4. ХІХ ғасырдағы әнші-ақындар творчествосының ерекшеліктері. Әнші ақындар поэзиясының ерекше дамыған кезі - 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басы. Қазақстанның әр өлкесінен шыққан өнерпаздар халыққа өнер көрсете жүріп, әншілік-өнер мектептерін, орта дәстүрін орнықтырды. Арқадағы Біржан сал мен Ақан сері маңына бір шоғыр талантты топ жиналса, Маңғыстауда "Адайдың жеті қайқысы" деген атпен белгілі сал-серілер - Шолтаман, Тастемір, Досат, Тұрсын, Жылкелді, Әділ, Өскінбай ел аралап өнер көрсетті. Әнші ақындар композиторлық дарынмен бірге тыңдаушысын арбап алатын сазы, құдіретті даусымен жұртшылыққа танылған. Көпшіліктің ықыласына бөленген. Біржанның "Әңгіме сегіз дуан таңырқаған", "Пар келмеген еш әнші тіпті маған", Әсеттің "Әсеттей сал, ән салсаң, аңыратып, Орман, тоғай, өзенді жамыратып", "Әуелетіп ән салса, әнші Әсет, аққумен аспанда тілдеседі" деуі тегіннен тегін шықпаған. Олар қазақ әнінің классик, биікке жетіп, формалық, әуендік жағынан байи түсуіне шексіз үлес қосқан. Арқадағы үлкен әншілік орта Біржан сал, Батыс Қазақстандағы өншілік мектеп Мұхит атымен, Сыр бойындағы гармонмен айтылатын бір мақам дәстүрі Нартаймен байланысты. Әнші ақындар көбіне пәк таза махаббатты, сұлу әйел сипатын жастық шақ, жігіттік арман, ар-намыс бостандығын жырлауға ден қойды. Оған Ақан сері, Біржан сал, Естай, Балуан Шолақ, т.б. ақындардың шығармашылығын айтуға болады. Әйел затының әдемі көрік-келбетін, жан дүниесінің сұлулығын әсерлі жырлаған Ақан серінің "Ақтоқты", "Мақпал", "Перизат", "Ақсаусақ", "Жамал қыз", "Балқадиша", Үкілі Ыбырай әйғілі "Гәккуі", Естайдың "Қорлан", Қайыптың "Ақбөбек", Сауытбектің "Ақбөбек", т.б. махаббат тақырыбына арналған. Әнші ақындар шығармашылығының поэзиямызда өзгеше, арналы болып қалыптасуына қазақ даласындағы тарихи әлеуметтік жағдай ықпалын тигізді. 19 ғасырдағы сан қабатты өзгерістер, ежелгі салт-дәстүрдің, қауым мен қауым, адам мен адам арасындағы қатынастардың басқаша өріс табуы әншілік поэзиямыздың қуаттана дамуына қолайлы жағдай тудырды. Мәди, Жаяу Мұса, Сары Батақұлы, Иманжүсіп, Қанапия, т.б. ақындар өлеңдерінде әлеуметтік теңсіздіктерді сынады. Мәселен, Жаяу Мүсаның "Ақсисасы" - теңсіздікке, зорлықшыл, қиянатшыл үстем топтардың іс-әрекеттеріне деген наразылық пен ызакектің уытты күшін көрсететін әлеуметтік мәні зор туынды. Сол себептерден аталған ақындар шығармашылығы күрескерлік те қасиетімен ерекшеленеді.