Әдебиеттер тізімі: Н.М.Мухитдинов Геоботаника негіздері 11-18 б.
Пысықтау сұрақтары:
1 Фитоценоз дегеніміз не?
2 Экосистемаларды неше топқа бөлуге болады?
5 тақырып Фитоценоздардың қалыптасуы
Мақсаты:
- фитоценоздардың және биотоптың қалыптасуы туралы ұғым беру
- фитоценоздардың қалыптасу заңдылықтарымен таныстыру
Жоспар:
1 Фитоценоздардың қалыптасуы және оның компоненттерінің қарым-қатынасы
1 Фитоценоздардың қалыптасуы туралы ұғымды филогенетикалық және онтогенетикалық тұрғыдан қарауға болады. Егерде қазіргі кездегі бар, нақтылы фитоеноздардың жаңа субстраттарда пайда болып қалыптасу процесін қарастыратын болсақ онда, ол онтогенетикалық тұрғыдан қарау болып табылады. Субстраттар алғашқы немесе бірінші және екінші болып бөлінеді. Біріншіге бұрын еш уақытта өсімдіктер болмаған /мысалы тасты шөгінділер, өзен бойындағы құм үйінділері/, ал екіншіге - өсімдіктері ортаның күшті әсерінен /жырту, өрт т.б. себептер/ жойылып кеткен субстаттар жатады.
Екінші субстраттарда кейде жойылған фитоценоздың вегетативтік мүшелерінің қалдықтары және тұқымдары сақталуы мүмкін, ал бірінші де - өсімдіктің бастамасы тек айналадағы фитоценоздардан келіп түседі. Олардан өсімдік тұқымдары су, жел, жануарлар және адам арқылы жеткізіледі. Субстратты шөп басу процесі биосфера өмірі заңдылықтарының бейнесі болып табылады. Фитоценоздың қалыптасу жылдамдығы субстраттың жағдайына және қоршаған кеңістіктен өсімдік бастамаларының келіп түсу мүмкіншіліктеріне байланысты. Фитоценоздың қалыптасу заңдылықтарын бейнелейтін ғылыми әдебиетте кең тараған екі үлгіге тоқталуға болады. Ол үлгілердің авторлары орыс геоботанигі А.Б. Шенников /1964/ және американ ғалымы Клементс.
А.П. Шенников /1964/ фитоценоздың қалыптасу процесін үш сатыға бөледі:
1. Пионерлік топталушылық. Көрші өсімдіктер арасында бір-біріне елеулі әсер ету байқалмайды.
Бірінші субстратты шөп басу процесі, ол жерде алғашқы жекеленген өсімдіктердің – пионерлердің пайда болуынан басталады. Өсімдіктердің қандай түрлерінің пайда болуы көп себептерге байланысты: біріншіден экотопқа /климатқа, субстраттың қасиетіне/; екіншіден экотопты қоршаған учаскелердің флорасына /олардан жел, су, жануарлар және адам арқылы тұқымдар, споралар және басқада өсімдік бастамалары келіп түседі/; үшіншіден қоршаған учаскелердің флорасының тарихына /егер бұрын мәдени өсімдіктер егілген учаскелер болса онда арамшөптер топырақта өздерінің тұқымын қалдырып кетуі мүмкін/.
Әртүрлі географиялық жағдайларда климаттың ерекшеліктері және субстраттың қасиеті пионерлік флораның құрамына өз әсерін тигізеді /мысалы солтүстікке қарағанда оңтүстік аймақтарында пионерлік флораның құрамы өте бай болады/. Субстратқа көптеген өсімдік түрлерінің бастамалары келіп түседі. Бірақ, оның барлығы бірдей өніп өсе бермейді. Өйткені субстраттың экологиялық жағдайы іріктеу жұмысын жүргізеді. Сол экотоптың іріктеуінен өткендері ғана тірі қалады да, ал қалғандары өледі. Тірі қалған өсімдік бастамалары өскіндер береді, бірақ экотоптың іріктеу жұмысы одан әрі жалғаса береді. Соның нәтижесінде кейбір өсімдік түрлерінің өскіндері әртүрлі қолайсыз жағдайларға /өте күшті күн радияциясына немесе субстраттың кедейлігіне, құрғақтығына тағы с.с./ байланысты өледі. Екіншілері тірі қалсада жағдайлары өте нашар болғандықтан гүлдемейді де, көбейе де алмайды. Үшіншілері өте жақсы өніп, өсіп көбейіп жатады. Сөйтіп өсімдіктердің түр құрамының тіршілікке бейімделуіне, сандық ара қатынасына байланысты дифференциялануы басталады. Бұл процесте экотоптың әсерінен басқа өсімдік түрлерінің биологиялық ерекшеліктері, оның ішінде ерекше көбею энергиясының үлкен маңызы бар.
2. Топтала – теңбілденген /группово-пятнистый/ қауым.
Субстраттағы өсімдіктер особьтарының санының көбеюі бірте-бірте олардың жақындасуына, тамырларының немесе бұтақтарының және жапырақтарының тығыз тұтасып кетуіне мүмкіншілік туғызады. Фитоценоздың қалыптасу процесінде экотоп бірте-бірте биотопқа айналады. Биотоп /гректің bios-өмір және topos-орын/ - жануарлар, өсімдіктер және микроорганизмдердің тіршілік орны.
Сонымен, фитоценоздың және оған тән биотоптың қалыптасуы қатар жүреді.
3. Диффузиялы қауым.
Диффузиялы қауымның алғашқылардан айырмашылығы ол популяциялардың /ең болмағанда үстем түрлердің/ азды көпті біркелкі таралуы.
Фитоценоздың және биотоптың қалыптасуы кезінде биотоптық немесе фитоценотикалық іріктеу басталады. Фитоценотикалық /биотоптық/ іріктеу экотоптық іріктеуден көп жағдайда қаталдау болады.
Фитоценоздың қалыптасуымен қатар биоценоз қалыптасып биогеоценоз дәрбестенеді.
Клементс /Миркин, Розенберг бойынша, 1983/ фитоценоздың қалыптасуында мынадай фазаларды ажыратты:
Өсімдіктер бастамаларының бос субстратқа миграциясы;
Эцезис немесе мигранттардың өніп, тамырланып жаңа жерде орнығуы;
Агрегация немесе мигранттардың аналық особьтарының айналасында ұрпақ топтарының пайда болуы;
Инвазия немесе мигранттардың бір тобының екінші топтарға араласып өнуі;
Стабилизация немесе өзін реттеуге қабілетті, тұрақты структура жасау.
Көпжылдық жайылымдықтар мен шабындықтарды қолдан жасау үшін, күл үйінділерін, террикондарды /француз сөзі – жер бетіндегі бос тау жыныстарының үйіндісі/және де тағы басқа өндірістік субстраттарды көгалдандыру үшін фитоценоздардың қалыптасу заңдылықтарын білу өте қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |