Философия және мәдениеттану: Оқу құралы



бет8/22
Дата22.09.2022
өлшемі1,7 Mb.
#39867
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22
Байланысты:
annotation23046

мәселелері
Адам баласы өмірінің басты мақсаты – ол мәдениет принциптеріне сүйене отырып, өзінің бойындағы қасиетті дәйекті де тұғырлы етіп тәрбиелей отырып, жүзеге асыру. Өйткені, мәдениеттің өзі өмірдің тиянақтылығын, дәйектілігін, мәнділігін, табандылығын, тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірден-бір институт болып табылады.
Ал соңғы онжылдықтарда, көп деңгейлі және көп мағыналы болып табылатын осы мәдениет феноменіне өскен қызығушылық себептерінің бірі – қазіргі кездегі қоғамдық өмірдің хаостық, – дәйексіздік, тұрақсыздық, тиянақсыздық, негативтілік – сипатқа ие болғандығынан деп білу қажет. Қоғамда айқын көрінетін мына жағдайлар – ата-ана мен баласы арасындағы түсініспеушілік, олардың арасындағы дау-жанжалдар (кейде қол жұмсаушылық), адамдардың бір-біріне сенімсіздік білдіруі, бір мемлекеттің азаматтары бола тұрып, ұлтқа, нәсілдікке, діни ұстанымға бөліну, бір-бірін белгілі бір себепсіздіктен жек көру, т.с.с. негативті бейсаналыққа, эмоцияларға негізделген келеңсіздіктер қоғам, мемлекет, Әлем өмірінде көптеп орын алуда. Мұның себебін іздеп, анықтап алудың кезі әбден келді деуге болады. Өйткені мұндай үрдіспен қоғам регресс түгелі, санасыз мақұрым тобырына айналуы мүмкін. Ал қоғам өміріндегі мәдениет функцияларының бірі – бұл реттеу (немесе нормативті) функциясы. Оның негізгі мәні – адамдардың қоғамдық және жеке әрекет түрлерін реттеу. Мәдениет ұнамдылық (мораль) пен құқыққа негізделе отырып, адамдардың мінез-құлқына ықпал етеді. Қазіргі уақытта осы реттеу функциясы белгілі бір топтар құралына айналып отыр.
Сонымен, мәдениет ұғымы бір жақты да емес, бір сатылы да емес болып табылады. Мәдениет түсінігі аясына жеке адамға, қоғамға, халыққа, ұлтқа, мемлекетке және Әлемге қатысты мәдени позициялар жүйесі енеді. Және айтып кететін бір нәрсе, «мәдениетті анықтаудағы үш көзқарасты қолдана отырып, зерттеуші соған тән барлық процестерді толық қарастыра алады: тарихи (уақыттық) – қандай да бір мәдени құбылыстардың өмір сүруінің уақыты және орны; формальды-функциональды (уақыттан тыс) – мәдениеттің қызметі мен құбылыстарын талдау, олардың уақыттан тыс, қайталанатын және кері түріндегі процестерін, интеграция мен дезинтеграцияны түсіну; формальды-уақыттылық процесс, әдетте, мәдениеттің өсуі немесе дамуы деп атайды – бұл мәдени жүйенің әр уақытта өзгеруі, бір форма алдыңғы формадан шығуы және келесі бір формаға айналуы. Бұл процестің шеңберінде өзгерістер жеке құбылыстармен емес, мәдени құбылыстардың кластарымен болады» [1, 28 б.].
Мәдениет ұғымына «адамзаттық қоғамның өндірістік, қоғамдық және рухани өмірдегі жетістіктер жиынтығы» [2, 42 б.], ережелер мен тәртіптер жиынтығы, тәрбие мен білімділіктің белгісі, т.с.с. түсініктер кіреді. Ауылдар, аймақтар, этникалық топтар, халықтар, діни ұстанымдар – бұлардың барлығы мәдени әртүрліліктің әртүрлі деңгейлерін көрсететін өзіндік ерекшелігі бар белгілі бір мәдениетке ие. Мәдениет туралы ХХ ғасыр гуманисі Альберт Швейцер (1875-1965) былай дейді: «мәдениет дегеніміз адам баласының және бүкіл адамзаттың прогрессінің жиынтығы, ал бұл прогресс индивидтің рухани жетілуге ықпал тигізуі тиіс. Өйтпеген жағдайда, бұл прогресс мәдениетке апармайды» [3, 103 б.]. Яғни, бұл прогресс адам баласының рухани жетілуінің белгісі болып табылады және солай болуға тиіс. Прогресс дегеніміз ғылыми техникалық прогресс емес, керісінше, рухани дүниенің, қазынаның, құндылықтың, болмыстың өркендеуі болуы тиіс.
Біріншіден, мәдениет адам жасағаннан немесе жасайтыннан тұрады: адам қызметінің түрлері мен формалары, соның нәтижесінде пайда болатын өнімдер (артефактілер) және қатынастар. Сәйкесінше, бұл жағынан мәдениет табиғатқа қарама-қарсылық, жасандының табиғиға қарсы қойылуы ретінде болады.
Екіншіден, мәдениет қоғаммен сәйкес келеді де, сәйкес келмейді, өйткені адамның тіршілік әрекеті мен қоғамда табиғи сипаттағы факторлар аз орын алмайды.
Үшіншіден, және де бұл ең бастысы, мәдениеттің мазмұны адамды «жасау», тәрбиелеу, қалыптастыру болып табылады, яғни адамның биологиялық жағынан тұлға болуы (әлеуметтік адам).
Сәйкесінше, мақсаты адамды, оның жеке тұлғалық, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту болатын қызмет тәсілі, формасы және нәтижесі түпкілікті мәдени мазмұнға ие болады. Бұл процесте адамның өзін дамытуы үшін жасалған қызмет жүйелері мәдениетке жатады.
Сонымен біз мәдениетті адамның табиғатты түрлендіруінің (барлық түрлерде) саналы қызметі, және де материалдық және рухани сфераларда іске асырылған осы қызметтің нәтижесі ретінде түсінеміз.
Мәдениет – бұл өте күрделі, көп деңгейлі жүйе. Мәдениетті оның жеткізуі бойынша бөлеміз, әлемдік және ұлттық мәдениетті бөлу. Әрбір мәдениет этносқа, халыққа қатысты болады, ұлттық болып табылады. Алайда осы мәселе бойынша әр түрлі көзқарастар бар.
Ежелгі заманда мәдениеттің этноұлттық сипатына көзқараста екі қарама-қарсы тенденция пайда болды: этноцентризм және космополитизм. Біріншісіне сәйкес қандай да бір этнос өзінің мәдениетін үлгі мен эталонның кейбір үлгісі ретінде қарастырады, оны басқадан жоғары қояды, басқа мәдениеттерді сенімсіз немесе өшпенділікпен, кейде ксенофобия – басқадан қорғау түрінде қабылдайды. Екінші тенденция үшін өзінің этносы мен елінің шеңберінен шығып, әлем азаматы болуға тырысу керек. Бұл жағынан космополитизм патриотизмге қарама-қарсы болады.
XVIII ғасырдан бастап көрсетілген тенденциялар ұлттық және әлемдік мәдениеттер арасындағы қатынастар проблемасын құра отырып, мәдени релятивизм мен мәдени универсализм формасында болады. Мәдени релятивизмнің басында француз философы Монтень тұрды, ол әрбір ұлт өзінің жеке, ұлттық идеясын құрайды деп болжаған. Алайда ол неміс философы Гердердің жұмыстарында жеткілікті түрде дайын күйінде ұсынылған. Мәдени релятивизмнің қазіргі өкілі француз мәдениеттанушысы К. Леви-Стросс болды.
Мәдени универсализмнің белгілі өкілдері - Руссо, Кант, Гете, көптеген ағартушы-философтар, әсіресе француздар негізгі адамдық құндылықтар мен адамгершілік универсалды, көпшілік принциптер жағында болады деп болжаған. Кант белгілі категориялық императивті тұжырымдады, оған сәйкес егер қылық универсалды, жарамды болса, жақсы болып саналады. Осыдан әділеттілік жалпылық болады, әділеттілік дәрежесі универсалдылық дәрежесіне сай келеді.
Ұлттық және әлемдік мәдениеттер арасындағы қатынастар проблемасы кейде «Батыс - Шығыс» белгілі мәдениеттану дилеммасы арқылы қарастырылады. Батыс және шығыс мәдениеттері арасындағы үйлесімділік немесе үйлесімсіздік туралы дау ертеде пайда болды және әлі шешімін таппай, жалғасуда. Оның бірін Р. Киплинг ұсынды: «Батыс ол Батыс. Шығыс ол Шығыс… Олар ешқашан қосылмайды». К. Юнг де осындай көзқараста болды. Ол Шығыс пен Батысқа тән ойлау типтері соншалық өзгеше болғандықтан, қосылу оларға мүмкін емес, әрі қажет емес деп есептеген. В. Соловьев керісінше, болашақта Шығыс пен Батыс бірыңғай әлемдік өркениетке бірігеді де, бұл «алқалық» принциптердің толық жеңуіне негіз болады деп санаған.
Мәдени релятивизм және универсализмді бағалай отырып, оның көптеген ережелері толық негізді және дәлелді болады деп санауға болады, алайда оның бірде-біреуі толық шындыққа үміттене алмайды. Сондықтан олардың қарама-қарсы тұруы емес, бірін-бірі толықтыруы жемісті болар еді.
Қазір планетамызда тұратын халықтардың ұлттық мәдениеттерінің ең үздік жетістіктерінің синтезі ретінде Әлемдік мәдениет ұғымы қалыптасуда. Ұлттық мәдениет өз кезегінде сәйкес қоғамның әр түрлі әлеуметтік топтары мәдениетінің синтезі болады. Ұлттық мәдениеттің өзінділігі, оның белгілі қайталанбас ерекшелігі және сонылығы өмір мен қызметтің рухани (тіл, әдебиет, музыка, кескіндеме, дін) және материалдық (экономикалық құрылыс, шаруашылық жүргізу, тұрмыс, еңбек және өндіріс салтының ерекшеліктері) сфераларында байқалады.
Мәдениеттің нақты таратушысына сәйкес әр түрлі субмәдениеттер бөлініп көрсетіледі. Субмәдениеттерге дифференциация қоғамда әр түрлі таптардың, топтардың болуына байланысты болады. Осы фактордың ролі қазір азайған, бірақ қалған. Қоғамның кедей, маргинал топтарының мәдениеті өте төмен болады, ол білімнен жеке бас гигенасына дейінгі бар сферада байқалады. Жоғары топтағы адамдардың қоғам элитасының мәдениеті жалпы жоғарғы деңгеймен, кейбір сыртқы түрлерімен ерекшеленеді: қатаң этикет, таңдамалы мәнерлер, ерекше кішіпейілділік, ежелгі (аристократтық) дәстүрлерді сақтау.
Орташа топтар мен таптар қазір «бұқаралық мәдениет» деп аталатын ең көп тараған, басым мәдениетті тарататындар болып саналады. Олардың жалпы деңгейі жоғары емес, орташа болып табылады. Сонымен қатар бұл топқа барлық мәдениеттің жаңаруының негізгі көзі болып табылатын, зерде мен шығармашылық потенциалдың жоғарғы деңгейін таратушы ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның негізгі бөлігі жатады.
Ауыл мен қала мәдениетінің арасында едәуір айырмашылық бар. Сонымен қатар кәсіптік мәдениеттің ерекшеліктері туралы да айтуға болады.
Мәдениет нақты түрлерге бөлінеді. Адам қызметінің алуан түрін есепке алу осылай бөлуге негіз бола алады. Осыдан материалдық және рухани мәдениет бөлініп шығады.
Материалдық мәдениет ең алдымен материалдық өндіріс сферасы мен оның өнімдері – техниканы, технологияны, байланыс және коммуникация құралдарын, өндірістік ғимараттар мен үймереттерді, жолдар мен көлікті, тұрғын үйді, тұрмыстық заттар мен киімді қамтиды.
Рухани мәдениет рухани өндіріс сферасынан және оның нәтижелері – дін, философия, мораль, өнер, ғылымнан құралады. Рухани мәдениеттің ішінен көбінесе өнер мен ғылым туындыларынан құралатын көркем мәдениетті арнайы бөліп көрсетеді. Ғылым, өз кезегінде, зерделік, ғылыми-техникалық мәдениет негіздері ретінде қарастырылады.
Материалдық және рухани мәдениет арасында терең бірлік бар, өйткені олардың екеуі адам қызметінің нәтижесі болып табылады, оның бастауында рухани басы – адамның материалдық формаға айналдыратын идеясы, жобалары, ойлары тұр.
Алайда материалдық және рухани мәдениетке бөлу көбінесе шартты түрде болады, өйткені шынайы өмірде олар тығыз байланысты, бір-бірімен сіңісіп, толықтырып тұрады. Тек материалдықққа немесе руханиға жатқызуға болмайтын мәдениеттің бір қатар түрлері бар (экономикалық, саяси, экологиялық, эстетикалық).
Адамдарға әсері бойынша мәдениетті прогрессивті және реакциялық деп бөледі, өйткені мәдениет тек өнегелі тұлғаны ғана емес, өнегесіз тұлғаны да тәрбиелейді.
Моральдық мәдениет – адамдардың жасаған заттық және рухани құбылыстарының әлемі ретінде түсінілетін мәдениет аспектісі, онда дүниені игерудегі, адамның дүниедегі орнын анықтаудағы, адамның тірі жан және әлеуметтік субъект ретіндегі тектік қабілеттері мен мүмкіндіктері дамытылған, адамдық күштері іске асырылған. Мәдениет – бұл адамның текті жан ретінде қалыптасу нәтижесі, шарты және процесі.
Моральдық мәдениетті қоғам мен индивидтер қол жеткізген адамгершілік деңгей, әлеуметтік субъектілер қатынасындағы адамгершілік, адамға деген қатынастың мақсатқа және өзін-өзі бағалау бағыты ретінде анықтауға болады.
Экономикалық мәдениетті мәдениеттің элементтері мен құбылыстарының кешені, экономикалық сана-сезім стеоротиптері, мінез-құлық, экономикалық өмірдің ұдайы өндірісін қамтамасыз ететін экономикалық институттардың мотивтері ретінде анықтауға болады.
Қазіргі ашық қоғамның базалық моделі нарықтық шаруашылықтың экономикалық мәдениеті болып табылады, онда көптеген жеке шаруашылықтар-кәсіпорындар және үй шаруашылығы өз бетімен жоспарлар жасайды, бір-бірімен нарық формасында экономикалық қатынастарға түседі, өзін-өзі ұйымдастыру принципі бойынша жұмыс істейді. Шаруашылық жүргізетін субъектілердің жоспарларын үйлестіру бағалар мен айырбас құны арқылы жүзеге асырылады. Осы экономикалық мәдениет XVI-XVIII ғ.ғ. ұлы әлеуметтік революциялардың нәтижесінде қабылдана бастады.
Бұқаралық мәдениет – бұқаралық қоғамға тән, коммуникациялық-ақпараттық жүйелердің дамуының жоғарғы деңгейінің, урбанизация мен индустриализацияның жоғарғы дәрежесінің арқасында мүмкін болатын күрделі әлеуметтік-мәдени феномен. Ол индивидтің шеттеуінің жоғары дәрежесімен, даралығын жоғалтып, өзімшілдікке айналумен сипатталады. Осыдан бұқараны жойып, олардың бұқаралық коммуникациялар каналдары арқылы мәдени-мінез құлықтарын орнатып, элитаның оларды жеңіл билеп алуы шығады. Бұқаралық қоғам сатысында өзіндік мақсатқа айналатын техниканың дамуы Ж. Эллюльдің пікірі бойынша барлық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын жояды, бірыңғай маңызы жойылған мәдениетті құрады. Ол адамды қазіргі қоғамның құндылықтар еркіндігінен босатады, ол екінші жағынан, Э. Фромның ойы бойынша техникалықты абсолюттеуге және адам болмысының құндылықтарын жоюға әкеп соғады.
Қазіргі бұқаралық қоғам әрбір индивидтің тереңде жатқан жеке қажеттіліктерін жүзеге асыруға бөгет жасайды. Адамның өзін-өзі тану және басқа адамдармен жеке қатынастарын орнатуға тырысуы, не мінез-құлық стандарттылығын тудыратын рухани енжарлықты, не индивид өзі туралы бұлдыр түсінікті жасау үшін қолданылатын жалған бағытқа, «пұтқа» табынуды тудырады.
Мәдениеттануда адам қамының, үрей мен азаптарының тікелей көзі одан тыс жатқан жоқ, ол адамның өзінде, тіршілік етіп отырған ортасында емес, қажеттіліктерде, оларды қанағаттандыру тәсілдері мен мүмкіндіктері арасындағы үйлесімсіздікте екендігі анықталған. Қажеттіліктер көбінесе жеткілікті түрде мәдениетті болмайды, оларды қанағаттандыру тәсілдері мәдениетті бола бермейді және жабайы болады, стихиялы өсетін қажеттіліктерді қанағаттандыру мүмкіндіктері шексіз емес. Соңында әлеуметтік-мәдени бағдарламалардың үнемі жоғары болатындығы және табиғи тежегіштері жоқтығы байқалады, ал адам өзінің биологиясында табиғатпен тығыз байланысты және адам әлеуметтік-мәдени қайшылықтар мен кедергілерді көтере алмайды. Соңында бұл қайшылықтар мен кедергілер – адамның мәдениеттілігінің емес, мәдениетінің аздығының, әлеуметтік эгоизмінің, тарихи шектелуінің белгісі. Сонымен қоғам болашағы үшін күресте субъективті сфераға көп күш түседі. Қазіргі заманда экологиялық танымды қалыптастыру, қазіргі өркениетті басқарудың экологиялық принциптерін жасау және экологиялық ғылым ұсыныстарына сәйкес мәдени құндылықтарды тексеру, экологиялық дағдарыс әсерінен мәдени құндылықтарды оңтайландыру жолында күрес жүріп жатыр.
ХХ ғасырдың соңында қоғам мен қоршаған ортаның өзара әрекеттесу заңдылықтарын, оны қорғаудың практикалық проблемаларын зерделейтін әлеуметтік экология пайда болды. Экологиялық этика оның бір тарауы болып қалыптасты, оның адамзаттың мәдени дамуы үшін мәні күн өткен сайын өсіп келеді. Біздің планетамызда экологиялық мәдениет европа елдерінде қалыптасқан техника культіне қарсы нақты дәрежеде дамып келеді. Сонымен биосфера, өмір және адам культі техника культіне қарсы. Бұл экологиялық мәдениеттің бірінші принципі. Экологиялық мәдениеттің екінші маңызды принципі – биосфераның бейнесі ретінде адамды жыртқыш-адам өмірінен қорғау, адамды ізгіліктен, биологиялық өмір мазмұнынан ада физика-техникалық теориялардан қорғау.
Мәдениеттегі дәстүрлер, жаңашылдықтар және нормалар. Жаңашылдық пен дәстүрлер – мәдениет дамуы процесінің екі жағы. Мәдениет тұрақты және өзгермелі моменттерден тұрады. Мәдениеттегі тұрақтылық, «инерциялық» - бұл дәстүр. Дәстүрде мәдени мұрагерлік элементтері – идеялары, құндылықтар, дәстүрлер, салттар, дүние тану тәсілдері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Дәстүрлер рухани мәдениеттің барлық формаларында болады. Ғылыми, діни, моральдық, ұлттық, еңбек және басқа дәстүрлер туралы айтуға болады. Соның арқасында қоғам дамиды, өйткені жас ұрпақ велосипедті ойлап табумен айналыспайды, адамның қол жеткізген тәжірибесін, мәдениет нормасын игереді.
Дәстүрлер жүйесі қоғамдық организмнің тұтастығын, тұрақтылығын бейнелейді. Оған өрескел қарауға болмайды, өйткені мәдениеттің нәзік және күрделі механизмдері бұзылуы мүмкін. Ескі рухани құндылықтарды, тарихи естелікті ұмыт қалдырып, рухани өмірді жақсарту мүмкін емес. Екінші жағынан, мәдениет жаңарусыз болмайды. Шығармашылық, өзгеріс қоғам дамуының екінші жағы болып табылады. Дәстүрлер мен жаңарулар бірлігі – кез-келген мәдениеттің универсалды сипаттамасы. Мәдениетте дәстүрлер мен жаңарулардың, шығармашылықтың әр түрлі ара қатынасы қоғамдар үшін дәстүрлі және қазіргі негізді береді. Бірінші дәстүрлерде шығармашылыққа билік жүргізеді. Мәдени үлгілер бастапқы түрінде өндіріледі. Өзгерістер жүйесіз және кездейсоқ жолмен дәстүрлер шеңберінде енгізіледі. Нормадан ауытқу қабылданбайды және теріске шығарылады.
Мәдениет нормалары – нақты үлгілер, мінез-құлық пен әрекет ережелері. Олар қоғамның үйреншікті танымында қалыптасады, бекітіледі. Осы деңгейде мәдени нормалардың қалыптасуында дәстүрлі және аңдаусыз сәттер үлкен роль атқарады. Қабылдау дәстүрлері мен тәсілдері жылдар бойы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Қайта өңделеген түрінде мәдени нормалар идеологияда, этикалық ілімдерде, діни тұжырымдарда іске асырылған.
Мәдениеттің нормативтілігі адамдардың тұлға аралық, көпшілік қарым қатынастары және әр түрлі әлеуметтік институттардың жұмыс істеуі арқасында қолдау табады. Ұрпақтан ұрпаққа рухани тәжірибені жеткізуде білім беру жүйесі орасан зор роль атқарады. Онда өмірге аттап басқан индивид тек білім алып қана қоймайды, қабылдау мен әрекет ету, қоршаған ортаны түсіну және қатынас жасау принциптерін, нормаларын алады. Мәдениет нормалары өзгермелі, мәдениет ашық сипатта болады. Ол қоғамда болып жатқан өзгерістерді бейнелейді.
Мәдениет, негізінен, қарқынды түрде қоршаған ортаны, қоғамды, адамзаттың өмір сүру салтын өзгеріске ұшырата алады, сондықтанда ол өмір сүрудің шығармашылық факторы ретінде және қоғамдық жаңа өзгерістердің шексіз қайнар көзі ретінде бағаланады. Осыдан мәдениеттің потенциалын, оның ішкі байлығын іздеп табуға және оның мүмкіндіктерін жүзеге асыруға деген құлшыныс туындайды. Адам баласы мәдениетті өзінің ішкі потенциалын жүзеге асыруы мен өзінің жеке ерекшелігін атап көрсетуінің құралы ретінде қарастыра отырып, мәдениеттің тарихи процестерін және адам баласына позитивті әсер ететін жаңа түпсіз, шексіз импульстарын көруге болады.
Мәдениет мемлекеттік немесе халықаралық қарым-қатынаста тек әлеуметтік, ділдік, сана-сезімдік ерекшеліктерді көрсететін белгі емес, керісінше, ол саясаттың, экономиканың өркендеуіне және кең етек алуына «жәрдемдесетін» құрал болып табылады. Осындай пікірді ұстанушы неміс ғалымы, тарихшы Д. Гиноу-Хехт былай дейді: «Салқын соғыс кезінде американдық дипломаттар Америка Құрама Штаттары өзінің өмір сүру салтының артықшылықтарын шет елдерге мәдениет арқылы көрсетуі қажет деген ұйғарымға келді. Егер Кеңес Одағы коммунизмді экспорттаса, АҚШ-тың қоғам қайраткерлері мен саяси стратегтері өз елінің бүкіл Әлемге ықпалын мәдениет арқылы жүргізу әрекеттерін одан сайын күшейте түсті» [4, 56 б.]. Қазіргі уақытта бұл тәсіл болашақты болжап көре алатын шынайы көрегендердің әрекетін күткен нәтижеге апаратын тәсіл екендігін қазіргі уақытта көріп отырмыз.
Мәдениеттің қоғам өмірін белгілі бір дәйектілік пен позитивті дамуына «мәдениет» ұғымы әлеуметтік және мәдени антропологияда ең басты ұғымдардың бірі болып табылады. Бұл ұғым қазіргі мағынада XVIII ғасырда Еуропада Дж. Вико, И.Г. Гердер, Ш. Монтескье сынды ойшылдардың еңбектері арқасында пайдалына бастады. Бұл кезеңде географиялық экспансия толқындары адамдардың өз мәдени құндылықтарын, стереотиптерін, өмір сүру тәсілдерін өзге мемлекеттерге тән мәдениет құндылықтарымен салыстырудың мүдделерінің шиелінісуіне әкелді және мәдени көптүрлілік құқығы туралы пікір-таластардың туына ықпал етті.
XIX ғасырдың екінші жартысынан кейін «мәдениет» ұғымы біртіндеп ғылыми категория статусына ие бола бастады. Сөйтіп, Ағартушылық кезеңіндегі мәдениеттің қоғам дамуындағы «жоғары» деңгейі деген мағынасы өз құндылығын жоя бастады. «Мәдениет» біртіндеп өркениет, қоғамдық-экономикалық формация, жаһанды аумақтандыру («глобальная регионализация») категорияларымен тоғыса бастады.
Әлеуметтік білім негізіндегі әр түрлі салаларда қалыптасқан мәдениет анықтамаларын бөліп қарастырып, дәлелдеуге болады. Ол үшін мәдениет ыңғайларын бөліп қарастыру қажет. Ресей ғалымы Юрий Резник мәдениеттің мынадай зерттеу ыңғайларын атап көрсетеді:

  • философиялық ыңғай;

  • антропологиялық ыңғай;

  • әлеуметтік ыңғай [5, 47 б.].

Философиялық ыңғай. Барлық уақыт кезеңдерінде философтар және ғалымдар мәдениеттің мән-мағынасын немесе мақсат-мүддесін анықтауға тырысқан болатын. Біреулер үшін мәдениет – қараңғы дүниедегі жарық тәрізді, ал басқалары үшін мәдениеттің мән-мағынасы – адам баласы табиғатының шексіз, үздіксіз өз-өзін жетілуінде және адамдарды материалды, интеллектуалды, рухани құралдармен үздіксіз қамтамасыз етуінде. Әлемдік философия тарихында мәдениет концепциялары Иммануил Кант, И. Гердер, Гегель философияларында, өмір философиясында (Артур Шопенгауэр, Фридрих Ницше, Вильгельм Дильтей, Герберт Зиммель және т.б.), тарих философиясында (Освальд Шпенглер, Арнольд Тойнби, Николай Данилевский және т.б.), неокантшылдар философиясында (Р. Риккерт, В. Виндельбанд, Э. Кассирер және т.б.), феноменология философиясында (Эдмунд Гуссерль және т.б.), психо-аналитикалық философияда (Зигмунд Фрейд, Карл Густав Юнг) және қазіргі батыс философиясында да (М. Хайдеггер, структуралистер мен постструктуралистер өкілдері – М. Фуко, Ж. Лакан, Ж.-Ф. Лиотар, Р. Барт және т.б.) барынша толық қарастырылып, зерттелінген болатын. Мысалы, мәдениет дегеніміз:

  • барлық адамзат қабылдаған ойлау тәсілі (К. Юнг);

  • адам баласының қарқынды түрде өз-өзін бостандыққа шығару процесі (Э. Кассирер);

  • адам баласын жануардан ерекшелендіретін нәрсе (В. Ф. Оствальд);

  • адам баласы жасаған қоршаған ортаның бір бөлігі (М. Херскович);

  • белгілер жүйесі (Ч. Моррис, Ю. М. Лотман);

  • материалды және рухани құндылықтар жиынтығы (Т. Эллиот) және т.б. [6, 45-47 бб.].

Сөйтіп, мәдениеттің философиялық тұрғыда түсінудің мәні – әр түрлі амал-тәсілдерді пайдалана отырып, оның мәнін жалпы байланыстар мен заңдылықтар тұрғысынан тұтастай ашып-қарастыру.
Антропологиялық ыңғай. Антропология ғылымында мәдениетті былай деп түсіндіреді: «мәдениет – бұл белгілі бір қауымдастықтың (немесе қоғамның) мүшелері мұра етіп алған білім мен сенім жүйелері және олар осы мұраны күнделікті өмірде пайдалануы». Сондықтанда, «қандай да бір қоғамның немесе қауымдастықтың мәдениетін түсіну үшін оның күнделікті өмірдегі мінез-құлықтарын зерттеу қажет». Антропологиялық ыңғайдың негізгі ерекшелігі – белгілі бір мәдениет контекстінде адам баласын тұтас танымда зерттеу бағыттылығында. Антропологиялық ғылымдағы кең тараған зерттеу бағдарлар немесе таным векторлары:

  • «айнадағы бейне» – белгілі бір дәнекерсіз мәдениет әлемін бақылау арқылы бейнелеу;

  • антропологиялық редукционизм (лат. reductio – бірінші, алғашқы күйге қайта оралу) мәдениеттің көптүрлілігінің барлығын алғы себепке (биологиялық немесе тарихи формаларға), қажеттіліктерге және универсалийлерге әкелуге тырысып бағушылық болып табылады;

  • рәмізділік – бұл белгілік формада мәдениеттің өзге-болмыстығын (инобытие) көрсету;

  • рефлексивтілік немесе зерттеу «тақтасында» белгілі бір мәдениеттің тасымалдаушыларының саналы немесе бейсаналы күйлерін көрсетуге және сақтап қалуға деген қабілеттілік [7, 53 б.].

Мәдениеттің антропологиялық зерттеудің бірінші векторы бойынша, «айнадағы бейнеде» визуалды және өзге құралдар арқылы мәдениеттің барлық жақтарын бағдарлау. Американдық мәдениеттанушы Клахкон К. бойынша: «Антропология адам баласының алдына үлкен айнаны қойып, адам баласына өз-өзіне жақсылап қарап, өз-өзін зерттеуге мүмкіндік береді» [8, 32 б.]. Сондықтанда антропологияның сүйікті тәсілі – бұл бақылау. «Бақылау – бұл танымдық әрекет, ол сыртқы әлемнің құбылыстары мен заттарын қабылдауға бағытталған мақсатты іс-әрекет» [9, 213 б.]. Бақылау тәсілі эксперименталды тәсілмен, салыстыру тәсілімен, модельдеу тәсілімен қатарлас танымның бір тәсілі болып табылады.
Бақылау процесі барысындағы мәдениет құбылыстары объективті және интерсубъективті («интер» – аралық) байланыстарға ие. Сөйтіп, антропо-логиялық редукционизмнің әртүрлі нұсқалары (биологизм, алғы-тарих, универсализм, функционализм немесе мәдениеттің функционалды сарап-тамасы, символизм) пайда болды. Мәдениеттің антропологиялық танымның басты шарты – мәдениеттің және оның алғы (дәстүрлі немесе қарапайым) түрлерінің биологиялық алғы шарттарын іздеу. Мәдениеттің әрбір құбылысының биологиялық аналогы (ұқсасы) бар, яғни өзіндік «протомәдениеті» бар. Адам баласы эволюция процесі барысында мәдени дамудың барлық кезеңдерін өтті деген тұжырым бар. Сондықтанда, мәдениетті танып-білу үшін оның алғашқы формаларын зерттеу қажет. (Кей жағдайларда, антропологтар тек алғашқы қауымдық қоғам мен мәдениетті ғана зерттейді деген пікірлер орын алады). Осылайша, редукционизмнің биологиялық және тарихи нұсқалары ажыратылады.
Мәдениеттің антропологиялық зерттеудің үшінші векторы бойынша, «мәдениетті еш дәнекерсіз танып-білу, яғни, мәдениет болмысының сыртқы, сезім жолымен қабылданатын және бақыланатын фактілеріне сүйене отырып, мәдениетті танып-білу немесе мәдениет пен адам баласының қажеттіліктері арасындағы функционалды тәуелділікті ғана ашып көрсету дұрыс емес». Мәдениеттің өзге-болмыстығы рәміздік (символдық) құралдар жүйесінде көрсетілген, ал рәміздік құралдар болса түпкі мағынасын шешуді және түсіндіруді қажет етеді.
Мәдениеттің антропологиялық зерттеудің төртінші белгісі – бұл мәдени шынайлықтың рефлексивті екі еселенуі, мәдениет субъектілерінің саналы және бейсаналы күйлерін ашып көрсету талпынысы. Структуралист Карл Леви-Стростың айтуы бойынша, «антрополог мәдениетті және қоғамды зерттеу барысында бақылаушы позициясын ұстануы қажет» [10, 21 б.]. Яғни, осы позицияны білу дегеніміз бақыланып отырған объекттің ішкі әлеміне ене алуы, сонымен қатар, олардың тек санасын ғана түсініп қана қоймай, олардың рәміздік немесе вербалды мінез әрекеттерінің психологиялық қайнарларына да жете білуі қажет.
Шет елдік және Ресей ғалымдарының зерттеу тәжірибелері көрсетіп отырғандай, мәдениеттің антропологиялық түсінудің негізінде мына басты сипаттамалар жатыр – мәдениет дегеніміз адам баласының (мәдениеттің құрал қызметін атқарушы) негізгі (органикалық) және одан туындаушы (жасанды) қажеттіліктерін қанағаттандыратын тәсілдер жүйесі. Бұл ыңғайды қалыптастырған Бронислав Каспер Малиновский (1884-1942) болатын. «Во-первых, ясно, что удовлетворение органических или базовых потребностей человека и расы является минимальным условием существования каждой культуры… Все эти важнейшие проблемы человеческих существ решаются для индивида через посредством артефактов, через организацию в кооперативные группы, а также через развитие знания, понимание ценности и этики» [11, 120 б.]. Органикалық қажеттіліктер негізінде императивті қажеттіліктер – экономикалық (материалды өнімдер), рухани (идеялар мен құндылықтар) және әлеуметтік (әдет-ғұрыптар және салт-дәстүрлер), – қалыптасады немесе жасанды жолмен жасалынады. Мәдениет дамуы жаңа қажеттіліктердің үнемі өсіп отыруынсыз мүмкін емес. Бұл өмір заңдылығы.
Мәдениет – адамдардың әлеуметтік мінез әрекеттерінің түрі немесе ерекше формасы. Мәдениеттің пәндік мазмұнын сараптай отырып, Б. Малиновский мынадай қорытындыға келді: «Культура как наиболее широкий контекст человеческого поведения имеет важное значение как для психолога, так и для обществоведа, историка и лингвиста» [11, 117 б.].
Мәдениет – бұл артефакттер әлемі. Артефакт дегеніміз жасандылық жолмен жасалған объект немесе зат екені белгілі. Артефактті оның мәдени формасынан және материалды негізден (субстраттан) айыруға болмайды. Ол белгілі бір мәдениет контекстінде (аяқталған дүние) ғана жасалынады және тіршілік етеді. Бұл жөнінде Б. Малиновский былай дейді: «Задача исследователя предыстории и археолога состоит в том, чтобы реконструировать полноту жизненной реальности прошлой культуры, исходя из частичных свидетельств, которые дают материальные следы» [11, 116 б.].
Мәдениет белгілер мен мағыналардың әлемі болып табылады. Клиффорд Гирцтің рәміздік түсіндірмелі (интерпративті) ыңғайы, бір топ Ресей ғалымдары (Емельянов Ю.Н., Скворцов Н.Г., Тавровский А.В.) бойынша, мәдениеттің мағыналық мазмұнын түсінуге мүмкіндік беретін толықтай қалыптасып, жүйеленген нұсқа болып табылады. Бұл нұсқа бойынша, «адам баласы мән-мағыналар жүйесінде өмір сүреді, ал бұл мән-мағыналар жүйесі адам баласын басқа адамдарға және жалпы қоршаған әлемге қатысты бағыт-бағдар беріп отырады» [12, 107 б.]. Сондықтанда, мәдениетті өзіндік ерекшелігі бар мән-мағыналар жүйесі ретінде түсініп-білу үшін адамдардың іс-әрекеттерінің және өзара әрекеттерінің мән-мағыналарының түпкі сырын ашып алу қажет. Бұл көзқарас тұрғысынан қарағанда мәдениет адамдардың мінез әрекеттерінің себебі болып табылатын сыртқы күш емес, осы мінез әрекеттің контексті болып табылады және осы контекстте ғана іс-әрекеттің мән-мағынасын түсінуге болады. Сонымен, «мәдени шынайлық мағыналық кеңістіктің феноменологиялық (заттандырылған) сферасы болып табылады, ал бұл сфера болса қарама-қайшылықтардың: «имманентті – трансцендентті», «сакральды – профанды» және т.с.с. ендірілуі және түсіндірілуі арқылы анықталынады» [13, 10 б.].
Мәдениет – бұл белгілер әлемі және белгілер жүйесі (мәдениеттің семиотикалық қызметі). Бұл түсіндірме алдыңғы анықтамаға мазмұны жағынан жақын, бірақ кейбір ерекшеліктерімен ерекшеленеді. Белгілер мен мәндер мағынаға қарағанда оның рәміздік дәнекерлері болып табылады. Белгі деп басқа заттар туралы мәліметтерді сақтауға, қайта өндіруге және тасымалдауға арналған затты-дүниені айтуға болады. Белгілер жүйесі белгілі бір мәдениет қалыптарының материалды тасымалдаушы ретіндегі артефакттер мен шынайлықты ой жүйесі арқылы қайта өндіретін және құрайтын сана жүйесі (ментал) ортасында орналасады. Лесли Уайт адам баласының рәмізденуге деген қабілетіне тәуелді заттар мен құбылыстарды «символаттар» [14, 18-20 бб.]. деп атайды Сонымен, белгілер адам баласының мағыналық іс-әрекетінің элементтері ретінде адамдардың рәміздеу (символизация) қабілеті көмегімен мәдениеттің құрылымдық мазмұнына кіреді. Олардың материалды дәнекер болып табылатын артефакттардан еркшелігі іс-әрекеттің рәміздік дәнекер болуында.
Мәдениет – ақпараттық процеске қосылған өзіндік ерекшелігі бар механизм, ол, сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар ақпараттарды қалыптастыратын және тасымалдайтын механизм болып табылады [15, 120 б.]. Басқа сөзбен айтқанда, мәдениеттің өнімі – бұл белгілік құралдар арқасында қоғамда жасалынатын және сақталынатын әлеуметтік ақпарат.
Әлеуметтік ыңғай. Әлеуметтануда (социология) мәдениет қоғам түсінігі ретінде қарастырылады. Бұл – осы қоғамға тән идеялар, құндылықтар және әдеп-ғұрыптар (мінез-әрекеттер). Осылардың көмегімен қоғамдық өзара-түсіністік қалыптасады. Мәдениеттің әлеуметтану тұрғыда зерттеу алаңындағы қарастырылатын басты мәселелер: мәдениет және әлеуметтік құрылым; мәдениет және өмір сүру тәсілі; кәсіпқой (арнаулы) және күнделікті мәдениет; күнделікті өмірдегі мәдениет және т.б. «Әлеуметтануда мәдениетті зерттеудің өзара байланысқан үш аспектілері – пәндік, функционалды және институционалды – өзара бәсекелеседі» [15, 132 б.]. Пәндік ыңғай мәдениеттің (құндылықтар, ережелер және мағыналар жүйесі) мазмұнына басты назар аударады, функционалды ыңғай адам баласының саналы іс-әрекет процесінде оның қажеттіліктерін қанағаттандыратын тәсілдерді табуға ат салысады, ал институционалды ыңғай болса адамдардың бірігіп іс-әрекет жасауын ұйымдастыратын тұрақты қалыптарын зерттейді.
Мәдениеттің әлеуметтік қызметтері:

  • мәдениет – халықтың немесе этностың әлеуметтік жады түрі (сақтау қызметі). Яғни, ол әлеуметтік ақпараттарды сақтау орындарын (мұражай, кітапхана және т.б.), коммуникативті жүйелерді, мұра болып қалған мінез-әрекеттер схемасын және т.с.с. қамтиды [16, 98 б.].

  • мәдениет – бұл әлеуметтік тәжірибені тасымалдау түрі (тасымалдау қызметі). Көптеген батыс және ресейлік әлеуметтанушылар негізге мына түсініктерді алады «әлеуметтік мұрагерлік», «үйретілген мінезді әрекет», «әлеуметтік бейімделу», «мінез әрекеттер үлгілерінң жиынтығы» және т.б. Мұндай ыңғай мәдениеттің құрылымдық және тарихи анықтамаларында жүзеге асады. Мысалы, мәдениет – бұл адам баласының өмір жағдайларына бейімделу әрекеттерінің жиынтығы (Уильям Самнер, Артур Келлер); мәдениет белгілі бір қоғамға немесе топқа тән әдетті мінез әрекеттерінің түрлерін қамтиды (Карл Янг); мәдениет әлеуметтік мұраның бағдарламасы болып табылады (Н. Дубинин) [5, 54 б.].

Мәдениет – бұл адамдардың әлеуметтендіру тәсілі. Әлеуметтендіру дегеніміз индивидтың мәдени ереже-заңдарды және әлеуметтік рольдерді игеру процесі, нәтижесінде адам баласы әлеуметтік индивидке айналады.
П.Б. Вейльдің түсінігінде, «мәдениет – бұл артефакттар, әрекеттер және қарым-қатынастар жүйесі, өз кезегінде, ол уақыт сынағынан өтіп, белгілі бір мәдени қауымдастыққа тән жалпы психологияны қалыптастырады» [17, 124 б.]. Адам баласы күнделікті өмір практикасында қоғамдық өмірдің әр саласынан ақпарат жинайды.
Мәдениет дегеніміз оның элементтерінің, белгілерінің және қарым-қатынастарының сақталуының, қайта өндірілуінің, қайта жаңғырылуының және дамуының қарама-қайшылықты бірлігі.
Мәдениеттің өзгермеуінің және бір қалыптылығын статика, ал мәдениеттегі және әр түрлі мәдениеттердің өзара әрекет процесіндегі өзгерістерді динамика деп атайды. Қоғамдық организмнің статикалық жағы индустриалды қоғамның қалыптасуы мен өркендеуі кезеңінде көптеген ойшылдардың назарын өзіне аудартқан болатын.
Ал индустриалды қоғам – бұл қоғамның тарихи дамуының бір кезеңі, оның негізгі сипаттары – өнеркәсіп өндірісінің механикаландырылуы және автоматтандырылуы, яғни бұл өндірістің жоғары деңгейлігі; қоғамдық еңбек бөлінісінің дамуы; ғылым мен техника жетістіктерін кең қолданыста болуы; әлеуметтік-саяси өмірді ұйымдастырудағы динамикалық пен ашықтық; негізгі әлеуметтік кикілжің – еңбек пен қаражат арасындағы кикілжің.
Зерттеу объектісі – қоғам құрылымы, оның элементтерінің өзара әрекеті, әр түрлі деңгейлердің өзара ықпал етуі және т.б. Осы уақыт кезеңдерінде қоғамның дамуы мен динамикасын түсіндіруді тырысқан ойшылдарды кездестіреміз. Мысалы, И. Гердер былай деген екен: «Нашему человеческому роду потрясения нужны, как волны водной глади, для того чтобы озеро не превратилось в болото. Гений человечности вечно обновляет свой облик, вечно расцветает и вновь возрождается в народах, племенах» [18, 53 б.]. Қоғамдық өзгерістер мен даму мәселелері Г.В.Ф. Гегельдің диалектикалық философиясында және К. Маркс пен Ф. Энгельстің классикалық жұмыстарында ерекше назарға алынған.
Индустриалды қоғамның құлдырау кезеңінде мәдениеттанулық зерттеулер назары статикалық сферадан динамика мәселелер, даму циклдері, дағдарыстар мен олардан шығу сферасына ауысты. Зерттеушілер – А. Тойнби, П. Сорокин, О. Шпенглер, Ф. Ницше, Ф. Бродель.
Қазіргі уақытта мәдениеттану пәнінде басты орынды мәдени өзгеру теориясы, өтпелі процестер теориясы, мәдениеттердің өзара ықпалдасу теориясы, диагностика және дағдарысты алдын-ала көру және олардан шығу жолдарын табу туралы теориялар ала бастады.
Феноменология бағытының негізін салушы Э. Гуссерль: «Медицина сияқты әр түрлі әлеуметтік-мәдени дерттерді анықтайтын мүмкіндігі, қабілеті бар және осы дерттерді жазатын ғылымды қалыптастыруымыз қажет» [19, 123 б.], – дейді.
Қазіргі таңда мәдениет ұғымының бірнеше мән-мағыналары бар және оларды толық анықтау – қиынға соғатын іс. 1952 жылы мәдениеттің анықтамаларын зерттеген американдық мәдениеттанушылар – Альфред Кребер және Клайдж Клакхон бойынша, «1871-1919 жылдар аралығында мәдениеттің жеті анықтамасы болған, ал 1920-1950 жылдар мәдениет анықтамалары 157-ге жеткен» [19, 110 б.]. Мәдениеттің анықтамаларын жинақтап, тұжырымдаған ғалымдар мәдениетке былай деп анықтама береді: «мәдениет адамзат қауымдастығының спецификалық, жекеленген жетістіктері болып саналатын ойлау мен мінез-құлықтың айқын және жасырын жобаларынан тұрады. Ал, белгілі бір адамдардан өзге адамдарға, ұрпақтардан ұрпаққа қабылданатын және беріліп отыратын рәміздерде бейнеленетін бұл жобалардың бойында мәдени қоғам қалыптастырған материалды игіліктердің жетістіктері де бар. Әрбір мәдениеттің ядросы – бұл идеялар, дәстүр арқылы берілетін құндылықтар. Мәдени жүйелер, бір жағынан, істелінген іс-әрекеттердің нәтижесі ретінде, екінші жағынан, болашақта болатын істердің бір негізі ретінде қарастырылады» [19, 181 б.]. Олар өздерінің «Culture: A Critical Review of Concepts and Definitions» (1952) деген еңбегінде мынадай тұжырым жасайды: «Қазіргі таңда мәдениеттің 150-ден астам анықтамалары бар. Ал мұның өзі мәдениеттің көпқырлы және көпсырлы күрделі дүние екендігін көрсетеді» [19, 78 б.]. (Өйткені ұлт, халық, жеке адам мәдениетін бір деңгейден немесе бір қырдан қарастыру көп дүниені (ақпаратты) бермейтіні анық жағдай). Зерттеушілер барлық осы анықтамаларды жинақтай отырып, «мәдениет» ұғымының мән-мағынасын 6 типтерге бөліп қарастырады:

  1. Суреттеуші анықтамалар, яғни, «мәдениет – бұл адам баласы іс-әрекеттерінің барлығын немесе кейбір аспекттерін, сенім-нанымдарының және әдет-ғұрыптарының барлық түрлерін суреттеуге талпыну» деп түсіндіреді. Анықтаманың бұл түрінің негізін салушы антрополог Эдуард Тайлор болып табылады. Э.Б. Тайлор «мәдениет жөніндегі ғылым – реформалар жөніндегі ғылым» деп тұжырымдай отырып, мәдениетті үздіксіз даму үстіндегі процесс деп қарастырды. «... мәдениет – жеке адам мен бүкіл қоғамды, адамның бақыты мен болашағы жолындағы құндылықтарды дамыту арқылы адамзат баласын жан-жақты жетілдіру болып табылады» [20, 65 б.].

  2. Тарихи анықтамалар (мәдени дәстүрлер қоғамның әлеуметтік мұраларымен байланыстырылады). Бұған мысал ретінде атақты тіл маманы Эдуард Сепирдің анықтамасын алуға болады: «мәдениет – бұл біздің өміріміздің құрамдас бөлшектері болып табылатын іс-әрекеттер мен сенімдер тәсілдерінің әлеуметтік тұрғыдағы мұралар жиынтығы» [21, 85 б.]. Яғни, өткен кезеңдердегі дәстүрлердің ассимиляциясына баса назар аударады.

  3. Нормативті анықтамалар (мәденииетті адам баласының мінез-құлқын қалыптастыратын нормалар мен ережелер жиынтығы деп қарастырады). Бұл анықтамалар екі топқа бөлінеді: бірінші топ өмір сүру салты идеясына негізделеді. Антрополог Кларк Уисслер бойынша, мәдениет – бұл қауымдастықтың немесе ру-тайпаның өмір сүру салты... Тайпаның мәдениеті дегеніміз стандарттанған сенім-нанымдар мен өмір тәжірибелердің жиынтығы. Екінші топ идеалдар мен құндылықтар туралы түсініктерді бағыт-бағдар ретінде ұстанады. Американдық әлеуметтанушы Уиллям Томас бойынша, «мәдениет – бұл әрбір топтың (жабайы адамдар немесе өркениетті адамдар топтары болса да) [22, 111 б.] материалды және әлеуметтік құндылықтары (институттар, әдет-ғұрыптар, өмірлік маңызы бар бағдарламалар, мінез-құлықтар)» [22, 123 б.].

4 Психологиялық анықтамалар (мәдениетті адам баласының айнала қоршаған өмірге бейімделу және мәдени қалыптасу нәтижесінде пайда болған мінез-құлық формаларының жиынтығы деп түсіндіреді). Бұл топтың өзі үш негізгі бағыттарға бөлінеді – «адам баласының қоршаған ортаға бейімделу әрекеттерінің жиынтығы мәдениет (немесе өркениет). Мұндай бейімделулер өзгеру, таңдау және ұрпақтан ұрпаққа тасымалдау әрекеттерін үйлестіру жолымен қамтамасыз етіледі» (әлеуметтанушылар У. Самтнер және А. Келлер); «мәдениет дегеніміз үйретілген мінез-құлықтың әлеуметтік көрсеткіші, яғни мінез-құлық адам баласына тумысынан берілмеген, ол әрбір жаңа ұрпақ ересек адамдардан үйрену арқылы игерілетін дүние» (антрополог Р. Бенедикт); мәдениет – бұл топтарға, қауымдастыққа немесе қоғамға ортақ күнделікті, үйреншікті қабылданған мінез-құлық ережелері. Ол материалды және материалды емес элементтерден тұрады» (әлеуметтанушы Карл Янг). «Мәдениет деп біз барлық сублимациялар, яғни қоғамдағы белгілі бір импульстардың бетін қайтаратын дүниені түсінеміз» (психоаналитик Геза Рохайм).

  1. Құрылымдық анықтамалар (мәдениет – бұл өзара байланысқан феномендердің тұтас жүйесі немесе модельдердің әр түрлері).

а) Мәдениет – бұл қоғам мүшелерінің ұйымдасқан, қайталанатын реакциялары.
ә) Мәдениет – бұл үйретілген мінез-құлық және әдеп нәтижелері, ал бұлардың құрамдас элементтері бөлініп, белгілі бір қоғам мүшелеріне мұрагерлік жолмен беріліп отырады (антрополог Ральф Линтон).

  1. Генетикалық анықтамалар (мәдениетке оның шығу тегі тұрғысынан анықтама беріледі). Бұл анықтамалар төрт топқа бөлінеді:

  • бірінші топ мәдениетті артефакт немесе нәтиже ретінде қарастырады. «Мәдениет сөзінің кең мағынасында өзара әрекет етуші немесе бір-бірінің мінез-құлқына ықпал етуші екі немесе одан да көп индивидтердің саналы немесе бейсаналы әрекеттері қалыптастырған барлық дүниенің жиынтығы» (әлеуметтанушы Питирим Сорокин);

  • екінші топ идеяларға баса назар аударады. «Мәдениет – бұл қоғамдағы тұтастандыру процестері арқылы берілетін салыстырмалы түрдегі тұрақты материалды емес мән» (әлеуметтанушы Гэрри Беккер);

  • үшінші топ рәміздердің ролі айрықшалайды. «Мәдениет – бұл ерекше тәртіптілікке немесе құбылыстар топтамасына, дәлірек айтқанда, адамзатқа тән ақыл қабілеттілігінің жүзеге асуына тәуелді заттар мен құбылыстар, арналған есім, оны рәміздендіру деп атайды»;

  • төртінші топ мәдениет мәдениет емес дүниеден туындайтын дүние. Яғни, «адам баласын хайуанаттардан ерекшелендіретін дүниені мәдениет деп атаймыз» (жараталыстанушы және философ Вильгельм Оствальд) [19, 89-139 бб.].

Американдық мәдениеттанушы А. Кребердің тұжырымы бойынша, әрбір мәдениеттің негізінде қандай да бір модель жатыр, ал ол модель болса, өзгере отырып оның ерекшелігіне және мінез-құлқына сәйкес келетін дүниені бойына қабылдайды. Уақыт өте келе модельдің мүмкіншілік көлемі кеміп, адам баласының іс-әрекеттер аумағына және жүйелеріне ықпал ете алмайды. Сонда мәдениеттің ескірген моделінің «өмір сүруі» тоқтайды. «Мәдениет өмірінің тоқтауы» оның толық жойылуын білдірмейді, өйткені ескі модельдің орнына ескі мәдениет негізінде қалыптасқан жаңа (инновациялық) модель келеді.
Мәдениет феноменін ғылыми тұрғыда қарастыратын пән – бұл мәдениеттану пәні. «Мәдениеттану – бұл XX ғасыр ғылымы, ол ғылыми коммуникация мен мәдениеттердің өзара байланысының қарқынды даму жағдайындағы Әлем мәдениеттерінің өзара жақындасу мен өзара араласу нәтижесінде туындаған қиындықтарға деген жауап ретінде қалыптасқан ғылымның бір саласы болып табылады» [23, 45 б.]. «Мәдениеттану пәні дегеніміз мәдениет туралы ғылым, ал мәдениетке жататын негізгі салалар мыналар – дін, өнер, саясат, экономикалық және құқықтық қатынастар, өмір сүру салты, этникалық өзгешелік, әлеуметтік-қоғамдық қалыптар, тіл және адам баласы. Сонымен, нәтижесінде мәдениеттану дегеніміз барлық нәрселер туралы ғылым» [23, 64 б.].
Келесі бір көзқарас бойынша, мәдениеттану дегеніміз адамзатқа Әлеммен үйлесімділік қарым-қатынаста болуға мүмкіндік беретін жалпы құндылықты және мағыналы байланыстар туралы ғылым. Бұл пән тек Әлеммен ғана емес, сонымен қатар, өзімен де үйлесімділікте болуды қамтамасыз етеді. Мәдениетану – бұл жай ғана жаңа ғылым емес, бұл өмір сүру тәсілі және Әлемді тану құралы, дүниетанымның және Әлемді игерудің ерекше жүйесі. Мәдениеттану ғылымының аты американдық мәдениеттанушы Лесли Уайт (Leslie White) (1900-1975) есімімен байланысты. Оның пікірі бойынша, «мәдениеттің үш ішкі жүйелері бар:
1) технологиялық (өндіріс құралы, өмір сүру құралдары, т.с.с.);
2) әлеуметтік (топтық мінез-құлық түрлері);
3) идеологиялық (идеялар, наным-сенімдер, білім жүйесі)».
Бұл жүйелер иерархиясында негізгі болып технологиялық, ал қалған екеуі қосалқы болып есептелінеді. Л. Уайт мәдениет дамуының жалпы заңын былай тұжырымдайды: «Культура движется вперед по мере того, как возрастает количество обузданной энергии на душу населения, или по мере того, как возрастает эффективность или экономия в средствах управления энергией, или то и другое вместе» [15, 180 б.].
Мәдениет адамзат әрекетінің нәтижесі болып табылғандықтан адамдар жиынтығысыз тіршілік ете алмайды. Бұл жиынтық, тұтастық мәдениет субъектісі және оның жаратушысы, сонымен қатар, мәдениет тасымалдаушысы болып табылады. Сондықтан, жеке адам баласы өз-өзін әрдайым тек ұлттық нышандарға негізделген нормалар жүйесімен ғана тәрбиелемеуі тиіс, ол керісінше, жалпы адами қасиеттерді дәріптейтін, арттыратын нормалар жүйесімен де тәрбиеленуі тиіс. Бұл – адамгершіліктің басты бағыты. Өйткені, оқшауланушылық менмендікке, рухани және материалды дағдарысқа әкеледі. Адамзат бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, оларға әрдайым сұхбат қажет. Сұхбат арқылы адам баласы, ұлт, мемлекет өзінің табиғатын, мәнін, «Менін» анықтап, танып, оны ары қарай өсіріп, дамытып отырады. Сұхбат әскери жорықтар, миграция, туризм, ақпарат алмасу және т.б. процестер арқылы жүреді. Мәдениеттің басты қызметі – бұл адамзатты адамгершілікке тәрбиелеу.
Адамзаттың даму тарихы бірнеше уақыт кезеңдерін басынан кешірді және әр кезең адамзатқа үлгі-өнеге, сабақ болар оқиғаларға толы. Мәдениет осы әр уақыт кезеңінде өзіндік ерекшеліктерге ие болып отырды, осындай күйлерге ие болған мәдениетті әмбебапты мәдениет деп атайды. Әмбебапты мәдениеттер дегеніміз белгілі бір кезеңдерге және ғылыми білімдер мен техникалық құралдарының белгілі бір даму сатыларына тән эпистемалық («эпистема» – белгілі бір нақты кезеңнің мәдени белгілерін сипаттайды, ал бұл белгілер болса сол уақыт адамдарының таным белсенділігінің барлық түрлерін анықтайды [24, 460 б.] принциптер жүйесі. Осындай төрт негізгі әмбебапты мәдениеттер топтамасын Ресей ғалымы А. Барцель атап көрсетеді, олар мыналар:

  1. Мифологиялық мәдениет, ол ерте заманғы барлық табиғи өркениеттерге тән. Бұл мәдениет адамдары табиғат құбылыстарын көрген-түйгеніне негізделе отырып түсіндірген. Бұл мәдениеттің эпистемасы қоршаған ортаның барлық объектілеріне тән көзге көрінбейтін «құпия» күштер туралы ойлау және елестету болып табылады. Бұл күштер барлық іс-әрекеттердің бірінен соң бірі болатындығын анықтап отырды; яғни, бұл – Тағдыр. Адамдар болса бұл жалпы үйлесімділіктің элементтері ғана болып табылады.

  2. Космологиялық мәдениет табиғи өркениеттің орта кезеңінде кең етек алды. Оның эпистемасы барлық құбылыстарда және табиғат күштерінің әрекетінде айқындалады. Жеке элементтер, тірі жан компоненттері табиғи организмді құрайды, ал тірі организмдер табиғи тәртіптің тепе-теңдігін немесе мифологиялық мәдениет үйлесімділігін құрайды.

  3. Антропологиялық мәдениет эпистемасы дамыған табиғи өркениетке тең. Бұл мәдениеттің пікірі бойынша, адам баласы қоршаған Әлемнің барлық құбылыстары мен заңдылықтарын түсіне алады. Өмірді жоспарлы ұйымдастыру мүмкін екен және оның мақсаты – басқа мәдениеттердегі «үйлесімділік» немесе «заттар тәртібі» сияқты механикалық тепе-теңдікке қол жеткізіп, ұстану.

Адам баласы – өз болмысынан зерттеуші, белгілі бір жүйеге келтіруші және жаңаның Жаратушысы ретінде өз табиғатынан және нық сенімділігінен күш-қайрат жинайды. Адамның әлемі оның көңілінің орталығына және жетістік сферасына айналды. Табиғатқа деген қарым-қатынас туралы жаңа түсініктер мен ойлар пайда бола бастады. Яғни, осы кезден бастап адам баласы табиғи процестерге белсенді түрде араласа бастады. Сөйтіп, жаңа төртінші әмбебапты мәдениет пайда болып қалыптасады.

  1. Технологиялық мәдениет. Ол қазіргі заманғы адам баласының дүниетанымы мен өзін түсіну қабілетін анықтайды. Бұл жерде екі сәт немесе кезең бар:

    • Адам баласының табиғи процесіне араласу ауқымы кеңіп және ол тұрақтанып, қалыпты процеске айналып отыруы;

    • Адамзат сүріп отырған Жер планетасы табиғат ресурстарының мөлшерсіз қайнары күннен күнге азайып барады [25, 54-58 бб.].

Осы мәдениет кезеңдерін анықтай отырып, адамзат мәдениеттінің даму үрдісі қандай болғаны байқалынады. Осы кезекте, мәдениет ұғымымен тығыз қарым-қатынаста жүретін және маңыздылығы жағынан кем түспейтін «өркениет» ұғымының болмысын қарастыратын болсақ, оның белгілі бір дәрежеде мәдени мәнге ие екенін байқауға болады. Сонымен қатар, өркениет дегеніміз мәдениетті толықтырушы және осы мәдениеттің қайталанбас, дара, қажетті сәті. Олай болса, өркениет шекарасының мәдениет негізінде айқындалары сөзсіз. Мәдениет ұғымын онтологиялық тұрғыда алып қарайтын болсақ, өркениеттен жоғары екенін көреміз. Неміс ғалымы және мәдениеттанушысы Освальд Шпенглердің пікірінше, әрбір мәдениеттің өзіндік жеке өркениеті болады. Оның ойынша, өркениет мәдениеттің құтылмас, шарасыз тағдыры болып табылады. Және өркениет жоғары адамдар типінің қол жеткізе алатын ең соңғы және өте жасанды мәні. Олар – соңы, бірақ та олар ішкі қажеттілік процесс барысында әрқашанда шынайылылықпен сипатталады [26, 163-164 бб.].
Негізінен О. Шпенглердің осы ойымен қосылуға тура келеді, бірақ мәселе басқада. Бұғанға дейін қалыптасқан адамзат тарихы екі ерекшеліктермен сипатталынады. Біріншіден, өркениетті-социумдық өлшем біртіндеп мәдени-әлеуметтік өлшемнен бөлектелініп, алшақтатылып өзіндік ерекше жеке бір салаға айналады. Екіншіден, социумдық-орталықтық тенденция ежелгі адамзат тарихының барлық кезеңінде өлшеусіз болып келді. Нәтижесінде, тарихтың белгілі бір кезеңі (нақтырақ айтар болсақ, қоғамның архаикалық типінен антагонистік типіне өту) жоғарыда аталып отырған өлшемдер негізінде онтологиялық «инверсиядан» (өзара өзгеріс) өтеді. Осы уақыттан бастап, өркениеттік-әлеуметтік өлшем тарихи процесте үстемдік етіп, қалыптасудың абсолюттік қозғалыстық тенденциясын жойып, тарихтың әлеуметтік-мәдени өлшемінің архитектоникалық (бір тұтастықта бөлшектердің үйлесімділікте болуы) ұжымы ендігі жерде өркениеттік-социумдық өлшемнің көп қабаттылығымен жүзеге асырылып отырды. Яғни, мыңдаған жылдарға созылған тарих ағысында өркениет мәдениетке өз үстемдігін жүргізіп келді. Күштінің әлсізге билік жүргізуі адамзат тарихының және адамзат болмысының бұрмалануы дегенге келіп саяды. Мәдениеттер мен өркениеттер өздігінен бір-бірімен алмаспайды. Өркениетке ерекше түсінік берген батыс ғалымы О. Шпенглер: «Екі мәдениет бір-бірімен екі адамның қарым-қатынастық байланысы негізінде немесе бір мәдениет адамы көз алдында өзге мәдениет формасының өлі әлемін көрген кезде ғана жанаса алады. Қандай жағдай болмасын бұл жерден байқайтынымыз тек бір ғана адамның әрекеттілілігі», – деген ойға келеді [26, 57 б.]. Демек, ғалым ойы қай қырынан алып қарайтын болсақта барлығына негіз болып отырған адам баласы екендігіне көзімізді жеткізе түседі.
Мәдениет және өркениет ұғымдары көбінесе бір-бірінен ажыратылмай, тең қаралады. Олар шынында да ұқсас болып келеді, бірақ олардың арасында едәуір өзгеріс бар. Өркениет» термині «мәдениет» терминіне қарағанда кеш ХVIII ғасырда ғана пайда болды. Оның авторы, бір версия бойынша шотланд философы А. Фергюссон болып саналады, ол адамзат тарихын жабайылық, варварлық және өркениет деп бөлді, соңғысын ол қоғамдық дамудың жоғары дәрежесі ретінде түсіндіреді. Басқа версия бойынша «өркениет» терминін француздың ағартушы-философтары ойлап тапқан және екі мағынада қолданылған, кең және тар мағынада. Біріншісі Фергюссонның тұжырымымен үндес, ақыл-парасат, әділдік және діни шыдамдылық бастауына негізделген жоғары дамыған қоғам дегенді білдіреді. Екінші мағынасы «мәдениет» ұғымымен тығыз байланысты және адамның нақты қасиеттері – ақылдылықтың, білімділіктің, сыпайлылықтың жиынтығын білдіреді. Оны игеру ХVIII ғасырдың элитарлы париж салондарына жол ашты.
Өркениет негізін мәдениет құрайды, яғни өркениет мәдениеттің сыртқы формасы, қабығы. Жер жүзіндегі мәдениеттердің барлығы құрылымы жағынан бір-біріне өте ұқсас. Кез-келген мәдениеттің белгілі бір ерекше тұсы келесі мәдениетте әлсіздік танытса, дәл осы әлсіздік өзге мәдениет өркендеуінің басты себебі болуы мүмкін. Демек, мәдениеттер әрдайым өзгерісте, олардың өзіндік ерекшеліктері мәдени белгілер жиынтығының ұдайылығы мен екпінінен айқын көрінеді. Өзгермелі мәдениеттің орны мен уақыты ауысқан сәтте, мәдениет субъектілері – этнос, социум, тұлғалар да өзгеріп отырады. Ол үшін біз мәдениет динамикасын өте жақсы меңгеруіміз қажет, тек осындай білім ғана бізге константты анықтауға жәрдем береді. Үздіксіз процесті меңгеру феноменнің үстемдік етуші белгілерін анықтайды, әрі бейімделуге қолайлы қозғалмалы-иілгіш қалыпқа келіп, терең зерттеуді талап етеді. Аталмыш өзекті мәселе біздің зерттеу жұмысымызда әлемдік мәдени-философиялық идеялар тұрғысынан талданып, өркениеттік негіздер арқылы көрініс тапты.
Өркениет өзін-өзі бұзбай, жүйе ретінде қалыптасып, тұтастықты сақтау мақсатында міндетті түрде қажет. Егер біз өркениетті О. Шпенглерше ағза деп алатын болсақ, әрбір ағзаның өзіндік қажеттіліктері бар. Бұл имманенттік қажеттілік өзін-өзі қанағаттандыра алады және ол өте мәнді де. Өркениет дами отыра өзгереді, себебі даму ұғымының дұрыс мағынасы – Өзгеріс. Өркениет өзгеріске ең бірінші ішкі негіз бойынша ұшырайды, өйткені ол ашық жүйе. Ашық жүйе әрқашан жаңа ақпаратқа ие, ал ақпаратты өңдеу үзіліссіз процеске тән. Сонымен қатар, ол табиғи аймақтан да көптеген жаңалықтар мен мәліметтер ала алады.
Өркениеттің негізгі қызметтерінің бірі – қарым-қатынас, яғни, ғылыми тілдегі коммуникация. Өркениеттер келесі бір өркениеттермен әрдайым түрлі деңгейлерде қарым-қатынасқа түседі. Бұл өркениет болмысының міндетті түрдегі шарты, себебі бұл процесс жаңаға еніп, жаңа ішінде пайда болып, онда мықтап орнығады. Осы процесс жаңаны меңгерудегі айналымды құрайды. Кез-келген өзгеріс аталмыш процесті толық аяқтамасада өркениеттің ішкі қатпараларын игере алады бірақ, бұл өзгеріс мәдениеттің өзегіне айнала алмайды, оны мәдениет мойындамайды да, себебі өзгеріске ұшырау барысында белгілі бір үйлесімділік заңдылығы бұзылады. Әртүрлі өркениеттердің қарым-қатынасы кезіндегі ең керемет, әрі ең қызықты сәт, жаңаға жолсерік болған жатық механизмдердің өзара ықпалдастығы мен ортадағы делдалдық қызметі. Біздің ойымызша, осындай сәттерден кейін нағыз шындыққа айналу мүмкіндігі бар тамаша мифтер, қиял-ғажайып ертегілер туындайды. Ұшатын кілем, мың шақырымнан дауыс естейтін – «саққұлақ», бір көлдің суын тауысатын – «көлсоғар», желден жүйрік – «желаяқ», су бетіне қарап ақпарат беретін – «мыстан кемпір» т.б. мысал бола алады. Кейде мұндай мифтер идеологиялық ағымға немесе бұқаралық қозғалыстарға ұмтылдырушы күшке де айналып кетеді. Сонымен қатар, мифтер инициациялық қатынастардағы техника дамуының бастапқы көрсеткіштік сипатына ие.
«Инициация» латынның inito – бастау, арнау, культтік құпияға ену деген аударманы білдіреді. Дәстүрлі мәдениетте инициация дегеніміз адамның дайындық күйінен белгілі бір қоғамдастыққа толық мүше болып өтуі.
Инициация – дәстүрдің іс жүзінде кәдеге асуы, қасиетті ілімнің стихияға әсерлі де жарасымды түрде жанасуы. Дәстүрлер – бұл әдетке айналған ұрпақтан-ұрпаққа берілер іс-әрекеттер тәсілі. Адамдар қауымдастығының қалыптасуын салыстырмалы түрде қарағанда техника мен технология өте жәй эволюциялық даму сипатын құрайды. Олардың дәстүрлі түрлері мен дәстүрлі қолданыстары белгілі бір кезеңде дамуға тежеу болатын факторға айналады. Жаңа байланыстарды орнату бір қоғам үшін дәстүрлі қалып болса, басқаларына тосын жаңашылдық ретінде танылады. Жаңашылдық – экономикалық, қоғамдық өзгерістердің нәтижесінде пайда болған әрекеттің жаңа түрі. Олар өздері дәстүрлілік сапасына ие болмайынша, белгілі бір нақты дәстүрге қарама-қайшы іс-әрекеттер жасайды. Дәстүр мен жаңашылдық – өзгерістің екі жағы, демек адамдар әрекетіндегі сан-алуан әдістердің дамуы. Бұл өзгеріс өркениет тарихында прогресс немесе регресс ұғымдарымен сипатталып, кезеңдік дәуірлерде өз белгілерін беріп отырады.
Ғылыми тұрғыдан діндер мен мифтерді зерттеуші ғылымдардың атасы Мирча Элиаденің пікірінше ең алғашқы діни нанымдар да, алғашқы әулиелер де осы далада туған. Элиаденің кітабын оқып өскен европалықтарға біздің сайын дала сағымдай көз алдарында елестеп тұрады. Ал енді жолдары түсіп келе қалса, даланы көрсетіңдерші, деп жалынады, олар үшін дала бір қолжетпес арман сияқты болады да тұрады. Біз қазақ соған көбінесе мән бере бермейміз, шынымен қолда бар алтынның қадірі жоқ. Қалың қазақ дала емес, қалада тұратын заман болып бара жатыр.
Мәдениет пен өркениет ара қатынасы туралы көзқарастардың барлық алуан түрін соңында үш негізгіге әкеп тіреуге болады.
Бірінші жағдайда өркениет пен мәдениет ұғымы синоним ретінде болады, олардың арасында едәуір айырмашылық болмайды. Мысал ретінде беделді ағылшын тарихшысы А. Тойнбидің тұжырымына жүгінуге болады, ол өркениетті рухани аспектіге көңіл қоя отырып, дінді басты және нақты элемент деп санай отырып, мәдениеттің нақты фазасы ретінде қарастырды.
Екінші жағдайда мәдениет пен өркениет арасында ұқсастық пен маңызды айырмашылықтар байқалады. Француз тарихшысы Ф. Бродель да осындай көзқараста болды, ол өркениет жиынтықты құрайтын элементтердің бірі ретінде, ең алдымен рухани құбылыстардың мәдениет негізін құрайды деген тұжырымды ұстады.
Үшінші тәсілді жақтайтындар мәдениет пен өркениетті қарсы қояды. Бұған неміс мәдениеттанушысы О. Шпенглердің теориясы мысал бола алады, оған сәйкес өркениет өліп бара жатқан мәдениет. Шпенглер өркениет мәдениеттің артынан «қалыптасудың артынан, өмірден кейін өлім болатындай, дамудан кейін дағдарыс болатындай, ақылдың қартаюы» тәрізді жүреді деп жазды. Оның ойынша, мәдениет тірі және өсіп жатқан организм, ол өнер мен әдебиет, тұлғаның шығармашылық гүлденуі үшін еркіндік береді. Өркениетте көркем шығармашылыққа жол жоқ, онда техника мен жансыз интеллект билік құрады, ол адамдарды жояды.
Мәдениет пен өркениет ара қатынасын түсінуде бірінші екі тәсіл ең қолайлысы болып саналады. Осы құбылыстар арасында шынында да көп ортақ қасиеттер бар, олар өзара тығыз байланысты, бір-бірімен жанасып, бір-біріне ауысады. Бұған ең алдымен неміс романтиктері көңіл бөлді, олар мәдениеттің өркениетке айналатынын, ал өркениет мәдениетке айналатындығын атап көрсетті. Сондықтан күнделікті өмірде біздің мұны айыра білмейтіндігіміз белгілі.
Басқа да жіктеулер бар. Қарастыру масштабына байланысты өркениет аумақты, яғни әлемдік, континентальды (мысалы, европалық), ұлттық (француз, ағылшын), аймақтық (Солтүстік африкалық) болуы мүмкін. Шығыс танушы ғалымдар өркениеттер жіктемесіне басқаша көзқараста, олар ең алдымен өркениет өзінің қайталанбас даму жолдары бар екі тармаққа – Батыс пен Шығысқа бөлінгендігін айтады, оның ішінде «табиғи» және «қалыптысы» шығыс болып саналады, ал батыс мутация, ауытқу ретінде қарастырылады.
Басқа ғалымдар да барлық өркениеттерді екі типке бөліп қарайды, бірақ оларды басқаша түсіндіреді: олардың бірі – техногенді Батыс Европаға тән, ал екіншісі – психогенді шығыс елдеріне тән, оған ертедегі үнді өркениеті мысал бола алады. Ал кейде өркениетке материалдық мәдениетті жатқызады, ал мәдениет деп рухани мәдениетті жатқызады.
Алуан түрлі көзқарастарға қарамастан, олар бір-біріне жақын. Өркениеттің ең маңызды белгілері мыналар: 1) мемлекеттің құрылуы 2) жазудың пайда болуы 3) егін шаруашылығының басқа кәсіп түрлерінен бөлініп шығуы 4) қоғамның таптарға жіктелуі 5) қалалардың пайда болуы. Алғашқы екі белгінің болуын міндетті деп санайды, ал қалғандардың қажеттілігі күмән тудырады. Ал мәдениетке келсек, онда ұлттық ерекшелік пен бірегейлік, қайталанбастық пен сонылық, құбылмалық пен жаңашылдық, өзіне-өзі қанағаттанбау, сыни және шығармашылық бастау, бағалылық, биік идеалға ұмтылу бірінші кезекте орын алады.
XVІІІ ғасырда «өркениет» ұғымы ғылыми айналымға француз ағартушыларының ықпалымен еніп, ақыл-ой мен әділетілікке негізделген қоғам мағынасында түсіндірілді. Кейіннен өркениетті қоғам жетістігінің рухани және материалды-техникалық бірлігі уақыт пен кеңістікті шектеулі шеңбер деп түсіне бастады. Қайта Өрлеу кезеңінде өркениет термин ретінде пайда болып, өз ауқымына өнер, ғылым, философия және т.б. заңдылықтарды енгізді. Бұған өркениеттің уақыттық және кеңістіктік өлшемі қосылып, нәтижесінде Европалық континет қалыптасты. Демек, Қайта Өрлеу кезеңі өркениетті барлық этностар мен бүкіл кезеңге тән парасатты абсолют және белгілі тығырықтан шығуға бағытталған іс-әрекет ретінде қарастырды. Өркениет ұғымын осы мағынада түсіну кейінірек европоцентристік идеяның қалыптасуына түрткі болды. Ал, ХХ ғасырда «өркениет» ұғымы жаңаша сипатқа ие болды. Ендігі жерде бұл ұғым абсолют ретінде емес, тарихи тұрғыдан кеңістік пен уақыт аясында қарастырыла бастады. Біз өркениет мәселесіне тоқталғанда бұл ұғымды көбінесе адамзат қоғамының белгілі бір кезеңі ретінде қарастырамыз [27, 134 б.].
«Өркениет» сөзінің шығу тегін анықтар болсақ, ол латынның «civilis» сөзінен туындайды. «Сivilis» сөзін қазақ тіліне аударғанда «қала тұрғыны, азамат, азаматтық» деген мағыналарды білдіреді [27, 154 б.], яғни қалалық ортада адам баласы ашық жарқын, сыпайы, тәрбиелі болуы тиіс. Бірақ бұл сөздің мән-мағынасы жылдар, ғасырлар өте кеңейіп, тереңделе түсті. «Сivilis» сөзін алғаш рет пайдаланып, көпшілік қолданысына айналдырған маркиз де В.Р. Мирабо болатын, ол өзінің «Адамдардың досы» (1757 ж.) атақты трактатында былай дейді: «Өркениет дегеніміз адам баласының мінезінің жұмсақтығы, сыпайлығы, басқа адамдар пікірімен санаса білуі және білімділігі, ... өркениет қоғам өмірінде реттеуші қызметін атқаруы тиіс». «Өркениет» сөзі тек Франция елінде ғана емес, сонымен қатар, шамамен 1767 жылы Англия елінде де пайдалана бастайды. Яғни, осы екі Батыс елдері өркениет сөзін пайдаланған пионерлер болып табылады, бұл елдердің негізгі қағидасы бойынша, өркениет дегеніміз сауатсыздықтың қарама-қайшылығы. Осындай идеяны ұстанған антика дәуіріндегі ойшылдар – мәдениет дегеніміз дала варварларының дүниетанымына, өмір сүру салтына қарама-қарсы дүние деген болатын» [27, 189 б.].
«Өркениет» ұғымы антиктік қоғамның жабайы ортадан сапалық ерекшелігінің анықтамасы ретінде сонау көне дәуірде пайда болды. XIX ғасырдың Ағарту дәуірінде әлеуметтік мәдени дамудың ең биік сипаттамасы ретінде қолданылады. XX ғасырда О. Шпенглер мен А. Тойнби еңбектерінде бұл термин анық көрінген ерекшелігі бар жергілікті қауымдастық мағынасы, яғни «тарихи өркениеттер» (Қытай, Вавилон, Түркі, Мұсылман, ортағасыр, т.б.).
«Өркениет» («civilization») сөзі батыс қоғамының интеллектуалды және ғылыми айналымына «мәдениет» («culture») терминінен кейін енді. Бұл жағдайдың себебі – діни дүниетанымның ықпалы әлсірей бастаған соң, адам баласы Құдай ықпалынан біртіндеп шыққаннан кейін, Әлем адам баласы әрекетінің ортасы мен нәтижесі сипатына айналды.
Соңғы кездері өркениетті бір аймақта тұратын халықтардың тарихи тағдырластығы, олардың арасындағы ұзақ та тығыз мәдени байланыс нәтижесінде әлеуметтік ұйымдасуы мен реттелудің – заңдық және саяси жүйелерде, шаруашылық түрлері формаларында, дін, философия, ғылым, білім жүйесі, көркем шығармашылықта – этноаралық жергілікті қауымдастық деген анықтама кеңінен тарап отыр» [28, 43-44 бб.].
Сонымен, өркениет категориясы келесі негізгі мағыналарда қолданылады:

  1. мәдениеттің синонимі ретінде;

  2. қоғамдық дамудың үшінші кезеңі ретінде, бірінші кезеңі жабайылық, екінші кезеңі – варварлық (Льюис Моргани, Фридрих Энгельс);

  3. локалды-циклдік және әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде (Н. Данилевский, А. Тойнби және т.б.);

  4. мәдениет дамуының регрессивті кезеңі, яғни оның деградация кезеңі (О. Шпенглер, Н. Бердяев);

  5. этимология жағынан «азаматтық» деген ұғыммен байланысты, «сivilization» қалалық өмір деген мағынаны береді.

Яғни, барлық бұл ыңғайларда өркениет деп саяси, тұрмыстық-шаруашылық, әлеуметтік қарым-қатынаспен сипатталатын қоғамдық дамудың белгілі бір күйі белгіленеді. Бұл жағдайда, өркениет ұғымы хронологиялық немесе территориялды мағынада алынатына маңызды емес. Бастысы, шамамен, барлық уақыттарда өркениет бойына өмір мән-мазмұнын дарытқан өзіндік ерекшелігі бар қабық болып табылады. Ал бұл өмір мән-мазмұнында әлеуметтік жүйенің дамуы жүзеге асады. Сол уақытта эмпирикалық деңгейде өркениет материалды артефакттарға айнала отырып, нәтижесінде қоғамдық өмірдің материалды субстратына (негізіне) айналады.
Ғылым мен техниканың тыңғылықты және динамикалық дамуы нәтижесінде әлеуметтік өмірдің барлық салаларына өзгеріс енгізілуде. Тек еңбектің мән-мазмұны ғана емес, сонымен қатар, мәдениет құрылымы мен қазіргі өркениет жүйесі де өзгеріске ұшырап отыр. Қазіргі уақытта жаңа өркениеттік жүйе туып, cөйтіп, біздің өміріміздің жаңа заңдылығы қалыптасты, мысалы, «ақпараттық өркениет», «техникалық өркениет» және т.б.
Тарих тұрғысынан қарастырар болсақ, өркениеттің дүниеге келуі – адам баласының және қоғамның әрекеттерінің өзгеру салдарынан болды. Мәдениет пен өркениеттің дамуы негізінде қоршаған ортаның, табиғаттың, адам баласының өзі және адамзаттық қоғамның қайта қалыптасу үрдісі жатыр.
Бірқатар зерттеушілер мәдениет пен өркениетті қатар қояды, ал екінші бір топ зерттеушілер мәдениет пен өркениетті бір-біріне қарама-қарсы келетін жүйелер деп тұжырым жасайды. Мысалы, Макс Вебер: «мәдениет пен өркениет бір-бірінен ерекшеленеді, өйткені мәдениет дегеніміз бұл рухани және қайталанбас құбылыс, ал өркениет болса өзінің интеллектуалды табиғатынан – анонимді (жасырынды)». «Өркениет – бұл адам баласының ғылымда, техникада және жобалауда бейнеленген ақыл арқылы табиғатты иемденуі. Ал мәдениет болса – бұл адам баласы рухының жүзеге асуы» [29, 76 б. ]
Мәдениеттің қалыптасуы – бұл абсолюттік дамудағы ашық тұтастық. Ендеше, мәдениет өркениеттің қуаттылығы негізінде жетіліп, дамып, жүзеге асуы қажет. Ал, адамзаттық мәдениет заңдылығы мен тұтастық бірлігі ерекше дүниелер болып есептелінеді. Мәдениет тұтас және әр алуан, ерекше мәдениеттердің көпжақтылығы біртұтас адамзаттық мәдениеттердің болмыстық тәсілі болып табылады. Демек, мәдениеттің өркениет негізінде дамып, жетілетіндігі даусыз. Ерекше мәдениеттер ғана өзекті, әрі оқшауланған. М.М. Бахтиннің пікірінше, «бөгде мәдениет – тек өзге мәдениеттің алдында ғана өз мәніне тереңірек үңілуге тырысады». Яғни, бір мәдениеттің ерекшелігі екінші бір мәдениет арқылы танылмақ. Бір мән екінші бір өзге, бөгде мәдениетпен кездесіп, сұхбаттасу және жанасу арқылы өзінің шынайы табиғи мән-сырын ашады. Нәтижесінде, олардың арасында мәдениеттердің біржақтылығын, оқшаулығын, томаға тұйықтығын игеретін диалог, яғни сұхбаттастық пайда болады. Мәдени диалогтың немесе мәдениеттер арасындағы сұхбаттастықтың туындауы осыдан бастау алады. Біз бөтен мәдениетке жаңа сауалдар қоямыз, олар қалай қабылдаса да, біз осы қойған сауалдарымызға өзімізше жауап іздейміз. Бөтен мәдениет біздің осы мақсат-мүддемізге, еркімізге көніп, өз құшағын айқара ашып, жаңа мәндік тұрғысынан бізге жауап береді. Осындай диалогтық кездесуде екі мәдениет бір-бірімен өзара араласып, қабаттасып кетпей, әр қайсысы өз бірлігі мен ашық тұтастығын сақтай отырып, бір-бірін өзара байыта түседі [30, 333-334 бб.]. Сонымен бірге, адамзаттық мәдениет те жетіліп, кемелдене бермек.
Мәдениеттің әлеуметтік ролін ары қарай анықтар болсақ, оның ролі зор екенін байқаймыз. Яғни, мәдениет адам баласын жабайылық пен тұрпайылыққа, еріншектік пен зұлымдылыққа, менменшілдік пен жауапкершіліксіздікке жол бермейді. Адам баласы өмірінде маңызды роль атқаратыны – бұл еңбек. Марксистік ілімге сүйенер болсақ, «адамды адам ететін – еңбек». Адам баласының жануарлардан ерекшеленетін бір сипаты оның еңбек етуінде. Әлеуметтілік пен мәдениеттіліктің генезисі адам баласының еңбегімен байланысты. Ал өз кезегінде жеке адамдық өмір тіршілігін қоғамдық өмір тіршілігіне айналдырады. Сөйте отырып, нәтижесінде, адам баласы мәдениеттің агенті және қоғам адамы болады.
Интернализация (лат. interims – ішкі) термині әлеуметтануда, педагогикада және мәдениеттануда қолданылады. Бұның негізгі мән-мағынасы мынада – белгілі бір индивидтің немесе адамдар тобының өзара әрекет ететін топтың әлеуметтік құндылықтарын, ережелерін, заңдарын, стереотиптерін игеру процесі. Интернализация нәтижесінде сол адам баласына немесе топқа байланысты сыртқы болып табылатын құрылымдар олардың мінез-құлықтарының ішкі басқарушысына айналады. Интернализация механизмдері өте күрделі және олар әзірге дәйекті де тиянақты зерттелінбеген [31, 69 б. ].
Инкультурация (enculturation) өмір бойына созылған туған мәдениеттің дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, құндылықтары мен заңдарын игеру процесі; бір ұрпақтан екінші бір ұрпаққа мәдениетті тасымалдау және оны зерттеу. Инкультурацияның соңғы нәтижесі – жеке тұлға емес, керісінше, интеллигент. Интеллигент дегеніміз мәдени заңдарды (нармаларды) игеру жиынтығы. Инкультурация терминін Херсковитц «Адам баласы және оның еңбегі. Мәдени антропологияның ғылымы» (1948) атты еңбегінде алғаш рет ендірген.
Фридрих Энгельс (1820-1895) өзінің «Адам баласының дүниеге келу теориясын» 1873-1876 жылдары жазған болатын. Бұл теория «Маймылдың адам баласына айналу процесіндегі еңбектің ролі» атты мақалада айтылады, ал бұл мақала болса, «Табиғат диалектикасы» жұмысының бір тарауын алады. Еңбек деп Ф.Энгельс тас, сүйек және ағаштан еңбек құралын дайындаудан басталған мақсатты іс-әрекетті түсінеді. Карл Маркс (1818-1883) пен Фридрих Энгельстің пайымдауы бойынша, адам баласының санасы еңбек нәтижесінде пайда болды. Еңбек ету процесі кезінде адамдарда бір-бірімен сұхбаттасу қажеттілігі туындады, нәтижесінде, бірігіп еңбек етуде сөйлесудің құралы ретінде тіл қалыптасты. Бұл алғышарттардың (еңбек пен тілдің пайда болу процестері) нәтижелерін өлшеп қарау мүмкін емес. Еңбек пен тіл қоғамдық өмірдің басты шарты, оларсыз толық қанды өмір сүру – шынайы өмірдің бет-бейнесін бермейді. Шын мәнісінде, адам баласы еңбек ету процесінде өз бойындағы қасиеттерді, дарынды оятып, танып, өсіріп, дамытады. Адам баласының әрекеті мәдениет туындысына әкелген үлкен ықпал болып табылады.
Ұлыбританияның Ноттингем-Трент университетінің профессоры, мәдениеттанушы Джон Томлинсон «Глобализация в культуре» (1999) деген еңбегінде былай дейді: «Әрине, мәдениет сферасындағы шиеліністер мен қақтығыстар саны біздің жаһанды әлеміміздің саясат немесе экономика сфераларына қарағанда аз деп айту дұрыс болмас. Бірақ, мәдениет саласындағы жағдайларға қарасақ, жақсы өмір құруға жалпы үміттің бар екенін және оған кедергі болатын күштерді жеңуге адамдардың қабілеттері бар екендігін айқын көруге болады. Мәдениет барлық адам балаларына мәнді өмір сүруге мүмкіндік беретін күрделі де дәйекті жүйе және құрылым болып табылады» [32, 167 б.].


1.2 Мәдениет пен өркениеттегі дәстүр мен жаңашылдық үрдістері.
Қазіргі уақытта инновациялық үрдіс қоғам өмірінің саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми салаларында көптеп кездесуде. Мәдениеттегі инновациялық үрдісінің алғышарттарын анықтаудан бұрын «инновация» сөзінің түп-тамырын және мән-мағынасын ашып алу қажет. Қазіргі уақытта бірқатар әдебиеттерде бұл сөздің анықтамалары беріледі. Шыныменде, «инновация» терминінің анықтамалары көп. Алдымен, оған сөздіктер қандай түсінік беретінін қарастыралық. Ағылшын-орыс сөздігінде былай жазылған: «инновация – бұл жаңалықтың енгізілуі, өзгеріс, жаңалық». «Инновация» термині көп жағдайда ғылыммен және техникамен байланыстырылады. Бизнестің түсіндірмелі үлкен сөздігі «инновация» терминімен «жаңалық» терминін байланыстырады және инновацияны зерттеу нәтижесінде туған жаңалықтарды нарық аумағына жеткізу процесімен қатар қояды. Сонымен қатар, «жаңалық» деп жаңа өнімдерді өндірудің жаңа тәсілдері мен техникаларын ашудың факті ретінде түсінеді.
«Инновация» термині «innovus» (novus – жаңа, innovare – жаңаны жасау) латын сөзінен шыққан, ол «жаңару» немесе «жақсару» деген мағыналарды береді. Сонымен қатар, бұл терминнің кең мән-мағынасын Оксфордтың түсіндірме сөздігі былай деп береді: «конструкттық әрекетте, өндірісте және тауарды өткізуде қандай да бір жаңа ыңғайлар, нәтижесінде, инноватор немесе оның компаниясы бәсекелестеріне қарағанда белгілі бір артықшылдықтарға ие болады. Патенттерді пайдалана отырып, жетістіктерге қол жеткізген новатор уақытша монополияны қамтамасыз етеді, бірақ та, кей жағдайларда оның бәсекелестері басқа пайдалы нарыққа шығуға мүмкіндіктерді іздейді. Кейбір компаниялар қалыптасып қалған сұранысқа бағытталған жаңа өнімдерді шығара бастайды, ал екінші біреулері жаңа нарықтарды қалыптастыратын технологиялық жаңалықтарды ойлап табады» [33, 53 б.].
«Инновация» терминін жаңа экономикалық категория ретінде ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында ғылымға енгізген австриялық (кейіннен американдық) ғалым Йозеф Алоиз Шумпетер (J. A. Schumpeter, 1883-1950) болатын. Ол өзінің «Экономикалық даму теориясы» (1911) деген еңбегінде алғаш рет дамудағы өзгерістердің жаңа топтамасы (яғни, инновация мәселелерін) мәселесін қарастыра отырып, инновациялық процестің толық бейнесін берді. Сөйтіп, Й. Шумпетер дамудағы бес өзгерістерді атап көрсетті:

  1. жаңа техниканың, технологиялық процестердің пайдалануы немесе өндірістің жаңа нарығын қамтамасыз етілуі;

  2. жаңа қасиеттерге ие өнімдердің енгізілуі;

  3. жаңа шикізаттың пайдалануы;

  4. өндірісті ұйымдастыруда және оның материалды-техникалық қамтамасыз етуде өзгерістің болуы;

  5. жаңа нарықтың пайда болуы.

«Инновация» терминінің өзін Й. Шумпетер ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында пайдалана бастады. Ол инновация деп тұтынушылық тауарлардың жаңа түрлерін, жаңа өндірістік, транспорттық құралдар мен нарығын, өндірісті ұйымдастырудың жаңа түрлерін енгізу және қолдану мақсатындағы өзгерістерді түсінген болатын. Й. Шумпетердің ойы бойынша, инновация пайданың басты қайнары болып табылады: «пайда, табиғатынан, жаңа топтамаларды орындаудың нәтижесі болып табылады», «дамусыз пайда жоқ, пайдасыз даму жоқ».
Негізінде, инновация тек экономика ғылым саласында ғана емес, сонымен қатар, қоғамның басқа да салаларында әрекет етеді. Мысалы, адамдар өмірінде саяси қарым-қатынастар, өнер, қоршаған ортаны сақтау мәселелері, мәдениаралық қарым-қатынастар және т.б. инновациялық туындылар дүниеге келіп жатады.
«Қазіргі заман ұғымдары мен терминдерінің қысқаша сөздігінде» инновация терминіне мынадай анықтама берілген: «Инновация (ағылынша «innovation» – жаңалық, жаңа енгізулер, латын тілінен innovation – жаңғырту, жаңарту) бірнеше мағыналарды береді.

    • техника мен технологияның заман талабына сай ауысуын қамтамасыз ететін экономикаға қаражаттың құйылуы;

    • ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерінің нәтижесі болып табылатын жаңа техника мен технология;

    • жаңа идеялардың дүниеге келуі, жаңа теориялар мен модельдердің қалыптасуы және олардың қоғам өмірінде қызмет етуі;

    • морфологияда жаңадан қалыптасқан құбылыс» [34, 198 б.].

Осы сөздіктерде берілген анықтамаларға негізделе отырып, инновациялар – бұл әлеуметтік-мәдени өзгерістер үшін қажетті алғышарттарды тудыратын жаңа технологиялар мен жаңа мінез әрекеттерді қалыптастыру механизмі деп ой тұжырымдалық. Қоғамның бейімделуге деген қабілеттілігі, яғни адам баласына және адамзатқа қиындық туғызатын мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін қабілеттілігі, тарихи тұрғыда аса маңызды рольге ие емес, бірақ та адам баласы мәдениетінде шынайы өмірді көрсететін, әрекеттерді тасымалдайтын және жаңалықтың элементтерін ендіретін рәсім, ойын процестерінде және тағы да басқа әрекеттерде туындайды. Инновация адам баласының шығармашылыққа деген қабілеттілігіне және осы шығармашылық нәтижелерін қауымдастықтың қабылдап алу немесе бейімдеп алу мүмкіндігіне тәуелді болады.
Кейбір мәдениеттер қоғамның дәстүрлігіне және инновацияның қолдауына ие болады. Индивидтің санасында туындайтын жаңа идеялар қоғамда кең қолданысқа ие болып жатады, ал мұның өзі әлеуметтік-мәдени өзгерістер үшін мүмкіндік туғызады. Тарату, қабылдау немесе қабылдап алмау, модификация процестерінің өзі шығармашылықты-инновациялық процестер болып табылады. Дәстүр мен инновация арасындағы ара қатынас адамзат қауымдастығының бейімделу стратегиясының дамуын анықтайтын тарихи жағдайларға және шарттарға байланысты болады.
Адамдық мәдениет он мың жыл ішінде тас балтадан ғарышты игеру жолын өтті. Мәдениет ешқашанда бір орында тұрған емес: дүниеге келді, дамыды, бір аймақтан екінші бір аймаққа таралды, ұрпақтан ұрпақққа мұра болып беріліп отырды; әр уақытта материалды және рухани өнімдермен толықтырылып отырады. Мәдени өзгерудің көптеген түрлері мәдениет антропологиясында «мәдениет динамикасы» ұғымымен анықталады. Ал «мәдениет динамикасы» деп сыртқы және ішкі себептер әсерімен жүретін адам баласындағы және мәдениеттегі өзгерістердің барлық түрлерін түсінуге болады.
Өз кезегінде өзгеріс мәдениеттің ажырамас бір бөлігі болып табылады, оның құрамында мәдениет құбылыстарының ішкі трансформациясы (олардың уақыт аралықтарында өзгеруі) және сыртқы өзгерістер (өзара әрекеттесу, кеңістікте орын ауыстыру және т.б.) бар. Осыған байланысты мәдениеттің бірсызықты, қалыпты қозғалысы жүреді, яғни бір күйден екінші бір күйге ауысу процесі жүреді.
Сыртқы өзгерістер бар мәдени қалыптардың кеңеюі арқылы да, жаңа сапалы мәдениет формалардың дүниеге келуі арқылы да өздерін көрсетеді. Бұл кезде мәдениеттегі өзгерістер белсенділік түрінде немесе баяу қозғалыс түрінде жүреді және олар мәдениет динамикасындағы «темп» пен «ритмде» өз бейнесін табады.
Мәдени өзгеріс процесінде мәдени тәжірибенің әр түрлі элементтері дүниеге келіп, қалыптасып және кең таралады. Мәдениет антропологиясы мәдениет динамикасының келесі бір бастауларын айрықша атайды:

  • инновация;

  • мәдени мұраға бет бұру, еске алу;

  • өзгеден алу;

  • мәдени диффузия.

Инновация дегеніміз, жоғарыда айтылғандай, жаңа бейнелер, рәміздер, ережелер жүйелері, адам баласының өмір өзгертуге бағытталған іс-әрекеттердің жаңа түрлері; ойлау жүйесінің немесе дүниетанымның жаңа түрінің қалыптасуы. Инновацияның дүниеге келу себептерінің бірі – бұл белгілі бір индивидтердің, топтың үстемдік етіп отырған мәдени құндылықтарды, регулятивті ережелерді, дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды қабылдамауы және мәдени-әлеуметтік тұрғыдан оларды көрсететін ерекше жолдарды іздеу. Ал мұның өзі инновация тек дәстүрлі мәдениеттерде ғана емес, сонымен қатар, модернизациялық мәдениеттерде де болатынын көрсетеді. Бұқаралық деңгейдегі мәдени инновацияның туғызушылары кей кездерде өзге мемлекеттің немесе өзге әлеуметтік-мәдени ортаның өкілдері болып табылады.
Мәдени өзара әрекет ету – бұл мәдени «контакт», ол ешқандай әсерсіз, өзгеріссіз болуы мүмкін немесе бір-бірімен мәдени сұхбатқа түскен мәдениеттердің бір жақты әлде екі жақты өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мәдени сұхбат тек ұлттар арасында ғана жүрмейді, ол тіпті жеке адамдар арасында да жүреді. Мәдени сұхбат процесінің нәтижесі позитивті немесе негативті болады, ол әрине қабылдаушы институт құрылымы мен тектілігіне де байланысты.
Адамзаттың барлық тарихы – бұл сұхбат процесі нәтижесінде болатын оқиғалар. Сұхбат біздің өміріміздің барлық салаларын қамтиды. Сұхбат арқылы адамзат бір-бірімен бір мәмлеге келіп, өзара тығыз байланыста дамиды. Өзара түсіністік негізінде әлемдік үйлесімділік (яғни, ұлттар, халықтар, мемлекеттер, этностар арасында) қалыптасады. Мәдениеттердің өзара әрекет ету процестері әлдеқайда күрделірек, бұл жерде бір мәдениеттен екінші бір мәдениетке жай ғана тасымалдану процесі жүрмейді. Қазіргі уақытта жаһандану процесінің қарқынды адым алып, дамып келе жатқан уақытта мәдениеттің шекаралары, оның өзегі мен «перифериялары» туралы мәселелер белсенді түрде зерттелініп отыр. Мысалы, Н. Данилевский бойынша, мәдениеттер бір-бірінен оқшауланып дамиды және алғашқы кездерде олар бір-біріне қарама-қарсы келеді. Осы барлық айырмашылықтар негізінде, Н. Данилевский «халық рухын» көрді. «Сұхбат – бұл мәдениетпен тығыз қарым-қатынаста болу, оның жетістіктерін жүзеге асыру және қайта өндіру, өзге мәдениеттердің құндылықтарын табу және түсіну, осы құндылықтарды селекциялық жолмен бойға сіңіру, мемлекеттер мен этникалық топтар арасындағы саяси қырғи-қабақты бейбітшілік жолмен шешу. Сұхбат – ақиқатты ғылыми іздеудің және өнердегі шығармашылық процестің қажетті шарты. Сұхбат – бұл өзіңнің «Меніңді» түсіну және өзгелермен сұхбаттасу» [35, 74-75 бб.].
Сұхбат мәдениеттің көп қырлы және көп сырлы болуына негіз болады. Осындай позицияны неміс философы, ағартушы Иоганн Готфрид Гердер (1744-1803) ұстанады – «мәдениеттердің өзара әрекет етуі мәдени көптүрлілікті сақтап қалудың амалы. Мәдени оқшауланушылық мәдениеттің құлдырауына алып келеді. Бірақ, мәдени өзгерістер мәдениеттің «ядросына» ешқандай әсер тигізбеуі тиіс» [18, 76 б.]. Қазіргі таңдағы әлемдік мәдениеттер бірқатар және ұзақ мерзімді алған мәдени өзара әрекеттердің нәтижесінде қалыптасты.
Тарихи тұрғыдан қараған кезде, сұхбат әр уақыт кезеңінде ғылыми парадигмалардың ауысуының куәгері болып табылады. Мысалы, антика дәуірінде мәдени сұхбаттың пайда болуы, мифтік сананың орнына философиялық-дискурстік, сыни сана келді. Қайта өрлеу дәуіріндегі сұхбат жаңа парадигманы (антропоцентризм, гуманизм) және сананың жаңа түрін (адам баласының бұл өмірдегі мәртебесінің жоғарылауы) қалыптастырды. Қазіргі мәдениет те мәдениеттегі адам баласы болмысының жаңа түріне ауыса бастады. Яғни, ХХІ ғасырда мәдениет өмірдің барлық салаларында болып жатқан адам баласы болмысының «эпицентріне» көше бастады.
Мәдениеттердің сұхбаты – бұл көптеген теңдесі жоқ, жалпы, жеке тұлғалардың араласуы, осы сұхбаттың басты мақсаты – тек танып-білу емес, өзара түсінісу. «Мәдениеттердің сұхбатының ең түпкі идеясында жаңа сұхбат мәдениеті қалыптасады. Өзге адамның ой жүйесі мен болмысы әрбіреуіміздің бойымызға ене алады, осы өзге ой, өзге сана біздің болмысымызға аса қажет» [34, 80 б.]. Адам баласы сұхбатсыз, оқшауланып өмір сүре алмайды. Қазіргі уақыттағы әлемде мәдениеттер сұхбаты белгілі бір жағдайлар кешеніне байланысты күрделене түсті. Әр түрлі халықтар мәдениеттерінің өзара әрекет етумен, қазіргі уақыттағы бірқатар фундаменталды мәселелердің айқындалуымен байланысты. Осы мәселерді шешу ерекшелігі – үлкен жетістіктерге жеткен мәдениет болса да бұл мәселелер тізбегін өздігінен шеше алмайды, сондықтан да мәдениеттер сұхбатының жүйесі қажет.
Мәдениаралық сұхбаттан туындайтын өзгерістердің нәтижелері және олардың адамзатқа тигізер әсері қандай болмақ деген сұраққа Э. Тоффлердің «Болашақтан қорқу» («Future Shock») деген еңбегінде келтірген тұжырымдаманы пайдалана отырып былай жауап беруге болады: өмірдің үрдісі көз ілестірмейтін жылдамдықпен өзгерді, оған барлығымыз дайын емеспіз, «Болашақта адамзат бұрын болмаған психологиялық күйге душар болады. Бұл күй белгілі бір ағза ауруына ұқсайды. Бұл «аурудың» аты – Футурошок. Футурошоктың негізгі сипаттамасы – шынайы өмірді сезінбеу, болашақтан қорқу. Сөйтіп, ХХІ ғасырдың басына дейінгі кезеңде миллиондаған дені сау, психологиясы қалыпты қарапайым адамдар бір мезетте болашақпен кездеседі».
Сонымен, мәдениаралық процес нәтижесінде туындайтын процестердің табиғатын, олардың бағытын және олардың нәтижелерін ғалымдардың зерттеу нәтижелерін қарастырайық.
Аккультурация (ағыл. acculturation, латыннан ad – -ға,-ге, -қа, -ке; cultura – қалыптасу, даму деп аударылады) – бұл әр түрлі этникалық топтар мәдениеттерінің өзара әсер ету процесі, яғни белгілі бір халықтың екінші бір халықтың мәдениетін толықтай немесе жартылай қабылдауы, бірақ бойына дарытпауы. Сонымен қатар, белгілі бір этникалық топ аккультурация процесі нәтижесінде өз сана-сезімін жоғалтпайды.
Аккультурация мәселесін алғаш болып ағылшын этнографтары ХІХ ғасырдың соңында қарастырған болатын. Сол жылдары американдық этнограф У. Хоумз бұл терминді бір мәдениетті екінші бір мәдениетті ұқсастыру және бір мәдениеттен екінші бір мәдениетке элементтерді тасымалдау процестерін көрсету үшін пайдаланған болатын. Ғылыми айналымға бұл термин ХХ ғасырдың 20-30 жылдары енгізілді. Сол кезде бірқатар мәдениет антропологтары: М. Мид, Р. Линтон, Б. Малиновский және т.б. АҚШ-тың англосаксондық мәдениетінің үндістер мен афро-американдықтарға ықпал етумен байланысты аккультурация механизмдері мен ерекшеліктерін зерттеді. Сол зерттеу барысында мәдениет-реципиент реакциясының үш түрі анықталды: қабылдау (ескі мәдениет орнын жаңа мәдениеттің толық басуы); бейімдеушілік (ескі мәдениеттің жартылай өзгеруі); реакция (жаңа мәдениеттен мүлдем бас тарту). Кейіннен бұл жоба басқа зерттеулерде де қолданыла бастады. ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдары аккультурацияны зерттеу саны күрт өскен болатын, бұған бірнеше себептер бар – Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін жеңіске жеткен елдер бірқатар елдерді өзара бөліп алғанын білеміз. Осы жағдайдан кейін жеңіске жеткен және жеңілген елдердің халықтары бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуге мәжбүр болды десек болады (әрине, кей жағдайларда өз еркімен тығыз қарым-қатынасқа түсу кездері де болған). Аккультурациямен байланысты әр түрлі аумақтарда батыстандыру (американдандыру), испандандыру, жапондандыру, қытайландыру процестері зерттелінді (Дж. Фостер, Дж. Феланидр).
Аккультурация процесінде ықпал тек үстемдік етуші мәдениет тарапынан болмайды, сонымен қатар, субмәдениеттер тарапынан да болады; мысалы, африкалық музыка формалары батыс өнеріне деген ықпал туралы айтуға болады, АҚШ-тағы, Батыс Еуропадағы ән шерулерінде африкалық ритмдік немесе бразилдік музыка нақышындағы әндер басты орындарды алып жатады.
Екінші және үшінші мыңжылдықтар аралығында адамзат мемлекеттер, халықтар және олардың мәдениеттерінің өзара байланысы мен өзара тәуелділік жолымен дамып келе жатқандығын көріп отырмыз. Бұл процесс дүниежүзінің барлық тұрғындарын да қамтып отыр. Бүгінгі күнде өзге халықтар, жеке аймақтарда өмір сүріп отырған өзге қоғамдық орта тарапынан мәдени әсерді сезінбеген бірде-бір этникалық қауымдастық жоқ. Бұл әртүрлі мемлекеттер мен мәдениеттердің мемлекеттік институттар, әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар және жеке тұлғалар арсындағы мәдени алмасу мен сұхбатында көрініс тапты. Мәдениеттер мен халықтардың өзара әрекет ету шеңберінің кеңеюі мәдени ерекшеліктер мен мәдениеттің өзіндік ерекшелігі туралы мәселені одан әрі өзектілендіре түседі. Қазіргі адамзаттың мәдени көптүрлілігі күннен күнге артып келе жатыр, сонымен қатар, осы адамзатты құрап отырған халықтар, осы көптүрлілікті пайдалана отырып, өз мәдениетін сақтау үшін әртүрлі құралдар мен тәсілдерді пайдалана алады. Мәдени өзіндік ерекшелікті сақтау үрдісі, адамзаттың бір-бірімен қарым-қатынасы тығызданған сайын және біртұтас жүйе болған сайын, әр халық, әр ұлт өз мәдени ерекшелігін жоғалтпайды деген заңдылықты мақұлдай түседі. Бұндай қоғамдық дамудың үрдістер контекстінде халықтардың бір-бірін түсініп, мойындау үшін олардың мәдени айырмашылықтардың ескеру қажет.
[36, 17-18 бб.].
Ассимиляция (лат. assimilatio – ұқсас болу) – бұл белгілі бір халықтың, этникалық топтың екінші бір топқа, халыққа толықтай еніп, өз тілін, мәдениетін, этникалық сана-сезімінен айырылу. Ассимиляция түрлері:

  • табиғи жолмен жүретін ассимиляция, яғни, этникалық айырмашылықтары бар халық топтарының бір-бірімен араласуы, аралас ұлт өкілдерінің некеге тұрып, жанұя құруы және т.с.с. арқылы жүретін процесс;

  • белгілі бір күшпен жүретін ассимиляция (күштеу ассимиляциясы) – бұл ассимиляция түрі ұлт өкілдерінің арасында теңсіздік болатын мемлекеттерде орын алады.

Ассимиляция ұғымы ХІХ ғасырдың соңы кезінен америкалық әлеуметтік ғылымда (алғашқыды «американдандыру» сөзіне синоним ретінде) пайдалана бастады. Ассимиляция терминінің алғашқы анықтамаларын Р. Парк пен Э. Берджес берген болатын. ХХ ғасырдың ортасына дейін ассимиляция термині АҚШ-тың басым тұрғындары болып табылатын ақ нәсілдер мәдениетіне үндістер ру-тайпалардың қосылуын зерттеу үшін пайдаланған болатын. ХХ ғасырдың екінші жартысынан кейін ассимиляцияның зерттеу шеңбері кеңейе түсті. Американдық зерттеуші М. Гордон АҚШ-та аз санды ұлттар мәдениетінің басым санды ұлттардың мәдениетінде толық ассимиляциялануы жүрмейді деп есептейді. Басқарушы және басқарушы қол астындағы топтардағы мәдениет элементтері бірлесе отырып, жаңа, тұрақты бірлестікті (жаңа мәдениетті) қалыптастыратын әр түрлі деңгейдегі араласушылықтар болады. Сонымен қатар, антропологтар кері әсерлерді де айқындап шығарды, яғни, аз санды топтар мәдениеті көп санды топ мәдениетіне әсер етуі.
Ассимиляция – бұл қоғам дамуы дағдарыс (демографиялық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және т.с.с.) кезеңдеріне тән. Әрбір этнос өзіндік ерекшеліктегі ұлттық дәстүрде қалыптасты және дамыды. Кей жағдайларда, ұлттық мәдениет дәстүрлері уақыт өте келе қоғамда болып жатқан әлеуметтік өзгерістер принциптеріне қарама-қайшы келеді. Сол уақытта, этнос екі мәдениет бағыттарының бірін таңдайды (ал этностың болашағы осы таңдауға байланысты): ұлттық мәдениетті таңдаған жағдайда өзіне тән өзгешелікті сақтайды, бірақ өмірдің даму үрдістеріне ілеспей, қалып қою қауіпі бар немесе «саяси оппозиция» күйін кешеді; ал егер қоғамдық өзгеру принциптерін таңдаған болса, онда өзіне ғана тән ұлттық рухани және материалды дәстүрден, сана-сезімінен айырылуы мүмкіндігі бар. (Айтып кететін нәрсе – қоғам осы уақытқа дейін, өкінішке орай, ұлттық дәстүр принциптеріне сайма-сай келетін ұнамдылық, әдептілік және тағы да басқа қоғамдық рухани құндылық принциптерін қалыптастырған жоқ, ал бұл принциптер болса қоғамның позитивті рухани және материалды дамуына толықтай кепіл бола алады).
Сөйтіп, нәтижесінде өз мәдениет элементтерін жартылай немесе толықтай жоғалтады, ал кей жағдайларда олардың ұлттық сана-сезімінің толықтай өзгеруіне алып келеді.
Этникалық ассимиляцияның объективті негізі қазіргі таңдағы әр түрлі мемлекеттер, аймақтар халықтары, жалпы Әлем өмірінің жаһандануы болып табылады. Бұл жерде басты маңызды мемлекет аралық және аймақ аралық миграцияның күшеюі, ұлтаралық некелер санының өсуі және т.б. атқарады. Еркін түрде және біртіндеп жүріп жатқан ассимиляция ешбір этника-аралық қақтығыстарды тудырмайды. Ал күшпен жүргізіліп отырған ассимиляция (дискриминация және сегрегация) ұлт өкілдері арасында теңдік құқықтары сақталмай отырған мемлекеттерде болуымен қатар ұлт өкілдері арасындағы шиеліністер, дау-дамайлар жиі болып тұрады.
Американдық антрополог Ф. Бок мәдени антропология жөнінде мақалалар жинағының кіріспе бөлімінде мәдениетке мынадай анықтама береді: «Мәдениет, бұл сөздің кең мағынасында, – егер сен үйіңнен кетсең, бұның кесірінен жат боласың. Мәдениет адамдар айтатын және көрсететін барлық ой-ұстанымдар мен барлық үміттерді қамтитын дүние... Егер сен өз тобыңда, мәдениетті бірге бөлісетін адамдар ортасында болсаң, сен өз сөзіңді және іс-қимылыңды алдын ала ой таразысына салмайсың, өйткені сен және олар бір ой-ұстаным әлемінде бірге өмір сүресіңдер және бір-біріңнен нені күтуге болатынын да білесіңдер. Ал егер сен жат мәдениет әлемінде жүрсең, сен өзіңді біртүрлі сезінесің, яғни өзіңді әлсіз және белгілі бір бағыты жоқ жандай сезінесің – осы күйді мәдени шок деп атайды» [37, 98 б.].
Мәдени шоктың мәні – ескі және жаңа мәдени ережелер мен бағыттардың қақтығысы. Ескі мәдениет – бұл индивид тастап кеткен қоғам мәдениеті, ал жаңа мәдениет – бұл индивидтың жаңа қоғамға еніп, қабылдап алған мәдениеті. Яғни, мәдени шок дегеніміз индивид санасы деңгейіндегі екі мәдениеттің қақтығысы.
Ф. Боктың пікірі бойынша, бұл қақтығысты шешудің төрт жолы бар:
1 Геттоизация. Бұл жағдай индивид жаңа қоғамға енген кезде болады, осы индивид жат мәдениетпен белгілі бір себептермен (тілді білмеуі, табиғи жасқаншықтық, діни ұстанымға және т.б. жағдайларға байланысты) бетпе-бет келуге тырыспайды. Бұл жағдайда ол өз мәдени ортасын (өзге мәдени ортадан оқшаулау) – туған-туысқандар бас қосқан ортаны қалыптастыруға тырысады. Мысалы, Нью-Йорктағы қытай кварталы немесе Берлиндегі Кройцберг ықшамында түрік кварталы. Бұл жерлерде, бір қызығы, сол мемлекеттің тілін білмей өмір сүруге болады.
2 Геттоизацияға қарама-қайшылықты ассимиляция тәсілі. Бұл жағдайда индивид өз мәдениетінен толық бас тартып, өмір сүру үшін қажетті өзге жұрттың мәдениетін игеруге талпынады. Әрине, әр уақытта бұған қол жеткізіле бермейді, оның бірнеше себептері бар – ассимиляцияға түсуге талпынған тұлғаның икемділігінің жеткіліксіздігі немесе тұлғаның мүше болғысы келетін мәдени топтың қарсы болуы. Мысалы, бірқатар Еуропа елдерінде (Франция, Германия) ТМД елдерінен барған эммигранттарға қарсылық көрсетіледі. Эммигранттар сол елдің тілін игеріп, бар ынтамен сол елдің мәдениеттін құрметтесе де, белгілі бір себептермен, жағдайлармен әр уақытта туған-туысқандардан немесе «мұңдастардан» құралған ортаға ығыстырылып шығарылады. Ал, бұл эммигранттардың балаларына, өзге мәдениетте кішкентай кездерінен өскендіктен, ассимиляция көп қиындықтар туғызбайды.
3 Мәдени алмасу мен өзара әрекеттен тұратын аралық. Мәдени алмасу процесі екі жаққа пайда мен байлыққа әкелу үшін екі жақ бір-біріне жылы қабақ көрсетуі және ашық болуы тиіс. Бірақ, өкінішке орай, практикада мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Алғашқы кезден-ақ екі жақ теңбе-тең келмейді: бірінші жақ – автохтонды, ал екінші жақ – эмигранттар. Тарихта оң нәтиже берген мәдени өзара әрекеттер мысалдары бар: Германияғы Варфоломей түні оқиғасынан қашқан гугеноттар француздық мәдениет пен неміс мәдениетінің жақындасуына көп ықпал етті; билік басына нацистер келген соң Германиядан кеткен неміс философтары мен ғалымдар ағылшын тілді елдердің ғылым мен философиясына қосқан үлесі мол. (Осындай өзара әрекеттің нәтижелері, кей кездері, процесс барысында емес, бірнеше уақыт өткен соң көрінеді).
4 Жартылай ассимиляция. Индивид жартылай өз мәдениетін өзге мәдениет ортасы пайдасына құрбан етуі кезінде орын алады. Мысалы, индивид жұмыс кезінде өзге мәдениеттің тәртібі мен заңдылықтарын басшылыққа алады, ал жанұясында өз мәдениетімен өмір сүреді. Бұндай практика кең түрде қолданылады. Эмигранттар көбінесе жартылай ассимиляция тәсілімен өмір сүреді.
«Мәдени лаг» мәдениеттің бір бөлігі тез, ал екінші бір бөлігі баяу өзгеру күйін сипаттайды. Бұл ұғымды ғылымға енгізген американдық әлеуметтанушы У. Озборн болатын. Оның ойынша, адам баласының құндылық әлемі материалды сферадағы өзгерістердің тез қарқынды жүру процесіне ілесе алмайды. Көбінесе, бұдан жас буын өкілдері зардап шегеді. Олардың рухани әлемі материалды жағдай сияқты тез өзгермейді.
Мәдениет динамикасының диалектикасы үздіксіз өткен, болған кезеңнен бүгінге, болашаққа өтуінен тұрады. Өткен күннің жинақталған тәжірибесіне, бұрынғы мәдени тәжірибені анықтауды талап ететін, бүгінгі күннің күнделікті өмір практикасы қарама-қарсы болады.
Өткенннің ескерткіші болып табылатын құндылықтар мен рәміздер жаңа мәдениеттің маңызды факторы болады. Мәдениеттегі инновациялық үрдіс өмір динамикасынан туындайды.
Кей жағдайларда мәдени динамика және әлеуметтік динамика араларында уақыт жағынан ара қашықтық алшақ болады. Қоғамға техникалық, технологиялық жаңалықтар келіп жатса да, халық оған бірден мәдени және әлеуметтік тұрғыдан бейімделе алмады. Жастар қаншалықты компьютерлік, технологиялық және тағы да басқа жаңалықтарды қолданып, пайдаланса да, оның ұнамдылық, өнегелік құндылық мөлшерін қаншалықты екеніне еш мән бермейді. Яғни, ұялы телефоны бар жастар Интернет жүйесі арқылы пайдасы жоқ, дәйексіз, негативті, руханилықтың дағдарысқа ұшырататын ақпараттарға аз уақыт ішінде қол жеткізіп жатады.
Ресейлік мәдениеттану оқулықтары мен сөздіктерінің авторы Кравченко А. И. өз еңбектерінде мәдени лаг туралы мынадай ой-толғаныстарын береді: «Америка Құрама Штаттарында жазу машинасы мен автокөліктің ойлап табылуы және олардың адам баласы өміріне келуі, бірқатар радикалды өзгерулерге негіз болуы тиіс еді. Жазу машинасы канцелярлық жұмыстың сапалы өзгеруіне негіз болуы тиіс болса да, американдық әйелдер қауымы офистарда жұмыс істеуге асықпады. Себебі, сол қоғамда орын алған пікір, – «әйел адам үйде отырып, үй шаруашылығымен айналысуы керек», олардың ер азаматтармен бірге еңбек етуіне кедергі болды. Осындай стереотипті пікірден арылу үшін елу жылдай уақыт керек болды, сонымен елу жылдан кейін, нәтижесінде, мәдени құндылықтар өзгерді, қоғамда хатшының жаңа әлеуметтік ролі пайда болды.
АҚШ-та мәдени өмірдің (түбегейлі деп айтуға келетін) өзгеруіне әсер еткен жағдай – бұл автокөліктің дүниеге келуі. Ер адамдар, әсіресе, жасөспірімдер, автокөлікті өз ғашықтарымен кездесулерді өткізуге болатын «дөңгелектегі диван» деп қабылдады. Жасөспірімдер «сенімді досымен» бірге ата-аналардың және мектеп әкімшіліктерінің бақылауынан кетіп қалып жүрді. Қолданысқа бозбала мен бойжеткеннің арасындағы қарым-қатынастың жаңа түрі енді. Нәтижесінде, некеге тұру уақытын бекітетін, некеге дейін қарым-қатынасты бақылайтын нормалар және осы жағдайлармен байланысты әлеуметтік қатынастар өзгерді» [38, 132-133 бб.]. Әрине, жазу машинасы мен автокөліктің пайда болуы осындай өзгерістердің негізгі және тікелей себебі деп біржақты есептеу дұрыс болмас, бірақ олар мәдени құндылықтардың өзгеруіне әсер еткені еш күмән келтірмейтіні – хақ.
«Мәдени лаг» тек батыс қоғамының жағдайын суреттеп қоймайды, ол біздің қазақ қоғамымыздың жағдайын да бейнелейді. Жас буын өкілдерінің автокөлікке қол жеткізгені, аз да болса да ақша тауып, әке-шеше тәрбиесінен кетуі (үйден кетуі немесе қаржы жағынан еркіндікке қол жеткізуі), американдық, батыстық стилде өмір сүруге талпынуы (талғамсыз еліктеуі) және т.с.с. келеңсіз жағдайлар біздің елдің қоғамында бар дүниелер болып табылады.
Мәдени лаг ұғымымен «мәдени арта қалушылық» ұғымы тығыз байланысты. Мәдени арта қалушылықтың болу себебі мынаған байланысты – материалды емес (рухани) мәдениет даму жағынан материалды мәдениеттің артынан ілесе алмауы. Мысалы, Кеңестік дәуір кезінде, яғни ХХ ғасырдың 80-шы жалдардың соңында дамудың социалистік стратегиясынан капиталистік дамуға бет бұру елге жаңа нарықтық-қаржылық құрылымның қалыптасуына әкелді. Бірақ та дәстүрлер, құндылықты бағыт-бағдары және халықтың көбінің көзқарастары дамудың алдыңғы кезеңіне сәйкес болды.
Мәдениеттің «даму шыңдары», бұл ұғымды мәдениет дамуының бағыттары мен шыңдарын зерттеген американдық мәдениеттанушы А. Кребер (1876-1960) енгізген болатын. Оның тұжырымы бойынша, мәдениеттің бір емес, бірнеше «даму шыңдары» болған. Мысалы, Германия мен Жапонияда – 4, Үндістан мен Қытайда – 2, грек-римдік мәдениетте – бірнеше, ал араб мәдениетінде біреу. А. Кребердің пікірі бойынша, әдетте рухани даму шыңдары экономикалық әл-ауқаттың жақсы болуымен байланысты болмайды.
Мәдениеттің даму шыңдары «мәдени ареалға» байланысты болады. «Мәдени ареал» дегеніміз мәдени ерекшеліктердің ұқсастығымен ерекшелінген айқын анықталған географиялық аймақ. Оның ішінен «мәдени орталық» – мәдени белгілердің ең көп шоғырланған аумағы, сонымен қатар «мәдени шекаралар» – бұл осы мәдениеттің өзге мәдениетпен тоғысқан орны, нәтижесінде өз мәдениетінің белгілерінің орнын көрші ареалдан алынған мәдениет белгілері басады және қабылдау процесі біртіндеп өрши түседі. Мәдениеттің дамуы ішкі инновация мен сыртқы әлемнен қабылдауға негізделеді. Бірақ, бұл екеуі де мәдениетке әр түрлі әсер етуі мүмкін: әлде дамудың қарқындылығын тоқтатады, әлде оны өршіте түседі.
Қазіргі таңда Әлемде болып жатқан сұхбаттық тәжірибенің құрылуын түсіндіру үшін ресейлік ғалым Г. М. Пономарева үш позицияны бөліп қарастырады:

  1. тең дәрежелі диалог;

  2. жалған диалог;

  3. оқшаулану».

Ғалым әрі қарай былай деп жазады – «мәдениеттердің тең құқылы сұхбаты, мәдени-тарихи қалыптасу жолымен ерекшелену, құнды ядро – ХХІ ғасырда мәдениеттердің өзара әрекет етуінің мінсіз моделі осындай болуы тиіс. Сұхбат дегеніміз мәдени айырбастаудың, мәдениеттердің өзара байытудың тәсіл-амалы; географиялық ортаға байланысты немесе саналы түрде сыртқы әлемнен оқшаулану өзіндік сарқылмас байлық, құндылық көзін жоюға апарады, ал мұның аяғы мәдениеттің жоғалуына алып келеді. Ал тең құқылы сұхбат деп бір-бірімен сұхбаттасатын жақтардың тең дәрежелігін есептейді, болмаған жағдайда – күшті жақ жағынан жол берушілік болуы тиіс, өйтпеген жағдайда хаостық, қақтығыстық жағдай қалыптасуы мүмкін». [39, 42 б.].
Мәдени өзара әрекет ету – бұл мәдени «контакт», ол ешқандай әсерсіз, өзгеріссіз болуы мүмкін немесе бір-бірімен мәдени сұхбатқа түскен мәдениеттердің бір жақты әлде екі жақты өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Мәдениеттер сұхбаты кезінде әр ұлттық мәдениет өз өзгешілдігін сақтап қалу мәселесі туындайтыны белгілі – бұл заңдылықты құбылыс. Мұндай құбылыс өзгемен сұхбаттасуға ынта-жігері бар және өз табиғатын жоғалтқысы келмейтін «жаны тірі» мәденитке тән.
Диалектика тұрғысынан дамитын әрбір процесс тәрізді мәдениет феномені тұрақты және дамыйтын (жаңашылдық) белгілерге ие. Мәдениеттің тұрақты белгісі – бұл мәдени дәстүр. Яғни, осы мәдени дәстүр арқылы тарихта адамзат тәжірибелері жиналады және ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Және әрбір жаңа ұрпақ ата-бабалары жинақтап қалдырып кеткен тәжірибелерге өз іс-әрекеттерінде сүйеніп осы тәжірибе, үлгі-өнегелердің, маңыздылығын арттыра түседі.
Дәстүрді қадірлеп ұстанатын қоғамда мәдениетті игеру кезінде осы мәдениеттің үлгілері қайта жаңғыртылады, тіпті, қандай да бір өзгерістерді енгізсе де, тек дәстүр шеңберіне сай қасиеттерді енгізеді.
Дәстүр негізінде мәдениет өз қызметін атқарады. Дәстүрдің маңыздылығы, тіпті, шығармашылық маңыздылығынан да жоғары, сонда, шығармашылық дегеніміз адам баласының өзін мәдениет субъектісі ретінде қалыптастыруы болып табылады, ал мәдениеттің өзі – материалды және идеалды объектілерге толы әрекеттердің дайын және стереотипті бағдарламалар жинағы. Стеоретипті бағдарламалар – бұл салт-дәстүрлер, рәсімдер және т.б. Бағдарламалардағы өзгерістердің өзі өте баяу жүреді. Осылай алғашқы қауымдық қоғамда және дәстүрлі мәдениеттің соңғы кезеңдерінде болады.
Бұндай тұрақты мәдени дәстүр белгілі бір жағдайларда адамдар тобының өмір сүруі үшін қажет. Ал, егер қандай да бір қоғам гипертрофиялық (шамадан тыс жоғарлату) дәстүрліктен бас тартып, мәдениеттің динамикалық түрлерін ары қарай дамытса, онда адамдар мәдени дәстүрлерден мүлдем бас тарта алады деген сөз емес. Ешбір жеке адам, халық және мемлекет мәдениеті дәстүрсіз өмір сүре алмайды.
Мәдени дәстүр тарихи естелік ретінде мәдениеттің өмір сүру шарты ғана емес, сонымен қатар, мәдениеттің дамуына ықпал жасайтын жағдай. Жаңа заман мәдениетін диалектика жолымен теріске немесе жоққа шығара отырып, «ескі» мәдениеттің жақсы деген қасиеттерін сараптап, зерттеп өз бойына сіңіреді. Бұл процесс – қалыпты процесс, яғни мәдениет саласында әрекет ететін және аса маңызды мәнге ие дамудың жалпы заңы болып табылады.
Мәдениеттегі дәстүрлер және мәдени мұраларға деген қарым-қатынас мәдениеттің тек сақталуына ғана емес, сонымен қатар, мәдениеттің ары қарай дамуына да септігін тигізеді, яғни «ескіні» ескере отырып, жаңа мәдениетті шығармашылық әрекет барысында қалыптастыру. Дегенмен, шығармашылық процестің өзі шығармашылық әрекет субъектісі арқылы жүзеге асады. Бірақ, тағы бір айтар жайт – барлық новаторлық (жаңашылдық) дүние мәдениет шығармашылығы емес. Әрбір мәдениет шығармасы ерекшелік немесе өзгешелікпен тығыз байланысты. Әрбір мәдени құндылықтар бір-бірін қайталамайды (көркем шығармалар, әрбір мәдени жаңалық, т.б.). Әлемге мәлім болған мәдени дүниені әр түрлі пішінде шығару – бұл мәдениетті пайымдау нәтижесі емес, керісінше, тарату болып табылады. Бірақ мұның өзі де қажет, өйткені қоғамдағы мәдениеттің қызмет ету процесіне адамдарды әрекет етуге араластырады. Ал мәдениет шығармашылығы адам баласының мәдениетті пайымдау әрекетінің тарихи даму процесінің құрамында міндетті түрде жаңаның болуын талап етеді, сөйтіп, ол инновацияның қайнар көзі болып табылады. Жаңа дүниенің барлығы мәдениет құбылысы емес және мәдени процестің құрамындағы барлық жаңалықтар мәдениеттің гуманистік күштеріне жауап беретін және алдыңғы қатарлы болып табылмайды. Мәдениетте прогрессивті және реакциялық (жауап қайтару) үрдістер бар. Мәдениет дамуы – қарама-қайшылықты процесс, мұнда белгілі бір тарихи кезеңнің әлеуметтік таптық, ұлттық мүдделерінің қарама-қарсылығы көрінеді. Мәдениетте алдыңғы қатарлы және прогрессивті нышанды бекіту үшін күресу керек.
Әрбір ұлт мәдениетінде жалпы адамзаттық ұнамдылық принциптеріне негізделген консервативті дәстүрлер еркін жеке тұлғалық рухани ізденіспен бірлесіп, үйлесімділікті құраса, осы мәдениеттің қайталанбас ерекшеліктері сақталады. Ұлт мәдениеті оқшауланып өмір сүруі тиіс емес, оған сұхбат және жалғастық қажет. Мәдениет сұхбаты көлденеңнен (бұл жерде, яғни бір уақыттық кеңістікте сұхбат, өзара ықпал ету, өзара ену процестері жүреді) де, тігінен (өткен уақыт осы шаққа және болашақ уақытқа тәжірибе, сабақ ретінде қызмет етеді) де жүреді.
Өзгеріс мәдениеттің бөлінбес ерікшелігі болып есептелінеді және оның бойында мәдени құбылыстардың ішкі «трансформациялық» өзгерістер (белгілі бір уақыт аралығында олардың өзгеруі) мен сыртқы өзгерістер (өзара әрекет ету, кеңістікте орын ауыстыру, т.б.) болады. Осыған байланысты мәдениеттің біртіндеп жүретін қозғалыс және бір күйден екінші бір күйге ауысу процестері жүреді.
Сыртқы өзгерістер бар мәдени қалыптардың кеңеюі арқылы және сапасы жағынан жаңарған мәдени қалыптардың пайда болуымен көрінеді. Осы арқылы өзгеріс мәдениетте мәдениет динамикасы «темпте» және «ритмде» көрінетін белсенділік пен баяулау түрінде жүреді.
Мәдени өзгеріс процесс мәдени тәжірибенің әр түрлі элементтері туындайды, бектіледі және таратылады. Бұл элементтердің мәні, ықпалы және дәрежесі көбінесе олардың пайда болу қайнар көздеріне байланысты. Мәдени антропологияда мәдени динамиканың келесі қайнар көздерін атап көрсетуге болады: инновация, мәдени мұраға бет бұру, қабылдап алушылық, мәдени диффузия.
Инновация деп адамдар өміріндегі жағдайларды, ойлау жүйесінің немесе дүниені қабылдаудың жаңа түрін қалыптастыруға бағытталған кейіптердің, рәміздердің, әдеп-ғұрып ережелерінің, іс-әрекеттердің жаңа түрлерін шығару және қалыптастыру процесінің нәтижесін айтуға болады.
Жаңашылдықтың пайда болу себептерінің бірі – белгілі бір жеке адамдардың немесе топтардың басқарушы позицияны алып отырған мәдени құндылықтарды, тиянақтаушы ережелерді, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, әдеп ережелерін қабылдамауы, осының салдарынан өзінің жеке мәдени және әлеуметтік институттарын ішкі рухани әлеміне бейімдеп, қалыптастырады. Ал бұның өзі инновациялар дәстүрлі мәдениеттерде және қазіргі уақыт (модерндік) мәдениеттерінде пайда болады дегенді білдіреді. Бұқаралық деңгейде мәдени инновацияның тудырушылары көп жағдайларда белгілі бір қоғамға гетероген болып табылатын басқа бір әлеуметтік-мәдени ортаның немесе басқа бір мемлекеттің өкілдері болады.
Қандай да бір инновацияның шығу тарихы мәдени шынайлықта немесе тіршілік етіп отырған мәдени әрекетте абыройлы орынға ие бола алмаған қоғамның белгілі бір өкілдері осы новациялардың тасымалдаушылары болып табылады.
Мәдениеттегі инновациялық үрдістің себебі – өндірістік құрал-жабдықтар әр бір-екі жыл сайын өзгеріп отырады. Бұған (яғни, өзгеріске) күш беретін – өндірістің және қоғамның барлық іс-әрекеттерінде ақпараттың кең көлемділігі. Ал өндірістің жаңаруы мен тиімділігінің жоғарлауына адам баласы, оның білімі, тәжірибесі, қабілеті, шығармашылық мүмкіндіктері өз ықпалын тигізеді.
Осыған байланысты қоғамдық ағза тез қарқынды трансформацияға ұшырайды.
Инновациялық пен дәстүрлілік өндіріс, ғылым, техника, мәдениет, экономика, өнер, т.б. дамуында өзарабайланысқан жүйелер болып табылады.
Мәдениеттанудың кең контекстінде дәстүрді қандай да бір дамудың қажетті шарты деп қарастыру қажет. Дәстүрін, өзінің тарихи ескерткішін жоғалтқан қоғам деградацияға ұшырайды. Өйткені ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі және үлкен әлеуметтік ортада маргинализация процесі, сонымен қатар, басқа да деструктивті процестер жүреді. Екінші жағынан, қоғам өзгермей өмір сүре алмайды. Сонымен, жалғастықтың жалпы мәдени принципінде инновациялық пен дәстүрліктің бірлігі әлеуметтік прогрестің маңызды алғышарты болып табылады. Динамикалық түрде өзгеретін бірлікте келесі тізбек қатарына, әдеттегі, қазіргі (қазіргі ғылым, қазіргі техника, қазіргі экономика, қазіргі саясат және т.б.) деп атайтын мәдениеттің элементтері кіреді.
Инновациялық мәдениеттің негізгі мақсаты – ескі (өткен шақ, «классика»), қазіргі (осы шақ, «модерн») және жаңа (болшақ, «футур») арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру және оны сақтау.
Инновациялық қабылдау ескі, қазіргі және жаңадан алатыны тең көлемді болмағандықтан, кей кездері, ескінің бөлінуіне, қазіргінің мобильденуіне және жаңаның экспансиясына түрткі болады. Әрбір ұлт, халық, қоғам, жеке адам мәдениеті өзгешелігін осы үштіктің өзара тәуелділігі қамтамасыз етеді.
Американдық философ және әлеуметтанушы Р. Мертонның пікірі бойынша, «определенная степень отклонения от действующих норм является функциональной (в положительном смысле) для базовых целей всех основных социальных групп. Новаторство, достигшее некоторого критического уровня, может вылиться в формирование новых институциональных моделей поведения, которые окажутся более адаптивными, чем старые. Если инновации прорываются сквозь все фильтрирующие механизмы и получают широкое общественное признание, начинается фаза их распространения» [40, 176 б.]. .
Сонымен, инновациялық мәдениет – бұл инновациялық жүйеде ескі, қазіргі және жаңаның динамикалық бірлігін сақтай отырып, адам баласы іс-әрекетінің әр түрлі салалардағы жаңалықтарды мақсатты дайындықтың, кешенді ендірудің және жан-жақты игерудің білімі, қабілеттілігі және тәжірибесі. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалғастық принципті ұстана отырып, еркін түрде жаңаны тудыру. Адам баласы мәдениет субъектісі ретінде қоршаған әлемді (табиғи, заттық, рухани әлемдерді) және өзін өзгертіп, жаңартып отырады.
Нәтижелей келе, мынадай қорытынды жасауға болады: «инновациялар – бұл әлеуметтік-мәдени өзгерістер үшін қажетті алғышарттарды тудыратын жаңа технологиялар мен жаңа мінез әрекеттерді қалыптастыру механизмі». Қоғамның бейімделуге деген қабілеттілігі, яғни, адам баласына және адамзатқа қиындық туғызатын мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін қабілеттілігі, тарихи тұрғыда аса маңызды рольге ие емес, бірақ та, адам баласы мәдениетінде шынайы өмірді көрсететін, әрекеттерді тасымалдайтын және жаңалықтың элементтерін ендіретін рәсім, ойын процестерінде және тағы да басқа әрекеттерде туындайды. Инновация адам баласының шығармашылыққа деген қабілеттілігіне және осы шығармашылық нәтижелерін қауымдастықтың қабылдап алу немесе бейімдеп алу мүмкіндігіне тәуелді болады.
Кейбір мәдениеттер қоғамның дәстүрлігіне және инновацияның қолдауына ие болады. Индивидтің санасында туындайтын жаңа идеялар қоғамда кең қолданысқа ие болып жатады, ал мұның өзі әлеуметтік-мәдени өзгерістер үшін мүмкіндік туғызады. Тарату, қабылдау немесе қабылдап алмау, модификация процестерінің өзі шығармашылықты-инновативті процестер болып табылады. Дәстүр мен инновация арасындағы ара қатынас адамзат қауымдастығының бейімделу стратегиясының дамуын анықтайтын тарихи жағдайларға және шарттарға байланысты болады.
Сонымен, мәдениет құрамында тұрақты және өзгермелі қасиеттер бар. Мәдениеттің тұрақтылығын және инертілігін қамтамасыз ететін – бұл дәстүр. Дәстүр – бұл ұрпақтан ұрпаққа өзгермей, сол қалпында беріліп отыратын мәдени мұра (идеялар, құндылықтар, әдет-ғұрып, рәсімдер, т.б.) элементтері. Дәстүр мәдениеттің барлық формаларында бар, мысалы, ғылыми дәстүр, діни дәстүр, ұлттық дәстүр, еңбек дәстүрі, ұнамдылық дәстүрі және т.б. Осы дәстүрлердің арқасында жас буын ештеңені де ойлап таппай, адамзат тәжірибесі арқылы қол жеткізген, уақыт илегінен өткен жетістіктерді игеріп, оларды ары қарай позитивті түрде дамытуы қажет.
Дәстүрлер жүйесі қоғамдық организмінің тұтастығын, тұрақтылығын, табандылығын бейнелейді. Ол жүйеге дөрекілікпен араласудың қажеті жоқ, өйтпеген жағдайда бұл жүйенің үйлесімділігін бұзып, мәдениеттің маңызды механизмдерін зақымдайды, сөйтіп, жүйені ауруға ұшыратады.
Мәдениет жаңармай өмір сүре алмайды. Өзгеріс және шығармашылық қоғам дамуының екінші бір жағы болып табылады. Жаңашылдық (инновация) мәдениеттің жаңару тәсілі. Дәстүрлік пен жаңашылдықтың бірлігі әрбір мәдениеттің әмбебапты мінездемесін қамтамасыз етеді.
Қандай да болмасын мәдени диффузия анық болсын я анық емес болсын, әйтеуір, өзіндік ерекшелігі бар орталық пен шеткі аймақтан (периферия) туындайды. Орталық – бұл іштей даму нәтижесінде пайда болған қандай да бір мәдени жетістігі бар қоғам. Периферия (шеткі аймақ) – бұл осындай жетістігі жоқ және ол жетістікті орталықтан алатын қоғам. Ал жеке мәдени элементтер туралы әңгіме болған кезде орталық пен периферия арасындағы айырмашылық салыстырмалы болады. Кей жағдайларда орталық перифериямен орын алмастыруы мүмкін.
Мәдени сұхбат тек ұлттар арасында ғана жүрмейді, ол тіпті жеке адамдар арасында да жүреді. Мәдени сұхбат процесінің нәтижесі позитивті немесе негативті болады, ол әрине қабылдаушы институт құрылымы мен тектілігіне де байланысты.
Қазіргі уақытта Батыс Еуропа және АҚШ-тың мәдениеттері өзге батыстық емес мәдениеттерге деген ықпалы зор болып отыр, оның себебі бірнеше факторларға байланысты:

  • әлеуметтің экономикалық әл-ауқаты айтарлықтай жақсы болуы;

  • адамдар арасындағы либералдылық қарым-қатынастың жақсы дамуы.

Бірқатар Еуропа мемлекеттері және АҚШ индустриалды-өндірістік мемлекеттер болып табылады. Ал басқа батыстық емес мемлекеттер индустриалды-өндірістік мемлекет қатарына жатса да, бұл сала айтарлықтай жақсы дамымаған (Жапон елі мен Оңтүстік Корея елінен басқа), олар шикізатты өндіретін мемлекеттер болып табылады.
Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті – оның тылсымдық сипаты. Жалпы, реципиенттер (ағыл. receipt – қабылдау) үстемдік етуші мәдениеттің құндылықтарын толық жоққа шығарады немесе толық оларды қабылдайды, тіпті болмаған жағдайда, оларды селективтілік (ағыл. selective – таңдау жасау) жолмен қабылдайды.
Мәдени диффузия – стихиялық және ешкім басшылыққа алмайтын мәдени құндылықтарды қабылдау, ол, сонымен қатар, позитивті және негативті аспектілерге ие. Бір жағынан, ол халықтарға бір-бірімен сұхбаттасуға және бір-бірін тануға мүмкіндік береді. Сұхбат пен танымның негізгі қызметтерінің бірі – бұл, халықтар арасындағы алшақтықты жойып, оларды жақындастыру. Екінші жағынан, шектен тыс сұхбаттасу мен қабылдаушылық белсенділігі мәдени өзіндік ерекшеліктерді жойып жіберуі әбден мүмкін. Ал бұл аккультурация және ассимиляция процестерінің нәтижелері болып табылады. Жалпыға бірдей мәдени үлгілердің Әлемге бірдей таралуы, мәдени ықпалдарға деген шекараның ашықтығы және мәдени сұхбаттың кең етек жаюы – осы факторлардың бәрі ғалымдарды қазіргі мәдениеттің жаһандануы туралы мәселені қозғауға мәжбүр етті.
Мәдениаралық процесс кезінде мәдениет бірнеше жолмен таратылады:

  1. Мәдени деңгейдегі қабылдап алушылық (мақсат етіп алынған еліктеушілік), яғни материалды дүниелер, ғылыми ой-тұжырымдар, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, құндылықтар мен өмір сүру жүйелерін қабылдап алу. Осы белгілерді қабылдап алу себептері:

  • реципиент мәдениетіне ұқсас болғандықтан, жергілікті мәдениет өкілдері түсіне алатын, бағалай алатын және пайдалана алатын дүниелер болуы керек;

  • айқын немесе жасырын түрдегі пайданы алып келетін, халық абыройын көтеретін, прогресс баспалдақтарымен жоғары көтерілуге және басқа халықтардан жоғары болуға мүмкіндік беру;

  • белгілі бір этностың ішкі рухани және материалды құндылық қажеттіліктеріне жауап бере алатын дүниелер, яғни этнос құзырындағы (иелігіндегі) фундаментальды мәдени артефакттар мен мәдени жиынтықтар қанағаттандыра алмайтын басқа бір дүниелер.

Таратылымның бұл түрінің – ұйымдастырылған таратылымның (белгілі бір мақсаты бар) мақсаты өзге елдің мәдениет белгілерін немесе ерекшеліктерін саналы түрде қабылдау немесе міндеттеу болып табылады. Ұйымдастырылған таратылым экономикасы дамыған елдердің осы сала тұрғысы жағынан дамушы елдерге көмек жасауы болып табылады. Осы экономикалық көмек арқылы реципиент елдерде демократиялық өзгерістер мен капитализмнің мәдени құндылықтарын игеру процесстері жүзеге асады. Кей жағдайларда таратылымның ұйымдастырылған түрі мәдени құндылықтарды күштеп ендіру процесіне айналады.

  1. Мәдени диффузия (стихиялық таратылым) деп екі қоғамның сұхбаты барысында бірінші қоғамның мәдениет белгілері мен жиынтықтары екінші қоғамда орын алуын айтамыз. (Диффузия ағылшын тілінен (diffusion) аударғанда тарату, көпсөзділік, жайылымды деген мағыналарды береді).

Кейбір жағдайларда, мәдениеттер сұхбаты екі қоғамға ешбір нәтиже бермеуі мүмкін немесе екі қоғам бір-біріне дәйекті де жұмсақ (лоялды) әсер етуі мүмкін, ал мұндай ықпал-әсер болғанның өзінде де бір жақты болады. Диффузия каналдары – миграция (эммиграция және иммиграция), туризм, миссионерлер қызметтері, сауда-саттылым, соғыс, ғылыми конференциялар, сауда көрмелері, жәрмеңкелер, студенттер мен кәсіпқой мамандарды айырбастау процесстері, БАҚ қызметтері және т.с.с.
Стихиялық (мақсатсыз) таратылым – өздігінен қалыптасқан мәдени артефакттар (артефакттар – адам баласы қолымен жасалынған немесе табиғат объектісінен ерекшеленетін заттар), бұл артефакттарды ешкім жоспарламаған, ешкім оларды ұйымдастырмаған және ешкім оларды бағаламайды. Олар этностардың, ұлттардың бір-бірімен сұхбаттасу нәтижесінде пайда болады және олардың уақыт шектеулігі алшақтау болады.

  1. Тәуелсіз ашылыстар. Көбінесе ғылым саласында кездесіп жататын жағдай – бір-бірінен алшақ мемлекеттерде тұрып жатқан ғалымдар белгілі бір ғылым саласынан жаңалықтарды дүниеге әкелетінін біз білеміз. Мысалы, физикада Бойль-Мариотт заңы, Джоуль-Ленц заңы және тағы басқа ғылым салаларындағы сол сияқты заңдар. Ал қазіргі уақытта ақпараттарға алшақ арақашықтыққа қарамастан аз уақыт көлемі ішінде қол жеткізуге болатынын білеміз. Сондықтанда ғылыми жаңалықтарды заң жолмен тарата отырып, өз еңбегін қорғау үшін әр ғалым интеллектуалды иелік туралы заңмен өз иелігіне бекітуі қажет.

Мәдениеттің таратылым жолдары туралы Ресей ғалымы Семенов Ю. И. «Философия истории» (2003) деген еңбегінде мынадай құнды деректер келтіреді: «Мәдениетті зерттей отырып, археологтар қандай да бір мәдениеттің кезінде болмаған территорияда кең таралғанын, яғни мәдениеттің бір кеңістікте өз орынын ауыстырып отырғанын анықтады. Сонымен қатар, археологтар белгілі бір территорияда бір мәдениет орнына екінші бір мәдениет келіп отырғанын байқады, олар мұндай құбылысты ерте мәдениеттің кейінгі мәдениетке трансформациялану немесе эволюция процесімен түсіндіру мүмкін емес деген тұжырымға келді. Нәтижесінде тек бір ғана процеспен түсіндіру мүмкін болды, ол – қандай да бір мәдениеттің тасымалдаушылары – адамдардың миграциясы. Таптық қоғамға дейінгі кезең аралығында көшіп-қону қалыпты жағдай болатын» [40, 87-88 бб.].




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет