БИЛЕТ №16
1. Ғұрыптық фольклор түрлері
2. Хикая, жанрлық белгілері
1-сұрақ
Ғұрыптық фольклор. Бұл топ ежелгі заманғы діни нанымдар мен ырымға, салт-ғұрыпқа негізделген жанрлардан тұрады. Олар – арбау, алғыс, қарғыс, бәдік, бақсы сарыны, т.б. Бұл жанрлар ерте заманда таза магиялық функция атқарған да, ғұрыптық іс-әрекеттермен тығыз байланыста болған. Сондықтан олар тек утилитарлық, яғни қолданбалы мақсатта орындалған. Келе-келе олар көркемдік қасиеттерге де ие болған. Сөйтіп, кейбіреулері өнерлік те сипат қабылдаған. Айталық бақсы ойыны мен сарынында біршама көркемдік белгілер бар. Көне дәуірлерде туып, адамның алуан түрлі тірлігінде қолданылған бұл жанрлар әр мезгілдерге сай өзгеріп отырған. Мысалы, ислам діні енгеннен кейін байырғы алғыс енді бата, ал ескілікті жалыну, жалбарыну енді мінәжат түріне айналады.
Ғұрыптық фольклордың құрамында үйлену салты мен жерлеу рәсіміне қатысты жанрлар бар. Үйлену салтымен байланысты той бастар, жар-жар, сыңсу (қоштасу), беташар сияқты жанрлар да екі бірдей қызмет атқарады: ғұрыптық әрі көркемдік. Олар ежелгі діни наным-сенімдік мәнінен біртебірте айрылып, біздің уақытымызға, негізінен, сейілдік әрі эстетикалық мақсатта орындалатын руханият түрінде жетіп отыр. Осы секілді жерлеу рәсіміне қатысты орындалатын іс-әрекеттер мен фольклор да өте көнелік мағынасын өзгерткенмен әлі күнге дейін қолданыста бар. Рас, олар қазіргі кезеңде көркемдіктен гөрі ғұрыптық қызмет атқарады. Мәселен, естірту, көңіл айту, жұбату түрлері осы мәнде болып келеді де, ал жоқтау көп орындала бермейді. Солай бола тұрса да, ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін ел арасында естірту мен жоқтау көркемдік мәнісін жоғалтқан жоқ еді. Ал, өткен ғасырлардан жеткен үлгілері – көркем фольклордың әдемі нұсқалары, оларда ежелгі мифтік ұғымдар мен мифологиялық түсініктер, діни нанымдар алуан түрлі көркемдік-бейнелеу құралдарына айналып, неше түрлі символикаға бай поэзия туғызған.
2-сұрақ
Қазақ халқының әр түрлі мифологиялық құбыжықтар, адамға қаскөй күштер туралы түсінігін барынша айқын бейнелейтін жанр хикая болып табылады.
С.А.Қасқабасов: «Хикая дегеніміз – ел өмірде бар деп сенген неше түрлі жезтырнақ, үббе, албасты, күлдіргіш, жалғыз көзді дәу, шайтан, пері, дию сияқты нәрселері туралы діни-нанымға негізделген әңгімелер»-дейді.
Хикая жанры – көне мифологияның феодалдық қоғамдағы өзгерген түрі. Хикаяның сюжеттік құрылысы, ондағы кейіпкерлердің суреттелуі, табиғаттың сипатталуы, тіпті әңгімешінің өз образы, - бұның бәрі хикаяның негізгі функциясына бағындырылған, ел арасында етек алған, көзге көрінбей өмір сүретін әр түрлі су иесі, тау иесі т.б. мақұлықтар бар деген халық сенімін дәлелдеуге бағытталған.
Сондықтан хикая көп жағдайда куәлік сипатта болады. Кейде хикая естелік түрінде әңгімешінің өз атынан баяндалады. Осындай хикаяның бірі – «Мамай батыр». Ертегіге қарағанда хикаяда мифологиялық кейіпкерлер қорқынышты болып келеді, тіпті хикаяның бүкіл мазмұны ғана емес, ондағы адам да, табиғат та үрей туғызады.
Кейбір хикаялар трагедиямен аяқталады. Хикаялар, әдетте, елсіз жерде жүретін аңшылар, жолаушылар мен малшылар арасында жиі айтылған, яғни табиғатпен тікелей араласып, оның неше түрлі құпия сырларын көріп, бірақ оларды толық түсінбей, қорқып, тіпті табылып, әр түрлі сезімде болатын адамдар арасында туып, айтылып елге тараған.
Хикая жанры өзінің даму жолында қарапайымдықтан көркемдікке, күрделілікке қарай бағыт алған. Хикая көбінесе бір эпизодты, бір оқиғалы болып келеді.
Албасты туралы түсінік өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, түрік, татар, тува сияқты түрік халықтарының фольклорында бар.
Хикая үшін маңыздысы – дүниеде көрінбей жүретін мақұлықтар болатынын адамға білдіріп, оны одан сақтандыру.
Достарыңызбен бөлісу: |