2.2. Арнаулары.
Қазақ халқында өз жанынан өлең шығарып айту тек мықты ақындарға ғана тән құбылыс болмаған. Бұны да халқымыздың бір өзіндік ұлттық ерекшелігі деп тануымызға болады. Халқымыз ақындық өнерімен кең танылып, өнерімен көпшілік қауымның құрметіне ие болған, айтысқа түсіп сыналған импровизатор ақындарды ғана ақын деп таныған.
Құлыншақ ақын да осы қасиеттерге ие болған сөз шебері. Оның суырып салмашылық өнері әр түрлі оқиғаларға, құбылыстарға байланысты айтқан арнау өлеңдері мен айтыстарынан ерекше байқалады.
Құлыншақ ақын өз заманындағы сол өлкенің белгілі адамдарына арнап өлеңдер шығарып, олардың әр түрлі іс-әрекеттерін, мінез-құлқын шығармаларында бейнелей білген. Ақын өз заманының атақты адамдарының үлгілі істерін, өнегелі әрекеттерін ежелгі дәстүр бойынша мадақтап та отырған. Мысалы, заманында батырлығымен, әділдігімен аты шығып, елге танымал болған, намысқой, Қаратау өлкесінің теріскейіндегі Үштөбе, Жартытөбе деген құнарлы жерлерін өз жұртына қоныс етіп қалдырған, жаудан беті қайтпаған Жаманқара батырға арнаған мадақ өлеңінде оның ерлік, батырлық тұлғасын:
Жарқырап шығып еді дабыстарың,
Өзіңе пар келмейді алысқаның.
Тор темір түрмесінде жатсаң-дағы
Терісі тесілмеген арыстаным,-деп бейнелейді.
Құлыншақтың әлеуметтік мәні зор өлеңдерінің бір тобы осы жеке адамдарға арнаған сыни арнаулары. Ақын арнаулары тек мадақтық сипатта ғана емес. Жеке адамдарға арнауларында ақынның сыншылдығы да айқын көрініп отырады. Арнауларының өзіндык бір ерекшелігі оларда сын, мысқыл ерекше байқалатындығында. Ақын өз тұсындағы зорлықшыл, қиянатшылдарды, дүниеқорлар мен сараңдарды, бәлеқор жандарды өлеңмен өткір сынға алып, масқаралап отырған.
Құлыншақтың бұл сипаттағы өлеңдері аз болмаған сияқты. Олардың көбісі кезінде халық арасына кең тарағанмен уақытында жазылып хатқа түспегендіктен түгелдей жетті деп айтуға болмайды.
Ұмытылмай жеткен арнаулары "Оңдыбайға", "Дүйсенбіге", "Қисыққа", "Көлбайға" т.б. сол сияқты өлеңдері.
"Оңдыбайға" арнау өлеңінің туу тарихын зерттеуші ғалым Р. Бердібай былайша : «Оңдыбай - қырды жайлаған болыс екен. Соның аулына бірде Құлыншақтар жолаушылап барса, болыстың әйелі қонақтарды қораш көріп дұрыстап күтпейді... Болыс әйелінің өнегесіздігіне намыстанған ақын кетерінде «Оңдыбайға» деп үш-төрт ауыз өлең жазып қалдырады» деп жазады. [22.318]
Ақын болысқа әйелінің көргенсіздік, өнегенсіздік мінезін, болысқа оның тең еместігін айта отырып, атына абырой әкелмейтін жаман мінезін:
... Есектен не туады айғыр шапқан ? Жылтыраған бетіне әуес болмай, Адамның баласын ал, кісі баққан. Қызарған не қыласың беттің нұрын, Салады көрген жігіт көздің қырын,-дей келіп, бұл өлеңнің шығу себебін де айтады.
Болысеке, бұл өлең қайдан шықты? Үйіңде бесінде ішкен шайдан шықты. Сабада сапырулы қымыз тұрып, Күбіден айнып кеткен айран шықты. Қайыр-қош, болысеке, көргенімше, Бұл қорлық естен кетпес өлгенімше. Қос-қоржын арқалап құрыған жақсы, Итке артып аттың қосын жүрегінше,-дейді ақын.
Кейін бұл өлеңді оқыған Оңдыбай болыс қатты намыстанып, әйелін төркініне көшіріп жіберген екен деседі [22.319]»
Ақын Оңдыбайдың сараң әйеліне мін тағып, басқа біткен дәулетті дұрыс бағалай алмай, сараңдыққа салынған пейілі тар мінезін әшкерелейді. Адамның адамдығы, жақсы қасиеті оның адамгершілігінде, жомарттығында деп бағалайтын ақын Оңдыбайға
ақыл беру арқылы басқаларға да ой салып, әйелдің өңі мен келбетіне, бет-ажарына ғана қарамай, оның адамгершілігіне, ақыл-парасатына назар аудару керектігін ескертеді.
Қазақтың қонақжайлық қасиетін, дәстүрін берік сақтауында ақындардың осындай өткір айтқан өлеңдерінің де үлкен мәні, өзіндік орны, әсері болғандығын көруімізге болады. Ақындардың сөзі, өлеңі ел ішіне тез, кең тарайтындықтан көпшілік оны есте ұстап, өзіне келер сөз бен сыннан қаймығып, өздерінің кемшіліктерін түзеуге әрекет етіп отырған. Осындай жайтты ақынның кезінде Қаратау өңіріне аты шыққан, белгілі Дүйсенбі датқаға айтқан арнауынан да байқаймыз. Дүйсенбі датқаның әлсіздерге жасаған зорлығын ақын өткір тілмен әшкерелейді.
Әлсізге азғана күн амалдайсың,
Жақсылық бұл кейіпіңнен таба алмайсың.
Жеріңе ерегіскен қап-қара боп,
Бұлттай жауатұғын табандайсың,-
дей келіп датқаның елге істеген зәбір-жапасын, елді жылатып жүргенін бетіне баса айтады. Осындай туралығы мен өткір, сыншылдығынан кезінде ақынңың өзі де зардап шеккендей. Ақынның сөз сүйегіне жеткендей болған Дүйсенбі датқа ақынды біраз қуғынға түсірген сияқты. Оны ақынның:
Тізесі Дүйсенбінің маған өтті,
Қайсысыңды мендей қуып еңіретті?
-деген өлең жолдарынан аңғаруға болады,
Ақын елге белгілі адамдардың жасаған халыққа жасаған жақсылығын, жағымды іс-әрекеттерін мадақтап дәріптеуімен қатар жамандық атаулыны өткір тілімен сынға алып, әшкерелеп отырған. Сондай шығармаларының кейбірі Көлбайға арнаған арнау өлеңдері.
Ел аузында сақталып жеткен Көлбай болысқа арнау түрінде шығарған өлеңінің туу тарихы туралы деректер бар. Бірде ақын болыс үйіне қонақ болып келгенде өзіне лайықты күтім көре алмайды. Осыған намыстанған Құлыншақ кетерінде өлең шығарып, оны хат түрінде қалдырып кетеді. Ол өлеңінде:
Ауылдан шыққан күні
Көлбай қондық,
Десе дағы "Көлбай жоқ", болмай қоңдық.
Ішкеніміз қатықсыз қара көже,
Тақыр жерге иірген қойдай болдық ,
-деген екен.
Ақынның Көлбайға шығарған туындыларының енді бірі "Мазақ қылма, Көлбайым" деп аталады. Құлыншақ болыс үйіне тағы бір келгенінде Көлбай болыс ақынды сыйлап күтудің орнына мазақ сөздер айтқан екен. Осы қылығына байланысты ақын осы өлеңін шығарады. Сонда ақын:
Ауылға келген жыршыны,
Мазақ қылма, Көлбайым,
Мазақ қылсаң Көлбайым,
Сенің әкең Жұмабай Шылбырдан өлген исі еді.
Кетерсің болып сондайын,-
деп шындықты айтудан тайсалмайды. Көлбайдың әкесі Жұмабай кезінде елге жасаған қиянаттары үшін киіз үйдің шаңырағына шылбырмен асып өлтірілген деген әңгімені болыстың бетіне салық етіп айтады.
XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінен өздерінің дәулеті мен мансабы арқылы елге біршама аты белгілі болған адамдардың өзін ақындарға мақтатып, жақсы аттарын ақын сөздері арқылы жұртқа жария етуді тәсіл еткен, сонымен бірге өлеңмен жамандатып та ақынның ақындық қасиетін, батылдығы мен өткірлігін байқап отыратын дәстүрінің болғандығы байқауымызға болады. Оны Баймағамбетке Шернияз ақынның, Тезек төреге Сүйінбайдың, Бақтыбай ақынның, Рүстем төреге Жанақ ақынның, Майлықожаның Ахмет төреге айтқан өлеңдерінен көреміз. Осы құбылыс Құлыншақ ақын шығармашылығында да бар. Тәкаппар, содыр мінезді, Батыр Қисық баса-көктеп кірген Құлыншақ ақынның басын қылышпен алмақ болады. Ақын сонда қорықпай тіл қатып Қисықты тоқтатады. Оның сынынан өткен ақынға өзін мақтауды талап етеді. Сонда ақын Қисық батыр келбеті келмеген, түрі сиықсыз жан болса да оны алтын тақта отырған патшаға балап мақтай:
Жақсыға анық тартып туып едің,
Жақсылық туғаннан-ақ қуып едің.
Даңқыңды Алатаудай естіген соң,
Көруге дидарыңды келіп едім.
Іліндің атақ жастан сөйлер сөзге,
Көріндің адам болып көрер көзге.
Мақсұдың Алла тағала бергеннен соң
Міндіңіз алтын таққа осы кезде.
Мүбәрәк құтты болсын мінген тағың,
Құдайым аямасын берген бағын.
Бұл күнде ел билеген батыр бопсың
Зейінмен ажыратып істің ағын,
-дейді ақын.
Мадақ сөзге риза болған Қисық ақынды байқау үшін енді өз бойындағы міндері болса соны қорықпай, жасырмай айтуды талап етеді. Сонда ақын батырдың ұнамсыз кескін-кейпің, бірбеткей тік мінезді адам екенін, тегі де оңды емес екендігін былайша әшкерелейді:
Болар ең жылқы болсаң, кәті ғана, Мінетін бір сорлының аты ғана. Қаңғырып кебек іздеп жүргеніңде Көсеумен сабар еді қатын, бала
Қой болсаң, болар едің тоқты ғана, Сары ала бөксе жағың боқты ғана. Үйіне жалғыз мейман келе қалса, Соятын сол мейманға епті ғана.
Болар ең ешкі болсаң, қотыр ешкі, Шалбардай жұртта қалған бетің ескі. Мақтанба көрмегендей Қисық батыр, Әкең де құлшылықпен күнін кешті.
Тәрізің бақсы ұстаған қобыздай боп, Пішінің жаман екен доңыздай боп. Қатының таңдап алған сұлу екен. Қойнына жатамысың қоңыздай боп!
Ашы да болса шындықты айтқан Құлыншақтың батырлығын, айтқыштығын танып, риза болған Қисық батыр ақынға сый-сияпат көрсеткен екен.
Құлыншақ ақынның бізге жеткен арнаулары оның өткір тілді батыл ақын болғандығын дәлелдей түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |