Байланысты: Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздер-emirsaba.org
1.2 Морфологиядағы тілдік білімнің концептуалдануы. Концептуалдау когнитивті тіл біліміндегі негізгі іргелі ұғымдардың бірі болып табылады. Ол адамның негізгі когнитивті қабілеттерімен байланысты, сонымен қатар адамның ес, жады, назар сияқты танымдық әрекеттеріне тікелей қатысты. Сол себепті концептуалдау тіл білімінің ғана емес, сонымен қатар психолингвистика, когнитивті психологияның да зерттеу нысаны болып табылады. Адамның болмысты түсінуі таным әрекетінің маңызды үдерістерінің бірі – концептуалдаумен тығыз байланысты. Концептуалдау адамның негізгі танымдық қызметіне негізделеді, ол адамның түрлі арна бойынша (тіл арқылы да) алған ақпаратын зерделеп, әрі қарай жүйелейді. Ол жаңа мәндер түзіліп, адамның концептуалды жүйесі мен білімнің мазмұнды оперативті бірліктері ретінде концептілердің қалыптасуына жол ашады. Концептуалдау ақпарат ағымын жіктеп, зерделей отырып, жаңа мағыналар түзеді, ол адамзат тәжірибесінің мазмұндық тұрғыдан сипаттауды мақсат етеді. Концептуалдау арқылы адам болмыс құбылыстары мен адамның ішкі әлемін таниды, адам ғалам туралы білімін қалыптастырып, белгілі бір жүйеге түсіреді, олар тілде көрініс табады. Концептуалдау – екі жақты құбылыс: бір жағынан, ол адамның ішкі және сыртқы ғаламындағы мәнділіктерді зерделеп, түйсінуге жол ашса, екінші жағынан, зерделенген мәнділіктер мен құбылыстар туралы концепт қалыптастырып, білімді құрылымдайды. Сол себепті концептуалдау үдеріс ретінде және адамның ақпаратты когнитивті өңдеуінің нәтижесі ретінде динамикалы сипатта болады.
Концептуалды және семантикалық деңгейлердің өзара байланысы бірнеше фактілерге байланысты:
Тіл ғалам туралы білімнің қалыптасып, жинақталуында, құрылымдалуында (яғни концептуалдау үдерісінде) және концептуалды жүйенің түзіліп, кеңеюінде маңызды қызмет атқарады. Бұл семантиканың екі жақты ерекшелігіне байланысты, яғни семантика концептуалды жүйеге де, тілдік жүйеге де қатысты. Сол себепті семантика тілдік жүйе мен концептуалды жүйені байланыстырушы дәнекер іспетті болады.
Тілді меңгермей тұрып, адам белгілі бір деңгейде ғаламмен танысады, сезім мүшелері арқылы болмыстағы құбылыстардың сырын түсіне отырып, ол туралы ақпарат жинақтайды, заттардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтайды. Бұрынғы мәліметтер жаңадан алынған ақпараттар жүйесімен толыға отырып, адамның ғалам туралы ақпараттар жүйесі, яғни концептуалды жүйе түзіледі. Адам белгілі бір құрылымдарға жіктейтін концептуалды жүйе индивидтің танымдық қызметін бейнелейтін ғалам туралы ақпараттар жүйесі болып табылады. Концептуалды жүйе сөйлеуші санасында сақталатын, ақпараттарды өңдейтін, оларды қалыптастырып, өзара байланыстыратын, тілде қолданысқа түсіретін бірқатар механизмдерден құралған концептілер жүйесі болып табылады. Яғни концептуалды жүйе – адамның ғалам туралы түсініктер жүйесі.
Концептуалды жүйе туралы тұжырымдарды жинақтай келіп, былайша тұжыруға болады:
Концептуалды мазмұн мен тіл екіжақты байланыста болады. Тілсіз концептуалды мазмұнды талдау мүмкін емес. Себебі санадағы құбылыстарды, таным әрекеттерін тілден басқа жолдармен бейнелеу мүмкін емес. Сонымен қатар концептуалды мазмұнды талдамайынша, тілдік формалардың қолданыс ерекшеліктерін түсіндіріп беру де мүмкін емес. Сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары адамның ғалам туралы түсініктерімен, концептуалды жүйемен тығыз байланысты болады. Түрлі деңгейдегі концептілер мен білімнің түрлі форматтарын, білімнің ұйымдасу тәсілдерін түсіну арқылы ғана адам тілдің қолданысын толыққанды түсіне алады.
Концептуалды және семантикалық деңгейлердің өзара байланысы нәтижесінде концептуалды жүйеде тілдік бірліктер қолданылады. Концептуалды ақпараттың маңызды бөлігі, тіл үшін маңызды болатын мағыналар тілдің грамматикасында, әсіресе морфологиясында көрініс табады. Бұл табиғи, логикалық сұрыптау негізінде жүзеге асады. Алдымен барлық мағыналар лексика деңгейінде көрініс тауып, кейін олардың ішіндегі ең маңыздылары ғана морфология, грамматика деңгейіне өтеді. Морфология концептуалды жүйенің ең негізгі концептілерін, яғни концептуалды кеңістік құрайтын концептілерін репрезентациялайды, сол себепті олар әмбебап сипатта болады.
Тілдік тұрғыдан ерекше маңызды болатын мағыналар грамматикада айқын көрініс табады. Грамматика концептуалды жүйенің ең маңызды бөліктерін көрсетеді, грамматикалық категориялар категориалды мәндерінің ерекше деңгейлерінің репрезентациялану, объективтену құралы болып табылады. Грамматикада көрініс тапқан категориялар міндетті болатындықтан, морфологияны когнитивті тұрғыдан зерттеуде белгілі бір тіл үшін маңызды болатын, сөйлеуші назарынан тыс қала алмайтын бөліктері ғаламның тілдік бейнесінде көрініс тауып, жіктелгенін анықтауға болады.
Тілдік емес бірліктермен қатар болмыс нысандарының бірі ретінде тіл де концептуалданады. Тілдік білімнің концептуалдану жолдарының бірі – морфология. Морфология деңгейіндегі концептуалдау ерекшелігі – ол білімді құрылымдай отырып, лексикалық жолмен берілген концептуалды материал үшін қабат, тор түзіп, белгілі бір деңгейде лексиканың қажетін өтейді. Осыған байланысты тілдік деңгейде морфология мен лексика өзара байланыста болады. Белгілі бір тілдік құралдардың көмегімен берілген концепт адам санасында негізгі концептінің сипаттарының негізде қалыптасып, құрылымға енеді. Сол арқылы концептуалды жүйе үздіксіз сипат алып, бұрыннан бар концептілер жүйесінің көмегімен жаңа мағыналық құрылымдар түзіледі. Концептуалдаудың әр деңгейінде концептуалды мазмұнның тілдік бірліктері адамның ғаламды қалай зерделейтінін, ғаламның қандай сипаттары тілдік формаларда көрініс табатынын айқындайды. Яғни түрлі деңгейдегі тілдік құралдар ғаламның тілдегі концептуалдану жолдарын көрсетеді.
Әмбебап сипаттағы негізгі концепт – ең жоғарғы деңгейдегі жалпылау нәтижесі болып табылады. Сол арқылы тілдің лексикалық жүйесінде грамматикалық топтар, яғни сөз таптары, лексика-грамматикалық топтар, жіктер түзіледі. Грамматикалық ұғымдар лексикалық концептосфераға үстеледі. Сол себепті қандай да бір сөз табына қатысты болмайтын сөз жоқ. Ендеше, тілдің грамматикалық құрамының концептосферасы адамның тілдік санасының ажырамас бөлшегі болып табылады.
Когнитивтік құбылыс ретінде сөз таптары адамның әлемді тану, қабылдау, түсіну ерекшеліктерін көрсетеді. Сол арқылы таным иесі – субъектінің ментальді ерекшелігі айқындалады. Бұл ерекшеліктер тілде кеңістік, уақыт, сапа категорияларында көрініс табады. «Тіл – құрал» А.Байтұрсынұлы зат есімдерді былайша сипаттайды: «Зат есім – нәрселердің атын көрсететін сөздер. Нәрсе деп не түрлі де болса заттарды атаймыз. Зат тегінде екі түрлі: біреулері – көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар, екіншілері – көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар. Сол деректі һәм дерексіз заттардың атын көрсететін сөздерді зат есім дейміз… Зат есім екі түрлі болады: біреулері – нәрсенің дербес өз басына ғана қойылған: жалқы есім. Екіншілері – нәрсенің біріне емес, барлық тобына қойылған: жалпы есім» [10, 105].
Ғалым лексикалық бірліктердің белгілері мен өзара байланысын ескере отырып, сөз таптарын белгілі бір грамматикалық топқа жатқызған. Еңбектері шәкірт болашағына арналғандықтан, ғалым тіл білімінің негізгі ұғымдарын түсінікті тілмен жеткізуге тырысқан. «Тіл – құралы» (қазақ тілінің сарфы) деген жалпы атауы болғанмен, оларды тарауларға жіктеуде фонетика – дыбыс жүйесі мен түрлері, морфология – сөз жүйесі мен түрлері, синтаксис – сөйлем жүйесі мен түрлері деп берілген. Яғни, тұтастай алғанда, тіл – жүйе ретінде сипатталып, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі айқындалған. Ғалым оқулық түзуде жекеден жалпыға қарай ойыса отырып, оқушылардың материалды оңай меңгеруін ескерген.
Сөз таптары – адамның таным әрекеті арқылы айналасын категоризациялау негізінде қалыптасады. Сондай-ақ сөз таптарын табиғи категория ретінде қарастыруда адамның санғасырлық тәжірибесін түйсіну, оны оны тілдік құралдармен объективтірендіруге негізделген когнитивті қабілеті көрініс табады. А.Байтұрсынұлы зат есім мен сын есімнің айырмашылығы – зат есім нәрсені атаса, сын есім нәрсенің сынын білдіретінін айтады [10]. Ғалым зат есім мен сын есімді жіктеуде жалпы грамматика, түсінік, ұғым сияқты логикалық категория қағидаттарын негізге алған. Бұл ғалымның сан есім, есімдік, етістіктерге берілген анықтамаларында да айқын көрініс тапқан. Ғалымның ұстанымдарын кейінгі оқулық авторлары да (Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, Т.Шонанов т.с.с.) басшылыққа алып, сөз таптарын ажыратуда меже етеді.
Бүгінде лексикалық мағынасы түсініксіз, көнерген сөздерге этимологиялық талдау жасауда грамматикалық концептосфера тұрғысынан морфологиялық концептілер жүйесі арқылы сөз мағынасын айқындауға болады: сөздің қай тұлғада, қандай сөз табы ретінде қолданылуына байланысты морфологиялық концептілер де, лексикалық бірліктер сияқты, сөз мағынасын айқындауда маңызды қызмет атқарады. Алайда тіл және сөйлесім әрекетін толық түсіну үшін лексикалық және грамматикалық концептілер бірлікте сипатталуы керек. Е.С.Кубрякова еңбектерінде морфологияның когнитивті аспектілерін зерттеудің негізгі бағыттары қалыптасты [11]. Ғалым морфология «синтаксис үшін қызмет ететінін» айта келіп, грамматикаға когнитивті сипат тән екенін ескертеді.
Морфология – тілдік білімді объективтендіретін, ғалам туралы білімді құрайтын сала болып табылады. Онда морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілде қалай концептуалданатыны туралы білім қоры жинақталып, адамның концептуалды жүйесін құруда маңызды орын алатын, ғалам бейнесін қалыптастыратын уақыт, персоналдылық, модальділік т.с.с. іргелі концептілердің тіл туралы білімді құраудағы орны сипатталады. Әр тілдің грамматикалық және концептуалды жүйесінің ерекшеліктері, басқа тілде кездеспейтін морфологиялық концептілер жиынтығы, бір тілден екінші тілге ауысып отыратын морфологиялық категориялар болады. Мұндай ерекшеліктер морфологиядағы концептуалдану деңгейлеріне байланысты.
Морфологияның концептуалды кеңістігінде тілдік білім сақталып, репрезентацияланады. Онда тілдік мағына, категориялар мен тұлғалар туралы білімдер сақталып, ғаламның тілде қалай концептуалданатыны көрінеді. Морфологияда концептуалды жүйенің маңызды бөліктері категорияланады. Сол себепті морфологиялық категориялар мен тұлғалар категориалды мағынаның ерекше деңгейінің жалпылану, репрезентациялану жолы болып табылады. Концептуалды жүйенің категориалды бөлігі морфологиялық концептілер түрінде көрініс тауып, морфологияның концептуалды кеңістігін құрайды, морфологиялық репрезентацияның тілдегі когнитивті негізін түзеді. Сондықтан грамматика таным үдерісімен тығыз байланысты.