Ы. Алтынсарин және Торғай ақындық мектебі



бет5/7
Дата26.05.2022
өлшемі51,38 Kb.
#35670
1   2   3   4   5   6   7
2.4. Торғай ақындық мектебі.
Қазақ поэзиясының дамып, жоғарғы деңгейге жетуі, эстетикалық арнасының кеңи түсуі, біріншіден, халқымыздың туа бітті поэтикалық-шығармашылық қабілеттілігінде жатса, екіншіден, бай эпостық-батырлық, ғашықтық жырларынан нәр алуында, үшіншіден, ақындық мектептерінің молдығына байланысты екендігі талас тудырмайтын шындық. Шығыста Хакім Абайдың ақындық мектебі, батыс өлкесіндегі жыраулық-ақындық мектеп, алмас қылыштай жарқылдаған өткір Шернияз, Қашаған, Махамбет дәстүрі, Қызылорда, Арал бойындағы сыр сүлейлері, оңтүстіктегі жыршы-жырау, термешілер мектебі, Сарыарқаның әнші-композитор, лирик ақындар мектебі, Жетісудағы суырыпсалма айтыскер ақындар мектебі тағы басқа... әрқайсысы түпсіз терең бір-бір мұхит.
Торғай торабында ақындық мектеп болғанын белгілі сыншы, ғалым Есмағанбет Ысмайлов «Ақындар» деген кітабында атап көрсетіп « бастауыш, орта, жоғары дәрежелі мектеп емес, мұның оқу үйренуінің ерекшеліктері бар»,- дейді. Ол ерекшелік – өзінен бұрынғы ақын-жыраулардың шығармаларын жатқа білу, оларды ұстаз тұтып, жанынан өлең шығару, оны домбыраға қосып айтуды үйрету. Айтыстарға қатысып, ақындық өнерін шыңдау.
Торғай ақындық мектебі жайында кейін Назарбек Бектемісовтің «Ахмет ұшқан алтын ұя», Серікбай Оспанұлының «Ахмет өскен ақындық орта», Айбек Қалиевтің «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» кітаптары жарық көрді.
Торғай ақындық мектебі Уақ Жұмабай Шалабайұлынан бастау алады. Оның өлеңдері жігерлі, ақпа-төкпе, эпитет, метафораға бай:
Қанатын қаға алмаса сұңқар дарын,
Менің де өлең-жырдан бұлтарғаным.
Ағайын бала мінер көк тайыңды
Бәйгеге білмей қостың тұлпар барын.
Шамаңды, көлеміңді байқа, балам,
Жөн болар шалабыңды шайқамаған.
Өлеңші ата көріп бата берген,
Бір қонып кеткенің жөн қайта маған.
Кеудемде дауылды өлең ұясы бар,
Сендейлер шыға алмайтын қиясы жар.
Төбемде қаз бауыр бұлт әлі де тұр,
Шамдансам, жыр нөсерін құя салар...
«Сұңқар дарын, бұлтарғаным, тұлпар барын», «Байқа балам, шайқамаған, қайта маған», «Ұясы бар, қиясы жар, құя салар» деген төрт буынды ұйқастары мен « Сұңқар дарын», «Бала мінер көк тай», «Өлең ұясы», «Жыр нөсері» сияқты теңеулері қандай керемет?! Ақын әр сөзге қанат бітіріп, құбылтып, ерекше ажарландырып жібереді. Ұйқастары өз-өзінен құйылып, шиыршық атып тұр, жұп-жұмыр. Еріксіз телінген бірде-бір басы артық сөз жоқ. Поэзия мен музыканың егіздігін осы өлеңнен байқауға болады. Шымыр ұйқаспен әдіптеліп, буын, бунақ саны сақталынып жазылған ырғақты өлең ыңылдап әнге қоссаң алып жөнелгелі тұр. Жұмабай ақын Қостанай облысы, Жанкелдин ауданындағы бұрынғы Тосын болысының № 5 ауылында 1838 жылы туып, 1929 жылы қайтыс болған.
Торғай ақындық мектебі өкілдерінің бірі Сейдахмет ақын. Сейдахмет Бейсенұлы әрі ақын, әрі тапқыр-шешен, темірден түйін түйген ұста, құралайды көзге атқан мерген аңшы, әрі сықақшы, қалжыңқой адам болған. Оны көбіне – көп Торғай бойы қазақтары «Таңат Сейдахмет» деп атаған. Таңат – ақын руының аты. Ұзын қыпшақтың Кеделі атасына жатады.
Оқуға он жасымда талап еттім,
Баланы бұрын түскен қуып жеттім.
Жыр, қисса- өлең кітап оқымауды
Басыма зор уайым қайғы тұттым.
Аз ұйықтап, аз тағам жеп ыждағаттап,
Жанымды ізденіспен ренжіттім.
Ойнақтап, ортекедей ойын салған
Алаңсыз, армансыз күн қайда кеттің?
Талпыныс, талаптылық қасиетті
Өзіме айнымастай тірек еттім.
Сол ұмтылыстың, оқу-білімнің әрі табиғат берген дарынының арқасында оның аты бозбала шағында-ақ Торғай, Қостанай бойына тез тарап, өлең- жырларын ел жатқа айтатын дәрежеге жетеді. Оған ақынның:
Он үште топқа түстім айғайладым,
Жас күнде албырт қиял байқай ма алдын?
Шоқ болып жүрегіне барып түстім,
Жамылып шен-шекпенін шалқайғанның,-
деген жолдары да айғақ болғандай.
Назарбек Бектемісов «Ахмет ұшқан алтын ұя» деп аталатын кітабында Сейдахмет жайында айта келіп, ақынның 1851 жылы туып, 1914 жылы өзі туып- өскен Аманкелді ауданының Қайыңды кеңшарының Қызылжұлдыз атты бөлімшесінде қайтыс болғанын айтады. Ақынның туып-өскен жері дұрыс көрсетілгенмен, туған жылы мен қайтыс болған жылында жансақтық кеткен. Өйткені ақынның басына қойылған құлпытаста: «Ұзын қыпшақ, Кедел руы, Тілеулі тайпасы, Сейдахмет Бейсенұлы, 69 жаста, Әлхамду лиллаһи раббил ғаламин Асхади әжмағин 1912» деген жазу бар. Сонда 1843 жылы туған болады ғой.
Сейдахмет Бейсенұлының «Сейіт-Ахмет деген жігіттің үйіне түсірмеген құрбысына айтқаны», «Бір ақынның әділ төреге айтқан сөзі» деген өлеңдері Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы шыққан «Қазақ хрестоматиясына» енген.
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінде мысалға келтірілуі Сейдахмет өлеңдерінің Ыбырай Алтынсарин құрастырған хрестоматияға енуі, оның осал ақын болмағанын да, Торғай ақындық мектебі өкілдерінің ішінде өлеңі алғаш баспа бетін көрген ақын екенін де аңғартады.
Есенжол Жанұзақұлы 1845 жылы Торғайдың Аққұм болысында дүниеге келген. Ахметпен ауылдас, Абаймен құрдас.
Ол Ахметке өлең арнап, оның болашағының зор екенiн сол кездiң өзiнде-ақ әдемi айтып кеткен:
Елетпей көкөрiмдей балғындығын,
Танытқан таңғажайып алғырлығын.
Әдейi Ахметке өлең арнап,
Қолыма домбырамды алдым бүгiн.
Өлеңi бұғалыққа бағынбаған,
Толқындай бұйраланып ағындаған.
Ақыннан Жұмабайдай фатиха алды,
Құранның шындығындай дарынды адам.
Бақ қонды оннан жаңа асқанында,
Асарсың өнердiң сан асқарын да.
Жарқырап әлi бiр күн тұрарсың сен
Жұлдыз боп қазағымның аспанында!
Неткен көрегендiк! Бұл өлең Ахметтiң “Маса”, “Қырық мысал”, “Тiл құралы” шықпаған заманда туған. Одан берi қаншама өзгерiстер – қуғын-сүргiн болды. Ахмет “халық жауы” атанып атылып кеттi. Заман өзгердi, заң өзгердi. Елiмiз егемендiгiн алғаннан кейiн Ахмет атамыз қайта тiрiлiп, арамызға оралды. Ендi Ахметтiң “Жұлдыз боп қазағымның аспанында” тұрғаны да рас! “Ақын-перiште” дегенге ендi қалай сенбессiң?!
Торғай ақындық мектебі өкілдерінің бірі Құбаша Шалбайұлы 1880 жылы Торғайдың бесiншi ауылында, Тосын болысында туып-өскен. Ахмет Байтұрсынов Арғын тайпасының Үмбетей деген атасынан тараса, Құбаша осы Шақшақтың немересi Қошқарұлы (Шақшақұлы деп те жазып жүр – С.О.) Жәнiбектiң Дәуiтбай деген баласынан тарайды.
Құбашаның Торғай ақындық мектебiнiң көшбасшысы Жұмабай ақынға елiктейтiнi, Жұмабайша сөз саптап, Жұмабайша көсiлiп, қанатын кеңге жаятыны әр өлеңiнен көрiнiс бередi.
Құбаша ақын 1952 жылы қайтыс болған. Қабiрi Жанкелдин ауданының «Шилі» ауылындағы «Сасықсор» деген елдi мекенiнде. Басына белгi орнатылған.

Торғай ақындық мектебi өкiлдерiнiң өлеңдерiнде батырлар жыры азаматтық поэзияға тән ортақ тәсiлдердiң бiрi – есiмшенiң –ған формасы өлең жолдарының аяғында суреттемелiк-анықтауыштық, сипаттамалық-баяндауыштық түрде де, өлең жолдарының iшiнде таза суреттемелiк-анықтауыштық қызметте де келiп, есiмшелi тiркес формасын жасауы үлгiсiнде де жиi кездеседi.


“Өлең түрiне қарай әр бунақтың шумақ iшiнде таңдамалы да, талғамалы да орны бар. Таңдамалы орны берiлмесе, өлең болмай шығады. Талғамалы орнына назар салынбаса, өлең жорғағынан жаңылады. Бунақтың таңдамалы орны тармақ аяғында болады. Талғамалы орны тармақтың басы немесе ортасында болады. Тармақтың аяғында ылғи үш буынды бунақ келiп отырарға керек иә ылғи төрт буынды бунақ келiп отырарға керек”,– деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, өлең ырғағы – бунақ саны, оның таңдамалы, талғамалы орны бұзылмайды. Бәрi де түбiрлi төрт буынды шымыр ұйқаспен жазған. Айтайын деген ойлары айқын, қай-қайсысы да кесiп, кесек сөйлейдi, кiбiртiк, “бөтен сөзбен былғанғаны” (Абай) жоқ. Өлеңнiң сыртқы сұлулығына да көңiл бөлген: “Шалабыңды шайқамаған”, “Шен-шекпенiн шалқайғанның”, “Торғайдың көтерген соң төрт ақыны”, “Кер ауыздан кесiр сөздi”, “өлеңдi өлтiрер деп” деген сияқты дыбыс үндестiгiне құрылған тармақтар таңдай қақтырмай қоймайды.
Сол тұстағы Торғай ақындарының көбiсi шұбыртпалы ұйқасты қолданған.
Қорыта айтқанда 19 ғасырдың 70 жылдары мен 19 ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген,көркемдік ерекшеліктерімен, өзіндік әдеби дәстүрлерімен ерекшелінген ТОрғай ақындық мектебінің қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар. Бұл мектеп өкілдері өз шығармашылықтарымен қазақ поэзиясының дамуына зор үлес қосты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет