Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздері



бет14/33
Дата15.12.2023
өлшемі371,6 Kb.
#139469
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   33
Байланысты:
Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздер-emirsaba.org

Негізгі бөлім

«Грамматикалық жүйе құрылымының антропоөзектік негізі» атты бірінші тарау үш тараушадан тұрады. Онда зерттеудің теориялық негіздері, тілді когнитивті тұрғыдан зерттеу ерекшеліктері, басты ұстанымдар, тіл мен танымның арақатынасы, концептуалдау, категориялау үдерістерінің сипаты, морфологиялық репрезентацияның когнитивті және тілдік механизмдері қарастырылды.

1.1 Зерттеудің теориялық алғышарттары. Бүгінгі таңда адам факторы мен тілдік бірлік қызметі лингвистика ғылымында бірінші кезекке шығып, өзекті болуына байланысты тілді когнитивтік тұрғыдан зерттеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Ғылыми зерттеулер сипаттама лингвистикадан функционалды бағыттағы зерттеулерге ойысып, тілді динамикалы, үнемі өзгеріп, дамып отыратын құбылыс ретінде қарастыра бастады. Соңғы жылдары тілдегі адам мәселесі ерекше маңызға ие болып келеді. Адамды тілінен тыс сипаттау мүмкін емес, тілдің мәні мен өзіндік ерекшеліктерін адам және оның әлемге қатынасы арқылы толық сипаттауға болады. Тіл адамға таным құралы, қарым-қатынас құралы ретінде қызмет етеді. Антропоөзектік бағыттағы зерттеулерде адам сөйлермен, өзіндік әлемі, өзіндік дүниетанымы бар саналы жан ретінде сипатталады. Әсіресе адамның ойлау және сөйлеу қабілеттерінің терең үдерістерін зерттеуде когнитивтік лингвистиканың орны ерекше. Тіл ақиқат болмысты тану барысында жинақталған әлем туралы білімді жеткізудің негізгі құралы болып табылады. Когнитивтік бағыт тілдің ақиқат болмыс туралы білімді сақтап, жеткізуші ретіндегі қызметін ескере отырып, тілдік категориялар мен олардың құрылымдарын жаңаша сипаттауға мүмкіндік береді.
Тіл таным нәтижесінде түзілген әлем туралы біліммен, оның адам санасындағы көрінісімен тығыз байланысты. Сана тіл арқылы көрініс табумен қатар, тіл арқылы қалыптасады. Сол себепті А.Байтұрсынұлы былай деп жазады: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек» [1, 343 б.].
Тарихи даму барысында танымның екі түрі – сезімдік және логикалық таным қалыптасқан. Сезімдік таным адамның сезім мүшелері арқылы қабылдау, түйсіну қызметімен байланысты болса, логикалық таным ойлау нәтижесінде қандай да бір құбылыстардың мәнін, өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтарын айқындауға бағыттаған. Адам бейнесі тіл семантикасында көрініс табады. Бұл орайда адамның өзі емес, адамның тілдегі бейнесі ерекше маңызды болады. Тілді зерттеу арқылы адамзат өзін өзі танып, түйсінеді. Тіл арқылы адам өзі де ескере бермейтін құпиялар ашылады. Адам алған әсерін өзі арқылы сипаттайды. Бұл орайда Қ.Жұбанов тұжырымдары назар аударарлық: «Адам баласының табиғатында әуелі басқаны біліп алып, өзін кейіннен білу қасиеті бар. Мысалы: адам фотографияны танып білгеннен кейін ғана өзінің басқа заттарға ат қоятыны өзін сол басқаларға ұқсата атайтыны – өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен. Мысалы, орысша небо – аспан, небо – таңдай; қазақ тіліндегі таң=адам әлемінің аты, яғни жоғары жаққа тән қасиеттің иесі; таңдай=адам денесінің жоғары жағы… Адамның жекелеген бөлшектердің белгілерін түйсіну арқылы атрибутивті портрет қалыптастыра отырып, ғаламды таниды»… «Таңырқады – таңқалды; таңыр=таң+ыр=тәңір; Таң=аспан бөлегі; ір – аспан. Бұрын адам өзін кішкене дүние деп есептеген. Бет-ауызды аспанға ұқсатқан бет – таң атып келе жатыр. «Таң қалу» деген тіркесі кейде қысқартып таңырқау дейміз. Ұятсыз деуді бетсіз деуіміз де осы конкреттік бар. Бұл қолданыстың да ым тілінен шыққандығы байқалады (бетін сызу – ым тілінен қалған қалдық; заттық көрсеткіші (материальное выражение)» [2, Б. 94-120]. Ғалым тілдік құбылыстарды адамның (сөйлерменнің) категориялау және концептуалдау үрдістерімен байланыста сипаттағанын көреміз, яғни затқа берілген атауларды адамға қатысты түсіндіре отырып, адамды негізгі меже ретінде алған.
Ғаламның тілдік бейнесі негізінен субъективті сипатта, себебі онда нақты бір адамның көзқарасы, дүниетанымы көрінеді. Ол атадан балаға берілетін категориялар жүйесі арқылы белгілі бір код құрап, дайын күйінде қабылданылып отырады. Адам өзіне дейінгі жинақталған білім қорын қабылдау арқылы этномәдени қауымдастықтың өмір тәжірибелерін де қабылдайды. Жастардың үлкендердің сөзін түсіне алмауы немесе ақын-жазушылардың шығармаларын түсіне алмауы этномәдени кодты игере алмау салдарынан туындайды. Осыған байланысты З.Қ.Ахметжанова: «Қазақ тілінің концептуалды жүйесін білмегендіктен, жастар қазақ халқының салт-дәстүрін ескіліктің сарқыншағы ретінде қабылдап, теріс бағалайды. Жалпыадамзаттық, әлемдік мәдениеттің бөлшегі болып табылатын ұлттық мәдениеттің терең, философиялық мәнін жас буын өкілдері түсіне алмай жүр», – деп жазады [3, 175б.].
Адамның танымдық әрекеті – ақиқат болмысты тануға, қоршаған ортаны түйсініп, жинақталған білімдер негізінде әлемдегі орнын түсінуіне бағытталады. Адам қашанда әлемді танып, ондағы өз орнын айқындауға талаптанады. Тіл – сөйлермендердің дүниетаным ерекшеліктерін бейнелейтін құрал, ерекше ұлттық ділдің көрсеткіші, мәдениеттің негізі. Адамның когнитивті қызметінің нәтижесінде тіл қоршаған орта туралы әсерді ғана жинақтап қоймай, сонымен қатар халықтың зерттеушілік ойларын да жеткізіп, халықтың ұжымдық, этномәдени санасында қалыптасқан ғалам бейнесін сақтайды. Осыған байланысты С.Исаев: «Тіл – қоғамдағы адамдар арасындағы аса маңызды қатынас құралы. Осы себептен де, ол бір жағынан, ойлаумен, екінші жағынан, сол арқылы санамен тікелей байланысты және қоғамдық өмірде белгілі бір қызметтер (коммуникативтік, эстетикалық-экспрессивтік т.б.) атқарады. Тіл, ең алдымен, ойды жарыққа шығарып, жетілдірудің құралы болу арқылы ойлаумен тікелей байланысты. Сондықтан тілдің негізгі единицалары ойлаудың басты категорияларымен сәйкес келіп жатады. Мысалы, сөз ұғымды білдіріп, соның тілдік көрсеткіші болса, ойды білдірудің бірден-бір тілдік көрінісі сөйлем болып табылады. Сондай-ақ тілдік единицалардың бұдан басқа да өзіндік мәндері, атқаратын қызметтері бар. Міне, осы қасиеттері арқылы тіл айналадағы дүние, объективтік шындық туралы адамның санасын қалыптастырады, оларды есте сақтауға негіз болады», – деп жазады [4, 4 б.].
Ғалам бейнесі – адам дүниетанымының басты элементі. Онда адамның дүниені тануының негізгі көріністері жинақталған. Тілдік семантика халықтың ғаламды танып-түйсіну тәсілі және болмыс туралы білімнің кодталу жолы болып табылады, сол арқылы ғаламның тілдік бейнесі түзіледі. Осыған байланысты А.Ислам былай дейді: «Адам қоршаған ортаны ойлау арқылы танып біледі және ол адам санасында көрініс табады. Адамның шындықты танып білуі, ой арқылы жүзеге асса, тіл – ойдың бейнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы ретінде қызмет етеді. Бұл – жалпыға ортақ таным, өйткені табиғаты жағынан адамзат бірдей болса, таным қызметі де, оның механизмдері де ортақ құбылыс екені де мәлім. Қандай да тіл өзіндік тілдік құрылымы және тілдік үлгілері жағынан әртүрлі болғанымен, тілдік болмысты түсінуге келген ортақ танымдық дүниелерден тұрады» [5, 13 б.]. Яғни коммуникация сәтті болуы үшін сөйленім әрекетінің субъектілері – сөйлеуші мен тыңдаушы, қабылдаушы атадан балаға беріліп отыратын кодтарды меңгеріп қана қоймай, дұрыс қолдана білуі қажет.
Қазіргі кезде зерттеулерде ғалам бейнесі түрліше сипатталады. В.И.Постовалова ғалам бейнесі адам дүниетанымының көрінісі екенін айта келіп, адам баласы қай қырынан сипаттаса, ғалам бейнесі де соншалық құбылып, өзгеріп тұратынын ескертеді [6, 32-33 б.]. Бұл орайда ғалам бейнесінің екі түрін – тікелей және жанама – ажыратып алу керек. Тікелей ғалам бейнесі – адамның болмысты тікелей танып, қабылдауының нәтижесінде түзілген ғалам бейнесі. Мұнда адам сезім мүшелері абстрактілі ойлау арқылы айналасын таниды. Ол дүниетаныммен тікелей байланысты. Алайда екеуін теңестіруге болмайды. Тікелей ғалам бейнесі мазмұнға ие білім болса, дүниетаным – әлемді тану әдістердің жүйесі болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет