Хіх-хх ғ. басындағы Германия және Австро-Венгрия



бет3/3
Дата16.05.2023
өлшемі38,92 Kb.
#93680
1   2   3
Байланысты:
лекция №10

1900-1914 жж. Германия. ХІХ-ХХ ғасырлар қиылысында Германия капиталистік дамудың монополистік кезеңіне өтті. Герман монополиялары ағылшын және француз империализміне қарағанда ерекше қарқынмен дамыды. 1870 жылы Германияның әлемдік өнеркәсіптік өндірістегі үлесі 13 %-тен 1913 жылы 16 %-ке дейін өсті. Өнеркәсіптік пролетариаттың саны 1882 жылдан 1907 жылға дейін 5,9 млн.-нан 10,9 млн.-ға дейін ұлғайған. 1882 жылы жұмысшылардың жартысынан көбі ұсақ кәсіпорындарда жұмыс істесе, 25 жылдан кейін, керісінше ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылардың үлес салмағы артты. Сонымен бір мезгілде халық санының өсуі байқалды. 1910 жылы халық саны 64,9 млн. адамға дейін өссе, 1914 жылы 67,8 млн. адамды құрайды. Халық санының өсуі негізінен Германияның солтүстік және орталық аудандарында орын алды.
Германияда капиталистік монополиялар картелдер және синдикаттар түрінде қалыптасты. Монополиялардың дамуы әсіресе, ауыр өнеркәсіпті қамтыды. Бұл салалардағы өндірістің шоғырлануы монополиялардың құрылуымен қатар келді. ХХ ғасырдың басында ірі және күшті монополиялық бірлестіктерді құруға тырысушылық пайда болды. Мысалға, 1910 жылы шойын балқытушы синдикаттардан шойын балқытушылардың одағы пайда болып, 1912 жылы бұл одақ Германиядағы барлық шойын өндірісін өз бақылауына алады. Осындай процестер көмір өндірісінде де жүрді. Болат өндірісінде монополиялындыру процесі қалған салаларға қарағанда кеш басталды. ХІХ ғасырдың 90-жылдары бірінші шойын бірлестіктері пайда болады. Германдық ауыр өнеркәсіпте Карл Фюрстенберг, Адольф фон Ганземан, Эмиль Кирдорф, Фридрих Альфред Круп, ағайынды Манесмандар, Эмиль Ратенау, Гуго Стинес, Август Тиссен және Генрих Виганд сияқты ірі фирма мен банктердің өкілдері жетекші жағдайларды иеленді. Герман империализмінің жаулаушылық саясатының басты бағыты капиталды экспортқа шығару болды. Кәсіпкерлер өз капиталдарын Еуропа мен Американың капиталистік елдеріне, оның ішінде, дамушы елдерге бағыттады. Германдық кәсіпкерлер өздері барған елдерге темір жолдар, фабрикалар салды. Дәл осы салада 1914 жылға дейін германдық империализмнің жаулаушылық саясаты көрініс тапты.
Өнеркәсіптегі монополистік дамудың өзіндік ерекшеліктері ауыл шаруашылығында да капитализмнің дамуына серпін берді. Жер мен мүліктің ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындарын құру түрінде шоғырлануы империалистік дәуір басына қарай үлкен көлемге жетті. Жерлер ірі жериеленушілердің қолына шоғырланды. Мысалға, 1891 жылы 274 именияны иеленген 17 ең ірі латифундистер 140 мың гектар жерді бақылауларында ұстады.
1900 жылы 18-қаңтарда қартайған канцлер Гогенлоэ отставкіге кетті. Жаңа канцлер Бернград фон Бюлов болды. Ол Германия тарихына агрессивті сыртқы саясат жүргізуші, ал елдің ішінде «азаматтық бітім» канцлері ретінде енді. Бюлов сыртқы істер ведомствасының мемлекеттік хатшысы бола отырып, Германияның бірқатар жаулаушылық саясаттарының ұйымдастырушысы рөлін атқарды. Оның агрессивті сыртқы саясаты қуатты әскери-теңіз флотын жасақтауға бағытталды.
Ішкі саясатта Бюлов еңбекшілер бұқарасына қарсы бағытталған юнкерлік пен ірі өнеркәсіптік және қаржылық буржуазияның арасындағы одақты нығайту саясатын жүргізді. Бұл одақтың нақты жүзеге асуы кедендік тарифтің жасақталуы болды. 1902 жылы 14-желтоқсанда тариф 100 дауысқа қарсы 202 дауыспен қабылданады. Жаңа кедендік тариф халық арасында өсімқорлықтық деген атау алды. Жаңа кедендік тариф арқылы ірі юнкерлік жыл сайын көлемді пайда тауып отырды. 1904 жылы кедендік тарифтің күшіне енуімен Германияда азық-түлік түрлеріне баға өсті. Оның үстіне 1900-1903 жылдары экономикалық дағдарыс елде өнеркәсіптік өндірістің уақытша құлдырауына және жұмысшы табы мен еңбекшілер бұқарасы жағдайының төмендеуіне әкелді. Соған байланысты қоғамда әлеуметтік жіктелу процесі тереңдеп, таптық қайшылықтар өсті. Бұрынғы канцлер Гогенлоэнің жұмысшылар қозғалысын күштеп басуға бағытталған саясатын жалғастыру сәтсіздікке ұшырады. Осы жағдайда, канцлер Бюлов еңбекшілер бұқарасының әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі демагогтік мәлімдемелер жасайды. Дегенмен, бұл саясат жүзеге аспай, оған жауап ретінде германдық пролетариат таптық күресті күшейтті.
Империализм дәуірінің басталуы дүниежүзін бөліске салу жолындағы күрестен көрінген әлемдік аренадағы ұлы державалар күштері арасалмағының өзгеруімен қатар жүрді. ХІХ ғасырдың соңғы жылдары мен ХХ ғасырдың басындағы бұл күрестің ұйымдастырушысы Герман империализмі болды. Сондықтанда, әлемдік саясатта осы кезеңнен бастап ағылшын-германдық қарама-қарсы тұрушылығы жетекші орын алды. Ол көптеген мәселелерді қамтыды. Ағылшын-германдық мүдделер Балқанда және Таяу Шығыста, Африка және Азияда қайшы келді. Оның үстіне ХІХ ғасырдың аяғына дейін негізінен жаяу әскерлі держава болған Германия ХІХ-ХХ ғасырлар қиылысында үлкен әскери-теңіз флотын құру туралы шешім қабылдайды. Бұл шешімді жүзеге асыру үшін бірқатар заңдар қабылданды. Мысалға, 1900 жылғы заң бойынша германдық флот маңызды мөлшердегі теңіз әскери кемелерінің басқа түрлерін есептемегенде, 32 линиялық корабльден, 11 ауыр және 34 жеңіл крейсерлерден және шамамен 100 миноносцтерден тұруы тиіс болды.
Елдің өсу үстіндегі әскери-теңіз флотына және мемлекеттің ұлғайған экономикалық қуаттылығына сүйенген Герман монополиялары дүниежүзін бөліске салу үшін белсенді күреске түсті. Империалистік жаулаушылық саясатының бір түрі басқа елге «бейбіт жолмен ену» тәсілі болды. Бұл бағыттағы бірінші қадам Константинопольден Бағдад арқылы Парсы шығанағына дейін созылған Бағдад темір жолының жобасын жүзеге асыру еді. 1898 жылы қазанда кайзер ІІ Вильгельмнің Шығысқа сапары орын алды. Бұл сапар германдық монополиялар мен банктердің экономикалық жаулаушылығын одан әрі тереңдетуге тырысушылығын білдірді.
Германдық империализмнің агрессиялық сыртқы саясатының екінші маңызды бағыты Германияның Қытайды бөлшектеуге қатысуы болды. Германия басқа империалистік державалармен бірге, оның ішінде Америка Құрама Штаттарымен Қытайдағы көтерілісті басу үшін еуропалық державалар және АҚШ-тың экспедициялық корпусын жіберуді ұйымдастырды. 1900 жылы 27-шілдеде Бремергафеннен Қытайға жіберілгелі тұрған германдық экспедициялық корпусты шығарып салу жиынында ІІ Вильгельм солдаттарды тұтқынға алмауға, керісінше мың жыл бұрынғы ғұндар сияқты әрекет етуге шақырды. Кайзердің бұл сөзінің астарында Германдық империяның жаулаушылық саясаты жатқан болатын. 80-жылдардың ортасынан Германия отарлық жаулаушылық жолына түсті. Өтіп кеткен ширек ғасыр бойы ол 12 млн. аса адамдық халқы бар жалпы көлемі 3 млн. шаршы шақырымдық отарлық иеліктер жаулап алады. Бұған қанағаттанбаған ІІ Вильгельм үкіметі 90-жылдардың басында бірқатар жанжалдарды ұйымдастырудан көрінген халықаралық шаралар жүргізді. Бұл шаралар ең алдымен 1905 және 1911 жылдардағы Мароккоға байланысты жанжалдарға қатысты еді. Мұндай жанжалдар жалпыеуропалық дағдарыстарға әкеліп отырды.
ХХ ғасырдың бірінші онжылдығы бойы екі ірі әскери-саяси топ – Антанта және Үштік одақтың қалыптасуы түпкілікті аяқталады. Соңғысының басшылығында әлемдік соғысқа дайындық бағытын ұстанған империалистік Германия тұрды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет