22. Махамбетшығармаларын жариялау, зерттеу жұмыстары. (Х. Досмұхамедұлы, Қ. Жұмалиев, Н. Савичев, Е.П. Ковалевский т.б.).
1925 жылы Халел Досмұхамедұлы жариялаған “Исатай-Махамбет” атты кітаптағы пікірлер бойынша, “Махамбеттің өзі де жас кезінде Жәңгірдің нөкерінде болған екен. Исатай ханға қарсы бола бастағанда – ақ Исатайға еріп кеткен. Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы; өте қызулы адам екен…”-делінген.
Сондай-ақ Махамбеттің орысша, мұсылманша сауатты адам болғаны туралы деректі материалдар бар екені мәлім. Олардың бірі тарихшы А.Ф.Рязанов тауып мәлімдеген Махамбеттің 1939 жылғы елде қалған жолдастарына жазған хаты; екіншісі , 1845 жылғы Орынбор шекара комиссиясына баласы Нұрсұлтанды оқуға алуын сұрап, өз қолымен жазып жолдаған арызы.
Махамбет өз кезінің алдыңғы қатарлы, көзі ашық, білімді адамы болған.Хан сарайы айналасында жүрген Махамбет жас кезінен оқуға мүмкіндік алған.
Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар қозғалысы туралы соңғы жылдары жаңа деректер табылып, олар баспа бетін көре бастады.Сол деректердің ең ұстамдысы деп біз Никита Савичев (1821-1855) қалдырған еңбекті атамақпыз. Никита Федорович Савичев XIX ғасырдың екінші жартысында Орал қаласында әскеи қызмет атқарған, тарихшы-этнограф, архив ісімен шұғылданушы, сурет өнерімен, жазушылықпен әуес, жан-жақты талапкер адам болған.Исатай мен Махамбет көтерілісі туралы алғаш тарихи шынайы пікір түйіндеген прогресшіл зерттеуші.
Исатай қозғалысын біз бұрын батыр өлген 1838 жылмен аяқтап жүрдік. Ал Савичев материалдары бойынша көтерілістің жалғасы 1842 жылы Аббас Кучиев және Муса Айбулатовтар басшылығымен хан Жәңгірдің қатал жауыздығына қарсы болыпты.Бірақ сәтсіз аяқталған.
Савичевтің мәліметі бойынша, Исатай Тайманов 1838 жылы 12 шілде күні Ақбұлақты оқиға үстінде “өз ерлігінің құрбаны ретінде қаза тапты” деп, Исатай Таймановты ол аққан жұлдызға (метеорға) балайды, “Дауылпаз батыр” санайды.
Н.Савичев Исатайдың серіктері ішінде Махамбетті ерекше еске алады. Ол көп жерде екеуін қатар атап, нағыз пікірлес, мақсаттас, қайтпас қайсар батырлар санайды.”Көтеріліс тәмамдалғаннан соң,-дейді Савичев, -Исатай нөкерінің аман қалған қазақтары Қиылға қарай жол тартты. Бұлардың ішінде Таймановтың бірден-бір жанашыр жолдасы, әрі жолын қуушы шәкірті ретіндегі ақын інісі Махамбет Өтемісов те бар еді”. Исатай қазасынан кейін Махамбеттің жауына берілмей, батыр ісін қайта бастап, көтеріліс туын жықпау жолында жан аямай күресіп, ат арқасынан түспегенін, ақыры қатыгез жаулары оны да құтқармағанына аяныш білдіреді.”Ықылас бастаған Б.Айшуақовтың жендеттері оны 1846 жылы 16 қазан күні (Қаройда) сатқындықпен өлтіреді”,-деп батырдың өлімін де өкінішпен аяқтайды.
Махамбет-суырып салма ақпа ақын. Өлеңдері ауызша тарап келген. Сөйтсе де ақынның кейбір өлеңдері өзінің мазмұны жағынан да, түр өзгешелігі жағынан да бұрынғы ауыз әдебиеті шеңберінен жоғары, жазба әдебиетке біртабан жақын тұр. Махамбет өлеңдері баспа бетін кейін көрді.Кейбір өлеңдері XX ғасыр басында, Қазан төңкерілісі алдында шыққан қазақ ақындарының жинақтарына енеді. 1908 жылы қазанда басылып шыққан “Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны” деген жинаққа Махамбеттің жүз жолдан астам екі толғауы енген.Бұл басылымдағы өлең “Борайда-борай қар жауса” деп басталады. “Беріш батырының сұлтанға айтқаны” деген атпен қазір бөлек басылып жүрген бірнеше өлеңі осы жинақта біріктіріліп беріледі.Бұлардың Мұрат ақынның айтуы бойынша басылғаны ескертіледі. Жалпы мазмұнында ерекше өзгешелік жоқ… Тек кейбір жолдары ғана қазіргі басылуынан біраз бөлегірек. Махамбет толғауларының кейбір үзінділері 1910 жылдары Орынборда шыққан “Шайыр” жинағында да басылған.Осы жинақта “Исатайдың әндесі Махамбет жыраудың сөзі” деген атпен ақынның “Ереуіл атқа ер салмай”, “Мен, мен едім, мен едім” толғаулары берілген. 1927 жылы шыққан М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” атты еңбегінде Махамбет шығармасына бірінші рет талдау жасалды. Кейінірек, Махамбеттің өмірі мен шығармашылығына М.О.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев,И .Жолдыбаевтар оқулықтарында да (1933-1934) біршама орын берілді. Жазушы С.Мұқанов Махамбет творчествосын өзінің “XVIII-XIX ғ. әдебиет тарихының очеркінде” кең талдады. 1939 жылы Махамбет өлеңдерінің жинағы жеке кітап болып басылды.