6. Тәрбиенің заманауи тұжырымдамалары мен бағдарламалары. Еліміз егемендік алғаннан кейін ұлттық тәрбие мәселесіне бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстарына аса мән берілді. «Қазақ мектептері мен мектепке дейінгі балалар мекемелеріне имандылық-эстетикалық тәрбие берудің кешенді бағдарламасы», «Қазақстан Республикасы мәдени-этикалық тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасы білім беру жүйесіндегі тәрбиенің кешенді бағдарламасы» т.б. құжаттар дайындалды.
Тәрбие мәселесіне байланысты тәрбие тұжырымдамасы үш рет қабылданғаны белгілі. Алғаш рет 1995 жылы ұлттық тәрбиеге негізделген тәрбие тұжырымдамасы қабылданып, аталған құжатқа негізделген үздіксіз білім беру жүйесіне тәрбие жұмысы құрылды. 2009жылы 12 бағыттан тұратын «Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы», 2015 жылғы «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде» 8 бағыттан тұратын тәрбие тұжырымдамасы оқу тәрбие жүйесін жандандырды. Ұлттық негіздегі төл оқулықтар, оқу құралдары енгізіле бастады. Оқу-тәрбие жүйесіне ерекше даму үдерісі басталды.
Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің 1995 жылы қабылдаған «Тәлім-тәрбие тұжырымдамасында» отбасы, мектепке дейінгі, мектептегі тәрбиенің сындарлы жүйесі жасалды. Тұжырымдамада жас ұрпаққа имандылық, адамгершілік, еңбексүйгіштік, патриоттық, ерлік, эстетикалық тәрбие беру мәселелері жан-жақты қамтылған. Тәлім-тәрбие тұжырымдамасында қазақ халқының жауынгерлік және ерлік тарихын, ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін қалдырған қас батырлардың өмір-өнегесімен таныстыру; өз жерін, елін қорғай алатын елжанды, ұлттық намысы мол жігерлі азаматтар тәрбиелеу, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктер, салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға аса мән берілген.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2015 жылы ұсынған «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде» болашақ қазақстандық жастар патриот, білімді, дені сау, жауапты және жігерлі, инновациялық экономика жағдайында табысты қызмет ететін, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген, қазақ халқының құндылықтары мен мәдениетін сіңірген, толерантты, дүниежүзіне танымал және мәртебелі, кәсіби құзыретті болады деп атап көрсетеді. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру аясында және Қазақстандық қоғамдағы заманауи әлеуметтік-мәдени трансформацияны ескере отырып әзірленген.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері жалпыадамзаттық құндылықтардың басымдылықтарын, адам өмірі мен денсаулығын, тұлғаның еркін дамуын, патриотизмге, еңбексүйгіштікке, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында мемлекеттік саясат, қоғамдық талаптар, отбасылық тәрбие құндылықтары және тұлғаның жеке мүдделері мен мақсаттарының теңгерімі негізінде, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кіріктірілуі арқылы тәрбиенің әдіснамасын, мазмұнын жаңартуға, білім беру жүйесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға бағдарланған.
Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «Тәлім-тәрбие тұжырымдамасын» негізге ала отырып мектептегі, балабақшадағы тәрбие жұмысын жетілдіруге арналған республика ғалымдарының бірнеше бағдарламалары жарыққа шықты. Б.Баймұратова, М.Сәтімбекова, Ә.Әмірова т.б. басшылығымен мектепке дейінгі тәрбиеге арналған «Балбөбек» бағдарламасы тұңғыш дүниеге келді. Сондай-ақ, Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С.Қ. «Ұлттық мәдениет тарихы», «Қазақ мәдениетінің тарихы», «Қазақ этнопедагогикасы» т.б., Оразаев М., Смаилова М.Ж. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», С.Қ.Қалиев, С.Т.Иманбаева, С.М.Төрениязованың «Болашақ» оқушылар ұйымының ережесі, М.Құрсабаевтың «Атамекен», З.Ахметованың «Кәусар бұлақ», М.Х.Балтабаевтың «Елім-ай» т.б. бағдарламалары жоғары, орта оқу орындарындағы және мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын ұлттық бейнеде ұйымдастыруға үлкен ықпалын тигізді.
Сонымен қатар, тәрбиеге байланысты Ресей Федерациясында жеке авторлық тұжырымдамалар Е.В.Бондеревская, Н.Е.Шуркова, И.Я.Зимняя, И.М.Ильинский т.б. Қазақстанда С.Қ.Қалиевтің, Қ.Б.Жарықбаевтың, Ж.Ж.Наурызбайдың, К.А.Оразбековның, С.А.Ұзақбаеваның, Р.К.Төлеубекованың, С.Т.Иманбаеваның т.б. бүгінгі тәрбие үдерісін жандандыруда игі ықпал етуде.
Ж.Ж.Наурызбайдың «Қазақстан Республикасы азаматтарына мәдени-этникалық білім беру тұжырымдамасында» өзекті негізгі мәселе – жан–жақты мәдениетті тұлға деп өз мәдениетіне де, өзге мәдениетке де тәнті адам, төл мәдениетті терең білу оған басқа мәдениеттерге қызығушылыққа іргетас қаласа, көп мәдениетті білу өз мәдениетін мақтан тұтуға негіз салады деген қағиданы іске асыру көзделді.
С.А.Ұзақбаеваның тәрбие тұжырымдамасында жеткіншек ұрпақты халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу, халықтық педагогика идеяларын, ұғымдарын, әдіс-тәсілдерін, тәрбие құралдарын, жан-жақты зерттеп, оны эстетикалық тәрбие беру бағытында пайдалану жолдарын ашып береді. Халықтық педагогика тәрбие мен оқыту саласындағы халық бұқарасы білімдерінің, іскерліктерінің дағдыларының жиынтығы, солардың негізінде ұрпақтан ұрпаққа халық шығармашылығы поэтикалық, музыкалық, сәнді-қолданбалы өнер арқылы беріліп отыратын әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер қалыптасқан халықтық педагогиканың мақсатын ашып көрсетеді.
Г.Қ.Нұрғалиеваның тұжырымдамасында еркін және рухани, ізгі, адамгершілігі мол тұлғаны тәрбиелеу ұстанымдары негізінде әр жеке тұлғаның өзіндік менін көрсету, оған дағдыландыру, қоғам алдындағы жауапкершілік, қоғамдық тәжірибені игеру, мейірімділік, ізгілік қасиетті құру және дамыту, адамдарды табиғи қалпында қабылдау, адамдардың бойындағы жақсы рефлекстік қасиеттерді қалыптастыруға мән берілді.
Ұстаз Күләш Тынысбекованың тәрбиелік тұжырымдамасы ұлттық тәрбиенің негізге ала отырып, халықтық дәстүрлерді пайдалану арқылы ер бала тәрбиесін дұрыс бағытқа қою, себебі, ер балалар тәрбиесін отбасында, балабақшада, мектепте әйелдер атқаратыны, ер баланың психологиясы әкеден гөрі анасына жақын келетіні ескере отырып өз тұжырымдамасын ұсынды. Мектептегі ер мұғалім санының аздығын да бұған ықпалын тигізіп отыр дей келе, оқу тәрбие үрдісінде ер бала тәрбиесіне байланысты жүргізілетін тәжірибесін ұсынды: әкелер өсиеті, «әкеге қарап ұл өсер» дегендей ер-азаматқа тән қасиетті бала бойына сіңіру; ерлерге тән салт-дәстүрлер, ер баланың отбасындағы қоғамдағы рөлін ашып көрсетеді.Ер баланың сол әулеттің мұрагері, қара шаңырақ иесі болып саналатынын, қартайған әке-шешені бағып-қағу ер балаға аманат екенін түсіндіреді. Бұл - қазақ халқының атадан балаға жалғасқан озық дәстүрлері; «ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» - ата-бабаларымыздың ерлік пен батырлығын бағыттайтын бағыт; сөз өнері, шешендік өмірдің тәлімдерімен тәрбиелей отырып, әр оқушының өзіндік ерекшеліктерін ашу; ұлттық ойындарды ұсына отырып азамат тұлғасын қалыптастыру көзделеді.
А.Миразованың тәрбиелік тұжырымдамасы. Тәрбие жаңа мазмұнға ие, мектептегі пән сабақтары негізінде іске асыру, бүгінгі заман талабына сай тәрбие мазмұны тәрбиенің өмірімен байланысы, оқушының жас және дара ерекшелігі, талап қою арқылы дамыту, тәрбиенің жүйелілігі, бірізділігі және үздіксіздігі, тұлғаны ұжым арқылы тәрбиелеу, мектеп, отбасы және әлеуметтік қоғамның даму ерекшелігімен бірге ұлттық ерекшеліктер өзара бірлікте дамуы, жетілдіріліп отыру көзделген.
Мәжит Өтештің тәрбиелік тұжырымдамасы. М.Өтештің басқарған мектептері негізінен физика-математикалық мектептер жүйесі болып табылады. XXI ғасыр, әлемдік жаһандану үрдісі кезінде қоғамның белсенді және ұлттық, жалпыадамзаттық мәдениетті дамытушы, білім және тәрбиемен қаруланған, бүгінгі қоғамға еркін араласа алатын тұлғаны қалыптастыруға аса мән берілген. Тұлғаның бойында қалыптасатын негізгі құндылықтар жүйесі: әлеуметтік белсенділік, жоғары адамгершілік, ізгілік қасиеттер, құқықтық сауаттылық, зиялы ұрпақты қалыптастыру көзделеді. Аталған жүйенің негізгі ұлттық тұлғаны қалыптастыруға бағытталады. М.Өтеш басқарған, негізін салған мектептердің түлектерінің жартысы алтын белгі иегерлері. Қазіргі ғылыми педагогиканың бұрынғыдан артықшылығы тұлғаға қатынас субъект-объект-субъект тұрғысынан ықпал ету қарым-қатынас жүйесі негізінде іске асып отыр.
Н.Е.Щуркованың тәрбие тұжырымдамасында тәрбиені мәдениет тұрғысынан қарастырады. Тәрбиелік іс-әрекетті әлемдік қоғамдық қауымдастыққа кіріктірілуі арқылы ізгілендіру бағытын қолдайды. Тәрбие мазмұнында мәдени құндылықтардыт жүйелі түрде сабақтастыққа іске асыруды көздейді: табиғат әлемі; адам өмірі; қоғамдық өмір; тұлғаның ішкі жан дүниесі т.б. Тәрбие іс-әрекетінің нәтижесі-тұлғаның қоршаған ортаға, мәдени құндылықтарға мақсатты бағытталған, өзін-өзі жетілдіру деп бағалайды.
И.А.Зимняяның тәрбие тұжырымдамасында тәрбиені тұлғаның әлемге қатынасын қалыптастыру үдерісі тұрғысынан қарастырады. Ғалым қарым-қатынасты құндылықты қалыптастыру механизмі деп түсіндіреді. Адамның әлемге қатынасын қалыптастыру үдерісіне тәрбие жүйесінің 5 компонентін ұсынады: мұғалімнің тұлғасы және іс-әрекеті; тәрбиелік ортада әлеуметтік даму жағдаяттарды дұрыс ұйымдастыру; ынтымақтастық; қарым-қатынас; тәрбие субъектісінің белсенді іс-әрекеті.
И.М. Ильинскийдің тәрбие тұжырымдамасында ұрпақтар сабақтастығы негізінде тәрбие беру мәселесі қамтылады. Тұжырымдаманың мазмұны тәрбие кеңістігін құруға, тұлға мен қоғамның қызығушылықтарының бірлігі, дүниетаным мен ізгілендіру құндылықтарына негізделеді. Тәрбиенің негізгі мақсаты табысқа және жеңіске жетуге ұмтылатын, өмірге икемі бар, өзгермелі жағдаяттардан шыға алатын, жауапты, іскер, белсенді азамат-тұлғаны қалыптастыру.