ӘЛ ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
Философия кафедрасы
5В020100 «Философия» мамандығына арналған
Ont 1405 «Диалектика және таным теориясы» пәні бойынша
Дәрістер курсы
Философия ғылымдарының докторы Б.М. Аташ
Алматы, 2015
№1 дәріс. Ежелгі замандағы диалектикалық ойлар
Көне Қытайдағы диалетикалық ұстанымдардың бағыттары
Байырғы Үндідегі диалектикалық ұстанымдар
3. Антика дәуіріндегі диалектиканың дамуы
Ежелгі Үнді философиясы – қазіргі Үнді жерінде осыдан 2000 жылдай бұрын басталып, содан бері үздіксіз дамып келе жатырған, философияның бастапқы тарихы деп атуға болатындай және көптеген бағыттар бойынша өркендеген философиялық және діни бағдардағы ой-пікірлер жүйесі. Ежелгі Үнді философиясының қалыптасуы мен дамуын шартты түрде мынадай кезеңдерге бөліп қарастыру көзделген: 1) ведалық кезең (б.э.б. 1500 - б.э.б. 500 жж.); 2) классикалық немесе брахмандық-буддистік кезең (б.э.б 500 – б.э. 1000 жж.); 3) постклассикалық немесе индуистік кезең (1000 жылдан бастап).
Бастапқы ведалық кезең шамамен б.э.б. 1500 жылдары көне Үнді жерінде жазылған «Ведалар» (санскрит тілінде – «білім» деген мағынада) деп аталатын мәтіндер атауымен байланысты айтылған. Ол дінбасы Брахмандардың түсінігі бойынша жоғары күштер жіберген қасиетті кітаптар. Ведалардың негізгі төр түрі бар: 1) Ригведа – гимндер; 2) Самаведа – құрбан шалу әндері; 3) Яджур-веда (нақыл сөздер) 4) Атхарва-веда (жалбарыну әндері). Бұл б.э.б. бұрынғы 10 ғасырлардан бастап, араньяктармен (құбандық шалу туралы жазылған «орман кітаптары») және упанишадалармен (құпия философиялық оқулар) толықтырылды.
Ведаларда әлемнің жаратылуы, құдайлардың әрекеттері туралы нақты мәселелер де қозғалады. Мәселен, Ригведадағы космогониялық гимнде жырланғандай: «бастапқыда қараңғылық қараңғылықпен бүркемеленген, күн мен түннің айырмашылығы болмаған, өлім де, өлімсіздік те жоқ, алғашқы қараңғы бостық негізгі мән болып табылады. ...Нағыз емес жоқ еді, ол кезде нағыз да жоқ еді»,-деген түсініктер немесе: «Кейбіреулер айтады: алдымен мәнсіздік болды, екінші тек жалқы болды. Жоқтан мән пайда болды». «Атхарваведада» болу мен болмау кәсіби философиялық арнада көрсетіледі: «Асат» – Бейболмыс, өмір сүрмейтіндер, «сат» – болмыс, өмір сүретіндер түрінде ажыратылып, басты екі матрица ретінде қарастырылып, олар – адамның рухани даму эволюциясындағы бірінші сатыдан екіншісіне өтудің буындары болып айшықталады. Бұндай даму туралы ілім мен болмыс пен бей»болмыстың қайшылықты түрде қарама-қарсы қойылуы көне үндіклік диалектиалық ойлардың ниетін аңғартады.
Упанишадалар 108 мәтіндерден құралған. Оларды көне упанишадалар (б.э.б 8 – б.э.б. 3 ғғ) және соңғы упанишадалар (б.э. 14-15 ғасырлары) деп екіге бөледі. Көне Упанишадада «Брихадараньяка», «Чхандогья», «Таиттирия», «Айтрея» сияқты ілімдер жинақталған. Упанишадалардың ведалардан айырмашылығы білім жолындағы ішкі ритуалдар, адамды жоғары орынға шығару, үстем шынайылық брахманмен тоғысу т.б. мәселелердің қозғалуы және мынадай нақты сауалдар қоюы: «Біз қайдан пайда болдық, біз қайда өмір сүреміз және қайда кетіп бара жатырмыз, кімнің жарылқауымен біресе азап шегумен, біресе жан рахатымен өмір сүреміз, бұған не себеп болады; уақыт па, табиғат па, қажеттілік пе, кездейсоқтық па?». Упанишаданың орталық түсінігінде – әлемдік жанның табиғаты туралы ілім, брахман (жалпы заңдылық, жалпы рух деген мағынада) мен атманның (жеке адамның ішкі орталығы, дара жаны) бірлігі, азат болудың жолдарын таңдау туралы, жанның көшіп жүруі, аскеттік өмір т.б. мәселелер тұрған.
Джайнизмде жаратылмаған және қиратылмайтын екі мәңгі субстанция қарастырылады: дживы (тірілер, жандар) және аджива (жан емес пен тірі еместер). Оның буддизмнен басты айырмашылығы – онтологиялық болып табылуында, ал брахманизмнен айырмашылы – дуалистік сипатында.
Сонымен қатар аспандық, рухтық, ер адамдық, белсенді бастама болып табылатын – Ян мен оған керісінше; жерлік, енжар, әйелдік бастама болып табылатын – Иньнің өзара әрекеттесуінен бүкіл әлемдік заңдылықтар іске асып, барлық үдерістер жүзеге асып отыратындығы хақындағы мәселелерді толғаған 64 графикалық рәмізден тұратын (гексаграммалар) «Ицзин» атты шығарма болған. Инь мен Янның рәміздік көрінісі – ирек сызықпен бөлінген бір жағы боялған шеңбер, әрбір жақтың ішінде қарсы жақ түсінің элементі бар деп түсінгендіктен, оның ішіне сол жақтың түсімен түстес шағын шеңбер орналастырылған. Оларда табиғаттағы негізгі жағдайлар «бестікпен» шартталады: 5 элемент – металл, ағаш, су, от, жер; 5 табиғи жағдай – ылғал, құрғақ, жылы, суық, жел; 5 адамдық қызмет – мимика, сөйлеу, көру, есту, ойлау; 5 басты аффектілер – қамқорлық, үрей, ашу, қуаныш, нұрлану.
Конфуций қайтыс болғаннан кейін, бұл ілім сегіз мектепке бөлінгенмен, басты екі мектеп әйгілі болды: Мэн-Цзы мен Сюнъ-Цзыдыңбағыттары. Олар кей жағдайда қайшы пікірлерге келіп те отырды, мәселен, Мэн-Цзы адам тумысынан ізгілікті деп тұжырымдаса, Сюн-Цзы адам тумысынан зұлым деп дәйектейді. Сондай-ақ адамсүйгіштік (жэнь), әділеттілік (и), қайырымдылық (ли) білім (чжи) т.б. түсініктерді алға шығарған Мэн-Цзы идеалдылық пен материалдық бастауларды ажыратуға ұмтылды. Сюнь-цзы алғашқы материя циді — инь и ян формаларын біріктіретін бастамалармен байланыстырып; әлем өмір сүреді және тануға болатын өзінің заңдылықтарымен өмір сүреді; аспан – әлемнің белсенді табиғи элементі, ол адамдарды билемейді, керісінше, адамдар оны өзінің ыңғайына қарай пайдаланады; адамның бақытты-бақытсыз, бай-кедей, ауру-сау болуы оның өзіне байланысты деген идеяларын тұжырымдап, логикамен шұғылданып, Хуэй Шиді және Гунсунь Лунаны сынайды.
Пифагоршылдар мектебіндегі сандарға басымдылық беру олардың әрқайсысына мынадай түсіндірмелер беруге дейін алып келді. Мәселен, 1 саны – монадо, нүктеге сәйкес келеді. Ол – құдай, жалғыздық, бірлік т.б., 2 саны – дуада, кесіндіге сәйкес, ол – қарама-қарсылық, жұптық, достық т.б., 3 саны – триада, үшбұрышқа сәйкес, ол – үйлесімділік, достық, келісімділік т.б., бұнда бірлік өзінің шыңына жетеді. Осылай онға дейінгі сандардың түсіндірмелерін берген бұл мектеп, сайып келгенде, бір мен екі саны басты он қарама-қарсы категориялардың негізін құрайтындығын атап көрсетеді: шектілік пен шексіздік, тақ пен жұп, бірлік пен көптік, оң мен сол, ер мен әйелдік, қозғалыссыздық пен қозғалыс, тіке мен қисық, жарық пен қараңғы, ізгілік пен зұлымдық, квадрат пен параллелограм. Осы кестеге барлық заттарды алып келіп саюға болады деп түсінді.
Элей мектебінің келесі беделді өкілдерінің бірі – Зенон (б.э.б. 490-б.э.б. 430 жж.) болмыс мәселесімен айналыса отырып, философия тарихында және дискурстық кеңістікте көпшілікке өзінің «апорияларымен» (қайшылықты, күрделі ой-пікірлер) таныс. Қайшылықты мәселелерді ұсынған, кеңістік пен уақыттың салыстырмалылығын, ондағы қозғалыстың шарттылығын байыптаған ойшыл болмыстың модустары ретінде қарастырылған континуумның субъективті және объективті, абсолютті және салыстырмалы қырларын ашуға ұмтылды. Мәселен, ғылыми көпшілікке танымал болып келетін оның «Ахилесс пен тасбақа», «Жебе», «Қақ Жару» апорияларының мазмұнындағы оқиғаларда: кеңістік, уақыт, қозғалыс тұтасып барып теориялық түрде шындықтан алшақтағандай болады. Мәселен, «Ахиллес пен тасбақа» деп аталатын апориясының мазмұны былайша құрылады: Грек аңыздарынан алынған образдық кейіпкер, өте жүйрік, желаяқ Ахилесс шабан тасбақаны қуып жете алмайтындығының дәйектемесінде, бастапқы қуу үрдісінде Ахилесс тасбақадан кейінірек орналастырылады, бірақ ол тасбақадан он есе тез жүгіре алады. Демек, Ахилесс тасбақаның бастапқы тұрған орнына жеткен уақытта, тасбақа Ахилестің жүріп өткен жолының оннан бірін алға қарай жүріп өтіп, жылжиды, ал Ахилесс осы нүктеге келген мезетте, тасбақа тағы да осы аралықтың жүзден біріндей жол жүріп тастайды, тағы да Ахилесс осы нүктеге жеткен мезетте, тасбақа осы аралықтың мыңнан біріндей жол жүреді, сандардың шексіздігіне орай осы үрдіс мәңгі қайталанып жалғаса береді де, Ахилесс тасбақаны ешқашан қуып жете алмайтындығы дәйектеледі.
«Жебе» деп аталған апорияның негізгі қағидасы «Ұшып бара жатырған жебенің қозғалмай, тыныштықта тұрғандығын» дәйектеу: ұшып бара жатырған жебенің жүріп өткен жолына үңіліп, оның белгілі сәтін бөліп алып, өте шағын, білінбес уақыт мөлшеріндегі күйін ажыратып алсақ, ол тыныштықта тұрады, олай болса, оның бүкіл жүріп өткен жолы осындай қозғалыссыз сәттердің жиынтығынан құралады. Демек, ұшып бара жатырған жебенің жолы осындай тыныштық сәттерден басқа ештеңе де емес болғандықтан, ол қозғалыссыз тыныштықта тұр.
Көне Грекиядағы келесі бір диалектикалық деп аталып жүрген мектептің негізін қалаушы – Гераклит (б.э.б. 544-б.э.б. 483 жж.) әлемді құдай да, адам жаратқан жоқ, ол әрқашан болған, қазір де бар және бола беретін лаулап жанатын, заңды түрде өшетін мәңгі тірі от дей келе, осындай бәріне құдыретті таза ақыл, логос болып саналатын құдайлық алғашқы оттан күрес жолымен көптеген заттар пайда болады деп тұжырымдады. Сонымен қатар бәрі де Бірліктен туады деп есептеді. «Бір өзенге екі қайтара түсе алмайсын», «Бәрі де ағады, бәрі де өзгереді» деген нақыл сөзін ұсына келе, заң ретінде логос үстемдік етеді, Құдай дегеніміз күн мен түн, жаз бен қыс, соғыс пен бейбітшілік; ізгілік дегеніміз зұлымдық, зұлымдық дегеніміз ізгілік, бұлардың барлығында қарама-қарсылық тұтастандырылған, сонымен қатар оларда жасырын үйлесімділік болады, осы жасырын үйлесімділік көрінетін қарама-қарсылыққа қарағанда күштірек, соғыс барлық нәрселердің атасы, біреулерді құдай, біреулерді адам, ал енді біреулерді құл, біреулерді ерікті етеді, даналық барлығын билейтін, бәріне билік жүргізетін ақылды, логосты тану деген сияқты пікірлерін тұжырымдап, этикалық көзқарастарында осы логостан оқшауланбауды негіздеді.
Кратил(б.э.б. 5 ғасырдың екінші жартысы - б.э.б. 4 ғасырдың басы) - Гераклиттің шәкірті және Платонның ұстазы. Диалектиканы қолдай отыра, Гераклиттің «бір өзенге екі рет түсуге болмайды» деген қағидасын «Бір рет те түсуге болмайды» деп толықтырды. Үздіксіз өтіп жатырған нәрселерге қарап, бір нәрсе туралы ешқандай тұжырым жасауға болмайды дейді. Барлық нәрселердің өзінің шынайы атауы бар екендігі туралы идеясын дәйектеп, тіл философиясының мәселелерін қозғады.
Платон (б.э.б. 427-б.э.б. 347 жж.) көне Грек классикалық философиясының көрнекті өкілі, объективті идеалист. Диалектиканы пікірлесу, сұрақ қою, жауап беру өнері деп түсінді, онда қарама-қарсы ұғымдар болатынын білген: жеке мен көп, бүтін мен бөлшек, шексіз бен шекті т.б. Бірақ қарама-қарсылықтың екі жағын «Парменид» сұхбатында 2 бөлек ұғым ретінде көрсетті. Ешкім де жекенің көп екенін, көптің жеке екенін дәлелдей алмайды дейді. Оларды жеке дара өмір сүретін реалдылық деп түсінді.
Аристотельдің қозғалыс пен дамуға қатысты тұжырымдары, танымға байланысты идеяларының қыры – «пайда болу» мен «формализм» конструкциясы жөніндегі ойтолғамдар. Шындығында, «пайда болу» феномені процесс түрінде күрделі: «қайдан, қалай, қашан пайда болды, жоқ нәрсенің қалыптасу актісінің жүзеге асу барысы не нәрселермен құрылады» деген логикалық сауалдар туындайды. Ол пайда болуды қандай-да бір субстраттардан, қайта рәсімделуден (мыстан жасалған мүсін), үстемеленуден (өсіп келе жатырған дене), алынудан (тастан Герместің алынуы), құрастырылудан (тұрғызылған үй) немесе сапалық өзгерістерден туындауы мүмкін екендігін ажыратып алады да, бастаудың біреуі субстрат болса, екіншісі форма деген тұжырымға келеді.
Бұндағы «пайда болу» процесі, ойшылдың түсінігі бойынша, материяның өзгеруіне (динамикасына) және болмыстың жеке элементтерінің өз ішіндегі қайталануына, бір түрден екінші түрге ауысуына негізделген. Демек, болмыстың дара түрлері басқа формаларда да өздерінің «болмыстық» ортақ мүдделерін таниды – болмыстық «бар болуды» бекітеді. Егер болмысты ұлы жазықтық ретінде байыптасақ, «пайда болу» процесі оның ішіндегі жеке қатынастар мен түзілістер ғана болып шығады. «Қайта рәсімделу», «қосымша үстемелену», «алыну», «құралу» сияқты атап көрсетілген әрекеттер материалдық болмыстың шикізаттарының өзара ауысуы. Бұл – мазмұны жөнінен материяның бір түрден екінші түрге өтуі ғана болатын болса, құбылысы бойынша – оны түпкі мәніндегі шын пайда болу немесе жаратылумен байланысады. Аристотельдің пікірінше, аталған процесс екі құралмен іске асады: субстраттық зат пен форманың белсенділігі.
Аристотельдің метафизикалық ілімдеріндегі қозғалыс туралы ілімінде оның негізгі төрт түрі атап көрсетіліп, олар жеке-жеке талданады: 1) ұлғаю мен кішірею; 2) сапалық өзгеріс немесе айналу; 3) пайда болу мен жоғалу; 4) кеңістікте орын ауыстыру түріндегі қозғалыс. Кеңістіктегі қозғалыс – басқа қозғалыс түрлерінің шарты. Мәселен, нәрсе ұлғайғанда басқа бір нәрсе оған жақындап, онымен бірігеді, қалыптасып, ұлғайған нәрсе болып табылады. Дәл осылай нәрсе кішірейеді, яғни, одан бір нәрсе жоғалады, ол оның бүтіндігінің бір бөлшегі, қалыптасып ол басқа нәрсе болып шығады. Сапалық және сандық өзгерістер туралы да осыны айтуға болады. Пайда болу мен жоғалу дәл мағынасында мүмкін емес: «форма» мәңгі пайда бола алмайды, дәл солай «материя» да туындамайды және ешқайда жоғалмайды. Адамдар «пайда болу» мен «жоғалуды» дәл атамайды, тек өзгерістер ғана бар немесе белгілі бір сападан екіншісіне өту. Пайда болу мен жоғалудың шарты кеңістіктегі қозғалыс болып табылады».
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Көне Үндідегі диалектикалық ойларды көрсетіңіз.
Ежелгі Қытайдағы Инь мен Ян диалектикасының мағынасын ашып беріңіз.
Зенон апорияларындағы диалектикалық ұстанымдардың мәнін ұғындырыңыз.
Гераклит диалектикасын сипаттаңыз.
Аристотель іліміндегі даму идеясын сарптаңыз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Әбішев Қ. Философия. А., 2008
7. Қазақ Совет Энциклопедиясы 12 томдық
8. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия
9.Алтаев Ж, А.Қасабек. Философия тарихы. А.,1999 ж.
10. Ақназаров Х.З. Философия тарихынан дәрістер курсы. А., 1992 ж
11. «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. –Алматы: Жазушы, 2006 ж.
12. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
13. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
№2 дәріс. Қайта өрлеу дәуірі мен жаңа замандағы диалектикалық ойлардың эволюциясы
1. Ренессанс кезеңіндегі диалектикалық ұстанымдар
2. Жаңа заман кезеңіндегі даму мен байланыс туралы идеялар
3.Немістің классикалық философиясындағы диалектика
4. Материиалистік диалектиканың маркстік мектебі
Марсилио Фичино (1433-1499 жж.) өзінің бастапқы қызметін Платонның, Плотиннің және Проклдың еңбектерін аударудан бастады. «Платон. Жанның өлмейтіндігі туралы теология» деп аталған еңбегінде Платон идеяларын мистицизммен ұштастырды. Құдай жоғары, шексіз тіршілік иесі, оның әрекетінен бірте-бірте жарату үрдісі арқылы заттар әлемі туады, әлем сатылы құрылады; ең төменгі бөлігінде енжар материя, одан кейін парасатты жан, періштелер мен құдай орналасады. Адамның жаны құдайлық пен материалдықтың аралығында деген идеяларын ұсына отырып, жан барлық болмыстың сатылары, ол кейіннен құдайға оралатындығының арқасында әлемді тануға қабілетті, адам ұлы ғарышты танитын – ықшамғарыш (микрокосмос), осы құдаймен тоғысатын таным адамның басты даңқы деп пайымдайды.
Пика делла Мирандола (1463-1494 жж.) Адам — ықшамғарыш (микрокосмос), ол өзіне жерлікті, хайуандықты және аспандық бастауды біріктіреді, алғашқысы ауадан, судан, жерден және оттан құралса, хайуандық – дене мен адамның қоректенуі, аспандық оның тану қабілеті мен ақылы. Адам хайуанға ұқсай алады, неғұрлым жетілген де бола алады, ол адамның өзіне байланысты: жануарлық деңгейге түсе ме, әлде құдайлық сатыға көтеріле ме? Сондықтан адам шексіз жетілу табиғатына ұмтылуы қажет деп түсіндірді.
Кузандық Николай (Николай Кузанский) (1401-1464 жж.) көне антикалық мұралардағы адам ғарыштың қайталанған шағын үлгісі ықшамғарыш деген идеяға қайта оралды. Адам періштеден басқа барлық тіршілік иелерінен жоғары табиғаттың орталық буыны деген қорытынды жасады. Адамның жоғары теориялық қабілеті болып табылатын ақыл шексіздікті де ойлауға қабілетті және тек қарама-қарсылықтарды ғана емес, бірліктер мен үйлесімділіктерді де көреді деген тұжырым бойынша «қайшылықтар сәйкестігі» деген ілімді дамытады. Ақыл өзінің нәтижелерін соңғы ақиқат деп танымау керек, себебі, ақыл ешқашан аяқталмайтын абсолютке жақындап келе жатырған үрдіс деп түсіндіреді.
Жаңа замандағы көрнекті ойшылдардың бірі – Бэкон (Bacon) Фрэнсис (1561-1626 жж.) – британ философы, тәжірибелі ғылым әдіснамасының негізін қалаушы, жаңа заманғы философиялық ойдың бастаушысы ретінде белгілі және эмпиризм бағытын ұстанушы. Негізгі шығармалары: «Ғылымның беделі мен өсімі», «Жаңа Органон...», «Жаңа Атлантида» т.б.
Ол орта ғасыр схоластикасын сынай отырып, бұл әлемге айтыс пен тартыстан басқа ешнәрсе алып келмегендігін көрсетеді. Оның жеміссіздігінің басты себептері: жаратылыстану саласына айтарлықтай көңіл бөлмегендігі, философияны діннің қызметшісі деңгейіне дейін төмендеткендігі екендігін атап өтіп, ғылыми білімді насихаттауға айтарлықтай үлес қосты.
Спиноза – детерменист. Әрбір заттың пайда болуының, өмір сүруінің, өлуінің әлемдегі, қандайда бір объективті себептері бар. Себеп екі түрлі болады: имманенттік, сыртқы. Имманенттік субстанция үшін, «өз себебі өзінде» болып келсе, сыртқы – механикалық себеп, тіршілік ету сферасы үшін бір текті модустардың өзара қатынасын анықтайды. Ал кездейсоқтық объективті емес, кездейсоқ деп есептелгендер олардың шығу себебін білмегендіктен деген ойларын түйіндейді. Кез келген жеке зат субстанция модусы ретінде қажеттілік, ол оның тіршілік ету, етпеуі кездейсоқтық болады деп тұжырымдайды.
Оның түсінігі бойынша, адам субстанция модусы, физикалық пен психикалықтың нақты бірлігі, яғни, жан мен тәннің тұтастығы. Тән бір уақытта көп әрекеттерге қабілетті болса, жан да бір уақытта көптеген нақты заттарды қабылдай алады. Тән мен жанның осындай бірлігінен, сәйкес келуінен ол дүниетанымның негізін көрді. Сезімдік таным – бұлдыр, үстірт, ақылға көмекші және ақиқат емес, ақыл-ой танымы айқын, дұрыс деп рационалистік ұстанымды қуаттайды.
Канттың идеясында көрсетілгендей, болмыс туындыларының (мәселен, нақты болмыс элементтері) әлдебір потенциалды қордан (запас) шексіз бөліне алатындығы туралы теологиялық-космологиялық ой ниетін бағамдауымызға болады. Кант өзінің онтологиясында көне Үнді дәстүрлері бойынша категорияларды жіктеп, оларды талдап көрсетеді. Категориялар пайымның таза ұғымдары деп оларды 4 классқа бөліп, 12 категорияны түзеді: сан, сапа, қатынастар, модальдылық. Мәселен, модальділік кластың өзін былайша жіктейді: «IV. Модальділік: Проблемалылық/Мүмкіндік – мүмкін еместік; Ассерторикалық/Өмір сүру – өмір сүрмеу; Аподиктикалық/Қажеттілік – Кездейсоқтық»ғ
Канттың танымның «таза» мүмкіндіктерімен байланысы болғандықтан, ондағы әңгіме эмпириялық фономендер туралы емес, трансценденталдық туралы болып отыр. Сондықтан және логика – бұл трансценденталдық логика, ол тиісінше трансценденталдық аналитикадан (таза ақыл канонынан) және трансценденталдық диалектикадан (таза ақылдың квазиорганынан) тұрады. Таза парасат тиісінше эмпирикалық емес, трансценденталдық көзге көрінуді тудырады. Және де тарнсценденталдық диалектика жіне тарнсценденталдық көзге көріну парасатқа жорамалмен тән. «Тиісінше, таза парасаттың, ол қандай да болмасын ақкөңіл адамның білімінің жеткіліксіз болуынан шатаспайтын немесе табиғи түрде қандай да болмасын софист парасатты адамдарды жолдан тайдыру үшін құратындай емес, адамзат парасаттылығына ажыратылмастай тән және оны тіпті оны жалғандығын жария еткендіктен кейін азғыруына тоқтатпайтын және оны қайта-қайта жою қажет болатын аз ғана адасуға үнемі алып келетіндей табиғи және жоққа шығарылмайтын диалектикасы бар, - деп Кант күйіне мәлімдейді [24].
Кант, диалектикалық парасаттан «білгішсініп пайымдаудың» паралогизмдер, анатомиялар және идеялар сияқты үш түрі туындайды – деп атап өтеді. Олардың барлығы олар мүмкін болатын тәжірибенің шегінен шығатын сияқтыларға үміттенетін білімді құрайды. Бірақ бұл трансценденталдық (объективті) көзге көріну мүмкіндігінен көп емес – деп атап өтеді Кант. Мысалы, атақты космологиялық антиномияларда тезис те және антитезис те ақиқат бірдей және қатаң логикалық бірдей дәлелденеді. Бірақ осы ақиқаттар және дәлелденушілік тек көзге көріну мүмкіндігі ғана, себебі, тезис те және антитезис те олар қандай да болмасын ықтимал тәжірибенің шегінен трансценденталдықтан трансценттікке шығуға үміттенуінен ескерместен қалыптастырылады.
Жоғарыда айтылғандардан диалектика жалпы логиканы дұрыс қолданбау салдарынан (канонды органон ретінде пайдалану) ойлау мәдениеті мен тәртібінің болмауы ретінде айқындалуы мүмкін. Трансценденталдық диалектика ойлау мәдениетінің болмауынан пайда болуы емес, себебі ол тәрбие өнімі болып табылмайды. Оны адамзаттың парасат формасында ойлауының бақытсыздығы деп айтуға болады. Ойлаушы адам залым диалектиканың арбауына түсіп қалмауы үшін әрқашан даяр тұруы тиіс. Және де трансценденталдық диалектиканың трансценденталдық логиканың бөлімі ретінде ең алдымен алдын алу функциясы бар. Кант былайша атап өтеді: «диалектика логикада ең алдымен диалектикалық көзгу көріну мүмкіндігінің сынау формасында атап өтіледі»
Гегель идеалистік диалектиканың негізін салушы ретінде, диалектика заңдары мен категорияларын ұсынған. Метафизикалық мәселелерді еркін сараптаған, онтология мен теологияны зерделі байыптаған, космология мен антропологияны өз тұғырнамалық идеялары бойынша бағдарлаған ойшыл философия тарихында дамуды онтологиялық үстем деңгейде тиянақты жүйелеп, оны шешудің жоғарғы және дәйекті ойтолғамдарын ұсынды. Сондықтан оның даму тұжырымдамасы барынша күрделене түсіп, болмыс пен Бейболмыс, болмыс пен Ештеңе мәселелерін өзінің «Логика ғылымы» деп аталатын еңбегінде еркін қамтыды: «Әзірге Ештеңе бар болса, онда бірдеңе туындауы тиіс. Бастау таза ештеңе, бұл өзінен бірдеңе тууы тиіс ештеңе; болмыс болуға бағытталды және бастаудан орын алады. Бастау демек, оны және өзгені қамтиды, яғни, болмыс пен ештеңені, ол – болмыс пен ештеңенің бірлігі, басқаша айтқанда, ол сол сәтте болмыс болып табылатын бейболмыс және осы уақытта бейболмыс болып табылатын болмыс»
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Марсилио Фичино мен Пика делла Мирандоланың адам ықшамғарыш ілімін байланыстар мен жеке мен жалпы байланысы бойынша түсіндіріп беріңіз.
Ф. Бэконның және Б. Спинозаның диалектикалық идеялар түсінгдіріп өтіп, оларды салыстырыңыз.
И. Кант пен Г.Ф. Гегельдің диалектиканың дамуына қосқан үлесін ажыратып беріңіз.
Қайта өрлеу дәуірі мен Жаңа заман кезеңінде диалектикалық ойлардың өрлеуіне баға беріңіз.
Маркстің материалистік диалектикасының мағынасын ұғындырыңыз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
2. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
4.Молдабеков Ж. Ежелгі заман философиясы//Философия тарихы. Жиырма томдық. -Астана: Аударма, 2006.-14-т.-488 б.
5. Веда ілімі. Ригведа, Х, 72//Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық.-Ежелгі Шығыс философиясы.-Алматы: Жазушы, 2005. –1 т.- 560 б.
6.Ғарифолла Есім. Даналықа құштарлық: Философия. Методология. Көрнек өнері.-Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2007. – 522 б.
7.Томпсон М. Восточная философия/Пер. С англ. Ю. Бондарева.-М.: ФАЙР-ПРЕСС, 2001. –384 с
8.Антология Даосской философий. Сост. В.В. Малявин, Б.Б. Виногродский. М.: Товарищество Клышников-Комаров и К. –1994. – 446 с.
9.Гуань-Цзы//Древнекитайская философия/Собр. текстов.: в 2 т. - М.:Мысль, 1973.–Т.2.–384 с.
10.Дьяков А.В. Философия буддизма. Курс лекций. –М.: Орион, 2002.-312 с.
№3 дәріс. Қазақ дүниетанымындағы диалектикалық ой-пікірлер түзілімі
Түркілік кезеңдегі даму мен байланыс туралы пайымдаулар
Қазақтардың рухани өміріндегі диалектикалық ұстанымдар
Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің қалыптасуы
Байырғы түркі халықтарында исламға дейінгі кезеңде, әр түрлі діни сенімдер мен діндер руханияттық-танымдық аймақта қалыптасып, өркендегендігі белгілі. Бұларда басқа діндер сияқты халқымыздың байырғы дәстүрлері мен салттары және дүниеге көзқарас элементтері жинақталған. Тәңіршілдік сеніміндегі басты құдайлардың бірі – Ұмай ана. Аңыз бойынша бастапқы Тәңір екіге бөлінген. Біріншісі – ер адамдық сипатта, көктің құдайы – тәңірдің өзі болса, екіншісі – әйелдік тұрпатты, жердің құдайы – Ұмай ана. Осыдан «Жер-Ана» түсінігі қалыптасқан. Ал қосымша құдайлар, мәселен, Алажол күндізгі жол көрсетуші боса, Қаражол түнгі жол сілтеуші, яғни, екеуі де ізгілік құдайы болып есептеледі. Сонымен қатар жер асты құдайы немесе өлім құдайы Еркілік, кейде Ерлік деп те айтылады, жер асты патшалығында өмір сүріп, өлгендермен қарым-қатынаста болып, олардың жанын шақыртып алушы қызмет атқаратын зұлымдық құдайы.
Көк Тәңірі көбінесе жеке дара адам кейіпті бейнеде елестетілмейді, ол тұтас көкті құрайды, яғни бүкіл аспанмен теңеседі. Осыдан «аспан көк» қасиетті түс ретінде сақталған. «Көкті жұлма» деген тиым салу ғарыштық Көк пен жердегі Көктің үйлесмділігін білдері отырып, осы қастерлеуден туындаған болу керек.
Байырғы Қазақ даласындағы діндердің бірі – Зорастризм. Зорастризм сенімінде басты екі құдай бар. Біріншісі, ізгілік құдайы – Ахура Мазда немесе Ормузд деп аталса, екіншісі, зұлымдық құдайы – Анхра Майнью немесе Ариман. Зұлымдық рухының жағында жалғандық пен ашу ыза болса, ізгілік рухының жағында – шыншылдық, игілікті ой, даналық, билік, денсаулық, мәңгілік сияқты рухтар жинақталған.
Сондай-ақ қазақ халқында әрбір сан өзіндік тылсым мағыналықты, қасиеттілікті білдірген. Бір саны – жалғыздық пен қастерлілік (жапандағы жалғыз терек, бақсының жалғыз мәйіті т.б.), екі саны – жұптық, қарама-қарсылық (жұптасып өрілген арқан), үш саны – әлем құрылымы, кез-келген нәрсенің екі шеті мен ортасы (ертегілердегі үш ұл, теректің: ғарыш, жер беті, жер асты бейнесі т.б.), төрт саны – төрт құбыласы түгел, төртеу түгел болса.., әлемнің төрт бағытын киіз үйдің түндігінің бейнелеуі т.б., бес саны – бес уақыт намаз, бесенеден белгілі, әлемнің төрт бұрышы және ортасы т.б., алты саны – алты алаш, алты бақан, «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал барып сәлем береді» деген мәтел т.б., жеті саны – жеті қазына, жеті қат көк, жеті түрлі тағамнан дайындалған наурыз көже, жетіген аспабы т.б., сегіз саны – сегіз қиыр шартарап, сексен сегіз мың ғалам т.б. болып жалғаса береді де, 40, 41, 90, 99 сандарымен тәмамдалады. Мәселен, ханның қырық уәзірі, «қырық қыз» туралы аңыз, нәрестенің қырқынан шығуы, қырық күндік қаде, қырық бір құмалақ т.б.
Ондағы әрбір нақыл сөз, мақал-мәтелдер де терең философиялық мағыналарды жамайды және қазіргі күнгі рухани туындылардың түп негізі болып саналады. Мәселен, «Қорада қой егіз тапса, далада бір түп жусан артық шығады» деген бүгінгі мақалдың арғы көне түркілік тегі «Қорада лақ туса, ойда от өнер» деп тұжырымдалған. Бұл әлемдік үйлесімділік, дүниенің органикалық бірлігі мен олардың жалпылама байланысы, себеп-салдарлық қатынас, эволюция мен табиғи заңдылықтардың жүйесі туралы терең толғаныстың нәтижесінен туған. Нақтырақ айтқанда, қорадағы туған әрбір төлдің өзінің несібесі бар, ол әлемге қажетсіз емес, қажеттілігінің арқасында ол табиғат анамен қамтамасыз етіледі және ол сол сәтте солай шартталады т.б.
Ал Әзірейілдің әрекеті – екі ұрпақты Домрулдың адамзаттың эволюциялық тұрғыдан, яғни, сандық жағынан сақтап қалуын қамтамасыз еткенмен, әрі қарай көбеюін қамтамасыз ете алмайтындығын, ал әке-шешесінің репродуктивтіліктен айырылғандығын, олардың адам санын, түркі халықтарының санын көбейтуге енді ықпал ете алмайтындығын тұжырымдайтын тұспалды ойды береді.
Қорқыттың өлімнен қашу туралы аңызында – болу мен болмау, өмір мен өлім, мәңгілік пен өткіншілік, материя мен рухтың қайшылығы сияқты мәселелер таразыланады. Қорқыттың өлімнен қашу құбылысы, өлімнің ең түпкі, ақырғы, субстанциялық қайғы екендігін негіздеп, адамзатқа өмірсүйгіштік идеалын паш етеді, болу, бар болу құндылығы мен бақытын әйгілейді, түркі ұрпақтарына өмірдің құндылығын бағалай білуге үйретеді.
Түркілік ренессанстың өрлеу аймағы мен кезеңінің көрнекті ойшылдарының бірі – Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастанында этикалық қағидалар кеңірек және плюралистік таным тұрғысынан зерделенеді, насихаттаудан гөрі таным таразысын кеңейту ұсыналады: өмір салтын таңдап алу үшін екі түрлі ғұмыр кешу дәстүрі салыстырылып барып ұсыналады. Гедонизм бағытына сәйкес көзқарас ұстанатын Өгдүлмиш пен аскетизм қағидаларының практигі, оқшауланған Одғурмыштың салыстырылып барып ұсынылуында да, жалпы өмірдің мағынасы туралы мәселені қозғаудың ниеті жатыр. Одғурмыш: «Дүние сүйікті болғаны үшін бүкіл айыбы, Саған игілік болып көрінеді, ей, елден асқан қымбаттым»,-деп өзінің тақуалық дәстүрінің маңызын ұсынады да, «Өзіңнің дүниені сүйгеніңнің белгісі бұл қанша айыбын (көрсең де), көңілің игілікке санап тұрады»,-деп адам танымындағы алдамшылық пен сенімнің түпнегізінде ақиқат жатырмайтындығын, ол тек дүниеге елігу арқылы өзін-өзі алдау ғана болып табылатындығын пайымдайды және осы жалған дүниенің арғы жағындағы абсолютті ақиқатты түйсіну қажеттігін дәйектейді: «Бұл дүниенің бақыты ізгі емес, Алладан алыстатады, дінді жұтатады». Осы тұста Баласағұнның дүниетанымындағы негізгі ерекшелік ашылады, екі түрлі ізгілікті көзқарас ұстанушы жақтарды пікірталасқа түсіреді және осы екі бағыттың, шындығында да, қайсысын таңдау қажет деген өмірмәнділік сауал тастайды. Аскеттік ғұмыр кешкен Одғурмыш: «Дүние жинау не үшін керек? Қайта тастап кеткен соң, Ей, өлетін (пенде), сен несіне алданасың, Өзің екі күндік қонақ бола отырып» десе, оған қалыпты өмір сүрушінің өкілі Өгдүлмиштің жауабы:
«Дүние халқы мен мемлекеті кентін тастап
(О дүниенің) ауыр жүгін арқалап тауға барып тұрса
Барлық дүние бұзылып, бос қалар еді
Адам баласының баршасы ұрық шашпас еді»
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Түркі қазақ дүниетанымындағы қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі идеясының нышандарын дәйектеңіз.
Түркі қазақ философиясындағы тұспалданған диалектикалық категориялароды көрсетіңіз.
Түркілердің діни сепнімдеріде қарама-қарсы бастамалар қалай көрініс тапқандығын түсіндіріп беріңіз.
Жыраулар поэзиясындағы «жақсы» мен «жаман» диалектикасының мағынасын түсіндіріңіз.
Қазақ философиясында даму мен байланыс идеясы қалай жүзеге асқандығын мысалдар келтіре отырып дәлелдеңіз.
№4 дәріс. Диалектика даму мен байланыс туралы ілім
Диалектиканың баламалары: метафизика, софистика, схоластика т.б.
Даму құбылысы: формалары, түрлері, сипаты және қозғалыс
Әмбебап байланыс және оның түрлері
Онтология тақырыбы бойынша, оның ауқымында қамтылатын – Болмыс, Материя, Даму, Табиғат атты төрт мәселе қарстырылады. Даму бойынша: болмыстың даму заңдылығы ретіндегі диалектиканың негізгі қағидалары, дамудың формалары мен түрлері, диалектиканың үш заңы: қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне өзара ауысу заңы, терістеуді терістеу заңы және категориялар жүйесі сарапталады.
Онтологияның маңызды мәселелерінің бірі даму туралы ілім. Даму болмыстың ішкі заңдылықтарын және өрлеуі мен ондағы құбылыстардың қалпының заңдарын зерделеуге баса көңіл бөледі. Даму туралы ілім философияда диалектика деп аталады. Диалектика - болмыстың, қоғамның және ойлаудың дамуының жалпылама заңдылықтарын зерттейді. Диалектиканың негізгі екі қағидасы бар: 1) Даму; 2) Байланыс.
Әлемде дамымайтын, тұрақты, бір қалыпты құбылыс жоқ болғандықтан, даму жалпыға ортақ қағида ретінде қабылданады. Даму дегеніміз - қарапайымнан күрделіге, төменнен жоғарыға қарай жүріп отыратын, жаңа сапа тудыруға алып келетін қайтымсыз үдеріс. Оны қозғалыспен теңестіруге болмайды; дамудың барлығы қозғалыс арқылы іске асқанмен, қозғалыстың барлығы даму бола алмайды; себебі, қозғалыстың барлығының нәтижесі жаңа сапа тудыруға алып келмейді, мәселен, сағаттың стрелкасының айналуы қозғалыс, нәрестенің өсуі даму болып табылады. Даму жалпыға ортақ және әмбебап, әрі үрдісті болғандықтан, сан алуан формада, әр түрлі көріністерде белгілі болып отырады. Сондықтан дамудың мынадай формаларын көрсету ұсынылған:
- шеңбер бойынша даму: қозғалушы, дамушы жүйе өзінің ең бастапқы қалпына қайтып оралады да, қайтадан келесі кезеңін бастап, ол да бұрынғы нүктесіне оралып, осылай үздіксіз циклды қайталанып отырылады. Мәселен, күн мен түннің ауысуы, адам өмірі, жоғалған өркениеттер т.б. жатқызуға болады. Стоиктер 10 800 жыл сайын әлемдік өрт қайталанып отырады, дүние түбегейлі жойылып, өркениет қайтадан басталады деп түсінсе, пифагорлықтар бұны 760 000 жыл деп есептейді.
- түзу сызық бойынша даму: дамушы жүйе бірқалыпты, үздіксіз, бір жылдамдықпен бірте-бірте жоғарыға қарай жайлап өрлеп отырады. Мәселен, тіршілік иелерінің ұрпақтарының физиологиялық жағынан өсуі;
- секірістер арқылы сатылы даму: бұнда бірқалыпты ілгерілеуші жүйе, әлсін-әлсін күрт жаңа сапаға өтіп, сол сапада біраз тұрақтап, қайтадан секіріс жасап, осы үрдеріс қайталана береді. Мәселен, оқушы мекетепте он бір жыл бойы оқиды, ол оқушы қалпын осыншама уақыт сақтап тұрады, мектепті аяқтағаннан соң, оқу орнына түсіп, жаңа сапаға күрт көтеріледі, студент атанады, студенттік сапасын да оқу аяқталғанша да біраз уақыт сақтап тұрады, оны аяқтай салысымен, тағы да жаңа сапаға күрт көтеріледі, ол жұмысшы маман атанады, осылай секірістерді қайталаумен дамиды.
- шығыршық (спираль) бойынша даму: дамушы жүйе өзінің бұрынғы қалпына қайта оралғанмен, оны сол бұрынғы күйінде емес, жаңа сапада қайталап тұрады. Мәселен, Көне Грек ойшылы Пифагордың ғалам өзіндік үн, музыка шығарады деген түсінігі қазіргі күнде қайтадан зерделеніп, Күн қозғалысынан әуендер бөлінетіндігі дәйектелуде. Немесе, киім үлгілері мен модалар қайтадан бұрынғы дәстүрлерін қайталауға ұмтылады, бірақ сәл өзгерген, жаңарған сапада құрылады т.б.
Дамудың үдемелі (интенсивті) және экстенсивті; эволюциялық және төңкерістік (революциялық); эндогенді және экзогенді т.б. түрлері бар. Үдемелі даму – жеделдетілген, жасанды тәсілдермен қамтамасыз етілген, жетістіктерге тез жетудің жолдары іске асырылған көрініс болса, экстенсивті даму керісінше, табиғи даму мен өрлеу жағдайын сақтайтын бірте-бірте өз заңдылығы бойынша алға қарай жылжып отыру. Мәселен, ғылыми-техникалық прогресс жағдайы итенсивті даму болатын болса, көшпелілердің табиғатпен үйлесімділікте дамуы экстенсивтілік түрге жатқызылады; Эволюциялық даму да осы экстенсивті дамуға сәйкес табиғаттың өз даму заңдылығы бойынша бірте-бірте алға қарай жылжып отыру болса, төңкерістк даму күрт жаңа сапаға көтерілу арқылы бұрынғы жүйені қиратып, жаңа жүйе орнатуға келіп саяды. Мәселен, жаңа заман дәуіріндегі революциялар осының айғағы. Ал эндогенді дамуда жүйенің ішкі түрткілері мен заңдылықтары өз қалпымен іске асып отырады, экзогенді даму сырттан әсер ететін ықпалдар арқылы өзгерістерге жетеді.
Диалектиканың екінші қағидасы – байланыс болып табылады. Әлемде өздігінен оқшау тұрған, ешнәрсеге қатыссыз, байланыссыз құбылыс немесе нәрсе болмайды. Дүниедегінің бәрі де бір-бірімен шым-шытырық байланыста, қарым-қатынаста болып келеді. Байланыс дегеніміз – белгілі бір жүйедегі өзгерістердің келесі бір жүйедегі өзгерістермен қатар жүріп отыратындай қатынасы. Ол себеп-салдарлық, жалпы мен жеке қатынасы т.б. арқылы айқындалады. Байланыс әлемнің жай ғана бірлік емес, органикалық бірлігін басшылыққа алады, демек, бірінсіз бірі өмір сүрмейтін тұтас шартталғандық. Осыдан дүниедегі құбылыстардың жалпылама байланысы қағидасы дәйектеледі. Бұны қазіргі заманғы синергетика ілімі де қуаттайды. Бүгінгі бейсызықтық физикада денелердің байланысы, өзгерісі мен қозғалысының ешқандай әсер болмаған жағдайда да іске асатындығы туралы тұжырым бар. Бұнда қозғалыссыз тұрған дененің жанындағы дене қозғалысқа енген жағдайда және ол тыныштықтағы тұрған денеге ешқандай ықпалдармен, өрістермен әсер етпеген жағдайдың өзінде де, қозғалыссыз дене қозғалушы денеге ілесіп қозғалысқа енетіндігі туралы айтылады. 1965 жылы Джон С. Белл бұны локальді емес эффект ретінде түсіндірді: дененің қозғалысы оқшау қатыссыз тұрған басқа денеге әсер етіп, оны қозғалысқа келтіретіндігі айтылады. Бұл Эйнштейн-Подольский-Розен парадоксымен былайша толықтырылды: таралып кеткен бөлшектердің қалдықтары арасында байланыс сақталады. Сондықтан басқалары қозғалыстағы бөлшектерде не болып жатырғандығын біліп отырады.
Немесе, парапсихологияда да ешқандай қатынас болмаса да, психикаға қашықтықтан әсер ету туралы түсінік бар. Бұлар байланыстардың бұрыннан-ақ шартталған және бүкіл әлем бойынша қамтамасыз етілгендігін көрсетеді. Байланыстар шартты және нақты, тұрақты және тұрақсыз, мәнді және мәнсіз ішкі және сырқы, тікелей және жанама т.б. болып бөлінеді. Шартты байланыстар жалпылама немесе абстрактілі болып келсе, нақты байланыс олардың тығыз қатынастарын және дәйектелетіндігімен айшақталады, ал тұрақты байланыс үнемі сақталып тұратын, қайталанатын қатынастар болса, тұрақсыз түрі – кездейсоқ, үнемі емес немесе бір сәткі болып құрылады; ішкі – тұйықталған жүйенің өз ішіндегі бөліктерінің байланысын қамтыса, сыртқы – екі не одан да көп жүйелер арасындағы қатынастарды құрайды. Мәселен, Ай мен Жердің байланысы Жердің өз ішіндегі байланыстарына қарағанда сыртқы болып келеді. Бұнымен салыстырғанда, экологиялық тепе-теңдік балансы ішкі болып табылады.
Мәнді байланыс қажетті және маңызды өзгерістер мен дамуды туғызатын болса, мәнсіз байланыстар сол жүйе үшін айтарлықтай нәтиже бермейді, тіпті ол байланыс болмаған күннің өзінде де жүйе өзіндік ішкі болмысын сақтап тұра алады. Тікелей байланыс жүйе мен жүйе арасындағы еш кедергісіз және дәнекерсіз бірден қатынас жасуды білдіреді, жанама байланыс олардың арасында қандай-ма бір аралық буындардың болуы, қатысуы арқылы іске асады. Бірақ бұлай бөлудің өзі шартты, себебі, бұл байланыстардың қарама-қарсы түрлері біріне-бірі өтіп отырады.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Диалектиканың даму қағидасының мағынасын түсіндіріп беріңіз.
Дамудың формаларына әлем мен қоғам бойынша мысалдар келтіріңіз.
Дамудың түрлеріне әлем мен қоғам бойынша мысалдар келтіріңіз.
Байланыстың мағынасын ашып, оның түрлерін көрсетіп беріңіз.
Себеп-салдарлық байланыс туралы философяи тарихыдағы ойшылдардың идеяларынан мысалдар келтіріңіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Әбішев Қ. Философия. А., 2008
7. Қазақ Совет Энциклопедиясы 12 томдық
8. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия
9.Алтаев Ж, А.Қасабек. Философия тарихы. А.,1999 ж.
10. Ақназаров Х.З. Философия тарихынан дәрістер курсы. А., 1992 ж
11. «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. –Алматы: Жазушы, 2006 ж.
12. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
13. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
№5 дәріс. Диалектиканың заңдары
Заң мен заңдылық ұғымы
Диалектиканың заңдары
Диалектиканың заңдарының әлем мен қоғамдағы көріністері
Байланыстардың осындай мәнді, қажетті, тұрақты, қайталанып тұратын түрін заң деп атайды. Демек, заңдар кездейсоқ байланыстарды қамтымайды және тұрақты емес, тек арасында ғана болатын қатынастарды мойындамайды. Мәселен, тартылыс заңындағы денелердің тартылысы үнемі, қайталамалы, үздіксіз іске асып отырады. Әрбір ғылымның өзіндік заңдары мен заңдылықтары бар: физикада – тартылыс заңы, Ом заңы т.б.; биологияда – тіршілік үшін күрес заңы, табиғи сұрыпталу т.б. Ендеше, диалектика да өзіндік заңдарды иеленеді. Әзірге оның үш заңы белгілі: 1) қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі заңы; 2) сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне өзара ауысу заңы; 3) терістеуді терістеу заңы.
Қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі заңын таразылау үшін, оның негізгі ұғымдары мен түсініктерін ашып көрсету керек: барабарлық, айырмашылық, қарама-қарсылық, қайшылық және қарама-қарсы жақтар. Барабарлық дегеніміз – объектілердің сапалары мен қасиеттерінің бір-біріне өзара тең, дәл келуі және айырмашылықтардың мүлде болмауы. Бірақ әлемде абсолютті тең, бірін-бірі сол күйінде қайталайтын объект немесе құбылыс болмайды. Бірдей, тең, тура сәйкес, айнымайды деп саналған нәрселердің өзінде де сәл-пәл болса да айырмашылықтар болады, тіпті зауыттан шыққан бірдей шарлардың, өнімдердің өзінді де атомдарының саны жөнінен болса да айырмашылықтар бар. Демек, абсолютті сәйкес объектілер әлемде кездеспейді, тек сол нәрсе немесе құбылыс тек өзіне-өзі ғана тең болып келеді. Ол себебі, басқа емес, тек өзі ғана, бұны бірегейлену (идентификация) деп те атайды. Мәселен, формальді логика бойнша: «А» тең «А»-ға, ол В, С, тіпті «а» да емес. Бірақ бұл ұстаным диалектикалық логика бойынша жоққа шығарылады. Бұл теңдік шартты болып табылады. Мәселен, кез-келген объект сәт сайын өзгеріп, өзінің бұрынғысын терістеп отырады да, дәл бұрынғы қалпындай бола алмайды, осыдан сәйкестік бұзылады. Ал нақ сол сәт уақыт ағымында қандай сәт екендігі анықталмаған, сол сәттің өзі, «сол сәт» екендігін дәйектегенше басқа нәрсеге айналып үлгереді. Мәселен, көне Грек ойшылы Гераклиттің шәкірті, диалектик Кратил айтқандай, «бір өзенге бір рет те түсуге болмадйы, себебі ол түсіп шыққанша ағып кетіп басқа өзенге, басқа қалыпқа айналады» деген тұжырымы осының қарапайым мысалы бола алады. Бұдан айырмашылық түсінігі туындайды.
Айырмашылық дегеніміз – объектілердің дәл, үндес келмейтін жақтарының пайда болуы, сәйкестіктің бұзылуы болып табылады. Салыстырылатын объектілер бойынша сәл-пәл айырмашылық арта түсіп, елеулі айырмашылыққа айналып, сәйкес келетін жатарының мүлде болмауы арқылы қарама-қарсылыққа айналады. Яғни, «сәйкестік – сәйкестіктің бұзылуы – айырмашылық – айырмашылықтың артуы және шегіне жетуі – қарама-қарсылық» тізбегін құрастыруға болады. Әлемде бәрі де қарама-қарсылықтардан құралады: күн мен түн, тақ пен жұп, ер мен әйел, тартылыс пен кері итеруші күш т.б. Осы қарама-қарсылықты құрап тұрған екі шеткі полюстер – «қарама-қарсы жақтар» деп аталады. Қарама-қарсы жақтар тек қана бір-біріне қатыссыз, оқшауланған, әсерсіз емес, олар бірін-бірі жоққа шығарып, ықпалдаса отырып, сырттай «күресті» қамтамасыз етеді. Осыдан қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі туындайды. Бірлігі – бірінсіз-бірінің өмір сүре алмайтындығымен, бірімен бірі салыстырылып барып, қарсы жақ екендігін анықтай алуымен, әсерлесуімен, бірін-бірі толықтыруымен айқындалса, күрес – олардың бірін-бір түпкілікті жоққа шығаратындығымен, барлық ұстанымдары мен қызметтері жөніне мүлде келіспейтіндігімен айғақталады. Мәселен, зұлымдық болмаса, онда ізгілік те болмас еді, себебі, ізгілік дегеннің өзі анықталмай, ол ұғым жойылар еді. Ізгілік ен зұлымдықтың күресі адамзат тарихы қалыптасқаннан бері бірге жасасып келе жатырған және үнемі қайшылықта болатын үдеріс. Демек, олардың күресін қайшылық деп атау жолға қойылған. Қайшылықтар да мәнді және мәнсіз, ішкі және сыртқы т.б. болып бөлінеді.
Сондай-ақ қарама-қарсылықтардың ішкі мәніне үңілу сәтінде оның басты екі түрін ажыратып алуға болады: 1) контрадикторлы – формалық жағынан қайшылықтарды қамтамасыз етеді. Мәселен, «А» мен «А емес». Яғни, контрадикторлы қайшылықтар: Ақ және Ақ емес; күнәлі – күнәсіз; берекетті – бейберкетсіз т.б. 2) контрарлы – формалық жағынан ғана емес, мазмұндық жағынан қарама-қарсылықты құрайды; Мәселен, ақ пен көк түстер. Осы контрарлы қайшылықтың жетілген, шыңына шыққан түрі полярлы контрарлы деп аталады. Мәселен, ақ пен қара. Немесе жоғарыда келтірілген мысал бойынша: күнәлі – пәк, берекеттілік – ұйқы-тұйқылық т.б.
Осы қарама-қарсы жақтардың бірлігі мен күресі арқылы әлемде даму құбылысы іске асып отырады, бұл қайшылықтар болмаса, даму да болмайды деген тұжырым алынады, екі шеткі нүкте де қажетті элемент болып табылады. Бұл дамушы жүйенің бәріне ортақ болғандықтан, әмбебап заңдылыққа айналады да, бұл құбылыс – «қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі заңы» деген атауға ие болады. Себебі, олардың екі жағы да жоғалып кетпейді, бірі басым түсіп жатырса, ол өз ішінен тағы да қарама-қарсылыққа ажырап, үдеріс қайтадан жаңадан құрылып іске асады. Мәселен, кез-келген қоғам дамуында артқа тартушы «консерваторлар» деп аталатын күштер мен алға сүйреуші «реформаторлар» тобы құрылады, осы екеуінің қайшылығынан келісімді аралық жол табылады. Егер консерваторлар жеңіске жетсе, сол артқа тартушылардың өзі мүлде артқа тартушылар және жаңаны қабылдауға сәл де болса ұмтылушы «келісімді консерваторлар» болып тағы да екіге айрылады.
Мәселен, халқымыздың көркемдік дүниетанымындағы бейнелеу өнеріндегі қол өнер бұйымы, әрі тұрмыс-шаруашылық заты болып саналатын – ала арқан әлемдегі барлық ізгілік пен зұлымдық, күн ме түн сияқты қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресінің жалпы рәміздік көрінісін береді. Ала арқанның болмысын нақтылай түссек; екі қатысушы жақтар (ақ пен қара) көлемі, қызметі т.б. сапалары жөнінен өзара тең келеді, ешқайсысы жойылып кетпейді, қатыстырылмай қалмайды, кезектесіп келіп отарады, екі бунақ оқшау емес, бір-бірімен тығыз өрілген, байланыста және бірігіп, тұтасып та кетпейді т.б. құбылыстар арқылы осы заңдылыққа толықтай сәйкес келетіндігін байыптай аламыз.
Екінші сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне өзара ауысу заңының негізгі ұғымдары: сан, сапа, мөлшер, өлшем шекарасы т.б. Сан дегеніміз – бірей объектілердің шамасын белгілеуге арналған және оларды анық ажырататын өлшем. Сондай-ақ кез-келген нәрселердің өзіндік қасиеттері болады, бірақ ол бір ғана қасиетке ие емес, бірнеше қасиетке ие болады. Осы бірнеше қасиеттер тұтаса келе, сол объектінің сапасын құрайды. Яғни, сапа дегеніміз – объектінің қасиеттерінің функционалдық бірлігі. Мәселен, судың мөлдір, түссіз, иіссіз, дәмсіз т.б. химиялық және физикалық т.б. жеке-жеке қасиеттерінің бірлігі оның сапасын анықтайды. Санның өзгерістері мен сапаның өзгерістері бір-біріне тәуелді, байланысты болып келеді, демек, санның өзгеруі жаңа сапаны туғызады және керісінше сапаның өзгеруі сандық қатынастардың өзгеруіне сөзсіз алып келеді. Мәселен, су шексіз минустан 0 градусқа дейін мұз күйінде, ал температурасын арттырсақ, 0 мен 100 градус аралығында су күйінде, одан да арттыра түссек, 100 градустан жоғары жағдайда бу күйіне айналып, сапасын түрлендіреді. Бірақ санның кез-келген немесе болмашы өзгерісі міндетті түрде күрт жаңа сапаға алып келмейді, сандық өзгерістер белгілі бір мөлшерден шыққан уақытта, сандық шегіне жеткен сәтте ғана жаңа сапа туғызады. Осыған орай, мөлшер және өлшем шекарасы ұғымдары ашылады. Мөлшер – сол сапаны сақтап тұратын сандық ауытқудың амплитудасы болса, осы амплитуданың шегінен шығып, басқа сапаға ауысу сәтінде сандық нүкте өлшем шекарасы деп аталады. Мәселен, жоғарыдағы келтірілген мысал бойынша, 0 мен 100 градус аралығы мөлшер деп аталса, 0, 100 градустық нүктелер өлшем шекарасы деген атауға ие.
Бұндай сандық өзгерістер сөзсіз жаңа сапаға алып келетін болғандықтан және бұл бүкіл әлемнің даму заңдылығына ортақ, бәрін қамтитын әмбебап екендіктен арнайы түрде «сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне ауысу заңы» деп аталады.
Диалектиканың үшінші заңы – терістеуді терістеу заңы (бекерлеуді бекерлеу заңы) болып табылады. Бұның негізгі ұғымдары: ескі, жаңа, терістеу т.б. Ескі дегеніміз – өзінің өмір сүру мүмкіндіктерін әбден сарыққан, жойылуға тиісті, жаңаға орын беретін, жаңаның ықпалы тарапынан жоққа шығарылатын құрылым болса, жаңа дегеніміз – өзінің қорларын енді ғана ашып келе жатырған, өскелең, өміршең, ескінің орнын алмастыратын құбылыс. Барлық дамушы жүйе өзінің бұрынғы қалпын жоққа шығара отырып, басқа, тың қалыпқа енеді, осыдан ескінің орнын үнемі жаңаның ауыстырып отыратындығы туралы заңдылық туындайды. Себебі, өткен терістелмесе, жоққа шығарылмаса, жаңа қалыптаспаса, әлі дайын емес болса, ескі өзінің мүмкіндіктерін әбден сарқып тауысқан қалпында сақтала берсе, даму жүзеге аспайды. Бірақ жаңа, ескі деген атаулардың өзі шартты, ескі өз кезегінде, бір кездерде жаңа болған болса, жаңаның өзі уақыт өте келе ескіге айналады және басқа жаңаға кезек береді, сөйтіп, ескі мен жаңаның алмасуы шексіз қайталана береді. Бұл құбылыс та бүткіл әлемге, қоғамға ортақ, дамушы жүйенің барлығы бастан кешіретін болғандықтан, әмбебап сипат алғандықтан заң деңгейіне дейін көтеріліп, терістеуді терістеу заңы деп аталады. Бірақ терістеу ескіні мүлде жоққа шығарып, оны дамудың тарихынан алып тастау, түбегейлі түрде қирату емес, сол ескінің тиімді, пайдалы, өміршең жақтарын сақтап қалып жаңаның құрамына енгізумен жүргізіледі. Мәселен, қағазға жазылған ақпараттар қазір ескіге айналып отыр, оның орнын болашақта виртуальдік ақпараттар басады, бұдан газет-журнал, кітап т.б. мүлде қажетсіз, оны жою керек деген ұғым тумайды, ол да өзінің қажетті аймақтарында, жаңаға ықпал ету, оған ақпараттық дәстүрлерін беру мақсатында жалғаса береді, кейбір тиімді жақтары сақталады.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне өзара ауысу заңының негізгі ұғымдарына талдаулар жасаңыз.
Қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі заңын түсіндіріп беріңіз.
Терістеуді терістеу заңының негізгі мәнін ашып беріңіз.
Диалектиканың заңдарының әрқайсысынан әлем мен қоғамдық өміроден бірнеше мысалдар келтіре отырып дәйектеңіз.
Байланыстан Заңның қалай туындап шығатын ұғындырыңыз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Әбішев Қ. Философия. А., 2008
7. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А.,2008
8. Нысанбаев Ә, Т. Әбжанов. Қысқаша философия тарихы.А.,1999ж.
9.Ғарифолла Есім. Даналықа құштарлық: Философия. Методология. Көрнек өнері.-Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2007. – 522 б.
10.Асмус В. Ф. Античная философия (История философии)/ В.Ф. Асмус– М.: Высш. шк., 2003.- Изд. 3.- 400 с.
11.Антология мировой философии: Античность. – Минск; М.: Харвест; ООО ACT, 2001. –960 с.
12.Платон. Соч. В 3 т. Пер с древнегреч./Под общ. Ред. А.Ф. Лосева, В.Ф. Асмуса. – М.: Мысль, 1971. – Т.3. Ч.1. - 687 с.
13.Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. Аристотель философиясы.-Алматы: Жазушы, 2005.- 3 т.- 568 б.
№6 дәріс. Диалектиканың категориялары
1.Категория туралы түсінік
2. Диалектиканың категориялары
3. Диалектиканың категорияларының әлем мен қоғам дамуындағы көріністері
Диалектиканың заңдарымен қатар категориялар жүйесі де бар. Категория әлем дамуы заңдылықтарын айқындайтын неғұрлым жалпы ұғымдар. Әрбір ғылымның өзіндік категориялар жүйесі бар: физикада – үдеу, масса, шама; биологияда – түр, фотосинтез т.б. Сондықтан диалектикада да категориялар жүйесі жұптық мәнде, бір-біріне қарама-қарсы қойылу арқылы және тұтастық арқылы таразыланады: мән мен құбылыс, мазмұн мен форма, себеп пен салдар, қажеттілік пен кездейсоқтық, мүмкіндік пен шындық т.б.
Мән – кез-келген құбылыстың ішкі жағдайындағы өзіндік болмысын анықтайтын сапалылығы мен қызметтерінің бірлігінің негізгі мазмұны болып табылса, құбылыс – мәннің айқындалу, көріну формасы. Мән ішкі, құбылыс қашанда сыртқы. Құбылыс мәннің іске асуының нақты тұрпаттары және оның қалай іске асатындығының куәсі. Ал мән осы құбылыстың басты мазмұнын қамтитын, түпкі және негізгі мағынасын ашып береді. Мән мен құбылыс диалектикалық бірлікте болады, екеуінің байланысы бір-біріне шартталған немесе екеуі бір нәрсенің екі жағы болып та көрінеді. Құбылыс мәнге қарағанда біршама еркін, ал мән барынша шектеулі және тұрақты болады. Мәселен, дененің қозғалыс арқылы белгілі бір межеге жетуі оның ішкі мәні болса, оның қалай жеткендігі құбылыс. Сондықтан құбылыс тек ішкі мәннен ауытқымаса болды, қалай іске асса да мәннің мазмұнын қайталап тұруға ерік берілгендіктен, ол әр түрлі жағдайларда іске аса беруге мүмкіндік алады. Мәселен, оқудың мәні – білім алу, оны іске асыратын әрекеттер құбылыс. Қазіргі қашықтықтан оқыту кезінде құбылыс барынша еркін және бұрынғы құбылыстан ауытқиды, бірақ негізгі білім алу мәнінен ауытқымайды.
Мазмұн мен форма мән мен құбылыс емес, бірақ ішкі мағына арқылы анықталатындықтан мазмұн мәнге және сыртқы арқылы көрінетіндіктен форма құбылысқа байланысты. Форма мазмұнның көріну тәсілі, мазмұнның сыртқа шығарылған түрі және қалпы болып табылса, мазмұн форманың негізгі ішкі мағынасы, нәрсенің немесе құбылыстың мәні, қызметтері сияқты сапаларды жинақтайды. Форма мазмұнға қарағанда біршама еркін, бірақ өзінің негізгі мазмұнынан ауытқымауы тиіс, қаншама түрленсе де, сол бастапқы өзі көздеген мазмұнды ашып тұруы тиіс. Форма көптүрлі, ал мазмұн біреу болуы мүмкін, осы көп, түрленген форма, бәрібір бір ғана мазмұнды анықтап тұрады. Мәселен, сағаттың әр түрлі формасы болуы мүмкін; қол сағат, жар сағаты, ұялы телефон сағаты және көлемі де сан алуан болып жасала бергенмен, әр түрлі формада құрылғанмен, бір ғана мазмұнды білдіреді. Ол – уақытты анықтау.
Бірақ форманың еркіндігіне шектен тыс басымдылық беруге болмайды, егер формаға тым еркіндік берсе және аса зор көңіл аударылса, ол мазмұннан ажырап кетуі мүмкін, негізгі қызметінен айрылып қалуы ықтимал. Бұны формализм деп атайды. Ол үшін мазмұн мен форманың бір-біріне сәйкестігі, үйлесімділігі қажет. Бұл үйлесімділік эстетиканың басты ұғымдарының бірі. Форманы онтологиялық мағынада талдау Аристотель мен әл-Фарабидің, орта ғасыр ойшылдарының ілімдерінде анық байқалады. Бұнда форма сол қандай-ма болмасын нәрсеге сыртқы келбет беріп қана қоймайды, оның не екендігі туралы тұтас болмысын анықтайды. Аристотельде формалардың формасы, ең түпкі форма – құдай болып табылады деген тұжырым айтылады.
Себеп пен салдар бірімен-бірі тығыз байланысты, құбылыстардың жүріп отыру кезегі бойынша анықталатын және үнемі кезектесіп келетін үдерістер. Себеп салдардың шығуының, пайда болуының, іске асуының негізгі қозғаушы күші ретінде белгілі болғандықтан, ол салдардан бұрын болып табылады, сәйкесінше, салдар себептен кейін іске асады. Бірақ салдар себепке, себеп салдарға айналған уақытта екеуінің орны алмасады. Себеп өзінен кейінгі құбылыс үшін себеп қалпында болса, өзінен бұрынғы құбылыста салдар болып шығады. Себеп пен салдардың тізбектеліп келуі салдардың да, өзінен кейінгі құбылыста себепке айналуына алып келеді. Себепті шартпен немесе сылтаумен шатастыруға болмайды. Шарт салдардан да, себептен де бұрын және салдардың іске асуының жалпы жағдайын қамтамасыз етіп тұрады, тек бір ғана салдар емес, бірнеше салдарға да шарт бола алғандықтан, бәрінің жалпы жағдайы болып табылса, алғышарт себептің тууына берілген мүмкіндік. Ал сылтау салдардың себебін бүркемелеп тұрады және ол себеп сияқты болып көрінгенмен, бәрібір себеп бола алмайды. Сылтау жалған себеп немесе салдардың түрткісі болып келуі де ықтимал.
Әлемде ешқандай құбылыстың себепсіз іске аспайтындығын және оның объективтілігін ұсынатын бағыт детерминизм деп аталса, керісінше, себеп-салдарлық қатынастың объективті еместігін байыптайтын көзқарас – индетерминизм деп аталады. Мәселен, Б. Спиноза себеп-салдарлық қатынасқа аса мән беріп, себептер бірінен-соң бірі тізбектеліп келетін болғандықтан, ең түпкі себеп болуы тиіс, бұл тізбек аяқталуы керек деген түсінік бойынша, оны өз себебі өзіндегі, түпкі себеп, оның арғы жағында себеп болмайтын нәрсе – субстанция деп пайымдайды да, онтологиялық деңгейге дейін таразылап, түпкі себепті құдайландырып жібереді. Немесе, Д. Юм, Дж. Беркли сияқты субъективті идеалистер себеп-салдарлық қатынастың субъективтілігін, біздің түсініктеріміз бойынша ғана құрылатындығын негіздеп, біздің бір құбылыстан соң, екінші құбылысты күту дағдымыз бойынша іске асып отырған құбылыстар себеп-салдар сияқты болып көрінеді дейді.
Себеп-салдарлық қатынастың онтологиялық мәселелерін каузальділік немесе каузальдік қағида қарастырады. Бұнда – әрбір құбылыс өзіндік себебін иеленеді және ол сол уақытта басқа нәрсенің себебі болып тұрады, себепсіз ешнәрсе де жүзеге аспайды, себеп пен салдар өткеннен осы шаққа дейін өзіндік тізбек құрайды және болашақта жоғалады т.б. Ал этиология себептердің шығу тегі мен мәнін зерделейтін арнайы сала ретінде қалыптасқан ілім.
Қажеттілік пен кездейсоқтық диалектиканың маңызды категорияларының бірі. Қажеттілік табиғи дамудың өзіндік ішкі түрткілері арқылы заңды іске асқан және солай болуы тиіс құбылыстарды қамтыса, кездейсоқтық сол құбылыстың қажеттіліксіз, күтпеген жерден, кенеттен жүзеге асуының сипатын білдіреді. Бірақ қажеттілік пен кездейсоқты ажыратаудың өзі шартты, кездейсоқтық түпкі мәнінде қажеттілік болып шығуы ықтимал немесе қажеттіліктің өзі кездейсоқ іске асуы мүмкін. Мәселен, егіс алқабындағы егіншілер үшін кздейсоқ жаңбыр, табиғаттың ішкі қажеттіліктерінен пайда болған болуы ықтимал. Сондықтан қажеттілік белгілі бір парадигмада, жағдайда, құбылыстардың өзінің мағынасын ашудың уақыт келген сәтте болатын және іске аспай қоймайтын құбылыс болса, кездейсоқтық іске асуы тиіс емес, бірақ кенеттен іске асып кеткен, қажетті құбылысты уақытша алмастыруы мүмкін құбылыс.
Осыған орай, кездейсоқтықты онтологиялық тұрғыдан қарастыратын және әлемдегі барлық құбылыстардың кездейсоқ жүзеге асатындығын негіздейтін ілім – каузальділік деп аталады. Ешнәрсе де қажеттіліктен пайда болмайды, кездейсоқтық үстемдік етеді деген қағиданы басшылыққа алады.
Мүмкіндік пен шындық. Мүмкіндік шындықтың іске асуының алғышарты және қажетті жағдайы болып табылса, шындық іске асқан мүмкіндік, сол мүмкіндіктің туындысы болып табылады. Сондықтан мүмкіндік бастапқы, шындық соңғы болып келеді. Мүмкіндік сол күйінде әлі шындық емес, іске асқаннан кейін жоғалады да, шындыққа орын береді, сәйкесінше, шындық мүмкіндік болған жерде әлі іске аспаған, шындық қалпын қабылдамаған күйде ғана болады, демек, мүмкіндік пен шындық қатар, бір сәтте сақталып тұрмайды, ол не мүмкіндік қалпында қалады, немесе шындыққа өтіп кетіп, мүмкіндік қалпынан мүлде айрылады. Мүмкіндік бірнешеу, себебі, бір шындықтың бірнеше мүмкіндіктері болуы ықтимал, бірақ солардың ішінен тек өміршеңдігі, іске асу мүмкіндігі жоғарысы, шындыққа неғұрлым жақын келетіндігі ғана жүзеге асады да, қалған бәсекелесуші мүмкіндіктер жойылады. Мәселен, «Күн бұлттанды – Жаңбыр жауды». Күннің бұлттануы жаңбырдың жауу мүмкіндігін туғызып тұр. Егер күн бұлттанған күнде де жаңбыр жаумайтын болса, Күннің бұлттануы жаңбырдың жауу және жаумау мүмкіндіктерін қатар ұсынған болады. Мәселен, жаңбыр жаууы тиіс болатын, бірақ жаумай қалды. Яғни, жаңбырдың жауу мүмкіндігінен гөрі жаумау мүмкіндігі басым болған, жаумауы шындыққа неғұрлым жақынырақ болғаны.
Мүмкіндіктер нақты және абстрактілі, реалды және ирреалды болып бөлінеді. Бұндағы ирреалды және абстрактілі мүмкіндіктер іске асу қабілеті төмен, тым қашық мүмкіндіктер, шындыққа айналуына әлі толық жағдай қалыптаспаған, тіпті оларды мүмкін емес деп те айтуға болады. Ал реалды, нақты мүмкіндіктер іске асуы тиіс, қажеттілік жағдайлардан туындаған іске аспай қоймайтын мүмкіндік деп те айтуға болатын шарттар. Мәселен, Айдың жерге құлауы – ирреалды, абстрактілі мүмкіндік болса, құламауы – нақты, реалды мүмкіндік. Бірақ бұлай бөлудің өзі шартты. Себебі, әлемде жалпы алғанда, мүмкін емес нәрсе болмайды, бәрі де мүмкін. Мәселен, бүгінгі таңдағы аномальді құбылыстар, паранормальді үдерістер осының айғағы, бір қарағанда олар мүлде мүмкін емес, бірақ іске асқандықтан абстрактілі мүмкіндіктен, реалды мүмкіндікке, одан шындыққа айналып отыр. Керісінше, реалды іске асуы тиіс мүмкіндік кейде шындыққа айналмай қалады да, абстрактілі мүмкіндікке өтеді.
Бүтін мен бөлшек те диалектиканың басты категорияларының бірі. Бүтін өзінің құрамындағы бөлшектердің тұтастығын білдіретін жалпылама атау немесе тұтастандырып тұрған нақтылы құбылыс болса, бөлшек бүтінді құраушы және оның бүтін болуын белгілі бір деңгейде сақтап тұрушы элементі. Бүтін біріңғай бөлшектердің қосындысынан, бірлігінен, ұйымдасуынан, құралуынан тұрады. Ал бөлшек бүтінді құрауға міндетті түрде қатынасатын және басқа да бөлшектер арқылы бірігіп барып, бүтінді туғызатын жақ. Бүтін бөлшектен үлкен, бүтін бөлшектердің қосындысына тең. Осы тұрғыдан алғанда, бүтін: механикалық, органикалық, химиялық болып бөлінеді. Механикалық бүтін құрамындағы элементтер біріңғай, бірдей сапада және бүтін үшін айтарлықтай ерекше өзіндік қызмет атқармайтын, біреуі немесе екеуі, яғни, азғантай бөлігінен айрылса да өзіндік бүтіндігін сақтап тұратын, бөлшектері бірімен-бірі қатаң байланыспайтын, бірін-бірі аса қажетсінбейтін тұтастық. Бұнда аса маңызды орталық болмайды және бәрінің бүтін құраушылық қызметтері бірдей болып келеді. Яғни, тек механикалық тұрғыдан біріккен біртектес нәрселердің тобы болып табылады. Мәселен, бір қап бидай, адамның шашы т.б. Ал органикалық бүтіндегі бөлшектердің әрқайсысының өзіндік тағайындалған бүтін құраушылық қызметі бар және әрбір бөлшек бір-бірімен тығыз байланыс орнатқан, ондағы бір бөлшектің жойылуы бүтіннің тұтастығын бұзады. Мысалы, тіршілік иелерінің ағзасы, ондағы бөлшектер сол ағазаның тұтастығын құрағандықтан, оның бір мүшесінің қатыспауы ағзаның тұтастығын бұзады, дегенмен, оның бөлшектері әр түрлі қызмет атқаратындықтан маңыздылық деңгейлері де әр түрлі болып келеді. Химиялық бүтінде әрбір бөлшектің өзіндік маңызды қызметі болады және ол маңыздылық бүтін үшін бірдей деңгейде, тіпті бүтіннің бүтін екендігіне бөлшектің әрбіреуі «жауап береді». Сонымен қатар бөлшектердің сапасы мен сол қатысып тұрған бөлшектің саны бүтінді құрауда аса мыңызды болып келеді. Мысалы, су – сутегінің екі атомы мен оттегінің бір атомынан құралады, тек оттегі немесе тек қана сутегі суды құрамайды немесе сутегінің бір атомы мен оттегінің бір атомы да су болып табылмайды.
Философия тарихында бүтін мен бөлік жөнінде парадокстар көп қамтылған. Мәселен, механикалық бүтіннен оның бір бөлшегін алып ктсе, ол бүтінге зиянын тигізе ме, ал екеуін алып тастаса ше, тіпті үшеуін т.б. Ал егер бәрін алып тастаса, бүтін өзінің бүтіндігінен айрылады, екеуін қалдырса ше? Осы сәтте бүтін қай кезде өзінің бүтіндігінен айрылады деген сауал туындайды. Немесе танымдық парадокс былайша құрылады: егер бүтін туралы білім бүтіннен бұрын бөлшектерді танитын мәліметтер болса, бүтінді бөлшектен бұрын қалай тануға болады? т.б.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Мән мен құбылыс категорияларын ұғындырыңыз.
Мазмұн мен форманың арақатынасын түсіндіріп беріңіз.
Себеп пен салдар диалектикасын ашып көрсетіңіз.
Қажеттілік пен кездейсоқтықтың арабайланысын түсіндіріңіз.
Мүмкіндік пен шындықты туралы өмірден мысалдар келтіре отырып дәйектеңіз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Әбішев Қ. Философия. А., 2008
7. «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. –Алматы: Жазушы, 2006 ж.
8. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
9. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
10.Григорий Нисский. Об устроении человека./Перевод, послесл. и примеч. В. М. Лурье. –СПб: Axioma, 2000.-220 c.
11.Августин. О бессмертие души// Блаженный Августин. – М.: ООО АСТ, 2004.-511 с.
12.Ансельм Кентерберийский (Аударған Н. Байтенова)//Әлемдік филсофиялық мұра. Жиырма томдық. Ортағасырлық діни философия.-Алматы: Жазушы, 2005.- 5.т.- 560 б.
13.Фома Аквинский//Антология мировой философии. В 4 т.–М.: Мысль, 1969.- Т.1. –936 с. 14.Антология философии Средних веков и эпохи Возрождения / Сост. С.В. Перевезенцев. — М.: ОЛМА-ПРЕСС, 2001. — 448 с.
№7 дәріс. Диалектиканың әдіснамалық қырлары
Диалектика таным әдісі ретінде
Диалектикалық логика ілімінің дамуы
Диалектиканың әдіснамалық қырларын жоққа шығаратын көзқарастар
Методологиялық білімнің көпдеңгейлі тұжырымдамасына сәйкес, әдістерді былайша ажыратады: философиялық әдістер, жалпы әдістер, жеке әдістер, жеке ғылыми әдістер.
1. Философиялық әдістер: диалектикалық, метафизикалық, аналитикалық, интуитивтік, феноменологиялық, герменевтикалық т.б. Олар абстракциялау деңгейінде әмбебап сипат алады. Олар математикаландыруға, формальдандыруға келмейді, логика мен тәжірибенің қатан терминдері аясына сыйғыздырылмайды. Олар жалпы реттеушілікті тудырады,түп стратегиясын айқындап береді, нақты соңғы нәтижені анықтамайды. Мысал ретінде, нақты көрсететін карта емес, жалпы бағдарды айқындайтын компас қызметінде сияқты болып тұрады.
Диалектикалық қағиданың жалпы әдістері мыналар:
— Объективтілік. Айғақтар мен олардың тұтастығынан, практикадан туындауды талап етеді.
— Жан жақтылық. Шындық құбылыстардың байланысын бейнелей келе, нәрсені жан жақты, тұтастай, көп қырлар бойынша қарастыруды талап етеді.
— Нақтылық. Орын, уақыт сияқты басқа да нақты жағдайларды есепке алып отыруды талап ететін қағида.
— Тарихилық. Нәрсенің өзгеруі мен дамуын басшылыққа алып қарастыруды көздейді.
— Қарама қайшылық қағидасы даму мен өзгерудегі қарама қарсылықтарды және олардың бірлігін тұтас қарастыруды негізге алады.
Кейінгі кезде диалектиканың қағидаларын тұтасымен жоққа шығаратын, оның нақты мәселелерді шешуге келгенде дәрменсіздігін ұсынатын, шындыққа көп жағдайда сәйкес келмейтіндігін атап көрсететін, категориялар мен заңдар сол дүниенің бейнесі емес, субъективті сипат алатындығын ұсынатын көзқарастар мен ағымдар бар.
Сонымен қатар диалектиканы жетілдіріп, оны әдіснама ретінде құптай отыра, арнайы логикаға, ойлау үдерісіне айналдыратын диалектикалық логика саласы да қалыптасқан. Бұны Қазақстандық философтар өткен ғасырдың 70 жылдары қолға алып, біраз нәтижелерге қол жеткізіп, қазақстанның диалектикалық логика мектебі ретінде дүниежүзінің көптеген елдеріне танымал болды.
Гегель кесімді түрде былай деп мәлімдейді: «Біз диалектика деп жоғары қозғалысты ақылды айтамыз, онда сөзсіз бөлек болып көрінетін (сәттер) (осы жағдайда әңгіме тұрмыс және ешбір зат туралы болып отыр - Автор) бір-біріне өзінің әсеріне, олардың мән болуынан өтеді және болжам ( олардың бөлек болуы турлы) алынып тасталады» (35). Тиісінше түпнұсқа диалектика бұл ақылдың, теріс және оң парасаттың бірлігі және өзара кірігуі. Осы үш бірлікті Гегель алыпсатарлық деп атайды. Алыпсатарлық ойлау және диалектикалық ойлау – бұлар синонимдер.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Тарихилық пен нақтылықтың, тарихилық пен логикалықтың арақатынасын дәйектеңіз.
Диалектикалық логиканың негізгі қағидаларын көрсетіңіз.
Диалектиканы қолдану арқылы қойылған мәселелерді шешу мен шешілмеу жолдарын дәйектеңіз.
Диалектиканы жоққа шығарушы көзқарастарды келтіріңіз.
Диалектикалық логиканы негіздеуші отандық ғалымдардың идеялар келтіріңіз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
7. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А.,2008
8. Нысанбаев Ә, Т. Әбжанов. Қысқаша философия тарихы.А.,1999ж.
9.Николай Кузанский// Соч. в 2 т. Перевод/общ ред. и вступит. статья З.А. Тажуризиной.-М.: Мысль, 1979.- Т.1. – 448 с.
10.Джордано Бруно// О причиненачале и едином. Пер. с итальянского и пред. М.А. Дынника. М.: ОГИЗ, 1934.-230 с.
№8-9 дәріс. Философия тарихындағы таным теориясы туралы көзқарастардың эволюциясы
Ежелгі дәуірдегі дүниені тану туралы идеялар
Орта ғасырдағы теософия мен қайта өрлеу дәуіріндегі пантеизм
Жаңа заман мен немістің классикалық философиясындағы гносеология
ХХ ғасырдағы эпистемология мен гносеология
Протагор (б.э.б 480 - б.э.б. 410 жж) көрнекті софистердің бірі ретінде теологиялық, антропологиялық мәселелермен шұғылданды. Негізгі шығармалары: «Ақиқат», «Бастапқы жағдай туралы», «Құдайлар туралы» т.б. Математиктердің абстракцияларға сүйенетіндігі және сезімдік тәжірибемен қайшылыққа келетіндігі үшін олармен тартысқа түсті, шәкірттеріне сөздерді дұрыс қолдануды қатаң сақтауды үйретті, «Құдайлар туралы» деген еңбегі: «Құдайлар туралы мен олардың бар, немесе жоқ екендігін біле алмаймын, себебі, маған бұндай білімге көп нәрсе кедерге болып отыр — мәселе күңгірттеу және адам өмірі де қысқа»,-деп басталады.
Протагордың: «Адам барлық заттардың өлшемі, өмір сүретіндер үшін өмір сүретіндердің, өмір сүрмейтіндер үшін өмір сүрмейтіндердің» деген нақыл сөзінде өмір сүрмейтіндік жоққа шығарылмайды, бірақ ол жөнінде толығырақ та ашылмайды. Адам санасының ең басты анықтайтыны және алғытанымы – «өмір сүретіндік» пен «өмір сүрмейтіндік», яғни, «бар» мен «жоқ» екендігі түсінікті. Демек, адам санасының танымдық аппаратының ең басты және түпкі парадигмасы бар мен жоқты анық ажыратады. «Болмайтындық» пен «өмір сүрмейтіндік» сана үшін түпкілікті айнымайтын, абсолютті ақиқат. Гносеологиядағы: «адам дүниені тани ала ма, тани алмай ма, қалай таниды?» деген сияқты барлық ағымдардан тыс болып табылатын бұл канонда – тек «бар» мен «жоқ» қана айтылады.
Горгий (шамамен бэ.б. 480 — шамамен б.э.б. 380 жж.) Эмпедоклдің шәкірті. Басқа софистерден өзгешелігі шәкірттерді даналық пен қайырымдылыққа үйретпеу керек, шешендік өнерге баулу керек, себебі, бәріне ортақ қайрымдылық тіптен болмайды. Дәл, айқын білім деген болмайды, тіпті адам өзінің бұрынғы өткенін де еске түсіруде қиындықтарға ұшырайды. Сондықтан адамдар неғұрлым шындыққа жақын білімдермен қанағаттануы тиіс. Элей мектебінің өкілдерімен тартысқа түскен Горгийдің негізге шығармасы: «Табиғат туралы немесе өмір сүрмейтіндер туралы» еңбегі.
Бұл шығармасындағы Горгийдің негізгі үш тезисінің алғашқысы «әлемде ештеңе де өмір сүрмейді» деп басталғанмен, екіншісі «бір нәрселердің өмір сүруі мүмкін болса, оны тану мүмкін еместігімен» жалғасын табады. Бұнда болу мен болмаудың диалектикалық конструкциясын жасауға ұмтылыс байқалады. Яғни, «ештеңе де өмір сүрмейді – бір нәрсе өмір сүруі мүмкін» болып құрылған диалектикалық дилемманың мәні: егер «бір нәрселер өмір сүруі мүмкін» болса, онда «еш нәрсе де өмір сүрмеуі мүмкін», бірақ осы тұстағы «еш нәрсенің өмір сүрмеуі мүмкін» екендігі – «еш нәрсе өмір сүрмейді» деген нақты тұжырымға алып келмейді. Бұлар тек мәтінге қатысты, (контекстік) мазмұны жағынан ғана жақын. Сәйкесінше, «бір нәрселердің өмір сүруі де, сүрмеуі де мүмкін» деп ұсынылған бастапқы түпнұсқалық жоба – «болмыстың болуы да, болмауы да мүмкін» деген тұжырымды білдіреді.
Горгийдің жобасының нәтижесі үшінші тезиспен аяқталады: «танылған күнде де ол айтылмайды, айғақталмайды». Яғни, «Еш нәрсенің өмір сүрмейтіндігі» туралы тұжырым «бір нәрселердің өмір сүретіндігі» туралы идеяны тікелей тудырмайды, сондықтан мүлде екі жазықтықтағы параметр: «өмір сүрмейтіндік» және «өмір сүруі мүмкіндердің бар болуының» логикасы тек қана софизмденген пікірлерді аша түседі. Демек, Горгий өзінің софизмін ұсынуда негізгі сипат «өмір сүрмейтіндікті» басты құрал ретінде пайдаланады. Сонымен қатар, софистикаға әуестенген ол, кей сәттерде «өмір сүрмейтіндік» хақында бір нәрсе айтудың өзі мәнсіз екендігін ұсынып, бұл мәселені философиялық дискурстан шығарып, аяқтауға тырысады, «өмір сүрмейтіндіктің» болмайтындығын дәйектемеуге де болады. Осы динамикалық ой: «өмір сүрмейтіндік – бір нәрселердің өмір сүретіндігі – бірақ олардың танылмайтындығы – танылса да, көз жеткізілмейтіндігі» болып (төрт сатымен) тізбектеледі.
Платон (б.э.б. 427-б.э.б. 347 жж.) Ол өзінің таным теориясында тұтас әлемді: шын дүние, жалған дүние деп 2 ге бөлді. Шын дүние – идеялар дүниесі. Себебі олар мәңгі өмір сүреді, өзгермейді. Жалған дүние – материалды дүние. Себебі ол өзгермелі: минералдар, өсімдіктер, адамдар, адамдар заттары т.б. Жалған дүние шын дүниенің жай ғана көшірмесі болып табылады. Мысалы, картинадағы ағаш көшірмеден алынған көшірме. Идеялық дүние материалдық дүниенің өмір сүруіне себепші. Ал сезімдік заттар болмыс пен болмыс еместіктің арасындағы әлдене. Идея – білім объектісі, ал абстрактілі ойлау сезімдік қабылдаудан тыс абсолютті. Жан мәңгі өмір сүретін нәрсе деп, оны өзінің «еске алу» теориясымен дәйектеді: адамның жаны оның тәніне енгенге дейін, яғни, адам нәресте ретінде дүниеге келгенше, ол өз алдына дербес өмір сүреді, тәнге енген соң (адам дүниеге келген сәттен) ол өзінің бұрынғы көріп-білгендерін есіне түсіреді, адамның өмірі жанның бұрынғысын есіне түсіруі болып табылады, ал сезімдік қабылдаулар еске алуға түрткі деп тұжырымдайды.
АристотельСтагирит (б.э.б 384 - б.э.б 322 жж.)Танылатын объекті білімнен бұрын болады, танылмайтын заттар мен құбылыстар өмір сүруін тоқтатса онда білім де болмайды. Бірақ олар өзінің болмысын сақтайды. Танымның алғашқы көзі – түйсік, түйсік адамды сыртқы әсерлердің қоздыруынан пайда болады: дәм, көру, есту т.б. Бұған қосымша елестету мен ұғымды ұсынады. Адам қателігі абстрактілі ойлаудан болуы мүмкін. Логиканы ойлаудың заңдары мен формалары ретінде қарастырды. Ол формальды логиканы негіздеуші: ұғым, пікір, ой қорытындысы.
Феофраст білімнің әр саласында: логика мен математика, физика мен астрономия, биология мен медицина, психология мен этика ж.т.б қызмет етті: өсімдіктер тарихы жөнінде, өсімдіктер себебі жөнінде, от жөнінде, этикалық мінездер, метафизика, физика мәселелері туралы ой толғайды. Гносеологиядағы эмпиристік бағытты дамытып, рационалистік түсініктерді қолдамады. Тәжірибе – білімнің көзі мен бастауы, ғылыми теориялар эмпирикалық негізге сүйенуі керек. Ғылым тарихында байқау әдісін ұсынды.
Филодем(б.э.б. шамамен 110 - б.э.б. 40 жж.) эпикурейзмді жүйелеуші, өзінен бұрынғы эпикуршылдардың ілімін кейінгіге жеткізуші. Негізгі шығармалары: «Индуктивті ой қорытындысы туралы», поэзияны рахаттанудың көзі ретінде ақтайтын – «Поэтикалық өнер туралы», әрбір нәрсенің болмай қоймайтын соңын күтуде байсалдылық танытуға шақыратын - «Өлім туралы» т.б.
Көне Грекиядағы эллинизм дәуірінде қалыптасқан философиялық бағыттардың бірі – скептицизм. «Скептика» - күдікпен қарау деген мағынаны білдіретін сөзден шыққан, яғни, адамның дүниені толықтай танып-білуіне күдік келтіретін философиялық бағыт ретінде ғылым тарихына және кейіннен қоғамдық санаға енген түсінік.
Оның антика дәуіріндегі көрнекті өкілдері: Пиррон мен Тимон, Платонның орта Академиясының өкілі: Аркесилай мен жаңа Академия шәкірті Карнеад, Энесидем (б.э.б. 1 ғ.), Агрипп, Секст Эмпирик т.б.
Пиррон (б.э.б 360 - б.э.б. 270 жж.) шеткі скептицизмнің негізін салушы. Ол ешнәрсе жазбаған, ойларын шәкірттеріне әңгімелесу түрінде жеткізген. Бақытты болу үшін мынандай үш сұраққа жауап беру керек екендігін ұсынған: 1) бізді қоршап тұрған не? 2) біз олармен қалай қатынас жасаумыз керек? 3) Бұдан кейін не болу керек?
Біз әлемнің не екендігін және қандай заттардан екендігін білмейміз, әлемде бәрі салыстырмалы, бірдей және бірдей емес, тұрақты, тұрақты емес, басқаша айтқанда, олар танылмайтын нәрселер. Сондықтан атараксияға білімнен бас тартып жету керек деп түсіндірді. Жалпы алғанда, дүниені тану мүмкіндігін жоққа шығара отырып, дана адам құдайлардың қолында болады деп, ол табиғат құбылыстарын түсіндіруге ұмтылмады. Мәселен, кез-келген тұжырымға қарсы тұжырым айтуға болады, бірақ олардың ешқайсысы да өзгелерден гөрі ақиқаттырақ болып табылмайды деп ой түйіндесе, Тимон (б.э.б.320 - б.э.б.230 жж) философтардың бәрін жек көріп, олардың әрқайсысына тоқталып, мін тауып, мүлде жоққа шығаруға тырысты.
Энесидем мен Агрипптің скептицизмі Пиррон мен Тимонның скептицизміне қарағанда дамыған түрде болды.
Энесидем(б.э.б.1ғ. өмір сүрген) Пирронның ізін қуушы, скептиктердің философиялық мектебін қайта өркендетуші, бірақ кейіннен скептицизмнен алшақтай түсті. Негізгі шығармалары: бізге жетпеген – «Пирронға кіріспе», қысқаша үзінділері ғана сақталған – «Пирронның сұхбаттары» т.б. Энесидем себептілік туралы оны әрекет арқылы білеміз, әрекетті оны өткізген себеп арқылы білеміз деп тұйыққа тірелді.
Энесидемнің скептикалық он тәсілі (троп) белгілі: 1) Тіршілік иелерінің әр түрлі болып, әлемді әр түрлі қабылдайтындығы, бір түс, иіс адамға басқа, өзге хайуандарға басқа болып қабылданады, сондықтан адамдар шынайы заттардың қандай екенін білмейді, тек өз елестетулерін ұсынады, әрі адам ең жоғарғы жетілген сезуші емес, себебі, адамнан басқа нәзік сезім мүшелерін иемденгендер бар (иттер); 2) Адамдардың физикалық қабілеттерінің әр түрлілігіне байланысты болатын қателіктер; 3) Адамдағы көп сезім мүшелерінің әр түрлі нәтижелеріне байланысты. Мысалы, алма – көзге сары, қолға – тегіс, естуге – үнсіз ж.т.б. шындығында, ол қандай; 4) Бір сезім мүшесінің әр түрлі нәтижесіне байланысты: аш адамға тағам иісі – жағымды, тоқ адамға – жағымсыз; 5) Кеңістік пен орынға байланысты, от – түнде жарық, өткір, ал күндіз – айқын емес; 6) Заттар оқшауланып қабылданбайды, қабылдауда оған субъекті араласады; 7) Заттар құрылымы мен өзара қатынастарына байланысты: су – әр түрлі көлемде, әр түрлі түсте, мәселен, көп мөлшерде – көк түсті, ал аз мөлшерде мөлдір, ақ; кейбір заттардың аз мөлшері пайдалы, ал көп пайдалану зиян, мәселен, улы заттар; 8) Бәрі бір нәрсемен қатысты, оны таза күйінде тани алмаймыз; 9) Заттардың үнемі және сирек кездесетіндігіне байланысты, мыс, алтын көп болса, тас сияқты болып, құнсызданар еді; 10) Әр елдегі әр түрлі заңдылықтар, дәстүрлер, сенімдердің әр түрлі болуына байланысты болатын қателіктер.
Ал Агрипп осындай үрдісті қолдана отырып, бұларға бірнеше қосымшалар енгізген болатын.
Жалпы көпшілікке ортақ пікір бойынша, орта ғасырлық философияның өзі екіге бөлінеді: 1) патристика (2-8 ғғ.); 2) схоластика (9-15 ғғ.). Патристика кезеңінің өзі үшке бөлінеді: ерте патристика (2-3 ғғ.), толысқан патристика (4-5 ғғ.), соңғы патристика (5-8 ғғ). Схоластика да шартты түрде екіге бөлінеді: 1) ерте схоластика (11-12 ғғ.). 2) толысқан немесе соңғы схоластика (13-14 ғғ.). Бұл схоластика орта ғасырдан кейін де жаңа заманға дейін неосхоластика немесе «екінші схоластика» деп аталып жалғасын тапты: 1) контрреформация (15-16 ғғ); 2) католиктік реставрация (18-19 ғғ); 3) неотомизм (20 ғ).
Патристика антикалық философияның аяқталуынан және гностиктермен, басқа да еретиктермен идеялық күрес нәтижесінде қалыптасты. Бірінші сатыда апологеттердің ықпалы күшті болды. Бұндағы негізгі тұлғалардың бірі – Ориген христиандық дін негізінде тұтас философия жасауға талпынды. Патристиканың бұл кезеңдегі өрлеу барысы каппадокикалық үйірмемен байланысты: Василий Великий, Григорий Богослов, Григорий Нисский т.б. Бұл ақыр соңында Дамаскиннің идеяларымен қорытындыланды. Патристикалық онтология абсолютті болмыс ретіндегі құдай идеясының айналасына тоаптастырылды. Патристика пұтқа табынушылық политеизмді, гностикалық дуализмді жоққа шығара отырп, жалпы алғанда, монотеизмді қорғайды да, креационизм арқылы стоиктердің және неоплатоншылдықтың пантеизміне қарсы қойылады. Бұл дәуірдегі басты ерекшелік – философиялық ойдың теоцентристік сипаты. Яғни, тео-құдай, центр-орталық деген мағына болып табылатын болса, құдайды басты түсінікке шығара отырып, идеяларды негіздеу, бүкіл рухани мәдениеттің өзегіне айналдыру алаңы белең алды.
Бұл дәуірде құдайдың қасиеттері мен белгілерін позитивті білім бойынша дәйектеуді негізге алатын, жарату құбылысын тану арқылы жаратушыны тануды жолға қоятын «болмыс аналогиясы» қағидасын басшылыққа алатын – «катафатикалық теологиямен» қатар, құдай абсолют ретінде атрибуттарды иеленбейді және оған анықтама берілмейді, сапалылық пен болмыстың сыртында болады деген – «апофатикалық теология» қалыпасты.
Ғарыш жаратудың нәтижесі, сондықтан жаратушыдан төмен тұрады, материя жаратылған және жаратушы арқылы игеріледі деген бағдар ұстанылды. Патристикада әлем құдайдың игілікті жаратуынан және мақсатқа ұмтылатын кемелділік болып саналады. Космологиясындағы басты идея телеологизмге келіп саяды, ол – әлемдегі заттардың үйлесімділігі мен өзара қатынастылығы, ғарыштың қатаң иерархияға құрылғандығы, әлемді эстетикалық тұрғыдан ақтау т.б. идеялармен қамтамасыз етіледі.
Ариандықтар мен афанасьефшілдердің тартысы 4 ғасырда ақыры ариандықтардың жеңілісімен аяқталды, Феодосий құрған Никеоконстантинопольдік шіркеуінде бұл әке-құдай мен бала-құдайдың бір мәнді екендігін негіздеумен дәйектелді. Дегенмен, бұдан 100 шақты жыл өткен соң патриарх Несторий өзінің несториандық шіркеуін құрып, екі құдай өзара бірмәнді болғанмен, Христос бастапқыда адам болып жаратылды, демек, оның анасы құдайды дүниеге әкелуші емес, адамды алып келуші, құтқарушы мессиясын ол кейіннен әулие рухты иемденгеннен кейін ғана иеленді деді. Бірақ бұл шіркеу де 431 жылы Эфесте күнәлі деп табылды.
Константинопольдік Евтихий христологиялық мәселені тағы көтеріп, Христосқа тек бір ғана табиғат тән, ол – құдайлық, ал адамдық табиғаты жай ғана алдамшы көрініс деп, бұл көзқарас теологияда монофизитшілдік деп аталды. Бірақ Халкидон соборында 451 жылы бұл да қараланды. Монофизитшілдік Армения мен Египет шіркеулерінде сақталып, монофелиттік формада көрінді. Яғни, Христосқа екі табиғат тән: құдайлық және адамдық, бірақ бір ғана ерік бар деп түсіндірді. Монофелитшілдік 680-681 жылдары алтыншы соборда қараланды.
5-8 ғасырлардағы патристика кезеңінде: Кассиодор, Исидор Севильский, Боэций т.б. өзіндік діни идеяларымен тәнті болды. Бұл кезеңдегі неоплатоншылдық пен христиандықты біріктіруге ұмтылу идеологиялық білімдердің моделін туғызып қана қойған жоқ, кейіннен түсіндірмелі-энциклопедиялық білімнің қалыптасуына алып келді.
5 ғасырларда «Ареопагитиктер» деп аталатын бағыт пайда болды. Бұл авторы әлі күнге дейін белгісіз болып келген (кей деректерде Жалған Дионисий) христиандық теологиялық мазмұндағы шығармалардың «Ареопагитиктер» деп аталатын жинағын ашу мен түсіндірушілердің тобынан құралды да, апофатикалық теология мен христиандық мистиканы негізге алды. Апофатикалық теология (терістеуші деген мағынада) – құдайдың абсолютті трансценденттілігін (бұл жерде тылсым, танылмайтын деген мағынада) дәлелдеу үшін оған қатысты барлық түсініктерді, ұғымдарды және оның қасиеттерін бірте-бірте жоққа шығаруға ұмтылуды ұсыну. Ол позитивті біліммен анықталмайды, айтылмайды, оны тек нұрлану-ашылу арқылы ғана тануға болады, сондықтан барлық тіркелген эмпирикалық атрибуттарды (оған таңылған қасиеттерді) алып тастау керек деген бағдарды ұстанды. Осыған орай, барлық әлемнен тыс болып табылатын, болмыстың арғы жағындағы құдайтаным «құпия құдай туралы ілім» парадигмасын туғызды. Ол бірте-бірте мистикалық формаға ауысты.
«Ареопагитиктер» мынадай трактаттарды біріктіреді: «Құдайлық атаулар туралы», «Аспандық сатылар туралы», «Құпия құдай туралы ілім» мен басқа да он шақты жолдау хаттар т.б.
Бұл бағыттың көрнекті өкілдері: Максим, Иоанн Дамаскин (675-753 жж.) (бұны 6 ғасырда өмір сүрген, платон академиясының соңғы өкілі Дамаскиймен шатастырмау керек) т.б. Мәселен, Дамаскиннің философияны «теологияның қызметшісі» деп берген бағасы философия тарихында еленетін тұжырым ретінде сақталып отыр. Оны схоластиканың шынайы бастауы деп те түсіндіретін көзқарастар бар.
Патристиканың негізінде 9 ғасырларда схоластиканың негізі қалана бастады. Бұнда жоғары парасатты заттарды тануда парасатты білімдер қажеттігін түйсінді. Бірақ бұл орта ғасырлық рационализм мистикамен ұштастырылып, өзіндік эмпиризммен тиянақталды. Көп жағдайда бұл кезеңнің философтары өз идеяларын дәйектеуде аристотельдік формальді логикаға сүйенді.
Схоластикадағы көрнекті өкілдердің бірі – Иоанна Скотт Эриугена болғанмен, ол схоласт-еретик ретінде де танымал. Негізгі еңбектері: «Табиғаттың бөлінуі туралы», «Құдайлық тағайындалу туралы» т.б. Бұл туындыларында ол пантеизмге қарай жақындай түсті. Құдай абсолютті тұлға болып танылмады. Абстрактілі мағынасында Құдайлық тұрғы төрт түрлі аспектіде қарастырылды: жарататын және жаратылмаған; жарататын және жаратылған; жаратылған және жаратпайтын; жаратпайтын және жаратылмаған. Құдай алғашқы болмыс, ал зұлымдық бейболмыс деп тұжырымдаған Эригуена құдай зұлымдықты алып жүрмейді, оны адамдарға қарай тағайындамайды, бостандықпен тағайындалған адам зұлымдық пен ізгілік аралығында өзінің таңдауын жасайды деген пікірлерді тұжырымдайды.
Бұл кезеңдегі философияның негізгі бағдарлары мынадай ойшылдардың тұжырымдары арқылы өрбіді. 11 ғасырдағы ірі схоластардың бірі - Ансельм Кентерберийский «Екінші Августин» деген атақ алған. Келісімді реализм ұстанымында болып, құдайдың бар екендігін онтологиялық жолмен дәлелдейді. Схоластикада көрнекті орын алатын Петр Абеляр ақиқатты жалғаннан ажырату үшін диалектиканы өнер ретінде ұсынса, томизмнің негізін қалаушы - Фома Аквинский «Теология жиынтығы», «Пұтқа табынушыларға қарсы жинақ» деген еңбектерінде бар-лықтардың бәрі эссенция мен экзистенцияның бірлігі деп білді. Фома Аквинскийдің қарсыласы Иоанн Дунс Скот ақыл мен сенімнің толық үйлесімділігін жоққа шығарып, құдай еркінің басымдылғы туралы августиндік идеяға оралады.
Орта ғасырдағы ірі мистиктердің бірі – Иоанн Фиданца (Бонавентура) «жарық метафизикасы» және «тұқымдық дәйектеу» түсініктерін туғызды. Мәселен, соңғы айтылғанда барлық заттарда бастапқыда құдайлық ақыл-ойда сақталатын және тікелей заттарға енетін «логос-тұқым» болады, материя тек тәндік қана емес, рухани материя да болады деп түсіндірді. Рухани және тәндік материя бірлікте, бірақ өзара сәйкес бола алмайды. Мәселен, рухани өмір сүретіндердегі материя пайда болу мен жойылу үрдісінен тыс және сандық қағидаға бағынбайды деген пікірлерін ұстанды. Неміс мистигі Мейстер Экхарт та бұл кезең ойшылдарына айтарлықтай ықпал етті. Орталығында үштік өлшемдегі Құдай болып табылатын философиясында «Құдайлық» - бастапқы Абсолют, ол толық әрекетсіздік, тұрақтылық, тұңғиық тереңдік, мәңгі үнсіздік деп түсіндірді. Әлемді жаратушы үштік Құдай, бірақ ол әлем жаратылғанға дейін өзімен-өзі бола алмайды. Құдай әлемді өзі Құдай болу қажеттілігінен жаратады, адамның шынайы бостандығы әлемнен де, құдайдан да, өзінен де азат болу деп түсіндірді.
Сонымен қатар ХІІ ғасырда номинализм мен реализм арасындағы күрес, яғни, жалпы ұғымдар, универсалийлердің шынайылығы мен шынайы еместігі туралы тартыс пайда болып, осыған байланысты екі үлкен бағыт пайда болады.
Ал Византиялық философияның аяқталу сәтінде «исихазм» деп аталатын діни философиялқ және теорияларын практикаға айналдыратын бағыт қайтадан өркендеді. Исихазмнің негізгі аскеттік белгілері: құдаймен тоғысу үшін адамның үнсіздік пен оқшаулыққа кетуі және үнсіздіктің тәсілдері – көз жасымен жүректі тазалау, өзін-өзі жинақтау, діни мағынадағы бір фразаны мыңдап қайталау, сиынып отырған көрініс, тыныс алу мен қан айналымын реттеу, объективті дүниені танудан бас тартып, ішкі субъективтіліктің қараңғы тұңғиығына үңілу, теологиялық рационализммен күрес т.б. Бұл бағыттың бастапқы идеялары монах-аскеттердің көзқарастары бойынша 4-7 ғасырларда пайда болғанмен, арнайы теориялық негізін Григорий Палама (1296-1359 жж), Николай Ксавила (1320-1371 жж) т.б. жүйеледі. Бірақ бұл бағытқа қарсы болған көзқарастар да қалыптасты: Варлам Калабрийский (1290-1357 жж), соңғы византиялық философ Георг Гемсист Плифон (1355-1452 жж.) т.б
Роджер Бэкон (шамамен 1214 – 1294 жж.) өзінің энциклопедиялық білімімен танымал болған болған, «Таңғажайып доктор» деген атақ алған. Негізгі шығармалары: «Үлкен шығарма», «Кіші шығарма» т.б. Оның түсінігі бойынша, танымның үш тәсілі бар; біріншісі бедел, ол талқылауға сүйенеді, одан кейін барлық білім негізге алатын тәжірибе. Ол адам табиғатпен күресінде, өзінің өмірін жеңілдету үшін қажетті білімнің тағайындалу мәселесінде, араб-мұсылман философтарының идеяларына жақынырақ болды. Ғылымдар энциклопедиясын жасау мақсатында философия аясына математиканы, физиканы (оптика, астрономия, алхимия, медицина) және этиканы біріктірді. Математикалық білімнің дедуктивтік құрылымы мен дәлелдемелері басқа ғылымдардың үлгісін береді дей келе, тәжірибенің үш түрін атап көрсетті: сыртқы, ол адамның сезімдері арқылы алынады; ішкі – рухани мәнді тануға бағытталған және өзінің түсіндірмесі бойынша Августиннің мистикалық нұрлануы арқылы келеді; арғытүп тәжірибені – құдай шіркеудің «әулие әкелеріне» берген. Жетілген даналық қасиетті жазбаларда берілген. Білімсіздіктің негізі негізделмеген беделдерге сүйенуден туады, адам әрқашан абсолютті ақиқатқа ұмтылып отырады, бірақ оның тапқан бөлігі құдайдың адамдарды хабардар еткісі келген білімі. Универсалийлер жөніндегі тартыста келісімді реализм бағытын ұстанды, бүкіл жалпы жеке заттарда объективті өмір сүретін және тәжірибеде танылатын түрде сақталады. Теологияны реформа жасауға ұмтылды, негізгі мақсаты – білім әулиелері, теологтар Евангелиядағы Құдайлық ашылудың канондық, нағыз мағынасын қайта қалпына келтіруге ұмтылуы керек деп, схоластикалық философияның беделіне сынмен қарады.
Иоанн Дунс Скот (1265/1266-1308 жж.) — шотланд философы, теолог, схоластиканың ортодоксальді емес тармағын негіздеуші. Оның ілімінің теориялық көздері: теологияның августиниандық бағыты, аристотельшілдік т.б. Осындай әр түрлі парадигмаларды біріктіруден оның төлтума идеялары пайда болды. Негізгі шығармалары: «Оксфордтағы шығармалар», «Барлық заттардың бірінші бастауы», «Метафизикалық мәселелер» т.б. Ол «Нәзік Доктор» (Тонкий) деген титулға ие болған.
Логикалық-гносеологиялық терминологияны дамытып, философиялық тілді жетілдірді. Айырмашылықтарды табуға негізделген дистинкция тәсілін енгізе отырып, осы әдісті қолдану арқылы алғаш рет абстрактылы мен нақтылы ұғымдардың, актуальді және потенциалды шексіздіктің, ішкі және сыртқы форманың арасындағы негізгі айырмашылықтарды ашып берді. Осы әдіс арқылы ол бұрынғы қойылған ұғымдарды қайтадан таразылайды: «абстрактілі ұғым», «актуальді шексіздік», «суппозиция», «сананың интенционалдығы» т.б. «Материя мен формада болмыстың түпкілікті әр түрлі негізделуі бар және олар бастапқыдан-ақ әр басқа дей келе, осындай мүлде басқа екі бастаулардан қалай біртұтастық туындайды? Деген сауал тастайды. Әр түрлі заттар өзінің формасы жағынан неғұрлым басқаша болса, соғұрлым олар өздерін бірлікке қарай құруға орналастырылған, осындай құрылымда табиғаттағы ұқсастық емес, сәйкес келетін қатынастар болуы қажет екендігін ұсынады.
Ол мүмкіндік пен шындық мәселелерінде құдайдың ерік еркіндігі туралы сауалдарды өздігінше шешеді: Құдайлық табиғаттың ауктуальді шексіздігі өзінің еркінің потенциалды шексіздігін талап етеді, себебі, құдайдың ерік еркіндігі өзіне құдайлық ақылды бағындырады, ендеше, құдай әлемді әлдеқандай бастапқы ақыл канондарымен емес, абсолютті еркін ерік әрекетімен жүзеге асырады деп байыптайды. Бұл волюнтаризм мен индетерменизм оның өзге заңдылықтар бойынша өзге әлемді жартуы мүмкін екендігін білдіреді дейді. Сонымен, әлемнің шынайылығы – Құдайлық жаратудың сансыз көп мүмкіндіктерінің іске асқандарының бірі ғана деп ой түйеді. Кездейсоқтық феноменіне үңілген ол, болмысты ағашпен, тамырын материямен, бұтақтарын үрдістердегі рәсімделген объектілермен, жапырақтарды — «көп түрлі кездейсоқтықтармен» салыстырады.
Оккамда универсалийлер жөніндегі талас теология шеңберінен шығарылады, осы мәселелерді аналитикалық-гносеологиялық түсіндірмелер бойынша шешуді ұсынады да, ол интуитивтік, абстрактілік білімдерді ажыратады. Бірақ абстрактілі таным интуитивті танымға байланысты дейді. Осыдан философия тарихында сақталған: «Оккамның ұстарасы» деген қағида туындайды.
Жан Буридан (шамамен 1300 - шамамен 1358 жж.) - француз философы, логик, номинализмнің өкілі. Негізгі шығармалары «Логикаға көмекші». Ол жаңа еуропалық ғылым парадигмасын негіздеуге ұмтылды: импульс ұғымын жылдамдық пен салмаққа байланыстыра отырып енгізді де, егер денеге импульс берілген болса, ол ортаның кедергілерінен басым болып тұрған уақыт ішінде қозғалады. Буридан осыны негізге ала отырып, аспан денелеріндегі креационистік акт кезінде құдайдан берілген импульстің сақталуы туралы гипотезасын ұсынды да, оны механикалық қозғалыстарға көшіру нәтижелерін меңзеді. Бірақ оны логикалық тәсілдермен шешудің мүмкіндігін өзі күрделендіріп жіберді. Мәселен, Буриданның туындысы ретінде саналатын «Буридан есегі» атты семантикалық мазмұн былайша ұсынылады: екі бірдей пішеннің ортасында тұрған есек таңдау импульсі болмағандықтан аштан өледі.
Ислам діні аясында кейіннен сан түрлі бағыттар мен көзқарастар жүйесін қамтитын бірнеше ағымдар пайда болады: суфизм, шиизм, суннизм, ханифизм т.б.
Суфизм – (суф, суфи, суфий сөздерінен шыққан, яғни, жүн, жүннен тоқылған шекпен деген мағыналарды білдіреді.) 8-9 ғасырларда қазіргі Ирак, Сирия жерлерінде пайда болып араб халифаты елдеріне кең таралған, кейіннен, әлем мұсылмандарына да ықпал еткен діни-мистикалық ілім. Басты қағидалары: Құдайдың хақтығына шек келтірмей, оған шын ниетімен, жан-тәнімен берілу, адам жанының құдаймен бірігуі, жер бетіндегі пендешіліктен қол үзіп, материалдық игіліктерден бас тартып, шәкірттердің (мүридттердің) аскеттік өмір стилін қолдануы, құдаймен тоғысу үшін ерекше экстаз жағдайына ену, құпия ілімдерді (эзотерия) игеру және оны көпшілікке (экзотерия), «білімсіздерге» жарияламау, құдайды сүю арқылы интуитивті түрде «нұрлануға» жету (ақиқат жолы), мадақ жырларын жырлау (зікір салу), терең пантеистік танымды ұғыну, осындай практикалық іс-әрекеттерді ұстаздардың (мүршидтердің, пірлердің) өз басынан өткізуі т.б. Сонымен қатар онда мынадай өзіндік қалыптасқан категориялар жүйесі бар: ахуал, ақиқат, зейін, дәруіш, дария, гаухар, ғайб, ғайбат, ғалам, ибадат, жаухар, сыр, ризық, хал, ынсап, ықлас, қаусар, харам, тәуба, тәлім, тәуекел т.б. Бұл ілімді алғаш негіздеушілер: Зу-н-Нун әль-Мысыри, Абу Абдаллах әль-Мухасиби, әл-Ғазали, Суфи Алаяр, А. Яссауи т.б.
Мәселен, Мухасиби «хал» ілімін, яғни, құдайға баратын жолда сопының қас-қағым сәтте нұрлануын негіздесе, маламатийа мектебі адамның ішкі жан дүниесінің тазаруын ұсынады, ал Джунайд «фана» жүйесін, яғни, мәңгі абсолюттегі үстем болмысқа жеткізетін мистикалық жібіп кетуді байыптады да, шариғат — жалпы мұсылмандық діни заңдар, тарихат және хақиқат – құдайлық шындықа жету сатыларын дәйектейді. Суфизмдегі бұл үдеріс, тек абсолютті бостыққа ұмтылу ғана емес, білім алудағы мистикалық тәсіл, адамның ішкі дүниесіндегі құдаймен тоғысу, ФАНА бейболмысына сіңу арқылы нұрлану болып та табылатын танымдық-практикалық шындық. Суфизм идеяларындағы «хәл» күйі үздіксіз үдеріс арқылы сыртқы әлеммен байланысын үзу, фана мақамына жету, адамның «өзін» жоғалтуы бойынша «фанаға» – «өз болмысын Тәңірде ерітуге», Тәңірмен бір болуға (фана фи Аллах) ұмтылыстың нақты көрінісі. Ал «фана» феномені алғашқы жабырқау мен мұң – психологиялық күй бойынша, онтологиялық – (болмыс бірлігі мен Хақты түйсіну) таным тұңғиығына сіңу арқылы, теологиялық – (өз болмысын Құдайлық деңгейде еріту, жоғалту, онымен тұтасу)» сатыға көтерілу.
Галиллей Галилео (1564-1642 жж.) – итальяндық ойшыл. Ол таным теориясында табиғатты танудың шексіз экстенсивтілігін басшылыққа алса да, интенсивті тану арқылы абсолютті ақиқатқа қол жеткізудің мүмкін екендігін көрсетті. Табиғатты тануда басты екі тәсілді ұсынды: резлютивтік – қарапайым бақылауға ғана емес, жоспарлы түрде қойылған тәжірибеге сүйену керектігі туралы аналитикалық әдіс; екіншісі – композитивтік – дедукциялық тізбекпен гипотетикалық болжамдарды талдау арқылы ақиқаттылықты тексеру.
Жаңа замандағы көрнекті ойшылдардың бірі – Бэкон (Bacon) Фрэнсис (1561-1626 жж.) – британ философы, тәжірибелі ғылым әдіснамасының негізін қалаушы, жаңа заманғы философиялық ойдың бастаушысы ретінде белгілі және эмпиризм бағытын ұстанушы. Негізгі шығармалары: «Ғылымның беделі мен өсімі», «Жаңа Органон...», «Жаңа Атлантида» т.б.
Ол орта ғасыр схоластикасын сынай отырып, бұл әлемге айтыс пен тартыстан басқа ешнәрсе алып келмегендігін көрсетеді. Оның жеміссіздігінің басты себептері: жаратылыстану саласына айтарлықтай көңіл бөлмегендігі, философияны діннің қызметшісі деңгейіне дейін төмендеткендігі екендігін атап өтіп, ғылыми білімді насихаттауға айтарлықтай үлес қосты.
Гносеологияда – танымның индуктивті әдісін қолдай отыра, ол дүниені тәжірибе арқылы ақиқатты тануды қолдауға қарай бағытталады. Заттар мен құбылыстар бір-біріне қатыссыз жеке дара өмір сүреді дей келе, тек силлогизмдерді қолдану арқылы дұрыс білімге жетуге, табиғат заңдарын тануға болмайды. Ақыл ұғымдары заттардан бөлінген, күмәнді, анықталмаған болып келеді. Силлогизм пікірден, пікір сөзден тұрады. Сөз заттардың символы мен белгісі.
Басты философиялық шығармасы –«Жаңа Органон немесе табиғатты түсіндірудегі ақиқат нұсқаулар» атты туындысында ол табиғатты зерттеудің дұрыс әдісін қалыптастыру мақсатын қояды. Бэкон табиғатты игеруде оның имманентті заңдарына бағына отырып, образының өңін айналдырмау қажеттігін ұсынады. Осы жолда адам көптеген кедергілерге, атап айтқанда, адасу түріндегі «елестерге» тап болып, олар ақиқатқа жақындай түсуге бөгет болады деп байыптаған болатын.
Табиғатты тану айтыспен емес, тәжірибемен шешіледі. Оны тануда адам санасына тән болып келетін түрлі елестер қателікке ұрындырады. Олар: 1) тектік елестері. Бүкіл адамдарға тән, адам ақылы мен сезімдерінің шектілігінен, өзінің табиғаты туралы түсініктерін заттарға араластырып жібереді. Олардан құтылу үшін сезім мүшелерінің көрсеткіштері мен қоршаған орта заттарын салыстыру керек, сөйтіп, олардың дұрыстығын тексеру қажет; 2) үңгір елестері. Жеке адамдарға байланысты. Әрбір адамның өзінің ішкі үңгірі, субъективті ішкі әлемі бар. Олар туа біткен қасиеттерінен, тәрбиелеуден, білімнен, біреуге көзсіз сенген беделден пайда болады; 3) Базар елестері. Сөздерді дұрыс қолданбаудан, базардағыдай әр түрлі мағына беретін сөздердің бір жерде қолдануынан болатын қателіктер. Бұл жеміссіз таласқа әкеледі, әрі табиғаттан алыстатады; 4) Театр елестері. Әлем туралы жалған елестер мен сынсыз философия жүйелерінен пайда болады. Бұл театрдағы жасанды әлем сияқты көрініс қалыптастырады деп тұжырымдаған.
Таным адамның табиғатқа үстемдігін күшейтеді. Оларға бағыну (табиғатқа) арқылы оны бағындырады, яғни, оның заңдылықтарын меңгеру арқылы бағындыру дәрежесі – меңгеру, заңдарды білу, білім деңгейіне байланысты. Философия мен ғылымның қаншалықты дәрежеде практикалық маңызы бар, соншалықты дәрежеде қоршаған ортадағы нәтижелерге жетуді қамтамасыз етеді. Білімнің ақиқат болу өлшемі – тәжірибе деген пайыды ойларын ұсынды.
Таным адам санасы мен қоршаған ортаны бейнелеуден басқа түк те емес. Бұл үдерісте сезім алғашқы, содан кейін заттар арқылы тәжірибе іске асады. Мәселен, эмпирик – құмырсқа сияқты, жинаған мәліметтері бойынша, рационалист – қоңыз, өрмекші тәрізді, өзінен өрнек тоқып шығарады, ал бал арасы – ортаңғы, бақшадан шикізат жинап, оны өздігінен өңдейді деген мысалар арқылы өз ойын дәйектеген Бэкон, онтологиялық пікірлерінде, ештеңеден (жоқтан) ешнәрсе де пайда болмайды, ешнәрсе жоғалмайды. Материя саны тұрақты азаймайды, көбеймейді, кеңістікте үнемі материяның бөлшектері орналасады. Бос кеңістік деген жоқ дей келе, қозғалыстың 19 түрін көрсетті: қарсылық, инерция т.б. және абиғат алғашқы, сана екінші деп түсіндіріп, идеалистерді сынады.
Декарт Рене (1569-1650 жж.) – француз физигі, физиологы, математигі және философы, рационализм бағытының көрнекті өкілі. Негізгі шығармалары: «Әдістер жөніндегі пікір», «Философия бастамасы», «Метафизикалық толғаныстар» т.б. Ол механика, космогония салаларында біршама жетістіктерге жетті. Философияны екі саладан тұрады деп түсіндірді: материалистік физика (табиғат туралы), идеалистік метафизика (философиялық жеке өз жүйесі).
Таным теориясы мәселелеріне баса назар аударып, білімнің көзі мен оның ақиқаттылығының өлшемі ол сыртқы дүниеде емес, адамның ақылмен іздеуінде деп байыптап, танымның көзі – интеллектуальды интуиция екендігін дәйектейді. Бұл сезім мүшелерінің көрсеткіштері мен логикалық дәлелдерге сүйенбейді, әрі ақиқатқа тез жете алады деп интуицияның артықшылықтарына сүйенді. Интеллектуальді интуиция – материалды шындықтан таза ақылмен бөлінген нәрсе, ол жалпыға бірдей: ойлайды, өмір сүреді, таниды, мәселен, үшбұрыш үш сызықтан тұратындығын аңғарады т.б шындықтарды біледі. Бэконның таным теориясындағы индукцияға қарсы бірден-бір таным дедукция деп білді. Ол жалпыдан жекеге қарай жүретін логикалық тұжырым бола отырып, жеке ақиқатқа сәйкес келетін жалпы ұғымдардың интеллектуальді интуициясынан туындайды дей келе, нтуицияда ой қозғалысы жоқ, оған алғашқы, тікілей нақты жалпы қағидалар беріледі; дедукцияда ой қозғалысының процесі жүзеге асады. Интуициядан берілгендердің мазмұнын ашу дедукцияға жүктеледі деп пайымдайды.
Декарт білімдердің ақиқаттығына күдіктеніп, танымның басты екі мақсатын көрсетті: 1) қағидалардың, метафизиканың шығу көзін табу; 2) фантастикалық елестерден қашу, жалған ұғымдардан құтылу, схоластикадан арылу. Ғылым жолын осылай тазалау керек деп ой түйді.
Өзінің кейіннен философия тарихына әйгілі болған: «Ойлаймын, демек өмір сүремін» тезисін ұсынды. Бұл интеллектуальдік интуицияның құнды өнімі, сондықтан әлем туралы барлық білімдерді дедуктивтік әдіспен бұдан шығаруға болатындығын дәйектейді. Идеялар адамдарға туа бітеді, ол идеяларға сезімдік тәжірибенің еш қатысы жоқ. Таным әдісінде материалдық нәрселерді қажетсінбейді, тек ақыл шешуші болып келеді, ал ойлау материядан тәуелсіз, ұғым интеллектуалды интуицияның жемісі деген тұжырымдарын ережелер түрінде былайша ұсынады: «І. Ереже: Ғылыммен айналасатындарының мақсатында мынандай ақыл бағыттары болу керек; кез келген кездескен заттар жөнінде шын ақиқат, мықты пікірлер алып шығу керек; ІІ Ереже. Мынандай заттармен ғана айналысуы керек: біздің ақылымыз сенімді, күдіксіз танымдарды бере алатын қабілетке ие болатындармен ғана; IV Ереже. Әдіс – ақиқатты іздеу үшін қажетті; VI Ереже. Барлық заттарды да, оларды басқалардан бөлінген зат ретінде, бірақ салыстыру керек, біреуі арқылы біреуін тану үшін, абсолютті немесе салыстырмалы деуге болады; VII Ереже. Білім үшін бәрі керек: біздің мәселемізге қатысты, жүйелі, үздіксіз ой қозғалысы және жеткілікті, әдісті дедукция; IX Ереже. Өткір ақылымызды мәнсіз, қарапайым заттарға, ондағы ақиқатқа есепті, тиянақты, анық көз жеткізбейінше, ұзақ уақыт бағыттауымыз керек... Ақыл интуициясын қалай пайдалану қажет, көру бойынша: бір уақытта көп объектілерді көргенде, интуиция оларды жеке анық тани алмайды, ол ойдың бір актісімен көңіл аударғанда көп объектіге, бұлыңғыр ақыл болар еді. Ал шебер жеке заттардың өте ұсақ бөлшектерін, олардың айырмашылықтарын бірден тани алады... Х Ереже. Ақыл зерделі болу үшін, оны заттарды зерттеуге, шынықтыруға бағыттау қажет, бәрін де әдістер арқылы игеру керек, тіпті ең елеусіздерін де» т.б.
Спиноза Бенедикт (Барух) (1632 —1677 жж.) Оның түсінігі бойынша, адам субстанция модусы, физикалық пен психикалықтың нақты бірлігі, яғни, жан мен тәннің тұтастығы. Тән бір уақытта көп әрекеттерге қабілетті болса, жан да бір уақытта көптеген нақты заттарды қабылдай алады. Тән мен жанның осындай бірлігінен, сәйкес келуінен ол дүниетанымның негізін көрді. Сезімдік таным – бұлдыр, үстірт, ақылға көмекші және ақиқат емес, ақыл-ой танымы айқын, дұрыс деп рационалистік ұстанымды қуаттайды.
Дедукцияны геометриялық, математикалық формамен дәйектеп көрсетті. Геометрия әдістері барлық ғылымға қолданылады деп түсінді. Мәселен, «Этика» деген еңбегінде дәйектеудің тәсілі ретінде: «аксиома», «теорема», «схолиялар» ретімен жүйеленіп қолданылды. Интеллектуальді интуиция дедукциямен толықтырылып, екеуі бірігіп, толық, ақиқат білім береді, ал ақиқаттың өлшемі – ақыл, мәселен, заттар туралы ой жалған ба, ақиқат па, бұны ақыл анықтайды деп түсіндіріп өтеді.
Локк Джон (1632-1704 жж.) ағылшынның философ-ағартушысы, саяси ойшылы, танымның эмпирикалық теориясын негіздеуші сенсуалист. Негізгі шығармасы: «Адамның ақыл-парасаты туралы тәжірибе» атты еңбегінде ешқандай да идеялар туа біткен емес, тәжірибемен алынғандығын ұсына келе, рухани даму үшін адамдардың бәрі бірдей қабілетпен туады, оның бастапқы қалпы ақ қағаз тәрізді деп сипаттайды.
Таным теориясында; сезімдік таным алғашқы, ол қарапайым идеялар туғызады, ал ойлау мақсатты таным құру бойынша бұларды жүйелейді, тәжірибе сыртқы, ішкі болып бөлінеді. Сыртқы тәжірибе қабылдаған заттар арқылы, ішкі тәжірибе білім көзі арқылы қалыптасады деген пікірлерін ұсынады. Локк материяның сандық ерекшеліктерін ғана ескереді. Материалды дене бір-бірінен бітімі, қозғалысы, тығыздығы арқылы ажыратылады, бұлар – бірінші сапалар, материалды дененің өзінде өмір сүрмейтін екінші сапалар болады: түс, иіс, дыбыс, дәм т.б. Сезім мүшелері жұмыс істемесе, ол қасиеттер жоғалып, екінші сапа, яғни, заттардың өзінің себептері қалады. Ол ақиқатты идеялардың бірігуі мен ажырауы немесе олардың белгілерінің білдірілетін заттарға сәйкес келуі мен келмеуі бойынша анықталады деп түсіндірді. Ал таным: интуитивті (өзінен-өзі айқын ақиқат), демонстративті (математиканың, этиканың ережелері, құдай болмысы) және сензитивті (жеке заттардың өмір сүруі) болып бөлінеді. Соңғысы неғұрлым айқын және дәйекті деп біледі.
ГоббсТомас (1588-1679 жж.) Гносеологиялық көзқарастарында: уақыт заманның өзінде емес, адам санасында, таным түйсіктен басталады, ол сыртқы объектілермен шақырылатын организмдегі денелік бөліктердің қозғалысы, таным түйсіктен басталып, ақылмен шешіледі. Сезім тек заттарды тұтас күйінде қабылдаса, ақыл оның жеке қасиеттерін таниды. Ақиқат – көпшіліктің өзара келісімі болып табылады деген пікірлерін тиянақтап, конвенционализм қағидасын ұстанды, сөйтіп, танымның екі тәсілін ұсынды: механиканың логикалық дедукциясы және эмпирикалық физиканың индукциясы.
Гоббс танымдағы тілдің роліне назар аударды. Оның түсінігінде, атау мен сөз 2 бағытта: белгі болып, таңба болып айқындалады. Сөз – өзін санаға тіркеу үшін, басқаларға өз ойын хабарлау үшін қызмет етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, ақиқат – пікірлердің заттар мен себепті байланыстарды дұрыс бейнелеуі, адасу –жалған, дұрыс емес пікірлер. Пікірден тыс адасу да, ақиқат та болмайды. Ақиқат заттарда емес, сол заттар туралы пікірлерімізде, олардың (заттардың) себепті байланыстары мен қасиеттерінде, яғни, пікір бір нәрсені терістеу, не бекітуге құрылады. Ақиқат пен адасу тілді иеленгендіктен адамға ғана қатысты, жануарларда тіл жоқ, яғни, ақиқат пен адасу мәселелері оларда болуы мүмкін емес. Объективті ақиқат – адамдар елесіндегі мазмұн, ол адамға да, адамзатқа да тәуелсіз. Философия заттардың себепті байланысын рационалды тану болатын болса, рационализм – танымдағы математикалық, аналитикалық әдістерден құралады. Танымдық әрекеттердің бәрі – алу мен қосу, демек, барлық пікірлер қосу мен алу процесі. Қосу мен алу жоқ болса, онда ол жерде ғылыми таным да болмайды. Логика – сөздерді алумен, қосумен айналысады. Мәселен, заң орындары – заңдар мен айғақтарды жинайды, қосады. Сөйтіп, ол механикалық материализмді философия трихында алғаш рет негіздеуші ретінде белгілі болды.
Жаңа замандағы көрнекті ойшылдардың бірі – ЛейбницГотфрид Вильгельм (1646-1716 жж.) неміс философы, математик, физик, тарихшы, заңгер, тілші. білімнің айқындығы, қайшылықсыздығы ақиқаттың шынайы өлшемі, бұны тексеру үшін логиканың заңдары жеткілікті және айғақтың ақиқатын тексеру үшін «жеткілікті негіздеме» заңы болуы керектігін ұсынды да, логиканы дамыта отырып, матемематикалық логиканың қалыптауына ықпал етті. Сөйтіп, ойлауды формальдандыратын әмбебап тіл жасауды қолдады.
ЮмДэйвид (1711-1776 жж.) – ағылшын философы, тарихшы, экономист және публицист. Субъективті идеалист ретінде белгілі, агностицизмнің негізгі қағидаларын негіздеуші және позитивизмнің басты ұстанымдарын алғаш ұсынушылардың бірі. Негізгі шығармалары: «Адам табиғаты туралы трактат», «Эссе» т.б. Юмның түсінігі бойынша, таным мәселелерінде ғылым мен философияның мақсаты түсіндіру емес, түйсінілгенді бірден-бір реалдар деп суреттеу болып табылады. Заттар туралы елесті затпен парапар, зат деп аталғандар – адам елестерінің тұтастығынан басқа ештеңе де емес. Ендеше елестетулерді философия қарастырмайды, бұл олардың шегінде идеалды субстанция ма, әлде материалды жатырма ма деген сұрақ тәрізді болып кетеді. Бұл мәселе адам үшін шешілмейді, принципті түнде танылмайды.
Оның агностицизмі ашық күйінде қалдырылды; біздің сезім мүшелерімізді қоздыратын материалдық объектілер өмір сүре ме, бастапқы қабылдау түйсік арқылы берілген сыртқы әсерлер болса, екінші кезектегі қабылдау естің сезімдік образдары болып табылатын идеялар және аффект, құмарлық, тілек сияқты ішкі тәжірибенің әсерлері. Болмыс пен рухтың қатынасы мәселесі теориялық тұрғыдан шешілуі мүмкін емес нәрсе дей келе, бұл мәселені естің сезімдік образдарынан құралған қарапайым идеялардың сыртқы әсерлерден тәуелсіздігі түйткілімен алмастырды.
Юм өзінің каузальдік сипаттамаларында – себептілік ілімін басты нысанаға алды, бұл детерминистік қатынасты диагностикалық тұрғыдан шешуге алып келді: себептердің өмір сүретіндігі дәлелденбейді, салдар бұнда емес, себеп деп аталатын құбылысы логикалық тұрғыдан бұдан туындамайды және оған ұқсамайды. Себептердің объективті өмір сүретіндігіне көз жеткізуге шақыратын психологиялық тетік уақыт бойынша пайда болып, кезектесіп келіп жатырған құбылыстарға ғана сүйенеді. Яғни, себептік байланыстар мен қатынастар жоқ. Тек бір-бірінен соң өтіп жатқан құбылыстар ғана бар, бұл бір нәрсенің пайда болуынан кейін екінші нәрсені күту дағдымызбен жүзеге асады: оттан кейін жылуды, бұлттан кейін жауынды күтеміз. Әдет бойынша, бұлар себеп-салдарлық қатынас сияқты болып көрінеді, шындығында, бірақ бұл – дұрыс емес. Құбылыстар тізбегінде соңғысынан алғашқысы бұрын болады, бірақ нақты дұрыс, шынайы себебін адам қабілеті ашып көрсетуге дәрменсіз, ал тәжірибе тек құбылыстардың бірінен-соң бірінің тізбектеліп өтетінін көрсетеді де, бұнда жұмбақ байланыстар ашылмай қалады. Ол құбылыстар бір-біріне несімен әсер етеді: күшпен бе, қуат арқылы ма, бұл – белгісіз. Құбылыстар мен айғақтарды осылай тізе беру – ғылымның міндеті, таным аймағы осы. Бірақ бәрібір заттардың мәні, құбылыстар, терең заңды қатынастарын ашу мүмкін емес дей келе, адамның танымдық қабілетіне күдік келтірді.
Ойшылдың түсінігі бойынша, ғылым прогресі мен тәжірибе тек объектілердің үстірт сипаттары туралы білімдерді, жеңіл-желпі түсініктерді ғана береді. Ал шынайы философияның өзі осы білместіктен алшақтауға ғана көмектеседі, метафизикалық философия тек құбылыстардың жаңа бөлігін ашуға ғана жәрдемдеседі.
Жаңа заман ойшылдарының бірі – Беркли Джордж (1684-1753 жж.) ағылшын теолог-философы, субъективті идеалист, өзінің тұжырымдамасын «имматериализм» деп атаған. Негізгі шығармалары: «Көрудің жаңа теориясының тәжірибелері», «Жаратылыстану ғылымдарының қиындықтары мен адасудың негізгі себептері зерттелетін адам танымының негізгі қағидалары мен скептицизмді, атеизмді және сенімсіздікті негіздеу туралы трактат», «Гилас пен Филонус арасындағы үш әңгіме», «Алсифирон, немесе бейшара философ», «Сейрис, немесе философиялық зерттеулер мен рефлексиялар тізбегі...», «Философиялық түйткілдер», «Адам білімінің бастаулары туралы трактат» т.б.
Берклидің жалпылама таным түсінігі «сызықтар мен бұрыштар өздігінен көрумен қабылданбайды, табиғатта шынайы өмір сүрмейді, «тек математиктер тудырған немесе бұл ғылымды геометриялық тәсілмен түсіндіру мүмкіндігін алу мақсатындағы оптикаға енгізілген гипотеза ғана бар» деген тұжырымға саятын пікірлер жүйесінен құралады. Оның 1707-1708 жылдары-ақ жазыла бастаған «Философиялық түйткілдер» туындысында «А» және «В» құрылымдарында да «өмір сүру – қабылданатындай болу» (esse est percipi) қағидасы ұсынылды.
Ойшылдың түсінігі бойынша, санадан тыс ештеңе де болмайды, адамдардан басқа ешнәрсе де шынайы өмір сүрмейді, саналы тіршілік иесінен басқаның бәрі индивидумдардың өмір сүруінің модустарынан басқа түк те емес. Сонымен қатар ойлаусыз әлем – «пес quid nес quantum пес quale» (ештеңе, ешқандай). Шындығында, біз заттарды көре алмаймыз, тек іштей «заттарды» көретін «идеялар» ғана бар. Түсінуге болатын тек қана идеялар, одан басқа ештеңе де жоқ.
Осындай тұжырымдарды айғақтаған ойшыл адам болмаған күнде заттардың құдайдың ақыл-ойында сақталатындығын атап өтеді. Демек, Берклидің субъективті идеализм деп аталған, өзінің «имматериализм» деп көрсеткен осы тұжырымдамасы бойынша, заттардың қабылдауға дейінгі күйі «жоқ» деп атауға болатындай бірдеңелік болмыссыздықты көрсетеді. Материалдық дүниенің мәніне енетін идея алғашқы және бастапқы болып тұжырымдалса, бұнсыз материалдық дүние толыққанды болмыс болып табылмайтын болса, сана мен идея оның болмысының мәнін ашатын белсенді айқындаушы. Яғни, болуға ұмтылған материяның шынайы өмір сүруге жетуін қамтамасыз ететін сана әлемнің басты орталық субстанциялық феноменіне айналады.
Демек, заттар түйсіктердің жиынтығынан басқа түк те емес деген тұжырымға келген Беркли оны былайша мысал келтіре отырып, дәйектейді; шиенің түйсіктерін (дәм, түс т.б.) алып тастасақ, онда ол шие болмайды, яғни жоғалады. Материализм мен атеизм материяны субстанция ретінде таниды, бірақ, реалды материя өмір сүрмейді, олай болса материализм мен атеизм жойылады: «Бар болу – қабылданатындай болу» болып шығады. Олай болса, материалистердің «материя» деп ойлап жүргендері – ештеңе, фикция ғана. Осыған орай, материяның сапалары субъективті, яғни, материя – бар емес объект болып табылады.
Ол Локк атап көрсеткен түс, иіс сияқты екінші сапалар қабылданбайтын заттарда емес, қабылданатын рухта, адам санасында. Екінші сапалар ақылдан тыс өмір сүрмейді. Бірінші сапа да субъективті, мәселен, бір тіршілік иесіне қатты нәрсе, келесі жануарға жұмсақ болуы мүмкін екендігін ұсынады. Универсумның кеңістік, уақыт, қозғалыс континуумы да – субъективті. Беркли Ньютонның оны объективті деп санаған идеясына келіспей, кеңістік санадан тыс емес, адам санасының өзінде кеңістікпен қабылдану жүйесі бар, ол жеке дара денелерді қабылдау үшін қажетті құрылым деп пайымдайды.
Сондай-ақ жалпы жекеде өмір сүреді, барлық жеке жалпы, жалпынің өзі жеке болып табылады деп релятивистік ұстанымды қуаттады. Абстрактілі ойлаудың танымдағы ролін бекерге шығарды. Мысалы: біз, жалпы жануар емес, нақты жануарды, жалпы қозғалысты емес, нақты қозғалысты, нақты нәрсенің қозғалысын түйсінеміз, елестетеміз. Абстрактілі жалпы ұғымдар ғылым мен философияға зиянын тигізеді деген сияқты идеялары Берклидің мынадай қағидаларын туғызды: 1) объектілер ақылдан тыс өмір сүрмейді; 2) объектілер – адам түйсіктерінің жиынтығы.
Вольтер Франсуа Мари Аруэ (1694 - 1778 жж.) — француз философы, жазушы, тарихшы, ағартушылықтың көрнекті өкілі. Негізгі шығармалары: «Философиялық хаттар», «Метафизикалық трактат», «Ньютон философиясның негіздемесі», «Сократ», «Қалталы философиялық сөздік» т.б. Ол құдайдың болмысын дәлелдеудің жаңа тәсілін ұсынды, бұндағы аксиоматикалық тәсіл, алдымен, «Мен өмір сүремін, демек, бір нәрсе мәңгі өмір сүреді» деген тезиспен айғақталды. Бірақ бұндай дәйектеуді сынаушылар алдымен оның механикалық тұрпатты көзқарасын негізге алды. Вольтердің түсінігі бойынша құдайдың атрибуттарын талқылауға және оны бекітуге адамның мүмкіндігі жоқ. Ол барлық тәжірибеден тыс метафизиканы теология деп атады, Декарттың мәңгі жан түсінігі мен туа біткен идеяларын жоққа шығарды, шынайы философия механицизм мен теологиядан тәуелсіз болуы тиіс, бірақ метафизикалық пайымдаулар мүмкіндіктің кейбір үлестерін қамтиды. Философия шынға ұқсас гипотезаларды тудырады, эвристикалық қызмет атқарады, бірақ нақты білімге ұмтылмау керек.
МонтескьеШарль Луи (1689 - 1755 жж.) — француз философы, тарихшы. Ол құдай материалды әлемнің обективті заңдылықтары бойынша әрекет ететін жаратушы құдайдың әрекеті туралы пайымдап, деизм ұстанымында болған. Философияның мақсаты – механика заңдарына бағынатын материя қозғалысының себепті байланыстарына қол жеткізу, кездейсоқ құбылыстардың артында да терең себептер жатыр. Сыртқы әлем тәжірибе нәтижелерін жалпылайтын ақыл ойдың қызметі негізінде адам санасында бейнеленеді дейді.
Дидро Дени (1713-1784 жж.) - француз философы. Когнитивті оптимизмді қуаттай отыра, «біз түк те білмейміз» деген скептикалық тезистен қашқақтап, адамның әлем туралы бейнелеулері бірте-бірте «адамзат білімінің прогресі» арқасында дәлдікке қарай жақындай түсті десе, онтологиялық ілімдерінде материализмді ұстанды: «Әлемде тек бір ғана субстанция бар – жаратылмаған мәңгі материя». Ол іштей белсенді потенциалды өзіндік қозғалғыштықпен көмкерілген.
Дидро прогностикалық ойларын былайша ұсынды: ең соңғы деп табылған материя ғылым мен техниканың арқасында жасанды түрде бөлінеді, бастапқыдағы әлемді құраушы босып жүрген материялар тағы да болашақта түрленген өмірге бейім материяның массасын құрамайынша жалғаса береді, биологиялық эволюцияда бейімделу мен табиғи сұрыпталу жүретіндігін меңзеді, сезімділік материяның мәнді және жалпы қасиеті деп білді.
Сезім біздің барлық білімдеріміздің шығу көзі деп тұжырымдағанмен, ол рационализмнің жаңа типін ұсынады, бұнда сезімділік пен рационалдылықтың бірлігі көрсетіледі: байқау айғақтарды жинаса, толғаныс оларды түрлендіреді, тәжірибе осы түрлендіруді тексереді. «Табиғатты түсіндіруші» тек философиялаудың «эксперименталді» және «рационалды» формаларын біріктіретін субъект ғана болып табылады дейді.
Силлогизмдер ойлаушы санадан туындамайды, табиғаттың өзінен туындайтын мәліметтер арқылы қайтадан жасақталудан туындайды дей келе, гипотеза мәселесімен шұғылданады. Кез-келген гипотеза ақиқаттылығын тексертуге мұқтаж болады деп, ол тексерудің екі сатысын көрсетеді: логикалық қайшылықсыздық және мазмұндық-пәндік верификация.
Жақсы заңдардың қатарына жеке адамдардың ортақ игілікке тоғысуы жатады деп, моральдік максима ретінде: «адам өзгелерге олар өзіне қандай қатынаста болу керектігі бойынша өзі қалағандай қатынас жасау керек» деген тұжырымын ұсынды. Эстетика саласында дәстүрлі «табиғатқа еліктеу» ілімін дамытты, бірақ бұрынғыдан айырмашылығы актер-аналитик тұжырымдамасын негіздеді. Сократтық әдіс тек айтысушы жақтардың ұстанымдарының қарама-қарсы пікірлерінің тайталас алаңы ғана емес, олардың әрбіреуінің экзистенциалды, өмірлік мағыналы болып табылатын ішкі қайшылығы. Сондықтан еркіндік пен қажеттілік, сенсуализм мен рационализм, туа біткен бейімділік пен тәрбиелік ортаның әсері т.б. тартыстар «парадокстар» болып табылады деп, өзінің тәсілін ол «Парадокстар әдісі» деп атаған.
Кант(Kant) Иммануил (1724-1804 жж.) — неміс философы және жаратылыстанушы. Оның шығармашылығын дәстүрлі түсінікте екіге бөліп қарастыру қолға алынған: сыншылдыққа дейінгі және сыншылдық кезең. Алғашқы кезеңде ойшыл күн жүйесінің жаратылуы мен дамуы, жер тарихы мәселелерімен айналысты. Оның нәтижесі: «Жалпы жаратылыстану тарихы және аспан теориясы» атты еңбегінің тууы. Ал екінші кезеңінде ол: гносеология, этика, эстетика мәселелерімен шұғылданып, «Таза ақылға сын», «Практикалық ақылға сын», «Ойтолғам қабілетіне сын» еңбектерін тудырды. Сондықтан ол «философия сынаудан басталуы керек» деп пайымдады. Кант өзінің трансцендентальді идеализмін ұсына отыра, универсумдық-континуумдық ойтолғамдарында «антиномиялар» деп аталған қайшылықтарын дәйектей түсіп, ондағы өмір сүрмейтіндік парадигманың көріністерін жалпы концептуалдық мәнде шолып өтеді. Мәселен, бірінші антиномияның тезисінде: «Әлем уақыт бойынша басталған және кеңістікте шектелген» және оның антитезисінде: «Әлем уақыт бойынша басталмаған және кеңістікте шектелмеген» деп атап өте отырып: «Егер әлем уақыттың бастауын иеленсе, оған дейін бос уақыт (уақытсыздық) болған болар еді. Бос уақытта қандай-ма болмасын заттардың пайда болуы мүмкін емес, ал егер әлем аяқталатын және кеңістікте шектелген болса, онда әлемнің бос кеңістікке қатынасы болуы тиіс. Бұл кеңістік Ештеңе болып табылады. Немесе ол тек форманың көрінісі ғана және өздігінен әлдебір шынайылық емес»,-деп тұжырымдайды.
Ол білімнің тәжірибеден басталып, сезім мүшелеріне берілетінін айта отырып, таным логикалық-априорлық сәтпен немесе формальды фактормен толықтырылуы керек дейді. Ол априорлық форма негізінде барлығына ортақ танымды зерттеп, сезімділік (трансцендентальді эстетика), пайым (трансцендентальді аналитика), ақыл (трансцендентальді диалектика), сезімділік пен оның формаларын трансценденттік талдауда кеңістік пен уақыт идеалды математикалық конструкцияда объективті мағыналы деп түсінді.
Таза ойдағы конструкциялар өзіндік затқа қарағанда ешқандай білім бермейтін ноумендер болып табылады. Мәселен, схоластикадағы жанның өлмейтіндігі, әлемнің пайда болуы, құдайдың өмір сүретіндігі т.б. Ал өзіндік зат кез-келген объектінің адам танымы шегінің арғы жағындағы танылмайтын қыры болып есептеледі. Тәжірибеге басымдылық берген Кант оған дейінгі білімдерді «априорлы» деп атап көрсетіп, оны ақыл тануға белгілі бір деңгейде қабілетсіз деп көрсетеді. Осыған орай, адам санасының таным қабілетінің арғы жағындағы, мүмкін болатын тәжірибенің шегінен шыққан, бұл тәжірибеден тыс нәрселерді «трансцендентті» деп атаған. Ол ұғымдар трансценденталийлер: құдай, ерік т.б. Бұған қарама-қарсы түсінік – имманентті, бұны Кант мүмкін болатын тәжірибенің шегінде, сол нәрсенің өзін зерттеуді айқындайтын тәсіл деп түсіндіреді.
. Фейербах Людвиг Андреас (1804-1872 жж) – неміс философы. Негізгі ерекшелігі антропологиялық материализм. Ақиқат, шындық, сезімділік барабар. Ақиқатқа барар жол – материализмде де, идеализмде де емес, физикалық пен психикалық адамда динамикалық тұтастықты құрайды. Антропология адамдық рухтың өнімі ретінде теология. Адам мәні – ақыл, ерік, жүрек. Бұл дүниелік пен оның ар жағындағылардың айырылуы түсіндірілуі керек, себебі, адамзат жан-тәнімен, жүрегімен өзіне шоғырлануы керек: өзінің әлеміне және өзінің қазіргісіне.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
1. Протагордың: «Адам барлық заттардың өлшемі, өмір сүретіндер үшін өмір сүретіндердің, өмір сүрмейтіндер үшін өмір сүрмейтіндердің» деген нақыл сөзіне талдаулар жасаңыз.
2.Априорлы мен өзіндік зат түсініктерін салыстырыңыз.
3. Горгийдің үш тезистіне талдаулар жасаңыз.
4. Аристотель мен аристотельшілеродің таным теориясы туралы пікірлерін түсіндіріп беріңіз..
5. Антикалық скептицизмді сипаттаңыз және мысалдар келтіріңіз.
6. Батыс Еуропадағы құдайтанымдық ілімдердің ерекшеліктерін табыңыз.
7. Суфизм іліміндегі құдайтынымның негізгі ерекшеліктерін көрсетіңіз.
8. Ф. Бэконның гносеологияға қосқан үлесін анықтаңыз.
9. Декарт рационализмінің ерекшеліктерін көрсетіңіз.
10. Локк пен Гоббстың таным теориясын салыстырыңыз.
11. Д. Юм мен Дж. Берклидің агностицимін дәйектеңіз.
12. И. Канттың таным териясының ерекшеліктерін түсіндіріңіз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Әбішев Қ. Философия. А., 2008
7. «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. –Алматы: Жазушы, 2006 ж.
8. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
9. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
№10 дәріс. Гносеология ілімі
Метафизика және таным теориясы
Таным процесі және гносеологогияның негізгі мәселелері
Адамның дүниені танып білу мүмкіндігі туралы әр түрлі көзқарастар
Адамзат баласы қалыптасқаннан бері өзін қоршаған орта, дүние, ғарыш әлем туралы және өзінің жеке өмірі мен болмысы жөнінде ойтолғамдар жүйесін қалыптастырып, субъект әлемді қалай таниды, түпкілікті тани ала ма деген сауалдарды ақыл-ойға айтарлықтай қиындық туғызатын құбылыстар бойынша туындатып келді. Философия таным теориясы мен метафизикадан тұратынын ескерсек, таным – философиялық талдаудың пәні болып қарастырылады және арнайы ілім ретінде философиялық ойтолғамның басты саласына айналған. Таным барынша күрделі және ауқымды мәселелерді қамтығандықтан, оны зерделейтін сала – таным теориясы деп аталады. Бұдан алдымен метафизика саласын және оның гносеологияға қатынасын ашып алу қажеттілігі туындайды.
Метафизика - таным теориясынан өзге барлық философиялық мәселелерді жолға қойған, физикалықтан тыс деген мағынаны білдіретін философия саласы. «Мета» деген жұрнақ арқылы оның физикадан үстем екендігі және физикалық денелердің жалпы табиғатын зерттейтіндігі бағамдалады. Яғни, әлемдегі барлық материалдық нәрселер физикалық дене болып табылатын болса, олардың жалпы мағынасын, ішкі мәнін, заңдылықтарын жалпылап, одан тыс тұратын руханилықты зерделеу қажет деген ой түрткіден пайда болған. Осыдан метафизиканың бірнеше түрлерін ажыратып алу қажеттігі туындайды: спекулятивті метафизика – жалпыға ортақ жоғарғы қағиданы негізге алып, жалпы шындықты түйіндеуге және түсіндіруге ұмтылғанмен, ойдың күрделілігі мен тым жалпылығы арқылы өзінен-өзі ұғынықты мәселелерді қайталаумен әуре болып кетеді деген бағалау бойынша көбінесе жағымсыз мағынада қолданылады. Индуктивті метафизика – барлық жеке ғылымдар нәтижелеріне жалпы шолу арқылы әлем картинасын ұсынуға бағдарланады да, жинақтау мен жалпылау арқылы әмбебап қорытындылар жасайды. Метафизиканың зерттеу пәні: болмыс, ештеңе, еркіндік, құдай, ақиқат, жан, рух, табиғат т.б. ХІХ ғасырда қалыптасқан позитивизм ағымы метафизиканың пәнін жоққа шығарып, оларды мәңгі шешілмейтін жалған түйткілдер деп түсіндіреді. Қазір метафизика түсінігі ескіруіне байланысты, болмыстың жұмбақ қабаттарын суреттеу жолымен және оның бай әртүрлілігі бойынша өз проблемаларын шешуге ұмтыла отырып, өмір сүретіндердің байланысын құру мен түсіндіруді дәйектеуді басшылыққа алады. Метафизика кейде антидиалектикалық деген мағынада қолданылады. Себебі, ол дамуға басымдылық бермейді, құбылыстарды дәл сол қалпында таразылауға маңыз береді де, абстрактілі ұғымдарды сараптайды деген бағалауға ие болады. Демек, танымның өзі метафизикалық мәселелерді тануды жолға қояды.
Таным теориясы (гносеология) – танымдық қызмет кезіндегі субъект пен объектінің арақатынасын, білімнің шындыққа қатынасын, адамның дүниені танып білу мүмкіндігін, білімнің ақиқаттығы мен айқындық өшемдерін зерттей келе, сана мен материя, идеалдылық пен материалдылық, сезімдік пен логикалықтың арақатынасын зерделейді. Философияда кантшылдық, махизм сияқты бағыттар таным теориясына аса маңыз бергендігі соншалық, оны философияның өзімен теңестіреді. Позитивистер ұсынған ғылыми әдістердің дамуы (матлогика, семиотика, ақпарат теориясы т.б.) таным теориясын философиялық ілім ретінде мойындамауға қарай бағытталады. Бұл пікірталастар аймағын шешу үшін таным құбылысын анықтап алу қажет. Сонымен таным теориясының негізгі орталық түсінігі «таным» болып табылады.
Таным дегеніміз – белгісізден белгіліге қарай, толық емес айқынсыз білімнен неғұрлым дәл, айқын білімге қарай шексіз жүріп отыратын қоғамдық-тарихи құбылыс. Яғни, адам санасы қалыптасқаннан бері дүниенің қыр-сыры, өзін қоршаған орта туралы неғұрлым көбірек мәлімет жинауға тырысып келді және ол шектеліп қалмақ емес. Танымды үдеріс ретінде қарастырсақ, оған басты екі элемент қатынасады: танитын және танылатын. Олар бір-біріне қарама-қарсы тұратын субъект пен объект болып табылады, яғни, адам мен дүние таным үдерісін айқындап тұрады. Эстон биологы Икскюль тек адам ғана емес, жануарлар да субъект болып табылады деген пікірге келеді.
Таным тоериясының терминологиялық сипаты «гносеология» және «эпистемология» деген ұғымдармен беріледі: Гносеология – («гнос» - таным, «логос» - ілім деген мағынада) таным туралы ілім. Ал эпистемология («эпистема» - білім, «логос» - ілім деген мағынада) таным теориясы, яғни, эпистемологиялық – танымдық-теориялық деген мағынада қолданылады, бірақ көп жағдайда гносеология, эпистемология, таным теориясы өзара мағыналас, синонимдес ұғымдар ретінде қолданылады. Гносеология: таным сыны мен танымға бөлінеді. Ал таным метафизикасы – танымның мәнін, танитын мен танылатындарды т.б. зерттейді. Гносеологияға тікелей қатысты бірнеше бағыттар құрылған: эмпиризм, эмпириокритицизм, идеализм, феноменализм, сенсуализм, материализм т.б.
Гносеологияның басты мәселелерінің бірі – білімнің шындыққа қатынасы болып табылды. Алдымен, шындық, қатынас түсініктерін анықтап алу қажет. Шындық (действительность) – метафизикалық мағынасында сол өмір сүретіндердің болмысы, яғни, өмір сүретіндер болмысының шынайылығы. Ол ақиқатпен (истина), шынайылықпен (реальность), айқындықпен байланысты ұғым. Оның шынайылықтан айырмашылығы мүмкіндердің (возможное) сақталатындығы болып табылады. Философиялық терминологияда бұл ұғым «сияқтыларға», «алдамшыларға» «мүмкіндерге», «солай сияқты болып көрінетіндерге» қарама-қарсы. Бірақ тәрізділікке (кажимость) қарсы – шынайылық (реальность); мүмкінге қарсы – өмір сүру, нақты болмыс (наличное бытие) қолданылады. Неотомизмде шындық – акт, демек, іске асқан, нақты бар; мүмкіндік – потенция. Шындық онтологиялық тұрғыдан ұлығарыштық шындық (физика зерттейтін физикалық) және ықшамғарыштық шындық (біз күнделікті қатынас жасайтын қоршаған әлем) болып та бөлінеді. Яғни, білімнің шындыққа қатынасы – дүние туралы объективті мәліметтердің оның өзіне (дүниеге) сәйкес келуі, келмеуі мәселесі. Бұл проблема көне Қытайда зат пен оның ұғымының сәйкестігі туралы мәселеден бастап, ХХ ғасырдағы аналитикалық философияда сөйлемнің, пікірдің шындыққа сәйкес еместігі жөніндегі идеяларға дейін жалғасқан мәселе ретінде таным теориясының да басты түйткілі болып отыр.
Адамның дүниені танып білу мүмкіндігі – «адам дүниені тани ала ма, мүмкіндігі оған жете ме, жартылай тани ма, бүтіндей ме, толықтай ішкі мәніне ене ала ма, сырттай үстірт қана ма» деген сияқты мәселелер ауқымын қамтиды. Діни түсініктерде дүниені түбегейлі тану мүмкін емес, ол тек құдайдың ғана ғұзырында, құдайға ғана мәлім болып табылады.
Білімнің ақиқаттылығы және өлшемі мәселесі де таным теориясындағы басты нәтижелік мәселелердің бірі. Бұндағы өлшем түсінігі – негізінде бағалау жүргізілетін белгі, тексеру құралы, бағалау өлшемі, таным теориясында ақиқаттылық белгісі немесе жалғандығы болып түсініледі. Яғни, білім ақиқаттығы және өлшемі – алынған мәліметтердің ақиқат немесе жалған екендігінің қарастырылуы, тексерілу тәсілдері, демек, ақиқаттың өлшеміне сәйкес сарапталады. Әуелі білім алынады, оның ақиқаттығы тексеріледі, ақиқат өлшеміне сәйкес келсе, ол шынайы білімге айналады.
Таным жалпы алғанда шексіз процесс, бірақ адам танымының және танылатындықта белгілі бір шегі болуы мүмкін. Осы шектен әрі қарай танылмайтын, интеллигибельділік жайлайды. Бұл үдерістерді Н. Гартман 4 қабатқа бөліп көрсетеді: танылған, танылуға жататын, танылмаған, танылмайтын. Сондықтан философия тарихында «алдымен адам дүниені танып біле ала ма, білсе қандай деңгейде, таным нәтижелері шындыққа сәйкес келе ме?» деген сауалдар туындаған. Бұл мыңдаған жылдарға созылған пікірталас аймағы сәйкесінше көптеген бағыттар мен ағымдарды туғызды.
Скептицизм – объективті шындықты танып білу мүмкіндігіне күдік келтіретін ағым. Алғаш рет Антика дәуірінде қалыптасқан: Пиррон, Аркесилай, Карнеад, Энесидем, Секст Эмпирик және т.б. таным нәтижелерінің ақиқат болып табылмайтындығын дәйектеген. Агностицизм – дүниені танып білу мүмкіндігін толық немесе ішінара жоққа шығару туралы түсінік. Бұл терминді Гексли енгізген. Бұл бағытты: Д. Юм, И. Кант, иероглифтер теориясы, непозитивизм ағымы қолдайды. Мәселен, Юмнің түсінігі бойынша, объективті дүние бар ма, жоқ па ол шешілмейтін мәселе. Себептер мен іс-қимыл қатынасын интуициямен де логикалық талдау жасаумен де, дәлелдеумен де шығару мүмкін емес. Иллюзионизм – адам қабылдаған шындық, дүние, объекті сол күйінде бейнеленбейді, тек алдамшылар (иллюзиялар) түрінде көріну мүмкін деп санайды. Мәселен, И. Кант айтқандай: «Барлық заттар шынайы өмір сүреді деп санап, әрекет ет» деген тұжырым осы алдамшы қабылданған дүниеде әйтеуір өзі қалағандай тіршілік ететіндігі туралы ой ниетін береді. Наитивизм – танып білудің мистикалық сипаты туралы ілім. Осы бағытқа сәйкес, ақиқат – пікір таластыру арқылы емес, тосыннан берілген шабыттан туындап, құдайдың адамға жоғарыдан берген ойымен ашылады. Бұл көбіне теологиялық докториналармен тұжырымдалады. Иррационализм – ақыл мен ойлаудың танымдық мүмкіндігі шектеулі деп санайтын, интуиция, сезім, түйсікті танымның түп төркіні деп есептейтін философиялық бағыт. Бұдан интуитивизм бағыты бөлініп шығады да, рационалдық танымға қарсы болып, сыртқы дүниедегі білімдер ме мәліметтер интуицияға негізделеді деп, оны сананың ерекше қабілеті ретінде көрінетін, сезімдік тәжірибеге және дискурсивтік, логикалық ойлауға сыймайтын, шындыққа «тікелей» жетуді қамтамасыз етеді деп түсіндіреді. Интуитивизмнің негізгі өкілдері: Бергсон, Лосский т.б. Бірақ Р. Декарт дәлелдеудің дедукциялық формасы аксиомаларда жатыр, ал аксиомаларға ешқандай айғақсыз, таза интуиция ретінде жетуге болады деп түсінген. Сондықтан ол интеллектуальдік интуицияға маңыз бергенмен, оны бәріне ортақ жалпы қасиет деп санайды.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Метафизика мен гносеологияны ажыратыңыз.
Таным процесінің мағынасын ашыңыз: субьект және обьект.
Тану туралы әр түрлі көзқарстарды мысалдар келтіре отырып дәйектеңіз.
Гносеологияның негізгі қарастыратын мәселелерін мысалдар келтіре отырып түсіндіріңіз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
2. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
3. Нысанбаев Ә, Т. Әбжанов. Қысқаша философия тарихы.А.,1999ж.
4. Уәлиханов Ш. Қазақтардағы шамандықтың қалдығы//Таңдамалы шығармалар.-Алматы: Жазушы, 1985.- 2-басылым.- 560 б.
5.Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. Аристотель философиясы.-Алматы: Жазушы, 2005.- 3 т.- 568 б.
6.Философский энциклопедический словарь/Гл. редакция: Л.Ф. Ильичев, П. Н. Федосеев, С. М. Ковалев, В. Г. Панов — М.: Сов. Энциклопедия, 1983. – 840 с.
7.Ислам философиясы. Жиырма томдық.-Астана: Аударма, 2005.- 4. т.- 534 б.
8.Нурланова К.Ш. Человек и мир. Казахская национальная идея. – Алма-Ата: Қаржы-қаражат, 1994.-48 с.
№11 дәріс. Танымның сатылары
Таным сатылары туралы материалистік және идеалистік көзқарастар
Танымның сезімдік сатысы және интуиция
Танымның ақыл-ой сатысы және ғылым
Адамзаттың дүниені тану жөніндегі рефлексиялық танымы, яғни, «біз дүниені қалай тани аламыз, ол біздің санамызда, рухымызда қалай іске асады, қандай сатылардан құралады және қандай операциялар арқылы жүреді» деген сауалдар бойынша «таным үдерісі» арнайы құбылыс ретінде зерделенеді. Осыдан таным теориясында дәстүрлі түсінік бойынша екі саты ажыратылған: сезімдік (эмпирикалық) және ақыл-ой (теориялық). Біріншісі – екіншіге негіз, біріншіні екінші толықтырады деп түсініледі. Бұл дәстүрлі таным теориясындағы мәселе, кейбір ойшылдар үш саты бар деп тұжырымдайды. Олар да бірінен соң бірі келетін құрылымдар. Мәселен, И. Кантта; сезімдік саты, пайымдау және зерде.
Пайымдық саты – сезімдік пен теориялық арасындағы буын, яғни, сезімдік мәліметтер бірден теориялық деңгейге өтпейді. Кантта білім тәжірибе арқылы сұрыптау процесінде жинақталады. Сыртқы дүние туралы деректерді түйсік қана береді. Оларды танушы субъект тәжірибеге қатыссыз, априорлы түрде қалыптастырады. Адам заттар мәніне білімді өз тарапынан қосады, пайымдау жалпыға бірдей қажеттілік. Қиялдың өнімдік күші сезім – түйсіктік сана мен ақыл естің аралық буыны. Нақтырақ айтқанда, сезім мүшелерінен алынған бастапқы мәліметтер, әуелі пайымдалады, сосын зерде сынына түседі дегенді білдіреді. Зерде – теориялық танымға сәйкес ақыл-ой аймағын қамтиды.
Сезімдік деңгей – таным теориясында ақыл-ойға дейінгі алғашқы дүниені түйсінудегі мәліметтер алынатын саты. Сезімге қатысты, сезіммен қабылданатын деген мағынадағы құбылыстар мен үдерістерді қамтиды. Сезімдік таным сатылары; түйсік, сезім, қабылдау, елестету болып белгіленген.
Түйсіктер – сезімдік нервке әсер ететін мидың орталықтарының қозуының нәтижесін беретін физологиядағы органдар. Түйсік арқылы барлық психикалық процестер пайда болып, дамиды. Ол себепсіз пайда болмайды, адамның сезім мүшесіне сыртқы дүниенің әсері етуі арқылы қозумен тасымалданады. Түйсіктің; көру, иіс, дәм, тері сияқты түрлері болады. Түйсік адам мен жануарларға ортақ болғандықтан, бірінші сигнал жүйесі арқылы іске асады.
Сезім мүшелері – әсер ететін тітіркендіргіштер арқылы қозатын организмнің арнайы органдары. Ол әртүрлі сезімдердің (иіс, дәм, көру ж.т.б.) субстраты. Қазір олар арнайы приборлар арқылы өрісін кеңейтуде. Сезім мүшелерін психофизология саласы зерттейді. Түйсік пен сезім мүшелері жөнінде материалистік және идеалистік көзқарастар өзіндік қорытындыларын әр түрлі тұжырымдайды.
Материалистік – материализм ағымы негізіндегі көзқарас. Материализм – барлық шындықтың негізінде және субстанциясында материалдық қана емес, рухани және жандық тұрғыда да материя жатыр деп санайтын философиялық ағым болғандықтан, оған натурализм, эмпиризм, неопозитивизм бағыттары сәйкес келеді де, материалдылықтың алғашқылығын, руханилықтың соңғылығын жариялайды, сананы материя жемісі деп қарайды. Сондықтан материалистік тұжырымдамада біздің түйсіктеріміз сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының жеке қасиеті, мидағы бейнесі деп түсінеді. Бұл мәселе жөнінде орыс табиғат зерттеушісі, физологы – И. Павлов (1849-1936 ж) өзінің дәйекті тәжірибелерін ұсынды: адамның және хайуанаттардың нервтік жүйесін зерттеді, бірінші және екінші сигнал жүйесінің қызметіне тәжірибелер жасады. Шартты және шартсыз рефлекстерді ажыратты. Павлов түйсіктегі, мидағы анализаторлар жүйесі арқылы бұл актіні түсіндіріп, оларды жіктеді.
Бұған қарама-қарсы идеалистік тұжырымдамалар өрістеді. Идеалистік – идеализмдік түсініктерге сәйкес тұжырымдау деген мағынаны береді. Ал идеализм – метафизикалық түсінікте объективті шындықты идея, рух, ақылмен сәйкестендіре отырып, материяны рухтың көрінуінің формасы деп түсінетін ағым. Мәселен, Н. Мюллер – Иоганнес, неміс анатомы, физиолог, натурфилософ (1801-1858ж), физиологиялық психологиямен шұғылданып, сезім органдарының спецификалық энергиясы ілімін туғызды. Онда түйсік сырттағы тітіркендіргіштердің сипатына тәуелді емес, тітіркендіргіш тудыратын нервке байланысты деді. Сезім мүшелерінде энергия бар, зат әсер еткенде сол энергия еркіндік алады деген қағиданы ұстанды. Оның тұжырымдамасы физологиялық идеализм деп аталды.
Демек, анализатор дегеніміз – мидағы физиологиялық-психикалық талдағыш орталықтары. Сезім мүшесі сыртқы әсерді қабылдауға бейімделген аппарат болса, сезгіш нервтердің ұштары рецептор деп аталады. Бұл деңгей былайша жүзеге асады: тітіркендіргіш рецепторға әсер етіп, одан үлкен ми сыңарына афференттік нервтер арқылы беріледі. Осы процестердің іске асу уақытын латенттік уақыт дейді. Ол өте тез арада жүретін уақыт. Бұл схеманы Павлов талдағыш деп атап, оны 3-ке бөледі. 1) Сезім мүшелері; 2) Өткізгіш бөлімшелер; 3) Мидағы орталықтар. Бұл сатыдан өткен сыртқы дүниенің бастапқы ақпараттары, нәтижесінде түйсік болып жүзеге асады.
Бұндағы «афференттік» – қозу мен ми бағынасына және ми қабығындағы алаптарға жету жолы болса, «эфференттік» – қозу тез уақытпен (латенттік уақытпен) әртүрлі орталықтарға жетудің сәті ретінде тұжырымдалған. Сезім мүшелерінен кейінгі саты – қабылдау деп аталады.
Қабылдау – заттар мен құбылыстардың жалпы қасиеттерінің адамның сезім мүшелеріне тікілей әсер ете отыра мида тұтастай бейнеленуі. Түйсіксіз қабылдау болуы мүмкін емес. Қабылдау жеке қасиеттерді біріктіріп тұтастандырады. Қабылдауда әр талдағыш әр түрлі қызмет атқарады. Ол бұрынғы бар тәжірибе негізінде іске асады. Бастапқыдағы көру (формасын, түсін, көлемін т.б. ажырату), иіс пен дәм (нәрсенің қандай иісті екенін түйсіну мен дәмін сезіну бойынша) т.б. сезім мүшелерінің мәліметтері тұтаса келе сол объектінің өзін жалпылама қабылдауға өтеді. Қабылдаудың жеке адам практикасына, тәжірибесіне байланысты субъективті болып шындықтың қате бейнеленуін иллюзия деп атайды.
Иллюзия – таза фантазиялық түрде үстірт қабылдау, практикалық өмірде – жеңілдететін өзін алдау. Сырттай ақиқатпен сәйкес, бірақ арнайы тексерулер кезінде мүлде жалғандығы дәлелденеді. Мысалы, контраст иллюзиясында қарсы шек пен орташа, орташаны да келесі қарсы шекке байланысты айналдырады. Әлемді адамның таным аппараттары шынайы емес, иллюзия түрінде ғана жеткізе алады деп санайтын ағым – иллюзионизм деп аталады.
Қабылдау екі түрге бөлінеді: 1) Ықтиярсыз қабылдау – арнайы мақсат қоймайтын, еріксіз көңіл, көңіл бөлінуі саналы емес түрде жүретін қабылдау. Бұл тосын оқиға жағдайында ассоциация арқылы болуы мүмкін; 2) Ықтиярлы қабылдау – мақсат қоя, арнайы ерік белсенділігі бар түрде өтетін, нәтижесінің қажеттілігі де аса маңызды сипат алатын қабылдау түрі. Бірақ танымда ықтиярсыз және ықтиярлы қабылдаудың сапасы бірдей. Қабылдаудың нәтижесі байқаумен айқындалады. Байқау – сыртқы дүниедегі құбылыстардан мағына іздеумен оларды игеру мақсатында ниет пен мақсат қойылған қабылдаудың жоғары және ұзағырақ іске асатын түрі. Ол ғылым дамуында күрделене түседі де, экспериментпен тоғысады, түрі жағынан қарапайым (сырттай ғана) және қатысатын (іштен байқау) болып бөлінеді. Байқау қабылдауға қарағанда арнайы, ұзағырақ маңызды нәтижеге ұмтылатын құбылыс. Байқау нәтижелері оңды, дұрыс әрі тез іске асатын болса, ол байқағыштыққа өтеді. Байқағыштық – көзге көріне бермейтін, бірден байқалмайтын объектінің елеусіз жақтарын көре білу. Яғни, объектінің маңызды және маңызсыз, елеулі және елеусіз жақтарын тұтасымен қабылдау. Байқағыштық жеке адамның психологиялық сапасы ретінде бағаланады. Танымда сезім мүшелеріне, оны нақты тәжірибеден өткізуге басымдылық беріп, сол нәтижелерді ғана ақиқат ретінде тануды эмпириктер ұсынады. Эмпиризм – барлық танымдарды эмпирикадан (тәжірибе) шығады деп есептейтін философиялық ағым. Ол әдіснамалық көзқарас тұрғысынан – барлық өмірлік практика мен ғылым сүйенетін қағида. Оның екі түрі бар: 1) радикалды эмпиризм – сезімдік қабылдауды басты мағынада ұсынады; 2) келісімді (умеренный) эмпиризм – оны шешуші рөл атқарады деп түсіндіреді. Рационализмге қарама-қарсы ағым гносеологиялық эмпиризмнің негізін салушы – Локк болса, әдіснамалық эмпиризмнің негізін салушы – Ф. Бэкон бұл бағытты дәйектеушілер ретінде өзіндік теорияларын ұсынған.
Қабылдаудан кейін іске асатын елестету сатысы екінші теориялық деңгей мен бірінші саты аралығындағы немесе ақыл-ой сатысына өтпелі кезең болып саналады. Елестету – сол сәтте сезім мүшелерінде бейнеленбей тұрған объектінің жалпылама нұсқасын жасау. Ол да сезім мүшелеріне сәйкес өзіндік елестету түрлеріне ажырайды: көріп елестету, есту елесі, дәмді елестету т.б. Елестетулердің психикалық ауытқыған түрлері галлюцинациялар деп аталады. Демек, бірінші саты мынадай тізбекпен анықталады да: «түйсік – сезім – қабылдау – елестету», екінші сатыға қарай аяқ басады.
Екінші саты теориялық деңгей бірінші сатыдағы алынған мәліметтерді қорыту, өңдеу, сұрыптау, тексеру сияқты қызметтер атқарады, оның негізгі орталық қызметі ойлау болып табылады. Сондықтан алдымен ойлаудың не екендігін анықтап алу қажет.
Ойлау – заттар мен шындық құбылыстарын олардың елеулі белгілері бойынша бейнелендіретін және ондағы байланыстарды ашатын танымдық күрделі психикалық процесс. Ол белгілі бір мәселелерді шешумен, шындықты жанама бейнелендіру тәсілдерімен және оларды жалпылаумен байланысты жүзеге асады, мидың жоғарғы жемісі болып табылады. Ойлау тілмен, сөйлеумен, мимен тығыз байланысты құбылыс. Ол үнсіз, ішкі сөйлеу түрінде сезімдік және танымдық болуы мүмкін. Осыдан ойлаудың мәнін ашатын әр түрлі қырлары айғақталады:
- ойлаудың жалпылығы – адам ойлауда бір ұғымдарды жалпылап алады. Оның диалектикасы бұл жалпылық бойынша, жеке фактіден жалпы заңдылыққа ауысып отырады. Ол ойлаудың жоғары сатысы, әрі жанама сипатта арнайы құралдар арқылы шындықты тікілей емес бейнелеу және қашанда жалпы, мәселен, қабылданған нақты нәрсе тек сол нәрсе туралы мәліметтермен шектеліп қалмайды, соған ұқсас, қарама-қарсы, оған байланысты т.б. нәрселерді толғай бастайды.
- ойлаудың проблемалылығы – адам түсініксіз құбылыстармен кездесіп, олардың сырын ашуға ұмтылуынан туындайды, бұл проблемалылықтың негізгі шарты және талабы да осы болып табылады. Ойлау белгісіздікті білгісі келеді, белгіліні одан әрі таразылайды, белгісіз жақтарын аша түсіп тереңдей енеді, қажеттіліктен басталады. Ол үшін; 1) жаңа нәрсені бұрынғыдан айыра білу керек; 2) оның сырын ашуға ұмтылу; 3) мәселені шешу сияқты үш деңгейді бастан өткеру керек. Ойлау іс пен ойға қатысты алғанда, екіге бөлінеді: 1) практикалық ойлау немесе бейнелік ойлау. Бұнда адамның нақты бейнелерді, нәрселерді пайдаланып ойлайтын, іс-әрекет үстіндегі ойы қажетті нәрсесіне бағытталады; 2) теориялық ойлау – абстрактілі ұғымдар бойынша жалпы қағидалар туралы ойлау. Теориялық ойлаудың жоғарғы формасы заң мен заңдылықтар ашу, ғылыми болжам жасау. Яғни, нақты фактілер мен заттарсыз абстрактілі дәрежеге көтерілу.
Ойлау үдеріс ретінде күрделі құбылыс, сондықтан оның ақиқатқа жету бағытындағы қызметі мен деңгейлері ойлаудың формалары арқылы жүріп отырады. Ойлау формалары – ойлау процесінің формальді ұйымдасуының түрлері мен тәсілдері, оның мазмұндық компоненттерінен абстракцияланған көрінісі болып табылады. Бұны логика ілімі зерттейді. Логика – формальді, диалектикалық, математикалық, көп мәнді логика т.б. түрлерге ажыратылған болғанмен, жалпы көпшілік мойындаған ғылыми танымның баспалдағы ретінде формальді логика ұсынылады.
Формальды логика – ой формаларын, ұғымды, пікірді, ой түйіндеуді дәлелдеуді, ойлаудың құрылымдық жақтарын, оның мазмұны мен бөліктері және байланысының тек жалпы тәсілін жіктей отырып зерттейтін логика түрі, философия ғылымының саласы. Оның негізін салған б.э.б. бұрынғы 4 ғасырларда өмір сүрген көне грек ойшылы Аристотель деп саналады, дегенмен, бұл ілімнің бізге белгілі тарих бойынша түп бастаулары б.э.б. 8-4 ғасырлардағы көне үндідегі «няя» мектебінде зерделенген болатын. Формальді логика логикалық түсініктерді, ойлау операцияларын (абстракциялау, анализ, синтез, салыстыру, ұқсату ж.т.б.) зерттейді және логиканың заңдарын дәйектеп, қайшылықты пікірлерді таразылаумен шұғылданады. Формальді логиканың тұжырымға келу үшін, парасатты түйіндеулерді тиянақтау үшін қажетті сатысы мынадай категориялар жүйесі арқылы сатылап іске асады: «Ұғым – Пікір – Ой қорытындысы».
Ұғым – заттардың, құбылыстардың елеулі белгілерінің біркелкілігі жағын жалпылама білдіретін теориялық таным формасы. Ұғымның сезімдік, көрнекілік формасы жоқ, ол сөз, атау күйінде ғана болмысты бейнелеудің концептісі. Оның сөз түріндегі жалпыламалығы бар бола отырып, елестер негізінде жинақталатын ой формасына айналады. Мәселен, Терек ұғымы, Өсімдік ұғымы, Табиғат ұғымы т.б. нақты сол нәрселер емес, соны білдіретін ойдағы атаулардың жиынтығы. Ұғым: күрделі және қарапайым, тар, әрі кең, абстрактілі және нақтылы ж.т.б. болып бөлінеді.
Жалпы ұғым – текке қатысты, тектік жалпыға ортақ, мазмұны шағын, көлемі үлкен ұғымдар. Жеке ұғымға қарама-қарсы бола отырып, екі немесе одан да көп жеке ұғымдардың жиынтық түсінігін береді. Мысалы: тірі организмдер – жалпы, жеке ұғым – адам, жануар және т.б. Жеке ұғым – жалпыға қарама-қарсы бір ғана нәрсені білдіретін, дара мазмұны кең, көлемі шағын ұғымның түрі. Мәселен, табиғат ұғымына қарағанда, өсімдік ұғымы жеке болып табылады. Бірақ жеке мен жалпы түсініктері шартты. Жеке жалпыға, жалпы жекеге айналып отырады.
Нақты ұғым – факті, нәрсе ретінде сипатталатын, оның мазмұнын бере алатын ұғымның түрі. Материалдық нәрселерді сипаттайды; ағаш, су т.б. Абстрактілі ұғым – дерексіз, заттармен нәрселердің маңызды белгілерін бөліп алып қарастырған ұғым түрі. Материалдық емес заттар мен құбылыстарды білдіреді: бақыт, қуаныш т.б. Бірақ бір ескеретін жайт, абстрактілі мен жалпы, нақты мен жеке түсініктері бір емес, мысалы: адам – жалпы, нақты; қуаныш – жеке, абстрактілі. Абстрактілі нақтыға айнала бермейді.
Теориялық таным ұғымнан басталып, одан пікір құралады да, ол ой қорытындысын жасайды. Осы ой қорытындыларынан іргелі тұжырымдама немесе идея тиянақталады. Ұғымнан кейінгі келесі саты – пікір. Пікір – бір нәрсені қостау немесе терістеу бойынша құбылыстар арасында байланыс орнататын ұғымдар бірлігі. Мәселен, Жер шар формалы өз осінен айнала қозғалатын планета. Бұл қолдаушы пікір. Күн планета емес. Бұл – терістеуші пікір. Ал «Жерді планета деп есептейміз бе?» бұл пікірге мүлде жатпайды, себебі, бұнда терістелу де, бекітілу де жоқ, тек сауал ғана. Пікір – субъект мен предикаттан және дәнекерден тұрады. Субъект – пікірде не нәрсе туралы айтылып жатырғандығы, ал предикат – оның сипаты, дәнекер –байланыстырушы аралық буын Мәселен, жоғарыдағы келтірілген мысал бойынша: «Жер» - субъект, «өз осінен айнала қозғалатын планета» оның сипаты болғандықтан предикат. Егер де пікір «жер дегеніміз» деп басталса, «дегеніміз» деген сөз – дәнекер болып табылады.
Демек, пікір субъектісі – пікір құрылымының маңызды элементі. Пікір нәрсені білдіреді, белгіленуі – S, ол не туралы айтып жатырғанымыз, пікір нәрсесі. S – сөйлем мүшесіндегі субъектіге сәйкес келуі де, келмеуі де мүмкін. Ал пікір предикаты – пікір құрылымындағы оның белгісін білдіретін элементі. Р – предикат белгісі, ол формальді логикада субъектіден бұрын не кейін де келуі мүмкін. Синтаксистік предикатқа сәйкес келмеуі де мүмкін. Пікір : S-Р немесе Р-S болып құрылады.
Пікір түрлері дегеніміз – пікірлерді зерттеуде оның құрылымы жөнінен: қарапайым, күрделі; сапасы жөнінен: бекітілетін, терістелетін; қатыстылығы жөнінен: категориялық, гипотекалық, ажырататын; модальдылығы жөнінен: проблемалық, ассерторикалық, аподиктикалық ж.т.б. болып бөлінеді.
Терістеуші пікір – пікір анықтамасына сәйкес ойдың бекітілмеуін, жоққа шығарылуын білдіретін пікір түрі. Оның тілдік көрінуі; «емес», «жоқ», «не», «болмайды» ж.т.б. сөздердің қатысуы түрінде көрінеді. Қолдаушы пікір – терістеуші пікірге қарама-қарсы ойды, нәрселер мен заттар арасындағы қатынасты бекітеді. Тілдік көрінуі; «бар», «дегеніміз» ж.т.б. Онда терістеуші дәнекерлер қолданылмайды.
Қарапайым пікір тек бір ғана тұжырымды білдірсе, күрделі пікір екі не одан да көп пікірлерді жинақтайды. Күрделі пікрлердің өзі құрамындағы пікірлердің байланысу тәсілдеріне қарай: импликациялы, дизьюнктивті, коньюнктивті т.б. болып бөлінеді. Теориялық танымда ұғымнан кейінгі саты пікір болатын болса, одан ой қорытындысы жасалады.
Ой қорытындысы – бірнеше пікірлерден жаңа қорытынды шығаратын формальді логикалық тәсіл. Алғышарт пікірлерден қорытындыға ауысу логиканың белгілі бір ережесі бойынша жүзеге асады. Ол ойлау формасы қызметін атқарады, оның шеңберіндегі абстрактілі ойлау сатысында әлемді танып білуге жол ашылады. Сондықтан оның алғышарттары ақиқат болса, ой қорытындысы да ақиқат болуы керек. Мәселен, қарапайым ой қорытындысы: «Барлық металдар ток өткізеді; Алюминий металл; Олай болса алюминий ток өткізеді» болып құрылады. Ол екі түрге бөлінеді; индуктивті, дедуктивті. Индуктивті жекеден жалпыға қарай жүрсе, дедуктивті жалпыдан жекеге қарай жүреді.
Демек, дедуктивті ой қорытындысы дегеніміз – жалпыдан жекеге, жалпы жағдайдан ерекшеге қарай жүретін ойлау жолына сәйкес силлогизмнің түрі. Дедуктивті әдіс көбіне математикада қолданылады. Дедукциялық қорытынды жағдайындағы алғышарттарда салдар жасырын түрде, логикалық талдау әдістерін қолдану нәтижесінде шығады. Р.Декарт танымның нәтижелі болуында дедукция әдісін ұсынды.
Индуктивті ой қорытындысы дегеніміз – дедукцияға қарама-қарсы. Яғни, жекеден, ерекшеден жалпыға, заңдылыққа қарай жүретін ойлау жолына негізделген ой қорытындысы. Индукция жолымен алынған білім-индуктивті деп бұны пайдаланатын ғылымдар – индуктивті ғылымдар деп аталады. Индукциямен айналысатын логика бөлімі индуктивті логика. Индуктивті әдісті Ф.Бэкон қолдаған.
Сонымен қатар бұндай пікірлерге, ой қорытындысына жету үшін ұғымдар құралдар ретінде пайдаланылады. Бірақ ұғымдар бірден сол күйінде дайын өнім емес, оларды өңдеу, шындыққа сәйкестендіру, пікірге дейін анықтап алу қажеттігі туындайды. Сондықтан ұғымдар арасында мынадай логикалық операциялар жүргізіледі.
Ойлау операциялары – логика мен психология объектісі болатын ойлаумен ұғымдар арқылы жүргізілетін түрлі логикалық амал-тәсілдер: жалпылау, жүйелеу, топтау, салыстыру, талдау, жинақтау. Жалпылау – жеке ұғымды ортақ белгілері бойынша жинақталатын тектік ұғымына біріктіру. Мысалы, «жас емен ағашы – емен ағаш – (бұл жас еменге қарағанда жалпы, себебі, оған жас та, кәрі ағаш та т.б. барлық емендер енеді) – өсімдік (бұл емен ағашына қарағанда жалпы, себебі, оған тек қана емен ағашы емес, бүкіл ағаштардың барлығымен қоса, биосферадағы өсімдік атаулы түгел енгізіледі) – табиғат (бұл өсімдікке қарағанда жалпы, себебі, бұл ұғымға тек өсімдіктер ғана емес, тірі организмдер мен өлі табиғат тұтаса енеді, бірақ өсімдік бұл жалпының құрамында сақталып тұрады) – әлем (тек табиғат қана емес, бүкіл ғарыш, галлактика, сонымен қатар рухани дүние тұтасымен еніп кетеді және табиғат әлемнің бір бөлігі ретінде бұл ұғымның ішінде сақталып тұрады). Жалпылау шексіз емес, ол шеткі философиялық категорияларға барып тіреледі. Қарама-қарсы операция – шектеу, яғни, жалпы ұғымды жекелерге ажырату. Мәселен, «адам – судент – білімді студент ...»
Жүйелеу – топтау тәрізді бір топ ішінен кішкене топтарды ортақ белгілеріне қарай бөліп алатын ойлау операциясы. Құрылымы күрделі объектілерді түрлі типтер мен кластар жүйелеріне конструкциялау және зерттеу әдістерімен шұғылданатын ғылымдағы әдіснамалық бағыт. Онда: 1) жүйелер ретінде көрсету құралдарын жасау; 2) жүйелердің жинақталған үлгісін жасау; 3) жүйелер теориясының құрылымын зерттеу сатылары іске асырылады.
Топтау – салыстырудан шығатын заттардың класс, топ, тектерге бөлінуіне байланысты ортақ белгілерін негізге алып іске асатын логикалық операция. Ол салыстыру арқылы анықталады да, бір негізді басшылыққа алады, ол әр түрлі бола беруі мүмкін. Мәселен, биологиядағы сүт қоректілер, құстар т.б. класы.
Анализ – бүтіннің құрамдас бөліктерге ойша ыдырауы және одан жаңа білім алатын логикалық операция. Бүтінді бөлшектеу оның құрылымын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, бірліктің көптікке, бүтіннің бөлшекке, күрделінің оның элементтеріне, құбылыстың жеке баспалдақтарына, ұғым белгілеріне қарай ыдырауы. Бұл әдіс – аналитикалық әдіс деп аталады. Ол қарапайым, себепті, феноменологиялық, логикалық, психологиялық анализ болып бөлінеді. Мәселен, психологиялық анализде адам психикасындағы пайда болған құбылыстың шығу себептерін ұғымдар мен түсініктерге талдайды.
Синтез - әртүрлі құбылыстарды, заттарды, сапаларды, қарама-қарсылықтарды, қайшылықтарды біріктіруден тұратын логикалық операция. Анализге қарама-қарсы. Синтез нәтижесі компоненттердің сыртқы бірлігінің қасиеті ғана емес, олардың өзара өтпелілігі мен өзара әсерінің де нәтижесін білдіретін жаңа білім алу болып табылады. Анализге де әуелгі синтездік бірлік қажет. Мысалы, 1 синтез – анализ – 2 синтез.
Салыстыру – әртүрлі құбылыстарды ұқсастығы мен айырмашылығы бойынша анықтау, бірдей емес объектілердің кейбір жақтарының салаларының қатынастарының ұқсастығына қарайды. Мысалы: А-ның «а,в,с,д,е» белгілері бар, В-нің «а» белгісі болуы мүмкін. А-ның мынандай шарттары бар: 1) ол мәнді белгілерге және объектілерінің көбірек ұқсас қасиеттеріне негізделуі тиіс; 2) қорытынды жасайтын белгі объекті белгілерімен тығыз байланыста болуы тиіс және т.б. Мәселен, қауымдасудың жануарлардағы және адамдардағы түрлерін салыстыруға болады. Себебі, екі құбылыс та ұқсас, бір-бірін қайталайды. Бірақ тура сәйкес емес. Осыған орай, бірлесу, барлығының бір мақсатқа жұмылуы, топ мүшелерінің бір-бірімен келісімді қатынасы сияқты белгілер екеуіне де ортақ, ал айырмашылықтары неде деген сауал туындайды. Адам бірлестігі қоғам деп аталады, ал хайуанаттардікі үйір, сәйкесінше, қоғам мүшелері тіл арқылы қатынас жасайды, ал үйір әр түрлі сигналдар арқылы т.б.
Ұғымдармен жүргізілетін операциялардың бірі абстракциялау. Абстракциялы – абстракция – дерексіздену деген түсініктермен астасып жатыр. Абстракциялау әр түрлі ұғымдардың пайда болуының қажетті шарты. Абстрактілі ұғымдарда ғана берілген, көрнекілікте емес, жанамаланған, абстракциялау нәтижесі, барлық ойлаудың шынайы нәтижесі. Яғни, заттардың немесе құбылыстардың елеулі қасиеттерін бөліп алып, одан ажырату абстракциялаудың негізгі сипаты.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Қабылдаудың негізгі ерекшеліктері мен түрлеріне талодаулар жасаңыз.
Түйсік пен елестету құбылысын түсіндіірп, мысалдар келтіріңіз.
Рационалдық таным сатыларын көрсетіңіз.
Формальді логикадағы операцияларды түсіндіріңіз және мысалдар келтіріңіз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008
2. Ақназаров Х.З. Философия тарихынан дәрістер курсы. А., 1992 ж
3. «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. –Алматы: Жазушы, 2006 ж.
4. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
5. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
6. Нысанбаев Ә, Т. Әбжанов. Қысқаша философия тарихы.А.,1999ж.
7.Соловьева Г.Г. Современная западная философия (от Серена Кьеркегора до Жака Деррида).-Алматы: Института философии и политологии МОН РК, 2002.-465 с.
8.Сартр Ж.П. Бытие и ничто: Опыт феноменологической онтологии/ Пер. с фр., предисл., примеч. В. И. Колядко. — М.: Республика, 2000. -639 с.
№12 дәріс. Білім мен ғылыми таным мәселелері
Білім және оның түрлері мен формалары
Ғылыми таным және оның ерекшеліктері
Ғылыми танымдағы әдіснамалық бағдарлар
Таным белгілі бір білімдерді жинақтауды қажет етеді және ол танымның ең түпкі, нақты нәтижесі болып табылады. Білім дегеніміз – адам ойлауындағы шындықтың бейнелеуіндегі таным нәтижелерінің практикамен тексерілуі. Білім ғылыми және ғылыми емес болып бөлінеді. Ғылыми білімге дәстүрлі білімдер, әсіресе академиялық парадигмалар жатқызылса, ғылыми емес білімге жалған ғылымдар (астрология, алхимия және т.б.) және діни сенімдер негізінде жинақталған ілімдер жатады. Білім эзотериялық және эзкотериялық болып болінеді. Эзотериялық білімдер тек белгілі адамдар тобына арналған, көпшілікке жариялауға болмайтын құпия білімдер (мистикалар, оккультизмдер және т.б.), ал экзотериялық білімдер көпшілікке арналған маман емес адамдарға да ұғынықты білімдер.
Білімдердің дамуын және мәнін ғылым философиясы зерттейді. ХХ ғасырдағы непозитивизм ағымы ғылыми білімдердің дамуын зерделеп, нақты нәтижелер ұсынған. (Поппер, Кун т.б.). Ғылым философиясы – ғылымды адам іс-әрекетінің ерекше аясы және ұдайы дамудағы білім жүйесі деп қарайтын философия тарауы. Жаңадан пайда болған ғылыми білімдерге көңіл бөледі. Ғылымның белгілі бір сатысының эмпирикадан тәуелсіз, жеке дербес екендігін мойындап, жаңа ғылыми білім алуда эмпирика арқылы дәлелденбейтін дүниеге көзқарастың бар екендігі де мойындалады. Неопозитивизмнің бір саласы логикалық позитивизм ғылым философиясының идеялық негізі ретінде ғылыми білімнің логикалық құрылымын зерттейді. Оның көрнекті өкілі К.Поппер ғылыми білімнің өсуін эпистемологиялық мәселе ретінде қарап, эволюциялық эпистемологияға ұластырды. Білім өсуін эволюциялық, биологиялық дарвиндік теория бойынша ұғынған. Ғылыми білімні өсуін мынадай алгоритммен береді: Р1 – ТТ – ЕЕ – Р2, яғни, Мәселе – Байқап көру – Қатаң сынау – Жаңа мәселе сатылары арқылы білім өрбиді. Кейіннен постпозитивизм мен постмодернизм бағыттарында ғылыми білімнің дамуы қатаң логикалық шарттардан ажырау керек екендігі қолға алынды. Мәселен, постпозитивистер тіпті ғылым мен мифтің арасында айырмашылық болмайды деп түсіндірсе, постмодернизмде бейсызықтық ғылымдар жүйесін мойындау ұсынылады.
Ғылымда білімдердің тәртіптелген байланысы бар, шындыққа тұтастай жекелеп, кейбір қырларына қатысты мәселелер мен болжаулар (гипотеза, теория) құрылады. Формальді логикалық әдістер бойынша табылған: индукция, дедукция, синтез, анализ ж.т.б. ілімдер жүйесі дәлелденген түрде жарияланады.
Ғылым емес білімдер ғылыми ерекшеліктері сақталмаған, сенімге, дәстүрге, көпшілік түсінігіне, тарихилық қағидаға, мистикалық ілімдерге сүйенген, онда себеп-салдарлық жүйенің қатаң еместігі, дәлелсіздік, тиымдар мен беделдер арқылы канондық түсініктер жинақталады. Жалған ғылымдар дегеніміз – қазіргі ғылымилық талаптарына, нормаларына сай емес, қағидалары негізсіз деп алынған, мистикалық немесе діни негіздегі, оккультизмдік сипаты бар өзінше ғылыми жүйе. Олардың да өзіндік даму тарихы, ойшылдары, тәсілдері, сүйенер қағидалары бар. Сондықтан олардың кейбірін ғылыми және жартылай ғылыми деп атауға болады. Мысалы, астрология, алхимия, халықтық медицина, оккультистік философия т.б. Астрология – (астрим-жұлдыз, логия-ілім деген мағынада) ғарыш кеңістігіндегі жұлдыздарды, планеталарды түсіндіру мен олардың қозғалысы жердегі адам тағдырына әсері бар деп есептейтін түсініктер жүйесі. Мәселен, адамның тууы туралы жұлдыздарға байланысты жүйе «гороскоп» деп аталады. Яғни, жұлдыздар атаулары мен олардың қозғалысының кестесі де арнайы жасалған. Астрология негізінде астрономия ғылымы пайда болған.
Алхимия – химия ғылымы дамуына дейінгі бағыт. Алхимиктердің негізгі мақсаты әу-баста «философиялық тасты» табу (ұлы элексир, ұлы магистерии, қызыл тинктура) болған. Бұл «тастың» негізгі шарттары: қарапайым металды алтын немесе күміске айналдыру, емдік қасиеттері: ауруды емдеу, жастық шақ пен энергияны қайтару, өмірді ұзарту, мәңгі өмір сүргізу т.б.
Парапсихология – табиғи жаратылыстық негізде түсіндірілуге тиістілігіне қарамастан, табиғаты жөнінде мұндай емес жандық күштер туралы ілім. Псигамма-феноменін (көріпкелдік), пси-каппа-феноменін (психокинез-қашықтықтан объектіге рухани әсер) ажыратқан Райна парапсихологияны зерттеуші ретінде келелі түйткілдерін ұсынды. Бұнда биоэнергия, биоток, транс ж.т.б. түсініктер мен ұғымдар жүйесі бар.
Дәстүрлі сенімдер – кейбірінің шығу төркіні белгісіз, кейбірі ежелгі діни мистикалық сенімдер синтезінен, тәжірибеден сұрыпталып шыққан білімдер жүйесі, ырым-тиымдар, дүниеге көзқарастар, арнаулы ілімдер болса, ырым-тиымдар – көбіне этикалық, гигиеналық, этикеттік түсініктер жүйесін құрайтын практикалық канондық сенімдер. Түп тамырында себепсіз салдар жатырған негізгі бастамалар, ол негізделуі жоқ тиым салулардан құралады. Дегенмен, ырым-тиымдар өзіндік ұстанымдары бойынша қатаң негізделген, бірақ бұл негізделу ғылыми өлшемдерді қанағаттандыра қоймайды. Ал діни сенімдер – алғашқы діни сенімдер деп аталатын (фетишизм, магия, тотемизм, миф, политеизм) формада жинақталған ғылыми емес дүние туралы білімдер жүйесі.
Білмдер ғылыми, ғылыми емес, көркемдік-образдық т.б. болып бөлінеді. Ғылыми емес білімдер былай жіктеледі:
- парағылыми (пара-грекше «жанында» деген мағынада), ғылыми өлшемдер тұрғысынан көз жеткізілмейтіндер (парапсихология);
- алдамшы ғылыми, ойдан, қиялдан шығарылған, психиканың ауытқыған қызметінен туындайды;
- жалған ғылыми, күштеу мен мәжбүрлеуге сүйенедін білімдер жиынтығы;
- антиғылыми, шындықты саналы бұрмалау және утопиялық білімдер (ғылыми коммунизм);
- күнделікті-қарапайым білімдер, алдын-ала дәлелдеуді қажет етпейтін және жүйесіз. Ол көбіне жазба мәдениетке қатыссыз, ауызша тарайды;
- халықтық ғылым (этнонаука), белгілі бір халықтық ділге байланысты қалыптасқан (емшілер, экстрансенстер т.б.).
- діни білімдер. Дінге қатысты барлық ақпараттар мен кітаби көздер.
Ғылыми білім ерекшеліктері:
1.Шындықтың обьективті заңдылықтарын табу;
2.Болашақты көре білу; прогноз, жоспар, бағдарлама, жоба т.б.
3.Жүйелілік
4. Әдіснамалық рефлексия
5.Обьективті ақиқатты жоғары құндылық пен тікелей мақсат ретінде қою
6.Жаңа білімдерді өндіру мен жаңғырту
7.Идеалды және материалды құралдарды қолдану
8.Жеткілікті дәлелді болуы
9.Тәжірибеде тексерілу мен нәтижелері қайталанатындай болуы т.б.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Білімнің мағынасын және оның түрлерін ашып беріңіз.
Білімнің ғылыми емес түрлеріне талдаулар жасаңыз.
Ғылыми білімнің негізгі ерекшеліктерін сипаттаңыз.
Ғылыми және ғылыми емес білімнің айырмашылықтарын табыңыз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Әбішев Қ. Философия. А., 2008
7. «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. –Алматы: Жазушы, 2006 ж.
8. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
9. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
№13 дәріс. ХХ ғасырдағы білім мен ғылым философиясындағы әдіснамалық бағдарлар
Позитивистік-неопозитивистік-постпозитивистік-постмодернистік ұстаным
Герменевтика мен феноменология, структурализм мен постструктурализм
Психоанализ бен синергетика
ХХ ғасырдағы ғылым философиясы мен әдіснамасы: философиясы және әдіснамасы ретінде екі сала ретінде қарастырылғанмен, екеуін бір парадигмада зерделеу соңғы жылдары қолға алынған. Бұнда ғылыми білімдердің қалыптасуы, ғылыми таным әдістері мен әдіснамалары, жалпы ғылыми таным парадигмалары т.б. мәселелер сарапталады. Ғылым философиясының аясына ғылым тарихының философиялық мәселелері де енгізіледі. Осыған орай, ХХ ғасырда қалыптасқан және жалпы ғылыми танымның, әсіресе, қоғамдық ғылымдардың әдіснамасына айналып отырған философиялық бағыттар мәдени-рухани аймаққа да кеңінен әсер етті. Олар әуел баста философиялық ағымдар ретінде пайда болған болатын.
Позитивизм (позитивті – оңды, дұрыс, жағымды деген мағыналарды береді) – парадигмалық танымдық әдіснамалық құрылым болып табылатын, нақты ғылымдарды шынайы білімнің көз деп есептейтін бағыт. Оның бастапқы идеялары Юмның, Даламбердің еңбектерінен көрініс тапқанмен, оның негізін салушылар ретінде – Конт пен Спенсер аталады. Ол жорамалды, теориялық спекуляцияны, идеализмді, спиритуализмді, рационализмді теріске шығара отырып, бұрынғы: болмыс, мән, себеп, рух сияқты ұғымдар мен түсініктер ғылыми тексерілуге жатпайтын, тәжірибеде айқындалмайтын болғандықтан, мәңгі шешімін тапппайтын жалған мәселелер немесе өзінің мағынасын жойған деп есептейді. Сондықтан оларды метафизикалық мәселелер деп жариялап, өзінің бағытын метафизикалық емес, дұрыс бағыт деп түсінеді. Бұны аймақ бойынша франциялық; Литтре, Тэн, Ренан; Ағылшындық: Милль, Спенсер; немістік: Дюринг, Шуппе т.б. деп ажырату дәстүрге айналған.
Осы ағым негізінде неопозитивизм пайда болып, бұлардың негізгі идеялары постпозитивизм ағымымен жоққа шығарылды. Сондықтан позитивизм эволюциясын: 1) бірінші позитивизм: Конт, Милль; Спенсер, Литтре; 2) екінші позитивизм немесе эмпириокритицизм: Мах, Авенариус; 3) неопозитивизм: Поппер, Айдукевич, Уисдом, Остин және логикалық позитивизм: Шлик, Карнап, Нейрат т.б; 4) постпозитивизм – әдіснамалық радикализмді жұмсартуға бағытталған түрі: Кун, Лакатос, Тульмин, Фейерабенд т.б деп ажыратуға болады. Демек, позитивизм тамырлары ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда-ақ қалыптаса бастаса, ол ХХ ғасырда неопозитивизмге өтті.
Неопозитивизм – шындық туралы білімді күнделікті және нақты ойлау арқылы алуға болады, ал философия ойлаудың нәтижелерінен көрінетін тілді талдауды қолға алуы тиіс. Философиялық талдаулар объективті шындыққа таратылмайды, ол тек мәліметтермен, тәжірибемен, тілмен шектеліп отырылады. Ал тілдің объективті шындықты бере білу сәйкестігіне назар аудару керек. Сондықтан философияның міндеті күнделікті тілді зерттеумен айналысу деп біледі. Бұл бағыт жалпы неопозитивизм деп аталғанмен; логикалық атомизм, логикалық позитивизм, жалпы семантика, неореализм, аналитикалық философия, лингвистикалық философия, сыншыл рационализм сияқты салаларды қамтитын іргелі ағым ретінде пайда болады.
Логикалық атомизм шындық туралы көптүрлі және номиналистік ілім ретінде ХХ ғасырдың 20 жылдарында қалыптасты:Рассел, Витгенштейн. Бұнда жетілген логикалық тілді сараптау басшылыққа алынып, әлемді бір-бірімен сырттай байланысқан атомарлық айғақтардың, яғни, жеке-жекелердің жиынтығы деп қарастырды.
Аналитикалық философия – тілді талдау барысында жалған проблема ретінде қойылған түйткілдерді ажырату керектігін немесе олар мүлде философияға қатысы жоқ болуы мүмкіндігін көрсетті. Ал табиғи тілдердің деректерін зерттеу лингвистикалық философияға ұласты. Яғни, дүниені бейнелейтін таным нәтижесі тілмен берілетін болғандықтан, мәселе, осы тілде деп байыптап, оны зерттеуді арнайы қолға алу керектігін тереңдетуді мақсат етеді. Бұл ХХ ғасырдың 40-50 жылдары Англияда пайда болды: Дж. Остин, Дж. Уисдом т.б.
Жалпы тілдік талдау философиясының көрнекті өкілдерінің бірі –Витгенштейн Людвиг (1889-1951 жж.) австриялық философ, логик,математик. «Логикалық-философиялық трактатында» жетілген тілді математикалық логиканың тілі деп түсіндіріп, философия тілдің сынына айналды. Бірақ өзінің кейбір ойларынан бас тарып, бұларды «тілдік ойындар» ретінде бағалады.
Логикалық позитивизм Вена үйірмесі арқылы (О. Нейрат, Ф. Франк, Г. Фейгль, X. Рейхенбах т.б) ХХ ғасырдың 20 жылдары қалыптасқан бағыт. Ол білімді формальдандыру мен математикаландыру кезіндегі таңбалық-рәміздік құралдарды, шындықты тілмен бейнелеудің тәсілдерін зерделейді де, оны философиялық-әдіснамалық талдаудың пәні деп біледі, сондықтан шынайы философия ғылым тіліне логикалық талдау жасаумен айналысуы тиіс деген ұстанымдарды енгізіп, бұдан біртұтас ғылым құру мақсаты айқындалды. Бұдан 30 жылдары логикалық эмпиризм деп аталатын бағыт туындады да, бұл субъектінің ішкі толқуларынан туындайтын тілді емес, физикалық құбылыстарды сезімдік қабылдайтын заттық тілді сараптауды басшылыққа алуды көздеді.
Неореализм – АҚШ-тағы ХХ ғасырдың 30 жылдары менҰлыбританияда пайда болған бағыт: Дж. Э. Мура, Р. Перри, У. Марвин, Э. Холт, У. Монтегю, У. Питкин, Э. Сполдинг т.б. Бұнда идеализм мен материализмге қарсы көзқарастар айтылғанмен, қабылданатын заттың санада тікелей бейнеленуін қолдайтын пікірлер дәйектеледі. Мәселен, Мур кеңістік пен уақыттың шынайы өмір сүретіндігін дәйектеуге ұмтылады. Нәрселердің өздерін қатынастардың тәуелсіздігі құрайды деп, «сыртқы қатынастар теориясын» негіздейді. Ал «спекулятивті космология» ілімінде сана дамудың кеш қалған буыны ретінде объектілердің танымнан тәуелсіздігі негізделеді.
Поппер Карл Раймонд (1902 жылы туған) ағылшын философы, логик, әлеуметтанушы. Негізгі шығармалары: «Ғылыми зерттеудің логикасы», «Ашық қоғам және оның жаулары», «Тарихшылдық жұтаңдығы», «Болжам және теріске шығару», «Объективті білім» т.б.
Ол ғылыми білім, оның өсуі, фальсификация, метафизика мен ғылым демаркациясы, оның өлшемдері мәселелерімен шұғылданып ғылым методологиясы, яғни, ғылым философиясындағы неопозитивизмнен постпозитивизмге бет бұрды. Поппер индуктивтік логика мен эмпиризмді сынауға кіріседі де, дедуктивті логикадағы «модус толентін» ұсынады. Верификацияланбағандарды метафизикалық мәселелер деп табады. Ол барлық теорияларды жоба (гипотетизм) деп табады да ақиқат, не жалған ұғымдарын метафизикалық мәселе деп, объективтілікті қолдайды. Ақиқатқа жету, оған ұмтылу, оның өлшемі тәрізді түсініктерде шынға ұқсастық (правдоподобность) ұғымын ұсынады. Онда ақиқаттың салыстырмалылығы мәселелері қозғалады.
Поппер танымдағы психологизммен (Бэкон, Юм, Рассел) күреседі. Ол шындықты үшке бөледі: физикалық әлем, психикалық әлем, ойлаудың объективті мазмұны. Үшінші әлем автономды, рухани-ғылыми тұжырымдар, заңдылықтар. Білім білусіз-ақ білім, білетін субъектісіз объективті деп тұжырымдайды.
Ол ғылыми білімнің өсуін эпистемологияның басты мәселесі ретінде қарап, эволюциялық эпистемологияға ұласады. Алғашында ол шындық тәрізділік дәрежесінің өсуі ғылыми теорияларды кезекті ауыстыру – ғылыми білімнің өсуі десе, ғылыми білімді Р1-ТТ-ЕЕ-Р2 яғни, мәселе, байқап көру, қатаң сынау, жаңа мәселе, яғни өсу – қателердің элиминациялануы деген. Білім өсуін биологиялық дарвиндік заң бойынша ұғынған.
Позитивизм ағымынан кейінгі пайда болған постпозитивизмпозитивизмнің негізгі қағидаларына түбегейлі қарсы болды. ХХ ғасырдың екінші жартысына қарай өріс ала бастаған бұл бағыттың негізгі өкілдері ретінде – К. Попперді, Т. Кунді, Тульминді, Лакастосты, Фейербендті т.б. атауға болады. Оның мынандай негізгі қағидалары бар:
- символикалық логика бағдарынан арылып, ғылым тарихына назар аудару. Логикалық позитивизмдегі формальді логикалық құрылым мен ғылым тіліне логикалық талдау, негізгі формальдік қатаң жүйеге емес, шынайы ғылыми білім мен тарихына назар аударуды көрсетті.
- әдіснамалық зерттеулер проблемасында мәнді өзгерістер тудырды, ғылыми білімнің дамуын түсінуге ұмтылды: жаңа теория қалай пайда болады, қалай мойындалады, бәсекелі ғылыми теориялар мен оларды салыстырудың өлшемі неде, баламалы теориялардың арасында қарым-қатынас бола ма ?- деген түйткілдерге жауап іздеді.
- қатаң шектелген линиялардан бас тарту. Эмпирикалық-теориялық дихотомия жұмсарып, факт мен теорияның қарама-қарсы қойылуы жойылады, олардың бір деңгейден екіншісіне өтетін салыстырмалы екенін көрсетті.
- демаркационизмнен арылады. Метафизикалық теорияларды терістемейді. Мәселен, Фейерабенд ғылым, философия, миф үшеуін де қандайда бір айырмашылық бар екенін мойындамайды.
- ғылым тарихына сүйену кең жайылды. Басты объектісі білімнің дамуы болғандықтан, ғылыми идея мен теорияның алмастыруы мен дамуы, пайда болу тарихын білуге мәжбүр болды.
- кумулятивизм қағидасынан бас тарту. Революциялық мәнді қайта құрулар ғылым тарихында керек екенін мойындауы ғылым дамуы емес деп, ғылыми білімдегі өзгерістерді қарастырды. Бұл мәселелерде толықтырулар бола ма? - деген мәселе қойды.
- «теориялардың салыстырылмайтындығын» ұсынды, бірін-бірі терістеуші теорияларда логикалық байланыс жоқ деп, басқа ұғымдарды пайдаланады, әлемді көрудің әдістері мен тәсілдері де мүлде басқа дей келе, ғылым дамуында сабақтастық жоқ деп, білім әлеуметтануы мәселелеріне ойысты.
Фейерабендтің «Эпистемологиялық анархизмі» «бәрі де рұқсат етілген» қағидасына саяды. Бұл ағым постмодернистік философияға, постструктурализмге ойысты.
Структурализм— құрылымдар объектінің қандай да бір скелеті емес, бөлшектерін ауыстырып орналастыру арқылы бір объектіден екіншісін, одан үшіншісін алатын ережелер деп түсінетін ғылыми әдіс ретіндегі сала. Құрылымдық әдіс алғаш тіл білімінде туған. Соссюрдің «Жалпы лингвистика курсы» деп аталатын еңбегінде тіл қарапайымнан бастап, күрделіге дейінгі таңбалар жүйесін тәртіпке келтіретіндігін негізге алынады.
Структурализм өкілдері антропологияда – К. Леви-Стросс, психоанализде – Ж. Лакан, М.П. Фуко т.б. 1950 жылдары Леви-Стросс бұны тәсіл ретінде жалпы ғылымдар аясында қолдануды ұсынды да, бұны қарапайым халықтардағы дәстүрлер мен салттарды, мифтерді, олардың тілдерін зерттеу арқылы іске асырды. Леви Брюльдің мифологикасындағы прологикалы ойлаудағы – табиғилық пен табиғилықтан тыс нәрсені ажыратпайтындығын, бастапқы себеп пен түпкілікті салдар тікелей байланыста болады, аралық байланыстар еленбейді деген сияқты пікірлерінің кемсітушілік бағдарын жоюға тырысты.
Леви-СтроссКлод (1908 жылы туған) – француз этнографы, әлеуметтанушысы. Негізгі шығармалары: «Мифологика», «Құрылымдық антропология», «Маскалардың жолдары» т.б. Еуропоцентризм мен расизмді жоққа шығарып, артта қалған халықтар мен байырғы ойлау дәстүрлерін ерекше таным ретінде бағалаған ол, осыдан өзінің «үстемрационализм» тұжырымдамасын туындатты: еуропалық өркениеттегі жойылып бара жатырған сезімдік таным бастауы мен рационалдық танымның бірлігін қайта қалпына келтіру қажеттігін көрсетті, бұл үйлесімділіктің көзі адам болмысындағы қайшылықтарды шеше білген мифологиялық ойлауды зерделеуде деп білді. Леви-Стросс мифтік ойлауды ұжымдық бейсаналылық деп түсіндіріп, бұны адам ақылының анатомиясын және оның құрылымын көрсету деп білді. Бұнда ғылым теріске шығарған қажетті білімдер қоры бар деп бағалады. Бұл бағыт постструктурализммен және постмодернизммен ұласып кетті.
Постструктурализм — 1970-1980 жылдардағы әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан келген шындықты семиотикалық түсіндіруді басшылыққа алатын бағыт. Постструктурализм – структуралистік парадигмаларды қайта қараудан туған әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан келу бірлігін білдіретін әдіс. Өкілдері: Деррида, Делез, Гваттари, Бодрийяр, Лиотар т.б. Олар танымдағы белгіленетін мен белгілейтіннің арақатынасын зерделеуге көңіл бөлді. Бірақ осылардың, философия мен әдебиеттің шекараларының шарттылығын ұсынады. Постструктурализм өзіндік терминдері мен ұғымдарының көптігімен және әртараптығымен ерекшеленеді. Дегенмен, мынадай басты ерекшеліктерін атап өтуге болады: 1) батыс еуропалық метафизиканы сынау және логоцентризмді жоққа шығару; 2) мистификасыздандыру; 3) еркіндік аймағын іздеу — биліктің, құрылымның үстемдігін жоққа шығару т.б.
Поструктурализмде текстіден тыс ештеңе де болмайды, шындық – тілдік шындықпен текстіленген әлем. Постструктуралистер метафизиканы талдауда оның ерекшелігі логоцентризмде деп білді, ақиқат ұғымы –логоцентристік сананың тууынан: бәрінен тәртіп пен мағынаны іздеу, алғашқы себепті табу. Текстінің тағайындалуы биліктен кету, тіл – ұғымдар арасында билік орнатқан деген сияқты ұстынымдарын дәйектейді. Бұл постмодернизм бағытымен жалғасын тапты.
Постмодернизм— рухани мәдениет аясына кең таралған философиялық рефлексияның дәстүрлі емес ойлауын негізге алатын бағыт. Негізгі өкілдері: Р.Барт, Батай, Бланшо, Бодрийяр, Делез, Деррида, Джеймисон, Гваттари, Клоссовски, Кристева, Лиотар, Мерло-Понти, Фуко т.б. Бұл терминді алғаш рет Р.Ранвицтің «Еуропалық мәдениет дағдарысы» деп аталатын еңбегінде кездеседі. Ал Тойнби қазіргі заманды, яғни, модернистік бағдардан кейінгі дәуірді бейнелеу үшін қолданса, 1960-1970 жылдары өнерде жаңашылдықты сипаттау үшін қолданылды. 1979 жылдан бастап, Лиотардың «Постмодернистік жағдай: білім туралы баяндама» атты еңбегінде философиялық категория деңгейіне дейін көтерілді. Бұл бағыт философиялық білімді онтология мен гносеологияға ажыратудан бас тартады, дәстүршілдік пен классиканы жоққа шығарып, оларды тек ежелгі дәуір ретінде қабылдайды, метафизикалық мәселелері мойындамайды да, қазіргі ойлауды постметафизикалық ойлау деп түсіндіреді, субъект пен объектінің, әйелдік пен ерліктің, ішкі мен сыртқының, орталық пен шет аймақтың дихотомиясын ажыратып қарастырудан тыс аймақты қалайды. Постмодернизм өзінің осындай бейсызықты ойлау жүйесі арқылы өзіндік ұғымдар мен категориялар жүйесін негіздеді: Логоцентризм, Дискурс, Логотомия, Логомахия, Онто-тео-телео-фалло-фоно-логоцентризм, Постметафизикалық ойлау, Бинаризм, Хора, «субъектінің өлімі», Антипсихологизм, Ацентризм, Деконструкция, Бос таңба, «Автордың өлімі», Семиотикалық Диспозитив, Номадология, Ризома, Хаосмос, Эон, Үстірттілік, Мүшесіз дене, Шизоанализ, Нарратив, метанаррацияның батуы, Метанаррация, Генеалогия, Оқиға, Симуляция, Симулякр, Қатыспау Метафизикасы, Дискурс, Постмодернистік сезімталдылық, Трансгрессия т.б.
Бұдан постмодернизмнің мынадай негізгі әдіснамалық-теориялық негіздері туындаған:
- Мәтіндік талдау – мәтіннің негізгі бірден-бір мағынасы сол болуы болған күнде де бір мағынаны табу мақсатын қоймау керек (Р.Барт);
- Номодология – оқиғаларды көшпелілердің жоспарсыз қозғалыстарымен, жоғары мақсатқа тағайындалмауымен, бағытталмауымен ұқсатып қарастыру керек (Ж.Делез).
- Генеалогия – тарихи процестегі сабақтастықтық пен себептілікті жоққа шығарып, антиэволюционизм мен кездейсоқтықты, спонтанды ақиқаттылықты бекітеді (М.Фуко, Ж.Делез, Деррида).
- Симуляциялық тұрғы – қазіргі мәдениетте шындықты таңбалар шындығымен алмастыру жүрді, яғни, симулякрлармен (образ, ұқсас, типтес) Осыдан симулякрлар мен моделдер әлемі пайда болған, олар шындыққа еш сәйкес келмесе де, шындықтың өзінен гөрі неғұрлым шынайы әлдене ретінде қабылданды. Осындай әлем шындыққа емес, өзіне ғана сүйенеді деп пайымдайды. Бодрийар оны гиперреалдылық деп атады. Бұдан гипермәтін ұғымы туындайды. Бұнда мәтінде өзіндік логика болмауы тиіс, ол еркін психологиялық ассоциациялар бойынша құрылуы керек, қойылған мәселе шешілмесе де, айтушы мен қабылдаушыға тиімді түрде тақырыптар тез ауысып отыруы тиіс.
Соның бірі – герменевтика,кең мағынасында «түсінуді» әлеуметтік болмыстың шарты ретінде қарастыратын философиядағы бағыт. Тар мағынасында білім саласындағы мәтін мен форманы түсіндіру техникасы мен ережелері. Яғни, мәтіннің мәнін оның объективтік – сөздердің грамматикалық мағынасы мен олардың тарихи жағдайларының варияцияларын және субъективтік – автордың ынтасын, айтайын деген ойын, түсінушінің талғамын т.б. түсіндірудің тоериясы мен өнері. Оның бізге белгілі шығу тарихы эллинзм дәуіріндегі көне мифоллогиялық шығармаларды түсіндіруден басталады, мәселен, өз дәуірінде Гомердің туындыларын сараптауды осыған жатқызуға болады. Ол кейіннен қасиетті діни жазбаларды түсіндірудің өнеріне айналды. Бұны экзегетика деп атайды. Герменевтика 19 ғасырда тек мәтінді түсіндірумен ғана шектелмейтіндей, еркін дамитын парадигманы қолға алды. Мәселен, Дильтей бұл бағытты қоғамдық ғылымдардың арнайы тәсілі ретінде қолданып, «түсіну» рух жөніндегі ғылым әдісі болып табылады дейді.
ХХ ғасырдың орта шеніне таман герменевтика философиялық түсіндірмелердің негізгі ұстанымына өтті. Гадамерде болмыс өзін нақты адамдар мен құбылыстар арқылы түсінеді, бұл – болмыс, тіл, дәстүр. Қазір жалпы мағынасында шындыққа философиялық тұрғыдан келу және адамның саналы іс-әрекеттерінің нәтижелерін талдайтын ғылым салаларында қолданылады. Герменевтика салысының негізгі орталық түсініктері: мәтін, мәтіндік талдау, түсіну мен түсіндіру, шеңбермен тұйықталу, сұхбат, қарым-қатынас т.б. Негізгі өкілдері: Дильтей, Гадамер, Рикер, Шлейермахер, Хабермас, Бетти т.б.
Философиялық герменевтика – түсінуді герменевтикалық шеңберге алып келетін (бүтін бөлшекпен, бөлшек бүтін арқылы түсініледі) шексіз процесс. Герменевтика дамуындағы әр түрлілік: аударма (өз тіліне мағынаны аудару), реконструкция (шынайы мағынаны тудыру), диалог (өмір сүретіндерге қатынасты жаңа мағынаны қалыптастыру) бойынша құрылады.
Реконструкция Шлейермахердің идеясы бойынша өркендей түсті, ол мәтін автордың ішкі сезім түйсіктерімен байланысып жатырғандығын атап көрсетті, ал Дильтей мәтіннің шығу жағдайына үңілді, герменевтиканың базасы сипаттамалы психология болып табылатындығын атап өтсе, Э. Бетти герменевтика философиядан тәуелсіз гуманитарлық ғылымдардың тәсілі болып қалуы тиіс екендігін негіздеді.
ШлейермахерФридрих (1768 - 1834 жж.) немістің протестанттық теологы және философы герменевтиканың қалыптасуына ықпал еткен, бірақ ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген ойшыл. Негізгі шығармалары: «Дін туралы сұхбаттар» «Монологтар», «Диалектика» т.б. еңбектерімен қатар этика, эстетика, психология мәселелерімен шұғылданды.
Дильтей Вильгельм (1833 - 1911 жж.) немістің мәдениет тарихшысы, философ-идеалист. Негізгі шығармалары: «Сипаттамалы психология», «Дүниеге көзқарастың типтері және оның метафизикалық жүйедегі көрінісі» т.б.Өмір философиясының өкілі, түсіндірмелі психологияны негіздеуші Дильтейдің түсінігінде орталық мәселе мәдени-тарихи шындықтағы адам болмысынң тәсілі ретіндегі өмір ұғымы. Адам тарихты иеленбейді, өзі оның не екендігін ашып көрсететін тарих дей келе, тарихтан табиғат әлемін ажыратып алды. Таным теориясын «Рух туралы ғылым» деп ұсынды. Рух туралы ғылым ретінде философияның мақсаты — өмірдің өзінен шығатын өмірді түсіну. Осыған байланысты ол кейбір рухани тұтастыққа тікелей жетудің тәсілі ретінде «түсінуді» басты орынға шығарады. «Түсіну» өмірге интуитивті түрде енумен туыстас, оған сыртқы тәжірибемен және пайымдаудың құрылымдау қызметімен байланысты болып келетін «табиғат туралы» ғылымда қолданылатын «түсіндіруді» қарсы қойды. Өзінің жеке ішкі әлемін түсіну интроспекция арқылы қол жеткізіледі, өзге әлемді түсіну — «бірге күйзелу», «сезінісу» арқылы іске асады, ал мәдениетке қатысты алғанда өткенді түсіну интерпретация арқылы жүзеге асады, бұл тәсілді Дильтей герменевтика деп атаған: жеке құбылыстарды сол дәуірді қайта жағырту арқылы, ондағы тұтас жандық-рухани өмірдің сәтідеп түсіндіру қажеттігін ұсынды. Адам өзінің кім екенін тек қана тарих арқылы біле алады деп тұжырымдамды.
Кейіннен Дильтей «түсінудің» психологиялық тәсілі ретінде интроспекциядан бас тартады. Ол өмірдің «соңғы құпиясын» мойындауға қарай жақындап, романтизмге қарай ойысып отырады, оған түсіндіруші (интерпретатор) тек жақындап қана келе алады, түбегейлі соңына дейін жете алмайды деп байыптайды. Батыс еуропалық дүниеге көзқарас біржақты болғанмен, адам табиғатының шынайы көрінісін бере алатын, үш типін көрсетеді: материализм (позитивизм), объективті идеализм және еркіндік идеализмі. Бірақ бұлардың ешқайсысы философияда монополиялық түрде үстемдік ете алмайды, метафизика олардан ауытқып кетеді.
Гадамер Хане Георг (1900 жылы туған) неміс философы. Негізгі шығармасы: «Ақиқат пен әдіс». Дильтейдің түсіндірмелі психологиясынан, Гуссерльдің «көкжиек» пен «өмірлік әлем» түсініктерінен, Хайдеггердің тіл туралы ілімінен туындатып, герменевтиканың тұжырымдамасын негіздеді. Ол герменевтиканы тек гуманитарлық ғылымдардың әдісі ретінде ғана емес, өзіндік ерекшелігі бар онтология деп көрсетті.
Рикер Поль (1913 жылы туған) көрнекті француз философы, экзистенциализмдегі діни феноменологияның өкілі, кейіннен герменевтикалық мәселелермен шұғылданушы. Оның негізгі философиялық мәселесі — субъектінің ерік белсенділігі. Басты шығармасы: «Ерік философиясы». Гуссерльге, Хайдеггерге, Фрейдке сүйене отырып, ол ерікті адамның «шекті бастапқылығы» ретінде ұсынып, бұның қоршаған шындыққа мағына енгізуге қабілетті екендігін атап өтеді. «Шекті бастапқылық» жеке адамның бейболмыстың мүмкіндігін саналы түйсінуінен, қобалжуынан тұрады. Адам санасын «ілгерішіл» зерттеудің шегі – адам болмысын толықтай ашатын құдайды түсіну болып табылады деді. Осы қағидалар негізінде, Рикер ұсынғандай, әлем мен мәдениетті, адамды түсіндірудің тәсілі ретінде феноменологиялық герменевтика құрылады.
ХабepмacЮрген (1929 жылы туған) неміс философы және әлеуметтанушы. Бастапқыда қоғамдық-саяси мәселелермен, осы заманның қоғамдық құрылысымен айналысып, бұндағы басты мәселе ретінде антогонистік қайшылықтарды бұқаралық пікірталспен және идеологияны бірте-бірте «жоюмен» бейтараптандыруды ұсынды.
Негізгі шығармалары: «Қоғамдастықтың құрылымдық өзгерістері», «Теория және практика», «Техника және ғылым идеология ретінде», «Әлеуметтік ғылымдардың логикасына қарай», «Қоғам теориясы немесе әлеуметтік технология», «Мәдениет және сын», «Тарихи материализмді реконструкиялауға қарай», «Әмбебап прагматика дегеніміз не?», «Моральдік сана және коммуникативтік әрекет ету» т.б.
Қоғамдағы тілдік қарым-қатынас мәселелеріне қарай ойысып, «рационализациялау» түсінігіне мән берді. Рационализациялау коммуникация құрылымындағы байқатпай құрылған мәжбүр ету қатынастарын жояды. Әлеуметтік талдаудың парадигмасында құралдық ақыл емес, коммуникативтік ақыл орталықтандырылуы керек деп тұжырымдайды. Осыған орай, Хабермас Гадамердің философиялық герменевтикасын қолданудан бас тартады, бірақ тілдік өзара түсінісудің гадамерлік нұсқасын қоғамдық үдерістерді түсіндірудің құралы ретінде пайдалуға болатындығын көрсетті. Тіл үстемдік пен әлеуметтік биліктің құралы болып табылады дей келе, ол коммуникацияның өңін айналдыратын және жалған келісімді әкеліп таңатын институционалдық және мәдени мәжбүрлеуге қарсы тұрды: шынайы рационалды келісімге (консенсус) дискурс арқылы ғана жетуге болады, ол – аргументтер келтірудің өзара тең сұхбаттастық процедуралары және әмбебап келісім болып саналады, қарым-қатынастың парасатты субъектілерінің бәріне мағыналы. Философия жаңа заман кезеңіндегі мәдени құндылықтардың үш жеке аймаққа бөлінуінен пайда болған ақылдың бірлігінің жоғалуын қайтадан қалпына келтіреді. Бұл үш тармақ: ғылым мен технология, мораль мен құқық, өнер және көркемдік сын деп ой түйеді. Хабермас бойынша философия әлеуметтік практиканың ерекше формасы болып табылады. Сондықтан философиялық теория сырттан таңылған саяси практиканың толықтыруына мұқтаж емес, әрекетте өзінің ішкі практикалылығын қосады – рационалды сынның қуаты. Хабермас көп түрлі ағымдардың ішінде ХХ ғасырдағы маңызды төрт ағымды өзінің жеке келбеті бар деп көрсетеді: аналитикалық философия, феноменология, батыстық марксизм және структурализм. Осы төрт бағытқа ортақ әуендер: постметафизикалық ойлау, лингвистикалық бетбұрыс, «логоцентризмді» жеңу. Осыларды жеке-жеке талдай келе, Хабермас өзара түсінісудің мәніне үңіліп, оның белгілерін көрсетеді.
Сезімдік таным тәжірибесімен белгілі болатын, жалпы алғанда, құбылыс деген мағынаны білдіретін «феномен» сөзінен шыққан «феноменология» түсінігі ХХ ғасырда арнайы ілім ретінде қалыптасып, ғылыми танымның жалпы әдіснамаларының біріне айналды. Ол өзінің бастапқыдағы мағынасынан кейіннен алшақтай бастады. Мәселен, Кантта – эмпирикалық құбылыстар туралы ілім, Гегельде – тікелей сезімдік қабылданатын абсолютті білімнен туындаған сананы метафизикалық бейнелеу, Брентанода – сипаттамалы психологияға сәйкес келеді т.б. Ал кейінгі феноменология Э. Гуссерль негіздеген іліммен байланысты барынша маңызды мағынаға ие. Осы феноменологияны қолдаушы өкілдер: Л. Ландгребе, Э. Финк т.б.
Феноменологияның сананың объектіге қатысын көрсететін басты түсінігі «интенция». Феноменологияда санадан тыс өмір сүретін объективті шындықты бар деп тікелей мойындауға болмайды, таным субъектісінің өзін танымға бағытталған таза сана деп түсіну керек (трансцендентальдік редукция), себебі, ол – тәжірибе мен тарихтан тыс сана ретінде психологиялық толқулар мен тілдегі көрінетін идеалды мағыналарға сәйкес келеді, олай болса, философия таза мағыналарды зерттеуі тиіс.
ГуссерльЭдмунд (1859-1938 жж.) неміс философ-идеалисі. Негізгі шығармасы: «Логикалық зерттеулер», «Еуропалық ғылымдардағы дағдарыс және трансцендентальді феноменология» т.б.
Ол психологизм бойынша кез-келген танымдық акт өзінің мазмұны арқылы эмпирикалық сананың құрылымы болып анықталады, сондықтан танушының субъективтілігінен тәуелсіз болып табылатын қандай-да ақиқат туралы ешнәрсе айтуға болмайды дей келе, психологизмнің өрістеуін Локктан бастап, Юм, Дж. Милль арқылы Вундтқа дейінгі аралықпен дәектейді. Қазіргі заманғы психологизмнің нұсқасы натурализмде, тарихилықта деп білді, сондықтан табиғат пен тарих туралы ғылымдар белгілі бір деңгейде негіздеуге мұқтаж, бұны философия, нақтырақ айтқанда, қатаң ғылым ретіндегі сананың феномендері туралы ілім — феноменология ғана бере алады деп байыптаған Гуссерль, сананы эмпирикалық мазмұннан тазартатын өзінен-өзі айқын логикалық қағидаларды табуға ұмтылды, бұл редукция арқылы ғана мүмкін болады деп түсіндірді. Философия бұрынғы барлық догматикалық тұжырымдаулардан азат болу керек, сондықтан бұл дәуірді қандай-ма болмасын шешімдерден қалыс қалу актісімен аяқтау қажет. Осыдан тек қана жалғыз санадан ажырағысыз бірлік — интенционалдық қана қалады: жеке адамдық психологиялық, әлеуметтік, нәсілдік сипаттамалардан азат болған жағдайдағы нәрсеге бағытталған сананың таза құрылымын қарастыру қажет деп атап өтеді. Осы интенционалдық арқылы Гуссерль басты теориялық-танымдық мәселе субъект-объект арақатынасын шешуге ұмтылды; ол екі жақтылықтың көпірі іспетті — жалпы адамзаттық сананың имманентті әлемнің өкілі болу мен болмыстың трансценденттік әлемінің аралғында дейді.
Гуссерль феномендегі әртүрлі қабаттарды көрсетеді: тілдік қабықша, әр түрлі психикалық толқулар, санадағы ойланылған заттар. Нәрселік болмыс санаға іштей тән болып табылады, ол санаға қатысу арқылы өзінің объективті мағынасын табады, сондықтан нәрселік болмыс пен сана бір-біріне өзара қатынасты (коррелятивті). Сана екі жақтылықтың бірлігі болып табылады: танымдық актілер — ноэзис және нәрселік мазмұндар — ноэма, бұлар идеалдық мағынаға сәйкес келеді. Сондықтан феноменологияның мақсаты — нәрсе туралы әр түрлі айтылған пікірлердің, сөздер мен бағалаулардың күңгірттеген мағынасын ашу. Бұл бағыт материализмнің барлық формаларын және сананың тарихи түсінігін жоққа шығарады. Сондықтан феноменологияның пәні — таза ақиқаттардың патшалығы, априорлы мағыналар. Гуссерль түсінігінде, бұл бағыт «бірінші философия» болып табылады. Таным сананың ағымы: іштей ұйымдасқан және тұтасқан, бірақ нақты психикалық актілерден, таным субъектісі мен оның қызметінен салыстырмалы түрде тәуелсіз. Сондықтан феноменологиялық редукция өзінің ішкі мәнінен тереңдеп, психологиялық транс жағдайындағы ештеңеге өту бойынша танымның қатпарларын зерделегісі келеді.
ХХ ғасырдағы адам мәселесімен, адамның психикасымен арнайы шұғылданған бағыт – фрейдизм немесе психоанализ деп аталады. Психоанализ – З. Фрейд негіздеген психологиядағы психодиагностикалық және психотерапевтикалық тәсілдердің жиынтығы, ол бейсаналы психикалық үдерістер мен құбылыстарды түсіндіру мен игеруге бағдарланады. Қоғамдық ғылымдардағы бұл бағыт фрейдизм мен постфрейдизмнің теориялық және қолданбалы қырларын кеңірек түсіндіруге мүмкіндіктер ашады, сондықтан бұны кейде «тұңғиық психология» деп те атайды. Адам болмысының негізі бейсаналы детерминанттар болып табылатындығы негізделеді. Психоанализ пайда болған сәтте арнайы бағыт ретінде қалыптасқан жоқ, кейіннен мәдени-әлеуметтік салаға кең таралып, фрейдизм деп аталып, оны қайта жаңғыртушылар мен дамытушылар «неофрейдистер» болып табылды.
«Бессознательное» терминінің қазақ тіліндегі аудармасын қазіргі Қазақстандық ойшылдардың түсіндірмелеріне және сөздіктерге сүйене отырып, «бейсаналық» деп ұсынуға болады. Мәселен, қазақ тіліндегі түсіндірме сөздігінде: «бей» префикс ретінде сөздің алдына жалғанып, кері мағына тудыратын жұрнақ: бейкүнә–күнәсіз, бейдауа–дауасыз және т.б. сөздерді атап көрсетуімізге болады. Сондай-ақ бейсаналылыққа баламалы түрде ұсынылып жүрген қазақша атаулардың орысша баламалары: «санасыздық» - несознательное; «санадан тысқарылық» - внесознательное; сана астары – подсознательное т.б.
Бейсана ұғымының алғаш қолданылу үрдістері көне Грек ойшылдарынан бастау алса, оның термин ретінде қалыптасуы Г. Карус пен Э. Фон Гартманнан жалғасын табады. Философиялық танымдағы адамның санасыздық модустары ретінде қолданылғанан кейін бұл идея медициналық психологияда кең таралып кетті. Алғашқы кезде санадан ығысып шыққан және ұмыт болған мазмұнды білдіретін жағдайда белгілі бір аймақ «бейсана» түсінігі ретінде пайдаланды. Фрейдте бейсаналық түсінігі – метафоралы – әрекет етуші субъект ретінде, оның мәні ығысып шыққан мазмұннан басқа еш нәрсе де емес; тек соған байланысты ғана оның тәжірибелік маңыздылығы мойындалады.
ФрейдЗигмунд (1856-1939 жж.) — австриялық дәрігер, невропатолог, психопатолог, психиатр, психолог. Психоанализдің негізін қалаушы. Негізгі шығармалары: «Тотем және табу», «Бейсаналылық психологиясы», «Түс көру түсініктемелері», «Ләззат алу қағидасының арғы жағында», «Бұқаралық психология және адамдық Меннің талдауы», «Мен және ОЛ», «Мәдениеттегі мазасыздық», «Мойсей және монотеизм» т.б.
Бұл бастапқыда неврологиялық ауруларды емдейтін практикалық тәсіл ретінде қалыптасты, басты әдіснамасы ұмыт болғандарды есіне түсіру. Фрейдтің бұл бастапқы көзқарасында бейсаналыққа тек қана жекелік табиғат тән болса, кейіннен, инстинктердің қайнаған қоймасы – «Анау» (Оно) түрінде бейнелеп, сәйкесінше, саналық түсінігі «Мен», цензура іспеттес құрылым – «Үстем-Мен» деген триаданы құрайды. Сондықтан З.Фрейд өзінің психоанализ ілімін бастапқы медициналық терапия қалпынан концептуалды әдіснама деңгейіне жеткізе отырып, қоғамдық рухани өмірдің барлық саласына қолданды. Тұтас рухани-әлеуметтік өмірдің туындауы жасырынған инстинктердің қуатты күші болып табылады. Ұжымдық сананың бейсаналықтан ығысып шыққан бір тармағы ретінде Фрейд архайкалы – мифологиялық бейсаналы ойлау мінезін түсінді.
Бейсаналылыққа тереңірек үңілу арқылы адамның ішкі, рухани болмысын түсінуге болатындығын ұсынды. Сондықтан ол бейсаналық аймақты басты нысанаға алды. Бейсаналық, яғни, сананың бақылаусыздығы, адамның өзі де түсіне бермейтін немесе түсіндіріп бере алмайтын әрекеттері мен қылықтары, ойлары мен ұмтылыстары осы аймақтың ішкі күші арқылы іске асады деп нақтылай түсіп, бейсаналыққа толықтай түсіндірме береді. Адамның әр түрлі қателескен қимылдары бейсаналық түрткілер мен ішкі психикалық жанжалдардың куәсі деп түсіндіреді. «Тотем және табу» деген еңбегінде психоанализді жалпыадамзаттқ мәдениет пен алғашқы діни сенім формаларын талдауға қолданды.
«Мен және ОЛ» деген шығармасында тұлға құрылымының психоаналиткалық теориясын және оның қорғаныш тетіктерінің жүйесін жасады. Мәселен, қорғаныш тетіктері адамның өмірдегі барлық психологиялық қайшылықтар мен өзінің тұйыққа тірелген жағдайындағы өзін қорғаудың бейсаналы түрде іске асатын жағдайлары болып табылатындығын көрсете келіп, олардың бірнеше түлерін ұсынды: ығыстыру – адам өзінің өміріндегі қолайсыз жағдайлар мен күйініштерін саналылық аймақтан бейсаналық аймаққа ауыстырады, сосын ұмыт бола бастайды; реактивті құрылу – адам өзі мойындауға қорқатын өзі жасаған кінәсін бейсаналы түрде ақтауға ұмтылады. Мәселен, қалаусыз болған бала алдында өзінің кінәсін ақтау үшін ана оған тым аса қамқорлық жасап, баласы мен өзінің алдында, өзінің «жақсы ана» екендігіне көзін жеткізуге тырысады; көшіру – өзіне ұнамаған, қаламаған сезімдерді өзгеге ауыстыру. Мысалы, өзінің жағымсыз қылықтарынан өзін алдарқатып құтылу мақсатында оны өзгеге аударып, сол объектіге шүйлігу, өшігу; регрессия – кейінгі кезде пайда болған жанжалдар мен қауіптерден құтылу үшін, ол өзінің бастапқы немесе балалық шағына оралуға тырысады. Мәселен, күйеуімен жанжалдасқан жас әйел өзінің ата-анасының үйіне баруға ұмтылады немесе ересек адам қиын жағдайларда баланың қылықтары мен санасының кейпін киеді; сублимация – жыныстық инстинктік құштарлықтардың қуатын басқа мәдени-әлеуметтік әрекеттерге көшіру; терістеу – өзіне ауыр тиетін нәрселерді саналы түрде мойындуадан бас тартады. Мәселен, өзінің баласының ақыл жағынан кемістігін немесе физиологиялық жетіспеушілігін т.б. құтылу үшін төзбейтін жағымсыз оқиғалардан, сезімдерден, ойлардан қашқақтайды; Рационализация – өзінің мінез құлқындағы жағымсыздықтар мен қателіктерін ақылмен дәйектуге, жоққа шығаруға тырысады, теориялық мүмкіндіктері мен ойлау қабілеттерін пайдаланып, өзін-өзі ақтап шығады.
Адам өзінің балалық шағынан бастап қартайғанға дейінгі тұтас писхикалық жан, сондықтан оны есейген кезде де балалық шағындағы психикалық жарақаттар мазалайды, бірақ ол өзіне белгісіз басқа формаларда көрініс табады: уайым, реніш, ашуланшақтық, қорқақтық т.б.
Адамның бойындағы инстинкттердің ішіндегі ең қуаттысы және алып жүруші жыныстық инстинкт болып таблады. Барлық әрекеттердің түп негізі осы инстинкттің қуаты арқылы ғана жүзеге асып отырады. Бұл қуаттылықты З. Фрейд либидо деп атаған. Қыспақтағы санамен тиым салынған либидо кейде тікелей көрінбейді, ол басқа формаларға ауысады, мәселен, бүкіл мәдени-әлеуметтік өмірдің құбылыстары мен әрекеттері осы қуат көзіне байланысты және соның нәтижесі. Бұл құбылысты З. Фрейд «сублимация» деп атайды.
Ал «Эдип комплексі» деп аталған құбылыста ер баланың туған әкесіне анасын қызғанғандықтан пайда болатын бейсаналы өшпенділігі туралы айтылады. Ол әсіресе, 3-5 жасында анық байқалып, кейіннен сана арқылы бүркемелене түседі деп, бұндай психиканы әкесін танымай тұрып өлтірген «Эдип патша» туралы аңыздан шығарып, оны бала кезіндегі бейсаналы өштіктің нәтижесі деп дәлелдейді. Осыған сәйкес керісінше, қыз баланың әкесін қызғанғаннан пайда болатын әкесіне өштігін де көне аңыз мазмұны бойынша «Электра комплексі» деп атайды.
Оның түсінігінде барлық қате қимылдарда, қате жазуда, қате сөйлеуде бейсаналы ұмтылыстардың көрінісі мен сол сәттегі адамның мінез-құлқындағы өзгерістері анық байқалады деп тұжырымдайды. Мәселен, жиналысты өткізгісі келмеген жүргізуші басталар сәтте «ашық деп жариялаймыз» деудің орнына байқамай, аңдаусызда, бейсаналы ұмтылыстардың нәтижесінде көпшілік алдында «жабық деп жариялаймыз» деп мәлімдейді.
З. Фрейд бейсаналықтың нағыз көріністерінің бірі – адамның түс көруі деп түсінеді де, оны мағынасыз, жүйесіздік, түсініксіздік тұрғысынан емес, бейсаналықты талдау бойынша түсіндіру керек екендігін негізге ала отырып, ондағы әрбір оқиғаға мән беріп, ішкі сырын ашуға ұмтылып осыған байланысты «Түс көру түсініктемелері» атты еңбегін жазады. Мәселен, адамның балалық шағындағы немесе ояу кезіндегі орындалмай қалған мақсаттарын түсінде көреді, сол арқылы психика жайбарақаттанады деп түсіндіреді.
ХХ ғасырдағы адамның мәніне терең үңілу мен оның табиғи-әлеуметтік, мәдени-психологиялық қырын зерделеу философиядағы антропологиялық ағымдардың сан алуан дискурсын қалыптастырды. Соның ішінде адамның рухының ішкі заңдылықтарына, тұлғаның психологиялық тұңғиығына бойлай енуді басшылыққа алған З. Фрейд негізін салған психоанализ ағымы кейіннен қоғамдық сананың қарапайып және теориялық деңгейлеріне ерекше ықпал етіп, өзіндік танымдық маңызын айғақтап берді. Сондықтан бұл бағыттың өміршеңдігі мен заңды эволюциялық жалғасының куәсі ретінде – неофрейдизм ағымы қалыптасты. Классикалық психоанализден бастау алған бұл ағым да жалпы адам мәселесіне және оның танымына қатысты қоғамдық өмірдің барлық саласындағы феномендерді қамтып, ерекше ғылыми таным әдісі ретінде өрби түсті. Адамның еркі мен шығармашылығы, өмірлік стимулдары мен шабыттары, моральдік және эстетикалық құндылықтары, адамзаттың ұжымдық әрекеттері мен әлеуметтік ұстанымдары т.б. адам психикасы арқылы шешімін табуға орайластырып, психоанализдік талдау индивидум мен социумдағы барлық процестерді шешудің құралына айналды. Фрейд негізін салған психоанализ бағытын жалғастырушы неофрейдистер: Э. Фромм, А. Адлер, К.Г. Юнг, Салливэн, Райх, С. Грофф т.б.
Фромм Эрих (1900-1980 жж.) – неміс-американ философы, психолог, әлеуметтанушы. Неофрейдизм бағытының әлеуметтік-детерминистік негіздерін сараптаушы. Негізгі шығармалары: «Еркіндіктен қашу», «Салауатты қоғам», «Сүю өнер», «Дзен-буддизм және психоанализ», «Маркстің адам тұжырымдамасы», «Иллюзия тұтқынында», «Адам жүрегі», «Үміт революциясы», «Адам анатомиясының деструктивтілігі», «Болу немесе иемдену» т.б. Ол адамды биологиялық, әлеуметтік, экзистенциалдық қырлары бойынша тұтас қарастырды. Адам примат тұқымдас ретінде миы максималды түрде дамиды. Адамның басқа хайуанаттардан айырмашылығы: ақыл, өзіндік сана, қиялдау. Адамның табиғаты белгілі бір деңгейде анықталған туа біткен тетіктер мен заңдардың жиынтығының нәтижесі. Адамның биологиялық қажеттіліктерінен басқа да қажеттіліктерін былайша атап көрсетеді: 1) қауымдастыққа кіру қажеттілігі (жалғыздықты, оқшаулықты жеңу қажеттілігінен); 2) Өзінің ғұмыр кешуінің шектеулілігін жеңу қажеттілігі. Оның жағымды қыры жаратушылық, тудырушылық, жасаушылқ болса, жағымсыз нұсқасы: қиратушылық және өзін бекіту; 3) Туысқандық пен тамырлылыққа қажеттілік. Адамның адамға дейінгі қалпының қайта оралмайтындығы, табиғи байланыстардың жойылуы оны туыстарынан көмек күтуге, тұлға аралық қатынастарды қалыптастыруға, қорғау күтуге мәжбүрлейді. Қазіргі қоғамда «инцест байланыстары» ұлтшылдық пен жалған патриотизм аясында көрінеді; 4) Барабарлық сезімдегі қажеттілік. Адам ақыл мен қиялдау арқылы жеке даралықты нығайту үшін өзінің қайтадан ұсынылуын, өзінің әрекетінің субъектілігін сезінуге қабілеттілігін қалайды; Адамның өзінің шынайы жеке даралығының барабарлығының болмауы оны алмастаратын жақтармен толықтырылады: бір ұлтқа, дінге, әлеуметтік топқа жатқызылуы; 5) Бағдарлар жүйесіне және ұрпаққа қажеттілік Фромм бойынша ол махаббат, үміт, еркінді, садизм сияқты құмарлықтар сипатынан туындайды.
Сондай-ақ діни қажеттіліктер де барлық адамдарға тән. Бұл инстинктер әсерін жоғалтумен байланысты. Орта ғасырларда үстем болған дін, 16 ғасырлардан бастап, «өндірістік дінге» айналды, «тауар» мен «баға» басымдылыққа шығаратын нарықтық қоғамда ол «кибернетикалық дінге» сәйкестенеді – тұлғасыздану мен машиналандыру орын алады. «Адам өзі үшін. Этиканың психологиялық мәселелерін зерттеу» деп аталған туындысында батыс өркениетінің моральдік дағдарысқа ұшырап келе жатырғандығын сипаттайды, ол діннің әсерінің жоғалғандығынан және адамдық тәуелсіздік пен сенімді жоғалтудан пайда болады. Жалған моральдік бағдарлар пайда болады: материалдық жетістіктің, техника культінің, мемлекеттің, лидерлердің талаптарына мүлтіксіз бағынудан туындайды. Оның орнына этикалық рационализмді ұсынады, бұнда адамның табиғи жаратушылық және ізгілікке ұмтылушылығына сүйену қажеттілігі айтылады.
Әлеуметтік психоанализді детерминистік тұрғыдан сараптаған Фромм қоғамдағы болып жатырған өзгерістердің барлығының шығу тегін лидердің және бұқараның психикасына байланыстырады да, психикалық феномендерді дуалистік тұрғыдан салыстырып сараптайды: Мазохизм (қорланған сайын ләззат алу) – Садизм (азаптаған сайын ләззат алу); конструктивизм (құруға, жүйелеуге ұмтылушылық) – деструктивизм (қиратуға ұмтылушылық); эксцентризм (өзіне қандай қатынас болса, өзгеге де сондай қатынас) – эгоцентризм (өзін орталыққа шығарып, жағымсыз үстемдік мінез-құлық тудыру); индивидуализм (жеке бастың жағдайына басымдылық беру) – ұжымшылдық (ұжым мүддесін өзінен жоғары қою); альтруизм (өзінің мүддесінен өзгенің мүддесін жоғары қоюдың шектен шыққан формасы) – эгоизм (тек қана өз басының қамын күйттеу); биофилия (өмірге құмарлық) – некрофилия (өлімге құмарлық); эрос (өзінің өмірге, махаббатқа ұмтылуы) – танатос (өзінің өлімге ұмтылуы ); гуманизм (жалпы адамсүйгіштік) – нарциссизм (өзіне-өзі құмарлық және өзіне-өзі ғашық болу) т.б.
Мәселен, некрофилия мен биофилияның қоғамдағы көрінісін былайша сипаттайды: «1936 жылы испан философы Унамуно Генерал Миллан Астрейден «Өлім жасасын» деген ұранды естіді. Унамуно: Мен некрофильді, мағынасыз үндеуді естідім. Менің оны жек көру сезімім бар. Генерал Миллан Астрей –мүгедек. Қазір Испанияда мүгедек көп. Ол көбейе береді. Генерал Миллан Астрей шыдап тұра алмады: «Интеллигенция жойылсын», «өлім жасасын» деп айқайлады. Бұл – некрофилия «өлікке құштарлық» (әуестік), ал биофилия – «өмірге құштарлық» (тіріні сүю). Некрофилияға Фрейдтің «садистік мінезі» мен «өлімге ұмтылу инстинктісі» түсініктері жақын келеді; олар өлікке, тазалық емес пен қастыққа, ауруға, жерлеу рәсіміне құштар, өлім туралы сүйсіне айтады да, соған іштей рухтана түседі. Мәселен, Гитлер –өлілердің иісінен ләззат алады, ол белгісіз солдатты көргендей, өлікке қарады және одан транс жағдайы тәрізді күйге түсіп, көзін айыра алмады. Оның санасындағы құндылықтары қалыпты өмір құндылықтарына қарсы. Кім өлімді ұнатса, сол күшті сөзсіз жақсы көреді. Өлілер мен өлтірушілерді қарама-қарсы «жыныстар» ретінде түйсінеді. Олар өлтірушілерді сыйлайды, өлтірілгендерді жек көреді. Некрофиль өспегендерді жақсы көреді, механикалықты, органикалықты органикалық емеске айналдыруға қажеттілік туындайды. Ол үшін тәртіп пен заң – елестер, түн мен қараңғылыққа көңілі ауады. Мифологияда ол үңгірде, су түбінде өмір сүреді немесе соқыр. Ол үнемі органикалыққа, жануарға өткісі келетін сезімде болады. Ол болашаққа емес, өткенге арнайы бағдарланады, бұған өмірде айқын ештеңе жоқ, ал өлім – бірден-бір өмірдегі айқындалғандық болып табылады.
Ал биофиль бұған керісінше, өмірге құштар, сақтаудан гөрі жаңадан жасауға ұмтылады, өмірлік оқиғалар оған үлкен құндылықтар ұсынады. Ол тек қана бүтінді, құрылымды көреді т.б.
Карл Густав Юнг (1875-1961 жж.) – швейцариялық психоаналитик, психиатр, философ. Аналитикалық психологияны негіздеуші. Негізгі шығармалары: «Психология туралы. Dementia prae cox», «Трансценденттік қызмет», «Жанның қуаттылығы туралы», «Біздің кезеңдегі жан мәселелері», «Жанның шынайылығы», «Психология және дін», «Бейсаналық психология туралы», «Психология және алхимия», «Психология және тәрбие», «Рух символикасы», «Трансформация рәміздері», «Сананың тамырлары туралы», «Қазіргі заманғы әфсана» т.б.
З.Фрейд үшін бейсаналық иррационалдықтың тұрағы, жоғары саналылықта орын табылмаған ұмтылыстар мен тілектердің жиналатын нығыздалуының (концентрациясының) «жертөлесі» болса, К.Г. Юнгте: санадан тысқарылықта даналықтың терең бастаулары жатыр, ал сана тұлғаның интеллектуалдық бөлшегі болып табылады.
Сананың: сана, сана асты, жекелік бейсана, ұжымдық бейсана сияқты құрылымдарын ашқан К.Г. Юнгтің түсінігі бойынша адам психикасының сана мен бейсаналы аймақтары бір-біріне өту арқылы байланыс орнатады. Бұл тұста сананың маңызды қызметтерінің ішіндегі ес(память) бізді ығысқан немесе ұмыт болған, сананың астындағы аймақпен байланыстырады. Бейсаналылық пен саналылықтың байланыстарының механизмдерін ашып көрсеткен ойшылдың түсінігінде – адам ырықсыз әрекеттерінің нәтижесіне саналы жауап бере алмайды (инвазия), демек, бейсаналы сфера бөлігінде, көлеңке бөлік салтанат құрады, бұнда түрлі ойлар мен қиялдар туындап отырады деп, оны аффектілік-физиологиялық өзгеріс ретінде бағалады.
Бейсаналылық аймақ ақпараттардың тұтастай шығу көзі болып табылмаса да, бастапқы сигналдарды бере алады, сондықтан ол биопсихологиялық ақпараттық орталық ретінде мәдени-әлеуметтік ақпараттармен бірігеді. Сондықтан өнер туындыларындағы айқынсыз-күңгірт элементтер таза бейсаналық аймақтан тасымалданған (трансформацияланған) болып табылады.
Осыған байланысты К.Г. Юнгтың түсіндірмесі былайша өрбиді: бақылаумен көрінбейтін бейсаналы үрдісті, бірақ сана алдынан өтетін бұл өнімдерді екіге бөлінеді. Біріншісінде, танымдық шикізат мазмұны бар, жекеліктен пайда болған; бұл бағдарламалар жеке дара жасап шығарылған немесе инстинктивті үрдістен пайда болған. Екіншісінің мазмұны ерекше – шын мәнінде олар мифологиялық танымдық жүйеге сәйкес келеді. Жеке санаға немесе адам психикасының болмысына тән емес, өзінде жалпыадамзатқа тән ортақ элементтерді бүтіндік ретінде алып жүретін ерекше типке жатады. Бұларды ұжымдық паттерндер немесе түрлер, үлгілер ретінде ұсынып, «архетип» деген атау береді.
Бейсаналықтың жоғарғы қабатын жекелік бейсаналық ретінде таныған К.Г. Юнг, сәйкесінше, адамның жеке тәжірибесінен пайда болмаған, туа біткен терең түпкі қабатты ұжымдық бейсана деп атап, бейсаналылыққа да құрылымдық-функционалдық талдау жасайды. Бұндағы ұжымдық бейсана жеке тұлғалық рухқа қарама-қарсы келеді, өйткені, барлық жерде кездесетін жеке адамдардың өзін ұстау образы мен мазмұны бірдей болып кездеуі мүмкін: «Ұжымждық бейсана барлық адамда бірдей және ол болашақтағы жеке тұлғаның (сверхличным) табиғаты болса, сонымен бірге ол әрбіреудің рухани өмірінің негізі де болып табылады. Жеке бейсаналықты жеке адамның рухани өмірін білдіретін, «эмоционалдылыққа боялған комплекстер» құраса, Ұжымдық бейсаналықтың мазмұны «архетип» екендігі сөзсіз»,-деп тұжырымдайды. Сонымен «Архетип» (грек. Arhetypos – көне, ең алғашқы түр, образ; Arhe - бастау және typos – пішін, үлгі) – шығармашылықтағы белсенділікті қалыптастыратын алғашқы идея, алғашқы образ (прообраз).
К.Г. Юнг еңбектерінде архетипке түрлі түсіндірмелер беріледі: Біріншіден, архетиптер архаикалық мазмұнға ие және сананың жоғарғы жағында әртүрлі терең рәміздер – түпкі образдар формасында бейсаналық әрекеттің нәтижесінде пайда болады. Екіншіден, архетиптерді бақылау мүмкін емес, олар жанама түрде ғана - әмбебап рәміздер арқылы сыртқы объектілерде көрініс табады. Үшіншіден, архетиптерді адам тек қана интуитивті жолмен ғана қабылдайды, сондықтан оларды дискурсивті түйсінуге (осмыслить) және адекватты мазмұндауға (выразить) келмейді.
К.Г. Юнг психиканың бойын ұжымның барлығына қатысты, топтық әмбебап және өзіне тән табиғи даралық ерекшелігі жоқ қабаттар деп қарастырады. Психиканың бұл қабаты инстинкпен байланысты, яғни, ұрпақ арқылы берілетін фактор болып табылады. Ал ұжымдық бейсаналық – жеке индивидтің рухани қалыптасуының іргесі болатын ұрпақтар жинақтаған тәжірибелер нәтижесіне айналады. Ұжымдық бейсана қазіргі кездегі бейсанадағы элементтердің байырғы өмір сүрген ата-бабаларының санасындағы қабылдауларға, білімдерге сәйкес келетіндігін негіздеп, олардың арасынан байланыс орнатудың нәтижесінен туған ұғым. Жалпы – жанұя, ру, халық, адамзаттық деңгейден де төмендеп тарихқа дейінгі бабалар мұрасына түседі. Сондықтан архетиптер ойлау мен алғашқы формалар және алғашқы образдардың мәні. Сондай-ақ ойшыл архетипті кристалл осьімен салыстырып түсіндіреді. Болашақтағы көрінбеген (непредставимым) архетип таза күйде санаға шықпайды. Саналы қайта өңделуден өтіп, ол архетипке жақынырақ түс көрулерде, галлюцинацияларда, мистикалық көріністерде бірте-бірте архетип-образдарға айналады. Нәтижесінде мифтерде, ертегілерде, дінде, құпиялы оқуларда, көркем өнерде көрініс табады.
Архетиптер психикамен ғана шектеліп қалмайды, олар физикалық, лингвистикалық, эстетикалық және руханилық қырларда да еркін көрініс табады. Архетип - мыңдаған жылдар бойы сыртқы әлемнің адамның ішкі жан дүниесі мен санасына әсер етуінен пайда болып, жинақталған біздің психикалық болмысымыздың маңызды буыны. Ол адам танымы мен оның рухани жан дүниесін біртіндеп қалыптастыратын алғашқы образдар. Сондықтан архетиптік біртұтастық мағына мен форма уақыт ағымына және кеңістіктік орын ауыстыруға қарамастан, заманалар ауысуы мен дәуірлердің алмасуында барынша ауытқымайтын нағыз «шындық» болып қалады. Ұжымдық бейсаналық мазмұны санада көрінбейді, себебі, ол ешқашан да нақты адамның индивидуальды жеке өмірінде пайда болмаған, тек ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы өмір сүреді.
Архетиптердің адамзаттың өмірінде тұтастай жинақталған және оған неғұлым қажетті немесе неғұрлым құнды негізгі тәжірибелердің ұрпақтан-ұрпаққа бейсаналық жолмен берілуі, ол ұжымдық бейсаналықтың туынды және құрамды бөлігі екендігін де атап өткен К.Г.Юнг, оны З. Фрейдтің жеке бейсаналығына қарама-қарсы түсінік ретінде қолданды. Аналитикалық психологияны негіздеуші ойшыл, мәселен, психоаналитик дәрігер ретінде негрлердің ессіз сандырақтауларынан антикалық миф образдарын кездестірген. Демек, бұл – географиялық немесе этникалық айырмашылықтарға бағынышсыз, жалпы адам табиғатының өзі жалпыға ортақ фантазияларды дамытып, бейсаналықтың механизмінің бір бағытта дамуына стимул болатындығын көрсетті.
Сонымен ұжымдық бейсана мен ондағы архетиптердің бізге байқалатын тұстарын К.Г. Юнг былайша ажыратады: кейбір ұжымдық бейсанадағы алғашқы образдар құрылымдары және ішкі көріністерден пайда болатын ұйымдастырушы, рәмізді ойлар категориялары; мазмұнын барлық жерден кездестіруге болатын, ұжымдық бейсаналықта кездесетін, шындығында барлығына тән, өте ерте кезге жататын және жалпы адамзаттық түсінік формалары. Олардың мотивтері мен комбинациялары, барлық жерде өмір сүре алатын өзгешелігімен ерекшеленеді; тұрақты әмбебеап психологиялық схемалық фигуралар, кенеттен пайда болатын және тіпті қазіргі кездің өзінде мазмұны архаикалық рәсімдерге, мифке, діни рәсімдерге, психикалық іс-әрекеттер актіне, сондай-ақ көркемөнер шығармашылықтарына бағытталады; барлық психикалық процестер мен күйзелістердің туылуынан туындайтын ұжымдық бейсаналықтың құрылымдық элементтері; идеялар әлемі; «алғашқы образдар» - «архетиптер» арқылы іске асатын, өте ертеде қалыптасқан адамзат тәжірибелерінің ең құнды және маңызды жинақталған қоры; адамның ми құрылымында жасырынғын «ұйқыдағы ойформалар», қандай да бір елестер мүмкіндігі. Әрбір халықтың шығармашылық рухын, сезімдері мен құндылықтарын қалыптастырады; жеке адамның іс-әрекеттерінің туа біткен ерекшеліктері инстинкт деп аталады, оны архетип деп белгілеуге болады; жалпыға тән идеялар немесе ақыл-ой қағидалары; бейсаналық түсініктерінің мазмұны анық орныққан пікірлер т.б.
Адлер Альфред (1870-1937 жж.) австриялық дәрігер, психолог, жеке адам психологиясын негіздеуші. Бастапқыда З. Фрейдтің ықпалында болып, кейіннен өзінің мектебін құрды. Басты еңбектері: «Органдардың кемістігі», «Невроздарды даралық-психологиялық тұрғыдан емдеу», «Фрейдтік жыныстық теориясына сын», «Нервылық мінез туралы», «Жеке адам психологиясының териясы мен практикасы», «Әлеуметтік мүдде: адамзатты шақыру» т.б.
Бұл еңбектерінде ол мынадай мәселелермен шұғылданды: даралық-аналитикалық-психология; даралық аналитикалық психотерапияның маңызы; даралықтағы психокоррекцияны жүргізудің тетіктері т.б. Оның осы мәселелермен айналысуы және тұжырымдамасын дәйектеуі жеке өмір баянына байланысты туындаса керек: балалық шақта ол рахит ауруымен ауырып, көп уақыт бойы оның салдарын қатты сезінді. Кеш жүре бастады, денесін ұстай алмады, соның кесірінен бірнеше рет апаттарға ұшырған.
Адлер психика динамикасын тұтас деп қарастырды. Тұтастық идеясын философ Ян Смитстен алған. Оның теориясы жалпы мынадай қағидаларға сүйенеді: тұтастық детерменизмі; адамның әлеуметтік табиғатының қабылдауы; адамның өзін жетілдіруге тырысу; өмірлік мақсатпен қозғалатын психиканың өмірді тұтас индивидуалдылық ретінде түсінуі т.б.
А. Адлер З.Фрейдтің шәкірті болғанымен, өзінің жеке тұлға туралы теориясында оның ұстанымымен толықтай келіспеген, кейде онымен қарсы келіп отырған. Адам дегеніміз – бұл барлығынан бұрын саналы тіршілік иесі, ол таңдау еркіндігі және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу арқылы өзінің өмірлік мақсатын, ұстанымын, өмірдің мәнін, өзі анықтай алады деп түсіндіреді. Адамның өзін-өзі жетілдіру жолындағы басты кедергі – жетіспеушілік сезімі. Даралық психология – Адлердің жеке адам теориясы, бұл теорияда әр адамның даралығының қайталанбастығы көрсетіледі, сонымен бірге адамдар өз жетіспеушіліктеріне қарсы күресе алатын субъектілер болып табылады. Ол жеке тұлғаның қалыптасуында туа біткен әлеуметтік ниеттену ролін ерекше атап көрсетті. Адлердің теориясындағы нақты мәселелер мынадай негізгі қағидалар мен түсініктерге негізделген: жетіспеушілік сезімі мен толықтыру (компенсация); өзін үстем санауды (превосходство) сезіну; өмір стилі; Мен шығармашылығы; дүниеге келу реттілігі т.б.
Адлер әрбір адам жетіспеушілік сезімі негізінде туындайтын тәуелділік, дәрменсіздік жағдайында дүниеге келеді. Қоғамның озық мүшесі болуға деген туа біткен ұмтылыспен байланысты бұл жағымсыз сезім жеке тұлғаның дамуы үшін түрткі болып табылады. «Жетіспеушілік сезімі» өздігінен бұзылу немесе қолайсыз болып табылмайды, ол адамның жағдайының жақсаруына көптеген себебін тигізеді. Егер де жетіспеушілік сезімі өте күшті болатын болса, ол орнын толтыруға (компенсацияға) алып келеді, ал жетіспеушіліктің әсіре орын толтыруы (гиперкомпенсациясы) – «жетіспеушіліктің комплексін» тудырады. Жеткілікті дамыған жетіспеушілік сезімінде өзінің осы жетіспеушілігін жеңе алу ниеті білінеді. Ендеше, жетіспеушілікті жеңе алу тетігі – орын толтыру (компенсация) деп аталады. Ол психикалық іс-әрекеттің күшеюіне соқтырады да, онымен бірге әсіре орын толтыруы немесе жоғары орын толтыру тетігі қарастырылады. Мысалы: көзі көрмейтін адам суретшілік қабілетін дамытқан. Есту қабілеті төмен адамда – музыкаға деген таланттылық оянған. Яғни, өзінің биологиялық кемістігі әлеуметтік жетіспеушілікке өтіп, осы кемістіктің орнын бейсаналы түрде басқа бір нәрсемен толтыруды керек етеді, ол оны іздеп табады, тапқан нәрсесі тура сәйкес болмаса да, әйтеуір осы кемістікті бүркемелеп тұрады да, сөйтіп толықтыру үдерісі жүзеге асады.
Жетіспеушілік комплексі – қондырғылар, бейнелер, қылықтар жиынтығы. Комплекстердің болуы жеке адамның жеткілікті қызметтерінің бұзылуына, өмірлік іс-әрекет аймағының тарылуына алып келеді. Адлер еңбектері, жалпылай алғанда, ағзаның кемістігі мен олардың компенсациясына негізделген. Оның айтуынша, адамда бір орган басқаларға қарағанда әлсіз дамыған. Бұл ағзаның әлсіздігі ауруға алып келеді. Бұл – жетіспеушілік сезімі – басқа адамдарға қарағанда қабілетсіздігін сезіну, соны уайымдаумен шешімін таба алмайды.
Адлер бойынша органдардың жетіспеушілігі адамның дамуына түрткі (стимул) болып табылады, бұл – өзін-өзі жетілдіруге тырысуға алып келеді де, өзін-өзі жеңе алуға ұмтылдырады. Ал өз уайымын жеңе алу белсенділігі агрессивтілік болып табылады. Бұл идея Ф. Ницшенің «билікке ұмтылу» бейнесімен сәйкес келеді. Кейін билікке ұмтылу мен ерік өзін жетілдіруге тырысу болып табылады деп санаған ол, даңққа ұмтылуды орталық түсінікке шығарады. Өзін жоғары санау (превосходство) тумысынан беріледі, оның көрінісінің өлшемі – әлеуметтік қызығушылық (әлеуметтік сезім, қоғам сезімі). Адлер агрессия мен билікке ұмтылуды – өзін жоғары санауға бағытталу немесе жетілдіру, яғни, өзінің қабілетін дамыту, өзін жақсартуға ниеттену ретінде көрініс беру деп қарастырған. Өзін жоғары санаудың мақсаты жағымды және жағымсыз болып ажыратылады. Ол егер де қоғамдық қамқорлықты қамтыса және басқа адамдардың жақсаруына қызығушылық танытса, конструктивті бағытта дамиды, сәйкесінше, жағымды болып табылады. Бірақ та кейбір адамдар өзін жоғару санау үшін арнайы күреседі, басқа адамдардың үстінен билік жүргізу арқылы өзін жоғары санауды сезінуге ұмтылады, демек, сол ішкі сезім бұлқынысын «қанағаттандырады». Адлер бойынша осындай жоғары санауға ұмтылу невротикалық «өңі айналғандық» болып табылады
Әрбір адам өзінің жетістіктерімен талаптарының орындалуына мүмкіндік беретін өмірлік мақсатын өзі таңдайды. Яғни, қарапайым тілмен айтатын болсақ, әркімнің тағдыры өз қолында деген келіп саяды. Адамның көптеген мақсаттары саналы болады, бірақ олардың ішіндегі ең негізгісі өмірлік мақсат болып саналады. Олар ерте балалық шақта қалыптасады және санасыз деңгейде болады.
Адамның ілгерішіл дамуының бұзылу себептеріне мыналарды жатқызады: физикалық жетіспеушілік, бұл ортадан оқшаулануға алып келеді де, эгоизмді дамытады, бірлеспейтін өмір стилі пайда болады; еркелік, әсіре қамқорлықпен бағу нәтижесінен туындайды, әлеуметтік қызығушылықты төмендетеді; оқшауланғыштық, ата-анадан ажыраудан пайда болатын күй және әлеуметтік қызығушылық пен өзіне сенімділіктің төмендеуімен қатар жүріп отырады. Адлер үш негізгі өмірлік мақсатты бөліп көрсетті: жұмыс, достық, махаббат. Бұл үш міндеттер әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста болады.
Өмірлік стиль – бұл әрбір жеке адамның өмірлік мақсатына қол жеткізудегі таңдаған бірегей амалы. Өзінің өмірлік стилінің бір бөлігі ретінде әрбір адам әлем туралы және өзі туралы өзінше елестетеді. Адлер бұны «апперцепция схемасы» деп атады. Адам әлеуметтік қоғамда дамып өмір сүріп отырғандықтан, оның мінез-құлығының барлығы әлеуметтік болып келеді. Ынтымақтастық – қауымдастық, бірлестік сезімінің бір көрінісі. Қауымдастық, бірлестік және қызметтестік сезімі өмірлік стилдің толықтай конструктивтік тұрғыдан қалыптасуының негізі болып табылатын әлеуметтік қатынастарды құруға көмектеседі, сәйкесінше, адамда бірлестік және қызметтестік сезімі әлсіз болған сайын жетіспеушілік сезімі күшейе түседі.
Невроз ауытқулары – адамның жетіспеушілік кешенін жеңу үшін жасалған әрекеттерінің сәтсіздікке ұшыраған жағдайында қалыптасады және дамиды. Сондықтан оның алдын-алу үшін жетіспеушілік сезімінен бірнеше жолдар арқылы арылуға болады: сәтті компенсациямен немесе жоғары компенсациямен; Мәселен, әлсіз адам күшті болуға тырысады; «ауруға берілу» жолымен. Сондықтан Адлер невроз ауруларды емдеу үшін оларды қайта тәрбиелеп, өмірлік мақсатын түзету (коррекциялау) керек деп түсіндірді.
Райх Вильгельм (1897-1957 жж.) австриялық-американдық дәрігер, психолог, фрейдизм мен марксизмді бітістіруге ұмтылушы (фрейдомарксизм). Жыныстық төңкерісті уағыздай отырып, ол «қудаланған» моральдің барлық формаларын, жұптық некені алып тастауды талап етуден туындаған барлық әлеуметтік рефромалардың болмай қоймайтын ажырамас бөлігі деп түсінеді. Райхтың түсінігі бойынша, кез-келген қоғамның авторитарлық құрылысы, түптеп келгенде, жыныстық құштарлықты басып тастаудан туындайды. Оның Фрейдтен айырмашылығы тумысынан пайда болған деструктивті және агрессияшыл мінез құлықты жоққа шығарады және мәдениет инстинктердің қысымшылығына мұқтаж емес. Ол психологиялық қуаттың физикалық шынайылығын негіздеп, «либидоны» одан әрі дамыта түсіп, оны универсумдық немесе ғарыштық өмірлік қуат — «оргон» деп өзіндік ерекше бір натурфилософиясын негіздейді. Яғни, жыныстық төңкеріс сәтінде жыныстық табулар аршылып, жыныстық еркіндік пен адамның шынайы мәніне қайта оралудың орын алуы тиіс екендігін негіздеді.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Неопозитвизм мен постпозитивизмнің әдіснамалық қырларын көрсетіңіз.
Психоанализді әдіс ретінде қолданудың ерекшеліктерін ұғындырыңыз.
Герменеквтикалық талдауларға бірнеше мысалдар келтіріңіз.
Феноменологиянв әдіс ретінде қолданудың маңызын түсіндіріңіз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Әбішев Қ. Философия. А., 2008
7. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
8. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
9.Концепция современного естествознания: Хрестоматия., испр./Сост. З.А. Мукашев.-Алматы: Аркаим, 2002.- Изд.2.- 362 с.
10. Тұрғынбаев Ә.Х. Қазіргі жаратылыстану концепциялары. Оқу құралы.-Алматы: Білім, 2003.-188 б
№14 дәріс Қазіргі замандағы ғылыми таным мәселелері
1.Ғылыми танымдағы интегративтік әдіснама
2.Ғылыми және діни танымның арақатынасы мәселесі
3.Антисциентизм мен антитехницизм мәселелері
Бүгінгі жаһандану заманында әлем күрделеніп, сан қырлы қатынастар мен қоғамдық өмірдің бағдарлары да өзгерістерге ұшырауда. Осыған байланысты ғылым да мынадай жалпы өзгерістерді бастан кешіп отыр: интеграция, дифференциация, математикаландыру, индустрияландыру, ақпараттандыру т.б. Бұндай үдерістердің жағымды және жағымсыз жақтары бар. Интеграция жағдайында ғылыми білімдердің бірігу үрдісі басталады, ол да жаһандана бастайды, әр түрлі пәндер арасындағы айырмашылықтар түсіріле бастайды. Бұл құбылыстың өзі де әр түрлі бағытта іске асады. А) ғылыми салалардың өзара әрекеттесуі – мысалы, математика мен тіл білімі, физика мен химия сияқты ғылымдар байланыса бастайды. Б) таным аппараттарының жалпылануы мен ортақтануы – жалпы ғылыми ұғымда: құрылым, жүйе, ықтималдық, алгоритм т.б. өрісі кеңейіп, барлық ғылымдарда қолданыла бастады. В) Белгілі бір салалар басқа ғылымдарды өзіне қарай шоғырландыруда басты роль атқарып отырады: кибернетика, семиотика, ақпарат теориясы т.б.
Диффереренциация ғылымдардың өз ішінен таралуы мен бөлінуі. ХХ ғасырдың екінші жартысында белең алған бұл бағыт күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалы: плазма физикасы, қатты денелер физикасы т.б. Ғылым ішінде арнайы мамандану жүргізіліп, өзіндік терминологиялары қалыптасады. Мысалы, бүгінгі күні геологияның 80 нен астам салалары қалыптасқан. Бұл зерттеудің нақты бір аймағына үңілуге, ғылыми ізденістің белсенді және әсерлі болуына жағдай туғызады.
Математикаландыру. Математикалық әдістер мен тұрғыларды басқа да ғылыми білімдерге қолдану: нақты тәсілдер, математикалық модельдеу, есептеу эксперименттері т.б. Мысалы, тарихта, әлеуметтануда, психологияда т.б. айқын көрінеді. Әлеуметтанулық зерттеулердің математикалық модельденуі, математикалық талдаулар жасау т.б.
Индустриаландыру кезінде ғылымның технологияға және технологияның ғылымға енуі жүре бастайды. Бүгінгі ғылым күшті индустриалдық базаны қажет етеді: қарапайым жасақталған кабинеттерден бастап, ұжымдық зерттеулер жүргізетін үлкен лабараториялар. Кей жағдайда бұл гуманитарлық ғылымдарға қайшы келіп жатады.
Информатика ақпараттық үдерістерді жетілдіруді және оның техникалық жүйесін қамтамасыз етуді зерттеумен айналысатын пәндердің тобы. Ақпаратандыру қазіргі ақпараттық технологияларды ғылым мен бүкіл қоғамдық өмірге енгізу және үнемі жетілдіріп отыру дегенге келіп саяды. 1990 жылдар жалпыға қол жетімді интернеттің пайда болуы бұл үдерісті күшейтті. Бұл машинаға сеніп қалуды күшейтіп, адам ізденіс пен өмірлік процестерде белсенділік көрсете алмайтын болды. Соған байланысты адамның жауапкершіліктері де шектелді. Мысалы, авариялар т.б. Мәселені адамның өзі көріп, оны шешу белгілі бір деңгейде шектеледі, оның тек көмекші құрал ғана екндігі ұмыт қалдырылды.
Осындай жағдайларға байланысты ғалымның көпқырлылығын қажет ететін оның келбеті де өзгерді: библиографиялау – мақалалар жариялау, сілтемелерді дұрыс көрсету, оларды сауатты пайдалану; мәтінмен жұмыс – өзінің мәтіндерін тудыру ғылыми білімнің өсуінің өлшеміне айналып кеткен. Ғалымның жаңалығы тек жарияланып, тексерілгеннен кейін ғана мақұлданады. Сондықтан қазіргі ғылым ғалымдардың мәтіндерінің тұтастанған жинағы гипермәтін ретінде ұғынылды. Ғалымның осындай машықтануы ғылыми сауаттылық ретінде бағаланды. Патенттеусіз ғалымның еңбегі ескерілмей қалатын ыңғайлар байқалды. Бұл плагиат, сілтемені дұрыс алмау сияқты өзара қақақтығыстар туғызды. Ғалым ұйымдастырушы, менеджер, оқытушы сияқты қызметтерді қоса атқаруы тиіс болды. Ғалым көпшілік алдында сөйлеу, өзінің жобасын түсіндіріп беру сияқты мемлекеттік-саяси сипатты қызметтер де атқаруы тиіс болды. Сондықтан ғалым, жаңашыл, ақпараттанған, қазіргі жағдайға бейімділік сияқты қасиеттерді игеруі тиіс ахуал қалыптасты.
2. Бүгінгі ғылым өндіріспен тығыз байланысты, өндірістің дамуы, яғни экономика ғылымның дамуына байланысты болып қалды. Сондықтан, кәсіп пен маман иесі сол жаңа ғылыми жаңалықтарды білуі талап етілді. Осыған байланысты ғылым басқарушы жүйеге әсер ете бастады: болжамдар жасау, қызметтің бағдарламасы, өндіріске бақылау жасау т.б. Бұл салада қоғамдық ғылымдардың да ролі артты: инженерлік психология, инженерлік қызмет социологиясы, бизнес философиясы, техникалық эстетика т.б.
Ғылымның дамуы сол елдің дамуының өлшеміне айналды, мәселен, ғылыми техногендік жетістікке жеткен мемлекеттер дамудың алғы шебі деп есептелді. Интеллектуальді ақпараттық даму түсінігі қалыптасып келеді. Ақпараттық жаһандану жағдайындағы интернет жүйесі жалпыхалықтық сипат алды. Сциентизация, ақпараттандыру, индустрияландыру басты нысандар мен құндылықтарға өтті. Ғылыми жаңалықтардың ашылуының тездеуі қоғамдық өмірді де тезірек өзгертіп келеді.
Техниканың модернизациялық сипатты жаппай өріс алды. Осыдан инструменттік ақыл түсінігі қалыптасты. Ол тек мақсаттарға жетуді және оны тез орындауды қалайды, бұл мақсаттардың өзі не, оның мазмұны мен құндылығы неде деген мәселелермен шұғылданбайды.
Ғылымның жетістіктері болмыстың негізгі мәселелеріне, әлемнің құрылымына, адамзат тіршілігінің сабақтасуына т.б. және басты кедергілерді шешуде түпкілікті жауаптер бере алады, қоғамдық өмірдің игілігіне ғана қызмет етеді деген сияқты идеологияланған сенімдер сциентизм бағыты деп аталады. Бұған керісінше, ғылымның зардаптары туралы пікірлерді антисциентизм бағыты жинақтайды. Ғылым табиғи ортаны билеудің құралы және адамдардың бір-бірін бағындырудың тәсіліне айналып, ғаламдық қауіпті жағдайларды туғызды.
Осыған байланысты қоғамда да ғылымды қабылдаудың екі түрлі бағыты қалыптасты: біріншісі, ғылым өркениеттің қозғаушы күші деп санайтындар (ғылым өзінің зардаптарына жауап беруі тиіс емес, ғылымилықтың жетіспеуі қоғамдағы қайшылықтарды туғызады) екіншісі ғылымың зардаптарына сүйену мен технофобияға еліккендер (ғылым қоғамдық өмірді бақылап отыруы тиіс).
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Қазіргі заманғы ғылым дамуындағы интергративтік әдіснаманы түсіндіріңіз.
Ғылым дамуына қарсы бағытталған көзқарастарды талдаңыз.
Өзіңіздің ғылыми танымға деген екі жақты көзқарасыңызды білдіріңіз және оны дәйектеңіз.
Қазіргі кезеңдегі ғылыми және діни танымның маңыздылығын ашып беріңіз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008
5. Тұрғынбаев Ә.Х. Қазіргі жаратылыстану концепциялары. Оқу құралы.-Алматы: Білім, 2003.-188 б.
6. Сабит М. Заңдылықтар ашу – ғылымның функциясы//Таным теориясы.-Жиырма томдық.-Астана: Аударма, 2006.-18 т. -504 б.
7. Булекбаев С. О параллелях между мирвоззрением древнего востока и современной квантово-релятивистской физикой//Адам әлемі-Мир человека.- 2009. философиялық мұра. Жиырма томдық. Аристотель философиясы.-Алматы: Жазушы, 2005.- 3 т.- 568 б.
8.Философский энциклопедический словарь/Гл. редакция: Л.Ф. Ильичев, П. Н. Федосеев, С. М. Ковалев, В. Г. Панов — М.: Сов. Энциклопедия, 1983. – 840 с.
№15 Дәріс. Ақиқат-сенім-адасу мәселелері
1. Ақиқат және оның түрлері мен өлшемі
2.Философиядағы сенім мәселесі және оның ақылмен, ақиқатпен арақатынасы
3. Таным кезіндегі адасу және релятивистік бағдар
Білім сан түрлі болғандықтан, олардың қайсысы бізге ақиқатты бере алады деген заңды сауал туындайды. Демек, осыдан ақиқат дегеніміздің өзін анықтап алу қажет. Алетиология – (алетика-ақиқат деген мағынада) ақиқат туралы философиялық ғылым болғандықтан, осындай мәселелердің аясын қамтиды. Ақиқат – өмір шындығының ойдағы нанымды, дұрыс бейнесі, әлеуметтік процесс, практика, сайып келгенде оның өлшемі деген түсінік бар. Ақиқат сипаттамасы заттарға емес, олардың тілмен тұжырымдау тәсілдерінде емес, нақты ойға қатысты алғанда, бейнелеудің объектімен дәл келуі. Демек, білім ақиқаттылығы оның өмір шындығына сәйкес келуі тиіс. Ақиқат – танитын субъектіге шындықтағы құбылыстардың, заттардың дәл сәйкес бейнеленуі.
Ақиқаттың нақтылығы – ақиқат белгілі бір құбылыстың жүзеге асуының айғақты қолайлы жағдайларының жалпы есебі негізделген қасиеті. Ол объективті және субъективті, абсолютті және салыстырмалы ақиқат түрлерге ажырайды. Объективті ақиқат – жеке адам еркі мен тілегіне қатыссыз, адам білімінің мәні, мазмұны адамнан және адамзаттан тәуелсіз болатын ілім. Ақиқат бейнеленетін объектінің объективтілігін көрсететін мазмұнымен анықталады. Объективті дүние құбылыстары мен заңдылықтары өзінен-өзі объективті ақиқат, объективті шындық болып табылады. Объективті идеализмде ақиқат мәңгі, уақыттан тыс, өзгермейтін объектілердің қасиеті (күш, рух). Субъективті идеализмде ақиқат әрқашан субъективті, яғни, адам санасына байланысты болып келеді.
Абсолютті ақиқат ұғымындағы «абсолютті» сөзі – барлық жағдайлар мен қатынастардан еркін, тәуелсіз, жетілген деген мағынадағы түсініктен туындаған. Абсолюттілік әлемде жоқ, тек логикалық шартты мағынада ғана қолданылады. Мысалы; екі шама да үшіншісімен тең болса, онда екеуі өзара тең. Демек, абсолютті ақиқат – ақиқаттың субъектіден тәуелсіз заңды, объективті, мәңгілігіне, салыстырмалы болса да біршама тұрақтылығына, өзгермеуіне байланысты алынған дүниенің сапасы мен сипаты, практика мен ғылымның алдағы даму бағытында терістелмейтін білім.
Ол танылған мен танылатын арасындағы қатынасты, теріске шығарылмайтын сипатты ашады. Сондықтан өмір шындығы туралы нақты білім ретінде, болашақта теріске шығарылуы мүмкін емес білім түрінде абсолютті ақиқат салыстырмалы ақиқаттардың жиынтығынан тұрады. Бірақ ақиқат үнемі процесс болғандықтан абсолюттілікті ұстап тұра алмайды. Сондықтан, салыстырмалы ақиқатқа айналады, абсолютті абсолютті ақиқат, яғни, таза абсолютті ақиқат болмайды, «абсолютті» деп анықталған сапаның өзі салыстырмалы болып келеді.
Салыстырмалы (салыстырмалы) ақиқат – адам танымы тереңдеп, олардың түсініктері, идеялары өзгере түседі де, абсолютті деп белгіленген ақиқат бір кездерде немесе белгілі бір шарттарда өзгереді, өзінің тұрақтылығынан айрыла бастайды, сондықтан салыстырмалық сипат алады, яғни, басқа нәрселермен, жағдайлармен салыстырғанда абсолютті болмай шығады. Кез-келген абсолютті ақиқат үнемі толықтырылып, жетілдіру арқылы бастапқы сапасынан біртіндеп айрыла бастайды да, абсолюттіліктен қалады және абсолютті болу үшін үнемі өзін жетілдіріп, барлық талаптарға жауап беруге тырысады. Яғни, салыстырмалы ақиқат – белгілі бір шектерде, қатынастарда шарттарда шындықты дұрыс, бірақ толық емес бейнелеуден ғылым дамуында толықтырылып, тереңдетіліп, нақтыланып отыратын білім.
Ақиқаттың өзі осындай салыстырмалы ақиқаттар арқылы абсолютті ақиқатқа жақындай түседі. Бірақ, шындығында, абсолютті ақиқат пен салыстырмалы ақиқат арасында қатаң шекара жоқ. «Бүгін мүмкін емес нәрсе ертең шындыққа айналады» деген ғылыми танымдағы нақыл сөз осыдан қалған. Ақиқаттың мүлде абсолютті бола алмайтындығын, тек салыстырмалы ақиқаттар ғана болатындығын және әлемдегінің, адам білімдерінің барлығы да салыстырмалы болып келетіндігін қуаттайтын бағыт «релятивизм» деп аталады.
Релятивизм – «релятивус» деген сөзден шыққан, салыстырмалы деген мағынада қолданылады. Алғаш рет бұндай көзқарасты софист Горгий ұсынған. Демек, бұл – адам танымының шарттылығы, қатынастылығы туралы ілім. Ақиқат белгілі бір жағдайға кеңістік бойынша орынға, шарттарға және уақыт бойынша белгілі бір кезеңдерге, сәттерге, қатынастарға тәуелді. Осыған орай, релятивизм ағымы «әлемде абсолютті ештеңе жоқ, бәрі шартты, салыстырмалы» деп есептейді. Мәселен, этикада да зұлымдық пен ізгілік салыстырмалы деп есептейді.
Осыдан ақиқатты тереңірек анықтау үшін, ақиқат деп ұсынылған білімдерді тексеру үшін, мойындау үшін оны зерделеу, жалпы шарттарын анықтау қажеттілігі туындап, ол ақиқаттың өлшемі деген атауға ие болған.
Ақиқаттың өлшемі – белгілі бір болжамның, пайымдаудың ақиқат, не жалған екендігін тексеру құралы. Бұнда әр түрлі өлшемдер ұсынылып, ақиқат немесе жалған екендігі анықталуда сан алуан көзқарастар тайталасады. Абсолютті ақиқат мүлде жоқ, тек салыстырмалы ғана өмір сүретіндігін қолдайтын ағым релятивизмде ақиқаттың өлшемі де жоқ, ақиқат дегеніміз – адасу, ал адасу – ақиқат болып шығуы мүмкін деп тұжырымдайды. Ф. Г. Гегель айтқандай: «шындықтың бәрі ақылға сыйымды, ақылға сыйымдының бәрі шындық, ақылға сыйымсыздар келе-келе ақылға сыйымды болып шығады, себебі, ақылға сыйымдылық оның бойында әуел - бастан бар, ал ақылға сыйымды кейіннен ақылға сыйымсыз болып шығады, себебі, ақылға сыйымсыздық оның бойында бұрыннан бар». Демек, Гегель бойынша ақылға сиымдылық ақиқаттың шартты өлшемі болып шығады. «Ақылға сиымдылық» - философияда кейде, жалпы алғанда, логикалық (ойлау заңдарына сәйкес, формальді дұрыс) деген мағынада да қолданылады.
Бұдан шындығында да, ақиқаттың өлшемі неде деген сауал өзекті бола бастайды. Сезім философиясында ақиқат сезім арқылы ашылады, мысалы, эмотивизмде этикалық қағидалардың дұрыс, не теріс екендігі логикалық дәлелденбейді, сондықтан ол сезім күші бойынша ғана анықталады. Сезім дегеніміз – Мен қалпын ауыстыратын психологиядағы толқулар (қуаныш, қайғы), адамның айналадағы шындыққа және өзіне қатынасындағы қиналыс, толғанысы бола отырып, шындықты бейнелеудің ерекше формасыне өтеді. Сезім: адамның эстетикалық (сұлулық, қайғы, қуаныш) және интеллектуальдік (таным мүделерін қанағаттандыруға, оймен шешілетін міндеттерді атқаруға байланысты) болып бөлінеді. Осыған орай, сезімдік ақиқаттар көркемөнерде көркемдік таным ақиқаты ретінде де адамзаттың рухани кеңістік аясында жоғары беделге ие.
Ал фидеизм – ақылдан сезімді жоғары қою деген мағынада діни сезімдер мен сенімдерді басымдылыққа шығарып, ақиқат рационалды тұрғыдан дәйектелмейді, тек сенімдердің күші арқылы ғана анықталады деп түсіндіреді. Яғни, фидейзм – (фидес - сенім деген мағынада) ақиқатты ашудағы қарапайым көз жеткізуде парасаттылыққа негізделген ақиқаттан сенімнің басымдылығын білдіретін көзқарас. Бүл түсінік кейде ақылды пайдаланудан бас тартуды да білдіреді. Қазір ғылым ақиқатты толық бере алмайды, діни сенім мен сезім ғана толық ашады деген теологияның қағидасына келіп саяды саяды. Сондықтан фидеизм кейбір нұсқаларында ақиқат жаратушының өзіне айналады, ол түпкі ақиқат және түпнегіздік ақиқат ретінде қастерлеуді қажет ететін танымның биік шыңы болып та ұсынылады.
Ал эмотизм ілімінде – (эмовре-қоздыру мағынасында қолданылған) моральдік пікірлер мен категориялар тәжірибелер арқылы тексеруге келмейді, оларда ешқандай ақпар жоқ болғандықтан, мағынасыз, ақиқат не жалған емес, сондықтан олардың дұрыс не теріс екендігі сезімдер басымдылығымен анықталады. Яғни, пікірлердің мәні – айтушының көңіл күйін білдіру үшін және тыңдаушыны сондай көңіл күйге келтіру үшін қызмет етеді. Сондықтан бір нәрсені теріске шығару, екіншісін терістеу рационалды түрде емес, иландыру, таза психологиялық жолмен жасалады. Негізгі өкілдері: Айер, Карнап, Рейхенбах сияқты логикалық позитивистер болып табылады.
А. Пуанкаре мен Леруа конвенционализм, яғни, ақиқаттың өлшемі көпшіліктің өзара келісімі деген қағидасын ұсынады. Конвенционализм –(конвенцио-келісім деген мағынада) ұғымдар, анықтамалар, аксиомалар, гипотезалар ғалымдардың өзара мақсат қойылған келісімінде ғана алынады деген көзқарастағы ағым. Келісімдер үйреншікті, қарапайым, қолайлы тұрғыда болуы керек. Конвенционализмнің гносеологиялық негізі – белгілі бір құбылысты зерттеу және оны теориялық жағынан қайта құру үшін әр түрлі теориялық амалдарды пайдаланудың нақты мүмкіндігі. Мәселен, оның өкілдерінің бірі – Анри Пуанкаре француз математигі (1854-1912 ж) ғылым заңдары реалдық дүниеге жатпайды, олар қайсібір құбылыстарды ыңғайлы, әрі пайдалырақ суреттеуге қызмет ететін ерікті келсімділікті білдіреді деп санады. Ғылыми қағидалардың тууы туралы мәселелермен арнайы шұғылданды.
Ақиқаттың өлшемі ретінде Д. Дьюй мен У. Джемс – пайдалылық пен тиімділікті; Мах пен Авенариус – «ойды үнемдеу» қағидаларын дәйектеген болса, непозитивизм өкілі К. Поппер верификация, демек, білімдерді тексеру қағидасын ұсынған. Верификация – (верис - ақиқат, фацио - істеймін деген мағынада) бекітілуі, жобалануы (гипотеза) верификациялы болуы мүмкін, оның ақиқаттылығы тәжірибе көмегімен байланысты логикалық дәлелдеумен дәлелденуі ықтиымалдылықтан туындаған тәсіл. К. Поппер верификацияланбағандарды метафизикалық проблемалар деп табады да, фалсификация қағидасын, яғни, жоққа шығаруды ұсынады. Сондай-ақ ақиқатқа «ақиқат тәрізділік», «жалған шынайылық» тәрізді түсініктер де жақын. Шындық тәрізділік (правдоподобность) – К. Поппер ұсынған түсінік. Оның логикалық-әдіснамалық ұстанымы ғылым философиясындағы таным проблемасындағы ақиқатқа жету және оның өлшемі тәрізді түсінікте ұсынылған.
Жалғаншынайлық (квазиреальность) бұл да К. Поппер ұсынған танымдағы психологизммен күрестегі эволюциялық эпистемологиядағы ұғым. Жалғаншынайлық – таза шынайылық білімдегі салыстырмалы шындықтарға ұқсас түсінік. Шындық – әлем түріндегі шынайлық, субъективті иллюзиялық түрде де, субъективтілік пайымдау түрінде де әлем объективті емес деген субъективті идеализмге саяды.
Материализмде, әсіресе, марксизм ілімінде ақиқаттың өлшемі практика екендігі қайтадан ұсынылады. Практика – (праксис - әрекет мағынасында) іс-әрекет, өмір, тәжірибе деген мағыналардың мазмұнын қамтитын адамның саналы, мақсатты, нысаналы сезімдік қызметі. Ол субъектілік пен объектіліктің, сана мен болмыстың бірлігі, субъективтіліктің заттандырылуы мен объективтіліктің затсыздандырылуы. Практика теорияны жүзеге асырады, түзетеді, байытады. Теориялық қағидалардың, ғылыми болжамдардың практикада қуатталуы олардың ақиқаттылығын дәлелдейтін болғандықтан, практика ақиқат өлшемі ретінде нығайтылады.
Қазіргі заманғы ғылыми таным тұжырымдамалары мен әдіснамасында синкреттілік, интегративтік, бірлік сияқты түсініктермен берілетін жалпы таным бағдары қолдау тауып отыр. Бұнда, мистика, миф, оккультизм сияқты білім салалары ақиқатты ғылыми біліммен бірлесе отырып ашу қажеттігін жолға қояды, осыдан әрі ғылыми, әрі ғылыми емес білімдерінің жиынтығын құрайтын бейсызықтық (нелинейный) деп аталатын ғылымдар жүйесі пайда болып, ғылыми таным аясында қолдауға ие болып келе жатыр. Бұл академиялыққа, классикалыққа қарама-қарсы мәнде пайда болған интегративті әдіснама негізінде құрылған ілім жүйесі болып табылады. Сондықтан бүгінгі күнге дейін мойындалмай келген ауытқушылық құбылыстар ғылыми таным үшін де қызықтырушылық тудырып отыр.
Таным теориясында теология мен философияның бірлігі бойынша, ақиқаттың мағынасы мен мазмұнын құрастыру мен дәйектеу ұстанымдары арқылы: «Ақиқат – Сенім – Адасу» құрылымы жолға қойылады.
Сенім – бір нәрсені ақиқат деп тану, сезім тұрғысынан алынған, ақиқат екендігінің толықтай дәлелденуіне қажеттілік жоқ. Сенім – сенімділік негізі, сенім – тәуекелшіл, әрқашан қателесуі мүмкін, «соқыр». Егер оған сенімді негіз, объективті кепілдік (гарантия) болса, ол дұрыс сенім емес. Сенім діни және теориялық болып бөлінеді. Ғылыми сенім танылатын нәрселер шегінде, діни сенім танылмайтын мәселелер шегінде, трансцендентальді, жоғарғы, табиғи, табиғи емес заттар мен құбылыстар шегінде болады да, ешқандай білімді қажетсінбейді. Сезімде: алдын-ала сезу, рухани интуиция құбылыстары басты роль атқарады.
Алдын-ала сезу – ешқандай негізді иемденбейтін, өтіп жатырған оқиғаларды алдын-ала көріп білу, әлі болмағанның жасырын мағынасы болып табылатын интуициямен байланысты тылсымдық та мағынасы бар құбылыс болса, рухани интуиция – бұл жерде рухтық, тылсымдық, жоғары сезгіштік деген мағынадағы руханилық пен қарастыру, пайымдау, аңдау, көре білу деген мағынадағы интуицияның бірлігінен құралған түсінік. Көне замандарда рухани көре білушілік, шабыттандыру негізіндегі ойтолғам немесе тәжірибе арқылы емес, тікілей алынған білімдер жүйесі кең етек алған.
Сенім – табиғаттан тыс күштерге сенуге байланысты оларды рационалды дәлелдеп, талдап жатуды қажетсінбейтін белгілі бір білімдер жүйесі болғандықтан, наным – сенім негізіне айналады. Наным дегеніміз – белгілі бір ақпараттар негізінде пайда болатын адам қызметінің мотиві, стимулы, мақсаты болып табылатын субъектінің жағдайы. Ол үшке бөлінеді; 1.Сезім ретінде эмоциялық наным (Д. Юм, У. Джемс) 2. Интеллектуальдік наным (Брентано, Гегель) 3. Ерік нанымы (Фихте, Декарт).
Діни сенімнің концептуалдық негізі – құдайды идеал ретінде қабылдайтын, түпкілікті ақиқат ретінде асқақтандыратын және ең жоғары құндылық деп білетін тұжырымдамаға сөзсіз бас июге келіп тіреледі. Бұл, мәселен, орта ғасырда белең алып, рухани-мәдени өмірдің тұтас бөлшегіне айналған, теоцентризмдік дәстүр кеңінен насихатталған. Теоцентризм – (тео-құдай, центр-орталық деген мағынада) теологиядағы мәдениетті, бүкіл рухани білімдер жүйесін бастамаға, теизмге бағыттап түсіндіретін, құдайға басымдылық беретін түсінік: құдай жаратушы, алғашқы себеп, бастаушы т.б. теоцентрлік ойдың сипаты. Құдайға сенім жаратушының әлемге қатынасы тұрғысынан үшке бөлінеді. Біріншісі – құдай әлемді жаратқан және оны үздіксіз бақылап, басқарып отырады, қоғам мен күнделікті адам өміріне де араласады деп санайтын бағыт – теизм болса, екіншісі – құдай дүниені тек бастапқы жаратушы ғана, бірақ кейінгі әлемнің тіршілік етуіне және адам өміріне араласпайды, тек бақылаушы ретінде ғана бар болып табылады деп есептейтін – деизм. Ал үшіншісі – пантеизм деп аталады. Пантеизм – (пан-бәрі, тео-құдай мағынасында) бәрі де – құдай болып табылады деп түсіндіре келе, табиғатты, әлемді құдайландыру, екеуін кіріктіру туралы сенім. Ол 4 формаға бөлінеді: 1) теомонистік – әлемнің өз бетінше өмір сүретін болмысын шығарып тастап, тек құдайды мойындау; 2) физиомонистік – құдайдың өз бетімен өмір сүретіндігін алып тастап, құдай деп аталатын әлем, табиғат өмір сүретіндігін онымен алмастыру; 3) имманентті-трансцендентті – құдай заттарда іске асады, заттар мен құбылыстар құдайдың көріну, біліну тәсілі; 4) панентеизм – пантеизм мен теизмді біріктіру. Мәселен, Спиноза имманентті трансцендентті пантеизмді қолдады. «Себептердің себебі – ақырғы себеп – әлем – құдай» түсініктерін парапарлап субстанцияға айналдырды.
Осы тұста сенім мен ақыл түсінігі де қарама-қарсы мағынада ұғынылады. Неміс философы И. Кант айтқандай, «мен сенімге орын беру үшін ақылды шектедім»,-деген тұжырым оларды бәскелесуші және баламалы алаңға шығарып отыр. Ақыл – қабілет, адам рухының әрекеті, тек себепті, дискурсивті танымға ғана емес, құндылықтарды пайымдауға, нәрселердің жалпы байланысын, барлық құбылыстарды бағдарлауға және мақсат қоя әрекет етуге байланысты сапа болып табылады. Осыған орай, философия тарихында сенім мен ақылды біріктіру, үндестігін қолдау бағыттары орта ғасырлардан-ақ пайда болып, ХХ ғасырдағы неотомизм ағымында жалғасын тауып отыр.
Ақыл – адамға ақпар алуға, оны сақтауға, өңдеуге және беруге, жаңа білімдер қорытып шығаруға, мақсаттарға жетуге, ортадағы хал-ахуалды дұрыс қабылдауға қабілеттілік. Ақыл өңдейтін мәліметтерді қорытып шығаратын білімдерді қолданудың объектісі – объективті дүние. Ақыл –парасат пен пайымдауды ажыратып та көрсетеді, бұнда ақылды жоғары жасампаздық қабілет ретінде тану жолға қойылады. Психологияда ақыл интеллект мағынасында, кибернетикада «жасанды интеллект» деген түсінік бойынша енгізіледі. Ақылға басымдылық беретін бағыт рационализм деп аталады. Рационализм (рацио-ақыл деген мағынада) – ақылға сәйкес, пайымдау тұрғысынан алынған және талдаудың орталық негізін – ақыл, ойлау, бағамдау деп танитын философиялық ағым. Ондағы таным теориясында нағыз білімді тәжірибе, сезім және оны қорытудан шығару мүмкін емес, білім ақылдың бейімділігі, алғырлығы арқылы алынуы мүмкін екендігі негізделеді. Эмпиризмге қарама-қарсы деп есептелетін рационализм бағыты ақылдың шектеусіз үстемдігіне хұқ береді, ақылға қарсы ешқандай инстанцияны қоймайды: Декарт, Спиноза, Лейбниц, Кант ж.т.б.
Ақыл натурфилософияда «әлемдік ақыл» - жарататын, өзінің мақсат қоюынан шығатын, барлық шындықтың қағидасы ретінде ойлайтын рухани күш, әлемді басқаратын парасаттылық деп түсінілетін құбылыс. Ол әр кезеңде әр ойшылда әр түрлі түсіндірілген, әрекеті құдайлық немесе табиғи заңдылықтар жүйесінде болған. Мәселен, «нуус» - рух, интеллект, әлемдік жан деген мағыналарды қоса қамтитын сана мен ойлаудың барлық актілерінің, әлемдік жиынтығын білдіретін көне философия дәуірінен бергі келе жатырған космологиялық метафизикалық түсінік. Анаксагорда –формасыз материя жасаудың және реттілік келбеті болса, неоплатоншылдар барлық дүниені ұғындыратын және белгілі бір форма беретін ерекше сезімнен тыс болмыс деген ой түйеді.
Ал «Логос» (логос – сөз, сөйлеу, тіл мағынасында) – философиялық мағынасы – ой, ұғым, ақыл, мағына, әлемдік заң сияқты ұғымдарды білдіретін натурфилософиялық-космологиялық-онтологиялық, жартылай мистикалық ұғым. Гераклит пен стоиктерде әлемдік ақыл – арнайы жақсыз, тіпті құдайдан да жоғары көтерілетін әлем заңдылықтары болса, бұны стоиктер – кейде тұлға, құдай ретінде де қолданады. Неоплатоншылдарда, Филонда, Көне Өсиетте логос түсінігі құдай ұғымымен тоғысады, құдайлық қасиеттегі ақыл күші, құдайдың мәңгі ойы ретінде әлемді жаратқан, байланыстырған. Логос мистикасында адам мен құдай арасындағы дәнекер екендігі тұжырымдалады. Бұл мәселені тереңдей ашу сайып келгенде, сана ұғымына келіп тіреледі.
Адасу – белгілі бір парадигмадағы ой немесе ойлау жолы, олардың дұрыс екендігіне сенімділік болады, бірақ ол шындыққа мүлде сәйкес келмейтін таным нәтижесі. Адасу субъектінің объектіге сәйкес келе қоймайтын түсінігі, ол білім шектеулігіне, білімнің жекелеген сәттерін абсолюттендіруге байланысты өтуі болып шығады. Оның шын мәні бірден аңғарыла қоймайды. Психологиялық адасу құбылыстарды жеткілікті түсіндірмеуден немесе жоғары дәрежедегі субъективтіліктен болады. Бұл құбылыстар туралы дұрыс қорытындыға келмеуден шығады. Адасумен «жалған», «қателік», «өтірік», «адастыру» ұғымдары байланысты. Адасу былай бөлінеді: деректі жағдайға, затқа сәйкес еместік (материалдық қате) немесе логикалық заңдарға қайшы келеді (формальдік қате). Адасу көздері: алдын-ала сендіру, ақыл-ой қабілетінің жетілмегендігі, асығыстық, энергия жетіспеуі, ойлаудың бір жерге шоғырлануы, танымдық материалдың жетіспеуі, субъективті көңіл-күй, құмарлық, тәртіпсіз жүйелеу, асығыс жалпылау және т.б.
Адасу мазмұны жөнінен «қателік» ұғымына жақын. Қателік индивидтік мүлдем кездейсоқ қасиеттері түрткі болуы себепті индивид білімінің объектіге сәйкес келмеуін сипаттайды, оның болуы да болмауы да мүмкін. Қателік – күнделікті тілде адасумен синонимдес, өйткені, қателік те субъектіге объектінің сәйкес келмеуі. Қателікке кездейсоқ құбылыстар мен қасиеттер түрткі болады, сондықтан ол болуы да мүмкін. Себебі, бұл субъектіге ғана байланысты. Оның қателік екендігі белгілі болғаннан кейін ол түзеуді немесе қайталамауды қажет етіп тұрады.
«Жалғандық» та шындыққа қарама-қарсы түсінік. Жалған логикада білімді шындыққа қарсы сипаттау үшін, білімнің шындыққа жету жолындағы қозғалыста білдіру үшін қолданылады. Жалғанның (квази деген термин бойынша түсініледі) шындыққа қарама-қарсылығы маңызды. Ол логикада шындықты ашу үшін салыстырылады. Ал адасу білімнің шындыққа жетуі үшін тарихи қозғалыс барысында ұшырайды. «Өтірік» – ақиқат түсінігіне қарсы этикада жиі қолданылатын категория. Өтірік – шындықты әдейі бұрмалау, ақиқатты танып, көре тұра оның орнына сәйкес еместі, өтірікті ұсыну. Өтіріктен адасу туады, адасу себебі жалған және өтірік мәліметтерге иланудан болады, бұны мәдени-қарым-қатынастық ортада адастыру де те атайды. Адастыру – адамның әдейі ниет қоя ұйымдастырылған әрекеті, өзін алдауға немесе өзгені алдауға қолданылады. Бұнда адасқан және адастырған (жалған мәліметпен сендірген) екі жақ болады. Адастыру үшін сендіру, көз жеткізу, күштеу сияқты құралдар қолданылуы мүмкін.
Адасу негізі – адасудың тууы мен шығуының жалпы алғышарты, бірақ салыстырмалы шындық қашанда барынша абсолютті, абсолютті шындық таза абсолютті емес, салыстырмалы шындық болып шығады. Сондықтан абсолютті шындықты таза абсолютті деп ойлау, оның салыстырмалығын ескермеу, немесе салыстырмалы шындықты абсолютті, соңғы деп түсіну де адасуға апарады. Адасудың гносеологиялық негізі – салыстырмалы шындықты абсолютті шындық деп ұсынуда жатырғандықтан, диалектикалық тұрғыда шындықты адасу, адасуда шындық сәттері бар. Шындық болып отырған шындықтар толып жатырған адасуларды, жекелеген қателіктерді қамтиды, объектіні дәл көрсетпейді. Танымда шындық пен адасу да салыстырмалы болғандықтан, біріне-бірі оңай айнала алады. Демек, адасу және шындық тұтасып кетпейді, бірақ бір-біріне өтіп отырады. Мәселен, Кеңес Одағы тұсындағы идеологияда капиталистік қоғам құндылықтары адасу деп, ал социалистік қоғам жүйесі ақиқат деп танылды, кейіннен керісінше, социалистік-коммунистік қағидалар адасу болып табылды, мүмкін бір кездерде, ол қайтадан шындыққа айналуы ықтимал.
Адасу мен шындық диалектикасы – адасуды шындықтан арнайы бөліп алу керек, екінші жағынан салыстырмалы шындықтың бір бөлігі абсолютті шындық ретінде қабылданады деген тұжырымға келеді. Сондықтан да білім қашан да бір текті жалған, бір текті ақиқат емес. Мәселен кейбір болжамдар адасу болып шығуы мүмкін. Белгілі бір жағдайдағы ақиқат келесі бір жағдайда адасу және керісінше болып құрыла береді. Сондықтан адасу мен шындық арасындағы шек, салыстырмалы, өткінші, адасу мен жалған арасында ауыс-күйіс бола береді, бұнда «иә» немесе «жоқ» деген жауап алынбайды.
Cтуденттің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Ақиқаттың түрлерін жіктеп, оған мысалдар келтірңіз.
Адасудың көздерінің бірі «асығыс жалпылауға» мысалдар келтіріңіз?
«Шындық», «Ақиқат», «Дұрыстық» ұғымдарын салыстырып, мәнін ашыңыз?
Ақиқаттың өлшемдерін көрсетіңіз.
Ақыл мен сенім мәселелерін салыстыра отырып түсіндіріңіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. А., 2008.
2. Мырзалы С. Философия. А., 2008.
3. Қ.Ермеков. Философия негіздері. А., 2000ж.
4. Тұрғынбаев Ә. Философия. А.2008.
5. Философиялық сөздік. А., 1996ж.
6. Әбішев Қ. Философия. А., 2008
7. Қазақ Совет Энциклопедиясы 12 томдық
8. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия
9.Алтаев Ж, А.Қасабек. Философия тарихы. А.,1999 ж.
10. Ақназаров Х.З. Философия тарихынан дәрістер курсы. А., 1992 ж
11. «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. –Алматы: Жазушы, 2006 ж.
12. Ғабитов Т.Х. Философия. Оқулық. А., 2008 ж.
13. Нұрышева Г.Ж. Философия: Оқу құралы. –Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж.
14.Әбішев К., Әбжанов Т. Философия тарихындағы таным теориясы және метод проблемасы. А.: «Ғылым», 1990. 255 б.
Достарыңызбен бөлісу: |