“Хұсрау мен Шырын” — Алтын Орда дәуірінің әдеби мұрасы. Авторы — Құтб қыпшақ тайпасынан шыққан. Ол бұл шығарманы Низами Гәнжауидің парсы тілінде жазылған “Хұсрау уа Шырын” поэмасынан аударған. Поэма Хұсрау деген жігіт пен Шырын есімді қыздың арасындағы шынайы махаббатты баяндауға арналған.
Құтб ақын «Хұсрау — Шырынды» аударғанда дәстүрлі тақырыпқа шығарма жазудың осы әдісін шебер қолданған. Ол түпнұсқадағы идея мен сюжетті, мазмұн мен форманы, дастанның көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, оған өз дәуірінің -XIV ғасырдағы Алтын Орда мемлекетінде орын алған әлеуметтік құбылыстарды табиғи түрде енгізе білген. Низами өз дастанында Хұсраудың таққа отыру салтанатын оның дүние — жиһазын, ақсүйекті ата — тегін мақтаудан бастайды. Ал аудармашы Құтб дүние — мүлік, атақ — дәреже емес, Хұсраудың әділетті, оқыған, адамгершілігі мол жан екеніне көбірек көңіл бөлген. Адам бойындағы ең асыл қасиеттерді — адалдықты, мейірімділікті, бауырмалдықты, мөлдір махаббатты, білімділікті, еңбек сүйгіштікті ту етіп көтерген бұл дастанның тәрбиелік, танымдық мәні зор.
«Хұсрау — Шырын» дастанының басты қаһарманы — Шырын. Дастанда Шырын тек сұлу қыз, адал жар ғана емес, сонымен бірге ол — әділетті патша, халық қамқоршысы. Сондай -ақ ол дастанның екінші бір басты қаһарманы — Хұсрауды қайта тәрбиелеген мейірбанды жан. Шырын өз елінде ғана емес, сүйген жігіті Хұсраудың мемлекетінде де әділдік пен тыныштық, дәулетті, тұрмыс – тіршілік орнатуға барынша күш салады. Шырын өз махаббатына өле- өлгенше адал жан. Құтб осы Шырын образы арқылы мемлекетті қашанда әділ, білімді, инабатты, мейірбанды жандар басқаруы керек деген пікір айтады.
Дастандағы ең күрделі образ — Хұсрау бейнесі. Хұсрау шығармада екі түрлі қырынан көрінеді. Бірі — махаббатқа опасыз, ойын –сауыққа құмар, жеңіл мінезді, залым Хұсрау. Екіншісі — елге қайырымды, әділ патша Хұсрау. Дастанда осы екі Хұсрау арасында ұзақ уақыт күрес болады. Біресе Хұсраудың жағымды мінез — құлқы жеңіп, ал келесі жолы ұнамсыз жақтары басым түсіп жатады. Ол көңіл көтеру қамын ойлап, ойын –сауыққа берілген кездерінде мемлекетті басқару істерін ұмытып кетеді. Хұсрау бойындағы сүйіспеншілік сезімі алғаш тұрақсыздау болып келеді. Сол кезде ол Мариямға, кейінірек Шекерге үйленеді. Ол шынайы сезімнің өзін өткінші нәрсе деп біледі. Бірақ Хұсрау бұл күйінде қалмайды. Шырынның ақыл –парасаты арқасында өзгереді. Өз сүйгені жолында ажалдан да тайсалмайтын қаһарманға айналады.
Құтбтың қыпшақ – оғыз тіліне аударған «Хұсрау — Шырын» дастаны ұлы Низамидің прогрессивті ой –пікірлерін білдіре отырып, сонымен бірге XIV ғасырдағы Алтын Орда мемлекетінің ішкі және сыртқы қоғамдық –әлеуметтік мәселелерін де зор шеберлікпен ашып көрсетеді. Бұл дастанда діни – мистикалық әдеби шығармаларға қарсы бағытталған осы өмірді нақты шындығы бейнеленеді. Ақын адамгершілікке, әділдікке, ынсапты болуға, туған жерді туған анаңдай жақсы көруге, қара бастың қамынан гөрі халық мүддесін қашанда жоғары қоя білуге, өнер –білімді игеруге, махаббатқа адал болуға үндейді.
«Хұсрау мен Шырын» дастанының жалпы көлемі -120 парақ, яғни 240 бет. Дастан 4740 бәйіттен тұрады (Низамиде 7000 бәйіт). Дастанда Құтб ақынның өзі жазған жыр жолдары да бар. Қалғандары шығарманы көшірушілер тарапынан қосылған өлеңдер болып келеді. Құтб дастаны 91 тараудан тұрады. Бұл дастанның жалғыз ғана көшірмесі бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен. Қолжазба қазір Париждің Ұлттық кітапханасында сақталып келеді.