«Фольклорлық жанрлар, олардың бүгінгі өмірдегі маңызы» Фольклор – кез келген халық әдебиетінің қайнар көзі болумен қатар, сол халықтың өткен тарихының, жүріп өткен жолының бағдары, куәсі. Тіпті сол халықтың жан дүниесінің айнасы. Әлемдегі қай халықтың болмасын, фольклор туындыларының сипат-ерекшелігі жағынан сол жұртқа тән өзге жанрлармен ұқсастығы да, өзіне ғана тән болып келетін біршама ерекшеліктері бар екені белгілі. Шығармалардың ауызша айтылып, ел есінде ауызша сақталатыны, айтушының ой-қиялына орай түрлі өзгеріске ұшырап, көп вариантты болатыны, тұрақты, дәстүрлі тіркестердің жиі кездесетіні – ауыз әдебиетінің барлық жанрына тән, бірегей ортақ нышандар. Сонымен бірге фольклор туындыларының тарихи шындық негізінде қорытылып, суреттелуі де әр жанрларға байланысты әр түрлі деңгейде болатындығын білеміз. Қазақ фольклорына да осы қағидаттар тән.
Бүгінгі өркендеп дамыған кемел қазақ әдебиетінің бастапқы қайнар көзі – оның телегей-теңіз ауыз әдебиеті дейтін болсақ, ұлттық фольклордың алуан жанрларының ішіндегі ең көрнекті саласы – эпостық туындылар, оның ішінде батырлық жырлар. Фольклортанушылардың назарына іліккен, қорға жинақталған азақ батырлық жырларының өзі төрт жүзден астам екендігін кезінде фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллин атап көрсеткен болатын. Эпостарды зерттеу, оны әлемдік әдебиеттану ауқымында танып білу – көптен бері қалыптасқан үрдіс. Эпостанудың зерттеу әдістері мен бағыттарын да қоғамның дамуына, сұранысына сай өзгеріске ұшырап отыратыны белгілі. Фольклорлық туындыларда халық өзінің өмір сүру құбылыстары мен ойлау табиғаты- ның, болмыс-бітімінің сипатын танытуымен тіршілігінің мәні мен максатын көрсетеді.
Осыған орай фольклордағы философиялық мәселелер көрінісі халық рухани танымының ерекшелігін анықтап, оған мәдени-философия- лық, ғылыми тұжырымдар жасауға методоло- гиялық негіз болары айғақ. Қазақ халқының мәдени-философиялық таным негізін айғақтай- тын фольклорлық туындылардың ерекшелік жақтары мол. Халықтың аңыз-әңгімелері, жыр- дастандары, ондағы халықтың дүниетанымы мен көзқарастарының күрделілігі арнайы зерттеулер жасап, сараптауға лайықты. Халық өзінің өнерімен түрлі таным-түсінік- тер қалыптастырған. Бұл танымдық түсініктер өзінің ойлау жүйесімен сәйкес келіп, халықтың мәдени өмір тіршілігін танытудағы негізгі қуат көзі ретінде анықталады.