ҒҰмарбек дәукеев атындағы алматы



бет3/5
Дата10.04.2022
өлшемі28,96 Kb.
#30458
1   2   3   4   5
Тайпа және ру

Қазақтың әр жүзінің өзі үлкен тайпалардан тұрады. Бұл жерде бір нәрсені ескерте кеткен жөн. Қазақтар тайпа деген атауды көп қолданбайды. Оның себебі бұл сөздің бізге арабтардан келгендігінен болса керек. Бірақ ғылыми әдебиетте "ру" деген сөзді орыстың "род", ал "тайпа" деген ұғымды "племя" деген сөзбен атау қалыптасқандықтан, біз рудан үлкен, бірнеше рудың бірлестігі болып табылатын этностық құрылымды тайпа деп атап жүрміз. Әйтпесе "тайпа" ұғымы кей өңірлерде ру ұғымынан тар шеңберлі ұғым болып есептеледі.

Сонымен, тайпа дегеніміз—жүздерді құрайтын үлкен ру бірлестіктері деп түсінгеніміз жөн.

Қазақ қоғамындағы көпшілік тайпалардың атауы өте әріден белгілі. Мысалы, үйсіндер мен қаңлылар тарихи деректерде бұдан 2300 жыл бұрын аталса, найман, керей, жалайыр, қыпшақ, т.б. тайпалар тарих бетіне кейіннен, бұдан 1200 жыл бұрын шыққандығы белгілі. Аталған қазақ тайпаларының біразы басқа туыстас халықтардың да құрамында кездеседі. Мысалы, қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, қаңлылар туысқан өзбек, башқұрт, ноғай, татар, мажар (венгр), т.б. халықтардың құрамында бар. Бұл қазақ тайпаларының көпшілігі әріден келе жатқан этностық бірлестіктер екендігін және бұл тайпалар қандас туыстар бірлігінен гөрі этностық, этносаяси бірлестік екендігінің куәсі.

Ғалымдардың пайымдауынша, шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15—20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп 7 атаға дейінгілер есептеледі. Жақын туыстар өзара қыз алыспайды. Балаға кішкентайынан жеті атасының кім екенін жаттатып өсірген. Бір атаның балалары жақындығы жағынан 7 атадан асқаннан кейін ғана өзара құдандалық қатынасқа түсуіне рұқсат етіледі. Оны ел ақсақалдары арнайы рәсімдейді. XVII—XIX ғасырларда кейбір рулар туыстығымыз, берекеміз бұзылмасын деп, 13—15 атаға дейін өзара қыз алыспаған. Жақын туыстар арасында қыз алыспау тәртібін рулық экзогамия дейді.

Әріден келе жатқан үлкен руларда қандас туыстықпен қатар жай генеалогиялық (шежірелік) туыстық қалыптасқан. Рулардың өсіп-өну үдерісінде олар әр түрлі тарихи себептермен (соғыс, жер ауып көшу) өзара араласып сіңісіп отырған.

Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған. Ұран ретінде сол рудың белгілі бір атақты адамының аты қабылданатын. Қазақ жөн сұрасқанда: "Қай рудансың?", "Қай елсің?" — деп сұраған. Мысалы, басқа тайпа арасына барғанда, алдымен қай жүзден, қай рудан, сол рудың ішіндегі қай тармақтан екенін, содан соң қай атадан тарайтынын айтқан. Мысалы: "Ұлы жүзбін, оның ішінде дулатпын, дулаттың ішінде жаныспын, оның ішінде жантумын, одан өтеміспін", — деп, бергі атасына дейін атап береді.

Қазақ ру-тайпалары өзара қатты араласқан. Бұл араласу, бір жағынан, бір-бірімен некелік қатынастар арқылы болса, екінші жағынан, ел басына күн туған соғыс, жұт, әр түрлі жұқпалы аурулардан қоныс аударудан болған. Сонымен қатар ру-тайпалардың араласуына тайпалар, рулардың бір саяси-этностық одақтар құруы әсер етіп отырған. Қазақтың "Қарға тамырлы қазақпыз" деген нақылы олардың бір-бірімен туыстас екендігін көрсетеді.

Қазақ қоғамының жүзге, руға бөлінушілігінің кейде келеңсіз, жағымсыз жақтары да бар. Өзінің шыққан тегін, аталарының шежіре тарихын әркім білуі керек. Онсыз адам тексіз, өнегесіз болып өседі. Бірақ өз шыққан тегін біле тұра, бүгінде сол ру-тайпалардан сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ деген біртұтас халықтың ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет