Философия және мәдениеттану: Оқу құралы


Қазақ елі Шығыс пен Батыстың тоғысында



бет17/28
Дата17.10.2023
өлшемі1,26 Mb.
#117202
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   28
Байланысты:
Философия және мәдениеттану Оқу құралы-emirsaba.org

3.1. Қазақ елі Шығыс пен Батыстың тоғысында.
Батыс пен Шығыс әлемі - түйткіл ғаламның екі жартысынан тұратын тұтас бір әлем. Ғаламның екі жартысын бөліп тұрған өркениет құндылықтары тұтастанып, жаһандануда. Өркениеттер сұхбаты - ортақ рухани құндылықтардың бесігі. Тұтастанған жаһандану көшінде әр ұлт пен этностың, әр ел мен жердің, әр халық пен мемлекеттің даралығын, келбетін, ерекшелік сипатын айқындауға ұмтылған саясаттың сахнада өз рөлін ойнауы заңдылық. Алып жаһандасу көшінде ұлттық келбеті мен кемелін сақтауға, әспеттеуге, әйгілеуге, аманат етуге ұмтылған өркениеттер өрісінің жаңа лебі, жаңа екпіні әлеуеттенуде.
Өркениетті әлеміміздің тарихы дамуда. Дегенмен сол даму үдресінде тепе-теңдіктен гөрі, не басым, не кем түсіп жатқан бағыттардың алмағайып түсуі заманының шындығына айналуда. Бұл бағыттардың бір сарасы Шығыстың Батысқа, ал келесі сарасы Батыстың Шығысқа иегін бұруы басым келуі куә. Бұл заңды да құбылыс. Бірақ бұл үдеріс біржақты емес. Оның екіжақты да қайтарымы бар және болатын үдеріс. Әрине, шығыстық және батыстық, керісінше батыстық және шығыстық өркениет өзара ықпалдасып, бірін-бірі өркендетуінің өзі осы жаһандық ғаламды ортақтандыра түссе керек. Өйткені бұлай деуімізге, зерттеушілердің пайымдауынша, «Адамзаттың тұрақтылығы екі түрлі бастаулардың – Шығыс пен Батыстың бірін бірі толықтырылуына негізделеді», - деуі себеп [109, 56 б.].
Батыс пен Шығысты мәдени екі тұма ретінде қарастыра отырып, зерттеуші қауым ортақ бір қағидаға тоқталады [110, 32 б.]. Ол Батыс пен Шығыстың адамзат мәдениетінің екі тармағы, екі өркениеті, екі түрлі өмір сүру ұстанымы екендігі. Шын мәнінде, олар бір-бірінен рухани да, материалдық да құндылықтарымен ерекшеленіп, алшақтағанымен осы екі әлемді тұтас бір өркениет ретінде қарастыруға болады. Тарихқа үңілсек. Жаңаға ұмтылған, ескіні қызметі кәдеге жарап болған дүние ретінде қарастырған Батыс өте қарқынды дамыса, ал әлемнің дамуын бақылаушы ретінде қарастырған, табиғат пен бүткіл табиғи әлемді қадірлеген әрі өмірдің даму мәнінен үйлесімділік іздеген Шығыс асыға қоймады. Сонымен, Батыс пен Шығыстың мәдени әлемін ерекшелейтін, оларды бір-бірінен ерекшелейтін нендей өзгешеліктер бар. Олардың мәдени, өркениеттік дамуы, әлеуметтік-экономикалық құрылымы, саяси өмірінің қалыптасуы, рухани жаңғыруы жолындағы басты ерекшеліктер қандай?
Еуропалық Батыс адамы Шығыс адамының қолынан келмейтін өнерге (машина жасау, техникалық табыстар т.б.) баулыдым деп санап келді. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Дегенмен қалыптасып қалған қағидатты Шығыс өркениетінің жаңа келбеті мүлдем өзгертті деуге болады. Мәселен, Жапония. Күн Шығыс елі тұрақты экономикасы мен саяси құрылымен әлемнің ең жетекші елдерінің біріне айналды. Және де ғылым, техника, электроника, тіпті басқа мәдени құндылықтарға негізделмеген өзіндік рухани дамуы ең прогрессивті елдер санатына қосты. Ал аспан асты елі – Қытай бүгінде әлемдік нарықта ең байсалды ұстанымға, орасан әлеуетке ие болып отырғанын ең қуатты держава саналып келген Американың өзі мойынсұнып отыр. Қытай ХХІ ғасырда тек экономикалық дамуымен ғана емес, сондай-ақ саяси дамуымен де ерекшеленуде. Ғасырлар бойғы қатталып, сақталып, бүгінгі ұрпаққа жақсы мен жаманның бастауы іспеттес ин мен яннің мәңгілік философиясынан үйлесімдік іздеген рухани құндылықтардың өркендеуімен ерекшеленуде [111, 29 б.].
Батыс пен Шығыстың арасындағы айырмашылық писхологиялық тұрғыдан, екі өркениеттің менталитеті тұрғысынан алғанда байқалатыны рас. Еуропалық пен күншығыстық философиясы түрліше. Бұған олардың табиғат пен қоршаған ортаға деген көзқарасы мен қарым-қатынасы куә. Оған еуропалықтың табиғат «ғибадат тұтушы емес шеберхана» ретінде таныса, ал шығыстық тұлға табиғатты өзімен бірге «тұтас әлем» ретінде қарастырады. Дегенмен осы екі өркениет, екі мәдениет арасындағы айырмашылықтар жігі анық бола тұра олардың қайсысы үздік деген сұраққа жауап іздестіру артық болар еді. Өйткені екі өркениет жер шарының екі жартысы сияқты, полярлық әлемнің өзіндей бірін-бірінсіз болуы, өмір сүруі мүмкін емес тұтастық әлемі. Осы күнге дейін айтып келген Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшылықтар мен бәсекелестік қазіргі жаһандану әлемінде тұтастанып, үйлесімдік пен бірлікте дамуы белең алуда. Сондықтан бүгінгі адамзатқа ортақ әлемді Батыстың да, Шығыстың да парасатты, дарынды, өнерлі тұлғалары өркениетті дүниеге айналдыруда.
Шығыс өркениеті өмірге қабілетті келді. Ол көптеген шапқыншылықтар мен отарлау саясатын бастан өткерді. Шығыс өркениеті икемділігі мен өміршеңдігін арқасында осынау өзгерістерден өз жолын таба білді. Дегенмен өзіне ұқсас келмеген дүниелерді өңдеген жаңа бағдарлама жолындағы, техника жағынан дамыған Еуропа өркениетінен Шығыс та қалыса қоймаған болатын.
Осынау түрлі мәдениеттер тоғысындағы өркениет әлемі бір-бірін толықтыра отырып, жалпы әлемдік мәдениетті құрады. Мұнда Шығыс пен Батысты біріктіретін түрлі құндылықтар мен менталитеттердің үйлесімі қашан да салтанат құрмақ.
Қазіргі заманғы жаһандану өріс алған тұста жер шары түрлі элементтерден құралатын тұтас жүйеге айналуда. Осы орайда «Ғаламдық Шығыс және Батыс тарихы мына элементтердің негізін қалаушы дуализмге: Жер мен Су, Құрлық пен Теңізге толықтай тәуелді», - дейді Карл Шмидт. Осынау жаһандану үдерісінде болашақтың дамуы мен таяу болашағы туралы мәселелер маңызды. Батыс адамының, батыстық өнердің рухани тоқырауы жалпыға мәлім болуда. Кейбір зерттеушілер Батыс мәдениеті мен өнеріне негіз боларлық қағидаларды қарастыру мәселесін атауда. Сонымен қатар қазіргі заманғы Батыс өнерін қазіргі заманғы Шығыстың рухани мұрасымен салыстыру қажеттігі де туындауда.
Әлемнің тұтастануы жайлы қағидалар бүгінде мәдениетаралық үндесулер мен жаллпыадамзаттық төзімділік ұғымдарын дүниеге әкелді. Жаһандану жағдайында мәдениетаралық үндесу елдер арасындағы қарым-қатынасты орнатуға, жалпыадамзаттың бір-бірін түсінуде «біз» ұғымын түйсінуге ықпал етуші әлеуметтік мәдени фактор ретінде қарастырылуда. Жаһандық ойлаудың негізіне пікірлер мен идеялар алаңының, ұстанымдар мен әлемге деген көзқарастың үндесуі жатады. Нақ осы үндесулер түрлі мәдениеттер мен олардың арасындағы диалогтың түйсіу нүктесі саналды [112]. Бүгінгі әлемді бірі-біріне тәуелді экономикалық, технологиялық, ақпараттық байланыс арналары ұстап тұрғаны мәлім. Бірақ бұл байланыс арналарында өркениеттің қас жауы – қақтығыстар мен соғыстың орын алуы өте қатерлі үндеу болып отыр. С. Хантингтонның айтуынша, бүгінгі өркениет өзінің тарихы, тілі, діні, мәдениеті, дәстүрлерімен бір-бірімен ерекшеленеді, ерекшеліктер «Батыс» және «Шығыс» терминімен айқындалды. Батысқа рационализм, христиан дәстүрі, ағартушылық, демократия, дербестік тән болса, Шығыс үшін, керісінше, мистерия, сезімталдық, исламдық және буддистік (басқа да) діни ұстанымдар, дәстүршілдік, ұжымшылдық, қауымдастық, мемлекеттіктің ерекше түрі тән келді. Батыс пен Шығысты нақты бір елге таңбалау қажетсіз. Бұл географиялық ұғым саналады. Ал мәдениет даму барысында Батыстың да, Шығыстың да белгілерін өзіне сіңіруі мүмкін.
Диалогқа тән ерекшеліктерге мағыналық және әлеуметтік тұтастық тән. Диалог ерекшелігі де тілдесу барысында екі тараптың да аралық дәрежеде тепе-тең түсуі. Керісінше болған жағдайда асимметрия белгілері басым келіп, диалог монологқа ұласуы мүмкін. Сондықтан да диалог – пайда болған тұтастық бөліктерінің тепе-теңдіктерін мойындау. Тек диалог қана адамзат қарым-қатынастарының симметриялылығы мен тепе-теңдігін таразылаушы.
Диалог философиясын қазіргі заманғы батыстық мәдениеттің дағдарыстық ахуалының бастауын монолог ұстанымынан, яғни «центризмнен» деп санайды. 1922 жылы М. Бубердің жарық көрген кітабында Батыс дағдарысын «Мен және Сен» қарым-қатынасының жойылуынан деп санайды [113, 24-25 бб.]. Сонымен «монологқа» негізделген мәдениет – «орталықтандырылған мәдениет» саналады. Яғни диалогқа қатысушылардың бір тарабы келесі тарапқа үстемдігін танытады да, екінші тарап бірінші тарапты қайталайтын егізіне айналады. «Батыс-Шығыс» диалогына келсек, қазір жағдай өзгеруде. Мәселен, ХІХ ғасырда вестерн үдерісі теңдесе келе еуропалық (батыстық) үлгі жалпыға ортақ танулы тиіс деп саналған-ды. Дегенмен батыс мәдениетін игеру үдерісі өзінің жемісін бере бастады. Мәселен, Ресейде алдымен әдебиетте, атап айтқанда Тургенев творчествосында романның еуропалық үлгісі жақсы меңгерілді. Французға жақын құндылықтар дүниеге келді. Осы кезде Толстой мен Достовеский осынау француздық талғамды бұзып-жарып, жаңа түрге түрен салды. Еуропалық әлемге орыс сезімін енгізе білді. Еуропаны орыстың ашықтығымен таңырқатты. Үндістан мен Жапония да өзіндік сүрлеуді таңдаған болатын. Шын мәнінде, еуропалық ағарушылар, үнділік ойшылдар саналатын Вивеканада мен Ауробиндолар Батыстағы үнді мәдениетінің келбетін танытқан болатын. Нақ еуропалық білімдар жапондықтар еуропалықтар мен американдықтарға өздерінің дзен-буддизмге жан-дүниесімен берілгендігін әйгілей алды [114, 22 б.].
Қырғи-қабақ шымылдығы түрілмей тұрған кезеңде диалог тек қана қарама-қарсы тараптың кемістігін айту мен сынаудан аса алмаған болатын. Жаһандық қарама-қайшы екі жүйе – коммунизм мен антикоммунизм өркениеттік бастаулардың түбегейлі әркелкілігін және де жөнге келмейтін антиномиялығын дәлелдеп баққан болатын. Шын мәнінде, зерттеушілердің бар назары Батыс пен Шығыс дәстүрлерінің өзгешеліктері мен бір-біріне ұйласпайтын сипатын сараптауға бағытталған еді. Мұнда диалог кері байланысқа түсе алмайтын жабық жүйе ретінде қарастырылды. Жаңа ынтымақтастықты қажет етуде. Бірлесіп даму мен өзара қауіпсіздік жолындағы ынтымақтастық жандануда. Қазіргі әлемде бірде бір өркениет өзінің мәдение ерекшеліктеріне қарамастан жаһандық экономикалық та саяси да модернизация үдерісінен тысқары қалмақ емес. Мысал ретінде осынау өзара бір-біріне тәуелділік әлемінде Батыс елдері Шығыстық пробемалардан тысқары өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін емес. Батыс экономикалық, саяси және мәдени стандарттарының жаһандық экспанциясы, батыстық мәдениет үлгілерінің шығыс аймақтарына жасанды таңылуы Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшылықты ушықтыра түспек. «Мәдениет диалогы» ұғымы «Мәдениет өнімдерімен алмасу» баламасына алмасып, барлық құндылықтар жойылып, барлық құндылықтар мен мәдениеттерді тауарға айналдырады. Осыған орай ширек ғасыр бұрын ғалым К. Леви-Строс өзінің ойын былай деп білдірген болатын: «Қазіргінің адамы мәдениет арасындағы айырмашылықты өзіне ұнамсызын жоя отырып, түсінуге талпынады».
Батыстық-шығыстық диалог таяу 10-15 жылда қандай болады деген сауалдар, әрине, көптеген зерттеушілер мен саясаткерлерді, мәдениет пен өнер, дін қайраткерлерін толғандыратыны заңды. Болашақты болжау қиын. Бүгінгі ықпалды идеялар ертең-ақ өзінің күшін жоюы мүмкін. Керісінше, бүгінде тек қана атауы бар идеялар, ертесіне ақыл мен ойдың шыңына өрлеуі мүмкін. Дегенмен екі әлем – Батыс-Шығыс арасындағы диалог қашан да жалпыадамзаттың ынтымақтастығы мен бірлігіне негізделуі, басты ұстанымына айналуы, болашаққа болжар аспашамындай болуы тиіс. Бұл мыңдаған ғасырлардан мұрамен жеткен кешегі өркениеттің, ғаламат жылдамдықпан дамып бара жатқан жаһанданудың жемісі саналатын бүгінгі өркениеттің және де болашақ ұрпаққа аманат етерлік ертеңгі өркениет талаптары.
ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. Батыс Еуропа елдерінде буржуазия ұлттық мемлекет құру ұранын көтерді. Және осы ұранның арқасында Еуропада ұлттық мемлекеттер пайда болды да. Бұл ұлттық мемлекеттер ұлттың өзін-өзі сақтау құралы ретінде дүниеге келді. Бірақ, халықаралық құқық жүйесі ұлттардың егемендігін бекіткенімен, мемлекет ұлттың өзін-өзі сақтау, даму құралы болғанымен нақты өмірде бұлай болмады. Мұндағы бір парадокс ұлттық мемлекеттер дәуірінде мемлекеттердің көбі түрлі ұлыстардан, этностардан құралды. Барлық мемлекеттер осы ретте осы ұлыстардың әсіре ұлтшылдыққа ұрындырмауға, сөйтіп, мемлекеттің тұтастығын бұзып алмауға ұмтылды. Ғылыми теориясына жүгінсек ұлтшылдық дегеніміз бір мемлекетте тұратын екі немесе одан да көп этностардың біреуі немесе барлығы бірдей өз ұлтының тілін мемлекеттік тілге айналдыруды, билік органдарын өз өкілдерінің басқаруын, мемлекеттің өзінікі болуын қалайды, сол үшін саяси тәсілдермен күреседі. Ұлтшылдық кейбір тарихи кезеңдерде, бірде тұрғын халық отарлаушылардың кетуін талап етіп, бірде екі ұлыс мемлекеттегі билікке, саяси ықпалға таласып ел тұтастығына, ішкі тұрақтылық пен дамуға қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай ұлтшылдықтың тамырына Еуропада ертерек балта шабылды. Яғни, өндірістік-индустриалдық мәдениет қалыптасып, этникалық мәдениеттерді ығыстырып шығарды. Сондықтан, Еуропалықтар этникалық тұтастықтан гөрі, мемлекеттік тұтастық, саяси бірлікті «ұлт» деп таныды. Батыс Еуропаның қоғамдық ғылымында да бірнеше этнос бір мемлекетте бейбіт қатар өмір сүретін болса, ол мемлекеттің жұртшылығы біртұтас ұлт болып есептелді.
Ал, Шығыс елдерінің тарихы, мәдениеті, индустриясының даму деңгейі Еуропа мемлекеттерінің тарихынан, даму дәрежесінен, өркениетінен, діни түсінігінен бөлек еді. Бұл елдердің мәдениеті де, ондағы ұлттардың қалыптасу тарихы да басқаша өрбіді. Сондықтан, ұлт пен мемлекеттің жігін ашып, ұлттық мемлекет деген ұғымды толық түсіну үшін біз ұлт, этнос жайындағы ғылыми теорияларды шолып шығуға тиіспіз. «Жаһандану жағдайында көпұлтты Отанымызда қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшін ұлттық саясатта қандай мақсаттарды таңдауға тиіспіз? Қазақстан халықтарын біріктіру үшін қандай құндылықтарды насихаттау керек? Бізге бір ұлт болып ұйысу мүмкін бе?»,- деген сұрақтарға жауап беру үшін осы «ұлт» ұғымының ғылыми тұжырымдамаларын сүзіп шығуға міндеттіміз. Батыс ғалымдарының түсінігі бойынша және Батыс Еуропаның бүгінгі өмірінің ерекшеліктеріне қарағанда ұлт дегеніміз – дамыған қоғамдағы этностың жетілген түрі. Ұлт дегеніміз - феодалдық ыдыраңқылық жойылып, капитализм орнаған кезде, яғни шаруашылық және басқа да экономикалық-кәсіби қатынастар күшейген кезде, жаппай сауаттылық тарап, бір тілде әдебиет жазылып, білім беру мен өндірістік қатынастар бір тілде жүргізілгенде, сол тіл арқылы ұлттық сана-сезім пайда болғанда қалыптасатын тұтастық. Бұл анықтама Шығыс елдеріндегі ұлт анықтамасына сәйкес келмегенімен, Еуропа елдерінің тарихына сәйкес, дұрыс анықтама.
Шындығында Батыс Еуропа ұлттары капитализмнің арқасында қалыптасты. Капитализм жеке меншік пен саудаға негізделген құбылыс, сондықтан ол демократия шеңберінде ғана дамиды. Ал, демократиялық мемлекет бейбіт өмір сүре алатын, біртұтас халықтың мемлекетінде ғана орнығады. Батыс Еуропада жеке меншік сезімі, нарықтық қатынастар ерте бастан бекіді. Мұнда әр адам еңбегі мен өнімін сатып, қаражат қорын жинайды. Ал, сауда жүру үшін бір ғана тауар емес, алуан түрлі бұйымдар сатылуы керек. Бәсекеде озып шығу үшін қаражат қорын өндірісті кеңейтуге салу қажет. Бұл капитализмнің бастапқы талаптары ғана еді. Сауда мен бәсеке адамдарды өндірістің тиімді жолдарын іздестіруге итермеледі. Адамның ғылымға құмар табиғаты да индустрианың дамуына әсер етті. Осының өзі Батыс Еуропадағы ұлттық мемлекеттердің нығаюына әкелді. Мысалға, Ұлыбритания мен Францияда XIX ғасырда қарқынды дамыған өндіріс ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. негізі қаланған ұлттық мемлекетті мықты державаға айналдырды. Буржуазия бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпті орнататын мемлекетті пайдаланып қоғамды ұйымдастыруды, сол арқылы өздерінің мәртебелерін, байлықтарын көбейтуге мүдделі болды. Бұған, олардың патриоттық сезімдерін қосамыз. Сонда, капитализм мен өндірістік технологияның дамуы ұлттық мемлекеттің негізгі институттарын, мысалға, экономикада ішкі нарық пен өндіріс стандарттарының, әлеуметтік-мәдени салада ортақ баспасөз бен білім беру жүйесін, саясат саласында бюрократиялық орталық үкімет пен ортақ заңдарды, идеологиялық салада ұлттық бірлік идеологиясын қалыптастырды [115, 15 б.].
Сондықтан, ұлттардың пайда болуы Еуропада демократиялық мемлекеттердің құрылуымен тікелей байланысты болды. Ал, капитализм мен ұлттың қайсы бірінші пайда болды деген сұраққа тарих әрқалай жауап береді. Мысалы, бірінші мәдени туыстық бойынша саяси билік орнайды (Франция), содан кейін бұл билік тілді, мәдениетті, әдебиетті барлық ұсақ ұлыстарға ортақ дүниеге айналдырады. Екінші бір елде тілі, діні бөлек ұлыстардың үстінен бірінші саяси билік орнап, одан кейін ортақ тіл, ұлттық символдар пайда болады (Италия). Дегенмен екеуі бір-бірімен диалектикалық байланыста өріліп жатқан дүниелер. Феодалдық ыдыраңқылық жойылғанда қай ұлыс қай астанаға бағынып кетті сол күйі ұлттық мемлекет құруға кірісті. Мысалға, Италиян ұлтында түркі халықтарындағыдай бір адамнан тараймыз деген аңыз да, ұлттық тұтас мәдениет те болмаған. Италиян ұлты XIX ғасырда орталық үкімет пен халық арасындағы клиенттік қатынастар арқылы бірікті. Яғни, ортақ нарық, ортақ саяси биліктің, ортақ заңдардың арқасында ала шұбар халық бір ұлтқа айналды. 1860 жылы халықтың 3 пайызы ғана италиян тілінде сөйлейтін. Өндірісті, ғылымды, білім жүйесін, баспасөзді, заңдарды орталық үкімет италиян тілінде дамытып әкеткендіктен ғана қазіргі Италиян ұлты пайда болды [116, 16 б.]. Үкіметтің ұлтты қалыптастыруының жарқын мысалын біз Францияның тарихынан да көре аламыз. 1789 жылы Франция халқының жартысы француз тілін білмейтін.
Францияда 1833 жылы әрбір коммуна бір мектеп ашсын деген заң шығады. 1847 жылы мектептер екі есе көбейді. Мектептерде сабақ тек француз тілінде жүрді. 1881 жылы бастауыш мектепте оқу тегін болды да, 1882 жылы бастауыш мектепте оқу міндетті деп жарияланды. Сөйтіп, 1863 жылы халықтың 80 пайызы французша сөйлей алатын дәрежеге жетті. 1880 жылы Бретон түбегіндегі жағдай туралы Франция Үкіметіне берілген есепте түбекті Францияның құрамына қосып алу үшін алдымен мектептер салу керектігі жазылған. Мектеп салудың маңызы «түбекті Францияға толық қосып береді және тарихи аннексия, мәдени тұтастану процесін аяқтайды» деп анықталған. Бірақ, бұл ғасыр демократияның орнығуының алғашқы сатысы болғандықтан, француз тілінде оқытатын мектептер зорлықпен салынды және балалардың санасына ұлттық патриотизм мектептер арқылы «қолдан» сіңірілді. Француз тілін үйрене алмай, бретон тілінде сөйлеп жүрген балаларды кемсіту, тіпті әкімшілік шара қолданып жазалау тәсілдері кеңінен қолданылды [117, 17 б.]. Сөйтіп, Батыс Еуропа елдерінде ұлттар азаматтық негізде, саяси бірліктің арқасында қалыптасты. Мемлекет базарларында адамдар өз өнімдерін сату үшін немесе білім алып, заңдарды пайдаланып, саяси карьера жасау үшін сол мемлекеттің заңдарын, тілін, білім стандарттарын, яғни жоғары мәдениетін қабылдауға мәжбүр. Мұның атын ағылшын этнологы Энтони Д. Смит «азаматтық ұлт» деп атады. Ол «капитализм белгілі бір территорияда экономикалық интеграцияны күшейтіп, сауда мен айырбастың дамуына жағдай жасады. Мемлекет салық жинау мен кейбір салаларда өзінің монополиясын орнатудың, күш қолдану құқының арқасында қоғамда билігін күшейте түсті. Біртіндеп мемлекеттің билігі жүретін жердің барлығына бірдей стандарт кәсіптер мен біліктілік жүйесі орнады. Адамдардың білім алуын, экономикалық машығын қалыптастыруды өз қолына алған мемлекет ұлтты жасап шығатын қуатты тәрбие орны ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасып болды», - деп жазды. Мысалға, ХХ ғасырда Франциядағы негрлер мен еврейлерге үкіметтің сыңаржақ саясаты қатты әсер етті. Олардың мәдениетін, тілі мен дінін үкімет мүлдем ескерген жоқ. Олар сол әлеуметке сіңіп, өмірде өз орындарын тауып кету үшін француз мәдениетін игеруге мәжбүр еді. Сөйтіп, француз еврейлер, француз негрлер пайда болды. Бұл Францияның капиталистік, индустриалдық мәдениетті француз мәдениетінің, француз тілінің негізінде қалыптастырғанынан болды. Осындай индустриалды мемлекеттік мәдениетті Еуропа «ұлт» деп түсінеді. Осы франция мәдениеті арқылы біріккен құрама халық – Франция егемендігінің негізі болды. Яғни, заңдар мен әлеуметтік, құқықтық институттардың ортақтығы ұлттық бірлік деп түсінілді. Батыс Еуропаның ұлтты экономикалық-саяси бірлік деп түсінуіне тағы бір аса маңызды фактор әсер етті. Бұл ХVІ ғасырда басталған процесс еді. Осы уақытта рухани сала Еуропада реформацияның ықпалына түсті. Шіркеуді тәркілеумен бірге, қоғамдық сананың діннен ажырауы жүріп жатты. ХVІІ ғасырдың ортасынан бастап христиан әлемінде латын тілінің ролі төмендеді. Бұл біріншіден христиандық шіркеудің өз ішінде жүріп жатқан ыдыраңқылыққа байланысты болса, екінші жағынан буржуазия мен сауданың ықпалы артып, Еуропаның жеке-жеке аймақтарындағы саяси һәм шаруашылық коммуникациялардың күшейе бастағанына да байланысты еді. XVII ғасырдың ортасынан бастап Еуропада латын тілінде кітап басу азайды. Еуропаны біріктіріп тұрған дін тілінің құлдырауы өте терең тарихи процестің басталуына түрткі болды. Еуропаның діни тұтастығы бұзылып, мұның соңы бұрынғы мемлекеттік-аймақтық жікшілдіктің күшейе түсуіне ұласты [118, 118 б.]. Сөйтіп, секуляризация процесінің ықпалымен аймақтық діндер Еуропа ұлттарының қалыптасуында негізгі роль ойнаған жоқ [119, 129 б.]. Сондықтан, Еуропада дін ұлттың негізгі белгісі саналмайды. «Ұлт» ұғымы экономикалық-саяси бірлік тұрғысында ғана қаралады. Ұлт сөзі Шығыстағыдай бостандық, ар-ождан, намыс, имандылық, адалдық, айнымастық сияқты рухани-моральдық категорияларымен байланысты емес. Батыс Еуропадағы тілдік бірлік негізінде қалыптасқан азаматтық ұлттардың ортақ саяси биліктің ықпалымен қалыптасуының сыры да осында. Яғни, әр түрлі ұлыстардың ұлттық мемлекеттерге бірігу кезінде діннің жіктеуші, жауластырушы ықпалы болған жоқ. Сөйтіп, мұнда ұлттың азаматтық негіздегі түсінігі қалыптасып шықты. Мысалға, қазір Шығыс елдерінен барған адамдарды Франция азаматтығын алған соң француз деп атай береді. Олар өздерінің мүдделерін мемлекеттік саясатқа енгізіп, мәдениетін, тілін дамыту құқықтарын саудалай алмайды. Өйткені, мұндағы мемлекет пен ұлттың арасы ажырағысыз. Индустрия жұмысының, кәсіби қатынастар мен білім жүйесінің бір тілде қалыптасып қалған коммуникациялық әдетін иммигранттарға бола өзгерту мүмкін емес. Сондықтан, адамдардың ұлты азаматтығына, яғни сол мемлекетте қалыптасқан индустриалды жоғары мәдениетті қабылдауына қарай анықталады. Батыс Еуропа мемлекеттерінде ХХ ғасырда халықтың ортақ идентификациясын арнайы «қолдан» қалыптастыру проблемасы болған жоқ.
Осындай тарихи үрдістің нәтижесінде ұлттың қалыптасуын әр түрлі тұрғыда қарастыратын түрлі концепциялар пайда болды. Бұл теориялардың бәрін болмаса да негізгілерін талдап шығу бізге Еуропадағы мемлекеттердің мәдени тұтастығының негізі, яғни мемлекеттік егемендік принципінің ерекшелігі мен Шығыс елдерінің, соның ішінде Қазақстанның ұлттық егемендігінің идентификациялық негіздерін түсіну үшін қажет. Ұлтты саяси-экономикалық феномен деп санайтын тұжырымдамаларды конструктивистік теориялар деп атайды. Осы теориялардың ішінде Еуропаның ұлт жайлы түсінігін біршама толық сипаттаған Эрнест Геллнердің тұжырымы болды. Э. Геллнердің «Ұлт және ұлтшылдық» атты еңбегінде ұлттың қалыптасуының Еуропаға тән себептері талданған. Оның тұжырымы бойынша ұлттың пайда болуы индустрияның дамуымен байланысты. Э. Геллнер кез-келген қоғамның ұлтқа айналуы жазу-сызудың, стандарт кәсіптердің (индустрияның), сол кәсіптерді үйретіп, өндіріске маман даярлап отыратын білім жүйесінің пайда болған кезінде іске асады деп қорытады. Яғни, индустрия дамымай тұрып ұлт қалыптаспайды. Өйткені, ұлттың түрлі кәсіп игеруге негізделген және жалпы ұлттық білім, заң стандарттары арқылы интеграцияланған индустриалды мәдениетін тек ұлттық білім жүйесі мен ортақ заңдары арқылы жасауға болады. Ал, бүкіл ұлттың білім жүйесін қаржыландыру, яғни, оның мамандарын дайындау, кітабын шығарып, жекелеген пәндерін дамыту, ғимаратын салып, методикасын жетілдіріп отыру мемлекеттен басқа ешкімнің де қолынан келмейді. Жеке кәсіпкер болсын, мектеп пен жоғары оқу орындарында балаларын оқытатын ата-аналар болсын мұндай аса маңызды және сала-салаға бөлінген тармақты жүйенің жұмысын тұрақты түрде қаржыландырып отыра алмайды. Сондықтан, мемлекет пен ұлт ажырағысыз ұғымдар және индустриалды қоғамның ғана ұлт болып саналуға хақысы бар. Ал, аграрлы немесе жартылай индустриалды мәдениеттер көп салалы, жоғары индустриалды мәдениеттердің ықпалына төтеп бере алмай тарих сахнасынан кетеді [120, 30 б.]. Э. Геллнер ұлттың қалыптасуын индустриалды мәдениетпен байланыстырғанымен, кез-келген ұлттың тамыры ежелгі этнографиялық-дәстүрлі мәдениетте жатыр деп санайды. Бірақ, дәстүрлі этнографиялық мәдениеттің толыққанды ұлттың қалыптасуына жеткіліксіз екенін айтады. Э. Геллнердің пікірінше индустриалды мәдениет жазу-сызудың пайда болуына, іргелі ғылымдар мен білім стандарттарына тәуелді. Яғни, ұлттың кез-келген өкілі сол ұлттың мемлекеттік мәдениетін, ұғымдарын, стандарттарын қолданып қана өмір сүре алады [121, 43 б.]. Мемлекеттің міндеті де қоғамда мәдени ерекшелік, түсініспеушілік тудырмау. Өйткені, көп салалы индустрия адамдар бір-бірін еркін түсінген жағдайда ғана дамиды. Егер, мәдени ерекшелік туындаса ол мемлекеттің, немесе білім жүйесінің өз жұмысын дұрыс атқармағаны болып саналады. Білім жүйесінің міндеті өз кәсібін шебер меңгерген, тұтынушы қоғаммен тығыз жұмыс істей алатын мамандар дайындап шығару [122, 65 б.]. Сөйтіп, тіл мен мемлекет Геллнер концепциясы бойынша ұлттың іргетасы. Бұл тұжырым ұлттың бірлігін қамтамасыз етуді маңызды мақсат ретінде белгілегенімен адамдардың этникалық ерекшеліктеріне мән бермейді. Тұжырымдаманың мазмұны шыққан тегіне қарамастан адам белгілі бір қоғамның мәдениетін, тілін меңгерсе ол сол ұлттың өкілі болып шыға алады, сондықтан, ұлттық мәдениетті қолдан жасауға да болады деген пікірге саяды.
Ұлтты азаматтық негізде, мемлекеттен ажырағысыз етіп түсіндіретін тұжырымдардың ішіндегі қабырғалысы Бенедикт Андерсонның «ұлттық тұтастықтың елесі» концепциясы. Б. Андерсон «антропологияға сүйеніп ұлттың мынадай анықтамасын ұсынамын: ұлт дегеніміз адамдардың ойындағы тұтастық елесі және ол тұтастық егеменді қоғам түрінде елестейді», - дейді. Яғни, ұлт деген - елес. Өйткені, ең шағын ұлыстың адамдары да бірін-бірі түстеп танымайды. Тіпті түгелі бір уақытта бір жерге жиналмайды. Ұлт өкілдерінің тағдыры туралы да жекелеп білмейді. Бірақ, ұлыс өкілінің есінде өзінің ұлт мүшесі екені сақталады. Және ұлт әрқашан достық, туыстық қатынастар түрінде елестейді. Дәл осы елес мыңдаған жылдар бойы адамдарды ерлік жасауға, жан қиюға, бірін-бірі өлтіруге итермелеп келеді. Сондықтан болар белгісіз солдаттан артық қазір ұлттық символ жоқ. Оның қабірінде ешкім жатпауы да мүмкін. Бұл ұлттың адамдар санасында елес, идеал ретінде өмір сүретінінің белгісі [123, 80-86 бб.]. Андерсонның айтуынша бұл елестің күшті болатын себебі «Адамдардың түсінігінде ұлт - киелі феномен. Адам дүниеге келгенде ұлтын таңдамайды. Сондықтан, ұлтты өзінің пешенесіне жазылған тағдыры, құдайдың сыйы деп түсінеді. Сөйтіп, өз болмысына, өзінің жоқтан бар болып жаралғанына құрмет сезімімен, аялай қараса, өзінің ұлтына да сондай ыстық сезіммен қарайды. Кейде бұл өзін-өзі сақтау түйсігімен астасып та жатады». Андерсон «...адамдардың санасындағы ұлттық тұтастықты сақтауға баспасөз бен әдебиет еңбек етеді...», - дейді. Әсіресе, роман кейіпкерлері тарих пен ұлттық мінездің елесінен туындайды. Кейіпкерлер дәл солай өмір сүрмеген болуы, тіпті ондай адамдардың болмауы да мүмкін. Бірақ, ұлттық роман ұлт тағдырындағы тауқыметтің, болмаса ерлік кезеңнің нақты елесін береді. Газет оқу да іштен, үндемей отырғанда жүретін процесс. Газет оқыған адам өзі сияқты миллиондаған адамдардың да сол мезетте тура сол газетті оқып отырғанын бейсана түрде сезеді. Андерсоннның айтуынша осы баспа ісі пайда болған кезде ұлтшылдық та адамдардың санасына сіңе бастады. 1520 жылдан бастап Батыс Еуропада кітап басу ісі қарқынды дамыды. Кітап басу дамыған сайын ұлттардың топтасуы да күшейді. Баспа ісі туыстас диалектілердің бірігіп, ұлттық тілге айналуына әсер етті. Біртұтас тіл ортақ сана-сезімнің қалыптасуына жағдай жасады. Бірінші, бірегей ұлттық коммуникация өрісі пайда болды. Екінші, тіл тарихты, ұлттың өткенін, болашағын суреттеудің құралына айналды. Тарихпен бірге ел қорғаған батырлар бейнесі, ұлттық мінез түйткілдері, ортақ құндылықтар айқындалды. Үшінші, баспа тілі миллиондаған адамдарға ортақ әкімшілік, билік органдарының ортақ тілін жасап берді [124]. Сөйтіп, Б. Андерсон тілдері бір-біріне ұқсамайтын тайпалар баспа тілі арқылы бірігіп ұлтқа айналды дейді. Яғни, бұл жерде де Э. Геллнердің тұжырымындай адамның ұлтын анықтауда шыққан тегінен гөрі өзі саналы түрде таңдап алған мәдениетіне мән беру басым. Геллнердің тұжырымдамасы мен Андерсонның тұжырымдамасының ұқсастығы - ұлтты мемлекетпен, капитализммен, территориямен біріктіріп түсіну, қан, тұқым бірлігіне мән бермеу. Екі зерттеуші де мәдениет бірлігін қалыптастыру мен сол мәдени бірлікті сақтаудың маңыздылығын анық көрсеткен. Бұл жалпы мемлекетті сақтаудың, егемендікті нығайтудың әмбебап жолы. Мұны ескермесе бұл тұжырымдар саяси жағынан піспеген, шикі тұжырымдар болар еді. Оның ішінде екеуінде де тіл бірлігіне көп көңіл бөлінеді. Жалпы конструктивистік теориялардың барлығы да ұлт мәдениетті қолдан жасау арқылы қалыптасады деген тұжырымға негізделген. Бұл және өзінің жемісін берген, нақты өмірде дәлелденген тәсілдер.
Жоғарыда сипатталған тұжырымдарды толықтыра түсетін тағы бір зерттеуші Карлтон Хэйес. Оның пікірінше ұлт деп тілі мен мәдениетінің айырмашылығына қарамастан бір мемлекетті мекендейтін халықтарды айта береді. Мемлекет тұтастығын сақтау үшін барлық азаматтардың өздерін белгілі бір мәдениетке жатқызғаны ауадай қажет. Ал, бұл ұлттық идентификация егемендіктің негізі. Бірақ, ұлттар ұлттық мемлекетсіз де өмір сүруі мүмкін. Хэйес «ХV-ХVІІ ғ.ғ. ұлттық сананың қалыптасуына Еуропаның монархтары көп ықпалын тигізді» - дейді. Яғни, «Монархты ұлттық бірліктің символы деп қарау арқылы алғаш ұлттық сана қалыптаса бастады»,- дейді. Бірақ, ұлттық сана-сезімнің кемелденуі тек ұлттық білім беру жүйесі құрылғанда, барлық адамға бірдей әскери борыш жүктелгенде, бір тілде арзан һәм ықпалды газет-жорналдар тараған кезде ғана іске асады. К. Хэйес, «Мемлекет қаржыландырып, басқарып отырған білім жүйесі арқылы ұлттылық қалыптасты» [125, 74-82 бб.], - деп қорытады. Яғни, ғасырлар бойы жергілікті аймақтарда қалыптасқан менталитет пен тарихи дәстүрлердің басын біріктіріп мемлекет мәдениет жасайды да, соны бір тілде туыстас халықтардың бойына сіңіреді. Француз революциясынан кейін бұл тәсілді (білім беру жүйесі мен газет-жорналды) басқа халықтар да қолдана бастады. Сөйтіп, К. Хэйестің тұжырымы бойынша ұлт бір мемлекетті мекендейтін халықтардың жиынтығы, жасанды мәдени тұтастық. Мәдени тұтастық табиғи емес, жасанды болған соң, сол ұлттылықты этникалық, генеологиялық ерекшелігіне қарамастан білім жүйесі арқылы бойына сіңірген адамдардың бәрі ұлттың құрамына кіре береді.
Ұлт ұғымын еуропалық тұрғыда түсінудің тағы бір классикалық тұжырымын Фред Риггс жасады. Оның пікірі ғылымда қалыптасқан ұлтты этникалық және азаматтық негізде жіктеу принципіне бағынбайды. Ф. Риггс «Адамның сыртқы пішіні, мысалға түр-түсі, тілі мен діні, ата-тегінің шежіресі, туған жері оның қай ұлттың өкілі екенін білдірмейді. Біз оның бойына сіңірген мәдениетіне қарауымыз керек. Яғни, адамның қай этностың өкілі болатындығы оның табиғи жаратылысымен емес, психологиялық, моральдық, интеллектуалдық қасиеттерімен анықталады», - деп жазды [126, 11-12 бб.]. «Өзін-өзі бір этносқа жатқызу әлеуметтік қарым-қатынастардан шығатын дүние. Яғни, адамдар ұлтын өздері анықтайды. Бірақ, кейде этнос ол адамды қабылдамауы мүмкін», - дейді. Сондықтан, адамдар өзінің ұлтын анықтаған кезде бұл мәселені өзі ғана шешпейді, «...ең соңғы сөзді этносқа бұрын қабылданған адамдар айтады». Ф, Риггс ұлттың пайда болуын жеке адамдардың шешімі, психологиялық талғамы деп санайды. Жалпы қисыны бойынша бұл да ұлтты қолдан жасауға, ұлттылықты таңдауға болады дейтін азаматтық ұлт теориясының бір түрі.
Ұлт мәселесін классикалық тұрғыда зерттегендердің бірі Ханс Кон. Ол ұлт демократия мен индустрия пайда болған кезде шықты дейді. «Ұлт, - дейді Х. Кон, - ХVІІІ ғасырдан екінші жартысында ғана пайда болды. Пайда болуының алғы шарттары, мүмкін, арғы ғасырларда қалыптасқан шығар. Бірақ, бұл бертінгі құбылыс» [127, 94-95 бб.]. Оның пікірінше ұлт пайда болуы үшін халық егемендігі идеясы мен қоғамдық сананың секуляризациясы, индустриалдық өндірістің орнығуы мен орта таптың күшеюі керек. Х. Кон тарихшы ретінде «Ұлт дегеніміз табиғи құбылыс немесе мәңгілік бір заңдылықтың салдары емес, ол тек белгілі бір тарихи кезеңдегі әлеуметтік қатынастардың сипаты»,- дейді. Х. Конның пікірінше халықтардың этникалық ерекшеліктері ұлттың қалыптасуына керекті «этнографиялық материал» ғана. Сондықтан, ұлт деген қан, тек, тұқым бірлігінің әсерінен емес идеяның, мұрат-мақсаттардың бірлігінің ықпалымен қалыптасады, яғни, ұлт дегеніміз интеллектуалдық, әлеуметтік конструкция. Егер кез-келген адам сол конструкцияның, яғни мемлекеттің заңдылықтарын, тілін, мәдениетін игерсе, сол ұлттың өкіліне айналады.
Ұлттың конструктивистік тұжырымдары Еуропа ұлттарының тарихи қалыптасу ерекшелігінен шықты дегенімізбен бұлардың Шығыс елдері үшін де өзекті, қажетті болуы мүмкін. Өйткені, Азия елдерінің көбі, тіпті барлығы дерлік көпұлтты немесе қосұлтты екені белгілі. Осы жағдайда бір мемлекетте тұратын әр түрлі этностардың бір «ұлтқа» айналу тұжырымдамасын Эрик Хобсбаум жасады. Оның пікірінше либерализм мен ұлтшылдық, демократия мен революциялар дәуірінде Үкімет ешқашан ештеңеден қауіптенбей, қаннен қаперсіз отыра алмайды. Оның пікірінше біртұтас ұлттың басы құралуы үшін жұрттың ақырындап ортақ тарихи жадысы, құндылықтары, символдары, ортақ кейіпкерлері мен батырлары пайда болады. Бірақ, Э. Хобсбаум Э. Геллнер сияқты әр түрлі этностардың бір ұлтқа айналғанға дейінгі тарихи мұрасын жоққа шығармайды. Дегенмен, осы этникалық мәдениеттерге сүйене отырып, барлық азаматтарға ортақ құндылықтар, символдар қалыптастыру, яғни ортақ жаңа мәдениет қалыптастыру, «дәстүрлерді қолдан жасау» ұлттың пайда болуының бірден-бір жолы дейді. Бірақ, Э. Хобсбаум өз тұжырымын таза Еуропалық менталитетке есептеп, секуляризацияланған санаға лайықтап құрған. Оның бұл тұжырымы индустриалды мемлекетте ғана іске асуы мүмкін. Ал, Шығыс елдерінің индустриалды даму сатысына әлі жетпегені белгілі.
Қазіргі тарих биігінен қарағанда ұлт жайындағы бұл тұжырымдамалардың Еуропа өркениетінің әлеуметтік шындығынан туындағанын көруге болады. Ұлттық мәдениеттердің тек конструкция болып саналуы, адамдардың ұлтын айрбастағаны үшін моральдық жауапкершілік көтермеуі, ұлттылықтың ар-ождан, сенім, айнымас адалдық деген сияқты моральдық категорияларымен өлшенбеуі, рухани құбылудың, мәдениет айырбастаудың «сатқындық» категориясына жатпауы Батыс өркениетіндегі бейбітшілікке себін тигізгенімен, бүгінгі ұлттық ыдырау, бұқаралық мәдениетке бет бұру процесіне ықпал етіп отыр. Бүгінгі Еуропа ХХ ғасырда екі дүние соғысын туғызған ұлтшылдық санадан айығып, космополиттік қоғамға аяқ басты. Постмодерн ізденістері ұлттық дүниетаным шеңберінен шығып, мүлде жаңа интеллектуалды позициялар мен конструкцияларға көшті. Бірақ, секуляризацияның кесірінен болар, Еуропа жастарының көкірегінде әлеуметтік парыздар, қоғамдық борыштар тізімі қысқарып барады. Қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастық талаптарына енжар қарайтын адамдарға нашақорлар мен отбасын құрмаған, түрлі субмәдениет өкілдерін, яғни хиппи, рокер, рэпер, сайтанға ергендер (сатанистер) т.б. анти әлеуметтік дүниетаным өкілдерін қоссақ, отбасы институтының мәні мен қажеттігінің Батыс елдерінде әлсіреп бара жатқанын көруге болады. Яғни, кейінгі жастар үшін отбасын құру, бала-шағаны жеткізу сияқты адамдардың ежелден келе жатқан әлеуметтік тілек-мақсаттары қоғамды дамытатын ынталандырушы фактор болудан қалды [128, 127 б.]. Жалпы индустриалдық қоғамға өту үшін негізгі алғышарттары толыспағанмен Шығыс елдерінің әзірге әлеуметтік ұйымдасу потенциалы жойылған жоқ. Бұған ықпал еткен ұлттың примордиалистік тұжырымдамасы немесе ұлтты бабалардың рухани тәжірибесіне құрмет, рухани сабақтастық, айнымас адалдық деп түсіну, яғни ұлтқа қызмет ардың ісі деген ұғым деп болжауға негіз бар. Бірақ, Шығыстағы ұлтшылдық діни фанатизммен ұштасып, шектен шыққан радикалды қимылдармен өз мемлекеттеріндегі саяси тұрақтылыққа, экономикалық дамуға зиянын тигізіп отырғанын да ескеруіміз керек.
Сонымен, біз ұлттық тұжырымдарды азаматтық негіздегі ұлт теориясы және этникалық негіздегі ұлт теориясы деп жіктедік. Және осыған орай конструктивистік тұжырым мен примордиалистік тұжырымдарға бөлдік. Әлбетте, бұдан басқа көптеген типологиялар да бар. Мысалға, ұлттың контекстуалды, инструментальді теориялары, тіпті ешқандай тұжырымға жатпайтын қысқа-нұсқа анықтамалары да жетерлік. Біз бұл жерде ұлттың мағынасы мен мемлекеттің мағынасын анықтап алуды мақсат тұтамыз. Өйткені, Еуропа ұлттарының қалыптасу тәжірибесі - ұлт мәселесі саясаттың маңызды факторы болып отырған жаһандану заманында төтенше керек дүние. Мемлекеттің ұлттық саясатының бағыты айқын болмаса немесе Қазақстан халықтарының «примордиалистік» менталитетін мүлде ескермей, жұрттың бойы үйренбеген азаматтық ұлт идеясын дүркін-дүркін ел алдына ұсына берсек қоғамдық тұрақтылыққа сызат түсуі де ғажап емес. Оның үстіне елімізде Еуропалық ұлттардың қалыптасуына негіз болған алғышарттар жоқ. Еуропа мемлекеттерінде тілдік бірлік мектептерді күштеп салып, тіл үйренбегендерге әкімшілік жаза қолдану сияқты авторитарлы тәсілдер арқылы қалыптасса, сонау ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ.-да бұл қалыпты жағдай саналатын еді. Қазіргі демократиялық-нарықтық жаһандану заманында біз мұндай тәсілдерді қолдана алмаймыз. Біздің этникалық тарихымыз да басқаша өрбіді. Осы жағдайда Қазақстан халқының мәдени тұтастығын қалыптастыру мәселесіне қандай тұрғыда қарауға тиіспіз? Осы сұраққа жауап беру үшін біз әрине ұлттық мемлекет пен ұлттық тұтастық феномендерін барлық қырынан зерттеуге тиіспіз.
Шығыс адамдары өз елдерінде секуляризацияға ұшыраған ортақ білім жүйесі, индустрия мен ортақ заңдар жүйесі ежелден қалыптаспағандықтан ұлттық ортадағы этникалық дәстүрлі қарым-қатынастар мемлекеттік тұтастықтың кепілі деп түсінді. Шығыста заң кодекстері мен билік институттарын, білім жүйесін Еуропалық тәжірибеге ұқсатып құрғанда әдет-ғұрыптарды, мистикалық түсініктерді де араластырып, кірістіріп отырды. Ислам елдеріндегі, Қытайдағы құқықтық қатынастарды реттеу тәжірибесінен осыны көреміз. Бұл этникалық ұлттардың мемлекеттерінде стандартты кодекстер мен институттар болмайды деген сөз емес, тек олар Шығыс халықтарының идеологиялық ұлттық бірлігін қамтамасыз етуде шешуші роль атқармайды. Шығыс елдерінде стандартты құқық кодекстері мен мемлекеттік институттардан гөрі этнографиялық дәстүрлер мен діни түсініктер, дәстүрлі институттар (ақсақалдар соты, шариғат, мешіт, ұлттық аңыздар т.б.) ұлттық тұтастыққа пайдалы әсер етеді. «Бірақ, - дейді Э.Д. Смит, - Шығыс елдерінің көбіне этнос пен мемлекеттің тұтастығы бірдей нәсіп болмаған. Мысалы, Түркия көпұлттылық әсерінен этникалық пантүркизм идеясынан бас тартуға мәжбүр болды. Шағын территорияға, азаматтық құқықтарға, бірыңғай азаматтық кодекске, зайырлы саяси мәдениетке және азаматтардың сенім бостандығына сүйеніп қазір қуатты мемлекет құрды. Бірақ, ұлттың территориялық және этникалық тұжырымдарының дуализмі әлі шешілген жоқ» [129, 90-99 бб.]. Түркия қоғамында да қақтығыс қаупі жоғары.
Батыс елдерінде бір тілде жүретін капиталистік қатынастарға, индустрияның ортақ стандарттарына, кәсіп игеру үшін сол елдің білім жүйесіне адамның сіңіп, жұтылып кетуі мүмкін. Еуропада қалыптасып қалған индустриалдық мәдениетке енді этникалық мәдениетті енгізу, таңу мүмкін емес. Бірақ, ұлтты басқаша түсінетін Шығыс адамы стандартты кодекстер мен зайырлы әкімшілік тәртіпке, белгілі бір ұлттық тілге негізделген индустриалды мәдениетке өзін жатқыза алмайды. Бәрібір оның этникалық идентификациясы индустриалды мәдениетке деген құрметінен жоғары тұрады. Сондықтан, Шығыс елдеріндегі ұлт тұжырымдамасы мемлекет халқының егемендігі, яғни территориялық тұтастығы принципімен санаспайды. Шығыста халық егемендігі емес, этникалық мемлекет деген түсінік орныққан. Азиядағы мемлекеттердің ішінде жүріп жатқан ұлттық қақтығыстардың өршіп кетуі осыдан.
Этностар тарихта ежелден шешуші роль ойнап келеді, болашақта да солай болады. Тіпті, кейде примордиалист ғалымдар жануарлардың тұқымдары сияқты ұлттар та адамның түрлі тұқымы деген пікірлер айтады. Мысалға, сиырдың ешқашан жылқылардың арасына сіңбейтіні сияқты этностар да бір-біріне сіңбейді. Этникалық сана-сезім латентті түрде барлық қоғамда болады. Бірақ, тыныш жатқан осы сезім ұлт басына қауіп төнген сын сағатта ғана іске қосылады. Әсіресе, ұлттың саяси құқықтарын кеңейтуге мүмкіндік туып тұрған кезде күшейеді. Егер ұлттық сана-сезім «барлық халықтың бойында латентті түрде жасырынып тұратын болса, оның іске қосылуы үшін алдыңғы заманда болған бір мәдени қуат керек» [130, 128 б.]. Яғни, ұлтты күреске шығару үшін тарихтан қазып ұлттық батырлардың бейнесін, немесе ерлік символдары мен халықтық ұрандарды алып шығу керек. Дәл осы механизммен ғасырлар бойы ұлттық қақтығыстар тұтанып, ұлт-азаттық күрестер жүріп келеді. Олай болса, ұлттың примордиалистік концепциясы бойынша ұлттық сана-сезім -ешқашан жойылып кетпейтін, адамдардың санасын билейтін құбылыс [131, 239-240 бб.].
Примордиалистік теорияны дәлелдеу үшін неміс ойшылы И.Г. Гердердің айтқаны біршама ақылға қонымды. Бір қызығы примордиалистік тұжырымдарды да көбінесе Батыс Еуропа ғалымдары жазған. Көбі неміс ойшылдары (фашизмнің ықпалы болуы мүмкін). Дегенмен, бұлардың ұлтшылдығы Германияның қазіргі қоғамына сәйкес келмегенмен Шығыс елдерінің дүниетанымына сай келеді. И. Гердер: «Ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады. Сондықтан, кез-келген ұлт жасанды (мысалға, түрлі субмәдениет стильдері) ережелерге бағынса, тілі мен діні жат халықтың тарихи тәжірибесін қайталауға ұмтылса ондай ұлт ыдырап, жойылып кетеді», - дейді. «Табиғат адамдарды отбасы арқылы тәрбиелейді. Сол табиғи отбасының ең үлкені мемлекет. Қоғамға соғыс қаупін төндіретін ең қатерлі нәрсе бір шатырдың астында алуан түрлі нәсілдердің араласып тұруы», - дейді. Шынында да ұлттық дүниетанымының негізінде дін жатқан Шығыс халықтары бір мемлекет ішінде өзара бәсекеге түсіп қалса, ол ұзақ теке-тіреске айналса, онда сол ұлттардың бітісе қоюы қиын. Өйткені, Шығыстағы әр ұлттың бойына әр алуан дін сіңген. Қай дінде болмасын «иман» деген мызғымас, құбылмас дүние және күмән келтіруге төзбейтін құбылыс. Сондықтан, секуляризацияға ұшырамаған ұлттар бір мемлекеттің ішінде біртұтас ұлттық мәдениетке өте алмайды. Бір діннің екінші дінге ең дұрыс қарағаны - дүниеде ол діннің, сондай халықтың бар екенін мойындап, бейбіт қатар өмір сүруге келісуі. Діндер арасында бірігуді айтпағанда диалогтың өзі қиын шаруа [18]. Барлық ұлттардың табынатын киелі мәтіндері, әулие-әнбиелері, пайғамбарлары бар. Бұл мәтіндерде көбінесе Құдайдың бар екені, дүниеқоңыздықтың, нәпсі мен сайтанның азғырғанына ерудің ауыр күнә екені баса айтылады [132, 62-63 бб.]. Бір ұлттың әдет-ғұрпы, киімі мен тағамы екінші халық үшін күнә, Құдайға емес басқа нәрсеге табыну, сайтанның сайқымазағы болып көрінуі мүмкін. Сондықтан, Еуропаның индустриалды, либералдық, зайырлы мәдениеті мен сексуалды революциясы Шығыс халықтарының бойында ксенофобия мен діни сезік, күнәліден аулақ жүруге тырысушылық сезімдерін тудырады. И. Гердердің айтып отырған «Кез-келген ұлттың өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан, бір ұлттың жасанды (индустриалды мәдениеттің этикасы, түрлі субмәдениет стильдері) ережелерге бағынуы, жат халықтың тарихи тәжірибесін қайталауға ұмтылуы оны іштен ірітіп, ыдыратып жіберуі мүмкін» деген пікірі шындығында да нақты өмірде жоғарыдағы себептермен болуы мүмкін. Яғни, Шығыс халықтары өзінің ұлттық дүниетанымына араласа бастаған Батыстағы тұтынушы индустриалды қоғамның мәдениеті мен сексуалды революциясының ықпалын өз еліне кіргізбеуге, аластауға тырысады. Осындай жағдайда бабасының сенім-нанымын, ғұрыптарын айырбастаған адам «мунафиқ», «сатқын» немесе «мәңгүрт» аталады. Шығыс этностарының сана-сезіміне ұлттың азаматтық концепциясының сәйкес келмейтіні осыдан.
Шығыс халықтары ұлтты примордиалистік тұрғыда түсінетін менталитеттерінен бас тартпаса да, конструктивистік тұжырымдаманың пайдалы жақтарының бар екенін мойындаулары қажет. Өйтпеген жағдайда, әсіре ұлтшылдық пен фундаменталистік догмаларға ұрынған халық міндетті түрде жаһанданудың ұлттық егемендікті әлсіретуіне қарсылық көрсетіп, жабық жүйеге, ұлттық диктатураға ұмтылуы мүмкін. Сондықтан, Шығыс мемлекеттерінің азаматтары өзінің ішкі ұлттық-діни мәдени мазмұнын өзгертпесе де «бостандық», «теңдік», «махаббат», «бейбітшілік» сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды бойларына сіңіруге тиіс. Ұлттың конструктивистік тұжырымдамасына негізделген менталитетті бойына сіңіру менталиеті «примордиалистік» халықтар үшін қиын шаруа. Әсіресе, ислам елдерінің азаматтарына діни ксенофобиядан құтылу кәдік дүние. Діни фанатизмге ұшырамаған қазақ халқына да өзіндік «примордиалистік» менталитетінен арылу оңайға тимейді. Өйткені, қазақтардың ұлттық дүниетанымында примордиалистік тұжырымға сай келетін сенім-нанымдар, әдет-ғұрыптар мол. Топырақтан жұғатын мінезден, батырлық дәстүрден бастап, ата-баба сүйегі мен ана сүті арқылы даритын тектілік, рулық шежіренің әсері, қаншылдық, туысқандық ұғымы қазақ менталитетінің мызғымас салттары іспетті. Оның үстіне қазақ халқының тарихы кісінің көңілін босататын тауқыметке толы. Мұның қазақы нативизмді күшейтпесе, әлсіретпейтіні белгілі.
Кейінгі кездері біздің қоғамда жаһандану үрдісін жүзеге асыратын бірден-бір құрал – бұқаралық мәдениет немесе мәдени революция туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп жүрген ұлттық құндылықтар, ұлттық идеология тақырыбындағы мақалалардың да бұл ұғымдарға соқпай кететіні кемде-кем. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениеттанушы ғалымдардың да көпшілігі өз сөздерін осы терминдермен тұздықтағанды тәуір көреді. Алайда, солардың қай-қайсысы болсын, осы «қос құлағы тік шыққан жіктің» қай жерден және қашан шыққанына, неден бастау алғанына тоқтала бермейді. Сондықтан біз бұл ұғымға кеңінен тоқталып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Америкалық демократияның тұнығын шайқаған, біз сөз еткелі отырған «мәдени революция» 1914 жылдың тамыз айынан басталады. Осы 1914 жылдың 4-тамызында неміс рейхстагындағы социал-демократтар үкіметке әскери несие бөліп, Бельгияға әскер кіргізуге бірі қалмай дауыс берген еді. Сөйтіп, көптен күткен панеуропалық соғыстың басталғанына сол кездегі марксшылдар бөріктерін аспанға ата қуанды. Өйткені соғыс – марксшылдар үшін бүкіл еуропаның пролетарларын біріктіріп, буржуазиямен күреске шығаратын бірден-бір құрал еді. Бірақ, бәрі керісінше болды. Еуропаның ірі социалистік партиясы бір сәтте соғыс партиясына айналып, пролетарлар буржуазиямен күреске емес, қару алып оны қорғауға шықты. Ал марксшылдар ойлағандары жүзеге аспай, күлкіге ұшырады.
Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейінгі коммунистік бүліктер – Будапештте, Мюнхенде және Берлинде орын алды. Неміс ардагерлері еш қиындықсыз Бавар республикасын, «Спартак» көтерілісін бастаған Роза Люксембургты және Карл Либкнехті жеңді. Будапештте Бел Кунның жүйесі бірнеше айға дейін билік құрды. Бірақ пролетариат өздері бастаған революцияны қолдауға асықпайтын болып шықты. Троцкий болса, орыс революциясын әлемге Қызыл Армияның найзасының ұшымен таратуға бел байлады. Ол сөйтіп Польшаға кіргенмен, оның шабуылы Висла тұсында маршал Пилсудский бастаған поляк патриоттарының күшімен тойтарылды. Марксшылдардың барлық болжамдары шындыққа жанаспай, олардың уақыты келді де, кетті. Батыс жұмысшылары өздеріне революционерлер «жазып берген рөлде ойнаудан» бас тартты. Сонда Маркс қай жерден қателесті?
Карл Маркстың кейінгі ізбасарлары оның қателігін көрсететін мынадай теорияны ұсынды. «Маркс: «Капитализм пролетариатты қайыршылыққа ұшыратады,» - деп қателесті. Бұл дұрыс емес. Қайта керісінше, жұмысшы тап уақыт өткен сайын дәулетті болып келеді. Ал олар революцияға – жан дүниелері екі мың жыл бойы өзінің таптық мүддесін батыстық пролетариаттан қорғап, бүркейтін христиандық уағызға уланғандықтан араласқан жоқ. Батыс адамының бойында христиандық пен капиталистік ағзаның иммундық жүйесі саналатын батыс мәдениеті өмір сүріп тұрғанда, Батыста марксизм теориясы өмір сүре алмайды. Ол үшін батыстық мәдениет пен христиандықты түбірімен жою керек. Бейнелей атсақ, Маркстың сөздері – христиандық тастақ жерге тасталып, өспей қалған дән іспетті. Оны өсіру үшін жерді қопсытып, күтім жасау қажет». Бұл пікірді – Маркстың ізбасарларының бірі, Коминтерннің агенті, «Капиталмен» қатар аталатын «Тарих және таптық сана» кітабының авторы, венгр Дьердь Лукач айтқан болатын. Ол қоғамды революциялық жолмен құртудың өзгеше тәсілін ұсынды. Сөйтіп, «Адамзаттың әлемдік құндылықтарын өзгерту – өткен өміріңнің құндылықтарын құртып, оның орнына жаңа революциялық құндылықтар жасауға мүмкіндік береді. Сол арқылы қоғамға толық өзгеріс жасауға әбден болады,» – деген-ді. Бела Кунның үкіметінде мәдениет жөніндегі халық комиссарының орынбасары болып тұрғанда Лукач өзінің «сайтани» ұстанымын іс жүзінде қолданып, нәтижесінде оның бұл әрекеті «мәдени терроризм» деген атқа ие болды. Бұл «терроризм» ішінара мектеп бағдарламасындағы «Жыныстық тәрбие беру курсына» енгізілді. Онда балаларды еркін махаббат пен шектеусіз төсек ләззатына үндеп, оларға бір некелі отбасы институтының уақыты өткендігі жайлы, адамдарды барлық сезімдік ләззаттардан тиятын діннің «заңсыздықтары» туралы өз ойларын таңды. Ең сорақысы – балалар мен қыздарды, бозбалалар мен бойжеткендерді бұған дейінгі төсек ләззаты турасындағы қалыпты түсінікке бой ұсынбауға шақырды.
Дьердь Лукачтың әйелдер мен балалар арасында азғындықты насихаттайтын ұсынысы – батыс және христиан мәдениетінің негізі саналатын дәстүрлі отбасын құртуға бағытталды. Өзі Венгриядан қашып кеткеннен кейін, елу жыл өткенде оның идеялары сексуалдық революция дәуірінің мүшелері арасында зор құлшыныспен таралды.
Жоғарыда аталған Маркс ізбасарларының екіншісі – соңғы кездері марксшылдардың ірі өкілдерінің қатарында аталып жүрген итальяндық коммунист Антонио Грамши болатын. Муссолинидің Римге жасаған жорығынан Ресейге қашып келген ол – Лениндік ұраншылдардың «пайдалы нақұрыстары» мен «ақымақ солшылдарына» қарағанда, қиялға берілмей, «большевиктік жұмақтың» жер бетінде ешқашан орнамайтынын түсінді. Өйткені, большевиктердің режимі – азаматтарды тек террор арқылы ғана бағындыра алатын еді. Грамши осы жерде саналы шешімге келді: демек, ленинизмнің жеңіске жетуі мүмкін емес. Себебі, орыс халқы жаңа билікті қабылдамақ түгілі, оны жан-дүниесімен жек көрді. Жер, сенім, отбасы, иконалар және «Ресей-ана» туралы түсініктің өзі – орыстар үшін «халықаралық еңбекшілердің ынтымақтастығына» қарағанда әлдеқайда маңыздырақ көрінді. Жаңа билік өзін-өзін алдады. Өйткені орыстар революциядан кейін түк те өзгермеген еді. Олар егер бұл идеяға бағынбаса, итжеккенге айдалып, Лубянканың жеркепесінде атылатынын білді. Тіпті халық большевиктерге қарағанда, тақтан түсіп, күні біткен патшаға көбірек іш тартатын.
Грамши орыс халқына коммунистік мұраттарды ұғынуға христиандық таным-түсінік «кедергі болып» отырғанын түсінді. «Өркениетті әлем шамамен екі мың жылдай христиандықтың езгісінде болды, – деп жазды ол. – Сондықтан, иудо-христиандық сенімге негізделген бұл жүйені – аталмыш нанымды жоймай құлата алмайсың. Демек, марксшылдар Батысты бағындырғысы келсе, әуелі оның қалқаны болып табылатын христиандықты жойып, христиансыздандыруы керек».
Тәуелсіз ойшылдарды жақтырмайтын Ресейдің билеушісі Сталиннен қашып, Грамши – итальяндық компартияны басқару мақсатымен Италияға қайта оралды. Бірақ Муссолинидің басқа да жоспарлары болатын. Ол Грамшиді тұтқындап, оны түрмеде 1937 жылға дейін ұстады. Соның салдарынан Грамши түрмеден шыққаннан кейін, 46 жасында құрт ауруынан қайтыс болды. Оның «Түрме жазбалары» еңбегінде Батыстағы марксистік революцияның сәтті жүзеге асқан жоспарлары кездеседі. Осыдан кейін АҚШ-тағы мәдени революция Грамшидің «рецептісі» бойынша жасалды ма екен деген ой келеді.
«Билікті күшпен жаулап алып, мәдени революцияны жоғарыдан орнатқаннан гөрі, біз бәрінен бұрын мәдениетті өзгертуіміз керек. Сонда барып билік піскен жеміс секілді қолға өзі-ақ келіп түседі, – деді Грамши. – Алайда, мәдени құндылықтарды өзгерту – газет, журнал, радио, кинематография секілді БАҚ пен театр, мектеп, семинарияларды бағындыру жолында табанды күрес жүргізуді талап етеді. Оларды бірте-бірте жаулап алып, ақырындап революцияның құралдарына айналдыру – кезек күттірмейтін іс. Сонда барып, қоғам революциялық мұраттарды түсініп қана қоймай, оған мойынсұнады».
Грамши бұған қоса, әріптес марксшылдарға христиандық пен буржуазиялық мәдениетті жоққа шығаратын, жастардың санасына ықпал ете алатын Батыстық зияткерлермен бірігуді ұсынды. Ол осылайша Батыстағы революцияның нәтижесі туралы әулиелікпен пайымдапты. Лениндік жүйе жетпіс жылдай әлемді үрей құрсауында ұстағанмен, уақыты келгенде ол да құлап, құрдымға кетті. Ал жаңа марксшылдар жасаған мәдени революция жеңіске жетті. Бұлардың бұл жеңісіне жүйелі түрде жүргізген жұмыстары мен өзіндік әдіс-тәсілдерінің әсері күшті болды.
1923 жылы жоғарыда аталған Дьердь Лукач пен неміс компартиясының бірнеше мүшесі Франкфурт университетінде кейіннен тарихта «Франкфурт мектебі» деп аталып кеткен марксизм институтын құрды. 1930 жылы институт басшылығына бұрынғы марксшыл Макс Хоркхаймер келді. Ол да осы кезде Дьердь Лукач пен Антонио Грамши секілді Карл Маркстың теориясы қате деген пікірге тоқталған болатын. Сөйтіп, Франкфурт мектебі Хоркхаймердің басшылығымен маркстік теорияны мәдени терминдерге аудара бастады. Бұрынғы марксшылдардың жауы – капитализм болса, жаңа марксшылдардың, яғни бұлардың басты жауы – батыс мәдениеті болды.
Шамамен сол кездері бұлардың қатарына музыка сыншысы – Теодор Адорно, психолог – Эрих Фромм, әлеуметтанушы – Вильгельм Райх және кейін осы мектептің жетекшілерінің бірі болған Герберт Маркузе қосылды. Алайда, 1933 жылы Берлинде билік басына еврейлер мен марксистерді ұнатпайтын Адольф Гитлердің келуіне байланысты, «франкфурттықтарға» АҚШ-қа қашуға тура келді. Колумбия университетінің жәрдемімен Нью-Йоркке орналасқан олар – өз күштері мен таланттарын осы елдің мәдениетін терістеп, бүлдіруге жұмсай бастады. Сол франкфурттықтар ойлап тапқан жаңа қарудың бірі – сыни теория деп аталды. Теорияның атауы салмақты көрінгенмен, оның түбінде батыс өркениетінің ұстанымдарымен еш сәйкеспейтін әрекет жатты. Аталмыш теорияның қағидалары – оны батыс мәдениетінің барлық элементін (христиандықты, капитализмді, отбасы беделін, патриархатты, иерархиялық құрылымды, салт-дәстүрді, сексуалдық шектеулерді, наным-сенімді, патриотизмді, ұлтшылдықты, этноцентризмді, конформизмді және консерватизмді) сынайтын теория ретінде белгілі қылды.
Мысалы, марксшылдар сол сыни теорияға сүйене отырып, Батысты тарихтағы барлық өркениеттер мен мәдениеттерге жүргізген геноциді үшін айыптаудан танбай келеді. Сыни теория бойынша, батыс қоғамы – нәсілшілдіктің, фашизмнің, ксенофобияның, гомофобияның ордасы екен.
Эрих Фромның «Бостандықтан қашу» және Вильгельм Райхтың «Бұқараның психологиясы және фашизм», «Сексуалдық революция» кітаптары осы сыни теорияның негізгі жемістері еді. Дегенмен, Франкфурт мектебінің ең атақты кітабы – Теодор Адорноның «Авторитарлы тұлға» еңбегі болды. Бұл өз кезегінде Карл Маркстың экономикалық детерминизмін жоққа шығарған, мәдени детерминизмге негізделген франкфурттықтардың қасиетті кітабы болды. Оның басты идеясы: «Егер христиандық немесе әсіре капиталистік отбасында тек қана қатал патриот, дәстүрлі дінді ұстанатын әке билік етсе, ондағы балалар нәсілшіл, фашист болып өседі деп, нық сеніммен айтуға болады,» – дегенге саяды.
Хоркхаймердің тағы бір жетістігі – мәдени гегемонияға апаратын жол философиялық пікірталаста емес, психологиялық қайта тәрбиелеуде жатыр деген тезисі болды. Ол тезис – америкалық балаларға мектепте ата-анасын – нәсілшіл, шовинист, гомофоб қылып көрсетіп, оларға жаңа өнеге керектігін түсіндірді. Франкфурт мектебінің осындай идеялары 1940-1950 жылдардағы педагогикалық колледждерде кеңінен таралды.
1950 жылдары Франкфурт мектебінде Хоркхаймер мен Адорноның идеяларын тарататын адам, ізбасар жетіспеді. Осы кезде құдай сәтін салып, отставкадағы офицер, философия профессоры, сөздің адамынан революцияның адамы болуға ұмтылып жүрген Герберт Маркузе табыла кетті. Ол Хоркхаймердің «Болашақ мәдени революцияда пролетариаттың рөлін кім ойнайды,» – деген сұрағына жауап берді. Маркузенің ойынша, бұл рөлге – жастардың радикалды топтары, феминистер, қара нәсілділер, гомосексуалистер, маргиналдар, Үшінші әлем елдерінің революционерлері және батыстың басқа да «құрбандықтары» секілді бірнеше кандидаттар бар. Батыс мәдениетін төңкеретін «жаңа пролетариат» осылар болмақ.
Бұған дейін қоғамның негізгі ұстындары ауызекі әңгіме немесе кітаптар арқылы қиратылып келсе, Маркузе – төсек ләззаты мен есірткі одан да күшті қару боларына сенімді болды. «Эрос және өркениет» кітабында ол әйгілі «ләззат қағидасын» ұсынып, «Соғыспен емес, махаббатпен айналыс!»– деген ұран тастады. Бұл ұранды жастар жақсы қабылдап, студенттер кітабын таласа оқып, өзі жұрт табынатын тұлғаға айналды...
Жаңа марксшылдар үшін өздері шовинизм мен әлеуметтік теңсіздіктің инкубаторы әрі диктатураның қарапайым мысалы ретінде санаған отбасы институтын құртудан өткен маңызды мақсат болған жоқ. Марксизм үшін отбасы институты аса бейтаныс та емес еді. Карл Маркстың өзінен бастап, Фридрих Энгельс, Эрих Фромм, Вильгельм Райх, Теодор Адорноға дейінгі осы идеяның негізін салушылар – жанұяда әке билік ететін дәстүрлі патриархалды отбасына кәрін төгіп келген-ді. Сөйтіп, патриархалды отбасын жою, яғни әкені жанұядағы «тағынан түсіру» үшін, франкфурттықтар – жанұя басшысы әйел болып табылатын матриархалды отбасын, сондай-ақ, жанұядағы әйелдер мен еркектердің қызметі ауысып кететін «андрогиндік теорияны» ұсынды. Нәтижесінде, әйелдер қаһарман атанып, алдыңғы қатарға шығарылса, еркектердің беделі төмендетіліп, нәуетек, нәумезге айналдырылды...
Батыстың бүгінгі рухани, демографиялық дағдарысы туралы сөз еткенде, біз Франкфурт мектебін бұл «қылмыстың» басты айыпкері ретінде қарастыруымыз қажет. Лукач, Грамши, Адорно, Маркузе және жалпы Франкфурт мектебі Американың мәдени және интеллектуалдық тарихына зор нұқсан келтіргенін жоққа шығаруға болмайды. Большевиктер сияқты олар шабуылдап Қысқы сарайды алмаса да, өз идеяларын қоғамға террор арқылы күштеп таңбаса да, қарапайым жұртты ақылымен тәнті ететін Маркс секілді ой алыбы да болмаса да, есімдерін америкалықтардың өте аз бөлігі білсе де, қоғамда олардың барлық идеялары қуатталып, салтанат құрды. Ал америкалық элита – франкфурттықтардың кім екенін білмесе де, олардың теорияларын «қос қолдарын көтеріп» қолдады.
Қазіргі қоғамның өкілдері бұл теорияның веймарлық Германияда немесе Муссолинидің Италиясында жасалғандығын және оның астарында әлемдік мәдениет пен өркениетті бүлдіріп, құрту саясаты жатқандығынан бейхабар. Осы жерде еріксіз «Неге 1960-ы жылдардағы Америка – бай иудо-христиандық мұрасы, тарихы, салт-дәстүрі, наным-сенімі бола тұра, осы «бүліксіз революцияны» қабылдады,» – деген сұрақ туындайды. Бұған қоса, Франкфурттықтар қалай жеңіске жетті және оған қандай факторлар әсер етті дегенге келер болсақ, оның бірнеше факторы бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет