Философия — адамзат баласының сонау ықылым заманнан басталған білімі, қоғамдық сананың формасы, болмыс пен танымның жалпы заңдылықтары туралы ілім. Кез-келген адамды әлем, қоршаған орта, қоғам, дін, діл, білім, саясат, мәдениет секілді мәселелер бей-жай қалдырмайтыны айдан анық. Міне, осы іспеттес мәселелер философия пәнінің негізгі қарастыратын бөлімдері болып табылады. Философия сөзі грек тілінен аударғанда - даналыққа деген махаббат мағынасын білдіреді. Б.з.д. 7-6 ғ.ғ. Ежелгі Үндістан, Қытай және Грекия жерлерінде бір уақытта пайда болады. Мәліметтерге сүйенсек, «философия» терминін алғаш қолданған Антика дәуірінің атақты пәлсапашысы (философы) және математигі Пифагор.
Философия дүниеге көзқарастың бір түрі. Дүниеге көзқарас - дүние туралы жалпы пікірлер жиынтығы және адамның әлемдегі орны жайлы көзқарасы. Тарихи тұрғыда қарайтын болсақ, дүниеге көзқарас үш негізгі типтен тұрады: Мифологиялық, діни, философиялық.
Мифология (гр. Myfos - аңыз, logos - ілім) - әлемді фантастикалық және ақиқат жағдайда түсінетін қоғамдық сананың бір түрі. Мифологиялық туындыларда әлемнің қалыптасуы, жер, адам, тіршілік, өмір және өлім секілді мәселелер көп кездеседі. Мифтің ерекшелігі: табиғат және табиғат құбылыстарына жан бітіру, фантастикалық құдайлардың болуы, олардың қарым-қатынасы, адамзат баласымен араласуы т.б.
Дін- бәрінен жоғары жаратушы күшке және оның қоршаған орта мен адам баласына әсері бар деп есептейтін сенім-нанымға негізделген көзқарас формасы. Діннің мифологияға ұқсастығы бар: Әлемнің пайда болуы, жер бетіндегі тіршілік, адамның іс-әрекеті туралы адамгершілік-этикалық мәселелерді алға қояды. Қоғамды игі істерге шақыруда: мәдениеттің қалыптасуына әсер етуімен қатар адам баласын сыйласымдылыққа, әділеттілікке, төзімділікке тәрбиелеп, өзіндік парыз мәселесін түсіндіруде діннің атқарар маңызы ерекше.
Философия - дүниеге көзқарастың ғылыми-теориялық түрі. Философиялық көзқарас мифологиялық және діни көзқарастан айырмашылығы - нақты ұғымдарға, категорияларға сүйене отырып логикалық ой қорыту ерекшелігінің бар болуы. Философия даму барысында үш кезеңнен өтті: Космоцентризм, теоцентризм, антропоцентризм.
Космоцентризм - әлемді түсіндіруде ғарыштың шексіз сыртқы күші қолдана отырып, ой тұжырымдау (философияның бұл кезеңі Ежелгі Үнді, Қытай және Ежелгі Грек жерлерінде көп таралды ) .