ал этностың болашағы осы таңдауға байланысты): ұлттық мәдениетті таңдаған жағдайда өзіне тән өзгешелікті сақтайды, бірақ өмірдің даму үрдістеріне ілеспей, қалып қою қауіпі бар немесе «саяси оппозиция» күйін кешеді; ал егер қоғамдық өзгеру принциптерін таңдаған болса, онда өзіне ғана тән ұлттық рухани және материалды дәстүрден, сана-сезімінен айырылуы мүмкіндігі бар. (Айтып кететін нәрсе – қоғам осы уақытқа дейін, өкінішке орай, ұлттық дәстүр принциптеріне сайма-сай келетін ұнамдылық, әдептілік және тағы да басқа қоғамдық рухани құндылық принциптерін қалыптастырған жоқ, ал бұл принциптер болса қоғамның позитивті рухани және материалды дамуына толықтай кепіл бола алады).
Сөйтіп, нәтижесінде өз мәдениет элементтерін жартылай немесе толықтай жоғалтады, ал кей жағдайларда олардың ұлттық сана-сезімінің толықтай өзгеруіне алып келеді.
Этникалық ассимиляцияның объективті негізі қазіргі таңдағы әр түрлі мемлекеттер, аймақтар халықтары, жалпы Әлем өмірінің жаһандануы болып табылады. Бұл жерде басты маңызды мемлекет аралық және аймақ аралық миграцияның күшеюі, ұлтаралық некелер санының өсуі және т.б. атқарады. Еркін түрде және біртіндеп жүріп жатқан ассимиляция ешбір этника-аралық қақтығыстарды тудырмайды. Ал күшпен жүргізіліп отырған ассимиляция (дискриминация және сегрегация) ұлт өкілдері арасында теңдік құқықтары сақталмай отырған мемлекеттерде болуымен қатар ұлт өкілдері арасындағы шиеліністер, дау-дамайлар жиі болып тұрады.
Американдық антрополог Ф. Бок мәдени антропология жөнінде мақалалар жинағының кіріспе бөлімінде мәдениетке мынадай анықтама береді: «Мәдениет, бұл сөздің кең мағынасында, – егер сен үйіңнен кетсең, бұның кесірінен жат боласың. Мәдениет адамдар айтатын және көрсететін барлық ой-ұстанымдар мен барлық үміттерді қамтитын дүние... Егер сен өз тобыңда, мәдениетті бірге бөлісетін адамдар ортасында болсаң, сен өз сөзіңді және іс-қимылыңды алдын ала ой таразысына салмайсың, өйткені сен және олар бір ой-ұстаным әлемінде бірге өмір сүресіңдер және бір-біріңнен нені күтуге болатынын да білесіңдер. Ал егер сен жат мәдениет әлемінде жүрсең, сен өзіңді біртүрлі сезінесің, яғни өзіңді әлсіз және белгілі бір бағыты жоқ жандай сезінесің – осы күйді мәдени шок деп атайды» [37, 98 б.].
Мәдени шоктың мәні – ескі және жаңа мәдени ережелер мен бағыттардың қақтығысы. Ескі мәдениет – бұл индивид тастап кеткен қоғам мәдениеті, ал жаңа мәдениет – бұл индивидтың жаңа қоғамға еніп, қабылдап алған мәдениеті. Яғни, мәдени шок дегеніміз индивид санасы деңгейіндегі екі мәдениеттің қақтығысы.
Ф. Боктың пікірі бойынша, бұл қақтығысты шешудің төрт жолы бар:
1 Геттоизация. Бұл жағдай индивид жаңа қоғамға енген кезде болады, осы индивид жат мәдениетпен белгілі бір себептермен (тілді білмеуі, табиғи жасқаншықтық, діни ұстанымға және т.б. жағдайларға байланысты) бетпе-бет келуге тырыспайды. Бұл жағдайда ол өз мәдени ортасын (өзге мәдени ортадан оқшаулау) – туған-туысқандар бас қосқан ортаны қалыптастыруға тырысады. Мысалы, Нью-Йорктағы қытай кварталы немесе Берлиндегі Кройцберг ықшамында түрік кварталы. Бұл жерлерде, бір қызығы, сол мемлекеттің тілін білмей өмір сүруге болады.
2 Геттоизацияға қарама-қайшылықты ассимиляция тәсілі. Бұл жағдайда индивид өз мәдениетінен толық бас тартып, өмір сүру үшін қажетті өзге жұрттың мәдениетін игеруге талпынады. Әрине, әр уақытта бұған қол жеткізіле бермейді, оның бірнеше себептері бар – ассимиляцияға түсуге талпынған тұлғаның икемділігінің жеткіліксіздігі немесе тұлғаның мүше болғысы келетін мәдени топтың қарсы болуы. Мысалы, бірқатар Еуропа елдерінде (Франция, Германия) ТМД елдерінен барған эммигранттарға қарсылық көрсетіледі. Эммигранттар сол елдің тілін игеріп, бар ынтамен сол елдің мәдениеттін құрметтесе де, белгілі бір себептермен, жағдайлармен әр уақытта туған-туысқандардан немесе «мұңдастардан» құралған ортаға ығыстырылып шығарылады. Ал, бұл эммигранттардың балаларына, өзге мәдениетте кішкентай кездерінен өскендіктен, ассимиляция көп қиындықтар туғызбайды.
3 Мәдени алмасу мен өзара әрекеттен тұратын аралық. Мәдени алмасу процесі екі жаққа пайда мен байлыққа әкелу үшін екі жақ бір-біріне жылы қабақ көрсетуі және ашық болуы тиіс. Бірақ, өкінішке орай, практикада мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Алғашқы кезден-ақ екі жақ теңбе-тең келмейді: бірінші жақ – автохтонды, ал екінші жақ – эмигранттар. Тарихта оң нәтиже берген мәдени өзара әрекеттер мысалдары бар: Германияғы Варфоломей түні оқиғасынан қашқан гугеноттар француздық мәдениет пен неміс мәдениетінің жақындасуына көп ықпал етті; билік басына нацистер келген соң Германиядан кеткен неміс философтары мен ғалымдар ағылшын тілді елдердің ғылым мен философиясына қосқан үлесі мол. (Осындай өзара әрекеттің нәтижелері, кей кездері, процесс барысында емес, бірнеше уақыт өткен соң көрінеді).
4 Жартылай ассимиляция. Индивид жартылай өз мәдениетін өзге мәдениет ортасы пайдасына құрбан етуі кезінде орын алады. Мысалы, индивид жұмыс кезінде өзге мәдениеттің тәртібі мен заңдылықтарын басшылыққа алады, ал жанұясында өз мәдениетімен өмір сүреді. Бұндай практика кең түрде қолданылады. Эмигранттар көбінесе жартылай ассимиляция тәсілімен өмір сүреді.
«Мәдени лаг» мәдениеттің бір бөлігі тез, ал екінші бір бөлігі баяу өзгеру күйін сипаттайды. Бұл ұғымды ғылымға енгізген американдық әлеуметтанушы У. Озборн болатын. Оның ойынша, адам баласының құндылық әлемі материалды сферадағы өзгерістердің тез қарқынды жүру процесіне ілесе алмайды. Көбінесе, бұдан жас буын өкілдері зардап шегеді. Олардың рухани әлемі материалды жағдай сияқты тез өзгермейді.
Мәдениет динамикасының диалектикасы үздіксіз өткен, болған кезеңнен бүгінге, болашаққа өтуінен тұрады. Өткен күннің жинақталған тәжірибесіне, бұрынғы мәдени тәжірибені анықтауды талап ететін, бүгінгі күннің күнделікті өмір практикасы қарама-қарсы болады.
Өткенннің ескерткіші болып табылатын құндылықтар мен рәміздер жаңа мәдениеттің маңызды факторы болады. Мәдениеттегі инновациялық үрдіс өмір динамикасынан туындайды.
Кей жағдайларда мәдени динамика және әлеуметтік динамика араларында уақыт жағынан ара қашықтық алшақ болады. Қоғамға техникалық, технологиялық жаңалықтар келіп жатса да, халық оған бірден мәдени және әлеуметтік тұрғыдан бейімделе алмады. Жастар қаншалықты компьютерлік, технологиялық және тағы да басқа жаңалықтарды қолданып, пайдаланса да, оның ұнамдылық, өнегелік құндылық мөлшерін қаншалықты екеніне еш мән бермейді. Яғни, ұялы телефоны бар жастар Интернет жүйесі арқылы пайдасы жоқ, дәйексіз, негативті, руханилықтың дағдарысқа ұшырататын ақпараттарға аз уақыт ішінде қол жеткізіп жатады.
Ресейлік мәдениеттану оқулықтары мен сөздіктерінің авторы Кравченко А. И. өз еңбектерінде мәдени лаг туралы мынадай ой-толғаныстарын береді: «Америка Құрама Штаттарында жазу машинасы мен автокөліктің ойлап табылуы және олардың адам баласы өміріне келуі, бірқатар радикалды өзгерулерге негіз болуы тиіс еді. Жазу машинасы канцелярлық жұмыстың сапалы өзгеруіне негіз болуы тиіс болса да, американдық әйелдер қауымы офистарда жұмыс істеуге асықпады. Себебі, сол қоғамда орын алған пікір, – «әйел адам үйде отырып, үй шаруашылығымен айналысуы керек», олардың ер азаматтармен бірге еңбек етуіне кедергі болды. Осындай стереотипті пікірден арылу үшін елу жылдай уақыт керек болды, сонымен елу жылдан кейін, нәтижесінде, мәдени құндылықтар өзгерді, қоғамда хатшының жаңа әлеуметтік ролі пайда болды.
АҚШ-та мәдени өмірдің (түбегейлі деп айтуға келетін) өзгеруіне әсер еткен жағдай – бұл автокөліктің дүниеге келуі. Ер адамдар, әсіресе, жасөспірімдер, автокөлікті өз ғашықтарымен кездесулерді өткізуге болатын «дөңгелектегі диван» деп қабылдады. Жасөспірімдер «сенімді досымен» бірге ата-аналардың және мектеп әкімшіліктерінің бақылауынан кетіп қалып жүрді. Қолданысқа бозбала мен бойжеткеннің арасындағы қарым-қатынастың жаңа түрі енді. Нәтижесінде, некеге тұру уақытын бекітетін, некеге дейін қарым-қатынасты бақылайтын нормалар және осы жағдайлармен байланысты әлеуметтік қатынастар өзгерді» [38, 132-133 бб.]. Әрине, жазу машинасы мен автокөліктің пайда болуы осындай өзгерістердің негізгі және тікелей себебі деп біржақты есептеу дұрыс болмас, бірақ олар мәдени құндылықтардың өзгеруіне әсер еткені еш күмән келтірмейтіні – хақ.
«Мәдени лаг» тек батыс қоғамының жағдайын суреттеп қоймайды, ол біздің қазақ қоғамымыздың жағдайын да бейнелейді. Жас буын өкілдерінің автокөлікке қол жеткізгені, аз да болса да ақша тауып, әке-шеше тәрбиесінен кетуі (үйден кетуі немесе қаржы жағынан еркіндікке қол жеткізуі), американдық, батыстық стилде өмір сүруге талпынуы (талғамсыз еліктеуі) және т.с.с. келеңсіз жағдайлар біздің елдің қоғамында бар дүниелер болып табылады.
Мәдени лаг ұғымымен «мәдени арта қалушылық» ұғымы тығыз байланысты. Мәдени арта қалушылықтың болу себебі мынаған байланысты – материалды емес (рухани) мәдениет даму жағынан материалды мәдениеттің артынан ілесе алмауы. Мысалы, Кеңестік дәуір кезінде, яғни ХХ ғасырдың 80-шы жалдардың соңында дамудың социалистік стратегиясынан капиталистік дамуға бет бұру елге жаңа нарықтық-қаржылық құрылымның қалыптасуына әкелді. Бірақ та дәстүрлер, құндылықты бағыт-бағдары және халықтың көбінің көзқарастары дамудың алдыңғы кезеңіне сәйкес болды.
Мәдениеттің «даму шыңдары», бұл ұғымды мәдениет дамуының бағыттары мен шыңдарын зерттеген американдық мәдениеттанушы А. Кребер (1876-1960) енгізген болатын. Оның тұжырымы бойынша, мәдениеттің бір емес, бірнеше «даму шыңдары» болған. Мысалы, Германия мен Жапонияда – 4, Үндістан мен Қытайда – 2, грек-римдік мәдениетте – бірнеше, ал араб мәдениетінде біреу. А. Кребердің пікірі бойынша, әдетте рухани даму шыңдары экономикалық әл-ауқаттың жақсы болуымен байланысты болмайды.
Мәдениеттің даму шыңдары «мәдени ареалға» байланысты болады. «Мәдени ареал» дегеніміз мәдени ерекшеліктердің ұқсастығымен ерекшелінген айқын анықталған географиялық аймақ. Оның ішінен «мәдени орталық» – мәдени белгілердің ең көп шоғырланған аумағы, сонымен қатар «мәдени шекаралар» – бұл осы мәдениеттің өзге мәдениетпен тоғысқан орны, нәтижесінде өз мәдениетінің белгілерінің орнын көрші ареалдан алынған мәдениет белгілері басады және қабылдау процесі біртіндеп өрши түседі. Мәдениеттің дамуы ішкі инновация мен сыртқы әлемнен қабылдауға негізделеді. Бірақ, бұл екеуі де мәдениетке әр түрлі әсер етуі мүмкін: әлде дамудың қарқындылығын тоқтатады, әлде оны өршіте түседі.
Қазіргі таңда Әлемде болып жатқан сұхбаттық тәжірибенің құрылуын түсіндіру үшін ресейлік ғалым Г. М. Пономарева үш позицияны бөліп қарастырады:
тең дәрежелі диалог;
жалған диалог;
оқшаулану».
Ғалым әрі қарай былай деп жазады – «мәдениеттердің тең құқылы сұхбаты, мәдени-тарихи қалыптасу жолымен ерекшелену, құнды ядро – ХХІ ғасырда мәдениеттердің өзара әрекет етуінің мінсіз моделі осындай болуы тиіс. Сұхбат дегеніміз мәдени айырбастаудың, мәдениеттердің өзара байытудың тәсіл-амалы; географиялық ортаға байланысты немесе саналы түрде сыртқы әлемнен оқшаулану өзіндік сарқылмас байлық, құндылық көзін жоюға апарады, ал мұның аяғы мәдениеттің жоғалуына алып келеді. Ал тең құқылы сұхбат деп бір-бірімен сұхбаттасатын жақтардың тең дәрежелігін есептейді, болмаған жағдайда – күшті жақ жағынан жол берушілік болуы тиіс, өйтпеген жағдайда хаостық, қақтығыстық жағдай қалыптасуы мүмкін». [39, 42 б.].
Мәдени өзара әрекет ету – бұл мәдени «контакт», ол ешқандай әсерсіз, өзгеріссіз болуы мүмкін немесе бір-бірімен мәдени сұхбатқа түскен мәдениеттердің бір жақты әлде екі жақты өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Мәдениеттер сұхбаты кезінде әр ұлттық мәдениет өз өзгешілдігін сақтап қалу мәселесі туындайтыны белгілі – бұл заңдылықты құбылыс. Мұндай құбылыс өзгемен сұхбаттасуға ынта-жігері бар және өз табиғатын жоғалтқысы келмейтін «жаны тірі» мәденитке тән.
Диалектика тұрғысынан дамитын әрбір процесс тәрізді мәдениет феномені тұрақты және дамыйтын (жаңашылдық) белгілерге ие. Мәдениеттің тұрақты белгісі – бұл мәдени дәстүр. Яғни, осы мәдени дәстүр арқылы тарихта адамзат тәжірибелері жиналады және ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Және әрбір жаңа ұрпақ ата-бабалары жинақтап қалдырып кеткен тәжірибелерге өз іс-әрекеттерінде сүйеніп осы тәжірибе, үлгі-өнегелердің, маңыздылығын арттыра түседі.
Дәстүрді қадірлеп ұстанатын қоғамда мәдениетті игеру кезінде осы мәдениеттің үлгілері қайта жаңғыртылады, тіпті, қандай да бір өзгерістерді енгізсе де, тек дәстүр шеңберіне сай қасиеттерді енгізеді.
Дәстүр негізінде мәдениет өз қызметін атқарады. Дәстүрдің маңыздылығы, тіпті, шығармашылық маңыздылығынан да жоғары, сонда, шығармашылық дегеніміз адам баласының өзін мәдениет субъектісі ретінде қалыптастыруы болып табылады, ал мәдениеттің өзі – материалды және идеалды объектілерге толы әрекеттердің дайын және стереотипті бағдарламалар жинағы. Стеоретипті бағдарламалар – бұл салт-дәстүрлер, рәсімдер және т.б. Бағдарламалардағы өзгерістердің өзі өте баяу жүреді. Осылай алғашқы қауымдық қоғамда және дәстүрлі мәдениеттің соңғы кезеңдерінде болады.
Бұндай тұрақты мәдени дәстүр белгілі бір жағдайларда адамдар тобының өмір сүруі үшін қажет. Ал, егер қандай да бір қоғам гипертрофиялық (шамадан тыс жоғарлату) дәстүрліктен бас тартып, мәдениеттің динамикалық түрлерін ары қарай дамытса, онда адамдар мәдени дәстүрлерден мүлдем бас тарта алады деген сөз емес. Ешбір жеке адам, халық және мемлекет мәдениеті дәстүрсіз өмір сүре алмайды.
Мәдени дәстүр тарихи естелік ретінде мәдениеттің өмір сүру шарты ғана емес, сонымен қатар, мәдениеттің дамуына ықпал жасайтын жағдай. Жаңа заман мәдениетін диалектика жолымен теріске немесе жоққа шығара отырып, «ескі» мәдениеттің жақсы деген қасиеттерін сараптап, зерттеп өз бойына сіңіреді. Бұл процесс – қалыпты процесс, яғни мәдениет саласында әрекет ететін және аса маңызды мәнге ие дамудың жалпы заңы болып табылады.
Мәдениеттегі дәстүрлер және мәдени мұраларға деген қарым-қатынас мәдениеттің тек сақталуына ғана емес, сонымен қатар, мәдениеттің ары қарай дамуына да септігін тигізеді, яғни «ескіні» ескере отырып, жаңа мәдениетті шығармашылық әрекет барысында қалыптастыру. Дегенмен, шығармашылық процестің өзі шығармашылық әрекет субъектісі арқылы жүзеге асады. Бірақ, тағы бір айтар жайт – барлық новаторлық (жаңашылдық) дүние мәдениет шығармашылығы емес. Әрбір мәдениет шығармасы ерекшелік немесе өзгешелікпен тығыз байланысты. Әрбір мәдени құндылықтар бір-бірін қайталамайды (көркем шығармалар, әрбір мәдени жаңалық, т.б.). Әлемге мәлім болған мәдени дүниені әр түрлі пішінде шығару – бұл мәдениетті пайымдау нәтижесі емес, керісінше, тарату болып табылады. Бірақ мұның өзі де қажет, өйткені қоғамдағы мәдениеттің қызмет ету процесіне адамдарды әрекет етуге араластырады. Ал мәдениет шығармашылығы адам баласының мәдениетті пайымдау әрекетінің тарихи даму процесінің құрамында міндетті түрде жаңаның болуын талап етеді, сөйтіп, ол инновацияның қайнар көзі болып табылады. Жаңа дүниенің барлығы мәдениет құбылысы емес және мәдени процестің құрамындағы барлық жаңалықтар мәдениеттің гуманистік күштеріне жауап беретін және алдыңғы қатарлы болып табылмайды. Мәдениетте прогрессивті және реакциялық (жауап қайтару) үрдістер бар. Мәдениет дамуы – қарама-қайшылықты процесс, мұнда белгілі бір тарихи кезеңнің әлеуметтік таптық, ұлттық мүдделерінің қарама-қарсылығы көрінеді. Мәдениетте алдыңғы қатарлы және прогрессивті нышанды бекіту үшін күресу керек.
Әрбір ұлт мәдениетінде жалпы адамзаттық ұнамдылық принциптеріне негізделген консервативті дәстүрлер еркін жеке тұлғалық рухани ізденіспен бірлесіп, үйлесімділікті құраса, осы мәдениеттің қайталанбас ерекшеліктері сақталады. Ұлт мәдениеті оқшауланып өмір сүруі тиіс емес, оған сұхбат және жалғастық қажет. Мәдениет сұхбаты көлденеңнен (бұл жерде, яғни бір уақыттық кеңістікте сұхбат, өзара ықпал ету, өзара ену процестері жүреді) де, тігінен (өткен уақыт осы шаққа және болашақ уақытқа тәжірибе, сабақ ретінде қызмет етеді) де жүреді.
Өзгеріс мәдениеттің бөлінбес ерікшелігі болып есептелінеді және оның бойында мәдени құбылыстардың ішкі «трансформациялық» өзгерістер (белгілі бір уақыт аралығында олардың өзгеруі) мен сыртқы өзгерістер (өзара әрекет ету, кеңістікте орын ауыстыру, т.б.) болады. Осыған байланысты мәдениеттің біртіндеп жүретін қозғалыс және бір күйден екінші бір күйге ауысу процестері жүреді.
Сыртқы өзгерістер бар мәдени қалыптардың кеңеюі арқылы және сапасы жағынан жаңарған мәдени қалыптардың пайда болуымен көрінеді. Осы арқылы өзгеріс мәдениетте мәдениет динамикасы «темпте» және «ритмде» көрінетін белсенділік пен баяулау түрінде жүреді.
Мәдени өзгеріс процесс мәдени тәжірибенің әр түрлі элементтері туындайды, бектіледі және таратылады. Бұл элементтердің мәні, ықпалы және дәрежесі көбінесе олардың пайда болу қайнар көздеріне байланысты. Мәдени антропологияда мәдени динамиканың келесі қайнар көздерін атап көрсетуге болады: инновация, мәдени мұраға бет бұру, қабылдап алушылық, мәдени диффузия.
Инновация деп адамдар өміріндегі жағдайларды, ойлау жүйесінің немесе дүниені қабылдаудың жаңа түрін қалыптастыруға бағытталған кейіптердің, рәміздердің, әдеп-ғұрып ережелерінің, іс-әрекеттердің жаңа түрлерін шығару және қалыптастыру процесінің нәтижесін айтуға болады.
Жаңашылдықтың пайда болу себептерінің бірі – белгілі бір жеке адамдардың немесе топтардың басқарушы позицияны алып отырған мәдени құндылықтарды, тиянақтаушы ережелерді, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, әдеп ережелерін қабылдамауы, осының салдарынан өзінің жеке мәдени және әлеуметтік институттарын ішкі рухани әлеміне бейімдеп, қалыптастырады. Ал бұның өзі инновациялар дәстүрлі мәдениеттерде және қазіргі уақыт (модерндік) мәдениеттерінде пайда болады дегенді білдіреді. Бұқаралық деңгейде мәдени инновацияның тудырушылары көп жағдайларда белгілі бір қоғамға гетероген болып табылатын басқа бір әлеуметтік-мәдени ортаның немесе басқа бір мемлекеттің өкілдері болады.
Қандай да бір инновацияның шығу тарихы мәдени шынайлықта немесе тіршілік етіп отырған мәдени әрекетте абыройлы орынға ие бола алмаған қоғамның белгілі бір өкілдері осы новациялардың тасымалдаушылары болып табылады.
Мәдениеттегі инновациялық үрдістің себебі – өндірістік құрал-жабдықтар әр бір-екі жыл сайын өзгеріп отырады. Бұған (яғни, өзгеріске) күш беретін – өндірістің және қоғамның барлық іс-әрекеттерінде ақпараттың кең көлемділігі. Ал өндірістің жаңаруы мен тиімділігінің жоғарлауына адам баласы, оның білімі, тәжірибесі, қабілеті, шығармашылық мүмкіндіктері өз ықпалын тигізеді.
Осыған байланысты қоғамдық ағза тез қарқынды трансформацияға ұшырайды.
Инновациялық пен дәстүрлілік өндіріс, ғылым, техника, мәдениет, экономика, өнер, т.б. дамуында өзарабайланысқан жүйелер болып табылады.
Мәдениеттанудың кең контекстінде дәстүрді қандай да бір дамудың қажетті шарты деп қарастыру қажет. Дәстүрін, өзінің тарихи ескерткішін жоғалтқан қоғам деградацияға ұшырайды. Өйткені ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі және үлкен әлеуметтік ортада маргинализация процесі, сонымен қатар, басқа да деструктивті процестер жүреді. Екінші жағынан, қоғам өзгермей өмір сүре алмайды. Сонымен, жалғастықтың жалпы мәдени принципінде инновациялық пен дәстүрліктің бірлігі әлеуметтік прогрестің маңызды алғышарты болып табылады. Динамикалық түрде өзгеретін бірлікте келесі тізбек қатарына, әдеттегі, қазіргі (қазіргі ғылым, қазіргі техника, қазіргі экономика, қазіргі саясат және т.б.) деп атайтын мәдениеттің элементтері кіреді.
Инновациялық мәдениеттің негізгі мақсаты – ескі (өткен шақ, «классика»), қазіргі (осы шақ, «модерн») және жаңа (болшақ, «футур») арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру және оны сақтау.
Инновациялық қабылдау ескі, қазіргі және жаңадан алатыны тең көлемді болмағандықтан, кей кездері, ескінің бөлінуіне, қазіргінің мобильденуіне және жаңаның экспансиясына түрткі болады. Әрбір ұлт, халық, қоғам, жеке адам мәдениеті өзгешелігін осы үштіктің өзара тәуелділігі қамтамасыз етеді.
Американдық философ және әлеуметтанушы Р. Мертонның пікірі бойынша, «определенная степень отклонения от действующих норм является функциональной (в положительном смысле) для базовых целей всех основных социальных групп. Новаторство, достигшее некоторого критического уровня, может вылиться в формирование новых институциональных моделей поведения, которые окажутся более адаптивными, чем старые. Если инновации прорываются сквозь все фильтрирующие механизмы и получают широкое общественное признание, начинается фаза их распространения» [40, 176 б.]. .
Сонымен, инновациялық мәдениет – бұл инновациялық жүйеде ескі, қазіргі және жаңаның динамикалық бірлігін сақтай отырып, адам баласы іс-әрекетінің әр түрлі салалардағы жаңалықтарды мақсатты дайындықтың, кешенді ендірудің және жан-жақты игерудің білімі, қабілеттілігі және тәжірибесі. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалғастық принципті ұстана отырып, еркін түрде жаңаны тудыру. Адам баласы мәдениет субъектісі ретінде қоршаған әлемді (табиғи, заттық, рухани әлемдерді) және өзін өзгертіп, жаңартып отырады.
Нәтижелей келе, мынадай қорытынды жасауға болады: «инновациялар – бұл әлеуметтік-мәдени өзгерістер үшін қажетті алғышарттарды тудыратын жаңа технологиялар мен жаңа мінез әрекеттерді қалыптастыру механизмі». Қоғамның бейімделуге деген қабілеттілігі, яғни, адам баласына және адамзатқа қиындық туғызатын мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін қабілеттілігі, тарихи тұрғыда аса маңызды рольге ие емес, бірақ та, адам баласы мәдениетінде шынайы өмірді көрсететін, әрекеттерді тасымалдайтын және жаңалықтың элементтерін ендіретін рәсім, ойын процестерінде және тағы да басқа әрекеттерде туындайды. Инновация адам баласының шығармашылыққа деген қабілеттілігіне және осы шығармашылық нәтижелерін қауымдастықтың қабылдап алу немесе бейімдеп алу мүмкіндігіне тәуелді болады.
Кейбір мәдениеттер қоғамның дәстүрлігіне және инновацияның қолдауына ие болады. Индивидтің санасында туындайтын жаңа идеялар қоғамда кең қолданысқа ие болып жатады, ал мұның өзі әлеуметтік-мәдени өзгерістер үшін мүмкіндік туғызады. Тарату, қабылдау немесе қабылдап алмау, модификация процестерінің өзі шығармашылықты-инновативті процестер болып табылады. Дәстүр мен инновация арасындағы ара қатынас адамзат қауымдастығының бейімделу стратегиясының дамуын анықтайтын тарихи жағдайларға және шарттарға байланысты болады.
Сонымен, мәдениет құрамында тұрақты және өзгермелі қасиеттер бар. Мәдениеттің тұрақтылығын және инертілігін қамтамасыз ететін – бұл дәстүр. Дәстүр – бұл ұрпақтан ұрпаққа өзгермей, сол қалпында беріліп отыратын мәдени мұра (идеялар, құндылықтар, әдет-ғұрып, рәсімдер, т.б.) элементтері. Дәстүр мәдениеттің барлық формаларында бар, мысалы, ғылыми дәстүр, діни дәстүр, ұлттық дәстүр, еңбек дәстүрі, ұнамдылық дәстүрі және т.б. Осы дәстүрлердің арқасында жас буын ештеңені де ойлап таппай, адамзат тәжірибесі арқылы қол жеткізген, уақыт илегінен өткен жетістіктерді игеріп, оларды ары қарай позитивті түрде дамытуы қажет.
Дәстүрлер жүйесі қоғамдық организмінің тұтастығын, тұрақтылығын, табандылығын бейнелейді. Ол жүйеге дөрекілікпен араласудың қажеті жоқ, өйтпеген жағдайда бұл жүйенің үйлесімділігін бұзып, мәдениеттің маңызды механизмдерін зақымдайды, сөйтіп, жүйені ауруға ұшыратады.
Мәдениет жаңармай өмір сүре алмайды. Өзгеріс және шығармашылық қоғам дамуының екінші бір жағы болып табылады. Жаңашылдық (инновация) мәдениеттің жаңару тәсілі. Дәстүрлік пен жаңашылдықтың бірлігі әрбір мәдениеттің әмбебапты мінездемесін қамтамасыз етеді.
Қандай да болмасын мәдени диффузия анық болсын я анық емес болсын, әйтеуір, өзіндік ерекшелігі бар орталық пен шеткі аймақтан (периферия) туындайды. Орталық – бұл іштей даму нәтижесінде пайда болған қандай да бір мәдени жетістігі бар қоғам. Периферия (шеткі аймақ) – бұл осындай жетістігі жоқ және ол жетістікті орталықтан алатын қоғам. Ал жеке мәдени элементтер туралы әңгіме болған кезде орталық пен периферия арасындағы айырмашылық салыстырмалы болады. Кей жағдайларда орталық перифериямен орын алмастыруы мүмкін.
Мәдени сұхбат тек ұлттар арасында ғана жүрмейді, ол тіпті жеке адамдар арасында да жүреді. Мәдени сұхбат процесінің нәтижесі позитивті немесе негативті болады, ол әрине қабылдаушы институт құрылымы мен тектілігіне де байланысты.
Қазіргі уақытта Батыс Еуропа және АҚШ-тың мәдениеттері өзге батыстық емес мәдениеттерге деген ықпалы зор болып отыр, оның себебі бірнеше факторларға байланысты:
әлеуметтің экономикалық әл-ауқаты айтарлықтай жақсы болуы;
адамдар арасындағы либералдылық қарым-қатынастың жақсы дамуы.
Бірқатар Еуропа мемлекеттері және АҚШ индустриалды-өндірістік мемлекеттер болып табылады. Ал басқа батыстық емес мемлекеттер индустриалды-өндірістік мемлекет қатарына жатса да, бұл сала айтарлықтай жақсы дамымаған (Жапон елі мен Оңтүстік Корея елінен басқа), олар шикізатты өндіретін мемлекеттер болып табылады.
Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті – оның тылсымдық сипаты. Жалпы, реципиенттер (ағыл. receipt – қабылдау) үстемдік етуші мәдениеттің құндылықтарын толық жоққа шығарады немесе толық оларды қабылдайды, тіпті болмаған жағдайда, оларды селективтілік (ағыл. selective – таңдау жасау) жолмен қабылдайды.
Мәдени диффузия – стихиялық және ешкім басшылыққа алмайтын мәдени құндылықтарды қабылдау, ол, сонымен қатар, позитивті және негативті аспектілерге ие. Бір жағынан, ол халықтарға бір-бірімен сұхбаттасуға және бір-бірін тануға мүмкіндік береді. Сұхбат пен танымның негізгі қызметтерінің бірі – бұл, халықтар арасындағы алшақтықты жойып, оларды жақындастыру. Екінші жағынан, шектен тыс сұхбаттасу мен қабылдаушылық белсенділігі мәдени өзіндік ерекшеліктерді жойып жіберуі әбден мүмкін. Ал бұл аккультурация және ассимиляция процестерінің нәтижелері болып табылады. Жалпыға бірдей мәдени үлгілердің Әлемге бірдей таралуы, мәдени ықпалдарға деген шекараның ашықтығы және мәдени сұхбаттың кең етек жаюы – осы факторлардың бәрі ғалымдарды қазіргі мәдениеттің жаһандануы туралы мәселені қозғауға мәжбүр етті.
Мәдениаралық процесс кезінде мәдениет бірнеше жолмен таратылады:
Мәдени деңгейдегі қабылдап алушылық (мақсат етіп алынған еліктеушілік), яғни материалды дүниелер, ғылыми ой-тұжырымдар, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, құндылықтар мен өмір сүру жүйелерін қабылдап алу. Осы белгілерді қабылдап алу себептері:
реципиент мәдениетіне ұқсас болғандықтан, жергілікті мәдениет өкілдері түсіне алатын, бағалай алатын және пайдалана алатын дүниелер болуы керек;
айқын немесе жасырын түрдегі пайданы алып келетін, халық абыройын көтеретін, прогресс баспалдақтарымен жоғары көтерілуге және басқа халықтардан жоғары болуға мүмкіндік беру;
белгілі бір этностың ішкі рухани және материалды құндылық қажеттіліктеріне жауап бере алатын дүниелер, яғни этнос құзырындағы (иелігіндегі) фундаментальды мәдени артефакттар мен мәдени жиынтықтар қанағаттандыра алмайтын басқа бір дүниелер.
Таратылымның бұл түрінің – ұйымдастырылған таратылымның (белгілі бір мақсаты бар) мақсаты өзге елдің мәдениет белгілерін немесе ерекшеліктерін саналы түрде қабылдау немесе міндеттеу болып табылады. Ұйымдастырылған таратылым экономикасы дамыған елдердің осы сала тұрғысы жағынан дамушы елдерге көмек жасауы болып табылады. Осы экономикалық көмек арқылы реципиент елдерде демократиялық өзгерістер мен капитализмнің мәдени құндылықтарын игеру процесстері жүзеге асады. Кей жағдайларда таратылымның ұйымдастырылған түрі мәдени құндылықтарды күштеп ендіру процесіне айналады.
Мәдени диффузия (стихиялық таратылым) деп екі қоғамның сұхбаты барысында бірінші қоғамның мәдениет белгілері мен жиынтықтары екінші қоғамда орын алуын айтамыз. (Диффузия ағылшын тілінен (diffusion) аударғанда тарату, көпсөзділік, жайылымды деген мағыналарды береді).
Кейбір жағдайларда, мәдениеттер сұхбаты екі қоғамға ешбір нәтиже бермеуі мүмкін немесе екі қоғам бір-біріне дәйекті де жұмсақ (лоялды) әсер етуі мүмкін, ал мұндай ықпал-әсер болғанның өзінде де бір жақты болады. Диффузия каналдары – миграция (эммиграция және иммиграция), туризм, миссионерлер қызметтері, сауда-саттылым, соғыс, ғылыми конференциялар, сауда көрмелері, жәрмеңкелер, студенттер мен кәсіпқой мамандарды айырбастау процесстері, БАҚ қызметтері және т.с.с.
Стихиялық (мақсатсыз) таратылым – өздігінен қалыптасқан мәдени артефакттар (артефакттар – адам баласы қолымен жасалынған немесе табиғат объектісінен ерекшеленетін заттар), бұл артефакттарды ешкім жоспарламаған, ешкім оларды ұйымдастырмаған және ешкім оларды бағаламайды. Олар этностардың, ұлттардың бір-бірімен сұхбаттасу нәтижесінде пайда болады және олардың уақыт шектеулігі алшақтау болады.
Тәуелсіз ашылыстар. Көбінесе ғылым саласында кездесіп жататын жағдай – бір-бірінен алшақ мемлекеттерде тұрып жатқан ғалымдар белгілі бір ғылым саласынан жаңалықтарды дүниеге әкелетінін біз білеміз. Мысалы, физикада Бойль-Мариотт заңы, Джоуль-Ленц заңы және тағы басқа ғылым салаларындағы сол сияқты заңдар. Ал қазіргі уақытта ақпараттарға алшақ арақашықтыққа қарамастан аз уақыт көлемі ішінде қол жеткізуге болатынын білеміз. Сондықтанда ғылыми жаңалықтарды заң жолмен тарата отырып, өз еңбегін қорғау үшін әр ғалым интеллектуалды иелік туралы заңмен өз иелігіне бекітуі қажет.
Мәдениеттің таратылым жолдары туралы Ресей ғалымы Семенов Ю. И. «Философия истории» (2003) деген еңбегінде мынадай құнды деректер келтіреді: «Мәдениетті зерттей отырып, археологтар қандай да бір мәдениеттің кезінде болмаған территорияда кең таралғанын, яғни мәдениеттің бір кеңістікте өз орынын ауыстырып отырғанын анықтады. Сонымен қатар, археологтар белгілі бір территорияда бір мәдениет орнына екінші бір мәдениет келіп отырғанын байқады, олар мұндай құбылысты ерте мәдениеттің кейінгі мәдениетке трансформациялану немесе эволюция процесімен түсіндіру мүмкін емес деген тұжырымға келді. Нәтижесінде тек бір ғана процеспен түсіндіру мүмкін болды, ол – қандай да бір мәдениеттің тасымалдаушылары – адамдардың миграциясы. Таптық қоғамға дейінгі кезең аралығында көшіп-қону қалыпты жағдай болатын» [40, 87-88 бб.].
Достарыңызбен бөлісу: |