Ортақ етіс қимыл, іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъекті арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс/-іс қосымшасы арқылы жасалады. Біріншіден, ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей емес те болуы мүмкін (субъект көптік тұлғадағы бір зат атауы, немесе бірыңғай бастауыштар немесе біреуі грамматикалық субъект те, екіншісі грамматикалық жанама объекті болуы мүмкін т.б., екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғанып, ортақ етіс жасай береді: олар хат жаз-ыс-ып тұрады [16, 511]. Ортақ етісті схема түрінде былайша беруге болады:
Мұнда іс-әрекетке қатысушы субъектілер өзара тең дәрежеде (қызметі, лауазымы, жасы т.с.с.) болуы мүмкін немесе жасы үлкен адам іш тарту, жақын тарту мақсатымен ортақ етіс қосымшаларын мақсатты түрде қолдануы мүмкін. Мысалы: Байқамас оны ешкім жақындаспай, Істес боп ой сынасып, ақылдаспай. Бөшкеде не зат барын білеміз бе, Қақпағын я бір жерін тесіп ашпай? (А.Байтұрсынов, Шығ.).
Эксперимент қорытындысы бойынша, ортақ етіс пен өздік етіс қосымшаларының мағынасы мен қызметі 100% дұрыс көрсетілді. Ырықсыз етіс тұлғаларының мағынасы мен қызметін анықтауда информанттардың 10% жауап беруге қиналған. Бұл орайда экспериментке мамандарды ғана тартуды мақсат етпедік. Сол себепті қарапайым сөйлерменнің тілдік санасындағы көрінісін айқындау мақсатымен тілді меңгергенмен, мүлде басқа салада жұмыс істеп жүрген информанттар қамтылды. Информанттар арасында едәуір қиыншылық тудырған етіс тұлғалары – өзгелік етіске қатысты болды. Мұнда мектеп оқушылары мен мұғалімдер бірауыздан —т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтарын өзгелік етіс көрсеткіші ретінде таныған. Бір қызығы – алдымен тұлғаның қай етіске тән екенін анықтап, кейін мысал келтіру тапсырылған информанттардың барлығы да аталған жұрнақтарды (-т‚ -қыз‚ -тыр‚ —р) өзгелік етіс қосымшасы ретінде көрсеткен. Ал алдымен мысалын келтіріп, кейін тұлғаның қай етіске қатысты екенін анықтау тапсырылған информанттар, аудармашылар мысалды дұрыс келтіргенмен, бұл жұрнақтардың қай етіске қатысты екенін анықтауда жауап бермеген. 2 аудармашы аталған қосымшаларды «басқа етіске» жатқызған. Сол сияқты орыс тілді, қазақ тілін еркін меңгермеген 3 информант та мысалды дұрыс келтіргенмен, жұрнақтардың қай етіске қатысты екенін көрсете алмаған.
Сонымен, эксперимент нәтижелерін зерделей келе мынадай қорытындыға келдік: 1) информанттар үшін ортақ, өздік етіс тұлғалары ешқандай қиындық тудырмаған, барлық информант бұл етіс тұлғаларын дұрыс көрсеткен;
2) қосымшалары ұқсас (-ыл/-іл; -ын/-ін) болғанмен, информанттардың 90% өздік етіс пен ырықсыз етіс тұлғаларын ажыратқан; 3) өзгелік етіс қосымшаларының қызметі мен мағынасын талдауда информанттар біраз қиналғаны байқалады. Мұнда қазақ тілі пәнінің мұғалімдері (2) мен мектеп оқушылары —т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтарын өзгелік етіс көрсеткіші ретінде көрсеткен. Бұл жұрнақтардың өзіндік ерекшеліктерін аудармашылар байқаған. Сондай-ақ қазақ тілін толық меңгере қоймаған информанттардың «жауап беруге қиналғанын» да аталған қосымшалардың мағыналық ерекшеліктерін байқағаны деп бағамдауға болады. Сондай-ақ 15 информант —т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтарын өзгелік етіс көрсеткіші ретінде көрсетіп, мысалдары да соған сәйкес келді.
Эксперимент нәтижелерін талдай отырып, қазақ тілін ана тілім деп санайтын, тілді еркін меңгерген, тіпті қазақ тілі пәні бойынша сабақ беріп жүрген мұғалімдердің тілдік санасында —т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтары өзгелік етіс көрсеткіштері ретінде әбден қалыптасып, сіңіп қалғанын, ал аудармашылардың екі тілді салыстыру негізінде ол жұрнақтардың өзіндік ерекшеліктері бар екенін байқағанын аңғарамыз. Сондай-ақ алдымен тұлғаның қай етіске тән екенін көрсетіп, кейін мысалдар келтірген информанттардың дені бұл жұрнақтарды өзгелік етіс қосымшасы ретінде көрсеткен, ал алдымен мысалдар келтіріп, кейін ол тұлғаның қай етіс көрсеткіші екенін анықтаған информанттар бұл жұрнақтың қай етіске тән екенін ажыратуда қиналған. Яғни информанттардың тілдік санасында олар өзгелік етіс көрсеткіші ретінде толық қалыптаса қоймаған, нақты тілдік деректер оған мүмкіндік бермеген.
Сонымен, қатынас тілде түрліше көрініс тауып, түрліше концептуалданады. Морфология деңгейінде ол етіс категориясы арқылы көрінеді. Бұл концепт, басқа концептілер сияқты, жіктеуші сипатта болады. Ол адам санасында тіл арқылы түзіліп, белгілі бір жағдаятқа қатысушылардың субъектілі-объектілі қатынастары туралы тілдік білімдерге негізделеді. Жіктеуші сипатта болумен қатар ол тіл жүйесі мен сөйлеушіге бағытталады. Яғни етіс концепті етіс морфологиялық категориясы мен оның көрсеткіштері арқылы көрініс табатын концептуалды деңгей бірлігі болып табылады.