Қимақ (Кимек) қағанаты - Шығыс және Орталық Қазақстанда IX ғасырдың ақыры – XI ғасырдың басында болған ертедегі мемлекет.[1]
Мемлекеттің орталығы Ертістің орта алабында болған. Қимақтар VII ғасырда Алтайдың солтүстігіне, Ертіс жағалауына орналасып, Батыс Түркі қағанатының құрамына кірген.VIII ғасырда қимақ тайпалары Ертістің орта ағысын мекендеді. IX ғасырдың алғашқы жартысынан Жетісудың солтүстік-батысындағы Алакөл аймағына қоныстана бастады. Олардың батыс шекарасы Оңтүстік Оралдың шығыс бөлігі мен Арал жағалауларына дейін жетті. X ғасырдың ортасында қимақтар шығыстан батысқа қарай ойысты. Олар Оңтүстік Орал тауының оңтүстік және оңтүстік-батыс бөктерінде, Каспий жағалауында көшіп-қонып жүрді. X ғасырдың ақырында қимақтардың бір тобы Сырдария жағалауына қарай жылжып, Түркістанның мұсылман облыстарымен араласты. XI ғасырда Орталық Азия тайпаларының батысқа қарай ойысуы нәтижесінде қимақтардың орналасу картасы өзгерді. Махмұт Қашқаридың имақтар (қимақтар) туралы деректері (XI ғасыр) осы уақытқа саяды. «Диуани лұғат ат-түркте» берілген картада имақтар өздері бір тұтас топ болып тұрған Ертістің жағалауындағы жерлерде ғана көрсетілген.
656 жылы Батыс Түрік қағандығы тарағаннан кейін қимақтар өз алдына бөлініп шықты. 840 жылы Турфан қағандығы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы эймур, баяндур, татар тайпалары қимақтарға қосылды. Қимақ тайпалары федерациясының қалыптасуы осы кезге сай келеді. Гардизидің баяндауынша, қимақтардың тайпалық одағы алғашында жеті тайпадан: эймур, имақ, татар, баяндур, қыпшақ, ланиказ, ажлад тайпаларынан құрылған. Шамамен, IX ғасырдың ортасы мен ақырында қимақтар оғыз көсемдеріне қаңғар-печенег тайпалары мекендеген Сырдария алабы мен Арал жағалауларын жаулап алуға белсенді көмек көрсетті. Қимақтар тоғыз оғыз және Енисейдегі Қырғыз мемлекеттеріне әскери жорыққа шығып, VIII-IX ғасырлардың екінші жартысында Орталығы Ертістен Жоңғар қақпасына дейінгі аймаққа бекініп алды. Сөйтіп, Қимақ мемлекетінің құрылуына қадам жасалды. Қимақ қағанаты туралы алғашқы деректер IX ғасырдың ақыры мен X ғасырдың бас кезіндегі араб тілдеріндегі тарихи геогр. шығармаларда кездеседі. «Түркістан мен түріктер, – деп жазады әл-Якуби (IX ғасыр), – бірнеше халықтар мен мемлекетке бөлінеді, соның ішінде қарлұқтар, тоғыз оғыздар, қимақтар және оғыздар бар. Түріктердің әр тайпасы жеке мемлекет және бірімен-бірі соғысып тұрады». Қимақ қағанаты құрылған күннен бастап олардың патшалары ең жоғарғы түрік атағымен хакан (немесе қаған) деп аталды. Ол жабғу атағынан екі дәреже жоғары. Қимақ қағанаты үлестік-тайпалық құрылымда болды. Елді хакан мен оның аймақтардағы он бір мұрагері (әмір) биледі. Ел билеушілері бір жағынан әскери көсемдер болды да, хаканнан тиісінше үлес алды. Әрбір иеліктер хаканға белгілі көлемде әскер беріп тұрды. Бұл мемлекетте салық жиналған, көне түркі жазуы болған.
VIII ғасырдың екінші жартысы — IX ғасырда қаулаған оқиғалар Қимақтардың мемлекеттік ұйымдарының дамуына түрткі болды, бұл оқиғалар барысында қимақ тайпалары Ертістің орта ағысынан Жоңғар қақпасына дейінгі аумақта берік ірге теуіп, батысқа қарай, Оңтүстік Орал мен Сырдария аңғарына дейін ілгерілеп барды.Қимақтарда мемлекет болғаны туралы алғаш рет IX ғасырдың аяғы - X ғасырдың басындағы араб тілді тарихи-географиялық шығармаларда айтылады. Мәселен, IX ғасырдағы тарихшы әрі географ, өз хабарларында кең білімдарлығымен және біршама жоғары дәлдігімен ерекшеленетін әл-Якуби қимақтар мен басқа да түркі тілдес халықтардың мемлекеттілігі туралы былай дейді: «Түркістан мен түріктер бірнеше халықтар мен мемлекеттерге (мамалик), соның ішінде: қарлұқтар, тоғыз-ғұздар, қимақтар және оғыздар болып бөлінеді. Түріктердің әр тайпасында жеке мемлекеті бар және олар бір- бірімен соғысып жатады.» Ибн әл-Факихте (X ғ.) қимақтар туралы қызықты мәліметтер бар, ол барлық түріктердің ең күштілері — оғыздардың, тоғыз-ғұздардың және қимақтардың патшалары бар деп жазады. Ал классикалық араб географтары әл-Истахри мен Ибн Хаукаль «түріктердің жерінде (олардың) тайпалары өз мемлекеттеріне сәйкес ерекшеленеді» деп хабарлайды. Қимақ билеушісі едәуір құдіретті болған. IX ғасырдың аяғы — X ғасырдың басында Қимақ қағанаты қалыптасқан уақыттан бастап, олардың патшасы түріктердің ең жоғары атағымен қаған (хақан) деп атала бастады. «Қаған — түріктердің ең басты патшасы. Қаған — хандардың ханы, яғни парсылардың шаханшах дейтіні сияқты, басшылардың басшысы», — дейді X ғасырдағы орта азиялық ғалым әл-Хорезми. Қаған атағы ябғу атағынан екі саты жоғары тұрған.
Сонымен, қимақ қоғамының тайпадан мемлекеттік құрылымға дейінгі әлеуметтік және саяси дамуына қарай олардың басшылары атақтарында да төменгі сатыдан жоғары сатыға дейін біртіндеп көшу жүріп жатты. Салыстыру тұрғысынан алғанда ертедегі түріктердің шонжарларына мынадай дәреже сатылары: шад, ябғу (үлы шад), кіші қаған, ұлы қаған атақтары тән болған. Көрініп отырғанындай, қимақтар мен ежелгі түрік атақтарының арасында байланыс бары даусыз және олар қимақтар ортасы мен ежелгі түріктердің түпкі отаны арасындағы сабақтастықты көрсетеді.
Деректемелерде қимақтардың этникалық және тілі жағынан түріктерге жататындығына тікелей еш күмән келтірілмейді. Керісінше, олар туралы жазғандардың бәрі қимақтардың бір ауыздан негізгі түрік тайпаларының қатарына жатқызған. Жазбаша деректемелерде қимақ этнонимінің уақыты жағынан алғаш рет айтылуы VIII ғасырға жатады. Араб географы Ибн Хордадбехтің (IX ғ.) деректері бойынша саяси және әлеуметтік жағынан маңызды түрік халықтарының тізімінде қимақтар тоғыз-ғүздармен, оғыздармен, печенегтермен, қарлұқтармен, қыпшақтармен, азқишилермен, түргештермен қатар аталады
Қимақтар тарихының алғашқы кезеңі қытай деректерінде ұшырасатын яньмо тайпасы атауымен тығыз байланысты. Яньмо (немесе қимақтар) VII ғ. басында Моңғолияның солтүстік-батысында өмір сүрген. VII ғ. ортасында олар Алтайдың солтүстік бөктеріне, Ертіс маңына қарай қоныс аударған. 656 ж. Батыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін тайпа көзге түсе бастайды.
Қағанат сыртқы жаудан қорғану үшін және өз жерін кеңейту үшін көрші елдерге үнемі шапқыншылық жасап отырған. Ондай хабарлар жазба деректерде көптеп кездеседі. Мәселен, оларда қимақтардың 11 ғасырда "тоғыз-ғұздар" жерінің бір бөлігін қол астына қаратқаны айтылса, ал X ғасыр басында тоғыз-ғұздардың шекаралық қаласы-Шығыс Түркістандағы Жамлекес қаласын басып алғандығы баяндалады. Сонымен бірге, қимақтар Енисей бойындағы бойындағы қырғыздарға да шабуыл жасап тұрған. Ал Сыр бойындағы оғыздармен бірде тату тұрып, бірде өзара соғысып қалатын кездері де болады. Міне, осындай жағдайлардан бұл тайпалардың тілдік қатынас жағынан да, мәдениеті жағынан да ұқсас тұстары өте көп.
Қимақтарда жазу болған деп топшылауға дәлел бар. Мұны Әбу Дулафтың мына сөзінен көреміз: «Оларда қамыс өседі, бұл қамыспен олар жазады». Тегі қимақтар қамыс қаламмен жазып, мұнда ежелгі түрік әліппесін пайдаланған болуы керек. Мұны Ертіс бойынан, Тарбағатай тауларынан табылған заттар — мезгілі IX—X ғасырларға қатысты түрік жазулары бар қола айналар да көрсетеді.
Қимақтар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысты. Олар мұнымен қатар егіншілікпен де шұғылданды, балық, аң аулады, тайғалық аймақтарда қымбат аң терілерін дайындады. Қимақтар арасында қолөнері де дамыды, мата тоқып, киім тікті, металл бұйымдар шығарды, темір, күміс, алтын өндіріп, металл құйды. 9 – 11 ғасырлардағы араб-парсы авторлары отырықшы қимақтардың тұрақты мекендері болғанын жазады. әл-Идрисидің (12 ғасыр) дерегіне қарағанда, олардың өзендер мен көлдер жағасына, таулы аудандарда, пайдалы қазба байлықтары орналасқан жерлерде 16 қаласы болғаны келтіріледі. Олардың көпшілігі сауда жолдарына орналасқан. әл-Идриси қимақтар хақанының Ертіс өзенінің жағасындағы астанасы мықты қорғанмен қоршалғанын жазады. 9 – 11 ғасырларда қимақтар арасында ежелгі түркі діни нанымының қалдықтары өріс алды, онда тәңірі мен аруаққа сенушілік басым болды. Сонымен қатар, олардың арасында түрік халықтарына кең тараған бақсылық та етек алды. Қимақ тайпалары мекендеген аймақтарда тас мүсіндер қою салты кең тараған, олар сол мүсіндерге табынған. Қимақтар әлеуметтік және мәдени жағынан 6 – 8 ғасырларда ежелгі түркі ортасында қалыптасқан дәстүрлерді ұстап, одан әрі дамытты. 11 ғасырдың басында қимақтардың орнына жаңадан нығайған қыпшақ тайпалары келді.
X ғасырдың аяғы XI ғасырдың басында Қимақ мемлекеті ыдырайды. Оның құлауының екі себебі болды. Негізінен алғанда, өзін-өзі билеуге және өз мемлекеттілігін құруға ұмтылған қыпшақ хандарының қимақтардың орталық билігіне бағынбауына байланысты ішкі сипаттағы себеп. Сонымен қатар XI ғасырдың басында қоныс аудара бастаған көшпелі Орталық Азия тайпалары қоныс аударуының ықпалымен болған сыртқы оқиғалар. Тайпалардың қоныс аударуының негізгі себебі — 916 жылы Солтүстік Қытайда қидандардың Ляо мемлекетінің кұрылуы болды. Бұл держава жерінің батысқа қарай ұлғаюы көшпелі тайпалардың одан әрі ығысуына әкеп соқты. Тайпалардың орасан зор қоныс аударуының жаңғырығы орта ғасырлардағы көптеген деректемелерде: араб-парсы, орыс, армян, венгр, Византия, сирия және т.б. деректемелерінде көрініс тапты. Бұл деректемелерден ең алдымен араб ғалымы әл-Марвазиді (XII г.) атап өткен жөн, онын шығармаларында сол көшу жөнінде мейлінше кұнды ақпарат сақталған, ол тайпалардың қоныс аударуын былайша суреттейді: «Олардың (түріктердің) арасында кұндар деп аталатын бір топ адам бар, олар кытай қағанынан қорқып, Қытай жерінен келді. Олар — несториан сарынындағы христиандар. Өздерінің аймақтарынан олар жайылымның жеткіліксіздігінен кетті. Икинджи ибн Қошқар Хорезмшах солардың (арасынан) шыққан. Олар (құндар) қайлар деп аталатын халықтан теперіш көрді. Бұлар олардан көп те күшті болатын. Бұлар оларды жайылымнан қуды. Сонда құндар шарлар жеріне келіп қоныстанды да, шарлар түрікмендер жеріне көшті. Түрікмендер оғыздардың шығыс жерлеріне көшті, ал оғыздар Армян теңізіне жақын маңайдағы печенеттер жеріне көшіп барды». Бұл арада Армян теңізі деп Қара теңіз айтылады. Демек, бұл көшу Қытайдан Қара теңізге дейінгі халықтарды қамтыды. Бұл мәліметтерге бірқатар ғалымдардың жасаған талдауы қысқаша түрде мынадай көріністі көзге елестетуге мүмкіндік береді: қай және құн тайпалары қимақ-қыпшақ тайпаларының бір тобын Солтүстік-Шығыс Жетісу мен Ертіс өңіріне ығыстырып, Қимақ мемлекетіне соққы береді. Сөйтіп қайлар қыпшақтарды орнынан қозғайды, ал қыпшақтар оғыздарды Сырдария өзенінің аңғарынан, Аралдың батыс өңірі мен Каспийдің солтүстік өңірінен ығыстырып, оларды орыстың оңтүстігіндегі және Қара теңіз өңірі далаларына көшуге мәжбүр етеді. Оғыздардың жерін басып алғаннан кейін қыпшақ хандары едәуір күшейіп, қимақ-қыпшақ және қуман тайпаларьшың бұрынғы қоныстанған негізгі жерінде күш-қуаты жағынан басым болады, ал қимақтар осы оқиғалар барысында саяси үстемдігінен айырьшып қана қойған жоқ, сонымен қатар қыпшақтарға тәуелді болып қалды. Қимақтар бір бөлігі Ертісте қалып, екінші бөлігі Түркістан және Орта Азия аймағына қоныс аударды, енді біразы қыпшақ тайпаларымен бірге батысқа, оңтүстік орыс далаларына қарай қозғалды. Қыпшақтар Қимақ мемлекетінің орнын басты.