Жүре пайда болған вазопатиялар. Жүре пайда болған тамыр бүліністеріне, қанағыш васкулиттер, жұқпалы аурулар кездеріндегі бөртпелер, С-витамині жеткіліксіздігінде дамитын құрқүлақ дерті т.с.с. жатады.
Геморрагиялық васкулит (Шенлейн-Генох ауруы)
Геморрагиялық васкулит (Шенлейн-Генох ауруы). Бұл ауру иммундық кешендік дерттерге жатады. Бұл дерт кезінде майда тамырлардың бүлінуі антиген-антидене (АГ-АД) иммундық кешені мен комплементтің әсерлерінен дамиды. Ол жұқпалы, вирустық аурулардан, екпелерден, дәрілер қабылдағаннан кейін дамиды. Сонымен қатар дененің мұздауы, күнге күю, жарақат, жәндіктерді жоятын химиялық заттар, құрттар геморрагиялық васкулиттің дамуына әкелуі мүмкін.
Тамыр ішіндегі шашыранды қан ұю (ТШҚҮ) синдромы шеткері қанда әрі тромбиннің, әрі плазминнің (фибринолизиннің) бір мезгілде шамадан тыс артып кетуінен пайда болатын ауыр тромбоздық және қанағыштық бұзылыстарға жатады. Тромбин микроциркуляциялық арнада жайылмалы түрде фибрин ұйындыларының және қан ұю факторларының жиналуына әкеледі, тромбоциттердің агрегациясын арттырады. Плазмин, фибрин мен ұю факторларын ыдыратып, қан ұюын тежеу арқылы ауыр қан кетулер туындатады.