Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция


ӘДІЛ БОТПАНОВ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ СОНЫ БЕЙНЕЛЕУЛЕР



Pdf көрінісі
бет33/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   65
ӘДІЛ БОТПАНОВ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ СОНЫ БЕЙНЕЛЕУЛЕР 
Қаниев М.А. 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 2-курс магистранты 
Ғылыми жетекші: 
Қамарова Н.С.,
ф.ғ.к.
 
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры,
Ақтау, Қазақстан 
Аңдатпа. 
Мақалада бүкіл қазақ танымаса да, есімі әдеби орта, ақын-жазушы, 
қаламгерлерге жақсы таныс Әділ Ботпановтың өлеңдері туралы айтылады. Өлеңдеріндегі 
соны бейнелеулер талданады. 
Түйін сөздер:
Қазақ поэзиясы, Әділ Ботпанов, жаңаша бейнелеу, соны образ, соны 
бейнелеулер, ақынның үлесі. 
Әділ Ботпанов кім десе, оның ақын болғанын тек әдеби орта, ақын-жазушы, 
қаламгерлер жақсы біледі. Оның өлеңдері, аяқталмай қалған проза, драматургиясы қалам 
иелеріне ғана, сондай-ақ әдебиетті сүйетін оқырманға ғана таныс. Әділ Ботпанов 1996 жылы 
жарқ етті де жоқ болды... Ізім-қайым. Не бары, не жоғы белгісіз... Ең алғаш белгілі ақын 
Жарас Сәрсек досы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қайдасың, Әділ!» деген мақала жариялап, 
іздеді. Жазушы-журналист Қанат Тілеухан «Аққан жұлдыз» атты радиохабар жасады. 
Құрдасы, курстасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы Әділ Ботпановтың шығармашылық кешін 
ұйымдастырып, жиып-теріп «Өмірзая» атты шағын ғана кітабының шығуына ұйытқы болды. 
Кейінгі кезде курстасы, белгілі продюсер Базарбек Атығай «Алматы» телеарнасынан Әділ 
Ботпанов туралы «Сәуле-ғұмыр» атты телебағдарлама ұйымдастырды. 
Осыдан жиырма алты жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен ақын Әділ Ботпановтың 
«Өмірзая» атты кітабы 2019 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді. Кітапты 
жинастырып, шығуына мұрындық болған, ақынның курстас досы Бауыржан Бабажанұлының 
айтуынша, бұл кітап әуелде ақынның көзі тірісінде шықпақ болатын. Кезінде шыққалы 
тұрған кітаптың қолжазбасын «үстінен бір қарап шығамын» деп алған автор кейін оны 
жоғалтып алған екен. «Әділ Ботпанов 2 курс оқып жүрген жылы оқудан шығып кетіп, еліне, 
Қызылордаға оралған еді. Сонда қалалық телевидениеде істеп жүрген жерінен 1996 жылы із-
түссіз жоғалып кетті. Біз осы күнге дейін ақын қайтып оралар, жинақты өзі шығарар деген 
үмітпен жүрдік. Бірақ ол оралмады. Сонан кейін курстас достары ақынның артында қалған 
мұрасын жинастырып, кітаптың атын «Өмірзая» деп атауды жөн көрдік. Өйткені, өзі солай 
деп қойған. Бұл кітапта Әділдің тек өлеңдері ғана емес, прозалық туындылары да бар» [1, 4], 
– дейді досы, курстасы Бауыржан Бабажанұлы. Бауыржан Әділдің студенттік шақта 
замандастарына оқыған өлеңдерінің көпшілігі табылмағанын айтады. Әділдің өзі жинағына 
атау етіп алған «Өмірзая» өлеңінің мына бір шумағы ғана сақталыпты: 


111 
Өмірзая жұлдыз болып келем мен, 
Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем. 
Салыстырсаң маған біткен өлеңмен, 
Тіршілігің тек әншейін қырт екен [2, 19]. 
«Қарлығаш» деген топтамаға біраз өлеңдері енген. Дүрілдеп жүрген ақын бірден із-
түзсіз жоқ болып кеткені түс көргендей әсер етті. Біразға дейін ағайын-тумалары түс шығар 
деп ойлап жүрді. 
Құшақтап қайғы жабыққам-ды құр, 
Жабықпас жаққа кетермін. 
Ұйықтасам қара табыттарды кіл, 
Аймалап жүрем, нетермін [2, 48], 
– деп басталатын «Жан азасы» атты өлеңін Әділ Ботпаев бірінші курс оқып жүргенде 
Жұматай Жақыпбаевтың қазасына арнап жазған екен. 
Әділ Ботпановтың «Сағыныш» деп аталатын мына өлеңін курстастары лезде жаттап 
алды. 
Осылай, жаным, ұдай 
Кетісіп сағынармыз. 
Адамның бәрі – құдай, 
Құдайдың бәрі – жалғыз [2, 54]. 
Дәл мұндай образбен сөйлеу бұған дейінгі ақындарда болған жоқ. Мәселен, Адамның 
бәрін құдайға балау арқылы әр адамның өз құдайы барлығын еске салады. 
Тағдыр сол желөкпе тек, 
Нетеміз, көнеміз де. 
Кетеміз бөлек-бөлек 
Бейшара кемемізде. 
Кетеміз жағамызға, 
Алысқа үңіле кіл. 
Қайталап санамызда: 
«Жалғыздың жүгі жеңіл», 
Жалғыздың жүгі жеңіл... 
Соңғы сөз, соңғы нүкте 
Бірлікке тыйым салар. 
Жалғыз жан торға іліксе, 
Тірлікте қиын соғар. 
Осыны ойламадық, 
Жаным-ау, қате еді бұл. 
Асқақтық бойлап алып 
Біздерді кетеді кіл. 
Сезімге жарымаған 
Жылайды әлі кеуде. 
Құдайдың бәрі де – адам, 
Адамның бәрі – пенде... [2, 54]. 
Өлең өрімі әдеттегідей емес, өзінше тоқылған. Ондағы ой мен образ адамға ой салады. 
Құдайдың бәрі адам, адамның бәрі пенде екендігі – аксиома. Ақын сол аксиомаға өзгеше өң 
береді.
Әділ Ботпанов тілге шебер ақын. Оның өлеңдерінің тілі жеңіл, көңілге қонымды, әрі 
қарапайым. Әділ Ботпанов қолданған сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналары, қызметтері 
бір-бірімен жымдасып, біртұтас күйге енеді. Мүмкін сондықтан болар, ақынның өлеңдері 
өздерінің көркемділігімен, бейнелілігімен, мағына дәлдігімен және эстетикалық жағынан 
әсерлілігімен ерекшеленіп тұрады. 
Сен ренжіме, мәңгі өлеңнің өрнегі, 
Буырқанған алапат күш мендегі. 


112 
Тегі бөлек Тәңірекең болмаса, 
Менсінбейді пендені [2, 78], – 
деп өзінің һәм өлеңнің бағасын жоғары қоятын ақынның жазбаларын жіті зерттеп
бағасын беретін уақыт жетті. 
Ақын қандай тақырыпқа өлең жазса да, оны қиюын тауып, қисынын келтіріп, жұп-
жұмыр етіп шығарады. Біздің ойымызша, оның бірден-бір себебі – ақын әр уақыт өз ойын 
түсінікті етіп дәл жеткізуге ұмтылады. Бұл аздық етіп жатса, түрлі көріктеуші құралдарды 
пайдалану арқылы ойын одан да гөрі бейнелі түрде беруге күш жұмсайды. Өйткені, өлең 
(поэзия) көп ойды аз сөзбен көрікті етіп жеткізудің көрнекті үлгісі. 
Айтпақ болған ойын жеріне жеткізе, санаға сіңіре айту мақсатында ақын қолданатын 
тағы бір тәсіл бар. Ол – бір сөзді бір сөз тіркесін немесе шумақтың бір жолын өлең ішінде 
бірнеше рет қайталап қолдану тәсілі.
Жай көзбен қарағанда өлең – сөздер мен сөз тіркестерінің қарапайым жиынтығы 
тәрізді болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Кез келген сөздер мен сөз тіркестерінің бірлігі 
өлең бола алмайды. Белгілі бір мағынадағы, белгілі бір поэтикалық қызмет атқаратын 
бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің әдемі үйлесімі ғана өлең бола алады. Өлеңді өлең ететін 
– ақын және оның тіл шеберлігі. Ақынның, ақын ғана емес, жалпы қолына қалам ұстаған 
қаламгерлердің барлығының ең басты құралы – сөз және сол сөздердің мағыналары. Сөздер 
стильдік бояуы бар және стильдік бояуы жоқ қарапайым сөздер болып, ал олардың 
мағыналары тура және ауыспалы мағына болып бөлінетіндігі көпшілікке аян. Әділ Ботпанов 
сөздердің осы ерекшеліктерін кеңінен пайдаланған. Әрине, сөздердің өзіндік ерекшеліктерін 
ғана пайдалану ақын үшін аздық етеді. Сондықтан ол тілде бар метафора, метонимия, 
синекдоха, эпитет, теңеу, перифраз сияқты т.б. көріктеу құралдарын пайдалану арқылы, сөз 
тұлғаларын, сөз мағыналарын құбылту арқылы айтпақ болған ойын анық, айқын, дәл 
жеткізіп қана қоймаған, сонымен бірге оны бейнелі, көркем, әдемі етіп жеткізе алған. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1 Бабажанұлы Б. Өмірзая немесе алғы сөз орнына. // Кітапта: Ботпанов Ә. Өмірзая. 
Алматы: Қазығұрт, 2019. – 220 б. – 3-20-бб. 
2 Ботпанов Ә. Өмірзая. Алматы: Қазығұрт, 2019. – 220 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет