ƏОЖ 378.016.026.1:53
ФИЗИКА КУРСЫНЫҢ «ОПТИКА» БӨЛІМІН БОЛАШАҚ МАМАНДАРҒА ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІН ДАМЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Алимбекова Г.Б., Омирхан Ш., Сейдазимова Қ. Абай атындағы Қазақ Ұлттық
педагогикалық университетінің профессоры, п.ғ.д., PhD – докторанты, 2-курс магистранты.
Алматы, Казақстан
Аннотация. Оптика – жарықтың табиғатын, жарықтың таралу заңдылығын, жарықтың затпен әсерлесуіндегі байқалатын әр-түрлі құбылыстарды қарастыратын физика ғылымының дербес саласы болып табылады.
Кілттік сөздер: оптика, дифракция және интерференция, лазер, квант, жарықтың толқындық, корпускулалық қасиеттері, электромагниттік толқындарфотоэффект құбылысы.
Оптикалық құбылыстардың кейбіреулері, жарықтың түзу сызық бойымен таралуы, жарықтың шағылуы мен сынуы және т.с.с құбылыстары ерте заманнан белгілі болып келді. Жарық сәулесі электромагниттік толқын болып табылады, сол себепті оптика – электромагнитті өріс жайындағы жалпы ғылымның бір бөлігі болып табылады.
Оптикалық сәуле шығару аумағына рентген сәулесі мен радиотолқындар аралығында орналасқан ультракүлгін, көрінетін және инфрақызыл сәулелері кіреді. Яғни оптикалық сәуле шығарудың толқын ұзындығы 10 нм - 1мм аралығында болады. Жарықтың толқындық табиғатын сипаттайтын – интеррференция, дифракция, поляризация құбылыстары негізінде көптеген құралдар жұмыс істейді. Кез келген спектральдық құралдың жарық жіктейтін негізгі элементі болып дифракциялық тор саналады.
Дифракция және интерференция құбылысының негізінде қазіргі кезде кең қолданыс тапқан голографиялық кескін жазу жүзеге асырылады. Геометриялық оптиканың заңдылықтары негізінде күнделікті тұрмыста қолданыс тапқан: көзілдірік, микроскоп, телескоп, фотоаппарат және т. б. құралдар жұмыс жасайды. Сонымен бірге жарықтың жұтылу, сәуле шығару және шашырау, шағылу заңдылықтарын білу заттардың жарықпен әсерлесуі негізінде олардың құрылымы мен оларда болатын өзгерістерді анықтауға мүмкіндік туғызады.
Сонымен қатар, жарықтың кванттық қасиетін дәлелдейтін жылулық сәуле шығару, фотоэффект, Комптон-эффект құбылыстары да көптеген құралдар мен ғылыми зерттеу әдістерінің негізі болып табылады. Қазіргі физикалық зерттеулердің маңызды бір бөлігі болып табылатын лазерлік спектроскопияның негізі де осы оптика пәнінде қарастырылады. Оптика, өзінің үздіксіз ұзақ даму нәтижесінде қоғамда өте кең ауқымда қолданыс тапты. Оптикада оқитын құбылыстар аумағы уақыт өте келе кеңейе түсті және нақты оптиканың дамуы көптеген фундаментальдық зерттеулердің, негізгі физикалық көзқарастардың дамуына, әсіресе, XIX-XX ғасырдағы физиканың жаңа бағыттағы жаңалықтарының ашылуына әсер етті [1].
Мысалы, телескоп пен спектроскоптың ойлап табылуы табиғатта болып жатқан құбылыстардың өте бай дүниесін ашты. Микроскоптың пайда болуы, биология ғылымының дамуына септігін тигізді. Салыстырмалылық теориясының, кванттық теориясының және т.б ашылуы оптикалық зерттеулердің негізінде жүзеге асты. Қазіргі кезде экологиялық таза, қолданымда кең өріс алған энергия көздерінің бірі болған күн элеметтерін жасауда, осы оптика заңдылықтарына сүйенеді. Күн энергиясын электр энергиясына түрлендіргіштердің, яғни күн элементтерінің жұмыс істеу принципі ішкі фотоэффект құбылысына негізделген.
Ал фотоэффект құбылысының ашылуы оптиканың дамуымен жүзеге асқан. Осы күн элементтерінің пайдалы әсер коэффициентін арттыруда да оптика заңдылықтарына сүйеніп жүргізілген зерттеулер аз емес. Қарапайым мысал, күннен келген сәулелердің көп мөлшерін шағылтпай күн элементінің бойына сіңіру үшін олардың бетіне призмалық айналарды қолданған. Бұл жөнінде біз толығырақ оқу-әдістемелік кешенде қарастырдық. Білім беру тәжірибесі мен біздің зерттеу нәтижелеріміздің көрсетуі бойынша, студенттерге оптика негіздерін оқу мен қабылдау оптикалық ұғымдардың абстрактілігіне негізделген бірқатар қиындықтармен қатар жүреді.
Мысалы, зерттеудің кванттық объекттерінің көрнекі болмауы, сонымен [2]:
а) физика саласындағы берілген бөлім бағдарламасының толық қарастырылмауы;
ә) оптиканы оқытуда негізгі оқыту әдісі ретінде ауызша әдісті қолдануы;
б) оптиканы оқыту үдерісінде нағыз табиғи эксперименттің шектелген мүмкіндіктерімен байланысты эксперименттік жұмыстың жетіспеуі (оптикалық құбылыстардың барлығын физикалық зертхана жағдайларында көрсету мүмкін емес; табиғи эксперимент үнемі айқын болмайды және сапалы қасиетке ие құрылғылар күрделі, жұмыс жасау ыңғайсыз), сонымен қатар оны жүргізу үшін қажетті материалдық жағдай болмайды (эксперимент жасау үшін қажетті аппараттар мен құрылғылар не болмайды, не ескірген және өз қызметін толық орындай алмайды).
Оптика пәнінен студенттердің білім деңгейлерін көтеру үшін келесі нұсқауларды орындаған жөн:
1. Оптика бойынша оқу материалын таңдау мен оны қайта құрастыру жолымен оқу бағдарламасын жетілдіру.
2. Оптиканы оқытуда жаңа әлдіс-тәсілдерді қолдану және күшейту.
3. Оптиканы оқытуда нақты эксперименттің, теорияның, есептің мазмұнына сай жаңа ақпараттық технологияларды қолдану жолымен эксперименттік нұсқауды, теориялық базаны, практикалық қолданысты жетілдіру.
Біздің зерттеуіміз үшін үшінші жолды таңдап алдық. Оны таңдай отырып, біз тағы бір маңызды жағдайды ескердік, заманауи әлеуметтік-экономикалық қоғамның даму жағдайында оқытудың өзекті мәселелерінің бірі – студенттердің жеке қасиеттерін дамыту, оның ойлауын дамыту, креативті ойлау қабілетін, құнды ойларын шоғырландыра білуін дамыту болып табылады. Физиканы оқытуда, жеке жағдайда оптика пәнін оқытуда аталған мәселелерді шешу үшін, жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың болашағы зор болып табылады. Оқытудың заманауи кезеңінде оларды қолдану әдістері бірнеше факторларға негізделген.
Достарыңызбен бөлісу: |