Гендерлік зерттеудің антологиясы мен методологиясы



бет6/14
Дата08.12.2022
өлшемі0,89 Mb.
#56025
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Дәріс 5.
Дүниежүзілік мәдениеттегі әйел адамның рәміздік бейнесін танып білу үшін, оның өркениеттік белгілеріне назар аударуымыз керек. Өркениеттік тұрғыдан қарағанда өркениет «пирамидасының» теориялық конструкциясының негізінде жанұя мен ел-жұрт шеңберіндегі адам орналасады. Оған талаптар, қабілеттер, білім, еңбек ептілігі, мүдделер (тілектер), ерік тән [49, 45 с.]. Егер формациялық тұрғыдан қараудың негізгі белгісі социоцентризм болса, өркениеттік тұрғыдан қарасақ, негізгі сипаттама ретінде антропоцентризм шығады. Социоцентризмнің кемшілігі – адам «қоғамның өндіргіш кұштері» деген ұғымда «еріп кетеді», қоғамдық қатынастардың жиынтығынан сызылып шығып кетеді. Антропоцентризм объективтік факторларымен бірге адам тіршілігінің субъективтік контекстінің бүкіл маңыздылығын есепке алады: адамды тірі, сезінуші, ойлаушы мәдени жаратылыс ретінде қарастырып, оның әрекетінің психологиялық және когнитивтік аспектілеріне назар аударады.
Адамды «жеке-ерекше-жалпы» деген философиялық категориялардың параметрлерінде қарастырсақ, ол келесі түрде көрінеді:
- Өзінің жеке дара мәдени қалауларына ие болған, өзінің реалды өмір сүруінің нақтылығындағы тұлға ретінде;
- белгілі адамдар бірлігінің сапа белгілерінің қолдаушысы, яғни өркениеттік, ұлттық, таптық, діні, кәсіби, жыныстық, жас ерекшеліктеріне байланысты мәдени сәйкестілікке ие болушы;
- жалпы адамзаттың құндылықтарын қолдаушы, яғни дүниежүзілік мәдени сәйкестілікке ие болушы ретінде.
Н.Ж. Байтенова «өркениет» ұғымының біркелкі емес мағынасына назар аударады: «Цивилизация ұғымы көпмағыналы жүктемені көтеріп келе жатқан және тәжіребе жүзінде барлық гуманитарлық ғылымдарда пайдаланылатын күрделі ғылыми пікірлердің бірі» [50, 9 б.]. Әлеуметтік-гуманитарлық білім саласында «өркениет», яғни «цивилизация» ұғымның үш түрлі мән-мағынасы ажыратылады: біріншіден, «civis», «civitas» (лат: «қала», «қалалық») сөздердің этимологиясына байланысты бұл термин қалалық тұрмыс қалыпын белгілейді. Екіншіден, «цивилизация» терминінің мән-мағынасы «мәдениет», яғни «культура» терминінің мағынасына дәлме-дәл жақын қарастырылып, оның көлеміне өнер, дәстүр, технология, басқарудың түрлері және де қоғамның тұрмыс қалпына ықпал ететіннің бәрі кіргізіледі. Үшіншіден, «цивилизация» термині Н. Я. Данилевский [51], А. Тойнби [52], О. Шпенглер [53] бойынша «жергілікті (локальды) өркениеттерді» белгілейді. Б.С. Ерасов келтірген «цивилизация» туралы анықтамалардың қатарында келесі анықтама өркениеттің неғұрлым жалпы, мәнді, тұрақты белгілерін қамтиды: «Цивилизация – бұл адамдардар тобының материалдық өмірінде, интеллектуалды өмірінде, моральдық өмірінде саяси және әлеуметтік ұйымында көрініс тапқан болмыс тәсілдерінің және әрекет тәсілдерінің жиынтығы» [54, 13 б.].
Қазіргі зерттеулерде «Батыс» және «Шығыс» ұғымдары дамудың екі өркениеттік типтерін белгілеу үшін қолданылады: Батыстың дамуында жаңашылдық басымды болса, Шығыста дәстүр үстемдігін білдіреді. Батыс және Шығыс өркениеттері антикалық заманнан бері салыстырылады. Оның себебі: екі дүниежүзілік региондардың географиялық орналасуын ғана емес, сонымен бірге бұл әлеуметтік кеңістік пен уақыттың шеңберіне кіріп тұрған елдердің мәдени сәйкестену (идентификация) бағдарларының ерекшелігін атап көрсету үшін. «Шығыс және Батыс – қазіргі философиялық ізденістердің басты бағыты. Әрине, бұл тек қана географиялық терминдер емес, олар дүниеге көзқарастың екі жан-жаққа бағытталған типтердің мәнін жеткізіп туратын ұғымдар», - А.Н.Нысанбаев ескереді [55, 260 б.].
Ғылыми әдебиеттерде Шығыс пен Батысты ажыратудың өлшемдері әр түрлі болып келеді. Бұл өлшемдерді таңдау зерттеушілердің дүниетанымдық және әдіснамалық тұрғысына байланысты. Ерасовтың пікірі бойынша, Батыс пен Шығыстың типтерін және әлеумет құрылымын салыстырудың нәтижелері үнділік ғалым Р. Пандейдің схемасында толық көрсетілген. Бұл схемада келесі ерекшеліктер атап көрсетілген:
- Батыс үшін нарықтық және құқықтық қатынастар тән, құқықтар мен бостандықтарды қолданатын тұлғаны атап көрсету. Шығыс үшін – тұлға аралық (коммуналдық, коммунитарлық, қауымдық, аскриптивтік) қатынастар, діні принциптер мен мемлекет арқылы нормативтік бақылау тән;
- классикалық Батыс таптық дифференциациямен ерекшелінеді, ал Шығыс - ру тайпалық, сословиелік, кландық, этникалық айырмашылықтарымен сипатталады;
- саяси сипаттамалар бойынша: Батыс – азаматтық, демократиялық, Шығыс – патриархалды, авторитарлы, деспотиялық;
- мәдени сипаттамалар бойынша: Батысқа материализм, секулярдылық, реализм/прагматизм, объективизм, плюрализм, рационалдылық, ақыл-ойдың (логостың) басымдылығы, динамизм/даму/қозғалыс, алға басу, жасанды сипат, табиғатты басып алу, құқық, ғылыми сипат, бостандық, теңдік, ерік, индивидуализм, антропоцентризм сияқты белгілер тән. Шығыс келесі белгілерге ие: руханилық, діндарлық, идеализм, субъективтілік, монизм, интуитивтілік, Жолға (Даоға) сену, инерттік/тұрақтылық, тоқырау, әдеттің шеңберінен шықпау, табиғилық, табиғатқа бейімделіну, мораль, киелі білім, орналған тәртіп, бағынушылық, фатализм, тұлғаны басып тастау, теоцентризм [54, 135 б.].
О. Шпенглер өркениеттің негізі ретінде жанның стилін, дүниені ерекше сезінуді табады. Үнді, мысыр, антика мәдениетін, тарихын, руханилығын сипаттау үшін, О. Шпенглер habitus (лат. – келбет, кейіп, рең, бейне) ұғымын қолданған. Бұл «габитус» жеке адамдардың қөңіл-күйінде, ойларында, қимылдарында, қылықтарында көрініс табады. Мысалы, мәдениеттерде белгілі өнердің түрлері бірінші орынға қойылады: Батыста – кескін өнерге, Индияда – эзотеризмге, Қытай мен Батыста – хат жазуға бағытталу. Бір мәдениеттің шеңберіндегі ұлы адамдардың да рухани «габитусы» басқа мәдениеттің ұлы адамдарының рухани «габитусынан» мүлдем айырылып тұрады [53, 19 б.].
Әрбір өркениеттің бейнесі осы өркениетті қолдаушылардың санасында қабылдаудың басымды үлгіге айналған мәдени конфигурациясы ретінде, яғни осы өркениетте тұрақты түрде көрініс табатын түрлі мәдени белгілердің бірлігі ретінде көрінеді [56, 18 б.]. Осы ойды әрі қарай жалғастырсақ, біздің пікірімізше, Батыс пен Шығыс мәдениеттердегі әйелдің рәміздік бейнесінде өркениеттік айырмашылықтарайқын көрінеді. Бұлар, біріншіден, әр өркениеттің морфологиялық белгілеріне, «габитусына» қарай әйелдің келбетінде, сыртқы түрінде көрініс тауып, көркем мәдениет саласында – көркем әдебиетте, поэзияда, өнерде бейнеленіп бекітілген, екіншіден, христиан діні мен ислам дінінің қоғамдық санаға және жеке дара әйелдің санасына идеологиялық ықпал еткенінен қалыптасқан.
Өркениеттің сапалы өзгешелігі оның төл мәдениетімен байланысты. Мәдени мұрада жүзеге асырылып, өркениеттің төл мәдениеті индивидтің және қоғамның сана-сезіміне зор ықпал етеді. Ол дәстүр механизмі арқылы өркениеттің біртұтастығын және тұрақты дамуын камтамасыз етеді де оның рәміздерінде сақталады.
Өркениеттердің өзара айырмашылықтары олардың төл мәдениетіне сіңіп жетекші орын алған діндермен тығыз байланысты. Бұл мәселені әлеуметтік философиядағы өркениеттік бағытты дамытқан ғалымдар, әсіресе А. Дж. Тойнби, С. Хантингтон [57, 15 б.] дәлелдеп берген. Діндерді әдетте «табиғи» және «этикалық» деп, сондай-ақ шығу тегіне қарай «илаhи» және адами» деп те бөледі [58, 89 б.]. Бірінші топқа барлық ежелгі наным-сенімдер, мифологиялық жүйелер, көпқұдайшылықтың (политеизмнің) әртүрлі формалары құраса, ал екіншісіне әлемдік деңгейге көтерілген, адамзат тарихына бетбұрыс енгізіп, өркениет тудыруға қабілетті діндер – христиандық, ислам және буддизм жатады.
Батыс әйелдері білім алу, еңбек ету, меншіктену құқықтары мен сөз бостандығы, іс-әрекет бостандығы үшін күрес жүргізген. Исламда әйелдердің білім алуға деген құқығы ерлермен бірдей. Ислам мұсылмандарды білім алуға ұмтылуға міндеттегенде, оларды ер мен әйел деп бөлмейді. Он төрт ғасыр бұрын Мұхаммед білім іздеу еркек болсын, әйел болсын, әрбір мұсылманның міндеті деп жариялады. Мұны мұсылмандар ғасырлар бойы ұстанып та келді және білімді әйелдердің даңқы да шығып отырды.
Еркектер сияқты әйелдердің де сөз бостандығына деген құқы бар. Ол әйел болғандықтан ғана оның салауатты пікірлерін теріске шығаруға болмайды. Құранда әйелдердің тек өз пікірін еркін айтып қана қоймай, Пайғамбардың өзімен де, мұсылмандардың өзге жетекшілерімен де күрделі мәселелерді талқылауға қатысып, пікір-таласқа түскенінің мысалдары кездеседі. Адамзат тегін жалғастыруды ерлермен қатар қамтамасыз етуші ретінде әйелді тәуелсіз тұлға деп мойындай отырып, ислам оған мұрагерліктегі өз үлесін береді. Исламға дейін оның мұндай құқығы болмағаны былай тұрсын, оның өзі күйеуінің меншігі саналып келген болатын.
Осы этикалық діндердің алғашқыларының бірі қатарына яhудилік (иудаизм) дін болып табылады және кейде оған христиан мен ислам діндерін топтастырып, «Ыбырайым дәстүріндегі» діндер деп те атайды. Яhудиліктегі кейбір Ысырайыл деректерінен мынаны оқимыз: «...еркек отбасының басшысы, ал қыздары үйлеріндегі қызметші болып, жұмыс істейтін сорлылар. Тіпті кейде әкелері кез келген уақытта саудаға шығарып сататын тұтқындар... Негізінде олар мұндай азапқа лайықты, себебі, әйел Адамды алдаған және оны жамандыққа итермелеген. Сондықтан ол лағынетке ұшыраған...».
Міне, осы діни аңыздардағы Хауаның әуел бастапқы күнәhарлығы туралы ақпар әйелдердің төменгі жағдайда болуына сеп болып, бұл христиан дінінде одан ары жалғасын тапты. Бүкіл ортағасырлар бойы әйел жұмақтағы алғашқы күнәнің себепкері болғандықтан, Інжілге қол тигізе алмайтын.
Христиан теологиясында әйел бейнесі адамды азғырушы, ібіліспен ымыраға келуші, сайтанның тапсырмасын орындаушы, Адам-Атаны алғашқы күнәға итермелеуші ретінде суреттеледі. Көптеген әдебиеттерде жын-шайтан мен ібіліс әйел бейнесінде көрсетіледі. Христиан теологы Тертуллиан «әйел -адамның жүрегіне сайтанның кіруі үшін ашылған есік» десе, католиктік христиан дінінің әкейлерінің бірі, әулие Августиннен: «Егер әйелдер ақыретте жыныстық сезімдерімен тірілер болса, ол жерде де еркектерді адастырып жатады» деген сөз қалған. Кезінде католик дінінің ресми теологы болып бекітілген Фома Аквинский: «Әйел тез өсетін арамшөп сияқты. Ол толыққанды адам емес, оның денесінің толық жетілмегенінің өзі оның құндылығының төмендігінен, табиғат онымен азырақ айналысатындықтан... Әйелдер оларды мәңгі билеушінің немесе ұстаздың басқаруымен ұстап отыру үшін туады» деген [59, 201 б.].
Күнә мен әйелдің аты қатар аталғандықтан, христиан діндарлары әйел атаулыға жоламай, дүниеден үйленбей өтті. Шіркеу үйленбей өтуді «Хазірет Исаның жолы — күнәдан пәк болу» деп түсіндірді. Католик шіркеуі Папаларды тек үйленбеген кардиналдар арасынан ғана сайлады. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Көшін шіркеуден алған христиан теологтары тіпті «әйел адам ба, адам емес пе?» деген мәселе көтерді. Орта ғасырларда, әсіресе 1430-1780 жылдардың арасында Батыста екі жүз мыңға жуық әйелдің «мыстан», «азғырушы», «арбаушы», «көзбояушы», «сиқыршы» деген жаламен шіркеу тарапынан тірідей отқа жағылғанын, өртелгенін білеміз. Тіпті, шіркеу тарапынан «мыстандар мен сиқыршы әйелдерді аулау» үшін арнайы топтар құрылған. Олар көрікті, білімді қыздар мен ажарлы әйелдерді «еркектерді азғырушы» ретінде айыптап, сотсыз, шіркеудің үкімімен тірідей өртеп отырған. Католик шіркеуі мен протестандық сенім арасындағы қақтығыс кезінде бұдан ең көп зардап шеккендер тағы да әйелдер болды. Англияда бертінге дейін «лас» деп есептелгендіктен, әйелге «Інжіл» ұстауға тыйым салынды. Францияда Жанна д’Арк сияқты сан-мыңдаған әйелдердің түрлі жаламен тірідей отқа жағылғанын тарихтан білеміз.
Біз үлгі тұтып, қалтқысыз сеніп, бағытын басшылыққа алып келе жатқан, түбірінде грек философиясы мен рим құқығы және христиандық теология жатқан Батыс әлемінде XIX ғасырға дейін «әйел теңдігі» деген ұғым болған жоқ, бертінге дейін «әйелдің дауыс беруге құқы бар ма, жоқ па?» деген мәселе үлкен мінберлерде айтыс-тартысқа түсті. Капитализмге өту сатысында да Батыста әйел мен баланың еңбегі қаналды, олардың құқықтары аяққа тапталды. Еткен еңбегіне мардымсыз ақы төленді. Шіркеуді былай қойғанның өзінде, зиялылар мен оқымыстылар да әйелді кемсітуін қоймады. Мәселен, Милтон әйелге «жаратылыстың қателігі» деп қараса, әйгілі Ницше «әйелмен сөйлескен кезде қолыңда қамшы болсын» деп қағытады. Бұл кезде әйел саудаға салынды, жезөкшелікке итермеленді. Осыдан келіп, Батыста «әйел теңдігі» деген мәселе көтерілді. Әйел де өзінің «адам екенін» дәлелдеуге тырысты, қоғамдағы лайықты орнын алуға ұмтылды. Бұл тұрғыдан алғанда, біздіңше, «әйел теңдігі» дегеннің, гендерлік мәселе мен феминизация құбылысының Батыста шығуы заңды құбылыс. Уақыт өте келе, Батыс әйелінің қоғамдағы белсенділігі артты. Дегенмен, керітартпалыққа қарсы шығу бұл жолы әсіре белсенділікке бой ұрғызды; белсенділігі артқан әйел отбасынан ажырады, жалаңаштанып, қасиетінен айырылды, тәні саудаға салынып, рухы қорланды, адал некеге немқұрайдылық пайда болып, бала табу қолбайлау көрінді. Бала табудан күшік асырап алғанды артық көретін бүгінгі Батыстың іштей құлдырауында, рухани азғындауында, демографиялық апаттың алдында тұруында осындай себептер жатқаны да жасырын емес.
Батыстың постхристиандық өркениетін атақты мәдениеттанушы А. Тойнби «грек-рим мәдениетін, мәжусилікті босқа қайталау» деп бағалаған еді. Нәпсі мен құлқынның қамын ойлап, рухани азғындыққа салыну мәдениетті жаhилиет жағдайына әкеледі, үстем идеология мутацияға ұшырап, өз қызметін орындай алмай қалады. Дағдарысқа ұшыраған дәстүрге сыртқы фактордың әсері күрт өседі. Бұл тұста жаулап алушылар мен миссионерлердің себеп емес, салдар екенін түсіне білу керек. Ислам мәдениетін терең зерттеумен айналысқан фон Грюнебаум арабтардың жергілікті мәдениеттерді қиратты деген пікіріне қарсылық білдіреді. Оның айтуынша, VII ғасырға қарай көнеирандық мәдениет өз еркімен терең күйзеліске ұшырады, олар арабтар келместен бұрын жылтыраған сыртқы әшекейлері болмаса, іштей әдден тозған, рухсыз, жансыз құрылымға айналған екен [60, 41 б.]. Ал Мэри Бойстың айтуынша, VII ғасырда зороастризм діні тоқырап, өлі догмаға айналған, абыздардың озбырлығы, қанаушылығы шегіне жеткен, ислам көптеген ирандықтарға рухани азаттық, тартымды ілім болып көрінгені сондықтан [61, 173 б.]. VIII ғасырдың екінші жартысынан бастап Орталық Азияға да ислам діні ене бастағанда Түркі қағанатының бұрынғы құдіретінен ештеңе де қалмай, түркі тайпалары ыдыраңқылықты бастан кешіруде еді. Осыған орай ислам діні тез таралып, қарахандар әулеті тұсында ол мемлекеттік дінге айналып шыға келді.
VI ғасырға қарай Батыс пен Шығысты жалғастырушы керуен жолдың бойында орналасқан Хиджаз аймағы мен Араб түбегі де дағдарысты бастан кешіріп жатыр еді. Сасанидтік Иран мен Византияның ықпалы да күшейе түскен-ді. Бұрынғы «джахилийа» дәуіріндегі азғындықтарды жойып, адамзатқа ізгіліктің жолын сілтеген ислам діні пайда болғаннан кейін қалыптасқан Халифаттың құрамына енген және исламды қабылдаған барлық елдер мен халықтарда бүкіл ортағасырлар бойы өзіндік бірегей әрі біртұтас мұсылман мәдениеті салтанат құрды. VIII – XII ғасырларда Шығыста орнығып, антикалық мәдени және ғылыми-философиялық мұраны игеріп қана қоймай, оны одан ары жетілдіріп, өздері көркем әдебиет пен филология, тарих пен география, математика мен астрономия, медицина мен музыка, логика мен философия салаларында, сондай-ақ сәулет өнері мен көркем қолөнерде аса ірі табыстарға жеткен бұл өркениетті медиевист-зерттеушілер «мұсылман ренессансы» деп атайды. Бұл өркениет өзге мәдениеттерге төзімділігі мен сұхбатқа ашықтығының арқасында Алдыңғы Азиядағы иудейлер мен сириялық арамейлердің, Орталық Азиядағы түркілер мен парсылардың, үнділіктердің, сонымен қатар Солтүстік Африка халықтарының жергілікті мәдениеттерін бірегей исламдық арнада тоғыстырды. Өйткені ислам діні бейбітшілік пен еркіндіктің, ізгілік пен әділеттіліктің діні еді және ол тек арабтарға немесе басқа бір тайпаға, халыққа, нәсілге ғана түскен жоқ, оны Жаратушы бүкіл адамзатқа арнап жіберді деп есептелінеді.
Ежелгі араб елінде де қараңғылық дәуірінде әйелге деген көзқарас барынша жабайылыққа тән еді. Әйелдің дүниеге келуі, өсіп бой жетілуі мен тәрбиеленуі, содан соң тұрмыс құруы барлығы қасірет болған-ды. Қыз баланың дүниеге келуі отағасы үшін намыс болды, ол көзге шыққан сүйелдей болды. Сондықтан кей жағдайларда өмірге келген қыз баланы тірідей көме салатын. Мұндай сұмдықты жойған Жаратушының аянын қасиетті Құран кәрімге жинақтап, адамзатты надандықтан жарқын өмірге шақырған Мұхаммед пайғамбардың (с.ә.с.) әрекеті нәтижесінде дүниеге келген ислам діні болатын. Құран әйелдің адами табиғатын барлық қырынан қысқа әрі нұсқа сипаттай отырып, оны мейлінше жоғары мәртебеге көтерді.
Аталмыш тақырып бүгінгі күннің қоғамдық пікірінде ең көп әрі әр алуан ұстанымда талқыланатын мәселелердің біріне айналып отыр. Исламдағы әйелдің жағдайы мен құқықтары, көп әйел алушылық (полигамия), хиджаб киіп, қымтанып жүру және т.б. бұқаралық ақпарат құралдарында да, арнаулы әдебиеттерде де әрқилы пікірталастардың өзегіне айналды. Және де білдірілген пікірлер мен келтірілген дәлелдер христиандық әлем авторларының субъективизмінен, тіпті апологетикасынан ада деп айта алмаймыз. «Қазақтар шала мұсылман болды», «қазақтарда тәңірілікпен қатар жүрген қос дінділік болды» деген пікірлердің отаршылдық пен тоталитаризм барысындағы астыртын саясат пен жалаң біржақты материалистік дүниетанымның таңылуы нәтижесіндегі негізсіз тұжырымдар екендігін, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде исламдық құндылықтардың ғасырлар бойы сіңіп, біте қайнасып кеткенін алға тарта отырып, бұл мәселенің басын ашып алғанды жөн көрдік. Қазіргі жариялылық пен плюрализммен сипатталатын «демократиялық» және бетімен жіберілген либералдық құндылықтар үстемдік алған христиандық Батыста жаппай сынаудың ұшына ілінген бұл тақырыпты объективті тұрғыдан талдау үшін, адамзаттың исламнан өзге өркениеттердің тарихына көз жүгіртіп, олардағы әйелдердің жағдайына қысқаша шолу жасайық.
Мыңжылдықтар бойы әлеуметтік өмірінде касталық құрылыс үстемдік еткен үнді өркениетінде әйелдердің жағдайын осы касталық сатының төртінші баспалдағындағы шудралардың (құлдардың) жағдайымен шамалас болды. «Әйелдер күні-түні бағынышты жағдайда болуы тиіс», - дейді Ману. Ману заңдарына сәйкес, мұралану құқығы тек ерлерге ғана тиесілі болды. Тіпті ежелгі үнділіктердің «Ведалар» кітабындағы суреттеуден «әйел кесірткеден, жыланнан, улы хайуаннан да зиянды бір мақұлық» дегенді оқуға болады. Будда мен Аменданың арасындағы әңгімеден үзінді келтірсек: «Әйел сезім жетегіндегі мақұлық, оған қарамау керек, ал қарауға мәжбүр болған жағдайда, онымен сөйлеспеу керек, сөйлескенде де ұзақтан қарап сөйлесу керек». Сол сияқты ерте қытай деректерінен «...әйел адам емес. Оның жеке аты да жоқ. «Бір, екі, үш...» деген есімдері бар. Тіпті кейде шошқамен теңеседі», деген адамды жиіркендіретін көріністер кездеседі.
Еуропа мәдениетіне грек мәдениеті зор ықпал еткен. Батыс өркениетінің рәмізі ретінде Прометей саналады. Антикалық дәуірдегі ежелгі грек және рим мәдениеттерінде әйелдердің алатын орны төмен болған. Демократияның отаны саналатын Афинының өзінде әйелдер қашанда еркектерге - әкесіне, ағасына, күйеуіне және өз әулетінің басқа да еркектеріне бағынышты жағдайда болды. Грек мифологиясы бойынша, Прометей аспандағы құдайлардан адамдар үшін от ұрлағаны үшін гректердің басты құдайы Зевс адамдарға жаза ретінде балшықтан әйелді жасаған. Зевстің жоспары бойынша, әйел - ұятсыз әдемі құбыжық, сондықтан енді ер адамның бақытсыққа, сәтсіздікке ұшырағаны, жеңіліп қалған жағдайлары әйелден болу керек. Осы «классикалық» грек мәдениетінің ұлы тұлғаларынан қалған мына пікірлер әйел жағдайын айшықтап береді: «Тумысымнан құл емес, еркін болып туғаныма, варвар емес грек болып туғаныма, әйел емес еркек болып туғаныма қуанамын» (авторы белгісіз), «әйел – тозақтың есігі және мал-мүлік» (Платон), «әйел жаратылыстан жартылай қалған еркек» (Аристотель) және т.б.
Рим империясындағы әйелдердің заңды мәртебесі римдік құқықта бекітілген. Заңнамаға сәйкес, әйел толығымен бағынышты болды. Ол тұрмыс құрғаннан кейін, оның меншігі толығымен күйеуінің иелігіне өту керек. Әйелді күйеуі сатып алғаннан кейін тек соның пайдасын өтейтін құл сияқты оның меншігіне айналады. Әйел ешқандай да азаматтық және қоғамдық лауазымға ие бола алмайды.., ол куәлік беруші, тапсырушы, қамқоршы бола алмайды, бала асырауға немесе асыранды болуға құқы болмайды, өсиет қалдыра, келісім жасай алмайды. Атақты римдік шешен әрі философ, мемлекет және мәдениет қайраткері Цицеронның пікірінше, әйел еркекке кедергі келтіру ретінде жаратылған. Ол жаратылмағанда еркек тәңірге айналар еді.
Христиандық дүиетанымда «Адам-Ата Хауа-Ананың азғыруымен күнә жасап, Иса пайғамбар сол күнәні жою үшін келді. Нәресте дүниеге күнәһар болып келеді. Кейіннен оны шіркеу шоқындыру арқылы күнәсінен арылтады» дегенге саятын түсінік бар. Ал исламдық түсінік бұған мүлдем кереғәр, адам дүниеге күнәһәр болып келген жоқ. Керісінше, нәресте бұл дүниеге періштедей таза болып және дінге бейім болып келеді. Оның жарық дүниеге келуіне себепкер ретінде тағы да ананы көреміз. Алла Тағала баланы бұл дүниеге әкелу үшін оны әуелі ананың рахымында тәрбиелейді. Өзінің пендесіне деген мейірімін ана арқылы көрсетеді. Сондықтан Шығыста «әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Исламда «алғашқы күнә» туралы түсінік мүлдем басқа сипатта. Ислам діні анаға, әйелге ерекше мәртебе берді. Құран мен Суннада әйел, неке, отбасы тақырыптары мейлінше көп сөз болып, олардың маңыздылығы аңғартылады. Қасиетті кітапта жазатайым қателікке ұрынған Хауа-Ана емес, керісінше Хазірет Адам-Атаның бейнесін көруге болады. Құранның «Таға» сүресінде Жаратушы Иеге берген сөзін ұмытып, уәдесінде тұрмай, табандылық таныта алмаған Адам-Атаны жазғыру бар. Онда Хауа-Ананың Адам-Атаны күнәға итермелегені жайында ештеңе айтылмайды. Хауа-Ана - барша адамзаттың анасы. Сондықтан мұсылмандар Хауа-Ананың атына «хазірет» деген сөзді қосып айтады. Бұл сөз — әулиелер мен пайғамбарлардың атына қосып айтылатын сөз. Оның үстіне, мәселеге себеп-салдар тұрғысынан қарайтын болса, Хазірет Адам-Ата мен Хауа-Ананың жұптасуы болмағанда, Хазірет Мұхаммед пайғамбар (с.ә.с.) да дүниеге келмес еді. Адамзат баласы да болмас еді. Сондықтан мұның бәріне Алланың мұраты, жаратылыстың хикметі және тағдырдың тылсымы ретінде қараған жөн. Кейбір мұсылман философтары осыған байланысты «Адам-Ата мен Хауа-Ананың қол созған жемісі - бұл ұрпақ жемісі еді» деп айтады. Құранда «еркектер» деп аталатын сүре жоқ, бірақ «Ниса», яғни «Әйелдер» деп аталатын үлкен сүре бар.
Жалпы, Құранда әйелдер және ерлер деген атаулар үнемі бірге айтылады, тең аталады, екеуінің де дереу тәубеге келіп, шын ниетімен сәжде жасағаны үшін кешірілгені айтылады. Бұған «Бақара» сүресінің 35-36 аяттары, «Ағраф» сүресінің 18-24 аяттары, «Таhа» сүресінің 116-121 аяттары куә [62]. Осылайша, әуел бастапқы күнәні Хауа ананың мойнынан алып (тіпті бұған Адам атаның анағұрлым айыпты екендігі кейбір аяттарда кездеседі), осыған орай әйелге қарсы көзқарастарға тойтарыс беріледі. Әйелдің жоғары рухани қасиеттерімен адамзат тегіне жататыны айтылып, әйелді руханилығына күмән келтірген пікірлерге тосқауыл қойды.
Хазірет Мәриям ананың атымен аталатын да арнайы сүре бар. Сондықтан, ислам діні Хазірет Хауа-Ана ғана емес, Хазірет Мәриям ананы да шынайы ұлықтайды. Түптеп келгенде, мұсылмандар Хазірет Мәриям анаға христиандарға қарағанда анағұрлым биік деңгейде құрмет көрсетеді. Біз ұстанатын Ханафи мазхабындағы кейбір ғалымдар құранда айтылатын Мәриям ана мен Жәбірейіл періште арасындағы сөйлесуді меңзеп, мұны «уахиге» балап, «әйел пайғамбар да бола алады» деген үкім айтады. Әрине, дұрысын Алла біледі. Анаға деген құрметтің ерекше үлгісін Хазірет Мұхаммед пайғамбардан (с.ә.с.) көруге болады. «Жұмақ - аналардың аяғының астында» деген әз пайғамбарымыз аналарды ерекше құрметтеген. Хадисінде «Ерлер мен әйелдер тарақтың тістеріндей бір-бірімен тең» деген пайғамбарымыз көп жағдайда әйелдерімен ақылдасып отырған. Сол арқылы әйелдің қоғамдағы алар орнын айқын көрсетіп берген. Хадисте «әйелдердің ең абзалы - көп бала тапқан ана» деп айтылады, Бірде Хазірет пайғамбарымыздан сахабалардың бірі: «Әуелі кімге құрмет көрсетейін?» деп үш рет сұрағанда, әз пайғамбар үшеуінде де «Анаға» деп, тек төртіншіде ғана «Әкеңе құрмет көрсет!» деген екен.
Ислам дінінде де әйелге ерекше орын берілгені осы «Алдымен анаңды, анаңды, тағы да анаңды, одан соң әкеңді сыйла» хадисімен қатар, «Ең қайырлы болғаныңыз, әйелдерге ең жақсы мәміле жасағандарыңыз болмақ», «Балаларды махаббатпен бағу, әйелдерге жақсы мәміле жасау - Исламның бармақпен басып көрсеткен ахлақ ережесі» , «Жұмақ кілті ананың қадамы астында» т.б. хадистік қағидалардан да айқын көрінеді. Бұл хадистердің мәнін діни сипаттағы прецедентті мәтіндер арқылы анықтауға болады: «Мұхаммед пайғамбар тұрғындары зұлымдықты жақтайтын қалаға қарсы қасиетті соғысқа шығуға шақырады. Сонда Елшінің сенімді серіктерінің бірі анасына келіп: «Менің заттарымды дайында. Пайғамбарымыз соғысқа дайын болуды бұйырды» дейді. Анасы баласына «мені жалғыз қалдырасың ба?» деп ренішін білдіреді. Сол кезде баласы «Мен Пайғамбардан алыс кете алмаймын» деп азар да безер болады. Сонда анасы: «егер сен кетсең, ақ сүтімді көкке сауам» деп жауап береді. Әйел Мұхаммед пайғамбарға барып, әлгі сөздерін қайталайды.
Біраз уақыттан соң қасына барған жігіттен теріс айналған Пайғамбар оған былай дейді: «Мен саған қатты ашулымын. Себебі, сен анаңның өтінішін жерге тастадың. Адам баласы анасы мен әкесіне қызмет жасап, қарызын қайтару үстінде жұмақ онымен бірге болады» [59, 20 б.].
Енді бірде Мұхаммед пайғамбарға бір адам келіп былай деп сұрайды: «О, Алланың Елшісі! Мен анамды арқама салып ап қатты шыжыған ыстықта он алты шақырымдай арқалап жүрдім. Егер ондай аптапта жерге ет кесегін тастасам, ол бірден қуырылып шыға келетін еді. Мен осы әрекетіммен оның еңбегін өтедім деп санауға бола ма?». Бұған Пайғамбарымыз былай жауап беріпті: «Сенің бұл ісің анаңның толғақ кезінде көрген азабының азғана бөлігінің төлеміне жатады» [59, 33 б.]. Халқымызда жиі айтылатын «Анаңды үш рет арқалап Мекеге апарсаң да, парызыңнан құтылмайсың» деген мақалдың мәні осында болса керек. Мұның бәрі ана еңбегінің өлшеусіз, рөлінің барлық уақытта жоғары, мәртебесінің қай қоғамда болсын биік болуы тиістігін танытатыны сөзсіз.
Қасиетті кітап Құранда да, әз пайғамбардың хадисінде де әйел мен еркектің тең екені айтылған. Алайда теңдік пен бірдейліктің екі түрлі екендігін ескеру қажет. Олар тең жаратылғанымен, әйел мен еркектің бірдей емес екендігі белгілі. Олардың арасында физиологиялық әрі психологиялық айырмашылықтар бар. Белгілі түрік ойшыл-теологы Фетхуллаh Гүленнің айтуынша, «еркектер мен әйелдер бір медальдің екі бетіндей ақиқаттың екі жағы болуы керек. Еркектер әйелдерсіз, әйелдер еркектерсіз өмір сүре алмайды, себебі олар бірге жаратылған. Сондықтан да Адам (ғ.с.) өзінің екінші жартысымен қалған. Ер мен әйел қашанда бірін бірі толықтырады» [63, 136 б.]. Яғни еркек пен әйел өздеріне тән ерекшеліктерімен адамзаттық біртұтастықты толықтыра түседі. Қазақтың «екі жарты бір бүтін» дегені осыған дәлірек келеді.
Еркек пен әйелдің бірдей еместігінен, олардың құқықтарының ерекше болуынан әйелдің еркектен төмен деген ұғымуы туындамауы керек. Егер әйелдің жағдайы еркектің мәртебесімен толық бірдей болса, онда ол оның тек көшірмесі ғана болар еді. Ислам әйелге кейбір ерекше құқықтар мен артықшылықтар берді, бұрын-соңды мұндай жағдай ешбір дінде, ешқандай құрылыста болған емес. Исламдағы әйел жағдайына жекелей тоқталу барысында осыған көз жеткізуге болады.
Діни ғибадаттарға келер болсақ, мысалы, бес уақыт намаз, ораза тұту, қайыр-садақа беру мен қажылыққа бару сынды парыздарға келсек, бұл еркек пен әйелге ортақ. Алайда, бұлардың атқарылуындағы кейбір жекелеген жағдайларда әйел затының белгілі бір артықшылықтары бар. Ислам әйел ағзасының физиологиялық және психологиялық өзгерістерін ескеріп, оларға мейірлі қамқорлық танытады. Қыздардың балиғат шағынан шамамен елу бес жасқа жеткенге дейін созылатын етеккір (хайз) келген шақтарында намаз оқымайды, ораза ұстамайды, құран оқымайды, Қағбаны тәуәф етпейді, мешітке кірмейді, күйеуімен жыныстық қатынаста болмайды. Етеккір келіп біткеннен кейін шомылу (ғұсыл құйыну) парыз. Етеккір келген күндері оқымаған намаздарын қаза деп есептемейді, сол күндері оқымаған намаздарын Алла тағала кешіреді. Ұстай алмаған оразаларын қаза қылып, қалаған уақытында күніне-күн тұтады.
Әйелдердің босанғаннан кейінгі жағдайын «нифас халы» дейді. Бұл босанғаннан бастап қырық күнге дейін созылады. Етеккір кезінде істелуі харам болған нәрселерге нифас кезінде де тыйым салынады. Нифас біткенде ғұсыл құйыну парыз, нифас халінде оқылмаған намаздар қаза болмайды, ұсталмаған ораза болса, қайтадан қаза қылып ұстайды. Әйелдер мешітке жоғарыда аталған кезден басқа, қалаған уақытында бара алады, ерлер үшін парыз болған жұма намазға қатысу оларға міндетті емес.
Біздің коммунистік өткеніміздегі болсын, қазіргі демократиялық жағдайымыздағы болсын әйелдің мәртебесіне көз жүгіртер болсақ, тең құқылық үшін ұзақ жүргізілген күрестің нәтижесіндегі қазіргі аянышты жағдайына куә боламыз. Олар еркекпен тең дәрежелі екендігін дәлелдеу барысында олардың атқаратын ауыр жұмыстарын да мойындарына алды, еркіндікті пайдалануды жеңіл жүріске дейін жеткізді. Қазіргі әйелдің «еркіндіктері» мен «құқықтары», олардың өз өмірлерін қамтамасыз етіп, өз-өздерін іске асыруға ұмтылушылығы отбасының бұзылуымен қабат жүріп жататын ахуалға әкелді. «Менің еркектен қай жерім кем, өзімді өзім асырай аламын, еркектің маған қажеті шамалы, тіпті мына дамыған заманда еркексіз-ақ балалы бола аламын» деп жүрген нәзік жандыларда бірте-бірте еркек мінезділік пайда болады. Ислам дінінде әйелдің еркекке ұқсауына, еркектің әйелге ұқсауына қатаң тыйым салынған.
Гендерлік саясат пен феминизмнің осындай салдарымен қазіргі әйелдің бақытты немесе бақытсыз екендігі өз алдына жеке әңгіме, бірақ Батыстағы әйелдердің пайдаланатын құқықтарының мұсылман замандастарынан пайдаланатын құқықтарынан кемшін түсіп жататын тұстары аз емес екені айдан анық. Ислам әйелге өзінің табиғатына сай нәрселерді береді, оны қолайсыз жағдайлар мен белгісіздіктерден қорғайды. Қалың көпшілікке әйелдердің қазіргі құқықтары мен еркіндіктері жақсы мәлім, ал исламдағы әйел мәртебесі күңгірт күйінде қалып отыр. Сондықтан исламның әйелге қатысты ұстанымының кейбір қырларына тоқталайық.
Алдымен, адамзат тегінің ұрпақ жалғастыруында әйел еркектің тең құқылы серігі, өйткені өмірді жалғастыру үшін олардың екеуі де бірдей қажет. Осы толық құқықтық серіктестің арқасында олар барлық қатынастарда бір біріне тең; еркек жасаған ғибадаттарды әйел де жасайды, адамзат бойындағы рухани қасиеттер екеуіне де бірдей тән. Дегенмен, отбасы сияқты өте маңызды әлеуметтік бірліктегі жетекшілік ерлерге беріледі.
Неке мен отбасы ислам жүйесінде негізгі орындардың бірін алады. Жоғарыда айтылғандай, христиандық шіркеу үйленбей өтуді «күнәдан пәк болу» деп есептесе, исламда некелесу діни парыз, адамгершіліктің кепілі және әлеуметтік міндет. Некеге түскен әрбір мұсылман өзінің діни міндеттерінің жартысын орындады деп есептеледі, қалғаны оның тақуалығына байланысты. Еркектердің әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған болуын өсиеттей отырып, Құрандағы «Рұм» сүресінде «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланушыларға белгілер бар» [62, 30:21] делінеді. Некенің нәтижесінде адамгершіліктің салтанат құруын қамтамасыз ететін жыныстық өмірдің реттелуіне қол жетеді; ұрпақ жалғастығы тәрізді қоғамдық қажеттілік қамтамасыз етіледі; оның үстіне физикалық денсаулық пен салауатты сананың сақталуына ықпал етеді. Бірақ неке мақсатына діни міндеттерді ұстанғанда ғана жетеді. Құран мейлі олар кедей немесе құлдықта болса да, ең алдымен діндар әйелдерге үйленуді дұрыс көреді [62, 24:32].
Әйел болмысы мейірімділік пен ұяттылыққа, инабаттылық пен ізеттілікке бейім, ал еркектердің болмысы жауапкершілікке, қамқорлыққа бейім болуы керек. Мұхаммед пайғамбар (с.ә.ә) бір хадисінде «Сендердің еі ізгілерің - әйелдеріңе жақсы мінезде болғандарың» десе, басқа бір хадисте «Артында қалған күйеуі өзінен разы болған күйде жан тапсырған әйелдің барар жері – Жұмақ» деп, ер мен әйелді өзара рухани түсіністікке, теңдікке шақырған.
Исламда әйелдер еркектермен бірдей өзіндік жеке және қоғамдық міндеттерін атқара алады және Оның адами бітім-болмысының ер адамнан айырмашылығы жоқ, ол барлық адами қасиеттер мен рухани мұраттарға ие тәуелсіз тұлға. Құранда айтылады: «Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел ғамал істеушілердің ғамалын зая қылмаймын. Бір-біріңненсіңдер. (Бәрің бірдейсіңдер)» [62, 3:195; мұны 33:35-36; 66:19-21 аяттармен салыстырыңыз].
Батыс әйелдері білім алу, еңбек ету, меншіктену құқықтары мен сөз бостандығы, іс-әрекет бостандығы үшін күрес жүргізді. Исламда әйелдердің білім алуға деген құқығы ерлермен бірдей. Ислам мұсылмандарды білім алуға ұмтылуға міндеттегенде, оларды ер мен әйел деп бөлмейді. Он төрт ғасыр бұрын Мұхаммед білім іздеу еркек болсын, әйел болсын, әрбір мұсылманның міндеті деп жариялады. Мұны мұсылмандар ғасырлар бойы ұстанып та келді және білімді әйелдердің даңқы да шығып отырды.
Еркектер сияқты әйелдердің де сөз бостандығына деген құқы бар. Ол әйел болғандықтан ғана оның салауатты пікірлерін теріске шығаруға болмайды. Құранда әйелдердің тек өз пікірін еркін айтып қана қоймай, Пайғамбардың өзімен де, мұсылмандардың өзге жетекшілерімен де күрделі мәселелерді талқылауға қатысып, пікірталасқа түскенінің мысалдары кездеседі [62, 58:1-4; 66:10-12]. Мұсылман әйелдерінің қоғамдық маңызы бар кейбір заңнамалық мәселелер бойынша ұсыныс айтқандары, тіпті кей жағдайда халифтермен опппозицияда болып, ақырында халифтердің олардың ақылды дәлелдерімен келіскен жағдайлары да тарихтан белгілі. Мұндай жағдай халиф Омар ибн әл-Хаттаб билік құрған тұсында орын алды.
Алғашқы мұсылмандармен қатар әйелдердің қоғамдық өмірге, әсіресе, төтенше жағдайларға да қатысқанын тарихи құжаттар дәлелдеп отыр. Әйелдер әдетте жаралыларды таңу үшін, тамақ дайындап, әскерлерге көмектесу үшін және т.б. шайқастарға қатысып, мұсылман әскерінің жанында жүретін болған. Бәріне де үлгі боларлықтай Пайғамбар заманындағы бастапқы мұсылман үмбеттерінде әйел бейшара күйде үйде қамалып отырған жоқ, қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысты. Бұл тұрғыдан алғанда Айша анамыздың (р.а.) орны ерекше. Қазақтардың дәстүрлі қоғамында да ерлері маңызды мәселелерді әйелдерімен ақылдасып шешетін. «Қабырғаммен ақылдасайын» деген белгілі сөз әйелдің еркектің қабырғасынан жаратылғаны туралы ислами хикаяны түспалдап, «әйеліммен ақылдасайын» дегенін білдіреді.
Ислам келісімдер жасау, кәсіпкерлік әрекетпен айналысу, ақша тауып, жеке меншікке ие болу жөнінде әйелдерге еркектермен тең құқық береді. Оның өмірі, абыройы мен меншігі еркектердікі секілді қорғалған. Бұларлы бұзған жағдайда олар ерлер сияқты жазаға тартылады. Егер оған әділетсіздік көрсетіліп, ол қандай да бір зиян шексе, ол ерлермен бірдей дәрежедегі лайықты компенсациясын алады [62, 2:178; 4:45, 92-93].
Бұл құқықтарды айқындай отырып, ислам оларды сенімнің ажырамас элементтері ретінде өмірге енгізудің барлық шараларын жасады. Ислам әйелдің абыройын төмендетуге тырысуға шек қояды, Құранда әйелді еркектен төмен санағандарды бірнеше тұста айыптайды [62, 16:57-59, 62; 42:47-50; 43:15-19; 53:21-23].
Адамзат тегін жалғастыруды ерлермен қатар қамтамасыз етуші ретінде әйелді тәуелсіз тұлға деп мойындай отырып, ислам оған мұрагерліктегі өз үлесін береді. Исламға дейін оның мұндай құқығы болмағаны былай тұрсын, оның өзі күйеуінің меншігі саналып келген болатын. Барлық адамзаттық қасиеттердің әйелге әуел бастан тән екендігін ескере отырып, ислам оны қозғалатын мүліктен мұрагерге айналдырды. Ол әйелі немесе шешесі, қарындасы немесе қызы болсын, қайтыс болған туысының меншігінен белгілі бір үлес ала алады және бұл үлестің көлемі қайтыс болушының туыстық дәрежесі мен мұрагерлердлің санына қарай анықталады. Әйелді мұрадан ешкім де айыра алмайды. Тіпті туысының өзі оны өсиет етіп, мұрадан айырғанның өзінде заң оны бұлай істеуге мүмкіндік бермейді. Кез келген адам өз өсиетінде меншігінің үштен біріне ғана еркі бар, өз мұрагерлерінің құқықтарын ол бұза алмайды.
Кей жағдайларда мұраға әйел бір үлес алса, еркек екі үлес алады, бірақ бұл еркекті әйелден жоғары қоюды білдірмейді, оның бірнеше төмендегідей себептері бар.
Біріншіден, өзінің әйелін, бүкіл отбасын және басқа да мұқтаж туыстарын толығымен асырау жауапкершілігін өз мойнына алады. Заң бойынша ол өз күтіміндегілердің барлығын қажеттіліктерімен қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ барлық абыройлы қоғамдық істерге материалдық тұрғыдан үлес қосу да оның міндетіне жатады. Барлық осы қаржылық шығындарды оның бір өзі көтереді.
Екіншіден, әйел отбасы үшін ешқандай қаржылық жауапкершілік арқаламайды. Ол өзінің жеке қажеттіліктері мен сәнді бұйымдарға болмашы қаржы жұмсайды. Осылайша, қаржылық тұрғыда ол толығымен қорғалған және барлығымен қамтамасыз етілген: әйелін күйеуі, шешесін баласы, қызын әкесі, қарындасын ағасы және т.б. қамтамасыз етеді. Егер оның сүйенетін туысы болмаса, онда мұралану мәселесі де көтерілмейді, өйткені оған өсиет ететін ешкім жоқ. Деген ол тағдырдың тәлкегіне тасталмайды, ол аш қалмайды; мұндай әйелдің күтімі үшін жауапкершілікті тұтастай қоғам, мемлекет алады. Оған көмек көрсетіледі, тіршілігіне ақша табу үшін жұмыс беріледі, тапқан табысы өзіне ғана тиесілі болады.
Үшіншіден, мұраны әйел еркектен азырақ алғанымен, шындығында ешкім де оны өзінің тапқанынан ештеңе айырмайды. Мұраланған меншік оның еңбегінің жемісі емес. Ол қосымша, үстеме бұйырылған нәрсе. Бұл өзіндік көмек және бұл көмек Жаратушының заңына сай бөлініп, реттеліп отырады.
Осылайша, байқағанымыздай, исламда мұрагер-ер адам қаржылық міндеттердің жүгін арқаласа, әйел-мұрагерге ешқандай қаржылық міндет жүктелмейді. Егер әйелді мұрадан толығымен айырсақ әділетсіздік болар еді, өйткені ол қайтыс болғанмен қандас-туыстық байланыста. Ал егер мұраның үлесі бірдей болғанда, бұл асыраушы еркекке қатысты әділетсіздік болар еді. Бұл мәселеден де исламның әйелдерге мейірімді қатынасы аңғарылады, ондағы әйел құқығы мен ер адам құқығы тұтастай алғанда, бірдей болмаса да, тең екендігі көрінеді [62, 4:11-14, 176].
Кей жағдайларда қайсыбір азаматтық келісімдерді куәландыру барысында екі ер кісі немесе бір еркек пен екі әйел кісі куәлік бере алады. Бұл да болса, исламның әйелді ерлерден төмен қоюын білдірмейді. «Бұл шара келісім бекіткен тараптардың құқытарын қорғауға бағытталған, өйткені әйелдердің еркектерге қарағанда көп жағдайда практикалық тәжірибесі азырақ болады. Тәжірибенің бұл кемшілігі келісімге қатысушыларға қандай да бір зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан заң бір еркекпен қатар ең болмағанда екі әйелдің құжатты күәләндыруын талап етеді. Егер олардың бірі бір нәрсені ұмытса, екінші есіне түсіреді, егер бірі қателессе, екіншісі оны түзетеді. Бұл сақтық шаралары жеке келісімдердің кепілдігін қамтамасыз етеді. Бұл жерде, іс жүзінде әйелдерге қоғамдық өмірде өз рөлін атқарып, әділетке жетуге көмектесу мүмкіндігі беріліп отыр» [64, 248-249 б.]. Практикалық істердегі тәжірибесіздік әйел жағдайының еркектен төмендігін білдірмейді. Әр адамда кемшілік болуы ықтимал, бірақ бұл оның адам ретіндегі мәртебесін ешкімнің күмәнін туғызбайды [62, 2:282].
Ана ретінде әйел үлкен құрмет пен қадірге ие [62, 31:14-15; 46:15]. Баласына деген махаббаттың төрттен бірі ғана әкеге тиесілі болса, қалған төрттен үші анаға тиесілі. Қалыңдық ретінде ол өзінің қажеттіліктерін өтейтін және тек өзіне ғана тиесілі болатын қалыңмалды ол өзінің болашақ күйеуінен талап ету құқығына ие. Оны күйеуі толығымен асырайды, оның жұмыс істеуі міндетті емес. Ол некеге тұрғаннан кейін өзінің бұрынғы меншігін толығымен сақтай алады және оған тиісуге күйеуінің ешқандай құқы жоқ. Егер ол жұмыс істеп, отбасының кіріс-шығысына қатысқысы келсе, оны істей алады, бірақ оның ары мен абыройы толығымен қорғалуы керек. Бұл әйелге берілген артықшылықтар.
Намаз барысында әйелдердің ерлердің артында тұруы олардың абыройын төмендетуді мүлдем білдірмейді. Мұсылман құлшылығының мәні мен мақсатынан шамалы да болса хабары бар кез келген адам бұл тәртіптің даналығын оп-оңай түсінеді. Жоғарыда айтылғандай әйел адам ерлер үшін парыз саналатын жамағатпен оқылатын жұма намазынан босатылған. Бірақ егер олар қатысқан жағдайда ересек еркектерден және ұл балалардан кейінгі қатарда әйелдер болып бірге тұрады. Бұл адамдарды маңызына қарай жіктеуді емес, ғибадат кезіндегі тәртіпті қамтамасыз етуді білдіреді. Ер кісілер қоғамдық жағдайларының әркелкілігіне қарамастан иық тіресіп бір қатарда тұра береді, бұл ықсан мен ықыласқа (медитацияға) еш кедергісін келтірмейді.
Ислам ғибадатының діни мәтіндерді жай ғана декламациясы емес екені, қиямда тұрудың, рукуғқа еңкеюдің, сәждеге барудың ой мен жүрек жұмылысымен болатын мағыналы әрекет екендігі белгілі. Ғибадат барысында қарама қарсы жынысты адамның денесіне тиюге тыйым салынады. Ал бір қатарда тұрса, олар жанасар еді, рукуғ пен сәждеге барғанда дененің бір бөліктері көрініп қалуы мүмкін. Бұған ер адамның көзі түсуі, оны әйелдің байқап абыржуы мүмкін немесе жаман ойлар келуі ықтимал. Мұндай жағдайларда, әрине, құлшылықтың шынайы мақсаты бұзылады. Исламда осының бәрі ескерілген.
Қазіргі таңда исламдағы көп әйел алушылық (полигамия) қоғамдық пікірде көп сөз болып жүр, тіпті бұл мәселенің елімізде парламентте қарастырылуға дейін жақын қалғаны белгілі. Осы тұрғыда айтарымыз, көп әйел алуға мүлдем болмайды деп үзілді-кесілді қарсы шығу да, көп әйел алуды діннің негізгі талабы іспетті жаппай уағыздау да астамдық екені. Сондай-ақ көп әйел алу - Батыста қатты сынға ұшыраған тақырып. Алайда, көп әйел алушылықты алғаш ойлап тауып, заңдастырған ислам діні еместігі ақиқат. Ислам келгенге дейінгі, әлемдегі әйел затының жағдайы баршаға мәлім. Ол кезде әйел затша саудаланатын, қанша әйелмен үйленем десе де еркектерге шек қойылмайтын. Әйелді қалаған уақытында қалаған адамына сатып немесе айырбастай салатын. Тіпті, көне грек және рим мәдениеттерінде әйелді адам деп те есептемелгені, әйел бір қолдан екінші бір қолға өтіп жүре беретін ортақ мүлікке жатқаны туралы айтылды. Ескі қытай мәдениетінде әйел заты адам саналмағандықтан, оған айдар тағып, ат та қойылмайтын болған. Міне, әйел баласының жағдайы осындай жан түршігерлік қорлыққа толы бір заматта ислам діні әйелдердің абзал жаратылыс екенін түсіндіріп, оған ерекше баға берді. Оны заттықтан адамдыққа, қорланудан ардақтау деңгейіне көтерді. Тіпті, «Жұмақ - аналардың табанының астында» деген сыры терең, сыны биік ұстанымға бас идірді. Жоғарыда айтқанымыздай, ислам келмес бұрын әйелдермен үйленуде шектеу жоқ еді. Ер кісі қанша әйел алам десе де өз еркінде еді. Ислам осы шексіздікті төртеумен шектеді. Өзінің сыршыл күрделі талаптарын қойды. Олай болса, бұл да исламның әйел баласына жасаған жақсылығы десек артық айтқандық емес.
Екіншіден, төрт әйел алудың діндегі орны парыз яки уәжіп емес. Яғни, әрбір мұсылман ер кісі көп әйел алуға міндетті емес. Көп әйел алу, бар болғаны, кей жағдайларға байланысты адамдарға берілген рұқсат қана. Бұған қоса көп әйел алудың өзіндік күрделі шарттары мен талаптары бар. Мысалы, екі әйел алғысы келетін кісінің ең әуелі оларды бағып-қарайтындай жағдайы болуы тиіс. Мұнымен қоса, әйелдерінің арасында қара қылды қақ жарардай әділдік тең қарым-қатынас құруы керек. Яғни, біреуіне жылы шырай танытып, екіншісімен суық қарым-қатынас жасау, біреуінің жанында көп болып, екіншісінікінде аз уақыт қана болу секілді көңілдеріне кірбің салар әділетсіз араластықта болу дұрыс емес. Біреуіне жағдай жасаса, екіншісіне де жағдай жасауы керек. Ал мұндай талаптарды орындай алатындардың саны өте аз екені айтпаса да түсінікті.
Ал енді ислам дінінің көп әйел алуға рұқсат етуінің өзіндік бірқатар себептеріне тоқталайық. Ер адамдардың саны әйел адамдарға қарағанда әжептеуір аз. Оның себебі, ер адамдардың қазалы оқиғаларға көптеп душар болуында. Мысалы, соғыстарда, жол апаттарында, тағысын тағы басқа жағдайларда ер адамның көптеп қаза табатыны сөзсіз. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыста миллиондаған ер адамның қаза тапқанына тарих куә. Қаза тапқан бұл ер кісілердің артында көзі жәутеңдеген бірнеше баласымен аңырап мыңдаған, миллондаған жас әйелдері жесір қалды. Осы жесір қалғандарға да үйленіп отбасын құратын ер адамның, жас бүлдіршіндеріне қамқорлық көрсетер әкенің қажет екені сөзсіз. Екі әйел алуға рұқсат жоқ жағдайда бұл мәселе қалай шешілмек? Қорғансыз аналар мен бүлдіршіндер кімге аманат?
Қазіргі таңда көптеген елдерде соғыс болмаса да әйел санының ер адамдардан әлдеқайда басым екені белгілі. Осының салдарынан көптеген бойжеткендер уақытында үйлене алмай үйде отырып қалуда. 2006 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 182 700 әйел баласы жастары отыздан асса да, әлі тұрмыс құра алмаған. Әрине, бұл қыздардың да үйленгісі келетіні, ана болуды аңсауы, белгілі біреудің қамқорлығын, өмірдегі тірегін іздері хақ. Ал бұл мәселелер заңды түрде әрі жауапкершілік шеңберінде шешілмеген жағдайда қоғамда түрлі келеңсіз жайттардың етек алары сөзсіз.
Бұлардан да жиі кездесетін бір жағдай - ер адамның екі әйел алуға мәжбүр болу жағдайы. Перзент сүйгісі келетін ер азамат некелескен әйелі дүниеге бала алып келе алмайтын бедеу болған жағдайда не істейді? Бірінші әйелімен ажырасып, басқамен үйлене ме? Яғни, сәби дүниеге әкеле алмағандығы үшін онсыз да жарым көңіл жүрген әйеліне опасыздық жасап, оны талақ етіп, басқа біреумен қол ұстасып кете бармақ па? Жоқ әлде әйелін де далаға тастамай, оған күйеу әрі сүйеу болып екінші бір әйелмен некелесе ме? Әрине, бұл тұста ақылға да, ар-ожданға да қонымдысы екінші таңдау екені сөзсіз. Осы жерде бірінші әйелімен де ажыраспасын, екінші әйел де алмай жүре берсін деген ой туындауы мүмкін. Алайда, бұған барлық азамат көне алмайды ғой. Әр адамның өзінше бір әлем екені де ақиқат. Өмірде өз белінен перзент сүю сияқты арманы бар адам мақсатына жетпей байыз таппасы және белгілі.
Адам баласы өмірде әр түрлі жағдайға тап болады. Мысалы, әйелі айықпас дертке шалдығып, күйеуіне дұрыс қарай алмайтындай жағдайға тап болса, ер азаматтың тағы да екінші нұсқаны таңдағаны абзал емес пе?
Жоғарыда айтылған жағдайлар болмаған күннің өзінде де көп әйел алуға ислам діні рұқсат етеді. Олай дейтініміз, үйленгеннен кейін де көңілі басқа әйелге бұрып тұратын адамдардың да кездесері сөзсіз. Себебі, барлық адамның табиғаты, жаратылысы бірдей емес. Кейбір азаматтардың жыныстық қабілеті мен құмарлығы артықтау келеді. Бұған қоса, бірінші әйелі көңілінен шықпай қалуы да әбден мүмкін. Көп әйел алуға тыйым салған жағдайда мұндай күйдегі адамдар әйтеуір бір жолын тауып алғашқы жұбайымен ажырасып тынуы немесе жасырын көңілдес тауып, шариғат тыйған зина сияқты харам істерге баруы бек мүмкін. Сөйтіп, Жаратушының алдында - күнәһар, ал бала-шағасының алдында - екіжүзді болады. «Біреу біліп қоя ма?» деген күдікті ойдан құтыла алмағандықтан, психологиялық тұрғыдан мазасыз болады. Ол ол ма, көңілдес әйелдерді тек өткінші төсек ләззаты үшін ғана пайдаланғандықтан, олардың да абыройы айрандай төгіліп, әркімнің қол жаулығына айналары белгілі. Екі ортада тірі жетім қорғансыз сәбилер мен олардың қорланған шешелері қалады. Бүгінде көп әйел алуға үзілді-кесілді тыйым салған Еуропа бұнысымен қаншама әйелдермен жасырын түрде төсектес болуға, яғни көңілдестік пен ойнастықтыққа, жезөкшеліктің етек алуына, мыңдаған балалардың әкесіз дүниеге келуіне, сансыз түсік тасталуына көз жұмып қарауда.
Көп әйел алудың ислам дініндегі үкімі - парыз не уәжіп емес. Тек кейбір жағдайларға байланысты рұқсат етілген жол ретінде ғана қарастырылады. Жоғарыда айтылғандай, көп әйел алудың өзіндік күрделі шарттары мен арнайы талаптарының барын ескерер болсақ, көп әйел алудың әркімнің батылы жете бермейтін жауапкершілігі зор іс екенін байқаймыз. Бұған қоса, ер кісінің екі жанұяны бірдей басқаруға қабілеті жеткіліксіз болса немесе екінші әйел алған жағдайда бірінші жанұяның шаңырағы шайқалар болса, мұндай іске барудың өзі қатерлі әрі жауапкершілігі де ауыр. Сондықтан үйленетін адамның өз жағдайын, жанұясының әрі қоғамының ахуалын, тыныс-тіршілігін есепке алмастан мұндай қадамға баруы мүлдем дұрыс болмаса керек-ті.
Қоғамдық пікірдегі айтыс-тартыстың өзегіне айналып жүрген тағы бір маңызды мәселе орамал тартып, ұзын киім (хиджаб) киіну болып отыр. Орамал тағып, ұзын киім кию үрдісі - тосырқап, таңдана кейде түсінбей, тіпті жатырқай да жақтырмай да қарайтын тосын құбылыс емес. Ең алдымен, киім киюдің бұл үлгісі - ислам діні әкелген жаңалық емес. Бұл үрдіс еврей мен христиан дінінде де, корей, жапон секілді көне мәдениеттерде де бар. Мысалы, еврей хахамы Менахем M. Брейер («Йешива» университетінде киелі кітап әдебиетінің профессоры) еврейлік дін құқығы бойынша әйелдерінің орамал тағуға тиісті екенін айта келе, кейбір танымал раввиндерінің мынандай сөздерін келтірген: «Еврей қыздарына орамалсыз сыртқа шығу жараспайды», «Әйелдерінің орамалсыз жүруіне рұқсат еткен еркектерді қарғыс атсын!», «Еркектерге ұнау үшін басын ашып жүрген әйелдер жоқшылық әкеледі». Әйелдің орамалсыз жалаңбас жүруі жалаңаш жүрумен тең саналғандықтан, иудаизм орамалсыз жүрген әйелдің жанында дұға сияқты ғибадаттарды жасауға тыйым салады. Еврей діні бойынша, орамал тағу әйелдің абыройы мен беделін, әлеуметтік жағдайын білдіреді. Сондықтан төменгі таптағы әйелдер жоғарғы таптағы әйелдердің қатарында көріну үшін орамал тағуға тырысатын. Орамал тағу тектіліктің нышаны саналғандықтан, байырғы Израйлде зинақор әйелдердің орамал тағуына рұқсат берілмейтін. Сондықтан, зинақор әйелдер өздерін абыройлылардың санатында көрсету үшін арнайы орамал түрін тағатын. Европадағы еврей әйелдері сол жердің тұрақты мәдениетімен араласа бастаған ХІХ ғасырға дейін орамал тағып келген. ХІХ ғасырда Еуропа қоғамы басты ашып жүруге мәжбүр еткендіктен кейбір еврей әйелдері орамалдың орнына парик киіп жүруді шығарды. Ал бүгінде еврей әйелдері синагогада ғана орамал тағады. Еврей дінінің «Hassidism» мәзһабын ұстанушылар орамалға балама ретінде әлі күнге дейін парик тағуда.
Ал христиан дінінде орамал тағу мәселесі қалай? Католик шіркеуіндегі монах әйелдердің 1000 жылдан бері орамал тағатындығы белгілі. атты Христиандық теолог Тертуллиан бойжеткендердің шашын бүркемелеуге, жабуға байланысты былай дейді: «Бойжеткендер, көшеде жүргенде бастарыңа орамал тағыңдар, шіркеуде, бөгда адамдардың жанында және өз ер бауырларыңыздың жанында бастарыңды ашық ұстамаңдар....».
Бүгінгі Католик шіркеуінің ата заңдарында шіркеуде әйелдерді бастарына орамал тағуға міндеттейтін арнайы бабтар бар. Амиш және Меннонилер сияқты кейбір христан ағымдары әлі күнге дейін әйелдердің орамал тағуын талап етуде [65, 21-31 бб.]. Алысқа бармай-ақ орыс халқының ұлттық киіміне, назар аударсақ,  олар да орамал тағып, ұзын киім киген. Демек, орамал тағу ислам діні әкелген жаңалық емес.
Аллаһ Тағала әрбір жаратылысқа өзіндік ерекшеліктер тарту еткен. Әйел адамның қоғамдағы, жанұядағы орны, жалпы болмысы, тәні ер адамдарға қарағанда мүлдем ерекше. Әйел адам осы ерекшеліктерін қорғай білген кезде ғана, қоғамдағы биік мәртебесін сақтай алады. «Әйел адам өзінің аналық мейірімімен, күйеуіне деген ізеттілігімен қымбат. Ол осы қасиеттерімен әрдайым жоғары тұрады. Осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию - әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ  көзінен сақтайтын бірден бір қорған. Әрі әйел затын мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты тағы басқа әйелге тән асыл қасиеттерімен танытар нышан» [66, 147 б.]. Әйелдердің басын жауып, ұзын киім киюі - Құранның тікелей бұйрығы. Нұр сүресінде: «Мүмін әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Орамалдарын жағаларын да жабатындай етіп тақсын...» [62, 24:31].
Пайғамбарымызға бірде бір сахаба келіп «Уа, Аллаһтың Елшісі, мені жұмаққа жетелер бір амал айтсаңыз», - дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ашуланба! Ашуыңды жең, ашудың жетегінде кетпе»,-  деп, қысқа да нұсқа жауап берді.
Иә, ашу атүсті қарайтын жеңіл мәселе емес. Себебі, ашуға бой алдырған адам санаға сыймайтын үлкен күнәларға да оп-оңай барып жатады. Мысалы, ашуға булыққан адам бір сәттік өзін ұстай алмай мылтықтың шүріппесіне басып кеп жіберу кесірінен жылдар бойы түрмеде отырады. Сөйтіп, ғұмыр бойы өкінумен өтеді. Міне, ашудың осындай кесірлі нәтижесін білгендіктен пайғамбарымыз (с.а.у.) айналасындағыларға әрдайым «ашуыңды жең, ашуға салынба, ашудан аулақ жүр» дегендей ескертулер жасайтын.
Ал, енді ашу дегеніміз тек қана жүйкенің тырысумен ғана болатын құбылыс емес. Ашудың «жыныстық ашу» дейтіні де болады. Ол - адамның нәпсіқұмарлық сезімдерінің өршіп, шәһуатының қозып, өз-өзін ұстай алмай ақылға сыйымсыз қылықтарды жасайтындай көзсіз соқырға айналуы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде «құмарлық сезімі қозған кезде адам ақыл-есінің түгелі немесе үштен екісі кем» деген. Яғни, мұндай адам ақыл тізгініне ие бола алмай, құмарлыққа алданады. Соқыр адамша шайтанның тұзағына оп-оңай түсе кетеді. Құмарлық сезімі өршіп, нәпсісі қозған адам ақылға да, заңдарға да, ар-ожданға да ырық бермейді. Сондықтан еркектердің осы бір осал тұстарын түрткілемеу үшін әйел адамдар ашық-шашық киінбеуі керек. Әйтпесе, нәтижесі өзіне де, өзге де абырой әкелмесі ақиқат. Әйел өзінің орамалымен көрікті. Жарасымды ғып ұзын киінуімен ибалы. Қазақтың «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деуі де бекер емес.
«Queens әйелдер бюросы» жетекшісінің мәлімдемесі бойынша, Канадада әр 6 минут сайын 1 зорлау оқиғасы тіркеліп, әрбір үш әйелдің біреуі әйтеуір өмірінің бір кезеңінде зорлау оқиғасына тап болады екен. Тағы бір ірі мемлекетте 1998 жылы 49280 зорлау оқиғасы ресми тіркелген көрінеді [65, 22 б.].
Қоғамның қуат тірегі – отбасы. Сол отбасының бекем болуы көбіне әйел адамдарға байланысты. Ислам діні отбасының бұзылмауына ерекше мән береді, шаңырақ шайқалмауын көздейді. Сондықтан шариғат заңында неке мәселесі ерекше орын алады. Өйткені кішкентай сол отбасынан қоғам құрылады. Отбасы нық, әрі тату болса, қоғамда да жайлы тұрмыс орнайды. Исламның қағида-ережелері, қазақ халқының қағида-ережелерімен астарласып, қабысып кеткен, әрі ұзақ жылдар бойы өмірде қолданылып келген. Өз ата бабаларымыз екі етпей орындаған, әрі заңдарына айналдырған осынау қағида-ережелерді есте ұстаған ләзім.
Мұсылман әйелдің бейнесі Батыс Еуропалық әдебиетке зор ықпал еткен. Мұнда Шығыс әйелдің әсем және көтеріңкі бейнесі сақталып қалып, әрі қарай дамыған. Араб және парсы поэзиясы еуропалық куртуазды лирикасы мен трубадурлардың өлеңдеріне зор ықпал еткен: бұларда Шығыстың таныс махабаттық мотивтері байқалады.
Кейінгі ортағасырлықтағы шіркеу мен отбасы шеңберінде қамалған христиан әйелмен салыстырғанда, поэзияда шығыс әйелі өмір сүруге құмар, батыл, қиындыққа қарсы жүретін тұлға, бостандықтың рәмізі ретінде жырланған. XVII ғ. бастап мавритандық ортағасырдың идеализацияланған өмірі еуропалық романтизмнің пайда болуына ықпал етеді. Бұл тек қана сюжеттерді алуда ғана емес, сонымен бірге әйелдік бейнелердің руханилыққа, эмоционалдылыққа толғандығында көрініс табады.
XVII аяғында Францияда «Шығыс кітапханасы» деген көп томдық шығармалар жиынтығы баспадан шығып шыққан. Ол Еуропаның жұртын шығыс экзотикасымен таныстырды. XVIII ғ. басында Еуропада араб және парсы тілдерінен аудармалар пайда болған. Әсіресе «Мың бір түн» деген кітаптың алғашқы аудармасы француздарға таңырқатқан әсер етті. Шығыс әйелдердің ұмытылмас бейнелерін жасаған ең әйгілі поэт Байрон болған. Ол «Гяур» және «Корсар» деген шығармаларында шығыс әйелдің рухтандырылған бейнесін ұсынған.
Шығыс поэзиясындағы әйелдің бейнесі денесінің кемел болуын, өнегелілікті, ақылды және интеллектуалдықтың жоғары деңгейін білдіреді.
Хиджаб – мұсылман әйелдің киімі – бөтен адамдардан оның беті мен денесін жабуға арналған. Әйелдің тек қана екі көзі ашық болады. Сондықтан көздің мәнерлігі, қараудың энергетикасы ер адамның махабатын оятуға қабілетті. Шығыс әдебиеті дүниежүзілік әдиебиетті, музыканы, кескінді, поэзияны жарқыраған әйелдің рәміздік бейнесімен, әйел әсемділігін білдіретін сөздермен байытқан: «ай жүзді», «құралай көзді», «қант ерінді», «күміс денелі» [68].
Батыс өркениетінің әдебиеті мен өнер саласында қалыптасқан әйелдің рәміздік бейнесі екі жақтан сүреттеледі: негативті, яғни әйелге жек көрушілікті (мизогинияны) білдіріп және позитивті, яғни әйелді Құдайдың анасы ретінде және таза мөлдір махабаттың объектісі ретінде. Бұл түсініктер еуропалық халықтардың мифологиясы мен христиандық діндегі әйелдік бастау туралы ұғымдармен байланысты. Мысалы, дәстүрлі ирландтық мәдениетінде әйелдің төрт рәміздік бейнесі қалыптасқан. Олардың бәрінде деструктивтік бастама жүзеге аысрылған, бәрі осы дүние мен о дүниеннің арасындағы шекарада жүр: Этайн - сұлу, болашақты болжайтын тәуіп Федельм, ұсқынсыз Леборхам, королева Гормлат. Бұлар - Тағдырдың төрт бейнелері, төрт рәміздері. Бұларың ортақ белгісі: әрқайсысы өзімен контакт жасаған адамға өлім әкеледі [69].
Қайта Өрлеу дәуірінің сүретшілері мен мүсіншілері, әсіресе, итальяндық сүретшілер Леонардо да Винчи, Сандро Боттичелли, Рафаэль Санти, мүсінші Микеланджелло Буонаротти мифологиялық сюжеттерге қарап, құдай-әйелдерді немесе құдайы сәбиді қолына алып тұрған мадонналарды бейнелеген. Кескін өнері сол кезде енді-енді ғана діннен, икона салу сүретінен, храмдық кескіннен бөлініп кетуін бастаған. Бірақ сүретте құдайы әйелдің бейнесін салу үшін сүретшілер көбінесе күнделікті өмірдегі әйелдерден қажетті модель ретіндегі натурщицаны іздеп тауып, сол әйелдің денесіне қарап, сүрет салған. Кейбір натурщицалардың сұлулығы керемет болғандықтан, олардың сүретшілерді шығармашылыққа жігерлендіргені құдайлардан кем болған жоқ. Бірте-бірте кескін өнердің пәні ретінде кәдімгі әйелдер болды: әуелі королевалар, княгинялар мен герцогинялар, одан кейін шаруалардың қыздарына, әсіресе мал бағып жүрген қыздарға да кезек келді. Романтизм дәуірі басталды. Еуропа елдерінің сүретшілері Эдуард Мане, Поль Гоген әйелдің бейнесін сүреттегенде, кейбір кезде кәдімгі күнделікті реалистік сюжеттерден романтиканы тапқан. Бірте-бірте сүретшілер таза реализмге жеткен. Нимфалар мен суға түсіп шомылып жүрген қыздар мен әйелдерді бейнелеуге мода басталды. Сүретшілер шіркеудің эротикаға тыйым салуын бұзып, ер мен әйел денелерінің реалдылығын көрсетуге көшті. Кескін өнеріндегі реализм әйелждің рәміздік бейнесін, әйел денесінің формасын материяға дейін төмендетіп, оның реалистік формаларынан барлық құдайы белгілерін жоққа шығарды. Модернизм бұл бағытты әрі қарай жалғастырып, реалистік формаларды геометриялық формаларға айналдырды, яғни оны кубиктерге, үшбұрыштыларға, шаршыларға дейін абстрактыландырып жіберді. Постмодерн жағдайында айырмашылықтарды жоймайтын бірақ иерархия мен дискриминацияны жоққа шығаратын жаңа тілді қалыптастыру керек болды, өйткені тіл арқылы әйел периферияға алшақтатылған, қуылған, «Өзге» ретінде анықталған, сондықтан өзінің «Мен» дегізерлігін қайтадан тауып алғаннан кейін, өз денесінің «Мені» өзіне қайтып орала алады. Бұл мәселе постмодернистік кескін өнерінде көрсетілген [70].
Сонымен, Батыс өркениетіндегі әйелдің рәміздік бейнесінің өзгеруінде релятивизм принципінің жүзеге асырылуын байқауға болады. З.Н. Исмагамбетованың дұрыс пікірінше, мәдени-философиялық, мәдениеттанулық,постфеминистік және гендерлік зерттеулерде релятивистік әдіснамаға сұраныстың деңгейі өте жоғары [71, 22 б.].
Батыс пен Шығыс мәдениетіндегі әйелдің рәміздік бейнесінде өркениеттік айырмашылықтары, әрине, бар. Бұлар, біріншіден, әр өркениеттің морфологиялық белгілеріне, «габитусына» (Шпенглер) қарай әйелдің келбетінде, сыртқы түрінде көрініс тауып, көркем мәдениет саласында – көркем әдебиетте, поэзияда, өнерде бейнеленіп бекітілген, екіншіден, христиан діні мен ислам дінінің қоғамдық санаға және жеке дара әйелдің санасына идеологиялық ықпал еткенінен қалыптасқан. Қоғамдық болмыс пен қоғамдық сананық өзгеруіне сай әйелдің рәміздік бейнесіне өзгерістерді еңгізу мәселесі, ең бастысы, әйелді субъект ретінде қабылдау мәселесі қойылды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет