Философия, саясаттану


Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы



Pdf көрінісі
бет2/20
Дата15.03.2017
өлшемі1,14 Mb.
#9856
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
1  ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТҮРКІ ФИЛОСОФИЯСЫНДА 
БАҚЫТ ҰҒЫМЫНЫҢ ПАЙЫМДАЛУЫ 
Философия  адамзат  руханиятының  үлкен  бір  саласы 
болуымен  қатар,  біздің  күнделікті  өмірлік  тәжірибеміздің 
ажырамас  бір  бөлігі  болып  табылады.  Біз  мұны  мойындасақ 
та,  теріске  шығарсақ  та  философиялық  ой-толғамдар  біздің 
күнделікті өмірімізді толықтырып, адамзат мәдениеті дамуы-
ның  бүкіл  ұзақ  жолына  ілесіп  келеді.  Ғылыми  білім  мен 
философияның  пайда  болу  дәуірін  Карл  Ясперс  «өзектік 
кезең»  деп  атайды.  Адамзат  тарихындағы  бұл  төңкерістік 
кезең  алғашқы  қауымдық  дәуірден  өркениеттілікке  өтуді, 
мифологиялық  дүниетанымнан  қоршаған  ортаның  ғылыми-
философиялық пайымдалуына өтуді білдірді және бұл құбы-
лыс біздің заманымызға дейінгі VIII–II ғасырларда Шығыста да, 
Батыста да бірдей орын алды. 
Әлемдік  философияның  дамуын  хронологиялық  тұрғыда 
жіктейтін  болсақ,  оның  мынадай  ірі  кезеңдерін  бөліп  қарас-
тыруға  болады:  1)  ежелгі  дәуір  (ертедегі  мессопотамиялық, 
ирандық,  үнді,  қытай  және  ежелгі  грек-римнің  антикалық 
философиясы);  2)  ортағасырлық  философия  (Шығыста 
исламдық  философия,  Батыста  христиандық  философия); 
3)  Жаңа  заман  философиясы  (Еуропадағы  рационалистік 
философия);  4)  Қазіргі  заман  философиясы  (бейклассика 
немесе постмодернизм). 
Мұның  ішінде  ортағасырлық  философияның  өзіндік 
ерекшелігі  болды.  Яғни  негізгі  тақырыбы  «Құдай  –  адам  – 
әлем»  мәселелерімен  сипатталатын  бұл  философия  теоло-
гиямен  тығыз  байланысты  болды.  Бүкіл  ортағасырлар  бойы 
Шығыста  –  ислам  діні,  Батыста  –  христиан  діні  дүниетаным-
дық  тұрғыда  доминантты  рөл  атқарды.  Ақыл  мен  сенім 
тұтастығындағы ортағасырлық философияның мынадай өзге-
шелік  белгілері  болды:  1)  Егер  антикалық  философияның 

 
 
 
                      
                                                  13
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт ұғымының пайымдалуы
мақсаты шындыққа жету болса, ортағасырлық философияның 
мақсаты  қасиетті  қасиетті  Құранда  немесе  Інжілде  айтылып 
қойған  шындықты,  Қасиетті  Сөзді  ұғынуға  ұмтылды;  2) 
ортағасырлық философияның негізін теоцентризм, провиден-
циализм,  креационизм,  традиционализм  құрады;  3)  инкар-
нация  (құдаймен  бірігу)  идеясы  адамзат  баласы  үшін  өзін 
құрбандыққа  шалған  пайғамбарлардың  алдында,  Құдайдың 
алдында  күнәhарлықты  өтеумен  байланыстырылды.  Құтқа-
рылу  құдайшылдыққа  негізделіп,  өзіңді-өзің  тану  Құдайды 
танумен (мағрифатпен) түсіндірілді. 
Ортағасырлық  түркі  философиясына  араб  философия-
сының  зор  ықпалы  болды.  VII  ғасырда  ислам  діні  қалыптас-
қаннан  кейінгі  мәдениеті  өркен  жайған  Араб  халифатында 
философия  ерекше  дамыды.  Бастапқыда  Куфа  және  Басра 
қалаларында  шоғырланған  араб  философиясы  Қасиетті 
Құрандағы  Алладан  келген  уәхи-сөздерді  тәфсірлеп,  тікелей 
теологиялық сипатта дамыды. Ал VIII ғасырдың орта тұсынан 
бастап  Платон,  Аристотель,  Плотин  сияқты  антикалық 
авторлардың  араб  тіліне  аударылған  шығармалары  жарық 
көргеннен  соң  араб  философиясы  «шығыс  перипатетизмі» 
деп  аталатын  жаңа  бағытта  дамып,  оның  орталығы  Бағдат 
қаласындағы  Бейт-әл-хикма  (Даналық  үйі)  үйіне  көшті. 
Антикалық  философия  мұрасын  кәламшылар  (мутазилит-
діншіл  рационалистер,  ашариттер,  джәбәриттер,  хариджит-
тер),  сопылар  (мистиктер)  мен  перипатетиктер  (мәш-шаи) 
исламдық  жаңа  арнада  дамытты.  IX  ғасырдың  аяғында 
рационалистік  бағыттағы  карматтар  үйірмесі  («Ихван  ас-
сафа»  –  Тазалық  бауырластығы)  өз  дәуірінің  философиялық 
және  ғылыми  жетістіктерін  жүйелеп,  52  трактаттан  тұратын 
энциклопедия  құрастырды.  Ірі  араб  философы  әл-Кинди 
Платон  мен  Аристотель  ілімдерін  біріктіріп,  оны  исламмен 
байланыстырып,  эклектикалық  жүйенің  негізін  қалады.  Өз 
кезегінде  араб  тілдес  философия  мен  ғылымның  дамуына 
орталық  азиялық  ғұламалар  зор  үлес  қосты:  әл-Фараби,  Ибн 
Сина,  әл-Хорезми,  әл-Бируни,  Омар  Хайам,  Ж.  Баласағұн, 
М.  Қашқари,  Қ.А.  Иасауи  және  т.  б.  Арабтардың  Пиреней 
түбегін  жаулап  алғаннан  кейін  мұсылмандық  Испанияда 
қалыптасқан өркениет Еуропаның рухани дамуына орасан зор 

14 
        
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
ықпал  етті.  Батыс  Еуропаның  ортағасырлық  схоластикалық 
философиясында  араб  тілдес  шығыстық  перипатетиктермен 
қатар,  мағрибтік  философтардың  қалдырған  үлкен  ізі  болды, 
мысалы:  Ибн  Бадджа  (Авеллас),  Ибн  Туфейль  (Абубанер), 
Ибн Рушд (Аверроэс), Ибн Гебироль (Авицеброн), Маймонид 
және т. б.
Араб  тілдес  философия  мен  мәдениеттің  күшті  ықпалы 
болғанымен де, ортағасырлық түркі философиясының ұлттық 
реңкке ие өзіндік ерекшеліктері болды, оны «құт», «қанағат», 
«несібе»,  «кие»,  «кесір»  тәрізді  дәстүрлі  дүниетанымдық 
әмбебаптардан  аңғаруға  болады.  Дегенмен  де  түркі  фило-
софиясының да басқа ұлттық философиялар сияқты (мысалы, 
ежелгі үнді, антикалық грек, классикалық неміс, ағартушылық 
француз  және  т.  б.)  қалыптасу  мен  дамуға  тән  ортақ  заңды-
лықтарға бағынатыны сөзсіз. Сондықтан да түркі философия-
сын  жалпыадамзаттық  әлемдік  философияның  ажырамас 
құрамдас бөлігі ретінде қарастырған жөн. 
1.1  Ортағасырлық  түркі  мәдениеті  және  түркі 
философиясының ерекшеліктері
Қазақ  халқының  бүгінгі  мәдениеті  мен  дүниетанымын 
тереңінен  әрі  жан-жақты  түсіну  үшін  оның  қайнарларын 
халқымыздың  архетиптік  санасындағы  іздерінен  іздеу  қажет, 
дей-түріктер  мен  арғықазақ  мифологиясынан  бастап,  ілкі 
түркілер  мен  ежелгі  қазақтардың  дәстүрлі  мәдениетінен 
табу  керек.  Қазақ  халқының  дүниетанымы  мен  дәстүрлі 
мәдениетінің  рухани  тамырлары  мен  бастау  көздері  ежелгі 
сақ,  ғұн  және  ортағасырлық  түркі  мәдениетінде  екенін  отан-
дық  зерттеушілер  бүгінгі  күні  дәлелдеп,  түйіндей  түсуде. 
Әсіресе  ортағасырларда  барлық  түркі  халықтарының  бірігіп, 
бір  суперэтносқа  ұйысқан  кезеңнің  орны  бөлек.  Елбасы 
Н.  Назарбаев  ғасырлар  тоғысының  қарсаңында,  Түркі 
қағанатының  1450  жыл  толуы  қарсаңында  жазылған  «Тарих 
толқынында» еңбегінде былай деп жазды: «Біздің бәріміздің де 
мақтаныш етуімізге тұрарлық мол мұрамыз бар. Өйткені ата-
бабаларымыз  адамзат  тарихында  өшпес  із  қалдырып  кеткен, 

 
 
 
                      
                                                  15
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт ұғымының пайымдалуы
Евразия  құрылығындағы  халықтардың  тағдырына  орасан  зор 
күшті әсер еткен» [39, 94 б.].
Өткен  тарихымызға  құрметпен  қарап,  оны  танып-білуге 
деген  құштарлық,  рухани  мұраларымыздың  негіздерін  ай-
қындауға  деген,  ұрпақтар  арасындағы  мәдени-тарихи  сабақ-
тастықты жаңғыртуға деген ұмтылыс еліміздің тәуелсіздік алуы 
барысында  мүмкін  болып  отыр.  Ол  қазіргі  тарихи  кезеңдегі 
қоғамның  қажеттілігінен  туындап,  өркениетті  мемлекет  құру 
міндетімен байланыстырылады. Отаршылдық тұсында сөнуге 
сәл  қалған  рухани  мұраның  ұшқынын  қайта  тұтату  үшін 
елбасының  бастамасымен  көтеріліп,  жүзеге  асқан  «Мәдени 
мұра» мемлекеттік бағдарламасының тигізген әсері зор болды. 
«Қазақтың  ежелгі  даласындағы  түркі  тілді  мәдениеттің  терең 
астарлы  тарихына  үңілетін  болсақ,  онда  әлемдік  мәдениетке 
өзіндік  үлесін  қосатын  талай  мәдени  мұраның  қорына  тап 
боламыз.  Тек  осы  рухани  байлықты  төкпей-шашпай,  келесі 
ұрпаққа  барлық  қадірін  түсірмей  жеткізе  білу  қазіргі  заман-
ның  зерделі  қоғамының  тарихи  міндеті  екенін  атап  өте 
аламыз.  Мемлекетіміздің  осы  руханилыққа  толы  игілікті  істі 
қолға  алып,  ғалымдардың,  зерттеушілердің  көмегімен  үл-
кен  бағдарламаны  жүзеге  асырамыз  деген  талабы  күрделі 
мәселе және ол болашақты ойлаудан туындаған қадамдардың 
қатарына жатады», – деп жазады профессор С.Е. Нұрмұратов 
[40, 5 б.].
Ортағасырлық  түркі  мәдениетін  ұғымдық  анықтамас  бұ-
рын, түркі әлемін зерттеудің ғылымда қалыптасқан дәстүрлері 
бар екенін ескеру керек. Түркілік өркениеттің дәуірлеп тұрған 
шағында  түркітану  ғылымы  да  гүлденді.  Оның  бастауында 
М. Қашқари, Ә. Науаи секілді саңлақтардың тұрғаны белгілі. 
Ал кейіннен, бірнеше ғасырлар бойы еуроорталықтық көзқа-
растағы ғалымдардың күшімен Орталық Азияның халықтары 
туралы отырықшылық пен егіншілікті жалмап жұтатын көш-
пелі тайпалардың ордасы деген түсінік қалыптасты. Дегенмен 
Шығысты  отарлаудың  астарлы  мақсатында  қалыптасқан 
ориенталистика  ғылымының  орнығуы  нәтижесінде  көптеген 
мәселелердің басы ашылды. Патшалық Ресейдің қызметіндегі 
И.Т.  Стараленберг  пен  Д.Г.  Мессершмидтің  Орхон  және 
Енисей өзендерінің бойынан тапқан балбал тастардағы жазуды 

16 
        
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
В.  Томсеннің,  Н.М.  Ядринцевтің,  В.В.  Радловтардың  ғылыми 
әлемге енгізуі барысында түркі дүниесі туралы көзқарас өзгер-
ді. Оның үстіне соңғы археологиялық жаңалықтар көне Тұран 
жерінің  біртұтас  әрі  төлтума  мәдениетке  тұнып  тұрғанын 
көрсетіп берді. 
Ғылымдағы  ашылған  бұл  жаңалықтар  ХХ  ғасырдың  ал-
ғашқы  ширегінде  отаршылдыққа  қарсы  түркі  тілдес  халық-
тардың, оның ішінде қазақ халқының ұлттық санасының оянуы 
барысындағы  түрікшілдік  қозғалысына  да  ықпалын  тигізді. 
Бұл бағыттың өкілдері (М. Шоқай, М. Жұмабаев, Т. Рысқұлов, 
М. Ходжаев т. б.) түркілік өркениет тұтастығы аясында қазақ 
мәдениетін қалыптастыруға шақырды. Бұл типтің басты ерек-
шеліктеріне тарихи сананы түркілік тұтастық идеясы негізінде 
жаңғырту,  тәңіршілдік,  Батыс  пен  Шығыстан  даралану,  қазақ 
халқы  түріктің  қара  шаңырағының  иегері  деп мойындау т.  т. 
жатады. Осы қозғалыстың басты өкілдерінің бірі М. Жұмабаев 
былай жырлайды: 
Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай, 
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай.
Еріксіз Ер түрікті еске аларсың
Көкке асқан Хан тәңірге қарай-қарай.
ХХ  ғасырда  Н.А.  Аристов,  С.М.  Арсал,  И.А.  Батманов, 
Д.Д. Васильев, Л.Н. Гумилев, Ген Ше Мин, С. Кляшторный, 
Н.А.  Кононов,  С.Е.  Малов,  О.  Маенхен-Хелфен,  Ю.  Немет, 
Х.Н.  Оркун,  Л.П.  Потапов,  Ж.-П.  Ру,  И.В.  Стеблева,  Т.  Текин, 
А.М.  Щербак  және  басқа  да  көптеген  зерттеушілердің  еңбек-
тері  нәтижесінде  түркологияның  кешенді  ғылымы  қалыптас-
ты.  Кеңестер  Одағында  түркологиялық  конференциялар  да 
өткізіліп тұрды. Мұндай конференциялар 1926 жылы Бакуде, 
1967  жылы  Ленинградта,  1976  жылы  Алматыда,  1980  жылы 
Ташкентте,  1985  жылы  Ашхабадта,  1988  жылы  Фрунзеде  өт-
кізілді. Түркологияның қарқынды дамуына танымал жазушы 
Олжас Сүлейменовтың «АЗиЯ» кітабының да түрткі болғанын 
айта кету керек. Кеңес дәуірінде көне түркі жазуын зерттеу са-
ласына қомақты үлес қосқан отандық зерттеуші ғалымдардың 
қатарына  Ә. Марғұланды, Б. Кенжебаевты, С. Аманжоловты,       

 
 
 
                      
                                                  17
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт ұғымының пайымдалуы
 Ғ.  Мұсабаевты, Ғ.  Айдаровты, Ә.  Құрышжанұлын, Қ.  Өмірәлиевті, 
М. Томановты және т. б. жатқызуға болады. 
Шетелдерде  түркологияға  байланысты  ұйымдар  мен 
қоғамдар құрылды. Мысалы, 1927 жылы Түркияда «Түрік тіл 
қоғамы»,  1952  жылы  ГФР-де  «Орал-Алтай  қоғамы»  құрылды. 
Дүниежүзі  түркітанушыларының  бас  қосатын  халықаралық 
ғылыми ұйымы – «Халықаралық тұрақты алтаистикалық кон-
ференция»  –  ПИАК  1959  жылы  бекіді.  Кеңес  түркологтары 
комитеті  құрылып,  оның  органы  «Советская  тюркология» 
журналы  Баку  қаласында  1970  жылдан  жарияланып  тұрды. 
Шетелдерде:  Түркияда  –  «Түрк  дили»,  «Түрк  дүниясы», 
Австрияда  –  «Akta  orientalia»  тәрізді  мерзімдік  басылымдар 
бар. 
Дегенмен, біздің елімізде көне түркі өркениетінің қалдыр-
ған  мұрасын  зерттеудің  жаңа  кезеңі  тәуелсіздік  алынғаннан 
кейін басталды. Күлтегіннің, Тоныкөктің бітік тастардағы жаз-
ба  ескерткіштерінің  көшірмесі  ел  ордасы  –  Астанаға  келтіріл-
ді. О. Сүлейменов «Тарихқа дейінгі түркілер: ежелгі түркі тілі 
мен жазуының пайда болуы туралы», «Жазу тілі» еңбектерін, 
М.  Жолдасбеков  «Орхон  ескерткіштері»,  Қ.  Сартқожаұлы 
«Байырғы  түркі  жазуының  генезисі»,  Н.  Базылханның  «Көне 
түрік  бітіктастары  мен  ескерткіштері»,  С.  Досанов  пен 
А.    Мектептегі  «Таңбатану»  және  т.  б.  өз  зерттеулерін 
жариялады.
Барлық  түркілердің  рухани  астанасы  деуге  болатын 
Түркістан қаласында А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-
Түрік  университетінің  ашылуы  өте  маңызды  қадам  болды. 
Көп  ұзамай-ақ  бұл  білім  мен  ғылым  ордасы  түркітанудың 
танымал  орталықтарының  біріне  айналды.  2002  жылдан 
бастап осы оқу орнында «Түркология» журналы жарық көре 
бастады. I (2002 жыл), II (2004 жыл) және III (2009 жыл) Халық-
аралық  түркологиялық  конгрестер  осы  қалада  өткізілді. 
2009  жылдың  18-21  мамырында  өткізілген  III  Халықаралық 
түркологиялық конгреске әлемнің отыз шақты елінен ғалым-
дар  қатысып  түркологияның  келелі  мәселелерін  талқылады, 
оның материалдары жарияланды [41]. 
Бұл  университеттің  құрамында  Түркология  ғылыми-
зерттеу университеті ашылған. Оны түркологияға байланысты 

18 
        
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
монографияларымен, 
оқулықтарымен, 
мақалаларымен 
танымал  маман,  философия  және  теология  ғылымдарының 
докторы Досай Кенжетай басқарып келді. Институтта отандық 
түркологияның  майталман  мамандары  Рахманқұл  Бердібай 
мен Әбдуәли Қайдар қызмет етті. 
Түркітануға  біздің  философтарымыз  да  өзіндік  үлесін 
қосты.  А.Қ.  Қасымжанов  «Стеллы  Кошо-Цайдама»  [42], 
Д.  Кішібеков  пен  Т.  Кішібеков  «Речь  и  письменность:  транс-
формация  звуко-знаковых  систем»  [43],  М.С.  Орынбеков 
«Ежелгі қазақтардың дүниетанымы» [32] деп аталатын еңбек-
терінде  түркілік  рухани  қайнарлардың  дүниетанымдық 
келелі  мәселелерін  көтерді.  Сондай-ақ  Ә.Н.  Нысанбаевтың, 
М.С.  Бурабаевтың,  С.  Ақатайдың,  Қ.Ш.  Нұрланованың, 
Ғ. Есімнің, А. Қасабектің, Ж.Ж. Молдабековтің, Т.Х. Ғабитовтың, 
Ж. Алтаевтың, М. Сәбиттің, Н. Аюповтың, С.Е. Нұрмұратовтың, 
Р.Қ.  Қадыржановтың,  Д.С.  Раевтың  және  т.  б.  философ-
ғалымдардың  еңбектерінде  орталық  азиялық  түркілік  өрке-
ниетті  зерттеудің  теориялық,  әдіснамалық  мәселелері  сөз 
болды. Сол сияқты ҚР БҒМ Философия және саясаттану инс-
титутының  «қазақ  философиясы  және  эстетикасы»  бөлімінің 
ғылыми  қызметкерлері  дайындаған  4  кітаптан  тұратын 
«Қазақ даласының ойшылдары» [44] атты жинақ жарық көрді. 
Ғылымдағы  осындай  жетістіктердің  нәтижесінде  ортағасыр-
лық  түркілердің  материалдық  және  рухани  мәдениетінің 
жетістіктері  айқындалды,  түркі  өркениеті  географиялық-
семантикалық, мәдени-тарихи және ұғымдық-дүниетанымдық 
тұрғыдан анықталды. 
Әдетте түркілік мәдени аймақ туралы айтқанда, қазіргі кез-
де Орталық және Алдыңғы Азияны мекен ететін барлық жиын-
тығы  300  миллионнан  асатын  адамды  құрайтын  отызшақты 
түркі  тілдес  ұлттар  мен  ұлыстардың  мәдениеті  ұғынылады. 
Түркілер  өздерінің  түпкі  отанын  Алтай  және  Хан  тәңірі  тау-
ларынан таратып, оларды қастерлейді. Тәңірі тау (Тянь-шань), 
Алтай және Орал тауларымен қоршалған жазық далалы, шөл 
және  шөлейтті,  таулы-қыратты,  өзен  аңғарларындағы  (Сыр 
мен Әму дариялары, Жетісу) аймақтар Тұран немесе Түркістан 
деп  аталды.  Бұл  атауларды  кеңес  дәуірінде  компартияның 
нұсқауымен  тарихи  жадыдан  шығаруға  тырысты.  Сібір  мен 

 
 
 
                      
                                                  19
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт ұғымының пайымдалуы
Адриатика  аралығындағы  түрік  суперэтносының  кеңістігін 
жаңа заманнан бері империяшыл көршілері бірнеше жерінен 
үзіп  жіберген.  Соның  салдарынан  ХХ  ғасырдың  аяғына  дейін 
бұл өркениеттің ішіндегі жалғыз тәуелсіз болып келген Түркия 
мемлекетінің туыстас халықтармен байланысы ажырап қалды. 
Еділ мен Кавказ, Сібір мен Орта Азия арасын Ресей отаршы-
лары бөліп тастады. «Әрине, мұндай әділетсіздіктің мәңгілікке 
созылуы  мүмкін  емес  еді.  Әділдік  орнап  түркі  халықтарын 
қатты  жаныштаған  Кеңес  Одағы  ыдырады,  Орта  Азия  мен 
Қазақстан тәуелсіздік алып өз мемлекеттерін құрды. Түркілік 
тұтастықты,  үзілген  байланысты  қалпына  келтіріп,  бүгінгі 
әлемдік өркениет дәрежесінде дамытуға толық мүмкіндік пен 
алғышарттар қалыптасты», – дейді Мақаш Тәтімов [45, 52 б.].
Ежелгі және орта ғасырларда түркі халықтары Қытайдан 
Шығыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Гималай тауларына дейінгі 
орасан зор территорияны мекен етті. Түркілер өздеріне дейін 
осы  жерлерді  иеленген  көшпелі  және  жартылай  көшпелі 
сақ  және  ғұн,  үйсін  және  қаңлы  жұрттарының  мұрагерлері 
саналады. 
Табиғат  пен  климаттық  жағдайлардың  алуан  түрлілігі 
көшпенді  мал  шаруашылығынан  туындаған  номадтық  мәде-
ниеттің, отырықшы егін шаруашылығынан туындаған оазистік 
мәдениеттің  және  егіншілік  пен  малшылық  қосылған  аралас 
(«яйлак»)  мәдениеттің  қатар  орын  тебуіне  мүмкіндік  берді. 
Сондай-ақ бұл өңір қола дәуірінен бастап-ақ металлургияның 
отаны  болды.  Р.  Форбестің,  Е.Н.  Черныхтің  пікірлерінше, 
прототүрік  тайпаларының  мекендеген  территориясын  жер 
бетіндегі  металлургияның  пайда  болған  ошақтарының  біріне 
жатқызады.  Н.Я.  Бичуриннің  айтуынша,  түркілер  темірдің 
өнеркәсіптің  өндірісін  ең  алғаш  жолға  қойған  халықтар, 
қытайлықтар  темірден  жасалған  бұйымдарды  түркілерден 
алды және олардың сапасын жоғары бағалағаны жөнінде жаз-
ба мәліметтер бар.
Аңыз  бойынша  Ергенеқонда  Көк  бөріден  (Ашинадан) 
көбейіп  тараған  түркілер  (бұл  этноним  «тур»,  «тюкю»  сөзде-
рінен  шығарылады)  VI  ғасырдан  бастап  әлемдік  тарихтың 
сахнасына  шыға  бастайды.  Біздің  заманымыздың  552  жылы 
Бумын  қаған  Түркі  қағанатының  негізін  қалады  және  кейіні-

20 
        
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
рек  ол  Тынық  мұхиттан  Византияға  дейін  созылған  орасан 
зор  империяға  айналды.  Бұл  мемлекет  ыдырағаннан  кейін 
де  қыпшақтардың,  оғыздардың,  хазарлардың,  бұлғарлардың, 
қарлұқтардың,  түркештердің,  дулаттардың,  наймандардың, 
қоңыраттардың,  қарахандықтардың,  хорезмдіктердің  құрған 
мемлекеттері  сол  заманның  саяси  тарихында  маңызды 
рөл  ойнады.  Тіпті  Мысырдағы  Мамлюктер  мемлекеті  мен 
Еуропадағы  Мажар  мемлекетіндегі  әулеттер  (қазіргі  мажар 
тілінде 1500-ден аса түрік текті сөздер бар) де түркілік түбірге 
ие.  Ал  Алтын  Орда  мен  Осман  империялары  тарихтағы  ең 
құдіретті  мемлекеттік  бірлестіктердің  қатарына  жатады. 
Зерттеушілер осы еуразиялық далалы аймақта үстемдік еткен 
империялардың санын он алтыға жеткізеді. 
Әдетте мұндай ірі мемлекетке бірігу қандай да бір беделді 
тайпаның  жетекшілігімен  жүзеге  асады  да,  кейінірек  ол  ұсақ 
хандықтарға  ыдырайды.  Сондықтан  да  түркі  халықтарының 
этникалық  атаулары  із-түзсіз  жоғалып  кетпей,  бірде  ауысып, 
бірде жаңғырып, бұрыңғы даңқын жоғалтпай отырды. Тарихта 
мұны «сырғымалы этнонимдер» феномені деп атайды [46]. 
Ұлы Даланы мекен еткен тайпалар мен халықтар осындай 
үнемі  өзара  байланыстарының  арқасында  ғасырлардың 
тезінен  өткен  біртұтас  материалдық  және  рухани  мәдениетті 
жасап  шығарды.  Және  бұл  тұтастық  ортақ  бір  тілді  қажет 
ететіндіктен, осы зор территорияда жалпы түркі тілі мен оған 
туыс  диалектілер  үстемдік  етті.  Түркі  тілдеріндегі  бір  діңнен 
тараған бұтақтар секілді туыстас тұтастық бүгінгі күнге дейін 
сақталып отыр. Салыстырмалы түрде кейін жазылған «Игорь 
полкі туралы сөзді» түпнұсқасында ешкім түсіне қоймаса да, 
одан бұрын қашалған түркінің руналық жазбалары ХХ ғасыр-
да да оңай оқылды. 
Түркілер  дәстүршіл  консерваторлардың  қатарына 
жатады  және  бұл  белгі  тұрақты  қалпын  сақтайды  да  оның 
болмысының,  мәдениетінің,  салт-дәстүр,  әдет-ғұрыптарының, 
өмір  тәртібінің,  тілі  мен  мінез-құлқының  және  т.  б.  барлық 
қырларынан  аңғарылады.  Мал  шаруашылығының  ғасырлар 
бойы өзгермеуі де осымен түсіндіріледі. Антикалық замандағы 
географтардың скиф тайпаларының тұрмысына қатысты қал-
дырған  сипаттамалары  олардың  жиырмасыншы  ғасырдағы 

 
 
 
                      
                                                  21
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт ұғымының пайымдалуы
ұрпақтарында  көп  өзгеріске  түсе  қойған  жоқ.  Экстенсивті 
көшпелі мал шаруашылығының олардың дамуына кері әсерін 
тигізіп  те  отырды:  жайылымдық  жер  іздеу  жаугершілік 
соғыстарға  әкелді,  олар  туған  жерлеріне  қайтып  оралмады. 
Түркілер  әскери  іс  пен  өнерде  де  үлкен  жетістіктерге  жетті. 
К.Э.  Босворт  айтқандай,  «жылдам  да  төзімді  түрік  жауын-
герлерінің  қосындары  азиялық  даладағы  кез  келген  әскердің 
сапын  толықтырып  тұратын».  Мұның  салдары,  ақырында 
түркілердегі  материалдық  және  адами  ресурстардың  сарқы-
луына әкелді. 
Түркілердің  негізгі  өндіріс  түрі  мал  шаруашылығы 
болды,  ол  өмірге  қажетті  өнімдердің  барлығымен  –  етпен, 
сүтпен, терімен, жүнмен, көлікпен қамтамасыз етті. Олардың 
бүкіл материалдық мәдениеті осы төрт түлікпен байланысты 
болды.  Материалдық  мәдениетке  қандай  да  бір  этностың 
шаруашылығын,  тұрғын  үй  типтерін,  тұрмыстық  қажетті 
өтеу  бітімдері,  құрал-жабдықтар,  әдет-ғұрыптар  және  т.  б. 
жатқызылатынын  ескерсек,  көшпелі  түркі  халықтарының 
өздеріне тән ерекшеліктері болғанын айту керек. Бұл тұрғыдан 
алғанда  орталық  азиялық  көшпенділердің  кеңістікті  игеруі 
мен  халықтар  араластығын  қамтамасыз  етуі,  олардың 
географиялық  және  космогониялық  түсініктері,  жылқыны 
қолға  үйретіп,  садақты  ойлап  табуы,  құрастырылмалы  киіз 
үй  мен  арбаны  алғаш  пайдалануы  және  оларды  жетілдіруі 
баға  жетпес  жетістіктер  екені  даусыз.  Киіз  үйдің  құрылымы 
мен  интерьерінің  өзі  көшпенді  халықтың  космологиялық 
түсінігінен хабар береді.
Алайда «мәдениетті материалдық және рухани деп бөлудің 
шартты  екендігін  ескерген  жөн.  Кез  келген  рухани  құбылыс 
пен оның заттандырылған түрі – адамдық тұтас әрекеттің екі 
жағы»  [47,  141  б.].  Мысалы,  материалдық  мәдениетке  жата-
тын  киіз  үй  және  оның  жабдықтары,  тұрмыстағы  пайда-
ланылатын  бұйымдар  рухани  мәдениетке  жататын  қолдан-
балы өнермен, қолөнермен астасып жатады. Ол тек баспана 
немесе  тұтынылатын  зат  қана  емес,  олардағы  таңбалар  мен 
рәміздерден  сол  халықтың  дүниетанымын,  салт-дәстүрін 
аңғаруға болады. Және де түркілерді тек осы киіз үйлерді ғана 
қоныстап,  көшіп-қонып  жүрді  деуге  болмайды.  Табиғатта 

22 
        

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет