Байланысты: Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздер-emirsaba.org
2.2 Модальділік концептінің морфологиялық репрезентациясы. Модальділік сөйлеуші, тыңдаушы, сөйленім мазмұны мен ақиқат шындық сияқты коммуникацияның негізгі факторларының өзара қатынасын айқындаудан туындайды. Соған байланысты одан түзілетін концепт те аталған факторлардың өзара байланысынан құралады. Модальділік концепті коммуникация факторларының арасындағы түрлі қатынастарды (шынайылық, жалғандық, ерік, күдік, сенім, мақұлдау, сұрақ, бұйрық т.с.с.) білдіреді. Модальділік концепті тілдің түрлі деңгейлерінде (просодикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік) репрезентациялануы мүмкін. Модальділік негізгі концептінің мазмұнында жалпылану арқылы шынайылық, жалғандық сияқты сипаттар түзіледі. Ол сипаттар шынайы болмыспен сәйкес келу, шынайы болмыспен сәйкес келмеу түрінде көрініс тауып, рай концептіне негіз болады. Ол морфологиялық репрезентацияның тілдік механизмі ретінде көрініп, рай концептінің қалыптасуымен байланысты болады.
Рай сөйлеушінің ақиқат шындыққа қатынасы туралы тілдік білімдеріне негізделеді. Концептінің жіктелімдік сипаты оның сөйлеуші мен тіл жүйесіне бағытталуымен байланысты. Сол арқылы сөйлеуші қандай да бір райдың көмегімен жағдаятты шынайы не жалған болмыс түрінде көрсете алады. Морфологиялық репрезентацияда рай көрсеткіштері концептінің «шынайы болмыспен сәйкес келу», «шынайы болмыспен сәйкес келмеу» сияқты сипаттарын актуалдандырады. Соның нәтижесінде «ақиқат болмыспен сәйкес келу», «ақиқат болмыспен сәйкес келмеу» сияқты жалпы сипатты, сөйлем-сөйлесім деңгейінде әрі қарай нақтылауды керек ететін морфологиялық тұлғалар қалыптасады. Олар қосымша лингвистикалық факторлардың (синтаксистік, мәнмәтін, семантикалық) көмегімен әрі қарай нақтылана түседі. Сол арқылы рай категориясы жиі қолданылуының нәтижесінде модальділік негізгі концептінің мазмұны белгілі бір сипаттарға ие болып, концептуалды мазмұн құрайды, сол арқылы түрлі лексика-грамматикалық мәндер түзіледі.
Ашық рай тұлғалары «шынайы болмыспен сәйкес келу» морфологиялық мәнін беруге қатысып, іс-әрекеттің шынайылығын білдіреді. Ол басқа лексика-грамматикалық мәндерді білдіре алмайды. Олай болмаған жағдайда сөйлем мазмұны ақиқат шындыққа сәйкес келмей қалады: «Ашық рай – қимыл, іс-әрекет үш шақтың (осы шақ, келер шақ, өткен шақ) бірін білдіретін рай түрі. Демек, ашық райдың басты семантикалық ерекшелігі – қимыл, іс-әрекеттің объективті шындыққа қатысты болу-болмауының сөйлеп тұрған сәтпен (шақпен) байланысты өтіп кеткенін, өтіп жатқанын, әлі өтпегенін, бірақ өтетін сипатын білдіру, сөйтіп, ашық рай, бір жағынан, етістіктің рай категориясының бір түрі болса, екінші жағынан, бір өзі етістіктің шақ категориясын құрайды. Осыған байланысты райдың басқа түрлерінен айырмашылығы тікелей ашық рай жасатын арнайы қосымшалары жоқ болып келеді. Демек, шақ категориясы дегеніміз, екінші жағынан, ашық рай екен де, енді оның (ашық райдың) сипаты шақ категориясы мен оның түрлері шеңберінде қарастырылады» [16, 513 б.].
Негізінен алғанда, рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай сияқты төрт түрі бөлініп көрсетіліп жүр. А. Ысқақов жалпы бұл сияқты рай түрлерін жоққа шығарғанмен, рай категориясын (етістіктің модальдылығын) қимылдың, іс-әрекеттің ақиқатқа қатысын білдіруіне қарай «екі топқа реальды немесе ашық (негізгі) және неғайбыл (жәрдемші) немесе ирреалды рай деп бөледі. Бұлай бөлуге негіз болып отырған бұл рай түрлерінің семантикалық сипаты ғана емес (реальды мән және ирреалды мән) сонымен бірге неғайбыл (ирреальды рай түрлері бұйрық рай, шартты рай, қалау рай) белгілі морфологиялық тұлғалар жүйесі арқылы берілсе, ашық (негізгі) райда арнаулы грамматикалық көрсеткіштер болмайды», сөйтіп, олар арнаулы көрсеткіштерінің болу-болмауына қарай «бір-біріне қарама-қарсы қойылып қаралады» [17, 322-333].