қорытынды жасауға болады:
— Адамның когнитивті (таным) тәжірибесі мен ғаламды түйсіну тәсілдері арқылы ойлау құрылымдары (концепт, концептуалды жүйелер мен категориялар) қалыптасып, олардың тілдік құрылымдарға (тілдік таңба мен категорияларға) жіктелуі нәтижесінде грамматикалық категориялар түзіледі. Сол себепті морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер концептуалды мазмұнның құрылымдалу тәсілі болып табылады. Морфологияда тілдік жүйе үшін маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын концептілер көрініс табады. Сөйлеушінің ментальді ерекшеліктері уақыт, модальділік, персоналділік, қатынас, сан-мөлшер т.б. негізгі (іргелі) концептілерде көрінеді.
— Предикативті қатынас жақ, рай, шақ категориялары негізінде құралады. Антропоөзектік тұрғыдан алғанда, предикативті бірліктер сөйлеуші-тыңдаушы осінде орналасқан. Сөйлеуші (адресат) – нақты адам, сөйлеу актінің авторы, тыңдаушы (адресант) та нақты адам ретінде қабылданады. Предикативті қатынас негізінде сөйлеушінің ақиқат болмысқа қатынасы, коммуникацияға қатысушы адам факторы ескеріледі. Жақ категориясы арқылы сөйлесушілердің өзара қатысы, өзара ілтипаты, сыйластығы, қарым-қатынас ерекшеліктері көрінеді. Модальділік концепті арқылы сөйлесушілердің ақиқат болмысқа деген көзқарасы байқалады. Соған сәйкес модальділік объективті және субъективті модальділік болып жіктеледі. Ол рай категориясына, соған сәйкес ашық (реалды) және неғайбыл (ирреалды) райларға негіз болған. Уақыт тікелей концептуалданбайды, оған жанама түрде оқиғалар, кеңістік пен қозғалыс атаулары уәж болады. Сөйлеу сәті сөйлесушілердің коммуникацияға түскен уақыты болып табылады. Шақ, рай категорияларында сөйлеушілердің дүниені, ақиқат болмысты қабылдау ерекшеліктері көрініс тапса, жақ категориясында олардың тілді тұтыну ерекшеліктері көрінеді.
— Қазақ тілінде қатынас мәні етіс және септік грамматикалық категориялары арқылы репрезентацияланады. Етіс, септік категориялары субъектілі-предикаттық, объектілік, меншіктілік қатынас, мекендік-мезгілдік, көлемдік т.с.с. қатынастарды білдіріп, сөйлеушілердің ақиқат болмысқа деген көзқарасын білдіреді. Етіске тән өзіндік мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері болуына байланысты салт, сабақты етістіктер етіс категориясынан өз орнын алуы керек. Қазақ тілді сөйлеушілердің тілдік санасында өздік, ырықсыз, ортақ етіс мазмұн межесі мен тұрпат межесі тұрғысынан толық қалыптасқан, ал өзгелік етіс тұлғалары тілдік санада әлі орныға қоймаған. Ол өзгелік етіс қосымшаларының сабақты етіс қосымшаларымен ұқсастығына байланысты. Адам объективті шындықты, ақиқат болмысты өзгертетін субъект ретінде көрінетін актив құрылымдар ұлттық болмысты таныта алады.
— Сан-мөлшер мәні жекелік-көптік, шырай категорияларының көмегімен беріледі. Сан-мөлшер концепті арқылы ақиқат болмыстың тілдік санадағы көрінісі байқалады. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сан-мөлшер концептінің ерекшелігін зерттеу арқылы адамның ақиқат болмысты тану сипаты көрінеді. Сонымен қатар сан-мөлшер категориясы тіл тұтынушыларының тілді қолдану ерекшеліктерінен де хабар береді.
— Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер – мазмұн және тұрпат межесі бар грамматикалық жүйе бірлігі болып табылады. Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер концептуалды мазмұн мен репрезентацияланатын тұлғалардың бірлігінен құралады.
— Грамматикалық категорияларда ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері көрініс табады. Морфологиялық категорияларда ұлттық болмыс, ұлттық дүниетаным, адамдар арасындағы қатынас айқын көрінеді. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, ұлттық ділмен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеу ерекшеліктерімен байланысты болады. Белгілі бір этнотілдік қауымдастықтың мәдениеті, білімі мен тәжірибесі тілде көрініс тауып, менталитет түзеді. Білім қоры тіл семантикасында көрініс тауып, белгілі бір тілдік ұжымның ұлттық, мәдени мәдени тәжірибесін көрсетеді. Қазақ тіліндегі жақ категориясының анайы/сыпайы түрге жіктелуі ұлттық ділдің, ментальдылықтың көрсеткіші болып табылады. Морфологияға идиоэтникалық сипат тән болғандықтан, морфологиялық жүйе тілдің өзіндік ерекшелігін танытады.
— Грамматикалық категориялардың қызметі әр форманың өзіне ғана тән семантикалық белгілері арқылы айқындалады.
— Элитарлық тілдік тұлға – ұлттық тілдің жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін толық меңгерген, оларды орынды қолданатын, лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің семантикасын жан-жақты түсініп, орнымен қолдана алатын, коммуникативті стратегиялар мен тактикаларды, вербалды және бейвербалды қатынас талаптарын толыққанды меңгерген, ұлттық тіл мен мәдениет концептосферасын құрайтын концептілердің ұғымдық, бейнелі-ассоциативтік, құндылық сипатын түсінетін тілдік тұлғалар. Элитарлық тілдік тұлғаға ақын-жазушы, филолог, журналистермен қатар тіл білімінің дамуына үлес қосқан ғалымдарды да жатқызуға болады. Элитарлық тілдік тұлғалардың ғылыми тұжырымдарын талдау негізінде қазақ тіліндегі грамматикалық категориялардың қолданыс сипаты, сондай-ақ қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолы мен ондағы түрлі бағыт, ұстанымдар анықталады.
— Қазақ тіл білімінің тарихын шартты түрде төрт кезеңге (ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең: Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектері (1860-1912 ж); ұлттық тіл білімі қалыптасқан кезең: А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Ж.Аймауытов (1912-1930 ж); ұлт зиялыларының қудалануына байланысты еңбектерін оқытуға тыйым салынып, тіл білімінде еуропоцентристік бағыт белең алған кезең (1930-1988 ж.); репрессия құрбандарының ақталып, олардың еңбектерін пайдалануға жол ашылған кезең (1988 жылдан бергі кезең) жіктей отырып, ұлттық тіл білімінің қалыптаса бастаған кезеңіндегі ғалымдардың еңбектерінде грамматикалық категориялардың антропоөзектілігі, функционалды грамматика, коммуникативті лингвистика бағытындағы зерттеулердің негізі қаланғанын көреміз. Алайда ғалымдардың репрессиялануына байланысты ой-тұжырымдары кейінгі еңбектерде сабақтастық таппай қалған.
|