3-тарау. Құлыншақтың айтыстары мен салт өлеңдері үлгісіндегі шығармалары
З.1. Айтыстары.
Құлыншақ ақынның шығармашылығында айтыс жанры мен сөз қағысулары да елеулі орын алатындығы жоғарыда айтылған болатын. Әдетте ақынның ақындық өнері, суырыпсалмалық шешендігі, әсіресе осы айтыс өнерінде байқалатын болған. Құлыншақ та белгілі сөз шеберлерімен сөз сайысына түсіп өнер жарыстырған сөз шеберлерінің бірі. Молда Мұсаның айтуы бойынша Құлыншақ ақын айтыста ешбір ақыннан жеңіліп көремеген, суырыпсалма ақындық өнердің қыр-сырын айтулы игерген айтулы өрен жүйріктің бірі.
Құлыншақ ақын кезінде көптеген ақындармен айтысқан болуы әбден мүмкін. Қанша ақынмен айтысқаны жөнінде дәл тап басып айта алмаймыз. Бізге белгілісі Майлықожа ақынмен ауызша, жазбаша түрде айтысқаны, Молда Мұсамен айтысы, Бұдабай ақынмен, сондай-ақ аты белгісіз бір ақын қызбен айтысы, белгілі айтыскер Шөже, Майлықожа ақындармен сөз қағысулары.
Құлыншақ ақынның айтыскерлік ерекшелігі туралы әдебит зерттеушісі ғалым Х.Сүйіншәлиев: "Айтысқан ақынға мін таққыш, табан астында сөз тапқыш Құлыншақ халық ішінде беделді болған. Оның шешендігіне, шыншылдығына ел риза боп ардақтаған" - деп айтыскерлік ерекшелігін айрықша атап көрсетеді. [30.635]
Құлыншақ ақын шығармашылығының, айтыстарының бір ерекшелігі - өзінің замандас ақындарымен жазбаша хат түрінде де айтысып, сонымен бірге хат жазысып шығармашылық байланыста болып тұрғандығы. Молда Мұсамен, Шәді төремен өлеңмен жазысқан хаттары осыған делел болады.
Құлыншақ ақын айтыстары туралы айтқанда оның Майлықожамен айтысын ерекще айтуға болады. Бұл айтыс ақынның бізге белгілі болып жеткен айтыстарының ішіндегі бірден-бір көлемдісі әрі толығырағы болып саналады.
Құлыншақ ақын айтыстарының ішінде Майлықожамен айтыстарының ақын шығамашылығын зертеген ғалымдардың ерекше көңіл аудартуының себебі онда ақынның дүниетанымы, ақындық шеберлігі біршама кеңірек көрініс тапқандығынан болса керек. Құлыншақ ақын Майлықожамен ауызша айтысумен қатар оңтүстік ақындарында бар дәстүрмен жазбаша хат арқылы да айтысқан деген дерек болғанымен, жазбаша айтысы бізге жетпеген.
Майлықожамен осы айтысының бір ерекшелігі туралы ғалым Р.Бердібай кезінде былай деген болатын: "Аз сөзі сақталған Майлықожамен айтысында әлеуметтік дертті ашудан гері, ру мен руды
салыстыру, байлық, көптік, бектік санасу сарыны басым. Бұрыннан дос екі ақынды елдің "игі жақсылары" қымыздың қызуына желігіп, еріксіз қолқалап айтыстырғаны, бір-бірімен себепсіз жамандасуға бұлардың зауқы болмағандығы байқалады". Ғалым бұл пікірін мысалдар келтіре отыра дәлелдейді [22.320].
Құлыншақтың Майлықожамен бізге жеткен айтысының жалпы көлемі 200-ден аса өлең жолынан тұрады.
Мұнда екі ақынның айтысы бір-бірімен сәлемдесуден басталып, бір-бірінің ақындық өнердегі ерекшеліктерін, бір-бірінің жақсы қасиеттерін тілге тілек етумен жалғасып, содан кейін екеуінің айтысқа түсулерінің, жоғарыда ғалым Р.Бердібай айтқандай себеп, жағдайлары сөз болады. Бұл айтыстың бас жағында ақындардың бір-біріне деген сыйластық сезімдері, талант, дарындарына деген құрмет, ізеттілік сезімдері айрықша көрініс тауып отыраған. Оны Майлықожаның Құлыншаққа, Құлыншақтың Майлықожаға берген мінездемелерінен айқын аңғаруға болады. Майлықожа ақынның Құлыншаққа "Менімен кім айтысар сенен өзге", "Ақын ең бағың қалың, озған атың", "Бар едік екі жүйрік құдай берген", "Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің", " Бар едік екі ақын мақтап жүрген", "Аузыңның қыдыры бар кісі едің" деген сөздері мен Құлыншақтың Майлықожаға "Қара дауыл өлеңге дүрсің, қожам", Қосылдық екі жүйрік сайымызға", "Қожеке, сөзіңе жұрт тоймас ұсайд" деген өлең жолдарынан бір-бірінің ақындық өнерін бағалауы, сыйластығы айқын көрінеді.
Құлыншақ Майлықожаға бұл теріскей өлкесіне келгеніне қош келіпсіз дей келіп, оған Қоңырат еліне құрмет қылсаң жарасады, өзің шеттен келген қожа едің, қоңсы қонып тіршілік етіп жатырсың дегендей ойды:
Қошемет қылсан қоңыратқа жарасады, Ежелден қоңсым едің ауқат көрген,-
деп айтқанда, Майлықожа бұл елді өзінің өзге елден кем санамайтынын айта келіп, ақындық өнерімен елдің құметіне ие болып сый-сияпат алып жүрғенін де жасырмайды. Құлыншақ ақынның сөзіне орай "несін ап ем сен кедейдің?" деген уәжін айтады. Осы айтыста бір байқалатын нәрсе екі ақынның да өрташа ғана күнкөрістік дәулеті бар жандар екендігі сезіледі.
Екі ақын да өздерінің күнкөрісі сол өлкені жайлап жатқан елге тікелей тәуелді екенін түсініп қана қоймайды, өздерін сол ел-жұртқа барынша қарыздар, міндеткер өнер иелері деп ұғады. Бұл Құлыншақ ақынның:
Қожеке сөзіңе жұрт тоймас ұсайд,
Бозбала бір-бірімен ойлас ұсайд,
Бірінен ат, бірінен тон киюші ек,
Шамасы, кеп боршымыз қоймас ұсайд,
-деген өлең жолдарынан, сондай-ақ Майлықожаның:
Бай қоңырат, бар қоңыраттан алғам шығар,
... Туғаныңа айт жолымды мықтап қылсын,
Саған берген болады маған берген,-
деген сияқты өлең жолдарында көрініс табады.
Айтыс Құлыншақтың Майлықожаға:
«Қоңсым едің ежелден ауқат көрген», «Ежелгі қоңсылықпен күнің кешіп»,
деген түрде айтылған сөздерінен кейін шиеленісе түседі. Майлықожа Құлыншақ ақынға адамды адам асырамайды, әркім Алланың берген несібесімен күнін көреді деген сияқты ойларын айтып, одан әрі қарай екі ақын әрқайсысы өз елінің артықшылық, кемшіліктерін теріп айта бастайды.
Құлыншақ қоңыраттың қалың іргелі ел екенін, қожаның азшылығын айтып Майлықожаны мүдіртпек болады. Ал Майлықожа өзінің қожа екендігін, тектілігін айтып, Құлыншақты ислам діні қағидаларымен сүріндірмек болады. Сонда Құлыншақ:
Қожаның да ішінде бар-ды қожа, Кей қожаның үйінде арақ, боза. Арақ ішіп айтасың өтірікті, Кереметің қожа боп жоқ қой маза.
Қожаның қараңыздар қожасына, Ішіп жүрген арақ пен бозасына. Арақ пенен бозасын мойнына алды, Қараңдар шайтан пірдің мазасына,-
деп дін насихатшысы болып халыққа жақсы көрініп жүретін кейбір қожа-молдаларда байқалып қалатын жағымсыз іс-әрекеттерді жасырмай айтып өтеді. Майлықожа өзінің ондай іс-әрекеттерден таза екенін айтқанда, Құлыншақ:
Бір сөзді айтпайтұғын айттың маған,
Мен де лайық сөз айттым тақсыр саған.
Арақ пенен бозаны бірдей ішер
Қасындағы жолдасың Мәделі ағаң,-
деп мін таға сөйлейді. Сонда Майлықожа Құлыншаққа Мәделі ақынның ондай кемшілігі болса өздеріңнен - нағашыларынан келген жайт дегендей қылып:
Шешесі Мәделінің апаң Қойқаң,
Келе сап Апақайды қылған сойқан.
Нағашысы арамқор сен болған соң, Жиендерің қылып жүр ойпаң-тойпаң,-
деп өзіне жабыса кеткенде, Құлыншақ «сүйегіңді маған жапсырдың» деп:
Бұзығыңды итеріп құтылмақсың, Бұралқы ішімдегі қоңсым қожам,-
деген уәжін айтады.
Майлықожа да өзінің "ақ сүйек таза екенін" артықшылығым,
тектілігім деп:
Арапта құрайыш дер, атам Әшім,
Отыз үш ата туған, кәрі-жасым.
Тіріде - пір, өлгенде - туың едім,
Құтылар қоңсылықтан қайдан басың?
...Әуелі - палуан өткен Үрістем Дастан, Екінші - Әзіретәлі дінді ашқан. Қылышынан қорыққаннан мұсылман боп, Сен маған қоңсы едің әуел бастан, -
деп осы жайттарды артықшылығым деп көрсеткенде, Құлыншақ ақын айтыстарда іркілмей сөз табар әдетімен тоқталмастан:
Құлыншақ сөйлер сезден ұялмайды, Жалғанда жаннан айыл жия алмайды.
Мыңға бір үй келмейтін аз қожаға, .
Көп қоңырат қоңсылыққа сия алмайды,-
дей келіп, қожалығың таза емес деген ыңғайдағы ойларын сездіре:
Қазан атты қаңтарғын терін жесін,
Үш күн, үш түн шапса да ерінбесін. Қазақының жүгенін сыпырып ал,
Онан-мұнан шөгіртек теріп жесін,-
деп елге сөз келтіре сөйлегені үшін тиісті жазасы сол болсын дегендей ойларын айтады.
Белгілі ғалым Ә.Оспанұлы бұл айтыс Майлықожаның пайдасына шешілген деп көрсете келіп: "Құлыншақ пен Майлықожа айтысы", түптеп келгенде, өткендегі айтыстардың ортасынан ойып орын алмағанымен, тапқырлық-шешендік өнердің өнегелі ескерткіші ретінде ерекшеленетін шығарма екені даусыз. Айтыс өнеріне тән бар асыл қасиетті жинақтаған, тәлім-тәрбиелік мәні бар елеулі еңбек»,- деп бағалай өз пікірін білдірген болатын [24.31].
Құлыншақ ақынның Майлықожамен бұл айтысы қазақ халық әдебиетінің көп томдығының айтыс өлеңдеріне арналған томдығының 1988 жылы басылған екінші кітабында тұңғыш рет жарық көрді. Бірақ онда жарияланған нұсқа көлемді-көлемді қысқартулармен, өлең тармақтары бұзылып, жалпы айтыстың мән-маңызын, мазмұнын айқындай алмайтындай деңгейде жарияланғанын айта кетуіміз керек. Айтыстағы дінге қатысты айтылатын жолдардың қалдырылып кетілуі немесе өзгерістерге ұшырата жариялануы айтыстың кей тұстарын мағынасыздыққа ұшыратқанын байқауға болады. Айтыстың бұлайша қысқартулар мен өзгерістерге ұшырауын сол кездегі саясаттың әсерінен болған құбылыс деп түсінуімізге болады. Бұндай қысқартулардан бөлек жекелеген сөздермен қатар сөз тіркестерінің де бұрмаланғаны
байқалады. Ақын шығармалары мәтінінің дұрыс жарияланбауы 1984 және 1989 жылдары «Жазушы» баспасы басып шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының екінші кітабында жарияланған шығармаларында да бар. Мысалы, Майлықожамен Құлыншақтың сөз қағысуындағы:
Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,
Жұрттан алып жегенмен бай болмадың,
-деген өлең жолдары:
Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,
Ат пен түйе алсаң да бай болмадың,-
деп беріледі. Сондай-ақ Майлықожаның Құлыншаққа табан астында суырып салып айтатын:
Сен Құлыншақ болғалы талай болды,
Иә құлын, иә жабағы, тай болмадың,
-деген жауабы:
Сен Құлыншақ атандың небір заман,
Не жабағы немесе тай болмадың,-
деп берілген. Бұлайша қатерлермен берілуін ғалым Ә.Оспанұлы кезінде көрсетіп жазған болатын [24.34-35].
Құлыншақтың Шөже ақынмен айтысы сол айтыстағы айтылған жайттарға қарағанда оның Арқаға барған сапарында болған сияқты. Шөже Құлыншаққа:
Қаратаудың қатпасы,
«Көкпар шаба келік» деп,
Бір-бір атты жетектеп,
Ішкендерің көк кебек,-
деп тиісе, кемсіте сөйлегенде Құлыншақ Қаратау өлкесінің күнгейі мен теріскейіндегі әулиелі дейтін жерлерінің қазақ халқы үшін Меккеден кем, құрметтелмей, киелі жер деп есептелінетінін, жемісі менен жидегінің мол, шуақты өлке екенін айта келіп:
Баба түкті шашты әзіз
Ұлсыздарға ұл берген,
Айналайын Қаратау
Әулиенің кені едің,
Қырық бір мың машайық
Мекен еткен өтенім,
Кәлима келтір тіліңе,
Алжаспағын сен Шөже,
Алдыма салып кетермін,
Артыңа теуіп кетермін! -
деп аты Арқаға кеңінен мәлім болған айтулы, ақындармен айтысында ешкімге дес бермейтін Шөже ақынға сес көрсете сөйлеп, ұшқыр да ұтымды жауап береді.
Құлыншақтың кейінгі кезде табылған бір қызбен айтысы 2001 жылы жарық көрген "Жыр мұра" жинағында жарияланды. 30-дан аса жолдан тұратын бұл айтыстың өзіндік ерекшелігі бар.
Бірде жолаушылап келе жатқан Құлыншақты сырттай таныған бір ауылдың тойына бара жатқан ақын қыз Құлыншаққа әзілдей тиісе:
Құлыншағым,
Төбеңде салпылдайды тұлымшағың. Домалап той дегенде тұра алмайсың, Құрысып шапқыш аттай ұрыншағым,-
деп сөз бастайды. Құлыншақ ақын да әзіл сөзге әзілмен ұтқыр жауап беріп айтыса кетеді. Бұл айтыста терең қоғамдық саяси-әлеуметтік мәселелер көтерілмегенімен қыз бен жігіт арасындағы астарлы түрдегі әзілдің бір түрі көркемдікпен көрініс табады. Бұл сияқты астарлы түрде әзілдесе айтысу, сөз қағысу өзге ақындар шығармашылықтарында да жиі кездесіп отыратын құбылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |