Жалпылау есімдіктері Жалпылау есімдіктері деп белгілі бір заттар мен құбылыстардың жиынтығына немесе толық қамтылуына нұсқай айтылатын жинақты –жалпылау мағынадағы сөздерді айтамыз. Олар кем дегенде екі заттың немесе толып жатқан біркелкі не әрқилы заттар мен құбылыстардың жиынтығын жалпылай көрсете алатын сөздер болып келеді.
Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа –сайман, арба – шана, киім – кешек, ыдыс – аяқ бәрі де завод, фабрикаларда істеліп шыққан. Уақыт ханның да, қайыршының да, баршаның әміршісі ғой.
Жалпылау есімдіктерінің ішінен «бәрі» сөзі атау формада субстанциялық ұғымды білдіреді де, басқалары өзінің негізгі формасында қолданылғанда атрибуттық ұғымды білдіреді.
Қазақтың бар мұңы сиязда тұрған жоқ. Бұл кеше жалғыз қазақтарға ғана емес, барша келген адамдарға, бір түрлі көңілді көрінген.
Тәуелдік жалғауларының үстемеленуі арқылы жасалынған кейбір жалпылау есімдіктері субстантивтік мәнде қолданылады.
Бір пулемет,қанша ат-арба, қанша киім,қанша ақша – баршаларын олжа қылған.
Ал, бүкіл, бүтін, күллі,тамам жалпылау есімдіктері тек атрибутивтік қалыпта қолданылады.
Бүкіл жұрттың істеп жүрген істерінің бәрі дұрыс бола бермейді. Тамам қазақ малын есеп қылса, бір шаңыраққа 20 ат есебі мал қазынасы келеді.
Жалпылау есімдіктері сөйлемде қолданылу ретіне қарай сөз түрлендіруші грамматикалық формаларды қабылдайды. Бірақ ол заңдылықтар жалпылау есімдіктерінің барлығына тән қасиет емес. Мәселен : жалпылау есімдіктерінің бар, барлық, барша, бәрі түрлеріне ортақ тәуелдеу түрінде болмаса, жекеше түрінде жалғанбайды.
Мынау қымбатшылық баршамызға мағлұм. Бәрің де ойнауға келдіңдер ғой! Қыздың әке-шешесі, туысқандары, бәрі шұбырып келді.
Ал атрибутивтік мәндегі бүкіл, күллі, тамам есімдіктері тәуелденбейді. Жіктік жалғаулары жалпылау есімдіктеріне мүлде жалғанбайды. Жалпылау есімдіктерінің ішінде тек субстантивтенген түрлері ғана тәуелденіп барып септеледі. Ол септелудің жүйесі тәуелдеулі зат есім сөздер жүйесімен бірдей боп келеді.
Жалпылау есімдіктерінің сөйлемде негізінен анықтауыш қызметінде жұмсалады. Ал субстантивтік мәнде қолданғанда бастауыш, толықтауыш қызметтерін атқарады. Бірақ жалпылау есімдіктері ешқашан пысықтауыш қызметін атқармайды.