Байланысты: Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздер-emirsaba.org
Функционалды грамматикалық категория ұғымдары туралы кейбір мәселелер
Мақалада – грамматикалық категория компоненттерінің арасындағы және функционалды грамматикадағы айырмашылық қатынас жоспарға сай мазмұнды түрде талқыланды. Жоспарлы негізде айтылуы қажет принцип бойынша мазмұнды мағына бірлігі және сөйлеу негізі қарастырылады. Осы грамматикалық категория компоненттері тілде түбір негіздерінен құралған объектілерді айқындап және бұл қатынасқа сай объективтілігі бар (тілдік жоспар онтологиясы) құрылым, лингвистика саласында көрсетілуі тиіс лингвистикалық маңызы бар тұжырым ретінде алынады.
Тілді функционалдық қырынан зерттеу бүгінгі таңда өзекті мәселе екендігі анық. Қазақ тіл білімінде функционалды грамма тика саласы өз деңгейінде қарастырылып жатыр, дегенмен әлі де ғалымдардың зерттейтін нысандары жетерлік. Функционалды грамматика мен функционалды семантикалық өріс теориясы бойынша қарастыратын белгілі орыс ғалымы А.В Бондарконың зерттеулерінде кеңінен жазылып, оның ашқан жаңалықтары қазақ тіл біліміне де тың зерттеулер туғызуда.
Тілдік бірліктердің сан алуан функционалды-семантикалық қырларын ашып, олардың сөйлеу әрекеттеріндегі түрлі қызметтерін айқындайтын функционалды грамматиканың іргесін қалаған профессор А.В. Бондарко болса, оның жасаған теориясы бүгінгі таңда кеңі нен дамып келе жатқан ғылым саласы ретінде танымал болып отыр. Сондай-ақ, бұл бағыт бойынша И.И. Мещанинов, О. Есперсен, И.А. Бодуэн де Куртенэ, В.В.Виноградовтардың еңбектерінен бастау алады. Ал, қазақ тілінің функционалды грамматикасы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында іргелі зерттеу тақырыптарының бірі болды. Осы бағытта институттың жас ғалымдары Б.Қапалбеков таксис категориясын, О.Жұбаева персоналдылық категориясын, А.Жаңабекова темпоралдылық категориясын, А.Солтанбекова «Шақтық локалдылық бейлокалдылық» категориясын зерттеп, аталған функционалды-семантикалық категориялардың жеке мәселелеріне байланысты ғылыми мақалалар жариялады.
Соңғы кезде тіл білімінде грамматика жеке деңгей ретінде морфология мен синтаксисті ғана қарастырумен шектелмей, тілдің лексика, сөзжасам салаларын да қамтитын, кең ауқымды функционалды-семантикалық категорияларды зерттей бастады. Бұл категорияларды О.Есперсен ұғымдық категория деп атаған болатын. Ұғымдық категориялардан бастау алатын бұл семантикалық категориялар ақиқат өмірдегі, болмыстағы жалпы халыққа ортақ ұғымдарды жалпы тілдік категорияларға біріктіріп, ұғымның тілдегі көрінісін сипаттайды.
Тіл білімі аумағында грамматика әр кезде де функционалды болған. Тілдік тұлғалар әрқашанда да екі жақты: материалдық пен идеалдықтардың диалектикалық ажыратылмас бірліктері. Материалдық жағы дыбыстық көрініс тапса, идеалдық жағы белгілі бір мағыналық сипат алады, оны көпшілік жағдайда қызметі (функциясы) тұрғысынан айқындалған. Сондықтан да кез келген тілдік бірлік форма (түр) мен функциядан (мағынадан) қалыптасады да, ол тұлғалық жағынан да, оның қызметі жағынан да сипатталады. Тіл білімінде тілдің ішкі жүйесін өзіне тән бірліктері негізінде әр алуан деңгейге жіктей отырып зерделейді. Соның ішінде ұзақ зерттелген деңгейі – грамматика. Грамматика шектеулі тар мағынасында морфология мен синтаксис деңгейлерін қамтып, тұлғаларының қызметтері мен мағыналарын ашу мақсатын алға қойды. Қ. Рысалды тілдегі грамматика саласының маңызына тоқталып, функционалды грамматикадағы ұстанымдардың негізгі қырларын ашуға тырысады.
Функционалды грамматика теориясын орыс тіл білімінде А.В. Бондарко бастаған лингвистер жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл ғалымдар зерттеген аспектуалдық, темпоралдық, таксис, персоналдық (жақ), етіс, модальдық, субъектілік, объектілік, белгілік, белгісіздік, сандық, сапалық, мекендік категориялар жеке-жеке монографиялық еңбектерде жарық көрді.
А.В.Бондарко грамматикалық категорияның семантикасына баса назар аудара отырып, кез келген функционалды-семантикалық категорияны анықтауда оны негізгі тірек ретінде ұстанады. Ғалым функционалды-семантикалық категорияны тілдік категорияның ерекше түрі ретінде сипаттап, принциптерін, берілу жолдарын: «мағынадан – тұлғаға қарай, яғни мағынадан осы мағынаны беретін түрлі деңгейдегі құралдарды анықтайды. Ғалым функционалды-семантикалық категориялардың өзегі (доминанты) белгілі бір деңгейге (морфологиялық, синтаксистік не лексикалық) тән болатынын айтады. Зерттеуші морфологиялық құралдарды синтаксистік құралдармен тығыз байланыста қарастыра отырып, контекстің түрлі комбинацияларын сөз етеді. Алайда функционалды-семантикалық категорияның өзіндік ерекшелігін анықтау үшін түрлі деңгейдегі категорияларды, барлық тілдік құралдардың қызметін талдау қажет. Ғалым функционалды-семантикалық категорияның жалпы сипаты мен лингвистикалық сипатын дәйектеді. Бұл көптеген функционалды-семантикалық категориялардың бір теориялық негіз бойынша жоспарлы зерттелуіне жол ашады. Сонымен қатар белгілілік/белгісіздік функционалдық-семантикалық категориясын жан-жақты зерттеуге, оның қызмет ету заңдылықтарын айқындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезеңдегі тіл білімінің функционалдық бағытының қарқынды даму кезеңінде тілдік зерттеулердің жүйелік-құрылымдық аспектілерін коммуникативтік аспектілермен тығыз байланыстыру өте маңызды әрі өзекті мәселе болып отыр. Осы тұрғыда сан салалы функционалды-грамматикалық бағыттардың ішінде проф. А.В. Бондарко мектебінің ұстанымы қазақ тілінің функционалды грамматикасын зерттеп, қалыптастыруға, оны басқа тілдермен салғастыра зерттеуге ғылыми тұрғыдан үлгі боларлық.
Функционалды грамматиканың негізгі принципі – тілдік бірліктердің қолданылуындағы мағыналық, мазмұндық жағын, яғни қызметін басшылыққа алып, әртүрлі тіл деңгейіндегі тілдік бірліктерді қарым-қатынас процесімен, сөйлеу жағдаятымен тікелей байланыста қарастыру. Бұл зерттеу әдісінде тілдік категориялардың ішкі мағынасын жан-жақты ашып көрсетуде дәстүрлі лингвистиканың әдіс-тәсілдері де қолданыстан тыс қалмайды. Себебі кез келген тіл белгілі бір лексикалық, грамматикалық парадигмаға түскен тұтастық болып табылады.