Модуль 7. Сандық анализ
Дәрістер № 16-17. Сандық анализ. Гомогенді жүйедегі тепе-теңдік.
АНАЛИТИКАЛЫҚ ХИМИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ, ӘДІСТЕРІ, ҚОЛДАНЫЛУЫ
Аналитикалық химия – заттардың химиялық құрамын оқитын ғылым. Аналитикалық химия сапалық және сандық анализден тұрады. Сапалық анализ жасау арқылы заттың құрамын және қандай заттардан тұратынын анықтайды, ал сандық анализ арқылы заттың компоненттерінің мөлшерін анықтайды. Аналитикалық химия ауыл шаруашылығы химиясында, тамақ өндірісінде, фармацевтикалық химияда, қоршаған орта химиясында, металлургияда, химия өндірісінде қолданылады. Мысалы, тамақ өнімдеріндегі улы заттарды (пестицидтерді), сонымен бірге, пайдалы заттарды (витаминдерді), үлкен қалаларда ауадағы көміртек монооксиді мөлшерін, диабет ауруларының қандағы глюкоза мөлшерін анықтайды. Сынама қатты, сұйық, газ не қоспа түрінде болуы мүмкін.
Аналитикалық химияда химиялық, физика-химиялық және физикалық әдістер қолданылады.
Анализдің химиялық әдістері заттың химиялық реакцияға түсуіне негізделген. Химиялық әдістерге титриметриялық және гравиметриялық әдістер жатады.
Физикалық әдістер заттың қандай да бір параметрін өлшеуге негізделген.
Физика-химиялық әдістер заттың физикалық қасиеттерінің химиялық реакция нәтижесінде өзгеруіне негізделген (кондуктометрия, потенциометрия, амперометрия, хроматография, фотометрия).
ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІНДЕГІ АНАЛИТИКАЛЫҚ ХИМИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ
Бұл өндірісте аналитикалық химияның әдістері арқылы мына мәселелер шешіледі:
1. шикізаттың (сырье) сапасын анықтау;
2. өндіріс процесін қадағалау;
3. шыққан өнімнің сапасын қадағалау;
4. қоршаған ортаны қорғау;
5.шикізат пен алынған өнімнің құрамындағы адам организіміне улы заттарды (ауыр металдарды – қорғасын, сынап, кадмий т.б. канцерогенді қосылыстарды) анықтау. Улы заттар мөлшері белгіленген концентрациядан (ПДК) аспауы керек.
Сандық анализ макро-, микро- және ультрамикроанализ болып бөлінеді. Макроанализ 0,5-1г затты анализдейді. Микроанализ заттың миллиграмм мөлшерін анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |