Хіх ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай және қазақ әдебиеті



бет1/110
Дата12.05.2023
өлшемі345,76 Kb.
#92378
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   110

  1. ХІХ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай және қазақ әдебиеті.

ХІХ ғасырдан бастап қазақтың жазба әдебиетi — әлеумет халiн ұғып, ел қамын жақтауға кiрiсiп, өлең бұрынғыша, қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметiн атқара бастады, елдiң саяси пiкiрi мен тiлек, мақсат, мұң, зар сияқты сезiмдердiң басын қосып, жаңадан ой негiзiн, салт санасын құрауға кiрiстi, бұл уақытқа шейiн болмаған әлеуметшiлдiк сарыны, азаматтық нысанасы бой көрсеттi. Осындай әлеуметшiлдiк сарынды көбейткен тарихи оқиғалар бұл дәуiрде орыс отаршылдығымен байланысты туды. Ресей империясына бодан болу, сонымен байланысты туған ел iшiндегi өзгерiстер, қанаудың күшеюi, халық тың тiршiлiк ету аясының тарылуы, ұлттық намыстың тапталуы қазақ ақындары шығармаларында кеңiнен бейнелендi. Осы өзгерiске қарсы анық наразылық Махамбет Өтемiсұлы өлеңдерiнен айқын көрiнедi. Махамбет жырлары — Исатай Тайманов бастаған көтерiлiстiң (1836—37) ұраны, үнi. Мұнда көтерiлiстiң мақсат-мұраты (“Қорлықта жүрген халқыма бостандық алып берем деп”), оған қатысатын ерлердiң сипаты (“Ереуiл атқа ер салмай”), соғыс суретттерi (“Соғыс”), Исатайдың батырлығы мен оны жоқтауға арналған жырлар (“Тарланым”, “Мұнар күн”), ақынның өз жайына, көңiл-күйiне (“Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, “Қызғыш құс”) байланысты өлеңдерiне жалғасып, тұтастай көтерiлiс тарихын, сол кезеңдегi әлеуметтік жағдайды бейнелейдi. Исатай-Махамбет көтерiлiсiне тiлектес ақындар қатарындағы Шернияз Жарылғасұлының Исатайды мадақтап, Баймағамбеттi даттайтын өлеңдерi батылдығымен, тапқырлығымен бағалы. Исатай—Махамбет көтерiлiсiне жалғас туған Кенесары—Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысы да (1837-1847) өзiне тiлектес әдебиет тудырды (“Наурызбай -Қаншайым”, “Топ жарған”, “Жасауыл қырғыны”, Нысанбай Жаманқұлұлының “Кенесары-Наурызбай” жыры). Сыр бойында, Батыс Қазақстанда өткен патша отаршылдығына қарсы көтерiлiстер кезiнде жаңа жырлар туды (“Бекет батыр”, “Жанқожа батыр”). Отаршылдыққа қарсы күрес поэзиясы қазақ көркем сөзiнiң дамуында озық идеясымен, халықтық мазмұнымен жаңа белес саналады. Билеушiлерге қарсы наразылықты ашық айтқан шыншыл поэзия туды, адамды суреттеудiң жаңа тәсiлдерi қолданылды. Осы қатардағы ақындар iшiнде Жанақ Сағындықұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Сүйiнбай Аронұлы елеулi орын алады. Отаршылдық дәуiр әдебиетiнiң ақындары шығармаларында ел байлығының талауға түсiп, халықтың кедейшiлiкке ұрынып, қоныстың тарылуы, зорлық-зомбылықтың күшеюi, парақорлықтың етек жаюы, адамдар мiнез-құлқының өзгерiп, ұсақталып, берекесiздiкке түсуi, дiн шарттарының еленбеуi, т.б. жағдайлар кең қамтылып, көркем бейнелендi. Оларды заман қайғысы, өткендi ойлап торығу, алдағы өмiрден шошыну зары бiрiктiрдi.
Бұл сарынның көрнектi ақындары — Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердерi Әбубәкiр Шоқанұлы, т.б. халықтық поэзияның түрлерiн жетiлдiрдi. Оны заман шындығын бейнелеумен шебер байланыстыруда, реализмдi байытып, адам психологиясындағы өзгерiстердi жарқын суреттеуде, тiл өрнегiнде сан алуан жаңалықтар табуда осы топтағы ақындардың еңбегi үлкен. Олардың бiразы отарлаушыларға шошына қарады, дегенмен шығыс әдебиетiмен, дiни әдебиет үлгiлерiмен жете таныс болуы арқасында көркемдiк құндылығы жоғары туындылар жасады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы әдебиетті талдау үшін сол кездегі саяси, қоғамдық - әлеуметтік, рухани, мәдени оқиғаларды еске түсірген жөн. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында басты - басты төмендегідей тарихи оқиғалар болды.
1. 1860 жылдардын бастап Ресейдің қазақ жерін, елін отарлауы толық аяқталады. Жер Ресей мемлекетінің меншігіне айналды. Қазақ жерді пайдаланушы ғана болды.
2. 1861 жылы креспостнойлық (басыбайлылық) тәртіп жойылып, бас бостандығын алған орыс шаруаларына қазақ даласындағы жерді пайдалану жөнінде «Уақытша ереже» шықты. Осы ережеге сәйкес орыс шаруалары қазақ даласына қоныстандырылды, осыған байланысты басқа көптеген өзгерістер келді.
3. Салық төлеудің жаңа тәртіптері бекітілді.
4. Сауда-саттық, тауар айырбасы басталды. Бұл капитализмнің алғашқы белгілері еді.
5. Саудагерлер қатары көбейіп, байлықтың басын қолдарына алды.
6. Патшаның қорғаныс күші - казак - орыстар көп билікке ие бола бастады. 7. Қазақ елін билеудің («Жаңа низам») патша мүддесіне бағындырылған ережесі шықты.
8. Ел билеуге таласқан қазақ болыстарын патша ұлықтар ұлтты іріту, бөлу, бөлшектеуге пайдаланды.
9.Орыс шаруаларының қоныс аударылуына байланысты қазақтар да отаршылыққа көше бастады.
10.Капиталистік қатынастардың негізінде қалалар, өндіріс орындары бой көтерді.
11.Орыс тіліндегі мектептер ашылды(Орынбор, Орал, Троицк, Торғай т.б.). 12. Еуропа, орыс оқу -білімін негізінде алған мектептер 70-80 жылдары қазақ жерінің әр жерінен көптеп салына бастады.
XIX ғасырдың екінші жартысынан басталған қазақ жерінде саяси, тарихи оқиғалар қоғам айнасы - әдебиетте түрлі қырынан, сан алуан мазмұн, идеясымен көрінді.
XIX ғасырдың екінші жартысынандағы қазақ әдебиетінде ұлттық әдебиетті қызық еткен, қазақтың дәстүрлі өмірін, тұрмысын мадақтағандар, халықты өнер - білім алуға шақырған, жаңа мәдениет пен өнерді үйретуге наихаттаған ағартушылық бағыттағылар, сонымен бірге өнер, білім алуды жақсылық белгісі деп түсінген, қазақтың бұрынғы әдебиетіне де тілектес әнші, композитор, ақындар қоғам туралы түрлі пікір берді.
А.Құнанбаев (1845-1904) - алғашқы қазақтың ұлттық, халықтық әдебиетін жасаушы ақын. Ы. Алтынсарин (1841-1889) халық болашағы басқа халықпен білімі тең деңгейде жарқын болатынын түсініп, алғаш жаңа үлгіде мектеп ашты.
Ш. Уәлиханов (1835-1865) қазақ халқының білім алып, сол кездегі дамыған мәдениетті елдер қатарына қосылуын қалады, сол жолда еңбек етті. Қазақ елінен де тереңнің сырын ашар, тіршіліктің мәніне бойлар ғалым шығатынын дәлелдеді. Абай, Ыбырай, Шоқан сияқты тұлғалар қазақтың еркіндігін, өз білімімен, ақыл -ойымен, парасат, адамгершілігімен өзгелермен тең, озық болуын арман етті.
Мұрат Мөңкеұлы(1843-1906), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Әбубәкір Шоқанұлы (1858-1912) өмір тынысына айналып бара жатқан байлыққа құмарлық, билікке талас, халықты езу, халықтың арасында тұрмыс тіршілігі төмендеген қазақтардың көбейіп келе жатқанын көріп, заманның, елдің азғаны деп торығып, кешегі елдің өзбилігі өзінде, қазақ құрмет тұтқан билер мен хандар дәуренін аңсады. Мұрат, Әубәкір ақындар елдің тұрмыс қалпына сыналап ене бастаған орысша киім үлгілерін, халық салтын, әдетін бұзушы деп танып, бұндай елден безіп, жанға дауа болатын, ел бірлігін сақтайтын орта іздеу идеяларын айтты. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде айтыстың да небір маржан үлгілері дүниеге келді. Біржан Сал, Сара, Сүйінбай, Үмбетәлі, Кемпірбай, Нұрила, Шөже, Орынбай, Жамбыл т.б ақындар қазақ қоғамының жақсы -жаманын жырға қосты. XIX ғасырдың екінші жартысында кең тынысты сюжетті дастандар жазылды. Әсет Найманбайұлының «Сәмен - Салиха», Мағауия Абайұлының «Кавказ», Ақтан Керейұлының «Қырымның қырық батыры » дастандары ауыз әдебиетіндегі жырлардың жалғасындай болды.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   110




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет