Сөздің морфологиялық құрамы. Жұрнақтар құрамы, түрлері
ж о с п а р ы
1. Жұрнақтардың жалпы сипаттамасы
2. Жұрнақтың мағынасы мен қызметіне қарай түрлері
3. Жұрнақтардың құрамы
4. Жұрнақтардың қолданылуындағы ерекшеліктер
Тірек сөздер: Түбір сөздерден сөз тудырушы және түрлендіруші морфемалар жұрнақ деп аталады. Жұрнақтардың түрлері. Жұрнақтардың қызметі. Жұрнақтардың сөйлем жасауға қатысы.
Мағыналары мен қызметтеріне қарай сөзден сөз тудыратын және сөзден жаңа форма тудыратын қосымшалар жұрнақтар деп аталады. Мысалы білім, ақшыл, ақылды т.б. құрамына қарай жалаң және құранды жұрнақ болып бөлінеді, омоним жұрнақ -ық,-ік,-ыт,-іт,-ыр,-ір,-дық . Сөз тудыратын жұрнақтар сөзге жаңа лексикалық мағына үстейтіндіктен, өзі жалғанған сөзді басқа бір жаңа лексикалық тұлғаға айналдырады. Мысалы: ек, егін, егіндік, егінші, егіншілік сөздерінің түбірі бір болғанымен, олардың әрқайсысы басқа-басқа ұғымдарды білдіреді. Бірақ сол басқа-басқа мағына лексикалық та, грамматикалық та мағыналарды қоса қамтиды. Өйткені әрбір сөз, мағыналық жақтан алғанда, қашан да болсын, лексикалық және грамматикалық мағыналардың бірлігінен құралады.
Сөз тудыратын жұрнақ өзі жалғанған сө зден лексикалық мағынасы басқа жаңа сөз тудырады. Ондай әрбір жұрнақтың өзді-өзіне тән грамматикалық мағынасы, формасы және қызметі болуы күмәнсіз. Егер көк және көкшіл, үй және үйшік сөздерін салыстырып қарасақ, мүұндағы -шіл (көкшіл) және -шік (үйшік) қосымшалары да өздері жалғанған сөздерді басқа сөз табына айналдырмаған, бұрынғы сын есім (көк) сол сын есім қалпында, зат есім (үй) бұрынғы зат есім қалпында қалған да, тек біріншісінде көк деген сынның солғын я бәсең түрін білдіретін көкшіл формасы, үй деген заттың аса кішкене түрін білдіретін үйшік формасы туған. Мағынасы мен қызметіне қарай, жұрнақтар сөз тудыратын және форма тудыратын жұрнақтар екі салаға бөлінеді.
Түбірге сөз тудыратын жұрнақ жалғанғаннан кейінгі форма туынды негіз туынды түбір деп аталып жүр. Жұрнақтар сол негізге де, сол негізден туған жаңа негізге де қажетіне қарай жалғана береді. Форма тудыратын жұрнақтарды мағыналары мен қызметтері жағынан сөз тудыратын жұрнақтар мен сөз байланыстыратын жалғаулардың екі арасындағы, екеуінің де ерекшеліктеріне жуықтайтын, категория деп қарауға болады. Дегенмен форма тудыратын жұрнақтар сөз байланыстыратын қосымшылардан гөрі сөз тудыратын қосымшыларға жақынырақ. Өйткені форма тудыратын қосымшалар да өзі жалғанған сөзге сәл де болса жаңа мағына үстейді. Бірақ ол жаңа мағына сол сөздің барлық формасына өзек болатын негізгі лексикалық мағынасын өзгертпейді, оған нұқсан келтірмейді. Демек, форма тудыратын жұрнақ сөзден, өзі жалғанғаннан кейін де, сол сөздің негізгі лексика-семантикалық қазығынан алшақ әкетпейді. Сол себептен де, бұл форма мен сол сөздің басқа формаларының аралығындағы берік семантикалық байланыс үзілмейді де бұзылмайды да. Мысалы: кел, келме, келер, келмес, келген, келмеген, келетін, келмейтін, келмек, келмекші, келіп, келе, келгелі, келсе дегендердің бәрі де түбірдің негізгі лексикалық мағынасын бұзбай және сол мағынадан алшақтап та кетпей, оны берік сақтап, бір сөздің әр түрлі грамматикалық формалары ретінде қызмет етеді.
Туынды сөздердің құрамындағы жұрнақтар белгілі бір жүйе бойынша рет-ретімен жалғанады. Түбірге тете сөз тудыратын жұрнақтар жалғанады да, олардан кейін форма тудыратын жұрнақтар орналасады. Егер тікелей түбірге әуелі сөз және форма тудыратын жұрнақтар жалғанғандай болса, солардың бәрі тікелей түбірге де қосыла береді.
Жұрнақтар дыбыстық құрамы жағынан бір дыбысты да, көп дыбысты да бола береді. Мысалы: тіле-к, сұра-қ, таны-с, шеге-ле, сүз-бе, шеп-кі.
Құрылымы мен құрамы жағынан жұрнақтар жалаң жұрнақтар және құранды жұрнақтар болып екі салаға бөлінеді.
Жалаң жұрнақ деп мағына жағынан да, форма жағынан да, бөлшектенбейтін бір бүтін жұрнақты айтамыз. Мысалы білім, кеспе, малшы, ұшқыш, үйшік, әкелік дегендердегі -ім, -пе, -шы, -қыш, -шік, -лік жұрнақтарының әрқайсысы мағына жағынан да, тұлға жағынан біртұтас жұрнақ. Мағына жағынан бір бүтін бола тұрса да, құрамы жағынан кемі екі я онан да көп жалаң жұрнақтардан құралып жасалған жұрнақтар құранды жұрнақ болады. Мыс: жайшылық, басыңқы, тұрғылықты, құранды дегендердегі -шылық, -ыңқы, жұрнақтарының әрқайсысы мағына жағынан бір бүтін форма болғанымен, құрамы жағынан әуелгі 2 я 3 жалаң жұрнақтан бірігіп жасалған күрделі жұрнақтар.
Құранды жұрнақтарға -ымды, -імді, -ынды, -інді, -улы - улі, -малы, -мелі, -ыңқі, -іңкі, -қылықты, -кілікті, -нікі, -дікі, -ым, -паз, -імпаз және т.б. Құранды жұрнақтарды сөз еткенде, мынадай екі түрлі құбылысты ескерген мақұл: біріншіден, тіліміздің дыбыстық заңына лайың өзгерілу, ықшамдалу сияқты құбылыстардың да болатындығы шексіз.
Шығу төркіні жағынан бір-бірімен байланысты кейбір жұрнақтар, мағыналары я бірдей, я жақын болғанымен де, бірде сөз тудыру қабылетіне қарай, бірде стилистикалық реңіне қарай ерекшеленіп келеді. Мысалы, -лық және -шылық жұрнақтары, өзара форма жағынан да, мағына жағынан да қаншалықты жақын болғанымен, сөз тудыру қабілеті жөнінде де, стилистикалық ерекшелігі бірдей емес.
Сөздерде болатын синонимдік қасиет жұрнақтарда да болады. Мысалы, -қыш, -ғыш, -кіш, -гіш, -шақ, -шек, -қақ, -ғақ, -кек, -гек, -қыр, -ғыр, -кір, -гір жұрнақтары өзара мағыналас. Синонимдес жұрнақтардың мағыналары қаншалықты жақын болса да, олар тең болмайды және мағыналық та, стилистикалық та ерекшеліктері де болады. мағыналас жұрнақтардың жалғанатын сөздерінің аясында да өзара үлкен айырмашылық бар. Өйткені олар, жоғарыда көрсетілгендей, бір түбірге талғамай қосылғандарымен де, көбінесе, бірі жалғанған түбірге екіншісі жалғанбайды.
Негізінде бір ғана мағынаны білдіретін жұрнақтар мен қатар, олардың іштерінде кемі екі я онан көп мағынаны білдіретіндері де бар. Ондай жұрнақтарды көп мағыналы жұрнақтар деп атауға болады. Мысалы, -қақ (-ғақ, -кек, -гек) жұрнағы етістікке жалғанып, семантикалық-грамматикалық қызметтері екі басқа екі топ сөздер тудырады. Мысалы, майысқақ, жабысқақ, құрысқақ сияқтылар, әрине, сын есімдер болады да, кескек, іскек, ілгек тәрізділер зат есім болады.
Көйлекшең, байпақшақ, бешпетшең, мәсішең сөздеріне жалғанған -шақ,-шең жұрнағы бір түрлі мағына үстесе,әрине тершең, кіршең деген сөздерде басқа мағынаны білдіреді. Демек бешпентшең, мәсішең сөздерінен бешпет киген, мәсі киген деген мағына түсінілсе, тершең, кіршең дегендерден тершіл, кіршіл деген мағына аңғарылады.
Жұрнақтардың ішінде дыбысталуы мен таңбалануы бірдей болғанымен, негізгі мағыналары да бір-бірімен байланыспайтын, ұштаспайтын тіпті басқа-басқа бір алуан жұрнақтар бар. Ондайлар омоним жұрнақтар деп аталады. Атшы, түйеші, балташы, етікші, малшы, егінші, тігінші, тергеуші, барлаушы, сайлаушы, жүргінші, қуғыншы, жазушы оқушы деген зат есімдердің бәрі де -шы, -ші жұрнағы арқылы негізгі және туынды есім сөздерден жасалғаны сияқты, жаншы, өрші, аунақшы, тықыршы, тыпыршы, қаймақшы, дөңбекші деген етістіктер жан, өр,аунақ, тықыр, тыпыр, қаймақ, дөңбек деген зат есімдерден жасалған. Байқашы, қойшы, емші, аяшы сөздеріндегі, сондай-ақ, келейінші,келейікші, келші, келтірші, келіңдерші, келсінші, келсемші формаларындағы -шы,-ші қосымшасы етістіктің түр-түрлеріне тілену, жалыну мағынасын жамап тұрса, бармақшы, келмекші дегендерде -шы, -ші жұрнағы мақсаттың тиянақты түрде жүзеге асырылатындығына көзді жеткізе түсетін мағына үстейді.
Сөйтіп, бұл мысалдардағы -шы, -ші қосымшасының мағыналары көп екенін көреміз. Бірақ бұл арадағы көп мағыналар бір-біріне жақын емес бір-бірімен байланыспайтын, бірінен-бірі алшақ, басқа-басқа мағыналар. Осы себептен бұл жұрнақты айтылу, жазылу түрлері біреу болғанымен, мағыналары да, қызметтері де бір-бірмен ұштаспайтындықтан полисемиялық жұрнақ деп тани алмаймыз. Бұл жұрнақ-әрі жаңа сөз тудыратын, әрі жаңа форма тудыратын омоним жұрнақ.
-қ, -ық, -ік, -ақ, -ек жұрнағы. Бұл жұрнақ-нағыз омоним жұрнақ. Бұның мағыналары да көп, жалғану аясы да кең,атқаратын қызметі де әр тарапты. Мысалы: 1. Қазық, бұйрық, бөлік, сезік, күйік, көрік, түсінік, кекірік, сұрақ, ырғақ, тілек, төсек, орақ, пышақ, жатақ, құшақ, жетек, қонақ, қылық, тозық, шалық дегендер -ық, -ік, -қ, -ақ, -ек жұрнағы арқылы етістіктен туған зат есімдер. 2. Ортақ, мойнақ, қысырақ, атақ, жолақ, тікенек, қылтанақ, түнек, ұшық дегендер - есімдерден туған зат есімдер; 3. Бөлек, сирек жасық, сасық, сұйық, тұнық, артық, ашық, жатық, сынық, қисық, үзік, жетік, бітік дегендер-сол жұрнақ арқылы етістіктен туған сын есімдер. 4. Қалтақ, жалтақ, бұлтақ, жалпақ, балпақ, елпек, селтек, сылтық, тықыршы дегендер - сол жұрнақ арқылы еліктеуіш сөзден туған сын есімдер.
Осындай омоним жұрнақтардың қатарына -ық, -ік, -қ, -ақ, -ек, -ын, -ін, -н, -ыт, -іт, -т, -ыл, -іл, -л, -ыс, -іс, -с, -лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес, -ыр, -ір, -ар, -ер, -дық, -дік, -лық, -лік және басқа жұрнақтарды қосуға болады.
Сонымен, жұрнақтар мынадай топтарға бөлінеді:
1. Тілдің өз төл материалынан я басқа тілден енген материалдан шыққандығына қарай, олар төл жұрнақтар және кірме жұрнақтар болып бөлінеді.
2. Олар, ерте я кеш шығып қалыптасуларына қарай, көне жұрнақтар және жаңа жұрнақтар болып екі топқа бөлінеді.
3. Қазіргі кезде сөз тудыру қабілетт ерінің бар я жоқтығына қарай, олар тірі жұрнақтар және өлі жұрнақтар болып сараланады.
4. Құрамдарындағы морфемалардың дара я күрделі болуына қарай, олар жалаң жұрнақтар және құранды жұрнақтар болып жіктеледі.
5 Мағыналық жағынан бір я бірнеше мағынаны білдіретініне қарағанда, олар дара мағыналы және көп мағыналы болып бөлінеді.
6. Формасы басқа-басқа бола тұра, мағыналары бір-біріне жақын ямағыналас синоним жұрнақтар да болады, сондай-ақ формасы бірдей бола тұра, мағыналары өзара бір-біріне алшақ омоним жұрнақтар болады.
7. Қазіргі кезде сөз тудыру жағынан өнімді я өнімсіз болуларын а қарай, олар құнарлы жұрнақтар және құнарсыз жұрнақтар болып салаласады.
Сөйтіп, жұрнақтардың шығу төркіндерінде де, даму және қалыптасу тарихында да, беретін мағыналары мен атқаратын қызметтерінде де қаншалықты ерекшеліктері мен өзгешеліктер бола тұрса да, олар бей-берекет бытыранды қосымшалар емес,бір үлкен жүйеге сарқылатын және сол жүйеден ұя-ұя болып тарайтын жүйелі категория.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Жұрнақтар дегеніміз не, жалғаулардан қандай айырмашылығы бар
2. Жұрнақтар мағыналары мен қызметтеріне қарай нешеге бөлінеді, ерекшеліктері қандай
3. Жұрнақтар құрамына қарай нешеге бөлінеді
4. Омоним жұрнақтар дегеніміз не, оларға қандай жұрнақтар жатады
Достарыңызбен бөлісу: |