Предикативті қатынастар уақыт, модальділік, персоналдылық концептілері арқылы беріледі. Соның негізінде шақ, рай, жақ морфологиялық концептілері қалыптасады. Уақыт – концептуалды жүйедегі ең күрделі концептілердің бірі. Онтологиялық тұрғыдан алғанда, уақыт категориясын философиялық және физикалық жағынан сипаттауға болады. Соған сәйкес нақты уақыт екі түрлі сипатқа ие: метрикалық және топологиялық уақыт. Уақыт концептінің метрикалық ерекшелігіне ұзақтық және созылыңқылық сипат тән. Уақыттың метрикалық сипаты кеңістікпен байланысты болады.
Уақыт мәнінің күрделі, алуан қырлы сипаты оның концептуалдануынан да, шақ қатынастарының тілдегі көрінісінен де байқалады. Уақыт мәні – адамның таным әрекеттерінің негізінде адамзат дамуының кейінгі сатыларында түзілген концептілердің бірі. Қозғалыс, кеңістік пен оқиғалар туралы түсінік уақыт мәнінің қалыптасуына негіз болады. Яғни, уақыт мәні кеңістік, қозғалыс, оқиға сияқты мәндердің негізінде түзілген. Уақыттың тілде концептуалдануы қабылдау, жады, елес сияқты танымдық әрекеттермен тығыз байланысты. Уақыттың өткен шақ, келер шақ, осы шақ түріне жіктелуі адамзат дамуының кейінгі сатыларында пайда болған. Дәл қазір, сөйлеушінің көз алдында өтетіндіктен, осы шақ тұлғалары арқылы сипатталатын іс-әрекетті бақылауға болады, ал өткен шақтағы оқиғалар сөйлеуші өз көзімен көріп, басынан өткерген әсерлерінің негізінде түзіледі. Ал әлі орындала қоймаған, жоспарланған келер шақтағы іс әрекетті елестетуге болады. Келер шақ жалпы, дерексіз мәнде болатындықтан, осы шақ пен өткен шақпен салыстырғанда, кейінірек қалыптасқан. Шақ тұлғаларының жіктеліп, сипатталуынан, яғни метатілінен де бірқатар ерекшеліктер байқалады. Келер шақ тұлғалармен салыстырғанда, өткен шақ тұлғалары, мәндері әлдеқайда көп.
Функцияналды грамматикалық категория кемінде екі не одан да көп грамматикалық формалардан тұрса, функционалды грамматика құрамында сөйлеу мен мазмұндық жоспар жиынтығы болады. Сондықтан синтаксис, морфология, лексика мен фонологиялық деңгейлер, барлық саланы бір тілдік жүйеге келтіріп, теорияға негізделуі керек.
Функционалды зерттеулердің негізгі мақсаты тіл жүйесінің түрлі деңгейлеріне жатқанмен, бір мақсатқа жұмсалатын құрылымдар мен грамматикалық формалардың қолданылу ережелерін сипаттауға бағытталған. Функционалды грамматика тілдің грамматикалық құрылымын тексеріп, сипаттайды. Грамматикадағы функционалды зерттеулер екі кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, бірінші кезең – тілдегі семантикалық категорияларды берілу жолдарын зерттеу, екіншісі – тілдің түрлі деңгейлеріндегі элементтермен айтылу барысындағы грамматикалық бірліктердің қызметін зерттеу.
Грамматикалық категориялар концептуалдау және категориялау үдерістерінің нәтижесінде түзіледі. Морфологиялық категориялар мен тұлғалар концептуалды деңгейде негізгі танымдық үдерістер қатарында сипатталады. Морфологияның категориялау үдерістерімен байланысы морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп, топтастыратынын да көрсете алады. Морфологияда тілдік жүйе үшін маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын концептілер көрініс табады. Сөйлеушінің ментальді ерекшеліктері уақыт, модальділік, персоналдылық, қатынас, сан-мөлшер т.б. негізгі (ядролық) концептілерде көрінеді.
— Предикативті қатынас жақ, рай, шақ категориялары негізінде құралады. Персоналдылық жақ категориясына, модальділік рай категориясына, уақыт шақ категориясына негіз болған. Жақ категориясы сөйлеуге қатысушылардың бір-біріне қатысын, көбінесе сөйлеушінің қатысын білдіреді. Антропоөзектілік тұрғыдан алғанда, жақ категориясында сөйлесушілердің бір-біріне қатысы, өзара ілтипаты, сыйластығы, қарым-қатынас ерекшеліктері байқалады. Қазақ тіліндегі жақ категориясының анайы/сыпайы түрге жіктелуі ментальдылықтың көрсеткіші бола алады. Модальділік концептінің мазмұнында шынайылық, жалғандық сияқты сипаттар түзіледі. Ол шынайы болмыспен сәйкес келу (объективті модальділік), шынайы болмыспен сәйкес келмеу (субъективті модальділік) түрінде көрініс тауып, рай категориясына негіз болады. Уақыт тікелей концептуалданбайды, оған жанама түрде оқиғалар, кеңістік пен қозғалыс атаулары уәж болады. Оның мазмұны энциклопедиялық білімдерді: уақыттың философиялық және физикалық сипаттарымен қатар тілдік білімді, яғни шақ категориясының мәні мен қолданысы туралы білімді қамтиды. Уақыт концепті осы шақ, келер шақ, өткен шақ мәндеріне жіктеледі. Уақыт мәнін репрезентациялауда сөйлеуші сөйлеу сәтін меже ретінде ұстанады. Сөйлеу сәті сөйлесушілердің коммуникацияға түскен уақыты болып табылады. Шақ, рай категорияларында сөйлеушілердің дүниені, ақиқат болмысты қабылдау ерекшеліктері көрініс тапса, жақ категориясында олардың тілді тұтыну ерекшеліктері көрінеді.
— Қазақ тілінде қатынас мәнінің концептуалды мәні етіс және септік грамматикалық категориялары арқылы репрезентацияланады. Етіс, септік категориялары субъектілі-предикаттық, объектілік, меншіктілік қатынас, мекендік-мезгілдік, көлемдік т.с.с. қатынастарды білдіріп, сөйлеушілердің ақиқат болмысқа деген көзқарасын көрсетеді.
— Сан-мөлшер мәні жекелік-көптік, шырай категорияларының көмегімен беріледі. Сан-мөлшер категориясы арқылы ақиқат болмыстың тілдік тұлға санасындағы көрінісі байқалады. Сонымен қатар сан-мөлшер категориясы тіл тұтынушыларының тілді қолдану ерекшеліктерінен де хабар береді.
— Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер – мазмұн және тұрпат межесі бар грамматикалық жүйе бірлігі болып табылады. Мазмұн межесі ойлаудың түрлі формаларына, концептуалдауға, сондай-ақ сөйленістегі сөздердің түрлі коммуникативті қызметіне байланысты болады, ал тұрпат межесі грамматикалық категориялар, көрсеткіштер арқылы көрініс табады. Морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер концептуалды мазмұнның құрылымдалу тәсілі болып табылады. Морфологиялық репрезентация концепт қалыптастыратын тұрақты элементтерді, маңызды бөлшектерді айқындауға мүмкіндік береді. Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер концептуалды мазмұн мен репрезентацияланатын тұлғалардың бірлігінен құралады.
— Грамматикалық категорияларда ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері көрініс табады. Морфологиялық категорияларда ұлттық болмыс, ұлттық дүниетаным, адамдар арасындағы қатынас айқын көрінеді. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, ұлттық ділмен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеу ерекшеліктерімен байланысты болады.
— Грамматикалық категориялардың қызметі әр форманың өзіне ғана тән семантикалық белгілері арқылы айқындалады. Мысалы, жақ категориясының
І жақ жекеше түрінің инвариант мәні сөйлеу актіне нақты сөйлеу авторы ретінде қатысатын жеке адам, белгі иесі – субъект (агенс не пациенс) сияқты семантикалық белгілерден тұрады, синтагмалық деңгейде ауыспалы мәнге ғана ие болып, жалпыланған жақпен сәйкес келуі, адресатпен сәйкес келуі, персонификация сияқты вариант мәндерге ие болады.
— Қазақ тілді сөйлеушілердің тілдік санасында өздік, ырықсыз, ортақ етіс мазмұн межесі мен тұрпат межесі тұрғысынан толық қалыптасқан, ал өзгелік етіс тұлғалары тілдік санада әлі орныға қоймаған. Ол өзгелік етіс қосымшаларының сабақты етіс қосымшаларымен ұқсастығына байланысты.
— Элитарлық тілдік тұлға – ұлттық тілдің жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін толық меңгерген, оларды орынды қолданатын, лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің семантикасын жан-жақты түсініп, орнымен қолдана алатын, коммуникативті стратегиялар мен тактикаларды, вербалды және бейвербалды қатынас талаптарын толыққанды меңгерген, ұлттық тіл мен мәдениет концептосферасын құрайтын концептілердің ұғымдық, бейнелі-ассоциативтік, құндылық сипатын білетін тілдік тұлға. Элитарлық тілдік тұлғаға ақын-жазушы, филолог, журналистермен қатар тіл білімінің дамуына үлес қосқан ғалымдарды да жатқызуға болады. Элитарлық тілдік тұлғалардың ғылыми тұжырымдарын талдау арқылы қазақ тіліндегі грамматикалық категориялардың қолданыс сипаты анықталады.
— Ұлттық тіл білімінің қалыптаса бастаған кезеңіндегі ғалымдардың (А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, Қ.Басымұлы, Т.Шонанов т.с.с.) еңбектерінде грамматикалық категориялардың антропоөзектілігі, функционалды грамматика, коммуникативті лингвистика бағытындағы зерттеулердің негізі қаланған. Алайда ғалымдардың репрессиялануына байланысты ой-тұжырымдары кейінгі еңбектерде сабақтастық таппай қалған.
— Қазақ тіліндегі грамматикалық категорияларда әлі де басы ашылмаған мәселелер баршылық. Ол жақ категориясын анайы және сыпайы түрге жіктелуіне, көптік жалғаудың статусы, болжалдық сан есімдерге, етіс категориясының танылуына т.с.с. қатысты.
Достарыңызбен бөлісу: |