Философия және мәдениеттану: Оқу құралы



бет21/28
Дата17.10.2023
өлшемі1,26 Mb.
#117202
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   28
Байланысты:
Философия және мәдениеттану Оқу құралы-emirsaba.org

Стратегиялық міндет: тіл, дін, діл тұтастығы. Осы үш ерекшелікті басқа ұлт өкілдерінің ұйытқысы ретінде қолдану арқылы ынтымақтастықты дамыта отырып, жалпы мемлекеттік сүйіспеншілікке жетелеу.
Жуық арада ескеретін, ағымдық міндеттер: қоғамның тыныс тіршілігінде болып жатқан құбылыстарды стратегиялық міндеттер негізінде реттеп, бақылап отыру.
Қазақстан Республикасының мәдени даму тұжырымдамасы тәуелсіз Қазақстанның мәдени дамуының дербестігін қамтамасыз ету, ұлттық мәдени дамуының дербестігін қамтамасыз ету, ұлттық мәдени сұраныстары мен талаптарын қанағаттандыру және отарсыздандыру (деколонизациялық) саясатын жүргізу маңызды болып табылады.
Жас ұрпақтың мәдени дамуы мен қалыптасуы бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі. Мемлекеттік саяси бағыт жастардың қоғамдық өмірге қатысу мен мәдени дәстүрлерді қабылдауына ықпал ете отырып, жастардың интеллектуалды өсуі мен мәдени – этникалық құндылықтарды қалыптастыруына негізделуі тиіс. Бүгінгі таңда жастар болашақ қоғам мүшесі, елдің болашағы ретінде айтылып жүргенімен олардың бүгінгі тыныс-тіршілігінен айтарлықтай өзгерістерді байқау қиын. Себебі, жастардың арасындағы нашақорлық пен жеңіл жүріс, батыстық мәдени үрдістерге еліктеушілік кеңеюде. Жастардың тән, жан саулығы елдің стратегиялық қоры, жаңа заманғы дамуының шешуші факторы. Жасөспірімдер мен жастардың ізгілікті, рухани құндылықтарын бойға сіңіру мен насихаттауға иек артуы керек. Жастардың арасында мәдени-адамгершілік құндылықтарының қалыптасуы жағынан екі топтық категорияға бөлінеді.
Біріншісі, ауылдық аймақтардағы мәдени болмысты қалыптастырған жастар.
Екіншісі, қалалық мәдени-техникалық құрылымдар жағынан тәрбиеленуші жастар тобы. Олай болса, Қазақстан Республикасы өзінің саяси-мәдени стратегиясында жалпы қазақстандық жастардың табиғи-болмысына негізделген мәдени форманы қалыптастырудың механикалық құрлымдары ұлттық мәдени ошақтар мен жастардың мәдени және қоғамдық ұйымдарының қалыпты жұмыс жасауының мүмкіндігіне демократиялық-құқықтық нормалар тұрғысынан қолдау көрсетілуі тиіс. Осы аталған ұйымдар мынандай мақсаттарды жүзеге асыруы қажет:
- жастар арасында тұтас мәдени атмосфераны қалыптастыру;
- ауылдық және қалалық жастар арасында ұлттық-мәдени және қазіргі заман мәдени-техникалық құндылықтар жүйесін орнықтыру;
- жастарды саяси-мәдениет, этикалық, патриоттық жағынан тәрбиелеу;
Жастардың эстетикалық, ізгілікті талғамның қалыптасуына алдымен жарнама, электронды ақпарат құралдарының әсер ететіндігін естен шығармағандығымыз жөн. Бөгде идеалдарды таңдау, зорлық-зомбылық, қатыгездікті уағыздау жастармен жасөспірімдер мінез-құлқына қызмет етіп, қазіргі өмірді қабылдау мен өмір сүру дағдысына кері зардабын тигізері анық. Ақпараттық мәдениеттегі шылым шегу, дүлей күшке табынушылық, спирттік ішімдіктерге жарнамаларды іс жүзінде тоқтату, жас ұрпақты сауықтырудың кезек күттірмейтін шаралары.
Жастардың төл мәдениеттен, тарихтан нәр алуы, қоғамымыздағы достық, бейбіт, өмір, келісім, олардың туған Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арттыра түсуі тиіс. Мемлекет қолдауы – мәдени инфрақұрылымдарды дамыту мен материалдық жағынан қамтамасыз етуі бағытталуы тиіс. Соның ішінде театр, кітапхана, стадион, мектептен және жоғары оқу орындарынан тыс ағарту мекемелері, сондай-ақ оқу, әдіс-тәсілдемелік құралдарын, көркем әдебиеттерді шығару, компьютерлендіру, дене тәрбиесі мен спорттық дамытудың мемлекеттік, аймақтық бағдарламаларын жасауы сияқты стратегиялық мақсат - мүдделерді көздеуі тиіс. Әсіресе, рухани, патриоттық тәрбие беру ісінде, мемлекеттік тілді оқып - үйренудің жаңа, тиімді тәсілдерін тәжіриебеге енгізуге ерекше мән берілуі керек.
Ұлт бірлігі жай сөз емес. Саяси процестердің алдын алып, болжап, бағыттап отырғанда кешегі бизнесмендердің бір тобының үндеуі сияқты масқарашылықтан ада болар едік. Тілді саудаға салуға болмайды. Қазақтың ата-бабасынан қалған тарихи мекенінде бір-ақ тіл – қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керек. Тарихтың сындарлы сәтінде тұрмыз. Қателесуге қақымыз жоқ.
Батыстың мемлекет басқару стандарттарын Орта Азияның жағдайына механикалық түрде көшіру, тіпті үлкен қантөгіс оқиғаларға әкелуі мүмкін. Айталық, 90-жылдардың басында Батыс өлшемімен алғанда Тәжікстанда оппозициялық күштер алаңға шықты. Яғни, батыстағылар бұл құбылысты прогрессивтік жәйт, билеуші өкімет пен оппозицияның заңды талас-тартысы деп ұқты. Бұл Батыс аналитиктерінің дүниенің бәрін өз өлшемдерімен, өз түсініктерімен өлшеуінің, өз қоғамдық стандарттарын ең дұрыс, ең қажетті, әлемдегі бүкіл мемлекеттер қолдануы, басшылыққа алуы тиіс ең алдыңғы қатарлы, гуманистік мемлекет басқару стандарттары деп ұғынуынан еді. Бұл батыс аналитиктерінің дүниедегі өзге мемлекеттердің ішкі жағдайларына, ондағы өмір сүріп жатқан адамдардың менталитетіне, ондағы геосаяси жағдаяттарға мән бермеуінен туындаса керек.
Нәтижесінде Тәжікстандағы алаңға шыққандар ешқандай да оппозиция емес, әрқилы жергілікті кландардың, ұлттық топтардың билік үшін таласы екені белгілі болды. Мұның соңы Тәжікстандағы ауыр қантөгіс соғысқа, мыңдаған адамдардың өз мекендерін тастап босқынға айналуына әкеліп соқты.
Яғни, Орта Азия жағдайында шынын айтқанда, Батыстың түсінігіндегі өркениетті заңға сүйеніп әрекет ететін оппозиция жоқ екенін көрсетеді. Оның үстіне түптеп келгенде, Орта Азия жағдайындағы әрқилы этникалық топтардың күрделі мозаикасы, олардың ертеден келе жатқан қарым-қатынасы, мидай араласқан күрделі территориялық орналасуы жағдайында өкімет билігі қатаң орталықтандырылған, қатаң біркелкі мемлекеттік саясат, біртұтас әкімшілік-билеушілік вертикалы жағдайында ғана саяси тұрақты әрі тиімді биліктік мемлекет орнатуға болады.
Шындап келгенде Жер шарының кейбір аймақтарында (айталық Ауғанстанда) Батыс ұғымындағы «мемлекет» дейтін нәрсе жоқ деуге болады. (Кейбір мемлекеттерде есірткі барондары үстемдік етуде, басқаларының өз территориясын толыққанды басқарып отыратын басқару-әкімшілік құрылымдары жоқ, үшіншілерінде бір-біріне бағынбайтын әрқилы этникалық немесе жершілдік кландар бар, енді біреулерінің экономикасы тым әлсіз, яғни мемлекеттік аппарат пен әскерін қамтамасыз ететін қауқары жоқ, ...т.с. жағдайлар)
Осылардың бәрі мемлекет ұғымына да, жергілікті жағдайларға да ат үсті қарауға болмайтынын көрсетсе керек. Өзге ұлттар мен ұлыстарды ассимиляциялау, еріту, өзіне сіңіру кез келген үлкен ұлттың басты қасиеті. Және бұл процесс жеке адамның еркінен тыс, қоғамдық дамудың ағынымен, ұлттың даму, сандық сапалық өсуімен қабаттаса жүріп отырады. Қазіргі әлемдегі ұлттардың дамуының басты магистральды бағыты да осы – ірі ұлттардың ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ассимиляциялауы, сіңіруі. Және бұл процесс ешқандай да зорлық-зомбылықпен жүріп жатқан жоқ, өмірдің ағынымен бірте-бірте жүріп жатыр. Бұл магистральды жолдан қазақ та тыс қала алмайды, қалуы да мүмкін емес.
Рулық, жүздік салт-сана адамзат дамуының, қазақ ұлтының дамуының қазіргі сатысына, нарықтық, демократиялық қарым-қатынастарға мүлде сай келмейді. Бірақ Қазақстанда ескірген рулық, жүздік салт-сананы әдебі қайта жаңғыртып, қайта көтеріп, насихаттап отырған адамдар бар. Рулық, жүздік сананы қазақтың нарық пен демократия жағдайындағы қоғамдық-әлеуметтік дамуының өзі ұлттық әлеуметтік өмірінен ығыстырып шығарар еді, бірақ осы қоғамдық-ұлттық қалдықтарды әдейі жаңғыртып, жаңа өмірге сүйрейтін, әрі осындай салт-сананың өмір сүруіне мүдделі адамдар бар. Олар одан белгілі бір пайда табады - өзінің жеке басының мәртебесін көтереді (“атың шықпаса жер өрте», «жақсы атың шықпаса жаман атыңмен елге таныл”), өз руына сүйеніп, сайлауда жеңіп шығады, руының қолдауымен қандайда бір материалдық байлықты, не бір қызметті иеленіп қалады, т.т.
Мүмкін ол бала атақты бидің не батырдың ұрпағы емес, қайдағы бір құл-құтанның, елге кірме келімсектің, шүршіттің, эпиофтың, эскимостың, чукшаның, ирандықтың, арабтың, тәжіктің, т.б. ұрпағы шығар. Сонда ол баланы «сен чукшаның не эпиофтың, француздың не поляктың, арабтың не ирандықтың ұрпағысың деп, немесе «сен нашар, саны аз, ешқандай батыр, би шықпаған рудың ұрпағысың» деп қорлауға, немесе баланың іштей қорлануына жол беруге біздің қандай қақымыз бар?!!..
Мейлі, ол бала ұры-қарының, тіпті жезөкшенің ұрпағы болсын, ата-анасының кім болғаны үшін бала кінәлі емес, ол бүгінгі Қазақстанның азаматы, қазақпын деп отыр, қазақ тілін оқып отыр. Оның руында, жүзінде, ата-бабасында кімнің қандай қақысы бар? Ол баланы бүгінгі азамат, ертеңгі халықтың болашағы, ұлтымыздың бір кірпіші ретінде құрметтеуіміз, оның ар-ожданын қозғайтын нәрселерден қашық болуымыз керек емес пе?
Баланың жас, әлі қалыптаспаған санасына «сен пәлен рудың өкілісің» деп сіңіріп, ертеңгі ұлттың ыдырауға, ру-руға, жүз-жүзге бөлшектеніп кетуге немесе «ана руға, жүзге жағдай жасалды, ал біздің руды, тайпаны шетке ысырып жатыр дейтін ұлттық алакөздікке бастаудың өзі қылмыс емес пе?
Қазақта бір ғана ру – қазақ руы, бір ғана жүз – қазақ жүзі, бір ғана ұлт – қазақ ұлты болуы тиіс. Және бұны кез келген бұрышқа таяқтай қылып жазып қойса да артық емес.
Жалпы, экзистенциализм, персонализм, философиялық антропология сияқты адам мәселесі жөніндегі данышпандық ойдың мына сөздермен сипатттауға болар еді: «... мұндай ойлау жүйесін адам философиясының идеялар философиясына қарсы әрекеттемесі ретінде бағалауға болады. Адам философиясы тірлікті бүкіл көлемде қамтымайды: адам тірлігі – міне, онаң ең басты мәселесі. Ал дәстүрлі философияны ол бірінші қатарға идеялар философиясы мен рухани туындылар философиясының керектілерін қойғаны үшін күстәналайды» [149, 52 б.].
Дәл біздің қазақ ұлтының жағдайында адам философиясының негізгі мәні – ұлттық немесе жеке жанның тарихтың бұрылысында сана биігінен құлдырап, инстинктердің шылауымен азғындамауында болса керек. Онсыз да әсіресе жастар арасында жеке бастың мүддесі үшін моральдық, этикалық тыйымдарының бәрін лақтырып тастап, өзінің төменгі инстинктерінің, жабайы эгоизмнің басқаруымен ғана өмір сүрушілір көбейіп барады [150]. Адам табиғатының іргетасы бірінші қатарға шығып келеді. Мұндай қоғамдық қатерлі құбылыстарды тежеуші күш қайда?
Жалпы моральдық-этикалық тыйымдардың бәрі қоғамның өзін-өзі қорғау ниетінен туындаған ғой. Тыйымсыз жерде, белгілі ұлттық салт-дәстүрлер сақталмаған жерде адам қоғамы этикалық топтан гөрі төменгі инстинктер шылауындағы тобырға айналмай ма «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйымның» - жай мақал емес, болмыстың белгілі заңдарынан туындаған этикалық тұжырым ғой. Қазақтың ислами адамгершілігіне тән обал-сауап категориясы таза реалитивистік прагматикалық көзқарастар мен іс-әрекеттердің нәтижесінде ыдырауға түсіп кетпесе жарады. Оны жандандыратын да, қанаттандыратын да енді дін сияқты көрінеді.
Әрине қоғамдық-әлеуметтік өзгерулерді тежеуге әрекеттену артықшылық. «Елу жылда – ел жаңа». Үнемі жаңару, жаңғыру процесі тоқтаусыз нәрсе. Тек осы жаңғырулар кеңістігінде ұлттық тәрбие, ұлттық орта желісін үзіп алмау біздің міндетіміз.
Халықтың рухани дүниесі қаншама бай болғанымен, ол ұлттық дүние болып қала береді, белгілі бір кеңістіктік-уақыттық шекараларда өсіп жетеді, этностың, халықтың, ұлттың дүниетүйсінуі мен дүниетүсінуінің ерекшелігін әйгілейді. Ол өзінің дүниені аңғаруының қайталанбайтындығын бекіте отырып, дүниежүзілік мәдениет пен тарих тәжірибесіне ашық, басқа мәдениеттерді түсінуге қабілетті, бұл мәдениеттермен өзара әрекет етуге дайын, тек сондай мәдениет үшін ғана болашақ ашық болады. Бүгінгі ұлттық рухани мәдениет ашық, өзін өзі ұйымдастырушы динамикалық жүйе ретінде дамуға міндетті. Бұл үшін жағдайды жасау - өзіне өркениеттік шұғыл өзгерістердегі қазақстандық қоғамды модернизациялаудың қиын міндетін алған, жаңа ақпараттық қоғамның жаһандану кезеңіндегі құндылықтар әлеміне еніп бара жатқан, мемлекеттің ісі.
Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа интеграциялануы және ол қамтамасыз ете алатын үлес туралы айта келе, оның гуманитарлық барлық салаларда дүниежүзілік ынтымақтастыққа ашық екендігін атап өткіміз келеді. Демократиялық даму, адамгершілік шыңдалу әйтсе де жинақталған мәдени мұраны сақтаусыз және арттырусыз мүмкін емес, осы сынды Барлық экономикалық және әлеуметтік соңғы жылдарды қиындықтарға қарамай, қазақ рухани мәдениеті өзінің өміршеңдігін көрсетті. Қазақстан отандық ғылымның, білімнің, денсаулықты сақтау ісінің, ұлттық мәдениеттің тәжірибесі және жетістіктерімен бөлісуге дайын.
Қазақстан Ата заңы халықтарға ұлттық дәстүрлерді сақтау және дамыту құқына, ал әрбір азаматқа – шығармашылық еркіндікке, мәдени өмірге қатысуға кепілдеме берді. Бұл конституциялық қағидалар парламент қабылданған «Мәдениет туралы Заңда», «Авторлық құқық туралы», «Мұрағаттық қорлар және мұрағаттар туралы», «Мәдени құндылықтарды алып шығару және әкелу туралы», «Кітапханалық жұмыс туралы», «Мұражайлық жұмыс туралы» заңдарда ары қарай дамытылды.
Соңғы жылдардағы экономикалық қиындықтар, өкінішке орай, мәдениеттің бұқаралық ұжырымдары торабының қысқаруына әкелді. Бұл жағдайда саясаттың басты бағыттарына Қазақстанның бай мәдени және тарихи мұрасын (соның ішінде ЮНЕСКО қамқорлығында тұрған объектілерді де), ұлттық рухани мәдениеттің озық үлгілерін сақтау, қалпына келтіру және пайдалану, мәдени инновацияларды дамыту, мәдени құндылықтарды қорғау жүйесін орнықтыру, қазіргі өнер мен дарынды жастар өкілдерін қолдау, барлық азаматтарға мәдениет және оның ұйымдарының нәтижелерін пайдалануға мүмкіндік туғызу жатады.
Қазақ рухани мәдениетінің әлемдік қауымдастыққа интеграциялануында, оған Қазақстан 1992 жылы кірген, ЮНЕСКО халықаралық ұйымының рөлі маңызды. ЮНЕСКО қолдауымен өткізілген ауқымды шаралардың арасында Абайдың 1995 жылғы 150 жылдық мерейтойын және 1997 жылғы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығын халықаралық аталып өткенін ескерген жөн. Париждегі коллоквиумға және Алматыдағы конференцияға қатысқан, француз философтары Ж. Перар мен М. Перро Абай шығармашылығын зерттеу мен талдауға ерекше үлес қосты және оған жаңа тұрғыдан келіп, Абай мен Серен Кыркегордың көзқарастарына салыстырмалы талдау берді.
Мәдениеттің қалыпты дамуы шығармашыл кадрларды тұрақты түрде жасап шығару жағдайларында ғана мүмкін. Бұл мақсатта мәдениет пен өнер саласында көпдеңгейлі кәсіби білім беруді дамыту ойластырылған және мәдениет қызметкерлерін дайындау, қайта дайындау және кадрларды ротациялауда тұтас жүйені құру, менеджерлер мен әлеуметтік қызметкерлер сияқты, жаңа мамандықтар бойынша мамандар дайындау ісіне басымдылық керек. Кәсіби өнерді қолдаумен қатар, олар бүгін жан-жақты өрістеген және біздің Отанымыздан тыс елдерде де үлкен табыстарға жеткен, халықтық, фольклорлық туындылар зор маңыздылыққа ие.
Қазақ халқы рухани мәдениетінің даму динамикасы, қалыптасқан әлеуметтік-мәдени жағдайларға байланысты, қайшылықты және күрделі процесс болып көрініс табады. Қазақстан тұрғындарының көпэтникалық табиғаты, оның дамуының анық суреттемесін айқындауға мүмкіндік беретін, шектер мен өлшемдерді белгілеуде жүзеге асады. Қазақтардың рухани өмірі, қаншама ұлттық құндылықтар бүкіләлемдік, жалпыөркениеттік дерек, құбылыс маңыздылығына ие болғанда немесе бола алатындығында, соншама оқиғалығында және қоғамдық көркейтілуінде өзін көрсетеді. Оларды қайтадан жаңғырту тек қазақтар үшін ғана өзіндік құндылық емес, ол Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттар мен этникалық топтардың рухани өзін білдіруінің алғышарты мен жағдайы, қазақстандық ұлт институционализациясының жүйеқұрастырушы факторы болып табылады.
Рухани мәдениет қайта жаңғыруының мысалына қазақ мәдениетіндегі жаңа есімдердің жарық шоғыры жатады.
Беделді дүниежүзілік сахналарда Жәния Аубакирова, Айман Мұсаходжаева, Марат Бисенғалиев, Гаухар Мырзабекова, Әмір Тебенихин, Алан Бөрібаев сияқты дарынды қазақстандық музыканттар табыстарға жетіп жүр.
Шетелдердегі үздік қазақстандық әншілердің мойындалуы қуатты вокальдық мектептің бар екендігінің және әрекет ететінің куәсі бола алады. Осының дәлеліне халықаралық конкурстар мен гастрольдерде Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Ерік Құрманғалиев, Майра Мұхаммедқызындай орындаушылардың жетістіктері жатады.
Қазақстандық кинода да «Жаңа толқын» өз орнына ие. Бұл халықаралық кинофестивалдардағы Серік Апрымовтың «Үш аға-іні», Дәріжан Өмірбаевтың «Қайрат», Әмір Қарақұловтың «Көгілдір дабыл қағушы», Талғат Теменовтың «Қызғыш құс», Ермек Шынарбаевтың «Бос арбадағы орын», Болат Қалымбетовтың «Соңғы суықтар», Виктор Пұсырмановтың «Қайсар», Сатыбалды Нәрімбетовтың «Жас аккордеонист өмірінің сәттері», Ардақ Әмірқұловтың «Отрардың күйреуі» және т.б. фильмдері үшін алған жүлделері.
Қазіргі әлемде рухани өмірдің стереотиптенуінің жаһандық процестері жүзеге асуда, сондықтан этнос рухани мәдениеті әлемдік мәдениет кеңмәтінінен тыс өмір сүре алмайды. Ұлттық мәдениеттің қайталанбайтындығы оның адамзаттың өркениеттік қозғалысынан бөлектенуін ұйғармайды.
Дегенмен жаһандану процесі біздің көп дәстүрлі – мәдени құндылықтарымызды жойылып жатыр, бірақ біз бұдан шет қала алмаймыз, өйткені бұл тоқтаусыз жүре беретін процесс. Біз жоғарыда атағандай бұл үрдісте, бір жағынан, ұлт өз мұрасын сақтап, өзінің тарихи субъект мәртебесінен айырылғысы келмесе, екінші жағынан, әр ұлт жаңаруға, басқадан үйренуге бейімді. Осы екі үрдісті ұштастыру оңай емес әрине. «Жапония рухы, Батыс технологиясы» («Японский дух, Западная технология») қағидасын жүзеге асырып, жапондықтар өз мәдениетін сақтап дамытуда. Бұл қағиданы басқа да Оңтүстік Азия мемлекеттері басшылыққа алуда. Бұлардың ұстанымы: «Ойың әр жақта, әрекетің дәл, нақты болсын («думай глобально, действуй локально»).
Осы мемлекеттер сынды бізде жаһандану процесіне сенімді интеграциялануымыз қажет. Біздің рухани мәдениетіміз бай, тамыры терең. Қайта сол батысқа, яғни еуропа мемлекеттеріне біздің мәдениетті сіңіріп жіберуіміз қажет. Әрине бұл негізде біз бірінші өзімізді танып алуымыз қажет, өзімізді танып алмай, өзгеге таныта алмаймыз. Ресей ғалымдарының көбісі бұл жаһандану процесі ұлтты жойып жіберітін жойқын күш деген пікір білдіруде. Олар: А.Панарин.А.Н. Чумаков т.б.
Бұрынғы Қытай философы Конфуций былай деген екен: бір мемлекеттің жойылып немесе аман қалуы, оның халқының аз көптігіне байланысты емес, ол халықтың рухани бірлігіне байланысты. Осы айтылғандай біз өзіміздің осы XXI ғасырда, яғни жаңарған ғасырда сол байырғы рухани құндылықтарымызды жаңғыртсақ, бұл жаһандану процесінен ұтылмаймыз қайта бұл процесте негізгі орынды алыуымыз ғажап емес.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет