Анаксимандр[өңдеу] Анаксимандр (шамамен б.д.д. 610-546 ж.ж.) – ежелгі гректің материалист – философы, стихиялы диалектик, Фалестің бас шәкірті. Грекиядағы «Табиғат туралы» атты тұңғыш ғылыми шығарманың авторы, бірақ бұл шығарма бізге жеткен жоқ. Анаксимандр дүниенің негізі, бастамасы ретінде – «архе» («негіз») ұғымын енгізді, дүниенің негізі - апейрон (шексіз нәрсе) деп есептеген. Апейронның ыстық пен суықтың қарама-қарсылығы туады; олардың күресі космосты дүниеге әкеледі; ыстық-от ретінде көрініс тапса, суық аспан мен жерге айналады. Анаксимандр материаның сақталу және айналу заңын тұңғыш рет тұжырымдады. Анаксимандрдың космологиялық теориясы бойынша жазық цилиндр формасындағы Жер Ғаламның ортасында тұр. Жер төңірегінде аспанның үш сақинасы: күн, ай және аспан денелері – жұлдыздар айналып жүреді. Тарихта тұңғыш рет эволюция идеясын ұсынды: адам – балықтан пайда болған. Анаксимен[өңдеу] Анаксимен (шамамен б.д.д 588-525 ж.ж.) – ежелгі грек материалист – философы, стихиялы- диалектик, Анаксимандрдың шәкірті.Оның ілімінше, барлық нәрсенің бастамасы материадан – ауадан пайда болған, қайтадан ауаға айналады. Ауа шексіз, мәңгі, қозғалыстағы зат. Қоюланғаннан кейін – бұлтқа, суға, жер мен тастарға, сейіліп – отқа айналады. Мұнда санның сапаға ауысу идеясы көрініс тапқан. Ауа бәрін қамтиды: ол әрі жан, әрі ғаламның сансыз заттардың өмір сүретін ортасы. Анаксимен жұлдыздар – от, бірақ оның жылуын сезінбейміз, өйткені олар өте қашықта орналасқан, күн қатты жанып тұрған алып аспан денесі деп үйретті. Материализм мен диалектика идеаларын әрі қарай дамытқан Гераклит (шамамен б.д.д 544-483 ж.ж.)- ежелгі грек философ-материалисі, диалектик. Кіші Азиядағы Эфесте туған. Гераклиттің бізге тек үзінділері ғана жеткен «Табиғат туралы» шығармасы сол заманның өзінде атақты еңбектердің бірі болған. Гераклиттің пайымдауынша дүниенің негізі - от, ол әрдайым өзгеруде әрі қозғалыста. Барлық әлем, жекелеген заттар, тіпті адам жаны да оттан жаралған. «Космос баршаға ортақ, оны ешқандай Құдайда, адамда, жасамаған, ол қашаннан болған, қазір де бар, бұдан былайда мәңгі жанып тұратын от, тұтанып және өлеусіреп сөніп бара жатқан оттың өлшемі» Зат атаулының бәрі қажеттілікке орай оттан пайда болады, оны Гераклит «логос» деп атайды. Әлемдік процесс ұдайы қайталанып отырады; «ұлы маусым» біткен соң заттардың бәрі қайтадан отқа айналады. Табиғат тіршілігі-толассыз қозғалыс процесі, барлық нәрселер, олардың қасиет-күйлері өздерінің қарама-қарсы жағына ойысады: суық-ыстыққа, ыстық-суыққа айналады. Бәрі өзгере отырып жаңарады. Соған орай Гераклиттің атақты тұжырымдамасы қалыптасады: «Бір өзенге екі қайтара түсе алмайсың». Гераклит дүниені танып-білуге болатындығына кәміл сенеді, сондықтан адам баласының ақыл-ой қабілетіне бөгет жоқ деп есептеді. Сонымен бірге ол ақиқатты танудың, оған жетудің қиындығын түсініп, табиғат жасырынуды ұнатады деді, данышпан болу үшін көзі ашық, көкірегі ояу болу-жеткіліксіз. табиғаттың сырын ұғу үшін адамның ұлы қасиеті болып табылатын ерекше ойлау қабілеті болуы керек.