«Гносеологиялық оптимизм, скептицизм және агностицизм»: скептицизмнің гносеологиялық стратегия ретінде қазіргі ғылыми және қарапайым дүниетанымдағы маңызы туралы эссе-негіздеме
«Гносеологиялық оптимизм, скептицизм және агностицизм»: скептицизмнің гносеологиялық стратегия ретінде қазіргі ғылыми және қарапайым дүниетанымдағы маңызы туралы эссе-негіздеме
Қоршаған ортаны танып-білу адам үшін өте қызық әрі маңызды мәселелердің бірі болып келеді. Сан ғасырлар бойы ойшылдар, ғалымдар, барлық тірі және саналы жандар әлемді зерттеп, түрлі құбылытардың, жағдайлардың мән-мағынасын түсінуге тырықан. Жалпы, философияда танымға қатысты үш ұғым бар. Олар – гносеологиялық оптимизм, скептицизм және агностицизм. Олардың әрқайсысына анықтама беріп шығайын.
Гносеологиялық оптимизм кез келген жағдайда біз материалдық жүйелер әлемін білеміз, әлем тек сезілетін қасиеттер мен қатынастар туралы біліммен шектелмейді деген ұстаныммен сипатталады. Бұл бағытты Демокрит және Платон сияқты ойшылдар қорғады.
Оған кері агностицизм термині. Бұл адамның таным мүмкіндіктері шектеулі деп сенетін ұстаным. Осы бағытты ұстанатындар әлеуметтік процесс заңдылығы мен заттың мәнін түсіну мүмкін емес деп есептейді. Агностицизм ұғымын XIX діни сайыстарда ғылыми көзқарастар айқындаушы ретінде 1869 жылы Т.Гексиль енгізген. Сонымен қоса, И.Кант еңбектеріндегі антиномиялар агностицизм ілімінің негізгі көзі болып есептелінеді.
Келесі және соңғысы – скептицизм. Бұл агностицизмге жақынырақ тұжырым деп айтуға болады. Бірақ скептицизм агностицизмге қарағанда дүниенің танылуын жоққа шығармайды, тек оның дәйектілігіне күмән келтіреді. Басқаша айтқанда, бұл бағыт шындық туралы абсолютті сенімді және шынайы білімге қол жеткізуге күмән келтіреді. Негізі скептицизмнің түрлері көп болады. Мысалы, қарапайым, діни, философиялық және ғылыми. Философиялық скептицизм дегеніміз – білімнің шындығына күмән келтіру. Ежелгі скептицизм Пиррон, Энесидем, Секст Эмпирик сияқты философтардан бастау алған. Ал Пиррон осы бағыттың негізін қалаушы болып есептелінеді. Кейін скептицизм алуан түрлі формаларға ие болады және негізінен белгілі бір нәрсені қабылдамауды, кез келген бізді қоршаған заттарды сұрақ астына алуды талап етеді, яғни ойлаудың сыни көзқарасы түрінде көрінеді. Жалпы алғанда, скептицизм саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық және тағы да басқа догмаларды бұзуға бағытталған философиялық ілім болып табылады. Философиялық скептицизм ештеңені тұжырымдамайды, бірақ сонымен бірге ештеңені жоққа шығармайды. Бұл кезде нәтиже емес, үдерістің өзі құнды.
Менің ойымша, скептицизмнің гносеологиялық стратегия ретінде қазіргі ғылыми және қарапайым дүниетанымдағы маңызы өте зор. Негізі скептицизм қандай салада болмасын елеулі рөл атқарады деген ойдамын, себебі скептикалық ойлау плюрализмге жетелейді. Ал плюрализмнің болуы қоғам үшін өте маңызды. Бүгінгі күні интернеттің дамуымен қатар дезинформацияның таралуы да өршігіп кетті. Адамдар кез келген сөздерге сеніп, өздерін өздері шектеп отыр. Бұл сыни ойлаудың жоқтығынан деп сенемін. Шынында да скептицизм өте жақсы гносеологиялық стратегия болып табылады. Бұл ұстаным сені әлемді танудан шектемейді, алайда, бар көріп-білгеніңе сенуге болмайтындығына үйретеді. Ғылыми дүниетанымда да барлығы сене беруге болатын нәрсе емес. Осы салаға байланысты көптеген мифтер тарап кеткен, себебі өздерін ғалым санап, түрлі тұжырымдарды таратып жүргендердің ойлары соңынан нағыз мамандармен теріс шығарылған болады. Айтпағым, скептицизм ғылымда нақты дәлелдері жоқ ойлардан өзіңді аулақ ұстауға, оларға күмәнсіз сенбеуге баулиды. Сондықтан да, тек тексерілген әрі сенімді ресурстардан мәліметтерді алған жөн. Соның өзінде де, логикалық және сыни ойлауға сүйене отырып, бұл айтылғанның дұрыс немесе бұрыс екендігін тексеру керек. Алайда, танымның ешқандай нәтижесін түпкілікті қабылдауға болмайды. Кез келген фактілерге, тұжырымдар мен нәтижелерге күмән келтіруге скептицизм көмегін тигізеді. Бұл "бәрі бұрыннан белгілі" салаларда да іздеу еркіндігін сақтай отырып, әрі қарай білімге деген тұрақты қажеттілікті сақтауға мүмкіндік беретін тәсіл. Осы принцип қарапайым дүниетанымға да тиесілі. Философтар «Біз бір нәрсені тәтті деп білсек те, ол шын мәнінде тәтті ме – оны айта алмаймыз» деп скептицизмді түсіндірген. Яғни, әр нәрсе – субъективті. Басқа біреуге бір түрде көрінген немесе білінген зат, бізге де тура солай болады деу қате болып саналады. Сонда, біз ол заттың шын мәнінде қандай екендігін біле алмаймыз, себебі ол – әркімге әртүрлі.
Әлемнің скептикалық бейнесі пластикалық, әртүрлі көзқарастарға ашық, "жақшадан тыс" ештеңені шығармайды және шындықты іздеумен айналысады. Мен бұны скептицизмнің ең жақсы қасиеттерінің бірі деп санаймын. Скептицизм жалпы қабылданған нәрсеге деген сенімді бұзады, өз пікіріне, жеке психикалық болмысына құқықты негіздейді. Скептицизм пайда болған кезде әлем қазірдің өзінде күрделі және көпшілікке түсініксіз болды, ал адам түсініктің елесін жоғалтты; сонымен бірге ол әлемнің диктатурасынан құтылды. Тағдырды дәстүрлі қабылдау кенеттен ескірді: адам әлемнен бөлініп, өзін одан ерекшелеп, өзіне өзі қолдау болды.
Қорытындылайтын болсам, скептицизм гносеологияның бір тармағы ретінде маңызды рөл атқаратын құрал болып табылады. Тіпті Гегель скептицизмді мақұлдаған еді. Оның пікірінше, басқа философия салалары шындықты талап етеді немесе таным мүмкіндігін жоққа шығарады, ал скептиктер әрдайым оны іздеу үстінде болады: "Кез келген нақты материалда теріс немесе қарама-қайшылықтың осы анықтамаларын білу үшін және белгілі бір мағынада оның шекарасын табу үшін ерекше абстракцияның таңғажайып күші қажет болады". Демек, белгілі затты сынға алып, оның қарама-қайшылықтарын, терістігін немесе дұрыстыңын білу үшін күш керек. Ал ол күш сыни, абстракциялы ойлауда жатыр. Ежелгі скептицизм үшін Гегель "шынайы, терең мінезді" атап өтті және оның субъективті идеализм емес екендігін көрсетті. Сонымен, скептицизмді әлемді тануда, түсінуде және қабылдауда орны алмастырылмайтын философиялық бағыт деп атасам қателеспеспін.