Диссертациялық жұмыс іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының (ҒЗЖ) жоспарларына сәйкес орындалды: «Атмосфералық қысымдағы суық плазмамен өңдеу арқылы дән дақылдарының өсімін және өнімділігін арттырудың ғылыми-технологиялық негіздерін жасақтау» 2018-2020, ЖТН АР05134280, «Атмосфералық қысымдағы салқын плазманың қасиеттері мен материалдар беттеріне әсерін зерттеу» 2015-2017 ж., код 3220/ГФ4.
Жұмыстың мақсаты – функционалды диэлектрлік және биологиялық материалдарды модификациялау үшін тосқауылдық разрядтық плазманың қасиеттерін зерттеу.
Қойылған мақсатқа жету үшін келесі мәселелерді шешу қажет:
− тосқауыл разряд плазмасының электрлік және оптикалық қасиеттерін, микроразрядтық құрылымын зерттеу; жеке сфералық макробөлшектердің, функционалды диэлектрлік және биологиялық материалдардың беттік тосқауыл разряд плазмасымен динамикасы мен әрекеттесуін зерттеу;
− тосқауыл разряды плазмасының биологиялық материалдарға, атап айтқанда,бидай дәнінің егістік сапасына әсерін, альфа-амилаза гидролитикалық ферментінің белсенділігін және оны дәндерді егу алдында өңдеу технологиясында қолдануды зерттеу;
− бидай дәндерінің бактериялармен және микроскопиялық саңырауқұлақтармен инфекциясына тосқауыл разряд плазмасымен өңдеудің әсерін зерттеу; атмосфералық қысым плазмасының ағып жатқан судың сипаттамаларына әсерін зерттеу.
Зерттеу объектілері - атмосфералық қысымдағы тосқауыл разряд плазмасы және функционалды диэлектрик, биологиялық материалдар.
Зерттеу пәні – диэлектрлік копланарлы беттік тосқауыл разрядының статикалық және динамикалық ток-кернеу сипаттамалары, разрядтың эмиссиялық спектрлері, ДКБТР құрылымы, атмосфералық қысымды плазмамен өңдеудің функционалдық диэлектрлік материалдардыңмакробөлшектерінің динамикасына, биологиялық материалдарға, атап айтқанда, дәндерге және олардың өнуіне, биохимиялық құрамы және тұқым бетін дезинфекциялауға әсері.
Зерттеу әдістері.Қойылған мақсаттарға жету үшін қажетті мәселелерді шешу кезінде келесі әдістер қолданылды: плазманы оптикалық диагностикалау әдістері, мысалы, оптикалық эмиссиялық спектроскопия, разрядтың электрлік сипаттамаларын диагностикалау әдістері, дән үлгілерінің беткі сипаттамаларын диагностикалау әдістері, оның ішінде электронды микроскопия, жанасу бұрышын өлшеу арқылы үлгілердің суланғыштығын өлшеу; өну пайызын өлшеу әдістері, өсу параметрлері, аналитикалық таразы арқылы тұрақты массаны өлшеу әдісі; ауыл шаруашылығы дақылдарының үлгілерінің биохимиялық қасиеттерін талдау әдістері.