Key words: Mamluk Kipchak language, written monuments, system of vowel letters, mixed language
УДК: 80/81
КІРМЕ СӨЗДЕРДЕН ЖАСАЛҒАН КҮРДЕЛІ СӨЗДЕР
Шнайдер В. А. – ф.ғ.к. «Тұран-Астана» университетінің доценті, wladimir_a@mail.ru
Асқарова Н.С. - «Тұран-Астана» университетінің 5М011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті
мамандығының 2-курс магистранты, askarova@parlam.kz
Mақала қазақ тілінде кірме сөздер есебінен аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөздердің орны мен
мағыналық және компоненттік ерекшеліктері мәселелеріне арналған.
Қазақ тілінде қолданылатын кейбір дайын күйінде басқа тілдерден енген сөздердің екінші компонентінің
лексикалық мағынасынан айрылып, жұрнақ қалыбына түскен, соның нәтижесінде күрделі тұлғаның жалаң сөзге
айналу үрдісіне сараптама жасалады.
Тілімізде бүгінгі таңда қолданылатын күрделі сөздердің ішінде кірме сөз есебінен жасалған тұлғалар
компоненттік ерекшелігіне қарай топтарға бөліп қарастырылған. Кейбір дайын күйінде басқа тілдерден енген
сөздердің екінші компонентінің лексикалық мағынасынан айырылып, жұрнақ қалпына түскені, соның
нәтижесінде күрделі тұлға жалаң сөзге айналып кеткені жан-жақты талқыланған. Кірме сөздер есебінен
жасалған күрделі сөздер үш үлкен топқа бөліп қарастырылған. Кірме элементтердің құрамындағы сөздердің
қаншалықты түсінікті не болмаса түсініксіз екенін осы топтардан көруге болады. Қазақ тілінде кейіннен
қалыптасқан құбылыстар - қысқарған сөздердің ерекшеліктері, ену тарихы қамтылған.
Түйін сөздер: аналитикалық, синтетикалық, кірме сөз, фонетикалық вариант,күрделі сөз, біріккен сөз.
Қазақ тілінде кірме сөздер синтетикалық тәсілде белсенділік танытатыны сияқты аналитикалық
тәсілде де өзіндік ерекше орны бар тұлғалар болып табылатындығы белгілі. Тілімізде кірме сөздер
есебінен жасалған күрделі сөздердің өзін бірнеше топқа бөліп қарау тенденциясы бар. Олар:
1.
Екі компоненті де толық лексикалық мағыналы, түсінікті күрделі сөздер
2.
Бір компоненті түсінікті элементтен, ал екінші компоненті түсініксіз элементтен құралған
күрделі сөздер. Бұл жағдайда түсініксіз компонент деген ұғым сөздің мағынасының мүлде болмауы
мүмкін деген қорытындыға әкелмесе керек, әдетте бұл компоненттің мағынасы бүгінгі таңда күңгірт
тартқан, қолданыстан тыс қалған да мағына болуы мүмкін. Әсіресе, кірме сөздер есебінен жасалған
күрделі сөздерде бұл тенденция кеңінен етек жайған. Мысалы, апақ-сапақ, жолдас-жора, адамзат
т.б. Екінші бір жағдайда қос сөздер туралы әңгіме болғанда күрделі сөздің бір компоненті екінші
компоненттің фонетикалық өзгерген варианты да болуы мүмкін. Мысалы, қап-қара, азан-қазан,
жым-жырт т.б.
107
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 2 (56), 2016 ж.
3.
Екі компонентінің де мағынасы түсініксіз күрделі сөздер. Бұл сөздер тобына енетін
тұлғалардың өзін іштей екіге бөлуге болады: екі компонентінің де мағынасы түсініксіз сөздер мен екі
компонентінің де мағынасы жоқ сөздер. Мысалы, апыл-ғұпыл, быт-шыт, т.б.
Сонымен тілімізде бүгінгі таңда қолданылатын күрделі сөздердің ішінде кірме сөз есебінен
жасалған тұлғаларды компоненттік ерекшелігіне қарай да төмендегідей топтарға бөліп қарастыруға
болады:
А) Екі компоненті де кірме сөз есебінен жасалған күрделі сөздер. Мысалы, адамзат (араб-парсы
сөздері), апақ-сапақ (араб сөздері), Асылзада (араб-парсы сөздері), Әбілхаят (парсы-араб сөздері),
әліпби (араб сөздері), әнқұмар (парсы-араб сөздері), бақ-дәулет (араб сөздері), баққұмар (араб
сөздері), Гүлжазира (парсы-араб сөзі), дүниеқұмар (араб сөздері), жантәсілім (парсы-араб сөздері),
заманақыр (араб-парсы сөздері), иманшарт (араб сөздері), мансапқұмар (араб сөздері), мүңкір-
нәңкір(араб сөздері), намазшам (парсы сөздері), намаздігер (парсы сөздері), наурыз (парсы сөзі),
өмірбаян (араб сөздері), өнеркәсіп (парсы-араб сөздері), райхангүл (парсы сөзі), есеп-қисап (араб
сөздері), жетім-жесір (араб сөздері), шәкіртақы (парсы-араб сөздері) т.б.
Ә) Бірінші компоненті төл сөз, екінші компоненті кірме сөз есебінен жасалған күрделі сөздер.
Мысалы, ақшам (қазақ-парсы сөздері), бай-батша (қазақ-парсы сөздері), бай-мырза (қазақ-парсы
сөздері), Бекзада (қазақ-парсы сөздері), бірқатар (қазақ-парсы сөздері), бірқилы (қазақ-парсы
сөздері), көзәйнек (қазақ-араб сөздері мен парсы қосымшасы), қанқұмар (қазақ-араб сөзі), мұң-мүдде
(қазақ-араб сөздері), мұң-мұқтаж (қазақ-араб сөздері), мұң-зар (қазақ-парсы сөздері), ой-қиял
(қазақ-араб сөздері), ой-пікір (қазақ-араб сөздері), өрен-жаран (қазақ-парсы сөздері), талан-тараж
(қазақ-парсы сөздері), таңғажайып (қазақ-араб сөздері), таң-тамаша (қазақ-араб сөздері), ),
шаштараз (қазақ-парсы сөздері) т.б.
Б) Бірінші компоненті кірме сөз, екінші компоненті төл сөз есебінен жасалған күрделі сөздер.
Мысалы, абжылан (парсы-қазақ сөздері), әркелкі (парсы-қазақ сөздері), әркім (парсы-қазақ сөздері),
бақталас (араб-қазақ сөздері), жиһанкез (парсы-қазақ сөздері), жора-жолдас (парсы-қазақ сөздері),
кәсіподақ (араб-қазақ сөзі), кәсіпорын (араб-қазақ сөзі), топан су (араб-қазақ сөзі), үрім-бұтақ
(араб-қазақ сөзі) т.б.
Сонымен қатар тілімізде қолданылатын кейбір дайын күйінде басқа тілдерден енген сөздердің
екінші компонентінің лексикалық мағынасынан айрылып, жұрнақ қалыбына түскен, соның
нәтижесінде күрделі тұлға, жалаң сөзге айналып кеткен тұлғаларда жоқ емес. Мысалы, ажайыпхана
(араб-парсы сөзі), баспахана (қазақ-парсы сөздері) сөздері құрамындағы «хана» тұлғасы қазіргі
қазақ тілінде сөз тудырушы жұрнақ деп танылған. Сол сияқты гүлстан (парсы сөзі), қабырстан
(араб-парсы сөздері) сөздері құрамындағы «стан», мұсылман (араб-парсы сөздері) құрамындағы
«ман» тұлғалары зат есім тудырушы жұрнақ ретінде қарастырылып жүр. Бұл жұрнақтар қазақтың төл
сөздеріне де қосылып жаңа тұлға тудыру үрдісінде кеңінен қолданылады. Мысалы, емхана,
Қазақстан, оқырман, көрермен. Тіпті соңғысы қазақ тілі үндестік заңына бейімделіп жіңішке -мен
тұлғасына ие болған. Сонымен қатар екі компоненттен құралған күрделі сөздің қазақ тіліне ену
барысында жалаң түбір ретінде қабылданған тұлғалар да жоқ емес. Мысалы, дарбаза (парсы сөзі),
жылнама (қазақ-араб сөздері), өсиетнама (араб-парсы сөздері), сәлемдеме (араб-парсы сөздері),
сырнай (парсы сөзі), ширек (парсының екі сөзінен құралған), яки (араб-парсы сөздері),
Жоғарыда құрамы жағынан кірме сөздердің есебінен жасалған күрделі сөздерді үш үлкен топқа
бөліп қарастырдық. Кірме элементтердің құрамындағы сөздердің мағынасының бүгінгі күні
қаншалықты түсінікті, я болмаса түсініксіз болып келуіне байланысты келесі топтарға бөлуге болады.
Олар:
1. Екі компонентінің де мағынасы айқын, түсінікті сөздер: әнқұмар (парсы-араб сөздері), бақ-
дәулет (араб сөздері), баққұмар (араб сөздері), дүниеқұмар (араб сөздері), жантәсілім (парсы-араб
сөздері), заманақыр (араб-парсы сөздері), мансапқұмар (араб сөздері), өмірбаян (араб сөздері),
өнеркәсіп (парсы-араб сөздері), райхангүл (парсы сөзі), жетім-жесір (араб сөздері), шәкіртақы
(парсы-араб сөздері), бай-батша (қазақ-парсы сөздері), бай-мырза (қазақ-парсы сөздері), бірқатар
(қазақ-парсы сөздері), бірқилы (қазақ-парсы сөздері), көзәйнек (қазақ-араб сөздері мен парсы
қосымшасы), қанқұмар (қазақ-араб сөзі), мұң-мүдде (қазақ-араб сөздері), мұң-мұқтаж (қазақ-араб
сөздері), мұң-зар (қазақ-парсы сөздері), ой-қиял (қазақ-араб сөздері), ой-пікір (қазақ-араб сөздері),
таңғажайып (қазақ-араб сөздері), таң-тамаша (қазақ-араб сөздері), шаштараз (қазақ-парсы
сөздері), бақталас (араб-қазақ сөздері), жиһанкез (парсы-қазақ сөздері), кәсіподақ (араб-қазақ сөзі),
кәсіпорын (араб-қазақ сөзі), т.б.
108
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», № 2(56), 2016 г.
2. Бірінші компонентінің мағынасы түсінікті, екіншісінің мағынасы түсініксіз сөздер. Олар:
адамзат (араб-парсы сөздері), Асылзада (араб-парсы сөздері), әліпби (араб сөздері), иманшарт (араб
сөздері), намазшам (парсы сөздері), намаздігер (парсы сөздері), есеп-қисап (араб сөздері), ақшам
(қазақ-парсы сөздері), талан-тараж (қазақ-парсы сөздері), әркелкі т.б. Бұл келтірілген
мысалдардағы екінші компонент орнындағы зада, би, шарт, шам дігер, қисап, тараж сөздері араб
және парсы тілдерінде толық лексикалық мағынасы бар сөздер қатарында есептеледі. Атап айтсақ,
Л.Рүстемов бұл сөзге келесі түсініктеме береді: «зада» элементі парсы тілінде «задән: рождать,
рождаться – аристократический, знатного рода. Алдияр шаһи жиһан задаларға, Сізбенен қара қазақ
бара-бар ма?» [1,115-б]. Сөздік авторына сүйенсек, бұл сөз «асыл тұқым, асыл рудан» деген
мағынада болса керек. Сол сияқты келесі сөздерге де Л. Рүстемов төмендегідей түсінік берген:
«Шәрт»: арабское слово: условие, уговор, договор, кондиция, обязанность, обьязательство, долг, –
совокупность догм ислама, связанных с нормами имана» [1,129-б]. Мысалы, Әріпті түгел білген
үшеуіміз иманшартқа, әліппеге түстік (М. Әуезов).
«Шам» парсы тілінде толық мағыналы сөз. «шам: вечер, вечером; ужин – сумерки; полутьма
между заходом солнца и наступлением ночи. Ақшамның арасында Асыққаннан тимейді өкшем
жерге.» [1,22-б].
«Дигәр» парсы сөзі «дигәр: третья молитва, совершаемая в середине промежутка между полуднем
и закатом солнца – время перед заходом солнца» [44, 211-б].
«Қисап» сөзі арабтың «есеп» сөзінен қалыптасқан. Қазақтың тілінде қос сөз құрамында
фонетикалық тұрғыдан түрленіп, қайталама қос сөздің екінші компоненті қызметінде қолданылады.
«Тараж» парсының сөзі. «тарадж: расхищение, грабеж – тараж употребляется только в сочетании
с «талан» в значении «разграбление, растаскивание, разбазаривание, расхищение» [1.268-269-б].
3. Бірінші компонентінің мағынасы түсініксіз, екіншісінің мағынасы түсінікті сөздер. Олар:
абжылан («аб» сөзі парсы тілінде «су» деген мағынада жұмсалады), жора-жолдас (парсының
«джуре» сөзінен қалыптасқан «жолдас», «дос» мағынасында жұмсалатын толық мағыналы сөз
болып табылады), топан су (арабтың «туфан» сөзі. «Тасқын су» мағынасында қолданылады), үрім-
бұтақ (арабтың «урум», яғни «тамыр, бұтақ» мағынасында жұмсалады) т.б.
4. Екі компонентінің де мағынасы түсініксіз сөздер. Олар: апақ-сапақ (араб сөздері), мүңкір-нәңкір
(араб сөздері), наурыз (парсы сөзі), өрен-жаран (қазақ-парсы сөздері) т.б. әдетте, түсініксіз мағына,
сөз деген ұғым мағынасының мүлдем жоқтығымен байланыста ғана қарастырылмауы қажет. Ол
сөздердің басым бөлегі тарихи тұрғыдан алғанда о баста толық мағыналы тұлғалар болған, бірақ
тілдің даму барысында мағынасы бірте-бірте күңгірттенген тұлғалар болып келеді. Жоғарыдағы
сөздер де осы топтағы морфемаларға жатады. Мысалы,
«Апақ-сапақ» тұлғасының компоненттері арабтың «афақ», яғни «көкжиек» мағынасында, ал
«шәфәқ» сөзі «кешкі шуақ, кешқұрым» мағынасында қолданылатын сөздер болып табылады.
«Мүңкір-нәңкір» күрделі тұлғасының компоненттері арабтың «мункер» «жек көрінішті, сұм
күнәһар» мағынасында, ал «нәкир» сөзі «белгісіз, жаман» деген мағынасында жұмсалатын сөздер.
«Наурыз» сөзі екі компоненттен құралған парсы тілінен енген кірме сөз. Алғашқы компоненті
«
нов» сөзі «жаңа» екінші компоненті «руз» сөзі «күн» деген ұғым береді. Тілімізде қазір жалаң түбір
ретінде қараушылық бар.
«Өрен-жаран» сөзінің бірінші компоненті түркі негізді сөз. Тілімізде «дос, жолдас» мәнінде
ертеректе кең қолданылған, қазір мағынасы күңгірттенген тұлға, ал «жаран» сөзі парсының тілінен
енген «дос, жолдас» ұғымындағы зат есім тұлғасы.
Тілімізде күрделі сөздердің ішінде ең кенже дамып қалыптасқаны – қысқарған сөздер. Әсіресе
Кеңес үкіметі тұсында тілімізде күрделі қысқарған сөздердің саны мен сапасы, мағыналық түрлері
молая түсуі ең алдымен, қазақ даласында ғылым мен техниканың дамуы, мекемелердің көбеюімен
тығыз байланысты болды. Ғылымның дамуы, мекемелердің санының артуы күрделі атаулардың
қалыптасуына әкеліп соқты. Күрделі атаулардың қиындығы, оларды ықшамдап жазу және айту
мәжбүрлігін туғызды. Алғашқысында қысқарған сөздер дайын күйінде, қазақ тіліне аударылмай орыс
тілінен тікелей қабылданды, олармен қатар сөз қысқартудың жаңа тәсілдері де тілімізде толық
орнығып алды. Алғаш тілімізге енген қысқарған сөздер қатарына «КПСС, партком, партбюро,
колхоз, совхоз, СССР, комсомол, компартия» [2, 261-б] тәрізді сөздерді жатқызамыз. Әрине бұл
сөздердің басым бөлегі қазір қолданыста сирек ұшырасып, тарихи сөздердің қатарын молайтып отыр.
Алайда уақыт өту барысында басым бөлегі қазақ тіліне аударылып, сирек болса да тілімізде қолданыс
тауып отырғандығы белгілі. Мысалы, КСРО, ұжымшар, кеңшар.
109
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 2 (56), 2016 ж.
Ғалым Г. К. Исмаилова тілге кірме сөздер бір құбылысты, затты атап көрсету қажеттігінен ғана
емес, экспрессивті, эмоционалдық тұрғыдан, сондай-ақ экономикалық атауға ұмтылуға байланысты
мүмкін болатынын атап көрсеткен [3,10-б]. Сонымен қатар қазіргі қазақ тілінде соңғы жиырма бес
жылдың ішінде қалыптасып, қолданыста жүрген қысқарған атаулар да молынан кездесетінін атап
кеткен жөн. Мысалы, Еуропарламент, ТМД (тәуелсіз мемлекеттер достастығы), Қазгидромет,
Еуроазия, телесериал, т.б. Бұдан басқа тілімізде соңғы кезде ғана қолданылып жүрген жаңа
атаулардың да қалыптасқандығын анық байқауға болады. Мысалы, гидрооқшаулағыш
(гидроизоляция), ДКК (дәрігерлік-консультациялық комиссия), ЕЖМСК (еңбекке жарамдылықты
медициналық сараптау комиссиясы), ЭҚҚ (электр қоректендіру құрылғысы), АТС (автоматты
телефон стансасы) т.б.
Қорыта айтқанда, тілімізде қолданылатын аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер
құрамындағы кірме сөздер есебінен жасалғандарының дені біріккен сөздер болып келеді. Қосарлануы
және қысқару арқылы жасалғандары сан жағынан анағұрлым аз.
1.
Рyстемов А.З. Казахско-русский толковый словарь арабско-иранских заимствованных
слов//Алма-Ата, 1989 г.
2.
Қазақ грамматикасы// Астана. 2002 ж.
3.
Г.К. Исмаилова «Заимствования и семантическая деривация в терминологической системе
неродственных языков», Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №1 (43),
2013. – 10
бет.
Резюме
Шнайдер В. А. – к.ф.н, доцент университета «Тұран-Астана», wladimir_a@mail.ru
Аскарова Н.С. – магистрантка 2 курса по специальности 5М011700 Казахский язык и литература,
университета «Тұран-Астана»
Сложные слова образованные от заимствованных слов
В статье рассматриваются роль заимствованных слов из арабско-персидских языков в
словообразовательном процессе казахского языка. Анализируется семантические изменения
заимствованных слов при образования сложносоставных форм и аббревиатур в казахском языке.
Сегодня в нашем языке среди употребляемых сложных слов формы, образованные от
заимствованных слов, рассматриваются здесь, подразделяясь на группы в зависимости от их
особенностей. Всесторонне рассматриваются случаи, когда пришедшие из других языков слова
теряют свое лексическое значение, остаются просто суффиксами. Сложные слова, образованные от
заимствованных слов, подразделяются на три большие группы. И насколько понятны или непонятны
значения слов в составе заимствованных элементов можно увидеть в этих группах. Также в данной
статье затрагиваются сформировавшиеся в последнее время в казахском языке явления, особенности
сокращенных слов, история их внедрения в язык.
Ключевые слова: аналитический, синтетические, заимствованные слова, фонетический вариант ,
сложные слова, сложносоставные слова
Summary
Shnaider V
.А. – сondidate of fililogical faculty of Univercity Turan-Astana, wladimir_a@mail.ru
Askarova N.S. –magister of the 2 course of speciality
5М011700 – Kazakh language and literature
of Univercity Turan-Astana, askarova@parlam.kz
Compound word derived from borrowed words
In this article is considered the road of loan words from Arabic and Person languages in word –formation
process of Kazakh language. Analyzed the semantic changes of loan words of transformation of compound
words and abbreviations.
Word collocations have been considered by dividing them into groups in depending from their
componential features. They have formed from foreign words belonging to complicated words used in the
current time. Some words which are come from other languages have lost their lexical meaning and they
have become as suffix. Therefore, it was analyzed the process of transforming complicated words into a
single word in details. Word collocations formed from foreign words were considered by dividing them into
three large groups. These groups can show to what extend understandable or non-understandable the
meaning of words formed from foreign elements. It is also examined history and features of abbreviations
that are the latest phenomenon in the Kazakh language.
Keys: analytic, semantic, borrowed words, phonetic variants, compound words
110
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», № 2(56), 2016 г.
ӘДЕБИЕТТАНУ
ЛИТЕРАТУРОВЕДЕНИЕ
ӨӘЖ 81 – 2
М. ШАХАНОВ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНДЕГІ МЕТОНИМИЯЛАР МЕН
КЕЙІПТЕУЛЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Абитжанова Ж.А. - Филология ғылымдарының кандидаты
Иминова З.А. - ҚазМемҚызПУ-нің ІІ курс магистранты,Алматы қ., Қазақстан
erkem_zulfida2007@mail.ru
Мақалада М. Шаханов шығармалары тіліндегі көріктеу құралдары – метонимиялар мен кейіптеулер
қарастырылады. Ақын-жазушылар шығармалары тарих, мәдениет және тіл тұрғысынан алғанда баға жетпес
қазына болып табылады. М. Шаханов шығармашылығы бойынша қазақ халқының көркем ойлау жүйесі, сөйлеу
ерекшелігі анықталады. Қазақ халқы сөз құдіретін қадір тұтып, оны рухани күш ретінде таныған, бағалаған
халық. Сөйлегенде бейнелі, астарлы түрде ойын анық жеткізе отырып, қасиетті тілдің тұғырын биік ұстаған.
Қазақ тілі ойлау жүйесімен астасып, әрі қарай айшықталып даму үстінде.
Метонимиялар мен кейіптеулерді қолдануда М. Шахановтың мол ізденісі байқалады. Сөз құпиясын ендіру
тәсілі, әдісі, оның ішінде образдылық, бейнелік құпиясы, сөйлеу, айту мәнерінің еркіндігін меңгеру
М.Шахановқа тән ерекшелік болып табылады.
Түйін сөздер: метонимия, кейіптеу, троп, эмоционалды-экспрессивтік мән, мағына т.б.
М. Шаханов шығармалары тіліндегі көріктеу құралдары – синехдоха, метонимия, эмоционалды-
экспрессивті мәні жағынан ұтымды қолданылатын тілдік бірліктер болып табылады.
Қазақ тіл білімінде метонимияға алғаш көркемдік құрал ретінде анықтама берген А. Байтұрсынов
болды. А. Байтұрсынов метонимияның басты қасиеті – бір затты, құбылысты алмастыру болып
табылатынын дәл атап көрсеткен: Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің
орнына бірін айту, ауысу, алмастыру (яғни метонимия) деп аталады. Мысалы, «Анау үйдің құдасы
келіпжатыр дейміз. Құда үйдікі емес, ол үйдегі адамдікі, үй мен үй иесінің арасы жақындығынан,
бірінің орнына бірін айтамыз», - дейді [1, 298 б.].
Осы тәріздес ғылыми анықтамалар З. Қабдолов, М. Белбаева, Ә. Болғанбаев еңбектерінде беріледі.
Ғалым Ә. Хасенов «Метонимия дегеніміз – белгілі бірі заттар мен құбылыстардың сыртқы және
ішкі мән-мағынасының реалды байланыстылығына қарай алмастыру амалы», - дейді [2,17 б.].
Тілші-ғалымдар І. Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаевтың пікірлерінше, «бір сөздің орнына екінші бір
сөздің ауыс қолданылуынан шығатын іргелес ұғым метонимия деп аталады» - дейді [3, 17 б.].
Кейінгі кездері «Лингвистический энциклопедический славарь» (1990) атты еңбекте синехдоханы
метонимияның бір түрі ретінде қарау тұрақты орын алуда. Ц.В. Тодоровтың ойынша, ең негізгі троп
–
синехдоха, оның екі есе артуынан метафора жасалады [4]. Льеж мектебіндегі жалпы риториканы
бастаған Ж. Дюбуа да троптың негізгісі деп синехдоханы таниды, одан метоними мен метафораны
шығарады.
«Метафораға қарағанда, метонимияның қолданылу аясы әлдеқайда тар. Метафора стиль
түрлерінің қай-қайсысында қолданылатын болса, метонимия мүлдем олай емес. Метонимия тілдегі
стильдердің бәрінде бірдей қолданылмайды. Ал ғылыми стиль мен ресми-кеңсе стилінде жалпы
кездеспейді. Оның көбірек қолданылатын жері – көркем әдебиет стилі. Шығармада метонимияны
қолдануда белгілі дәрежеде шеберлік қажет» [5, 90 б.].
Белгілі тіл маманы, ғалым Р. Сыздықова «Абай шығармаларының тілі» (1968) атты еңбегінде
былай дейді: «бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына
кішіні қолданудың негізгі сөз мағынасының ауысуы» [203 б.].
Метонимияның тілімізде екі жиі қолданысқа түсетін жері көркем әдебиет пен ауызекі сөйлеу тілі
екені дау туғызбайды.
Қазақ тілінде сан есімдердің метонимиялануы жас ғалым Г. Шаћарманның «Қазақ тіліндегі сан
есім сөздерден жасалған туындылардың мағыналық ерекшеліктері» (1998) атты зерттеу жұмысында
талданған «... бір құбылыстың екінші құбылыспен іргелестігі, шектестігі негізінде біреуі (бұл жерде
111
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 2 (56), 2016 ж.
сан есім) ортақ атау болып, ауыспалы мағынада жұмсалып тұр, яғни метонимия амалы арқылы
беріліп тұрғаны байқалады» [62 б. ]
Синехдоха мен метонимияны бөліп-жармай қарастыру қажеттігін қуаттаған Л. Нұржекеева бұл
троптың екі түрін бір категория деп санап, оларды тек мағыналық жағынан ашық метонимия –
синехдоха және көмескі метонимия деп саралайды. Сонымен қатар ол метонимияның қолданылу
тәсіліне қарай үш топқа бөлінетіндігін атап көрсетеді:
-
метонимия тілді үнемдеуші тәсілі;
-
метонимия ойды әрі айқын, әрі дәл жеткізу мен қабылдау үшін нақтыландыру тәсілі;
-
ойды, эмоциялы-экспрессивті жеткізу тәсілі [5, 18 б.].
Метонимияның лингвистикалық табиғатын қарастырған Л. Нұржекеева метонимиялық
қолданыстың негізінен зат есімдерден болатындығын айта келіп, бірнеше топқа бөледі. «Адамның
дене мүшелеріне қатысты метонимиялар, адамның киім-кешегіне қатысты метонимиялар, жалқы
есімнен жасалған метонимиялар, жануарларға қатысты метонимиялар» [5, 44 б.]. Метонимия
табиғатын: мағыналық, грамматикалық ерекшеліктерін құрылымы мен жасалу жолдарын, стильдік
мәнін ғылыми тұрғыдан зерттеген Л. Нұржекеева метонимияға төмендегідей анықтама береді:
«Мәндік, мекендік, мезгілдік, түр-түстік жағынан бір-біріне бүтіндей немесе бөлшектей айқындығы
тбарекі заттың иә құбылыстың бөлшегі орнына бүтінін алмастырып айтуды метонимия дейміз».
Зерттеуші бұл еңбегінде метонимия мен метафораның өзара өте жақын әрі мәндес екендігін
дәлелдейтін фактілер келтіре келіп, ол екеуінің бір-бірінен айырмашылығын да атап көрсетеді:
«Метафорада бір заттың атауы екінші заттың атауымен ұқсатылып, бір-біріне тең дәрежеде
ауыстырылады. Ал метонимияда бір заттың бөлшегі немесе оған мәндік, мекендік, мөлшерлік, т.б.
жақындығы бар нәрселер сол заттың толық мағынасын береді. Кейде, керісінше, бүтін нәрсе
бөлшектік мағына білдіреді [5, 9 б].
М. Шахановтың «Бесінші еркек» өлеңінде көз метонимиясы «жар» мағынасында жұмсалған:
Бір күн сөзсіз от басам,
Сеніммен
Һәм, кешіріммен қарайтын көз таппасам
Қайда ол көз?
Қанша үміттің жалын босқа қармадым.
Ақынның «12-3=?» поэмасында теке сақал тілдік бірлігі метонимия құралымен жасалып тұр:
Теке сақал, уәзірлерін атарға оқ таба алмай,
Тұтқында отыр хан сорлы,
Сел-тасқында қалт-құлт етіп әрең тұрған аралдай [6, 253 б.].
«Сұлулықты сезіну немесе Ғабиден Мұстафинмен қарттық жайлы әңгіме» атты өлеңде бөрік
деген метонимиялық қолданыс кездеседі. Өлеңде «бөрік» деп еркекті атап отыр:
Бірақ, бірақ талайлардың бақыты алыс сорынан,
Бұл кез келген бөріктінің келе бермес қолынан [7, 14 б.].
«Шың басындағы оқиға» атты өлеңде ақ маңдай метонимиясы «сұлу қыз» деген мағынада
жұмсалған:
Өміріме шуақ құйған өзің ең,
Өлімге де алдыменен сен баста! –
Деді ерні дір-дір етіп ақ маңдай,
Ақ маңдайы алауланып ақ таңдай [7, 19 б.]. Үшінші жолдағы ақ маңдай
метонимия, ал төртінші жолдағы ақ маңдай эпитет ретінде контексте қолданылып тұр.
«Жанерке» атты өлеңде қызды «жәудір көз» деген метонимиялық қолданыспен береді:
Шіркін, ана, қондырғандай арманының таң құсын,
Жыр оқыған жәудір көзге жаудыратын алғысын [7, 24 б.].
А. Байтұрсынов «жансыз нәрсені жанды нәрсенің күйіне түсіріп тұрпаттау» [86] десе Қ.
Жұмалиев «Әдебиет теориясы» (1969) атты еңбегінде «Кейіптеу дегеніміз жансыз нәрсеге жан
бітіріп, тірі мақұлықтың кейпін беруді немесе керісінше суреттеуді айтамыз» деген анықтама бере
келіп, «жаратылыстың жансыз нәрселерін жанды нәрселердей етіп, жандылардың істейтін амалдарын
істеткізіп суреттеу» деген тұжырым жасайды [168, 186 бб.].
Академик З. Қабдоловтың кейіптеуге мынадай анықтама береді: «жаратылыстың жансыз
нәрселерін тап жанды нәрселердей етіп, жандылардың істейтін амалдарын істеткізіп суреттеуді
кейіптеу дейміз».
112
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», № 2(56), 2016 г.
Сыртқы құрылымы жағынан кейіптеу метонимияға ұқсас келгенімен, ішкі мағыналық
айырмашылықтары бар. А.Д.Есқараева «Зейнолла Шүкіров поэзиялық шығармасындағы
метафоралық қолданыстар» (2003) атты кандидаттық диссертациясында метафора мен кейіптеудің
ара қатынасын былайша сипаттайды: «кейіптеу мен метафораның арақатынасынан мынадай
жайларды байқауға болады: біріншіден, кейіптеу табиғат құбылыстарына жан бітіріп, суреттеу үшін
қолданылса, екіншіден, кейіптеуді метафора арқылы тереңдету ойдың поэтикалығын арттырады» [50
б.]. В.И. Коньков «Русский язык и культура речи» атты еңбекте (2002) кейіптеуді метафоралық
ауыспалылықтың бір түрі деп қарайды: «Олицетворение – разновидность метафорического переноса,
когда какое-либо явление, событие, качество, свойство уподобляется живому существу» [112 б.].
Кейіптеу – көне троптың бірі. М. Шаханов шығармаларында кейіптеу құралы да тиімді
қолданылған. Ақынның «Ғасырларды безбендеу» атты жинағының (1988) «Көкейкесті» бөлімін мына
өлең жолдарымен бастайды:
Тұс –тұсымнан қаумалап кеп
көкейтесті мың сұрақ
Мені айт, мені айт деп
тұрғандай намысымды шымшылап [6, 9 б.].
Бұл жолдарда сұрақққа жан бітіре суреттеп кейіптеу құралы бейнелі қолданылған. Сондай-ақ
«Адам қанындағы поэзияны қорғау немесе Палестина ақыны Муин Бсисумен үш минут үнсіздік»
атты өлеңінде қанатына қару-жарақ тиеп алып, асығыс бара жатқан ғасырды кейіптеу құралымен
сәтті бейнелейді:
Қанатына қару-жарақ тиеп алып қаралы
Біздің дарын ғасырымыз қайда асығып барады?
Табиғатты ұлы ана деп алып, оған жан бітіріп сөйлетеді:
Ал ,табиғат – ұлы Ана
Ұланына тіл қатыпты қуана:
-
Бұдан да үстем болу үшін мерейің,
Ұлым, саған үш байлықты нысана етіп көрейін.
Нысап керек дәулетке де, баққа да,
Бірін таңда тек қана: [6, 21 б.].
«Нарынқұм трагедиясы» поэмасында күліп жайсаң күн ғажайып деген кейіптеу кездеседі:
Мен сенемін күні ертең
Нұрлы үмітпен оянар деп ұлы өлкем
Күліп жайсаң күн ғажайып
Ел наласы тарқар деп [6, 39 б.].
Ақынның «Құдаша» атты өлеңінде құба далаға жан бітіре суреттейді:
Шақырса құба дала,
Гүл қуып, қыр асамыз.
Мен едім құда бала,
Сен едің құдаша қыз [8, 83 б.].
«Көктем бұлтсыз болмайды» атты өлеңде « тыңдай берсең табылмай ма тастан мұң» деп
тасқа жан бітіре суреттейді:
Өзімді-өзім бір жұбатып тастадым,
Тыңдай берсең табылмай ма тастан мұң [6, 65 б.].
М. Шахановтың «Жароков көшесіндегі кездесу» атты өлеңінде ай қабақ құзға адамның күле
қарау қасиет-белгісін ауыстыра қолданып кейіптеу жасайды:
Күле қарап төбеден ай қабақ құз,
Көп сырластық, көп жырды қайталаппыз [8, 161 б.].
«Қайшылық» атты өлеңде көктемге жан бітіре бейнелейді:
Көктем дарқан қолыменен сыйға тартқан гүлдерді
Амал қанша, амал қанша әлгі есектер таптар жүр [6, 80 б.].
«Танакөз» поэмасында қарлы шыңдарға жан бітіре суреттейді:
Мен гүл терген тау бөктерін сен де кездің талмастан,
Қарлы шыңдар қол бұлғайтын бізге бөркін алмастан [6, 99 б.].
Аталған поэмада «Ақсу күліп ағатын» кейіптеу құралы жұмсалған:
Ту төменде жан біткеннің асықтырып тағатын,
113
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 2 (56), 2016 ж.
Ақ көбігін шашып тұрып, Ақсу күліп ағатын [6, 101 б.].
«Танакөз» поэмасында бұлақ кейіптеу құралы арқылы жасалған:
Тауды мақтап тастан-тасқа секіреді бал бұлақ,
Алдынан құз кездесерін ойлай ма екен ол бірақ ?!
Аталған поэмада Алатау бөркін алтындай нұрға жалатып метафораға негізделген кейіптеу
жұмсалған:
Алатау бөркін алтындай нұрға жалатып,
Төменде жатқан еленбей
Төбе мен қырға қарайды
Саған да тәңірім биіктік берсін дегендей [6, 107 б.].
«Сейхундария» поэмасында бал құраққа жан бітіре сөйлетеді:
Оң қанатта Сейхун жатыр толқын атып жарқырап,
Қош бол, қош бол, - деп күрсіне сыбдырлайды бал құрақ [6, 142 б.].
«Махаббатты қорғау» шығармасында ескерткішке жан бітіре суреттейді:
Ескерткіш тұр
Қаншама ғасырларды
Ұзатып сап, күлімдеп миығынан [6, 149 б.].
Далаға жан бітіре суреттейді:
Сексеуілді дала жатты секем алып үдеріп,
Сүйіктісін күтті жігіт атын отқа жіберіп [7, 249 б.].
Жалпы М. Шаханов шығармалары тілі кейіптеулерге өте бай келеді: Қырау сақал күз; Сенім
деген жеңіс алып келеді екен жігітке; Шымылдығын жапты түн; Алатау тұр алқам-салқам
ағытылған жейдесі; Асқар таулар басын исін; Түнгі ызғардан жаурағандай дірілдейді жұлдыздар;
Бозаң аспан тілін тістеп, бозаң ойлар сөз алды; Шашын жұлып ашуланды Өжеттік; Аяулы, асыл
Жастық шағым, көктемім, Сонда да сен мені мақтан етпедің!?; Қара бұлт қасын керіп;
Жаңылысса, әділетсіз тіл мен көмей жаңылсын; Ішке тоқып, күрсініп дала жатты.
1
Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Шығармалар. – Алматы, 1989. – 298 б.
2
Хасенов Ә. Тіл білімінің теориялық және практикалық мәселелері. – Алматы, 1985. -151 б.
3
Кеңесбаев І. Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1962. – 315 б.
4
Педагогическая речеведение словарь-справочник. / Под ред. Т.А. Ладыженской и А.К.
Михальской. - Москва, 1997.
5
Нұржекеева Л. Метонимияның тілдік табиғаты. – Алматы, 1992.
6
М. Шаханов Ғасырларды безбендеу. – Алматы: «Жазушы», 1988.
7
М. Шаханов Эвереске шығу. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. – Алматы: Атамұра, 2003. –
272 б.
8
М. Шаханов Дара талғам қасіреті: Поэмалар, өлеңдер, балладалар, әндер. – Алматы:
Раритет, 2007. – 264 б.
Достарыңызбен бөлісу: |