Халқымыздың өткен замандардағы тарихын, рухани тыныс-тіршілігін танып-білуде көркем сөз шеберлерінің қалдырған әдеби


Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы



бет5/15
Дата06.01.2022
өлшемі305,5 Kb.
#13462
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
1.1. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер.

Еліміздің Оңтүстік өлкесі тарихының қатпар-қатпар тереңдігімен де, өлең-жыр мен күйге, қазыналы кенге байлығымен де шежірелі.

Шежірелі Қаратау Әулиенің кені еді, -

деп Құлыншақ Кемелұлы жырлағандай бұл өлке көптеген ауыз әдебиеті үлгілеріне де арқау болып жырланған, бір кездерде қазақ хандығының ордасы болған, ертеден келе жатқан қазақтың мәдениеті берік орныққан киелі жерлерінің бірі деп саналады.

М.Әуезовтің "Созаққа барсаң күйшімін деме" дейтін сөзі де терең мәнді аңғартады. Қаратаудың теріскей өңірі Сүгір, Ықыластай, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаровтай бүкіл қазаққа танымал болған дәулескер күйшілерді, Тәкен Әлімқұлов пен Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов сияқты т.б. көптеген сөз шеберлері мен өнер қайраткерлерін дүниеге әкелген өлке.

Қарт Қаратаудың теріскей өңірінен шыққан сөз шеберлерінің бірі, кезінде Сыр бойы, Қаратау өңірінен Жетісуға, Арқаға дейін танымал болған ақын - Құлыншақ Кемелұлы.

Акынның өмірі жөнінде тоқтала кететін болсақ, Құлыншақтың кенже ұлы Исаханның айтуынша, Құлыншақ ақын 1831 жылы туылып, Меккеге қажылыққа барып, сол сапардан келе жатқан жолда 1901 жылы ауырып қайтыс болған делінсе де, көптеген әдебиеттерде әртүрлі жазылып, айтылып келеді.

Мысалы, "Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері" деген кітапта [28], Х.Сүйіншәлиевтің "Қазақ әдебиетінің тарихы" оқулығында [30.634] ақынның өмір сүрген жылдары 1831 - 1892 жылдар деп, "Бес ғасыр жырлайдының" 1989 жылы шыққан екі томдығының 2-томында [10.75] 1840 - 1911 жылдар, қайтыс болған жері Созақ ауданындағы Жартытөбе деген жер деп көрсетеді.

Ғалым Р.Бердібаев Созақ өңірінің шежіресіне қанық Әлішер Қосбармақов, Қызылқұм өңірінде өмір сүрген, ақынның біраз өлеңін жатқа білген Омар Байымбетовтердің Құлыншақ ақын 1840 жылы туылған деген деректерін сенімдірек деп есептейді.

Ақынның ұзақ сапардан келе жатып елге жете алмай жолда қайтыс болғанын ақынның бізге жеткен мына өлең жолдары дәлелдей түседі. Ақын ауырып жатқан кезінде:

Адамзат келер, келер жүзге келер,

Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.

Құдая иманымды саламат қыл,

Ағайын қайда бізді іздеп келер, -

деп өлең шығарған екен. Жолда ауырып, жүруге шамасы келмей жатып қасындағы жолдасы Шорнақбай дегенге "маған қалам, дәптер тауып әкел, елге хат жазайын" дегенде, ол тауып әкеле алмаған екен деген деректер бар [24. 23].

Бұл өлең сол Шорнақбай арқылы елге жеткен ақынның соңғы сәлем өлеңі болуы мүмкін.

Ғалым Ә.Оспанұлы соңғы еңбектерінде Құлыншақ ақын 1832 жылы туып 1901 жылы қайтыс болған деп көрсетеді [14].

Құлыншақ ақын қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Жартытөбе деген жерде туып өскен. Деректерге қарағанда әкесі кедейлеу шаруа адамы болған сияқты. Зерттеуші ғалымдардың айтуына қарағанда Құлыншақ та отыз жасқа келіп елге талантын танытқанға дейін кедейшіліктің зардабын тартып, тек өмірінің соңғы кезеңінде ғана орташа дәулет жиып ел қатарына қосылады. Он бес жасқа келген кезінде-ақ сөз өнеріне бейімділігімен жұрт назарын өзіне аудара бастайды. XIX ғасырдағы көптеген ақындар сияқты ақындық өнерді халық әдебиеті үлгілерін жаттап, ойын-сауықтарға араласып, оларды айтып жүреді. Сауатын өз бетінше ізденіп жүріп ашады да шығыс қиссаларын оқып үйренеді. Негізінде Құлыншақ ақын ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, өз өлеңдерін көбіне ауызша айтып таратумен бірге, жазбаша да шығарып отырған.

Қазіргі кезде ақынның қырықтан (40) астам әртүрлі арнау, толғау, насихат, терме, бата, жоқтау, сыншыл, әлеуметтік сипаттағы өлеңдері мен Шөже, Майлықожа, Бұдабай, Шәді т.б. ақындармен сөз қағысулары мен айтыстары белгілі болып отыр. Ақын өлеңінде:

Алдын ала сұрама бермейтінді,

Алла өзі жаратқан өлмейтінді.

Халқым үшін шарқ ұрып алаңдаймын,

Бұл дүниеден өткен соң келмейтінді, -

деп өзі айтқанындай ақындық өнерімен халқына қызмет етуді мақсат етті.

Өзінің бойындағы бар өнерін халқына арнаған ақынның шығармаларында өзіне қояр талабы да байқалады.

Менің атым Құлыншақ,

Ал сөйлем бер тіл мен жақ,

Дауысым байғұс шығып бақ,

Саулы інгендей ыңқылдап.

Домбырам, байғұс сен сөйле,

Екі шегің тыңқылдап,

Он саусағым, қимылда,

Жорға тайдай бұлтылдап.

Ақыр бір күн сынарсың

Буыныңнан сыртылдап.

Сынарсың да тынарсың,

Сөйлемек түгіл далада

Қу кесек болып тұрарсың, -деп жырлайды ақын.

Құлыншақ ақын өлеңдерінің тақырып аясы өте кең, алуан қырлы. Жеке адамдарға арналған арнау, мадақ, сыни сипаттағы, сондай-ақ мысқыл өлеңдер, өмірдің мәні, әртүрлі құбылыстары туралы толғаулар, дәуірдің әлеуметтік мәселелері, ғибрат, өсиет өлеңдер, сөз қағысулары мен айтыстары ақын шығармашылығының негізін құрайды . Құлыншақ ақынның өмірі туралы біршама деректерді атақты жыршы, "Алпамыс" эпосының көркем де толық нұсқасын айтқан, Құлыншақ ақынның шәкірті болған Сұлтанбек Аққожаев өзінің естелік өлеңдерінде береді. Ол өлеңінде Құлыншақ ақынның Кемелдің кенже ұлы екендігі, алты ұл, немере, шөбере сүйіп өсіп - өнгені жөнінде айтакеліп:

... Дарыған он бірінде өлең еді.

Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,

Үш тоғыз түйеменен жібереді.

Шөженің ақ батасын алып қайтты,

Адамзат дауаменен көгереді.

Келген соң киіндіріп, ат мінгізіп,

Баланы еркіменен қоя берді, -

деп оның ақындық өнерге келу жолын да көрсетеді. Одан әрі қарай ақынның осы жолдағы ізденісі, шығармашылығы туралы:

Күнде той, күнде жиын, күнде өлең ғып,

Күңірентіп жібереді жүрген жерді.

Сылдырлап қоңыраудай тіл, көмейі,

Жаңғыртқан керегенің көгінде енді.

Ән қандай, өлең мұндай күніндегі

"Шырын - Шекер" сөз бопты тіліндегі.

Еш ақын Құлыншақтай болмайды деп,

Адамдар аңыз ғыпты сол күндегі.

Жеткенше жиырмаға тоқтай алмай

Сейіл ғып аралады төменгі елді.

Арғын, Найман, Қыпшақ, Таспа, Табын,

Сарыарқа, сары дала, сары белді.

Көріпті сол уақытта болған елді,

Ұзын өріс, кен жайлау жүрген жерді, -

деп С.Аққожаев ақын Құлыншақтың шығармашылық өнерінің бірталай қырларын да ашыпбереді. С.Аққожаевтың бұл өлеңдері Р.Бердібаевтың "Жұлдыздар жарығы" зерттеу еңбегінде берілген [8. 193-194].

Сыр бойы, сондай-ақ Қаратау өңірі ақындарының ақындық жолға түсуі жөніндегі жиірек кездесіп отыратын аңыз - әңгіме халық арасында кең тараған. Бұл аңыз әңгіме Құлыншақ ақынның ақындық өнерге түсуіне байланысты да (мысалы, Майлықожа, Бұдабай т.б. туралы да) айтылады. Ондай аңыздарда түсінде қыдыр аян беріп "көген аласың ба, өлең аласың ба" деп сұрағанда өлеңді қалап, содан бастап ақындыққа талаптанған екен делінеді.

Ақындық өнерді ұстануды, үйренуді мұрат тұтқан талапкер жас ақындардың кезінде ел аралап, елдің белгілі сөз шеберлерінің өлең-жырларын тыңдап үйрену, батасын алу дәстүрлі болған. Осы дәстүрмен Құлыншақ ақын да Шөже ақынды арнайы іздеп барып батасын алған делінеді деректерде.

Құлыншақ ақын Арқа елін, Сыр өңірлерін, Жетісу өлкесін аралап сол кездегі белгілі ақындар Майлықожа, Мәделіқожа, Бұдабай, Молда Мұса, Шәді Жәңгірұлы, Майкөт ақындармен танысып-білісіп біразынан өлең-жыр үйреніп, ақындық өнердің қыр-сырымен танысып, енді біразымен айтысқа түсіп өнерін шыңдап отырған.

Құлыншақтың ақындық өнерге түсудегі жолы туралы белгілі ғалым Р.Бердібай: "Құлыншақтың тәлім алған мектебі - халық ауыз әдебиеті, аты, сөзі белгілі ақындар. Сондықтан да ол өзінің ғибрат өлеңдерін сол үлгіде жасайды: өмірдің күңгені мен теріскейін, жақсылық пен жамандықты, барлық пен жоқтықты, бақи мен пәниді салыстырып, кең пайымдап сөйлейді...", - деп көрсетеді [22.316].

Құлыншақ ақын турашылдығымен, өжеттілігімен де ерекшеленеді. Өз кезіндегі би, болыс, датқалардың жағымсыз озбырлық іс-әрекеттерін, адамдар бойында кездесіп отыратын сараңдық, екіжүзділік, зорлықшылдық, қиянатшылдық, арсыздық, т.б. сол сияқты жат-мінез қылықтарды өткір тілмен сынға алып отырған.

Құлыншақ ақын әртүрлі тақырыптарда өлеңдер шығарумен қатар, мықты айтыскер ақын да болған. Молда Мұсаның айтуынша Құлыншақ айтыста ешбір ақыннан жеңілмеген ақын.

Құлыншақтың өз заманындағы белгілі айтыскер ақындардың бірі болғандығына оның Майлықожа, Бұдабай, Молда Мұса, Шөже, Барақат сияқты т.б. ақындармен айтысқандығы дәлел болады [22. 315].

Ғалым Ә.Оспанұлы Құлыншақтың ақындық өнері туралы айтқанда үш қыры туралы: "Олардың ең бастысы - терең ойшылдығының белгісіндей филоеофиялық пайымдаулар болғанда, екіншісі - өткір әзіл-оспаққа, әжуа- мысқыл, сын-сықаққа құрылған әлеуметтік мазмұндағы ықшам өлендерге ұсталығы да, үшіншісі -шебер айтыскерлігі дер едік" деп көрсетеді [24. 23].

Құлыншақ ақындық өнерпаздығымен қатар домбыраға, сырнайға, қобызға қосылып ежелден келе жатқан батырлық, ғашықтық жыр-дастандарды, шығыстық сюжетке құрылған қиссаларды да жыр етіп жырлаған эпик ақын. Құлыншақтың жыр айту достүрін

жалғастырушы сөз шеберлерінің бірі болғандығы жөнінде белгілі фольклор зерттеуші Н.Төреқұлов "Алатау асқарынан жыр асырған" деген еңбегінде қызықты деректер келтірген болатын [32. 60-62].

Шығыс әдебиетінің бірталай нұсқаларын жатқа біліп айтып жүргендігі жөнінде белгілі ғалымдар Ә.Оспанұлы, Р.Бердібайдың зерттеу еңбектерінде деректер беріледі.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет