Тоңазытқыш - температурасы қоршаған ортаның температурасынан төмен болатын, жоғарғы температурада микроорганизмдер әсерінен жылдам бұзылатын азық-түлік өнімдері мен тағамдарды сақтауға арналған құрылғы немесе арнаулы камералар. Тоңазытқыш (тұрмыстық). Тұрмыстық тоңазытқыштардың компрессиялы және абсорбциялы деп аталатын екі түрі шығарылады. Олар бір-бірінен тоңазыту агрегатының әсер ету принципі (суық шығару әдісі бойынша) және осыған сәйкес конструкциялық жасалу ерекшеліктері мен техникалық сипаттамалары бойынша ажыратылады. Компрессиялық түрдегі тоңазыту агрегаты электр двигателінен шығатын жетегі бар компрессордан, буландырғыштан, конденсатордан және сүзгікептіргіштен құралады. Тоңазытқыштың камерасы буландырғыштың каналдарындағы суытқыш агенттің (хладон-12) компрессор арқылы циркуляциялануы (айналыс жасауы) нәтижесінде салқындайды. Компрессиялық тоңазыту агрегатының аумағы шағын, тоңазытқышты пайдалану кезінде қозғалмалы детальдарын алмастыруды және майлауды қажет етпейді. Компрессор-мотор жұмыс істеген кезде одан шамалы дыбыс білінеді және тоңазытқышты аздап дірілдетеді.
Бұл оның басты кемшілігі болып табылады. Егерде компрессор-мотор жақсы реттелген және тоңазытқыш орнықты орнатылған болса, онда әлгі кемшілік мүлде азаяды. Көп позициялы автоматты реттеуіш тоңазытқыштың камерасында қажетті температураны ұстап тұру үшін тоңазыту агрегатын ауық-ауық жұмыс істетіп және тоқтатып тұрады. Жылытқыш генератордан,конденсатордан, буландырғыштан және абсор-ден тұратын абсорбциялық тоңазыту агрегатында суық абсорбция жолымен -- қатты немесе сұйық заттардың (абсорбердің) суытқыш агенттің, әдетте аммиактың буын жұтуымен шығарылады. Жүйедегі суытқыш агенті электрлік жылытқыш (генератор) арқылы циркуляцияға түседі. Абсорбциялық тоңазыту агрегатында қозғалмалы механикалық бөліктер жоқ, сондықтан ол шусыз жұмыс істейді. Компрессиялық тоңазыту агрегатының салқындатуы абсорбциялық түрге қарағанда күшті. Компрессиялық тоңазытқыштардың тоңазыту камерасында салқындату мен төмен температура шығару процесі едәуір тез өтеді және абсорбциялық тоңазытқыштағыдан төменірек температура алынады. Бұған қоса компрессорлық тоңазыту агрегатының ауық-ауық қысқа мерзім жұмыс істеуі (тоңазыту камерасының тиісті түрде жылулық оқшаулануы болғанда) электр энергиясын үнемдеп жұмсауға жағдай жасайды, абсорбциялық агрегаттардағы генератордың тоқтаусыз жұмыс істеуі электр энергиясы шығынын көбірек кетіреді. Жаңа типтегі Кристалл-9 абсорбциялық тоңазытқышы бұған жатпайды, бұл көптеген көрсеткіштері бойынша компрессиялық түрдегі тоңазытқышқа ұқсайды, соның өзінде абсорбциялық түрдегі тоңазытқыштарға тән артықшылықтарын сақтап қалған . Бір камералы және қос камералы тоңазытқыштар да бар. Бір камералы тоңазытқыштың тоңазыту камерасының төменгі температуралы бөлімі бар (мұздату бөлімі немесе мұздатқыш), онда -- 6˚С-тан -- 12˚С-қа дейінгі (кейбір тоңазытқыштарда - - 18˚С-қа дейін) температура сақталады, ал тоңазыту камерасының өзінде 0 -- 6˚С температура болады. Мұздату бөлімінің температуралық диапазондары тоңазытқыштың қақпағында жұлдызша немесе қар ұлпасының бейнесімен белгіленген: бір жұлдызша -- 6˚С, екі және үш жұлдызша тиісінше -- 12˚С және -- 18˚С температураға сәйкес келеді. Тоңазыған күйде сақталатын көптеген азық-түліктер үшін -- 12˚С-тан -- 18˚С-қа дейінгі температура тиімді болып табылады. Қос камералы тоңазытқыштардың төменгі температуралы бөлімі тоңазыту камерасынан іс жүзінде оқшауланған, сондықтан ол өзіндік температуралық режимі бар жеке тоңазыту камерасы болып табылады (қос камералы деп аталуы да осыдан). Мұндай тоңазытқыштарда оның ішіндегі ауаның циркуляциялануынан (алмасуынан) болатын камералар арасындағы жылу алмасу құбылысын болғызбау жағы қарастырылған. Күнделікті тұрмыста мұздату камерасы тоңазыту камерасына қарағанда едәуір сирегірек ашылатындықтан қос камералы тоңазытқышты мұның жұмыс режимі бір камералы тоңазытқыштағыдан едәуір тұрақты болады. Мұның үстіне камераларды оқшаулау энергияны аз жұмсап, мұздату камерасында айтарлықтай төменгі температура ( -- 18˚С) тудыруға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде азық-түлікті ұзақ уақыт - сақтауға қолайлы жағдай жасалады, буландырғыштың сыртында пайда болатын қар қырауының қалынбауы баяулайды және тоңазытқыштың камераларына берілген температураны ұстап тұруға қажетті электр энергиясының шығыны кемиді.Екі бөліктен құралған тоңазыту қондырғыларының (мысалы, Минск -- 22 немесе Бирюса -- 15) әдеттегі қос камералы тоңазытқыштардан айырмашылықтары бар, оның мұздату камерасының көлемі үлкен -- 120 -- 140 дм-қа жетеді және 2 тоңазыту агрегатынан тұрады, бұлар тоңазыту камерасы мен мұздату бөліміне жеке-жеке қызмет етеді. Көп мөлшердегі азық-түлікті ұзақ уақыт тоңазытылған немесе өте салқындатылған күйде сақтау кезінде осы тоңазытқыш қондырғыларды пайдаланған жөн. Әдеттегі жағдайларда бір камералы, ал сыйымдылы ғы 27 -- 45 дм[3] төменгі температуралы бөлімі бар қос камералы тоңазытқыш жеткілікті болып табылады. Отандық өнеркәсібіміз аумақ өлшемдері, тоңазыту камерасы мен мұздату бөлімінің сыйымдылығы, тұтыну қуаты (кестені қараңыз) әр түрлі тоңазытқыштар шығарады, сондықтан тоңазытқыш таңдаған кезде оның қажетті пайдалы сыйымдылығын ескерген жөн. Tоңазыту машиналары сырттан келтірілген энергия арқылы жасанды салқындату (суыту) процесін тоңазыту машинасы жүзеге асырады. Ол компрессорлық, жылулық, термоэлектрлік болып бөлінеді. Компрессорлық тоңазыту машинасының жұмысы газды немесе буды сығымдау арқылы температураны өзгерту процесіне, жылулық тоңазыту машинасы жылу энергиясына негізделген. Термоэлектрлік тоңазыту машинасында тоңазыту процесі Пельте эффектісіне негізделген. Тоңазыту машиналарындағы сығу процесі тоңазыту агенттерінің көмегімен атқарылады. Фреондар, аммиак, көмірсутектер (пропан, этан, этилен), аммиактың судағы ерітінділері, бромды литий, су буы тоңазыту агенттері қызметін атқарады. Қазіргі кезде мұздату камерасының сыртында пайда болған мұзды автоматты түрде ерітетін құрылғысы бар екі камералы тоңазытқыштар кеңінен қолданылады.