3.3. Жоқтау, көңіл айту, бата түріндегі өлеңдері.
Құлыншақ ақынның шығармашылығында халықтың ежелден келе жатқан дәстүрлі салт өлеңдері үлгісіндегі туындылары да едәуір орын алады. Бізге ақынның жоқтау, көңіл айту, бата түріндегі біраз өлеңдері жеткен.
Жоқтау - қазақ фольклорында ежелден келе жатқан жанр. Ежелгі түркілік дәуірлерден бастау алатын бұл жанр қазақтың ұлттық ерекшелігін, сонымен бірге суырып салмалық өнерін де көрсетеді. Қазақ ақындарында кісісі қайтыс болған үйдің әйелдеріне, қыздарына жоқтау шығарып беріп, оны сол қайтыс болған адамның анасы немесе жары, апа, қарындастары зарлы әуенге салып жоқтап айтатын дәстүрі осы күнге дейін сақталған. Ал ақынның өзінің ең жақындарының бірі қайтыс болғанда ақынның оған жоқтау - азалы жыр шығармауы қазақ салтында сирек құбылыс. Оған мысалдарды көптеп келтіруге болады. Енді Құлыншақ ақынның шығармашылығындағы жоқтау өлеңдерге тоқталайық.
Құлыншақ ақынның анасы қайтыс болғанда айтқан жоқтауынан бізге үзінді жеткен. Онда ақын аяулы анасын былайша:
Тал бесігін таянған шешем,
Түнде тұрып оянған шешем.
Тар құрсағын кеңіткен шешем,
Тас емшегін жібіткен шешем.
Өлеңдетіп әндеткен,
Айналасын сәнді еткен.
Уақыты жетіп демі біткен,
Айналайын ақ шешем,
-деп егіле жоқтайды.
Ақынның әкесі өлгенде айтқан "Алпыс бір жанның атасы" деп басталатын өлеңін де осы сипаттағы туынды деп тануға болады. Ақын:
Алпыс бір жанның атасы,
Тоқсанға жасы келгенше,
Ажалы жетіп өлгенше
Мойнында еді ботасы,
"Ата екем " деп жоқтасам,
Болмас-ау сөздің қатасы,
-деп жоқтау жырына қосады.
Салт жырлары дәстүрінде шығарған туындылары ішінде көңіл айту түріндегі шығармасы да бар. Дәулет деген кісінің баласы қайтыс болғанда айтқан көңіл айтуында:
Өшкен қайта жанбайды,
Өлген қайта келмейді. Артында қалған ата-ана, Қайғырса да өлмейді.
Алланың ісі дұрыс-ты,
Қарсы тұрар шама жоқ,
Ақ сұңқарың ұшыпты, -
дей келіп, өлмейтін адам болмайтынын, қазаға да көңілді бекіте білу керектігін айтып көңілін білдіреді.
Құлыншақ ақынның халықтың дәстүрлі ауыз әдебиетін жақсы біліп игергендігі оның бата үлгісіндегі өлеңдерінен де байқалады. Бір қауыншы кісінің әйеліне берген батасында:
Ірімшік, құрт жиналып қапқа түсті, Есесіне сарғайып қауын пісті.
Бірінен соң біреуін үйлестірген
Құдіреті құдайдың әбден күшті.
Тәтті қауын кем емес бағланыңнан, Мұқалтпайды уылжып жеген тісті.
Рахмет, келінжан, пейіліңе,
Дихан ата оңғарсын бар жұмысты! -
деп, келіншектің шын пейіл, ықыласымен берген дәміне өлеңмен ризалығын айтып, игі тілегін білдіреді.
Ақынның осындай дәстүрлі өлеңіне тағы бірер мысал келтіре кетейік. Қазақ халқының күнкөріс шаруашылық кәсібінің бірі аңшылық, саятшылық болғандығы белгілі. Құс салып, ит жүгірту, қақпан басып аң ұстау қазіргі кезде де дәстүрін үзе қойған жоқ. Осындай саятшылық кезінде ұстаған аңның үстіне түскен жолаушының немесе жүргіншінің қанжығасына түскен аңды байлау, яғни ұсыну, сондай-ақ қақпанға түскен аңға кез келіп қалған кісінің қақпанға ақша немесе бір зат қыстырып, қақпанды бос қалдырмай, аңды өзіне алу дәстүрі болған. Аңшының аң ұстаған үстіне түскен жолаушы "майлансын" дегенде, аңшы да "байлансын" деп аңын оның қанжығасына байлайтын дәстүрі қазақтың қонақжайлылық, кісіні сыйлауға деген құрметтен шықса, қақпанды бос қалдырмау да қақпан иесіне деген ризашылығы мен құрметімен қатар, тағы да олжалы бола берсін деген ырымды көрсетеді. Бұл өзі қазақ халқында жазылмаған заң сияқты бір дәстүр. Бұл дәстүрді бұзған адамның аты жақсы аталмаған. Осындай дәстүрге орай шығарған Құлыншақ ақынның бірнеше өлеңдері кейінгі кезде табылып, жарияланды [25.19].
Бірде Құлыншақ ақын жолаушылап келе жатып Таңат деген кісінің құс салып түлкі ұстаған кезінің үстіне түсіп қалады да, "майлансын" айтады.
Ер жігіт тазы қосып, түлкі алады,
Кейбірі қолға үйретіп, құс салады.
Көк атты көлденеңнен кездескенде,
Майлансын деп түлкіні байланады, -деп, ежелден келе жатқан жоралғыны айта келіп:
Үш тоғыз үйірімен болсын-дағы,
Аңшының жолы болып жансын бағы.
Батасы Құлыншақтың қабыл болып,
Түлкіні ала берсін талай тағы,
-деп батасын береді.
Осы тақырыптағы ақынның бір өлеңінің тарихы мынандай оқиғаға байланысты туған. Жарқынбек деген кісінің қақпанына түскен түлкіні Икен деген бір кісі алады да, ырымын жасамай кетеді. Осыған орай халықтық дәстүрді сақтамаған Икенге ақын жөн-жоралғыны айта келіп, қатаң ескертумен оның көргенсіздік қылығын бетіне баса айтып:
Икен, сен қақпаннан,
Көріпсің де апсың түлкі,
Ырымын жасамастан,
Қақпанды бос тастап кетіпсің,
Көргенсіздік етіпсің,
Анау-мынау демейсің,
Мұнан былай қақпаннан,
Сырт айналып жөнейсің, -деген екен.
Құлыншақтың бұл сипаттағы өлеңдері ақынның халықтық дәстүрлердің ел ішінде орнығып, ұлттық әдет-ғұрыптарымыздың, ерекшеліктеріміздің, әлеуметтік қарым-қатынастарымыздың үйлесімді сақталуына қосқан өзіндік орны болғандығына айғақ болады.
Достарыңызбен бөлісу: |