1-сұрақ Қамбар батыр – қазақ халқының қаһармандық жыры. Жырдың 19 нұсқасы белгілі. Қамбар туралы сюжетті (жыр желісін) алғаш жазып алған Л.Мейер оны «Киргизская степь Оренбургского края» (1865) атты журналда бастырған. Бұл Қамбар оқиғасын Сыр бойындағы Алтыасар тарихымен байланыстыратын аңыз үлгісі. Қазан университетінде «Қисса-и Қамбар» (1888), Қазан қаласында «Тоқсан үйлі тобыр» (1903) деген атпен жырдың алғашқы нұсқалары жарияланған.1902 ж. Әбубәкір Диваев жазып алып, 1922 ж. Ташкентте бастырған.30-жылдары Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезовтер жариялап, 1957 ж. жеке жинақ болып шыққан. Қазақ даласының әр түрлі аймақтарынан жазылып алынған жырдың өзіндік ерекшеліктері бар.[1]
«Қамбар батыр» жырының басты тақырыбы – жер мен ел намысын қорғау. Оқиға Әзімбайдың байлығы мен сұлу қызы – Назымды суреттеуден, 18 жасқа толған Назымның жар іздеген назынан басталады. Назымның ағалары – Қораз, Дораз, Қарымсақ, Қабыршақ – дара мінез иелері. Бұл кезде Қамбар да ер жетіп, елін асырап отырған батыр тұлғасында көрінеді. Эпостағы этникалық мәліметтер оның оқиға суреттелетін кезеңнен кейіндеу туғанын аңғартады. Жырда қазақ халқының тарихи жауы – қалмақ, кейінгі этникалық бірлестік – ноғайлы атауларымен бірге қазақ этнонимі де жиі кездеседі. Қамбардың шыққан тегіне қатысты — уақ, «Ноғайлының Қамбары», Назымның әкесі Әзімбайға келгенде – «12 баулы өзбек» тіркестері қолданылған. Жыр сюжетінің алғаш аңыз түрінде туып, бері келе эпостық үлгіге ауысқаны аңғарылады. Ондағы көптеген ономастикалық атауларға қарап, Әуелбек Қоңыратбаев «Қамбар батыр» сюжетінің кейбір нұсқалары Сыр бойында туған деген тұжырым айтады. Кезінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Н.Смирнова, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, т.б. ғалымдар зерттеп, пікір айтқан.
"Қамбар" жыры бұрынғы замандардан бері қарай ауызша айтылатын жыр болған.Басында, ең алғаш өлең болған кезінде де, жазылып айтылған емес. Сондықтан, мұның өлеңдік құрылысында сол ауызша жырдың ерекшеліктері бар. Ең алдымен бұнда өлеңқатар аумайтын белгілі санды (төрт жолды, алты жолды, я тағы басқаша) шумаққа бөлінген емес. Бұл желдірме екпінімен көп жолды шумақ боп құралады. Шумақтары белгілі бір санмен, бір қалыпты боп тұрмайды.Кейде 4-5 жол бір шумақ боп кетсе, кейде қосылып айтылатын әуеннің және әңгіме қызуының ыңғайына қарай немесе сөйлеуші адамның көңіл күйіне қарай, әралуан боп, ауысып отырады. Кейде 9, кейде тіпті оннан аса жолдан құралатын шумақта болады. Бұнда сол желіге сөйлеген сөздің екпінімен кеткен өлең-жыр, таусылмайтын ұзақ шумақ боп жүре береді. Ондайда ұйқас та белгілі бір орындарында тұрмайды. Жазуда, мысалы, төрт жолды ұйқаста әрқашан бірінші, екінші, төртінші жолдардың аяғы ұйқасып отыратын болса, бұнда ұйқас олай емес. Кейде екі жол аралатып, кейде үш, төрт жоларалатып, анда-санда аяғы бір тиіп отырады. Жырдың ішіндегі өлең қатары да ұзақ болмайды. Көп қатар жоқ, оның орнына лекітіп, тез қайырып, ауызша әуендетіп,екпіндетіп, қорыттырып отыратын жеті-сегіз буынды қатар болады. Өлеңді құрайтын сол буын, ырғақ (ритм) өлшеуі. Және, әсіресе, дыбыс үндестігі болады. Мағынасын алғанда бір жайды ұзақ сөйлеп кеп таратып, көп қайталап айтатын машық бар. Әңгіменің, уақиғаның өзі көп дамымаса да, бір хал, я бір суретті әралуан көрініспен теңеп, асықпай көп көріктеп отыратын ерекшелік бар. Сондықтан, әңгіме, уақиғаның ілгері қарай дамуы аз болса да, бір мазмұндас теңеу, салыстыру көп болады. Тағы бір ерекшелік — теңеулерге алған көріністерден байқалады. Бірін бағлан, бірін бөрі қып, бірін асау, бірін бұғалықшы қып, бірін түлкі, бірін тазы қып көрсетулердің барлығы— осы батыр жырының ескі заман жыры екенін көрсетеді. Теңеудің бәрін жабайы табиғаттан алады. Бұнда мәдениет, қала сияқтының әсері, қатынасы жоқ. Натуралдық теңеулер. Жыртқыш аңдарды теңеуге алған түрдің өзі де шабуыл деген заманның қоғамдық құрылысына дәл келеді. Соның өз тумасы, өз айғағы боп шығады. Бұл жағынанда жырдың ішкі мазмұны мен сыртқы түрі бірыңғай боп қабысып тұрғанын көреміз
«Қамбар батыр» жырының 1888 жылы Қазандағы «Университет» баспахансында басылым көрген У.Тухфатуллин, 1890 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Түрік хрестоматиясындағы» (3-том) И.Н.Березин, белгісіз жыршының «Кәрімовтер» баспаханасында жарыққа шығарған нұсқалары Кеңес кезеңінде де бірнеше мәрте түрлі өзгерістермен жарияланып отырған. Сондықтан топтаманың 43-томына осы жыр үлгілері түпнұсқа негізінде дайындалып, Ә.Диваев, Қалқай, Б.Мұқамбайұлы, Ш.Қалмағамбетов, М.Жапақов, Ә.Шоқатаев және белгісіз айтушы мен С.Әбжанов жеткізген екі ертегілік нұсқалармен толықтырылды.
2-сұрақ Қыз жібек -қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан. «Қыз Жібек» жыры - аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері - Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйірілтпей қоймайды. Жібек бейнесі - сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш.
Қыз Жібек–лиро-эпостық жыр. Шамамен XVII-ғасырда жазылған. Жыр нұсқалары арасында айырмашылық аз. Тұңғыш рет Е.А. Александров Мұсабай ақыннан жазып алып, мазмұнын орысшаға қара сөзбен аударған (1880). 19 ғасырдың екінші жартысында татар мұғалімі Фалиолла Тухватуллин Зайсан өңірінен “Қыз Жібек” жырын жинап, 1894 жылы Қазанда бастырған. Сондай-ақ Жүсіпбек Шайхысыламұлы Қазан қаласында 1900, 1903, 1905, 1909, 1911 ж. қазақ тілінде жариялаған. “Қыз Жібектің” Тухватуллин жинаған нұсқасы 1925, 1933, 1939, 1957, 1967 ж. басылып шығып, 1958 жылы “Қазақ эпосы”, “Казахский эпос” жинақтарында, 1963 жылы “Қыз Жібек” деген атпен қазақ, орыс тілдерінде жарияланды, 1988 жылы орыс тілінде жеке кітап болып шықты. Қазір ҚР Орталық кітапханасының қолжазба қорында жырдың бірнеше нұсқалары сақтаулы. Оның ішінде Қ.Мырзағалиев, Ә.Дәнікеров, Ж.Қалмағамбетов, Е.Рақметов, Р.Мәзқожаев нұсқалары бар. “Қыз Жібек” жырында қазақ халқының өмірі, тұрмысы, кәсіп-тіршіліктері, салт-санасы, елдік, ерлік істері, ар-ожданы мен арман-мақсаты қызғылықты әрі көркем жырланады. Жыр мазмұнында Базарбай байдың Төлеген атты ұлы 14 жасқа толғанда өзіне жар іздеп, 210 сұлудың арасынан Сырлыбай ханның Жібек атты қызын ұнатқандығы айтылады. Үш ай Сырлыбай ханның елінде болған Төлеген өз еліне бармақ болып сапарға шығады. Бірақ Жібекті қызғанып, жол тосқан Бекежан қапыда Төлегенді өлтіріп, қазасын Жібекке өзі келіп естіртеді. Сол үшін Бекежан өлім жазасына кесіледі. Жырдың 2-бөлімінде хабарсыз кеткен Төлегенді іздеп шыққан інісі Сансызбай қалмақ ханы Қоренді өлтіріп, Жағалбайлы елін жаудан азат еткендігі айтылады.
Кеңес дәуірінің аса көрнекті ақын-жазушылары: Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Есмағамбет Ысмаилов, Ысқақ Дүйсенбаевтар «Қыз Жібек» жырының қай жерде туғандығы, көркемдік ерекшелігі, қайшылықтары мен кемшіліктері жайында құнды ой-пікірлер айтқан болатын.
Сәкен Сейфуллин, «Қыз Жібек» жыры ноғайлы рулары ыдырап, бөлініп кеткен заманды суреттейді , - десе, М.Әуезов пен С.Мұқановтың айтуына қарағанда бұл жыр ХVІІ ғасырдың шамасында туған секілді.
Өйткені осы жырда аталатын рулар, яғни ғл Жағалбайлы, Шекті рулары сол кезде Жайық бойларын мекендеп, сол маңда көшіп қонып жүрген.
Ғалымдардың айтуы бойынша Жағалбайлы руы қазіргі Атыраудан бастап Магнитогорскіге дейінгі жерлерді мекендеген.
Мұсатай Ақынжановтың пікірі бойынша «Қыз Жібек» жыры Кіші жүздің Ресейге қосылуынан кейін туған. Бұны былай дәлелдейді.
Біріншіден, жырда аталатын мекендерді Кіші жүз халқы Ресейге қосылмастан бұрын мекендемеген. Екіншіден, жырдағы кісі аттары, Базарбай, Төлеген, Сырлыбай, Қорен қалмақ аттары кейінде пайда болған, - дейді.
Әдебиетшілер мен тарихшылардың екінші бір көтерген мәселесі «Қыз Жібек» жырының халықтың немесе халыққа жат шығарма екіндігін анықтау болды. Сәкен «Қыз Жібек» жыры байлардың ұлдары мен қыздарын ардақтаған, соларды мадақтап суреттеген жыр болды деп айтқан пікірін М.Ақынжанов та қостайды. Жырдың жұртқа танымал нұсқаларын да халықтық сипат аз, идеясы мен мазмұны халықтық емес. Бұл жыр ілгері ұмтылуға шақырмайды деген ой айтады. Бірақ, ғалымдардың екінші бір тобы бұл ой-пікірмен келіспейді. Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмағалиевтар жырда халықтық сипаттың бар екендігін, көптеген өзгерістер енгендігін атап көрсетті.
Ал, жырдағы Кіші Жүз мекендеген жер Жайық, Орал бойлары екендігіне мынандай дәлелдер келтіреді. Ноғайлы ХVІ ғасырдың орта кезінде ыдырайды. Соның бір бөлігі Кіші Жүз халқы болатын. Тарихымыздан белгілі болғандай олар Жайық маңын мекендеген. Шығармадағы адам аттары кейін туған деген оймен келіспей, Базарбай, Сырлыбай, Төлеген, Шеге деген адам аттарының Ахмет Ясауиге байланысты аңыздарда сауда-саттық, базар ұғымдарының бар екендігін айтады. Жоғарыдағы ғалымдардың пікірлері шындыққа сай келеді.
1995 жылы 2 мамырда «Қазақ Әдебиеті» газетіне Мұхамбетәли Есмағамбетовтың «Қыз Жібек» оқиғасы қай жерде болған?» деген мақаласы ойға-ой қосып, жырдың зерттелу тарихының тағы бір бетін ашты.
Бұл мақаланы жазуға себеп болған жайт, автордың айтуы бойынша жырдың сегіз сері нұсқасы.
Жырдың халық арасына кең тараған нұсқасы да, эпостан экранға түскен кинофильмі де, Жібектің Шекті елінің қызы, Төлегеннің Жабағайлы, ал Бекежанның Орта жүзден екендігі айтылады. Жырда Жабағайлы руы Жайық жағасын, Шекті осы күнгі Ақтөбе мен Қызылорда арасындағы байтақ мекенді алып жатқан.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 19 шілдедегі санында Сейтқали Қарамендиннің, «Бекежан да бір арыс» деген тұтас бір беттік мақаласы жарық көрген. Мақаланы оқып шыққанда осында аттары аталатын тарихи тұлғалардың барлығы да Шалқар өңірінен болып шықты.