Үмбетей Тілеуұлы (1706-1778) - Ақмола облысында, яғни Орталық Қазақстанда дүниеге келген. Арғын тайпасы Қанжығалы руынан шыққан. Ол жас жағынан Бұқар жыраумен құрдас болған деген дерек бар
Үмбетей жырау- дидактикалық поэзияның әйгілі шеберлерінің бірі. Ол жастайынан сөз өнеріне ден қойған. Оның осы жолдағы алғашқы ұстазы - өз әкесі болған. Ол ән өнерін жақсы білген, ел тарихына өте қанық адам болғанға ұқсайды. Сол себепті халық шежірелерінен, шешендік сөздерінен, халық дастандарынан көп тағылым алған.
Үмбетей жырау- елінің қорғаны болған батырларды жырына арқау еткен. "Бөгенбай өліміне", "Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту" атты толғауларында ол Бөгенбай бастаған халық батырларын дәріптеп, қайратты ерлерді ұрпағына өнеге еткен. Жырау Бөгенбай батырдың ерлік бейнесін тамаша өрнектейді. Оны асқар Алатауға теңейді, тегеурінді бүркітке балайды, "Боламшыдай анадан болат тудың,Бөгенбай" деп қастерлейді. Атамекен жаудан қорғап қалған, халқымыздың ұлан-байтақ жерін-Баянауыл, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстау- бүкіл Сарыарқа атырабын қалмақтардан аман алып қалған Бөгенбай батырдың ерлігін сүйсіне жырлайды
Жамбыл Жабайұлы
Жамбыл Жабайұлы
(28 ақпан 1846, Жамбыл тауы-22 маусым 1945, Алматы) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы
Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы.
Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар- үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады.