Гендерлік зерттеудің антологиясы мен методологиясы



бет1/14
Дата08.12.2022
өлшемі0,89 Mb.
#56025
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14



Гендерлік зерттеудің антологиясы мен методологиясы


Масалимова А.Р., дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, филос.ғ.д.


ДӘРІСТЕР МӘТІНІ


Дәріс 1. Қазіргі кезде қоғамдағы әйелдің орны мен рөлі туралы таным, түсініктер, сонымен тығыз байланыстағы әйел бейнесі жөніндегі қалыптасқан таптаурындар мен әлеуметтік үрдістер ерекше өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінгі күні бүкiл дүние жүзiнде тарихи қалыптасқан ерлердiң әйелдерден басым болу жағдайы өзгерiстерге ұшырауда, эмансипация мен феминизм идеологиясының кең етек алуы себепті батысеуропалық философиядағы патриархаттық дәстүрдің екпіні басылғандай болды, патриархаттық құрылымы басым келетін философиялық ойлаудың дәстүрлі бинарлық (еркек / әйел) практикасынан бас тартып, қазіргі мультикультурализм жағдайында жыныстың әлеуметтік теориясы – гендерлік ілім дүниеге келді. Өткен ғасырдың ортасынан бастап өнеркәсiбi дамыған және әлеуметтiк бағдар алған шет елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң ерлермен тең болуына iс жүзiнде қол жеткiздi.
Тәуелсiздiк жылдары iшiнде Қазақстан өзiнiң сыртқы саясатында дүниежүзiлiк қауымдастыққа терезесі тең дербес ел қатарлы кiрiгудi басымдылық ретінде мақсат тұтып, ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау саласында да бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойды. 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердiң саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыс құрған әйелдiң азаматтығы туралы» конвенциялары да бекiтiлдi. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы пактiге және басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды.
Әлем елдерiнiң көпшiлiгi қол қойған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында (2000 ж.) ерлер мен әйелдердiң теңдiгiн көтермелеу, әйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiн кеңейту үшiншi мыңжылдықтағы адамзат дамуының негiзгi мақсаттары ретiнде айқындалған. Біздің өкiметтiң 2009 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасындағы гендерлiк теңдік туралы заңы мақұлданды. Ол елiмiздегi гендерлiк саясаттың негiзгi бағыттарын - ерлер мен әйелдердiң билiк құрылымдарына теңгерiмдi қатысуына қол жеткiзудi, әйелдердiң экономикалық тәуелсiздiгi, өз бизнесiн дамытуы мен мансап жолында iлгерiлеуi үшiн тең мүмкiндiктердi қамтамасыз етудi, отбасындағы құқықтар мен мiндеттердiң тең жүзеге асырылуы үшiн жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады.
2008 жылы Астана қаласында өткiзiлген Қазақстан әйелдерiнiң Форумында ел Президентi Өкiмет пен Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияға аталған Тұжырымдаманың негiзiнде Қазақстан Республикасында Гендерлiк теңдiк стратегиясын әзiрлеп, онда экономикалық, әлеуметтiк және саяси салаларды қоса алғанда, қызметтiң негiзгi бағыттарын анық белгiлеу, әйелдерге тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету үшiн шаралар жүйесiн мерзiмдерi бойынша әзiрлеу керек екенiн тапсырды.
Осыған орай елімізде қабылданған осы Стратегия халқымыздың гендерлік өзіндік санасына, ұлттық дүниетанымның гендерлік кешеніне, дәстүрлі және қазіргі мәдениеттің әлеуметтік-мәдени және діни өлшемдеріне, бүгінгі күні өзектілігі көзге түсіп отырған ұлттық идеяның рухына сәйкес келе ме, келмей ме деген мәселе арнайы зерттеулерді қажет етеді. Әсіресе, бұл мәселені халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен ұлттық философиясы тұрғысынан қарастырудың маңызы зор. Қазіргі әлем бейнесінің қалыптасуындағы әйелдердің әлеуметтік-мәдени рөлін, оны діни, тарихи және өркениеттік үдерістер барысындағы гендерлік өзіндік санасының тарнсформациясымен байланыста қарастыру, оны теориялық мәдениеттанулық тұрғыда талдау көптеген көкейтесті сауалдарға жауап беруге мүмкіндік береді.
Қоғам мен мәдениеттегі әйелдің бейнесі, жағдайы мен орны мәселесіне қатысты ғылыми еңбектер мен гендерлік зерттеулер шетелдерде соңғы жүзжылдықта қарқынды дамығанымен, отандық гуманитарлық ғылымда тек соңғы онжылдықтарда ғана алдыңғы орынға шықты. Гендер мәселесі ауқымындағы әйел тақырыбы жаңа білім саласында өзекті мәселе ретінде қызық, әрі тез дамып келе жатыр. Бұл мәселеге деген қызығушылық біріншіден жалпы гуманитарландыру және демократияландыру үдерістерімен байланысты оянғанын айта кету керек. Бұл жерде ең негізгі көңіл аударарлық нәрсе әйелдің рөлін қайта бағалауға бағытталған. Кейінгі кездері гуманитарлық ғылымдардағы гендерлік зерттеулер кеңінен өрістетіліп, көптеген дәстүрлі мәселелердің шешілуіне арналған гендерлік әдістің жемістілігі айқын аңғарылуда. Жыныстың әлеуметтік-мәдени теориясы - гендерлік ілім жаңа ғылыми білімнің ең өзекті, қызғылықты және қарқынды түрде дамып жатқан салаларының біріне айналуда. Сонымен қатар, бұл бағыттағы ғылыми ізденістер мен арнаулы зерттеулердің көбейе түсуі егеменді Қазақстанның жаңа әлеуметтік-тарихи жағдайлары мен қазіргі ғылыми әдіснамалық ұстындарға орай туындап отыр.
Әйел мәселесі мен гендерлік тақырыптың, жыныстың теңдігі мен арақатынасы мәселесінің әлемдік философияның тарихында ежелден бері көтеріліп келе жатқаны белгілі. Бірақ бұл мәселе өткен тарихи кезеңдердің сипатына қарай, өзінің әлеуметтік қырынан гөрі, дүниенің жаратылысын ұғындырумен байланысты онтологиялық, метафизикалық және биологиялық қырынан қарастырылып келді. Дүниенің қарама қарсы екі жыныстық бастауы туралы ойлар ежелгі шығыс ойшылдарының, әсіресе қытайлық дао ілімінде, сондай-ақ антик ойшылдары Платонның, Аристотельдің және т.б. шығармаларында кездеседі.
Ортағасырлық философияда бұл екі бастау діни дүниетаныммен тығыз байланыста түсіндірілді, әйел тақырыбы діни тұжырымдамалар негізінде қарастырылды. Батыстың хритиандық әлемінде күнә мен әйелдің аты қатар аталғанын айта кету керек. Христиан теологтарының тіпті «әйел адам ба, адам емес пе» деген мәселе көтеріп, орта ғасырларда Батыста әйелдердің «мыстан», «азғырушы», «арбаушы», «көзбояушы», «сиқыршы» деген жаламен шіркеу тарапынан тірідей отқа жағылғанын, өртелгенін білеміз. Католик шіркеуі мен протестанттық сенім арасындағы қақтығыс кезінде ең көп зардап шеккендер тағы да әйелдер болды. Ал ата-бабамыз ақылмен және еркімен қабылдаған ислам діні анаға, әйелге ерекше мәртебе берді. Исламдық түсінік бойынша, адам, әсіресе әйел дүниеге күнәһәр болып келген жоқ. Керісінше, нәресте бұл дүниеге періштедей таза болып және дінге бейім болып келеді және оның жарық дүниеге келуіне себепкер ретінде ананы көреміз. Жаратушы баланы бұл дүниеге әкелу үшін оны әуелі ананың рахымында тәрбиелейді, өзінің пендесіне деген мейірімін ана арқылы көрсетеді. Сондықтан Шығыста «әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Әйел мен еркектің қоғамда алатын орнын айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени құрылым ретіндегі ұғымы он тоғызыншы ғасырдан бастап, батыстық елдердің жаңа капиталистік нарықтық қатынастарға тартылуымен қалыптасты. Капитализмге өту сатысында Батыста әйел мен баланың еңбегі қаналды, олардың құқықтары аяққа тапталды, еткен еңбегіне мардымсыз ақы төленді. Осыған орай, әйелдердің өз құқықтары үшін күресі басталып, эмансипация түсінігі мен феминизм идеологиясы өмірге енді. Дегенмен, шіркеуді былай қойғанның өзінде, зиялылар мен оқымыстылардың өзінде де әйелді кемсітуші ескі патриархаттық дәстүр сақталып қалды. Мәселен, И. Милтон әйелге «жаратылыстың қателігі» деп қараса, әйгілі Ф. Ницше «әйелмен сөйлескен кезде қолыңда қамшы болсын» деп қағытады. Әйел тақырыбы сондай-ақ, жаңа заман философтарының: И. Канттың, Г.В.Ф. Гегельдің, А. Шопенгауэрдің, З. Фрейдтің және т.б. шығармаларында сөз болды.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамында да «әйел теңдігі» мәселесі көтерілді. Бұрын, Шал ақынның шығармаларында қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі әйел бейнесінің келеңсіз құбылыстарымен сипатталатын трансформациясы жырланса, енді Ж. Аймауытов, С. Көбеев, М. Дулатов және т.б. қазақ зиялыларының еңбектерінде «бақытсыз Жамалдардың» мәселелері көтеріледі.
Бұл кезеңде гендерлік мәселе мен әйел тақырыбы Зигмунд Фрейдтің психоанализ ілімін қалыптастырғаннан кейін және Симона Де Бовуардың «Екінші жыныс» еңбегінен соң батыстық философия мен ғылымда сәнге айналып, әуел баста психоаналитикалық бағытта дамып, кейінірек модернистік, постмодернистік және постструктуралистік бағыттарда жалғасқанын атап өту керек. Осы ғасырдың екінші жартысынан бастап гендерлік ілім – жыныстың әлеуметтік теориясы барлық қоғамдық ғылымдарға кеңінен тарала бастады. Әсіресе, К.Г. Юнг пен А. Адлер тәрізді психоаналитиктердің, сондай-ақ Э. Бадинтер, Э. Берн, Дж. Бернард, В. Джонсон, М. Мид, К. Миллет, Б. Фридан сияқты фемиинист-зерттеушілердің, В.Е. Коган, И.С. Кон, У. Мастерс, К. Хорни секілді ғалымдардың және де М. Фуко, Ж. Лакан, Ж. Деррида, Ж. Делез, Ф. Гваттари сияқты постмодернистердің еңбектерінде әйел бейнесі талдаудың өзегіне айналды.
Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіз достастық елдерінің барлығында дерлік зерттеу жұмысына азық болып отырған бұл тақырып зерттеу нысанының өзегіне айналды. Посткеңестік кеңістіктің ғылыми ойларында гендерлік зерттеулер М. Арутюнян, С. Айвазова, М. Баскакова, Е. Здравомыслова, И. Канабихина, А. Темкина, З. Хоткинаның еңбектерінде жақсы жазылған.
Ал Қазақстанда әйел бейнесі мен гендерлік мәселені зерттеудің дамуына «Введение в теорию гендера» (Алматы, 1999) деп аталатын топтық ғылыми жинақ пен «Пол женщины» жинағы (Алматы, 2000) үлкен түрткі болды. Әйелдің қоғамдағы рөліне мына қазақстандық философтардың жұмыстары арналды: А.Ж. Әжібева, А.К. Жағанова, З.А. Мұқашев, Н.А. Усачева, З. Қодар және тағы басқалары. Отандық ғылымда гендерлік мәселе бойынша Г. Адаева, С. Қарпыкова, С. Сүлейменова, С. Шакирова, Н. Шеденовалардың кандидаттық жұмыстары корғалып, арнайы зерттелген. Сонымен қатар, әйел бейнесі мен гендерлік зерттеу ауқымында Ә.Н. Нысанбаев, Қ.Ә. Әбішев, З. Балғымбаева, Ғ. Есім, А. Құлсариева, Ә. Масалимова, М. Орынбеков, С. Қондыбай, Н.Ж. Байтенова, Қ.Ш. Нұрланова, Г.Г. Соловьева, З.Н. Исмағамбетова сынды беделді отандық философтармен қатар, А.У. Дүйсембаев, Е. Найзағараева, Н. Д. Нұртазина, З.Н. Сәрсенбаева, Б.Ж. Есекеев, З.А. Закаева, Г.М. Матаев, М. Қабакова, Н.Ж. Шаханова, С.М. Шәкірова сияқты зерттеушілер жемісті еңбек етіп жүр.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет